Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 11 желтоқсандағы № 270 шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 10 ақпандағы № 13 шешімі

      Келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа №14-қосымша) 4-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу мақсатында Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасында ақпарат алмасу тәртібі туралы" 2012 жылғы 11 желтоқсандағы № 270 шешіміне қосымшаға сәйкес өзгерістер енгізілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
      Алқасының Төрағасы В.Христенко

  Еуразиялық экономикалық комиссия
  Алқасының 2015 жылғы 10 ақпандағы
  № 13 шешіміне
  ҚОСЫМША

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 11 желтоқсандағы
№ 270 шешіміне енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР

      1. Атауындағы және 1-тармақтағы "Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке" деген сөздер "Еуразиялық экономикалық одаққа" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2. Осы Шешіммен бекітілген Келісілген макроэкономикалық саясат жүргізу мақсатында Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасында ақпарат алмасу тәртібі мынадай редакцияда жазылсын:

  "Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының
  2012 жылғы 11 желтоқсандағы № 270 шешімімен (Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 10 ақпандағы № 13 шешімінің редакциясында)
  БЕКІТІЛГЕН

Келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасында ақпарат алмасу ТӘРТІБІ

      1. Осы Тәртіп келісілген макроэкономикалық саясат жүргізу мақсатында ақпарат алмасу арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары мен Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) арасында тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында Келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу туралы хаттаманың (2014 жылғы 24 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа №14 қосымша) 4-тармағына сәйкес әзірленді және Комиссия мен мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының іс-қимылдары сабақтастығын айқындайды.

      2. Осы Тәртіпті қолдану мақсатында мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      "ақпарат" - осы Тәртіпті іске асыру мақсатында мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен Комиссия алмасатын мәліметтер;

      "уәкілетті органдар" - экономика, қаржы және басқа да салаларда мемлекеттік саясат әзірлеу мен нормативтік құқықтық реттеу бойынша функцияларды жүзеге асыратын және мүше мемлекеттердің ақпаратты қалыптастыруға және (немесе) оны Комиссияға, сондай-ақ орталық (ұлттық) банктеріне ұсынуға жауапты мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдары.

      3. Уәкілетті органдар Комиссияға мынадай ақпарат ұсынады:

      а) мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері (Еуразиялық экономикалық одақтың ресми статистикалық ақпаратын қалыптастыру және тарату тәртібі туралы хаттамаға (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 4 қосымша) сәйкес ұсынылады):

      экономикалық даму орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштер:

      мемлекеттік басқару секторының шоғырландырылған бюджетінің жылдық тапшылығы (ішкі жалпы өнімге пайызбен);

      мемлекеттік басқару секторының қарызы (ішкі жалпы өнімге пайызбен);

      жылдық мәндегі (желтоқсанды алдыңғы жылғы желтоқсанмен салыстырғанда, пайызбен) инфляция деңгейі (тұтыну бағасының индексі);

      экономиканың даму деңгейі мен серпінін айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштер:

      ішкі жалпы өнімнің өсу қарқындары (ішкі жалпы өнімнің физикалық көлемінің индексі ретінде есептеледі);

      сатып алу қабілетінің басымдығы бойынша халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (мың АҚШ долларымен) (осы көрсеткіш бойынша ақпаратты Комиссия Дүниежүзілік банк деректерінің негізінде қалыптастырады, Ресей Федерациясы бойынша Федералдық мемлекеттік статистика қызметінің "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі (бұдан әрі – Интернет желісі) ресми сайтта жарияланған және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) келісілген деректер пайдаланылады);

      төлем теңгерімінің ағымдағы операциялар шотының сальдосы (млн. АҚШ долларымен және жалпы ішкі өнімге пайыздармен);

      ұлттық валютаның нақты тиімді айырбас бағамының индексі (орташа жылдық мәнде және желтоқсанды алдыңғы жылғы желтоқсанмен салыстырғанда, пайызбен) (Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы үшін – ұлттық валютаның нақты тиімді бағамының индексі);

      интеграция дәрежесін айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштер:

      әрбір мүше мемлекеттің экономикасына бағытталған ұлттық инвестициялардың, оның ішінде тікелей инвестициялардың көлемі (млн., АҚШ долларымен);

      әрбір мүше мемлекеттің мүше мемлекеттер экспортының, импортының және сыртқы сауда айналымының жалпы көлеміндегі үлесі (пайызбен) (Комиссия есептейді);

      б) орташа мерзімді кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары (бағдарламалары), оның ішінде:

      әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын әзірлеудің бірінші кезеңінің материалдары (Армения Республикасы үшін – орташа мерзімді перспективаға Армения Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы, Беларусь Республикасы үшін – қысқа мерзімді перспективаға Беларусь Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы, Қазақстан Республикасы үшін –5 жылдық кезеңге Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы, Ресей Федерациясы үшін –Ресей Федерациясы экономикасы дамуының сценарийлік шарттары және кезекті қаржы жылына және жоспарлы кезеңге арналған Ресей Федерациясының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізгі параметрлері) –бекітілген (мақұлданған) күнінен бастап 5 жұмыс күні ішінде);

      әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын әзірлеудің екінші кезеңінің материалдары (Армения Республикасы үшін – кезекті қаржы жылына Армения Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, Беларусь Республикасы үшін – қысқа мерзімді перспективаға Беларусь Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, Қазақстан Республикасы үшін – 5 жылдық кезеңге Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы, Ресей Федерациясы үшін – кезекті қаржы жылына және жоспарлы кезеңге арналған Ресей Федерациясының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы) –бекітілген (мақұлданған) күнінен бастап 5 жұмыс күні ішінде);

      в) әлеуметтік-экономикалық дамудың ұзақ мерзімді (5 жылдан жоғары) бағдарламалары (жоспарлар, стратегиялар, тұжырымдамалар), экономикалық даму және макроэкономикалық саясат саласындағы іс-қимылдар мен шаралар жоспарлары (тұжырымдамалар, стратегиялар) олар бекітілген (мақұлданған) күнінен бастап 7 жұмыс күні ішінде ұсынылады);

      г) макроэкономикалық саясат, бюджет, салық және ақша-кредит саясатын әзірлеу мен іске асыру саласындағы негізгі нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ экономикалық ахуалды тұрақтандыруға және экономикалық даму орнықтылығын арттыруға бағытталған актілер олар бекітілген (мақұлданған) күнінен бастап 7 жұмыс күні ішінде ұсынылады);

      д) өзге ақпарат (Комиссияның жедел сұрау салуы бойынша бір реттік немесе мерзімді негізде ұсынылады).

      4. Уәкілетті органдар осы Тәртіптің 3-тармағының "в" және "г" тармақшаларына сәйкес ақпарат тізбесі мен құрамын өзі айқындайды.

      Осы Тәртіптің 3-тармағының "б" және "д" тармақшаларында көрсетілген ақпарат электрондық түрде Комиссияның Макроэкономикалық саясат департаментінің dmp@eecommission.org. электрондық поштасына жіберіледі. Егер осы ақпаратты мүше мемлекет Интернет желісіндегі ресми сайттарға ашық қолжетімділікте орналастырған болса, онда электрондық пошта бойынша көрсетілген ақпараттың орнына жариялау дереккөзіне сілтеме жіберілуі мүмкін.

      5. Алынған ақпараттың негізінде Комиссия мынадай құжаттар мен материалдарды дайындайды:

      а) мүше мемлекеттердің экономикалық дамуын талдау туралы ақпарат – тоқсан сайын, мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері туралы ақпарат алынған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде;

      б) мүше мемлекеттердің экономикалық дамуының орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштер жай-күйінің мониторингі туралы ақпарат – тоқсан сайын, мүше мемлекеттердің экономикалық дамуының орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштер туралы ақпарат алынған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде, сондай-ақ жыл сайын, 1 сәуірге қарай;

      в) жыл сайын, 1 сәуірге қарай –мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен перспективалары және мүше мемлекеттер макроэкономикалық саясат саласында қабылданатын шаралар туралы баяндама, мүше мемлекеттермен келісілгеннен кейін Комиссия Алқасының қарауына енгізіледі және оның ішінде:

      мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын (мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі үрдістері және мүше мемлекеттер макроэкономикалық саясат саласында қабылданатын шараларды талдау);

      мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының перспективаларын (мүше мемлекеттер үшін макроэкономикалық тәуекелдер, мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамдары және тұтастай алғанда Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы);

      макроэкономикалық саясатты іске асыру басымдықтарын (ағымдағы жылға мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтары және мүше мемлекеттерді экономикалық дамытуға бағытталған құрылымдық саясаттың ұлттық шараларын талдау) қамтиды;

      г) мүше мемлекеттердің экономикалық ахуалын тұрақтандыруға және әлеуметтік дамуының орнықтылығын арттыруға бағытталған бірлескен шаралар туралы ұсыныстар (мүше мемлекеттер экономикалық даму орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндерінен асып кеткен жағдайда, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2014 жылғы 25 маусымдағы № 93 шешімімен бекітілген Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттер экономикалық даму орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндерінен асып кеткен жағдайда, экономикалық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған шараларды әзірлеу мен қабылдау тәртібіне сәйкес әзірленеді);

      д) Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық дамуының негізгі бағыттары;

      е) мүше мемлекеттердің макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарлары;

      ж) Комиссия өкілеттіктеріне сәйкес міндеттерді шешу үшін өзге құжаттар, материалдар және ақпарат.

      6. Осы Тәртіпке сәйкес ұсынылатын ақпарат мүше мемлекеттер үшін ашық болып табылады.

      7. Комиссия уәкілетті органдар ұсынған ақпарат негізінде дайындаған құжаттар мен материалдар мүше мемлекеттермен келісілу бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың Интернет желісіндегі ресми сайтында орналастырылады.

      8. Комиссия қажетті ұйымдастырушылық және техникалық шараларды қамтамасыз етеді және алынған ақпаратты сақтауға және құқыққа сыйымсыз немесе оған кездейсоқ кіруден, оны жоюдан, өзгертуден, заңсыз көшіруден немесе таратудан қорғау үшін жауапты болады.".


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады