Тауарлардың кедендік құнын айқындау кезіндегі пайыздық төлемдерді есепке алу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 22 қыркүйектегі № 118 шешімі

      2011 жылғы 19 мамырдағы Кеден одағының көпжақты сауда жүйесі шеңберінде жұмыс істеуі туралы шартқа және 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Ресей Федерациясының қосылуы туралы 2001 жылғы 16 желтоқсандағы хаттамаға сәйкес, Ресей Федерациясының Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы жөніндегі Жұмыс тобы Баяндамасының 527-тармағын іске асыру мақсатында және 2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасынан өтетін тауарлардың кедендік құнын анықтау туралы келісімнің 1-бабы 3-тармағы негізінде Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Тауарлардың кедендік құнын айқындау кезіндегі пайыздық төлемдерді есепке алу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
В. Христенко

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2015 жылғы 22 қыркүйектегі
№ 118 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Тауарлардың кедендік құнын айқындау кезіндегі пайыздық төлемдерді есепке алу ҚАҒИДАЛАРЫ

І. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар 2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасынан өтетін тауарлардың кедендік құнын анықтау туралы келісімнің, Дүниежүзілік сауда ұйымының Кеден құны жөніндегі комитеті қабылдаған "Әкелінетін тауарлардың кедендік құнына пайыздық төлемдерді қосу тәртібінің" 3.1 шешімі негізінде әзірленді және әкелінетін тауарлардың кедендік құнын әкелінетін тауарлармен мәміленің құны жөніндегі әдіс (1 әдіс) бойынша да, көрсетілген Келісімнің 6 – 7-баптарында белгіленген кедендік құнды айқындау әдісі (2 – 6 әдістер) бойынша да айқындау кезінде қолданылады.

      2. Осы Қағидаларда пайыздық төлемдер деп әкелінетін (бағаланатын) тауарларды сатып алумен байланысты қаржылық қатынастар шеңберінде (бұдан әрі – қаржылық қатынастар) сатып алушы жүзеге асыратын пайыздық мөлшерлемелер бойынша төлемдер ұғынылады.

      Бұл ретте тараптардың қаржылық қатынастары қаржыландыру туралы жеке шарт немесе келісім (бұдан әрі – қаржылық келісім) түрінде де, тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына шығару үшін соған сәйкес сатылатын сыртқы экономикалық шарттың (келісімшарттың) (бұдан әрі – тиісінше сыртқы экономикалық шарт, Одақ) бөлімі ретінде де ресімделуі мүмкін.

      3. Егер (қаржылық келісім немесе сыртқы экономикалық шарт шеңберіндегі) қаржыландыруды сатушы (соның ішінде тауарларға төлеу мерзімін кейінге қалдыру, мерзімді ұзарту түрінде) не банктер, кредиттік ұйымдар, өзге де заңды немесе жеке тұлғалар жүзеге асырса, бұл жағдайда пайыздық төлемдер осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген талаптар орындалған кезде Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың құнына қосуға жатпайды (1 және 2-мысалдарды қараңыз).

      4. Егер сатушы сатып алушыға тауарларға төлеу мерзімін кейінге қалдыруды ұсына отырып, нақты төленген немесе төлеуге жататын бағадан пайыздық төлемдерді бөліп көрсетпей төлемді жүзеге асыру шартын айқындаса және сыртқы экономикалық шартта төлеу мерзімдеріне байланысты тауарларға бекітілген бағаны белгілесе, бұл жағдайда мұндай әкелінетін (бағаланатын) тауарларды сатып алуды қаржыландыру осы тауарлардың кедендік құнының шамасына әсер етеді. Бұл жағдайда әкелінетін (бағаланатын) тауарлардың кедендік құнын анықтау үшін негіз ретінде төлемді жүзеге асырудың нақты мерзімінен шыға отырып, сатып алушы нақты төлеген баға пайдаланылуға тиіс (3-мысалды қараңыз).

ІІ. Оларды сақтаған жағдайда пайыздық төлемдер әкелінетін (бағаланатын) тауарлардың кедендік құнына қосуға жатпайтын шарттар

      5. Мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде:

      1) пайыздық төлемдер әкелінетін (бағаланатын) тауарлар үшін нақты төленген немесе төлеуге жататын бағадан жеке көрсетілсе (мысалы, шот-фактурада жеке жолмен келтірілсе);

      2) қаржылық қатынастар жазбаша немесе электрондық түрде жеке қаржылық келісім не сыртқы экономикалық шарттың бөлімі түрінде ресімделсе;

      3) әкелінетін (бағаланатын) тауарлар нақты төленген немесе төлеуге жататын баға ретінде мәлімделген бағамен іс жүзінде сатылса, яғни сатушы тауарға бағаны қалыптастыру кезінде пайыздық төлемдерді есепке алмайтын болса және сатып алушымен қаржылық қатынастар болмаған жағдайдың өзінде тауарлар сондай бағамен сатылатын болса;

      4) қаржылық келісімде не сыртқы экономикалық шартта белгіленген пайыздық мөлшерлеме қаржылық келісім не сыртқы экономикалық шарт жасалған сол елдегі және тиісінше қаржылық келісім не сыртқы экономикалық шарт жасасылған тиісті уақыт кезеңіндегі сондай қаржылық қатынастарға тән деңгейден аспаса, Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың құнына пайыздық төлемдер қосылмайды.

      6. Егер қаржылық келісімде не сыртқы экономикалық шартта белгіленген пайыздық мөлшерлеме осы Қағидалардың 5-тармағының 4-тармақшасында көрсетілген деңгейден асатын болса, бұл жағдайда, әкелінетін (бағаланатын) тауарлардың кедендік құнына осы деңгейге сәйкес келетін пайыздық мөлшерлеме бойынша есептелген пайыздық төлем сомасы ғана қосылмауы мүмкін (4-мысалды қараңыз).

ІІІ. Мысалдар

      1-мысал. Сату-сатып алу шарты бойынша сатып алушы Одақтың кедендік аумағына әйелдердің былғары күртелерін әкеледі, олардың құны шарт бойынша 50 000 ақша бірлігін құрайды.

      Сатушының сатып алушыға қойған шот-фактурадағы (инвойстағы) төлемінің жалпы сомасы 50 750 ақша бірлігін құрайды.

      Бұл ретте шот-фактурадағы (инвойстағы) төлемнің жалпы сомасынан тауарлар төлемнің мерзімін кейінге қалдыру ұсынылғаны үшін 750 ақша бірлігіне тең пайыздық төлем жеке жолда бөліп көрсетілген.

      Сатып алушы А еліндегі сатушымен тауарлар төлемінің мерзімін кейінге қалдыру ұсынылғаны туралы төлем талаптары ескерілген қаржылық келісімге қол қойған. Қаржылық келісімнің талаптарына сәйкес сатып алушыға 90 күн мерзімге тауарлар төлемінің мерзімін кейінге қалдыру ұсынылады, бұл ретте төлемнің мерзімін кейінге қалдыру бойынша пайыздық мөлшерлеме 90 күнге 1,5 пайызды құрайды.

      Декларант бұл пайыздық мөлшерлеме А елінде тиісті уақыт кезеңіндегі сондай қаржылық қатынастар үшін қалыптасқан мөлшерлеменің басым деңгейінен асып кетпейтінін құжатпен растады.

      Егер сатып алушының тауарларға төлеу үшін тиісті ақша қаражаты болғанда, оның пайыздық төлемдерді төлеуге қосымша шығындар шығармай, тауарлар үшін 50 000 ақша бірлігін төлеп, төлем мерзімін 90 күнге кейінге қалдырусыз көрсетілген тауарларды сатып алу мүмкіндігі болатынын мәміленің мән-жайын, соның ішінде қаржылық келісімді, сату-сатып алу туралы шартты талдау нәтижесі көрсетті.

      Сөйтіп,әкелінген былғары күртелер үшін төлеуге жататын баға 50 000 ақша бірлігін құрайды және пайыздық төлемдерсіз қалыптастырылған, соған байланысты 750 ақша бірлігі мөлшеріндегі пайыздық төлемдер Одақтың кедендік аумағына әкелінетін былғары күртелердің кедендік құнына қосылмайды.

      2-мысал. Сату-сатып алу шартына сәйкес сатып алушы Одақтың кедендік аумағына бағасы бір данасына 100 ақша бірлігін құрайтын тауарлар әкеледі.

      Осы тауарларды сатып алу мақсатында сатып алушы Б елінде орналасқан коммерциялық банкпен қаржылық келісім (кредиттік шарт) жасасты, соған сәйкес банк жылына 10 пайыздық мөлшерлемемен ақша қаражатын (кредит) ұсынады.

      Сөйтіп, сатып алушы сату-сатып алу шартына сәйкес сатушы ұсынған шот бойынша тауарларды төлеуден басқа, банк ұсынған жеке шот бойынша кредит үшін пайыздық төлемдер де төлейді.

      Кеден органының ақпараты бойынша кредиттік шартта белгіленген жылына 10 пайыз мөлшеріндегі пайыздық мөлшерлеме сатып алушыға ақша қаражаты берілген Б еліндегі тиісінше уақыт кезеңіндегі сондай қаржылық қатынастар үшін басым қалыптасқан мөлшерлеме деңгейінен аспайды және әкелінген (бағаланған) тауарлар шынында да сатып алушы нақты төлеген немесе төлеуге тиіс баға ретінде мәлімделген баға бойынша сатылған.

      Баяндалған мән-жайды ескере келгенде, сатып алушының банкке төлейтін пайыздық төлемдері әкелінетін (бағаланатын) тауарлардың кедендік құнына қосылмауға тиіс.

      3-мысал. Сатып алушы тауарлар сатушымен тауарлар сатып алуға сыртқы экономикалық шарт жасасты. Осы шарттың талаптарына сәйкес тауар бағасы сатып алушының тауарларға төлеу мерзіміне байланысты белгіленді, яғни:

      егер тауарларға төлеу оларды сатып алушыға қарай (алдын ала төлем бойынша) тиеп жіберуге дейін жүзеге асырылған жағдайда, баға бір данасына 100 ақша бірлігін құрайды;

      егер тауарларға төлеу тауарларды тиеп жіберу күні жүзеге асырылған жағдайда, баға бір данасына 120 ақша бірлігін құрайды;

      егер тауарларға төлеу тауарларды тиеп жіберу күнінен кейін жүзеге асырылған жағдайда, баға бір данасына 240 ақша бірлігін құрайды.

      Сатып алушы тауарларды тиеп жіберу күні төледі.

      Бұл жағдайда сатушы пайыздық төлемдерді бөліп көрсетпей, бекітілген бағаларды белгілеу арқылы осындай төлем тәртібін айқындай отырып, тауарларға төлеу мерзімін кейінге қалдыруды ұсынады.

      Сөйтіп, қаралып отырған жағдайда әкелінетін (бағаланатын) тауарлардың кедендік құнын анықтау үшін негіз ретінде данасына 120 ақша бірлігі төленетін баға пайдаланылады.

      4-мысал. Сату-сатып алу шартына сәйкес сатып алушы Одақтың кедендік аумағына бағасы шарт бойынша 100 000 ақша бірлігін құрайтын тауарларды әкеледі.

      Сатушы сатып алушыға қойған шот-фактурадағы (инвойстағы) төлемнің жалпы сомасы 105 000 ақша бірлігін құрайды.

      Бұл ретте шот-фактурадағы (инвойстағы) төлемнің жалпы сомасынан тауарлар төлемінің мерзімін кейінге қалдыру ұсынылғаны үшін 5 000 ақша бірлігіне тең пайыздық төлем жеке жолмен бөліп көрсетілген.

      Сатып алушы К еліндегі сатушымен төлем талаптары ескерілген, тауарлар төлемінің мерзімін кейінге қалдыру ұсынылғаны туралы қаржылық келісімге қол қояды. Қаржылық келісімнің талаптарына сәйкес сатып алушыға тауарлар төлемінің мерзімін 150 күнге кейінге қалдыру ұсынылады, бұл ретте төлемнің мерзімін кейінге қалдыру бойынша пайыздық мөлшерлеме 150 күнге 5 пайызды құрайды.

      Декларант мәлімделген мәліметтерді растау мақсатында К еліндегі тиісті уақыт кезеңіндегі сондай қаржылық қатынастарға тән мөлшерлеме деңгейі 150 күнге 3 пайызды құрайтындығын құжатпен растауды ұсынғандықтан, декларант тауарлардың кедендік құнына 150 күнге 3 пайыз мөлшерлемемен қалыптасқан деңгейден шығарылып есептелген, яғни 3 000 ақша бірлігі мөлшеріндегі пайыздық төлем сомасын қоспаған.

      Декларант шот-фактурада (инвойста) көрсетілген төлем мерзімін кейінге қалдырғаны үшін ұсынылған пайыздық төлем шамасы, яғни 5 000 ақша бірлігі мен осы Қағидалардың 5-тармағының 4-тармақшасында көрсетілген деңгейге сәйкес келетін пайыздық мөлшерлеме бойынша есептелген 3000 ақша бірлігін құрайтын пайыздық төлемдер шамасы арасындағы 2 000 ақша бірлігі мөлшеріндегі айырмашылықты әкелінетін (бағаланатын) тауарлардың кедендік құнына қосқан.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады