Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2019 жылғы 16 қыркүйектегі № 316 қаулысына (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6168 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларында:
1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"1. Осы Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) "Агроөнеркәсіптік кешен мен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабы 2-тармағының 17-10) тармақшасына, Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19123 болып тіркелген) Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларының (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) 2-тармағына сәйкес әзірленген және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың тәртiбiн айқындайды.";
10-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"10. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардың (бұдан әрі – мамандандырылған ұйым) тізбесін "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекітеді.";
11-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"11. Мамандандырылған ұйым облыстың жергілікті атқарушы органына электрондық құжат айналымы, пошта байланысы арқылы не облыстың жергілікті атқарушы органының кеңсесі арқылы қолма-қол осы Үлгілік қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпаратты ұсынады.
Облыстың жергілікті атқарушы органы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктеріне электрондық құжат айналымы арқылы осы Үлгілік қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпарат ұсынады.";
19-2-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"19-2. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру шеңберінде көкөніс өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді, сондай-ақ қарақұмық жармасын (дәні), тазартылған (домалақ дәнді) күрішті, күнбағыс майын, бірінші сортты бидай ұнын және ақ қантты – құмшекерді өндіру үшін қайта өңдеуші кәсіпорындарды қаржыландыру белгіленген бағаны белгілей отырып, форвардты қолданумен жүзеге асырылады.
Көкөніс өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді және қарақұмық жармасын (дәні), тазартылған (домалақ дәнді) күрішті, күнбағыс майын, бірінші сортты бидай ұнын және ақ қантты – құмшекерді өндіру үшін өңдеуші кәсіпорындарын қаржыландыру форвардтық шарттың жалпы сомасының 70 (жетпіс) пайызынан аспайтын мөлшерде алдын ала төлем және өнім жеткізілгеннен кейін түпкілікті есеп айырысу шарттарында жүзеге асырылады.";
мынадай редакциядағы 21-1-тармақпен толықтырылсын:
"21-1. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру кезінде бюджеттік қаражаттың 70 (жетпіс) пайызы форвардтық шарттар шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бағытталады.";
22-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"22. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алуға қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы № 166-НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32474 болып тіркелген) бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесінен қалыптастырылады.";
36-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"36. Облыстың жергілікті атқарушы органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында мамандандырылған ұйымдар арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне сұраныс пен ұсыныстың өңірлік балансының (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының айналымы, қорлардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ өзге де мәліметтер негізінде Комиссия айқындайтын азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес қарыз береді. Қарыз беру қарыз шартын жасасу жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және ақылық талаптарының шарттарымен жүзеге асырылады.";
мынадай редакциядағы 36-1-тармақпен толықтырылсын:
"36-1. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз берілген кезде бюджет қаражатының 70 (жетпіс) проценті ауылшаруашылық тауар өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыруға жіберіледі.";
38-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"38. Қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектісін Комиссия айқындайды.
Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында мынадай бірыңғай талаптар (өлшемшарттар) белгіленеді:
1) заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеудің болуы;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзімі кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісінен алынған құжаттарды қарау күніне салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешектің болмауы;
3) екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар берген кредиттер (қарыздар) бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы;
4) меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде (жалға алу/өтеусіз пайдалану/сенімгерлік басқару) азық-түлік тауарларын тиісті сақтауға және азық-түлік тауарларымен сатып алу, дайындық, тарату операцияларын орындауға арналған қойма үй-жайлары мен арнайы жабдығы бар үй-жайлардан тұратын инфрақұрылымдық сауда-логистикалық кешеннің болуы;
5) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізілімінде болмауы;
6) мамандандырылған ұйым алдында орындалмаған міндеттемелердің, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелердің, кәсіпкерлік субъектісінің мүлкіне шектеулер мен ауыртпалықтардың болмауы;
7) Осы қағидалардың 40-тармағына сәйкес міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің болуы.";
мынадай редакциядағы 41-1-тармақпен толықтырылсын:
"41-1. Қарыз шарттарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің мамандандырылған ұйыммен келісу бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу графигін қалыптастыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген бағамен толық көлемде өткізу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу фактісін растайтын құжаттарды ұсыну жөніндегі міндеттемелері көзделеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген міндеттемелерді орындау бөлігінде қарыз шарты талаптарының орындалмауы немесе тиісінше орындалмауы қарыз шартын елеулі түрде бұзу деп танылады.".
2. "Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жариялау үшін "Қазақстан Республикасының заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
2) осы қаулыны ресми жариялағаннан кейін оның Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің агроөнеркәсіптік кешен мәселелері жөніндегі орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі | Е. Көшербаев |