Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жоспарланатын мемлекеттік тапсырмаларға монополияға қарсы органның қорытындысын беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Экономикалық шоғырлану және мемлекеттік кәсіпорындарды бақылау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрыққа қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты Агенттіктің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Агенттік төрағасының орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Төраға | М. Омаров |
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының міндетін атқарушы 2025 жылғы 28 мамырдағы №113/ҢҚ бұйрығымен бекітілген |
Жоспарланатын мемлекеттік тапсырмаларға монополияға қарсы органның қорытындысын беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жоспарланатын мемлекеттік тапсырмаларға монополияға қарсы органның қорытындысын беру қағидалары Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 16-бабының 3-тармағының сәйкес әзірленді және Кодекстің 16-бабы 2-тармағының бірінші бөлігінде көзделген өлшемшарттарға сәйкестігі тұрғысынан қорытынды беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік тапсырманы орындаушы – мемлекеттік тапсырманың орындалуына жауапты заңды тұлға;
2) монополияға қарсы орган – бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы басшылықты, мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылауды және реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-тарау. Жоспарланатын мемлекеттік тапсырмаларға өлшемшарттарға сәйкестігі тұрғысынан қорытынды беру тәртібі
3. Жоспарланатын мемлекеттік тапсырмаларға монополияға қарсы органның қорытындысын беру үшін монополияға қарсы орган бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің мемлекеттік қызметтерді көрсетуге немесе басқа да міндеттерді мемлекеттік тапсырма нысанында іске асыруға ұсынысын (бұдан әрі – ұсыныс) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қарайды.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің ұсынысына мемлекеттік тапсырманың осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген бір немесе бірнеше өлшемшартқа сәйкестігін растайтын материалдар, оның ішінде:
1) жекелеген мемлекеттік қызметтерді көрсетуге және басқа да міндеттерді еркін нысанда орындауға мемлекеттік тапсырысты алу қажеттілігін растайтын негіздеме (мәліметтер, құжаттар);
2) мемлекеттік тапсырманы орындаушының бекітілген жарғысының көшірмесі;
3) мемлекеттік тапсырманы осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген өлшемшарттарға жатқызуды және мемлекеттік тапсырманы іске асырудың орындылығын растайтын мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның талдауы қоса беріледі.
4. Монополияға қарсы орган жоспарланатын мемлекеттік тапсырмаларға өлшемшарттарға сәйкестігі тұрғысынан қорытындыны бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің ұсынысы келіп түскен кезден бастап отыз жұмыс күні ішінде береді.
5. Жоспарланған мемлекеттік тапсырмаларға монополияға қарсы органның қорытындысын беру мақсатында монополияға қарсы орган шешім қабылдау үшін қажетті қосымша негіздеуші материалдарды нарық субъектілерінен және (немесе) мемлекеттік органдардан кемінде бес жұмыс күні болып белгіленген мерзімде сұратуға құқылы.
Мәліметтер және (немесе) құжаттар ұсынылғанға дейін жоспарланатын мемлекеттік тапсырмаларға монополияға қарсы органның қорытындысын беру мерзімі он жұмыс күніне тоқтатыла тұрады, бұл туралы қарау мерзімі тоқтатыла тұрған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне хабарланады.
Монополияға қарсы орган нарық субъектілерінің және (немесе) мемлекеттік органдардың қосымша негіздеуші материалдары ұсынылғаннан кейін қорытынды беру мерзімін қайта бастайды.
6. Жоспарланатын мемлекеттік тапсырмаларға монополияға қарсы органның қорытындысын беру кезінде:
1) ресми статистикалық ақпарат деректері;
2) монополияға қарсы органның және оның аумақтық бөлімшелерінің өз зерттеулерінің деректері;
3) қауымдастықтардың, қоғамдық бірлестіктердің, "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректері;
4) маркетингтік, әлеуметтік зерттеулердің, іріктеп сауалнамалардың және нарық субъектілеріне, азаматтарға, қоғамдық ұйымдарға сауалнама жүргізу деректері;
5) орталық мемлекеттік органдардан, жеке, заңды тұлғалардан, жергілікті атқарушы және өкілді органдардан алынған мәліметтер;
6) монополияға қарсы органның бұрын берілген қорытындылары пайдаланылады.
7. Жоспарланатын мемлекеттік тапсырмаларға монополияға қарсы органның қорытындысын беру мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) мемлекеттік тапсырманың нысанасын өлшемшарттарға сәйкестігіне айқындау;
2) мемлекеттік тапсырманы іске асырудың орындылығын бағалау;
3) қорытынды дайындау.
8. Мемлекеттік тапсырманың нысанасын мынадай өлшемшарттардың біріне немесе бірнешеуіне сәйкестігі тұрғысынан айқындау:
1) мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудің немесе қоғам мүдделерін қорғаудың өзге мүмкіндігінің болмауы;
2) қоғамдық мүдделер мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты мемлекеттік меншіктегі стратегиялық объектілерді, аса маңызды объектілерді, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін қолдану, пайдалану және күтіп-ұстау;
3) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тиісті нарығында бәсекелестіктің болмауы;
4) тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің, зияткерлік меншік объектілерінің ерекшелігі мен бірегейлігі.
9. Мемлекеттік тапсырманы іске асырудың орындылығын бағалау Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының шеңберінде конкурстық негізде көрсетілген қызметті (тапсырысты) сатып алу мүмкіндігін зерделеу арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік тапсырманы іске асырудың орындылығын бағалау кезінде, оның ішінде:
1) мемлекеттік сатып алу веб-порталын талдау нәтижесінде алынған ұқсас не бірін-бірі алмастыратын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді конкурстық негізде сатып алу туралы мәліметтер;
2) қызметтің осындай түрін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінің саны туралы ресми статистикалық ақпарат;
3) Кодекстің 16-бабына сәйкес бюджеттік бағдарламаның әкімшісі қосалқы мердігерге (орындаушыға) орындау үшін беруге ұсынатын қызметтердің түрі мен көлемі;
4) мәлімделген жұмыс түріне рұқсат құжаттары (лицензиялары) бар кәсіпкерлік субъектілерінің деректері ескеріледі.
Мемлекеттiк тапсырманы iске асырудың орындылығы тиiстi тауар нарығында бәсекелестiк болмаған не бәсекелестіктің даму деңгейі төмен болған жағдайда айқындалады.
10. Монополияға қарсы орган ұсынысты қарау нәтижелері бойынша мыналарды көрсете отырып қорытынды дайындайды:
1) мемлекеттік тапсырманың атауы;
2) мемлекеттік тапсырманы орындаушының атауы;
3) оның шеңберінде шеңберінде мемлекеттік тапсырма орындалатын бюджеттік бағдарламалардың атаулары;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген конкурстық рәсімдерді сақтай отырып, мемлекеттік тапсырманы орындаушы қосалқы мердігерлікке беретін мемлекеттік тапсырманың көлемі қажет болған кезде;
5) мемлекеттік тапсырманы орындау кезеңі;
6) мемлекеттік тапсырманы келісудің орындылығы не орынсыздығы туралы қорытынды.
Жоспарланатын Мемлекеттік тапсырмаларға монополияға қарсы органның қорытындыларын беру қағидаларына қосымша |
Нысан
Жекелеген мемлекеттік қызметтерді орындауға және мемлекеттік тапсырма нысанындағы басқа да міндеттерді орындауға ұсыныс
№ | Мемлекеттік қызметтің атауы және басқа да міндеттерді орындау | Мемлекеттік қызметтің сипаттамасы және басқа да міндеттерді орындау | Мемлекеттік тапсырманы орындауға жауапты заңды тұлғаның атауы |
1 | 2 | 3 | 4 |
кестенің жалғасы
Оның шеңберінде мемлекеттік тапсырманы орындау ұсынылатын республикалық бюджеттік бағдарламаның атауы | Мемлекеттік тапсырманы орындауға жоспарланатын, жоспарлы кезеңге арналған бюджет қаражатының сомасы | ||||||||
__жыл | __жыл | __жыл | |||||||
Жалпы сома, мың теңге | Қосалқы мердігерге (бірлесіп орындаушыға) берілетін мемлекеттік тапсырманың көлемі | Жалпы сома, мың теңге | Қосалқы мердігерге (бірлесіп орындаушыға) берілетін мемлекеттік тапсырманың көлемі | Жалпы сома, мың теңге | Қосалқы мердігерге (бірлесіп орындаушыға) берілетін мемлекеттік тапсырманың көлемі | ||||
Сома мың теңге | % | Сома мың теңге | % | Сома мың теңге | % | ||||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 |