Қызметтер көрсету саудасын реттеу, құру және қызметі қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 24 шешімі.

      Қызметтер көрсету саудасы, инвестициялар құру, қызметі және инвестицияларды жүзеге асыру туралы хаттаманың 61-тармағына сәйкес (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 16 қосымша) Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Қызметтер көрсету саудасын реттеу, құру және қызметі қағидалары бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық комиссия мониторинг қорытындылары бойынша, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер ұсынатын Қызметтер көрсету саудасын реттеу, құру және қызметі қағидаларында көзделген ережелерді іске асыру нәтижелері туралы мәліметтерді ескере отырып, оларды мүше мемлекеттердің орындауы туралы кемінде екі жылда 1 рет Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесті хабардар етсін.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан

  Жоғары Еуразиялық
экономикалық кеңестің
2016 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 24 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Қызметтер көрсету саудасын реттеу, құру және қызметі ҚАҒИДАЛАРЫ

І. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі - Одақ туралы шарт) ХV бөлімін және Қызметтер көрсету саудасы, инвестициялар құру, қызметі және инвестицияларды жүзеге асыру туралы хаттаманы (бұдан әрі – Хаттама) (Одақ туралы шартқа № 16 қосымша) іске асыру мақсатында әзірленген.

      2. Осы Қағидалар құзыретті органдардың қызметтер көрсету саудасын реттеу, құру және қызметі кезінде, сондай-ақ қызметтер көрсету саудасы, құру, қызметі еркіндігі мен инвестицияларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында қызметтер көрсету саудасын, құруды және қызметін ырықтандыру процесінде басшылыққа алуға арналған.

      Құзыретті органдар осы Қағидаларды Одақ туралы шарттың 65-бабы 4, 6 және 7-тармақтарының, Хаттаманың 15 – 17, 23, 26, 28, 31, 33 және 35-тармақтарының ережелеріне зиян келтірмей басшылыққа алады.

      Одақ туралы шарттың XVI бөлімімен реттелетін қаржылық қызметтерге Қаржылық қызметтер көрсету жөніндегі хаттаманың 15-тармағына (Одақ туралы шартқа № 17 қосымша) сәйкес Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі тиісінше – Одақ, мүше мемлекеттер) тиісті органдары әзірлеген арнайы қағидалар қатысты болады.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мыналарды білдіретін негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      "реттеу адресаты" – мүше мемлекеттер аумақтарында қызметтер көрсетуді және алуды (тұтынуды), құруды, қызметті және (немесе) іс-қимылды жүзеге асыратын (жүзеге асыруға ниет білдірген) мүше мемлекеттердің тұлғалары;

      "бір терезе" – өтініш берушіге құжаттарды стандартталған түрде бір мәрте, оның ішінде электрондық нысанда рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік ақпараттық жүйе (бірыңғай өткізу арнасы) арқылы ұсынуға (жіберуге) мүмкіндік беретін, құзыретті орган мен өтініш беруші арасындағы өзара іс-қимыл жүйесі;

      "өтініш беруші" – қызметтер көрсету саудасына, құруға, қызметіне және (немесе) іс-қимылына, оның ішінде рұқсат алу немесе хабарлама (өтініш, хабар және т.с.) жіберу арқылы құқығын растауға (өз құқығын растайтын) үміткер тұлға;

      "ақталмаған тосқауылдар (шектеулер)" – реттеу мақсаттарына, оның ішінде көрсетілетін қызметтер қауіпсіздігі мен сапасын, әлеуметтік-экономикалық салдарларды және тиісті реттеуді жүзеге асыратын мүше мемлекеттердің бюджеттік жүйесінің бюджеттеріне арналған салдарларды ескере отырып, қызметті және (немесе) іс-қимылды жүзеге асыру қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, қажеттішамадан анағұрлым маңызды экономикалық шығындарға әкелетін міндетті талаптар және (немесе) рәсімдер;

      "реттеу" – құзыретті органдар реттеу адресаттарына қатысты қабылдайтын және қолданатын шаралар жүйесі, ол оның ішінде мынадай реттеу талаптарын және (немесе) рәсімдерін қамтиды:

      реттеу адресаттарына, көрсетілетін және (немесе) алынатын (тұтынатын) қызметтерге, құруға, қызметке және (немесе) іс-қимылға қойылатын міндетті талаптар;

      рұқсат беру, хабарлау және бақылау (қадағалау) рәсімдері;

      міндетті талаптарды бұзған тұлғаларға ықпал ету шаралары.

      Өзге ұғымдар осы Қағидаларда Одақ туралы шарттың XV бөлімінде және Хаттамада айқындалған мәндерде пайдаланылады.

      4. Реттеуді құзыретті органдар осы Қағидаларға сәйкес Одақ туралы шартта, Одақ құқығын құрайтын өзге де халықаралық шарттарда және актілер мен мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін жүзеге асырады.

      5. Осы Қағидаларды қолдану кезінде құзыретті органдар осы Қағидалардың 57-тармағында көрсетілген Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) ұсынымдарын және (немесе) мүшелігі барлық мүше мемлекеттер үшін, оның ішінде қосымшаға сәйкес тізбе бойынша ашық халықаралық ұйымдардың халықаралық стандарттарын назарға алады.

ІІ. Реттеу қағидаттары

      6. Реттеудің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:

      а) заңдылық – құзыретті органдар (олардың лауазымды тұлғалары) реттеу талаптарын және (немесе) рәсімдерін белгілейді және қолданады, сондай-ақ халықаралық шарттар мен Одақ құқығын құрайтын актілер және мүше мемлекеттер заңнамаларының ережелеріне сәйкес кез келген іс-қимылды және тек көрсетілген ережелермен көзделген жағдайда ғана жүзеге асырады;

      б) транспаренттік – құзыретті органдар мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілерінің (бұдан әрі – нормативтік құқықтық актілер) (олардың жобаларын қоса алғанда) ашықтығы мен қол жетімділігін қамтамасыз етеді;

      в) тең мөлшерлік – құзыретті органдар (олардың лауазымды тұлғалары) реттеу талаптарын және (немесе) рәсімдерін белгілеу мен қолдану кезінде қызметтер көрсету саудасы еркіндігін, құруды, қызметін және (немесе) іс-қимылын барынша аз шектеу жолымен реттеу мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етеді;

      г) реттеу айқындылығы – барлық реттеу талаптары және (немесе) рәсімдері түсінікті (бір мағыналы) болуы тиіс. Реттеу кезінде талаптарды және (немесе) рәсімдерді белгілейтін мүше мемлекеттер заңнамасының нормалары бір мағыналы болмаса, мұндай нормалар туындаған дауларлы қарау және шешу кезінде түсіндіріледі әрі шешімдер реттеу адресаттарының пайдасына қабылданады.

ІІІ. Нормативтік құқықтық актілердегі реттеу талаптарын және (немесе) рәсімдерін белгілеу

      7. Реттеу көрсетілетін қызметтер қауіпсіздігі мен сапасының, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық салдарларды және тиісті реттеуді жүзеге асыратын мүше мемлекеттердің бюджеттік жүйесінің бюджеттеріне арналған салдарларды ескере отырып, реттеу адресаттарына барынша аз объективті қажетті жүктеу кезінде жүзеге асырылатын қызметі және (немесе) іс-қимылы қауіпсіздігінің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етуі тиіс.

      8. Норма шығару процесінің шеңберінде реттеу талаптарын және (немесе) рәсімдерін көздейтін нормативтік құқықтық актілер жобаларын алдын ала жариялау және оларға бағалау жүргізу тәртібі Хаттаманың
61-тармағында көзделген критерийлерді ескере отырып, мүше мемлекеттер заңнамасына сәйкес белгіленеді.

      9. Реттеу талаптарын және (немесе) рәсімдерін белгілейтін нормативтік құқықтық актілер жобаларын бағалау осы Қағидалардың
6-тармағында көзделген қағидаттарға сәйкес, оның ішінде мыналарды талдау негізінде жүзеге асырылады:

      а) нормативтік құқықтық акті жобасы шешуге, оны қабылдау және қолдану мақсаттарына бағытталған проблемалар, сондай-ақ мүдделерін қорғауға нормативтік құқықтық акті жобасы бағытталған тұлғалар тобы (топтары);

      б) шаруашылық субъектілерін қоса алғанда, реттеу адресаттарының тобы, сондай-ақ нормативтік құқықтық актіні қолданумен байланысты оларға көрсетілетін әсерлер;

      в) реттеу талаптарының адресаттарына белгіленген мазмұндар (міндетті мінез-құлық қағидалары);

      г) проблемаларды шешу және нормативтік құқықтық актіні қабылдау мақсаттарына қол жеткізу механизмі (нормативтік құқықтық акті жобасының ережелері мен шешілетін проблема арасындағы өзара байланысты сипаттау);

      д) нормативтік құқықтық акті жобасы ұсынатын реттеу баламасы туралы мәліметтер;

      е) нормативтік құқықтық актіде ұсынылатын реттеудің көрсетілетін қызметтер қауіпсіздігін және сапасын, сондай-ақ жүзеге асырылатын қыметтің және (немесе) іс-қимылдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті талаптарға шамалас (Хаттаманың 61-тармағы 2-тармақшасында көзделген критерийлерді орындау мақсатында);

      ж) нормативтік құқықтық акті жобасында қызметтің барлық секторлары мен түрлеріне қатысты мүше мемлекеттер сақтайтын "көлденең" шектеулердің тізбесінде (Хаттамаға № 2 қосымша) және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы
23 желтоқсандағы № 112 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде мүше мемлекеттерге арналған шектеулердің, алып қоюлардың, қосымша талаптар мен шарттардың жеке ұлттық тізбесінде көзделмеген қызметтер көрсету саудасына, құруға, қызметіне және (немесе) іс-қимылына арналған шектеулерді белгілейтін ережелердің болмауы.

      10. Нормативтік құқықтық актілер жобаларын осындай актілерді әзірлеуге жауапты мүше мемлекеттердің ресми сайттарында және "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінде арнайы құрылған сайттарда (бұдан әрі тиісінше – Интернет желісі, сайттар) орналастыру кезінде:

      а) нормативтік құқықтық актілер жобаларына қоғамдық талқылау жүргізу мерзімдерін нұсқау (әдетте, мерзімдер нормативтік құқықтық актілерді болжанған қабылдау күніне дейін кемінде күнтізбелік 30 күнді құрайды);

      б) сайттарда осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес нормативтік құқықтық акті жобасын талдау қорытындылары бойынша осы нормативтік құқықтық актіні әзірлеуге жауапты мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары дайындаған ақпаратты, сондай-ақ оларды дайындауға мүше мемлекеттер заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген органдар қорытындыларын (бұдан әрі – қорытындылар) орналастыру;

      в) барлық мүдделі тұлғалардың сайттарда нормативтік құқықтық актілер жобалары мен қорытындыларды орналастыруға қол жеткізуі;

      г) мүдделі тұлғаларға сайттарды пайдалана отырып, жазбаша нысанда немесе электрондық пошта (таңдауы бойынша) арқылы нормативтік құқықтық актілер жобалары бойынша ескертулерді, түсіндірмелер мен ұсыныстарды жіберу мүмкіндігі;

      д) қоғамдық талқылау барысында мүдделі мемлекеттік органдарға жіберілген нормативтік құқықтық актілер жобалары барынша ескертулер, түсіндірмелер мен ұсыныстар туралы жиынтық ақпаратты сайттарда орналастыру;

      е) сайттарда мүдделі тұлғаларға жіберілген нормативтік құқықтық актілер жобалары бойынша ескертулер мен ұсыныстарды немесе олардан бас тарту негіздемелерін есепке алу туралы ақпарат беру қамтамасыз етіледі.

      11. Құзыретті органдар қабылданған нормативтік құқықтық актілерді ресми көздерде жариялау арқылы олардың транспаренттігін (ашықтығын және қол жетімділігін), сондай-ақ мүмкіндігінше сайттарда мынадай шарттардың сақталуын қамтамасыз етеді:

      а) реттеу адресаттарына мұндай актілермен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ету;

      б) мұндай актілерді реттеу адресаттарының құқықтық айқындылығын және негізделген күтулерін қамтамасыз ететін мерзімде, бірақ кез келген жағдайда олар күшіне енген (қолданысқа енгізілген) күнге дейін жариялау;

      в) мұндай актілерді оларды қабылдау және қолдану мақсаттарын түсндіре отырып, жариялауды сүйемелдеу.

      12. Мүше мемлекеттер заңнамасына сәйкес мүдделі тұлғаларға қабылданған нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік құқықтық актілер жобаларының ережелеріне мыналар арқылы түсініктеме беріледі:

      а) кез келген мүдделі тұлғалардың қабылданған нормативтік құқықтық актілері (олардың жобалары) туралы сұрауларға жазбаша және (немесе) электрондық нысанда жауаптар ұсынуды қамтамасыз ететін механизмдер жасау;

      б) мүше мемлекеттердің тұлғалары үшін белгіленген тәртіпте басқа мүше мемлекеттер тұлғаларының өтініштерін қарауды қамтамасыз ету.

      13. Нақты қызмет түрінде қызметтер көрсету саудасы, құру, қызметі және (немесе) іс-қимылы шарттарына әсер ететін реттеу талаптары және (немесе) рәсімдері қолданыстағы реттеу талаптары және (немесе) рәсімдері белгіленгеннен кейін және оларды өзгертудің негізделген қажеттілігі болған кезде ғана аз дегенде 1 жыл өткен соң өзгертілуі мүмкін.

      Қолданыстағы реттеу талаптары және (немесе) рәсімдері өзгерген кезде осындай талаптар және (немесе) рәсімдер қолданысының басталуы өзгертілген талаптарға және (немесе) рәсімдерге сәйкес қызметтер көрсету саудасына, құруға, қызметті және (немесе) іс-қимылды жүзеге асыруға дайындыққа арналған мүше мемлекеттер тұлғаларына қажетті ақылға қонымды мерзімде белгіленуі тиіс.

      Осы тармақтың ережелері Одақ туралы шарттың 65-бабы 6-тармағында белгіленген талаптарға, сондай-ақ мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарында, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда, Одақ органдарының шешімдерінде және реттеу адресаттарының құқықтық ережелерін жақсартуға бағытталған актілерде белгіленген талаптарға қатысты болмайды.

      Осы тармақтың ережелері Хаттаманың 62-тармағының ережелері үшін залалсыз қолданылады.

IV. Рұқсат беру талаптары мен рәсімдері

      14. Рұқсат беру талаптары және (немесе) рәсімдері реттеудің өзге де шаралары реттеу мақсаттарына қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайда белгіленеді.

      15. Рұқсат беру арқылы құзыретті орган өтініш берушінің қызметтер көрсету саудасына, құруға, қызметіне және (немесе) іс-қимылына арналған құқығын растайды.

      16. Рұқсат беру талаптары және (немесе) рәсімдері реттеу адресаттарына қызметтер көрсету саудасы, құру, қызметі және (немесе) іс-қимылы кезінде ақталмаған тосқауылдарды (шектеулерді) құрмауы тиіс. Ақталмаған тосқауылдар (шектеулер) ретінде, атап айтқанда мыналар танылады:

      а) реттеу адресатына қызметті жүзеге асырудың орналасқан орнына (мемлекеттік тіркеу орнына), салық органында есепке қою орнына және т.с.с. мүше мемлекеттің белгілі бір аумағына қарамастан белгіленетін, оның ішінде мүше мемлекеттің заңнамалық актілерімен көзделген жағдайларды қоспағанда, реттеу адресаты қызметінің географиялық шекарасын белгілі бір аумақтармен шектейтін талаптар;

      б) реттеу адресатын мүше мемлекеттің біреуден артық өңірінде немесе елді мекенінде мекемесінің болуына не мүше мемлекеттің біреуден артық өңірінде тізілімге енгізілуге немесе кәсіби бірлестікке не қауымдастыққа қосылуға тыйым салатын немесе міндеттейтін талаптар;

      в) реттеу адресатына контрагенттерді таңдауды шектейтін талаптар;

      г) реттеу адресатына Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттармен және актілермен және аумағында қызметтер көрсету саудасы, құру, қызметі және (немесе) іс-қимылы жүзеге асырылатын мүше мемлекеттер заңнамасында тікелей көзделмеген қосымша құжаттар мен мәліметтерді ұсынуды міндеттейтін талаптар;

      д) реттеу адресатының персоналына ол жүзеге асыратын қызметтің сипатымен шарттаспаған ұсынылатын талаптар;

      е) реттеу адресатына Интернет желісінде құзыретті органдардың сайттарында орналастырылған құжаттар тізбесіне енгізілмеген құжаттарды және (немесе) реттеу адресаттары үшін тұрақты қолжетімді режимде болмайтын нысандар бойынша жасалған құжаттарды ұсынуды міндеттейтін талаптар;

      ж) нақты болмаушылыққа, біркелкі болмаушылыққа, әртүрлі түсіндіруге жол беретін талаптар;

      з) 2 және одан астам рұқсат беру түрлерімен көзделген ұқсас рұқсат беру талаптары;

      и) мүше мемлекеттер заңнамасында оларды орындау тәртібі тиісті түрде регламенттелмейтін талаптар;

      к) реттеу мақсаттарына сәйкес келмейтін және көрсетілетін қызметтер қауіпсіздігі мен сапасын, сондай-ақ жүзеге асырылатын қызметтің және (немесе) іс-қимылдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталмаған талаптар.

      17. Мүше мемлекеттер заңнамасында мынадай:

      а) рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыратын құзыретті орган туралы (оның ішінде оның орналасқан жері, байланыс телефондары, электрондық пошта мекенжайы, жұмыс кестесі);

      б) рұқсат беру талаптары мен рәсімдерін орындау тәртібі туралы (талап етілетін құжаттар тізбесі, өтініштер, бланкілер нысандары, өтінішті қарау мерзімдері және басқалар);

      в) рұқсат алуға өтініш беру тәсілдері туралы (жеке, өкіл арқылы және басқа);

      г) рұқсат алуға өтініш беру нысандары туралы (қағаз және (немесе) электрондық нысанда);

      д) өтініштерді қарауға және рұқсаттарды беруге байланысты алынатын төлемдер (алымдар, баждар) туралы;

      е) рұқсат беруден бас тарту негіздемелері туралы;

      ж) құзыретті органдардың (олардың лауазымды тұлғаларының) шешімдерге, әрекеттерге (әрекетсіздікке) шағымдану тәртібі туралы;

      з) атап айтқанда берілген, қайта ресімделген, тоқтатылған (күші жойылған), тоқтатыла тұрылған, қайта жасалған рұқсаттар және олардың телнұсқалары, сондай-ақ қолдану мерзімі ұзартылған немесе өтіп кеткен рұқсаттар туралы ақпараттарды қамтитын тізілімдер және дерекқорлар (банкілер) туралы мәліметтерді қамтитын ақпаратқа кедергісіз қол жеткізуді (оның ішінде сайтқа орналастыру жолымен) қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды белгілейді.

      18. Өтініштерді қараумен және рұқсаттарды берумен байланысты алынатын кез келген төлемдер (алымдар, баждар) сомасы Хаттаманың 64-тармағы 4-тармақшасына сәйкес мүше мемлекеттер заңнамасында белгіленеді.

      19. Егер реттеу адресатына рұқсат алу үшін құзыретті органға реттеу адресатының сәйкестігін, оның қызметтер көрсетуін, құруды, қызметін және (немесе) іс-қимылын рұқсат беру талаптарымен растайтын құжаттарды ұсыну қажет болса, онда мұндай құжаттардың мазмұнына және нысанына қойылатын талаптар (олардың атауларын қоса алғанда) мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленеді.

      20. Мүше мемлекеттер заңнамасында өтініш берушінің "бір терезе" механизмі арқылы рұқсат алу мүмкіндігі белгіленеді.

      Егер "бір терезе" механизмі арқылы рұқсат алу үшін тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйеде өтініш берушіні тіркеу талап етілсе, мұндай тіркеу мүмкіндігі құқығын шектемеу негізінде қамтамасыз етіледі.

      21. Өтініш беруші құзыретті органға рұқсат алу үшін жүгінген кезде мыналар:

      а) егер мұндай құжаттар және өзге қажетті ақпарат осы құзыретті органда болса немесе ол басқа құзыретті органдардан өтініш берушіге рұқсатты уақтылы беруді қамтамасыз ететін мерзімде мүше мемлекеттің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес алса, құжаттарды ұсыну;

      б) белгілі бір салаларда құқықтық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, өтініш берушінің құжаттардың телнұсқаларын ұсыну шартымен құжаттардың ұсынылған көшірмелерін нотариалды куәландыру талап етіледі.

      22. Мүше мемлекеттер заңнамасында өтініш беру (қажетті құжаттарды қоса бере отырып) және рұқсат алу үшін тиісті шарттарды өтініш берушінің қамтамасыз етуі жөніндегі талаптар белгіленеді, оның ішінде:

      а) өтінішті беру және рұқсатты алу орнын ұйымдастыру және тиісті рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру тәртібі мен шарттары туралы ақпаратты қолжетімді жерге орналастыру;

      б) электрондық порталдардың (олар бар болған кезде), Интернет желісіндегі ресми сайттардың, электрондық поштаның, байланыс телефондарының және басқалардың үздіксіз жұмыс істеуі;

      в) рұқсат беру талаптары мен рәсімдері туралы, оның ішінде өтінішке қоса берілетін құжаттарды беру тәртібі мен нысандары туралы тегін консультацияны қоса алғанда, қажетті ақпаратты ұсыну;

      г) Интернет желісінде рұқсат берген үшін алынған төлемдерді (алымдарды, баждарды) төлеуге арналған банктік деректемелер туралы ақпаратты ақысыз негізде ашық қолжетімді орналастыру және (немесе) өзге нысанда ұсыну;

      д) құзыретті органдардың (олардың лауазымды тұлғаларының) шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағымдану тәртібі туралы ақпаратты ұсыну;

      е) өтініш берушінің сұрауы бойынша құзыретті органдарды оның өтінішін қарау барысы туралы ақпараттандыру.

      23. Егер табиғи ресурстарды немесе техникалық қуаттарды шектеумен байланысты қызметтің және (немесе) іс-қимылдың белгілі бір түріне рұқсаттар саны шектелсе, өтініш берушіні конкурстық, аукциондық не өзге іріктеу нысанын қолданады.

      Мұндай рәсім ашық әрі әділ болуы және Хаттама мен осы Қағидаларға сәйкес келуі тиіс.

      24. Құзыретті органның реттеу адресатына қатысты шешім қабылдауы туралы ақпаратты құзыретті орган Одақ туралы шарттың XV бөліміне сәйкес мүше мемлекеттер заңнамасында белгіленген мерзімде және тәртіпте реттеу адресатының назарына жеткізеді, бұл ретте рұқсатты (оның телнұсқасын) беруден, тоқтата тұрудан, тоқтатудан, одан айырудан (күшін жоюдан) бас тартқан, қайта ресімдеуден немесе оның қолданыс мерзімін ұзартудан бас тартқан жағдайда, мұндай ақпарат құзыретті орган қабылдаған шешімнің негіздемесін (мүше мемлекеттер заңнамасының нормаларына және (немесе) Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілер ережелеріне сілтеме жасай отырып) қамтиды.

      Рұқсат беруден, қайта ресімдеуден, қолданыс мерзімін ұзартудан бас тарту туралы немесе рұқсаттан айыру (күшін жою) туралы не оның қолданысын тоқтата тұру туралы шешімде де оған шағымдану құқығына түсіндірме беріледі (оның ішінде сот тәртібінде).

      25. Мүше мемлекеттер заңнамасында құзыретті органдардың қысқа мерзімде, бірақ мұндай құжаттарды өтініш берушіден алған күннен бастап 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде рұқсат алу үшін өтініш беруші ұсынған құжаттардың толықтығын тексеру міндеті белгіленеді.

      Егер мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген құжаттар жиынын өтініш беруші толық көлемде ұсынбаса, құзыретті орган осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген мерзімнен кешіктірмей, өтініш берушіге жоқ құжаттарды онда белгіленген мерзімде ұсыну қажеттілігі туралы хабарламаны жібереді немесе береді.

      Өтінішті қарау мерзімі көрсетілген хабарламаны жіберген күннен бастап тоқтатыла тұрады және өтініш беруші мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген құжаттардың толық кешенін ұсынған күні қайта басталады. Хабарламада белгіленген мерзімде жоқ құжаттар ұсынылмаған жағдайда, өтініш берушіге өтініштің тиісті ресімделмеу себебі бойынша оны одан әрі қараудан бас тартылуы мүмкін. Егер мүше мемлекеттер заңнамасында осы абзацта көрсетілген тоқтата тұру рәсімі көзделмесе, онда құзыретті орган осы тармақтың 1 және
2-абзацтарының ережелерін сақтай отырып, өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы уәжделген шешім қабылдауға құқылы.

      Көрсетілген өтініш мүше мемлекеттің заңнамасы талаптарына сәйкес барлық құжаттар және (немесе) мәліметтер алынғанға дейін тиісті түрде ресімделген деп саналмайды.

      Кез келген жағдайда өтініш берушіге өтінішке техникалық түзетулер енгізу мүмкіндігі берілуі тиіс.

      26. Егер құзыретті орган белгіленген мерзімде өтініш берушіге рұқсатты (оның телнұсқасын) бермесе не оны беруден уәжделген бас тартуды ұсынбаса, өтініш беруші рұқсатты (оның телнұсқасын) беру мерзімі өткен күннен бастап, жекелеген қызмет түрлерін көрсетуге, тізбесі қорғанысты немесе ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданатын белгілі бір салаларда құқықтық қатынасты реттейтін заңнамалық актілермен белгіленген қызметтің және (немесе) іс-қимылдың жекелеген түрлерін жүзеге асыруға рұқсаттарды қоспағанда, өтініш беруші өтініш беруді жүзеге асырған қызмет және (немесе) іс-қимыл құқығын алуға рұқсат алады.

      Осы тармақтың абзацының ережелері реттеу адресатына рұқсаттың қолданысын ұзартуға өтінішті жіберу қажет болған жағдайға да қатысты болады.

      Мүше мемлекеттер осы қағидалар күшіне енген күнінен бастап үш жыл ішінде өзінің нормативтік құқықтық актілеріне осы тармақтың ережелерін іске асыруды қамтамасыз ететін нормаларды кезең-кезеңмен енгізуді жүзеге асырады.

      27. Рұқсат беруден бас тарту үшін, рұқсаттан айыру (күшін жою), тоқтата тұру, оның қолданыс мерзімін ұзарту үшін негіздемелердің жан-жақты тізбесі белгілі бір салаларда құқықтық қатынасты реттейтін заңнамалық актілермен белгіленеді.

      28. Рұқсаттар мұндай рұқсатта көрсетілген мүше мемлекеттердің барлық аумақтарында жарамды болады.

      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешіміне сәйкес бірыңғай қызметтер көрсету нарығы жұмыс істейтін қызметтер көрсету секторларында (кіші секторларында) қызметтер көрсетуге рұқсаттар растаусыз танылады және мүше мемлекеттердің аумақтарында әрекет етеді.

      29. Қызметті жүзеге асыруға берілетін рұқсаттарда мына жағдайларды қоспағанда, шектелген қолданыс мерзімі болмауы тиіс:

      а) рұқсаттар саны не рұқсаттардың қолданыс мерзімі қоғамдық моральды қорғау, қоғамдық тәртіпті, ұлттық қауіпсіздікті қолдау, адамдар өмірі мен денсаулығын, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, қоршаған ортаны қорғау мақсатында, сондай-ақ табиғи ресурстардың немесе техникалық қуаттардың шектелуіне байланысты шектелген;

      б) рұқсат айрықша (арнайы) экономикалық аймақтарда қызметті жүзеге асыруға немесе мүше мемлекеттің белгілі бір заңнамасында сол мемлекеттің аумағына беріледі.

      30. Рұқсаттың нысаны және (немесе) атауы, қызмет түрінің (кіші түрінің), рұқсат беру рәсімінің атауы, рұқсат берген құзыретті органның атауы өзгерген кезде рұқсат беру талаптарының мазмұны (реттеу мақсаттарына әсер етпейтін, оның ішінде тұтынушылардың, нарықтың адал субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ қоғамдық (мемлекеттік) мүдделерді қозғамайтын) елеулі түрде өзгермей заңнаманың атауы өзгерген кезде бұрын берілген рұқсаттар (олардың телнұсқалары) және құжаттар өз қолданысын олар берілген мерзім өткенге дейін сақталады.

      Рұқсат беруді қайта ресімдеу үшін негіздемелердің жан-жақты тізбесі белгілі бір салаларда құқықтық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілермен белгіленеді.

      31. Мүше мемлекеттер заңнамасында қызметтер көрсетуге, құруға, қызметті және (немесе) іс-қимылды жүзеге асыруға бірыңғай рұқсаттар тізбесі белгіленеді.

      Мүше мемлекеттер заңнамасында көрсетілген тізбеде көзделген рұқсаттарды беруге және талап етуге тыйым салуды белгілеу көзделеді.

V. Хабарлау (мәлімдеу) рәсімдері

      32. Реттеу өтініш берушінің қызметтер көрсету саудасы, қызметті және (немесе) іс-қимылды жүзеге асыру басталғанға дейін құзыретті органға бұл туралы мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіпте хабарлау міндетін көздейтін хабарлау (мәлімдеу) рәсімі арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

      Хабарлау (мәлімдеу) рәсімі арқылы өтініш беруші құзыретті органға өзінің мүше мемлекеттер заңнамасында белгіленген талаптарға, оларға қатысты хабарлау (мәлімдеу) рәсімі енгізілген, қызметтер көрсету саудасына, қызметті және (немесе) іс-қимылды жүзеге асыруға қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы ақпарат беріледі.

      33. Мүше мемлекеттердің заңнамасында оларға қатысты хабарлау (мәлімдеу) рәсімі енгізілген қызметтер көрсету, қызмет және (немесе) іс-қимыл түрлерінің бірыңғай тізбесі белгіленеді.

      Мүше мемлекеттер заңнамасында көрсетілген тізбемен көзделмеген қызметтер көрсету, қызмет және (немесе) іс-қимыл түрлеріне қатысты хабарлау (мәлімдеу) рәсімін қолдануға тыйым салуды белгілеу көзделеді.

      34. Хабарлау (мәлімдеу) рәсімдері арқылы реттеу кезінде өтініш берушіге тиісті хабарлама (өтініш, хабарландыру және т.с.с) құзыретті органға қолма-қол, беру туралы хабарламасы бар тапсырысты пошталық жөнелтілім арқылы не өтініш берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған электрондық құжат түрінде жіберілген күннен бастап қызметтер көрсету саудасы, қызмет және (немесе) іс-қимыл құқығы берілуі тиіс.

      35. Құзыретті орган реттеу адресаттарынан хабарлау (мәлімдеу) рәсімдерін жүзеге асыру тәртібін реттейтін мүше мемлекеттің заңнамасында тікелей көзделмеген құжаттар мен мәліметтерді ұсынуды талап етпеуі тиіс.

      36. Мүше мемлекеттер заңнамасында хабарлау (мәлімдеу) рәсімдерін жүзеге асыру қағидалары белгіленеді, оның ішінде

      а) қызметтер көрсету саудасын, қызметті және іс-қимылды жүзеге асыруды бастау туралы хабарламаны (өтінішті, хабарландыруды және т.с.с.) (оның ішінде электрондық нысандағы хабарлама (өтініш, хабарландыру және т.с.с.) жіберу тәртібі;

      б) мыналарды көздейтін хабарламалар (өтініштер, хабарландырулар және т.с.с) тізілімін жүргізу тәртібі:

      хабарламаларда (өтініштерде, хабарландыруларда және т.с.с.) қамтылған мәліметтер тізіліміне оларды алу күнін енгізу;

      хабарламаны (өтінішті, хабарландыруды және т.с.с) реттеу адресатының өтініші бойынша (өзінің хабарламасына (өтінішіне, хабарландыруына және т.с.с.) қатысты) немесе реттеу адресатына қызметтер көрсету саудасына, қызметті және (немесе) іс-қимылды жүзеге асыруға тыйым салу туралы сот шешімі бойынша тізілімнен алып тастау;

      құзыретті органның тізілімде қамтылған хабарламалар (өтініштер, хабарландырулар және т.с.с.) туралы ақпаратты осындай мәліметтерді реттеу адресаттарының растауын талап етусіз алу;

      тізілімде қамтылған мәліметтердің ашықтығы мен оларға кедергісіз қол жеткізу.

      37. Қызметтер көрсетудің нақты түріне, қызметіне және (немесе) іс-қимылына қатысты хабарлау (мәлімдеу) рәсімдерін енгізу кезінде рұқсат беру рәсімінің орнына хабарлау (мәлімдеу) рәсімін жүргізу кезінде қызметтерді көрсетуге, қызметті және (немесе) іс-қимылды жүзеге асыруға шынайы рұқсаты болған реттеу адресаты тізілімге құзыретті орган автоматты түрде енгізілетін хабарламаны (өтінішті, хабарландыруды және т.с.с.) жіберген болып есептеледі.

VI. Жеке тұлғаның кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптар

      38. Мүше мемлекеттер заңнамасында жеке тұлғаларға жекелеген қызметтер көрсетудің түрлерін көрсетуге, қызметті және (немесе) іс-қимылды жүзеге асыруға қатысты мынадай кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптар белгіленуі мүмкін:

      тиісті білімінің болуы;

      кәсіби емтихандарды тапсыру (тестілеу, сұхбаттасу және т.с.с.);

      белгілі бір салада практикалық тәжірибенің болуы;

      тілдік дағдылар;

      өзге де талаптар.

      Мұндай талаптар негізделуі тиіс және жеке тұлғаның мәлімденген қызметтер көрсетудегі, мәлімделген қызметті және (немесе) іс-қимылды жүзеге асырудағы құзыреттілікті растау үшін қажетті шамада ғана ұсынылуы тиіс.

      39. Төмендегі талаптар еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт шеңберінде жұмысты орындайтын жеке тұлғаның (дара кәсіпкер ретінде емес) кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптар ретінде қойылмауы мүмкін:

      а) белгілі бір аумақта (белгілі бір орында) қызметтер көрсету саудасына, қызметті және (немесе) іс-қимылды жүзеге асыруға қатысу;

      б) белгілі бір үйжайдың немесе арнайы жабдықтың болуы;

      в) егер жеке тұлға қызметтер көрсетудің әртүрлі секторларымен (кіші секторлары) қамтыған бірнеше қызметтерді (олардың құраушыларын) дербес көрсетуге немесе қажетті кәсіби біліктілігі бар болған кезде әртүрлі қызмет түрлерін қамтыған бірнеше әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруға қабілетті болған жағдайда, саудаға тек бір қызметтер көрсету түрімен қатысу, тек сол бір әрекетті (операцияларды) жүзеге асыру.

      40. Мүше мемлекеттер заңнамасында жеке тұлғаның кәсіби біліктілігін растау үшін кәсіби емтиханды (тестілеуді, сұхбаттасуды және т.с.с.) тапсыруға рұқсат беру туралы шешім ақылға қонымды мерзім ішінде алдын ала болжаусыз негізде қабылданады және әдеттегідей өтініш берушіге жеке тұлға тиісті өтінішті берген күннен бастап 1 айдан кешіктірмей жіберіледі.

      Мұндай емтиханды (тестілеуді, сұхбаттасуды және т.б.) тапсыру ақылға қонымды мерзім ішінде алдын ала болжаусыз негізде, әдеттегідей кәсіби емтиханды (тестілеуді, сұхбаттасуды және т.б.) тапсыруға рұқсат беру туралы шешім өтініш берушіге жіберілген күннен бастап 1 айдан кешіктірмей қамтамасыз етілуі тиіс.

      Егер мүше мемлекеттер заңнамасында мұндай емтиханды тапсыра алмаған тұлғалар үшін кәсіби емтиханды (тестілеуді, сұхбаттасуды және т.б.) қайта тапсыру мерзімі көзделсе, қайта тапсыру мүмкіндігі ақылға қонымды мерзім ішінде алдын ала болжаусыз негізде, әдеттегідей кәсіби емтиханды тапсыра алмау туралы шешім шығарылған күннен бастап 3 айдан кешіктірмей қамтамасыз етіледі.

      41. Егер жеке тұлғалардың кәсіби біліктілігін растау емтихан, аттестаттау және (немесе) басқа қомиссия жүргізсе, мұндай комиссия мүшелерінің бейтараптығы, объективтілігі, құзыреттілігі және тәуелсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс.

      42. Егер мүше мемлекеттердің заңнамасында жеке тұлғаның кәсіби біліктілігін кейіннен мерзімдік (жүйелі) қайта растау көзделген болса, жеке тұлғаның кәсіби біліктілігін қайта растауға арналған сынақ ақылға қонымды мерзімде, бірақ кәсіби біліктілікті растауға арналған алдыңғы сынақ жүргізу күнінен бастап аз дегенде 1 жыл өткен соң жүргізілуі тиіс.

      43. Жеке тұлға кәсібінің, мамандығының, лауазымының атауы кәсіби біліктілікке қойылатын талаптарды барынша өзгертпей (реттеу мақсаттарына әсер етпейтін, оның ішінде тұтынушылардың, нарықтың адал субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ қоғамдық (мемлекеттік) мүдделерді қозғамайтын) өзгерген кезде жеке тұлғаның кәсіби біліктілігін қайта растау талап етілмейді.

      44. Жеке тұлғаларды қызметтерді құруға, саудаға, қызметті және (немесе) іс-қимылды жүзеге асыруға рұқсат беруді реттеу мақсатында:

      а) егер жеке тұлғаның кәсіби біліктілігін (жұмыс тәжірибесі мен өтілі, қайта даярлау курстарын өту, қайта оқыту және т.с.с.) растайтын құжаттарды тану, тану рәсімдерін өткізе отырып жүзеге асырылса, мұндай тану, егер мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарында, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарында көзделмесе (Хаттаманың 27 және 29-тармақтарының ережелері үшін залалсыз қолданылады), мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленеді;

      б) мынадай құжаттарды:

      бірыңғай қызметтер көрсету нарығы жұмыс істейтін қызметтер көрсету секторларында (кіші секторларында) жеке тұлғаның кәсіби біліктілігін (жұмыс тәжірибесі мен өтілі, қайта даярлау курстарын өту, қайта оқыту және т.с.с.) растайтын құжаттарды;

      басқа мүше мемлекетте берілген білім беру туралы құжаттарды (Одақ туралы шарттың 97-бабымен көзделген жағдайларды қоспағанда) тану рәсімін өтпей мойындалады.

      45. Мүше мемлекеттер заңнамасында жеке тұлғаларға жекелеген қызметтер көрсету түрлерін көрсетуге, қызметті және (немесе) іс-қимылды жүзеге асыруға қатысты кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жөніндегі талаптар белгіленуі мүмкін.

VII. Бақылау (қадағалау) рәсімдері

      46. Одақ туралы шартпен, Одақтың құқығын құраушы өзге де халықаралық шарттармен және актілермен, мүше мемлекеттер заңнамасында белгіленген реттеу мақсаттарына қол жеткізу үшін, оның ішінде көрсетілетін қызметтер қауіпсіздігі мен сапасын, қызмет және (немесе) іс-қимыл қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мүше мемлекеттердің заңнамасында бақылау (қадағалау) рәсімдерін жүзеге асыруға уәкілетті құзыретті органдар айқындайды және бақылау (қадағалау) рәсімдерін жүргізу тәртібі белгіленеді.

      47. Бақылау (қадағалау) рәсімдері арқылы құзыретті органдар реттеу адресаттарының реттеу талаптарын сақтауын тексеруді жүзеге асырады.

      48. Бақылау (қадағалау) рәсімдерінің тиімділігі мыналар арқылы қамтамасыз етіледі:

      а) тәуекелдерді бағалау (тәуекелдерді басқару) жүйесін енгізу және оны автоматтандыру;

      б) бақылау (қадағалау) рәсімдерін нақты құқықтық регламенттеу;

      в) реттеу адресаттары құқықтарының кепілдігін заңнамалық бекіту.

      49. Тәуекелдерді бағалау (тәуекелдерді басқару) жүйесі мыналарды көздейді:

      а) бақылау (қадағалау) рәсімдерін жүргізу объектілерін, бағыттарын, нысандарын, көлемдерін (толықтығын) және мерзімділігін, оның ішінде мынадай реттеу адресаттарының сипаттамалары негізінде айқындау:

      қызмет және (немесе) іс-қимыл түрінің және (немесе) объектінің қауіптілік дәрежесі;

      бұрын анықталған бұзушылықтар саны, түрлері және сипаттамасы;

      тауарлар тұтынушылардың, қызметтер көрсетуді алушылардың жасалған өрескел бұзушылықтар туралы өтініштерінің (мұндай бұзушылықтар фактілерін растай отырып) саны;

      б) тәуекел дәрежесін бағалау (реттеу адресаттарын тәуекелдер топтарына жатқызудың белгіленген критерийлерін есепке ала отырып), келтірілген залал (зиян) тәуекелінің дәрежесін талдау, одан әрі бақылау (қадағалау) рәсімдерінің санын тәуекел дәрежесіне барабар азайту мақсатында міндетті талаптар бұзушылықтарының сипаттамасын талдау және ықтималдығын бағалау негізінде бақылау (қадағалау) рәсімдерін жүргізу жоспарларын (кестелерін) жасау, келісу, бекіту және іске асыру;

      в) қызмет және (немесе) іс-қимыл түрінің және (немесе) реттеу адресаттары объектілерінің қауіптілік дәрежесіне және олардың адал жүріс-тұрысына байланысты бақылау (қадағалау) рәсімдерін жүргізу көлемінің (толықтығының) және жиілігінің саралануы.

      50. Мүше мемлекеттер заңнамасында бақылау (қадағалау) рәсімдерін регламенттеу белгіленеді, оның ішінде мынаны қоса алғанда:

      а) бақылау (қадағалау) рәсімдерін жүргізу қағидаттары;

      б) тәуекелдерді бағалау (тәуекелдерді басқару) жүйесі;

      в) бақылау (қадағалау) рәсімдерін ұйымдастыру және жүргізу шарттары мен рәсімдері;

      г) әртүрлі тәуекелдер дәрежесіне қатысты қызмет және (немесе) іс-қимыл түрлері;

      д) белгілі бір қызмет және (немесе) іс-қимыл түрлері үшін тәуекелдер дәрежесін бағалу критерийлері;

      е) бақылау (қадағалау) рәсімдерін ұйымдастыру және жүргізу кезінде құзыретті органдардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі және реттеу адресаттарына келтірілген залалды (зиянды) өтеу тәртібі;

      ж) бақылау (қадағалау) рәсімдерін жүргізу мерзімділігі және оларды жүргізудің шекті мерзімдері;

      з) құзыретті органдардың тексеруге жататын мәселелер тізбесін (тексеру парақтары, чек-парақтар, ұйғарымдар және басқа да құжаттар) пайдалануы;

      и) құзыретті органдардың міндетті есептілігі, оның ішінде тексерілген реттеу адресаттарының саны, анықталған бұзушылықтар, келтірілген залал (зиян) мөлшері, жауапкершілікке тартылған реттеу адресаттары, реттеу адресаттарын жауапқа тарту туралы күшін жойған шешімдер саны және құзыретті органдардың заңсыз деп танылған актілері туралы есептілігі.

      51. Бақылау (қадағалау) рәсімдерін ұйымдастыру және жүргізу кезінде реттеу адресаттарының құқықтық кепілдігін қамтамасыз ету мақсатында мүше мемлекеттер заңнамасында мынадай ережелер көзделеді:

      а) сол бір реттеу адресатына қатысты бірнеше құзыретті органдардың сол бір міндетті талаптарды орындауына (сақтауына) бақылау (қадағалау) рәсімдерін жүргізуге жол бермеу;

      б) құзыретті органның мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес уәкіл санкциялаған мұндай рәсімдерді жүргізуді тағайындау туралы құжаттың негізінде бақылау (қадағалау) рәсімдерін жүргізуі;

      в) мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленетін ақылға қонымды мерзімде реттеу адресатына мүше мемлекеттің салық заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, жоспарлы тексерулерді жүргізуді бастау (жоспарлы тексеруді жүргізген жағдайда) туралы хабарламаны (жазбаша немесе өзге түрде) жіберу;

      г) мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тексерудің шекті мерзімдерін сақтау міндеттілігі;

      д) мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленбеген талаптар мен рәсімдерді орындауды тексеруге жол бермеу;

      е) құзыретті органдардың лауазымды тұлғаларының өз міндеттемелерін орындамаған және (немесе) тиісінше орындамаған және олардың реттеу адресаттарының құқықтарын бұзған жағдайда олардың жауапкершілігі.

      52. Бақылау (қадағалау) рәсімдерін жүргізу тиімділігін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде мүше мемлекеттер арасында ақпарат алмасу үшін құзыретті органдар мыналарды көздейтін келісімдерді жасасады:

      а) нақты реттеу адресаттарына қатысты мүше мемлекеттердің құзыретті органдары арасында ақпаратпен жедел алмасу мүмкіндігі;

      б) реттеу адресаттарының қызметтер көрсету тұтынушыларының, алушыларының, адал реттеу адресаттарының құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ мүше мемлекеттердің мүдделерін бұзуды алдын алу механизмдерін жасау.

VIII. Реттеу талаптары мен рәсімдерін жетілдіру

      53. Мүше мемлекеттер заңнамасында реттеу адресаттарына нормативтік құқықтық актілердің нақты әсерінің салдарларына бағалау жүргізу тәртібі белгіленеді.

      Мұндай бағалауды мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес уәкілетті орган аз дегенде 3 жылда 1 рет жүргізеді.

      54. Нормативтік құқықтық актілердің реттеу адресаттарына нақты әсерінің салдарларын бағалау мәлімделген реттеу мақсаттарына қол жеткізуді белгілеу және нормативтік құқықтық актіні қабылдау үшін, сондай-ақ оларды кейіннен оңтайландыру және (немесе) тарату үшін шығынды, тиімсіз реттеу талаптарын және (немесе) рәсімдерін анықтаған жағдайда жүргізіледі. Шығынды, тиімсіз реттеу талаптары және (немесе) рәсімдері мыналар болып табылады:

      а) бір жақты емес реттеу талаптары және (немесе) рәсімдері;

      б) реттеу талаптарының және (немесе) рәсімдердің мүше мемлекеттің заңнамасы талаптарына сәйкес келмеуі;

      в) құзыретті органдар нақты қолданбайтын, талап етілмеген реттеу талаптары және (немесе) рәсімдері;

      г) мүше мемлекеттер заңнамасында белгіленген белгілі бір саладағы, аядағы реттеу мақсатына, оның ішінде қызметті жүзеге асыру қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға, сондай-ақ көрсетілетін қызметтер қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін реттеу талаптары және (немесе) рәсімдері;

      д) әртүрлі құзыретті органдардың өкілеттіктері, оларға берілген өкілеттіктерді жүзеге асыру кезінде бір құзыретті органның, өзге тұлғалар мен ұйымдардың әртүрлі деңгейлері шеңберінде қайталанатын реттеу талаптары және (немесе) рәсімдері;

      е) мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген реттеулер үшін құзыретті органдардың кадрлық, уақытша және материалдық ресурстардың жеткіліксіздігімен байланысты іске асырылмайтын реттеу талаптары және (немесе) рәсімдері;

      ж) мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген реттеу мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етпейтін, оның ішінде формалды сипатқа ие талаптар;

      з) өздеріне қатысты қолданыстағы реттеумен салыстырғанда анағұрлым тиімді реттеу нұсқасын ауыстыру қажеттілі айқындалған және ықтималы бар талаптар;

      и) мүше мемлекеттердің тұлғаларына қатысты қолданатын құқықтық бұзушылықтар сипатына, оның ішінде басталған немесе алды алынған зиянды салдарлардың ауырлығына, келтірілген, ерікті түрде өтелген немесе жойылған зиянның не өзге де жағдайлар мөлшеріне тең келмейтін, әсер ету шаралары.

      55. Реттеу талаптарының және (немесе) рәсімдерінің тиімділігіне байланысты нормативтік құқықтық актілердің реттеу адресаттарына нақты әсерінің салдарларын бағалау нәтижелері бойынша шығынды, тиімді емес реттеу талаптары және (немесе) рәсімдері күшін жоюға жатады не реттеу адресатының құқықтық жағдайын нашарлатпау шартымен бір түрден (өзіндік реттеу, лицензиялау, хабарлау, сертификаттау, аттестаттау, аккредиттеу және т.с.с.) басқа түрге өзгертуге жатады.

      56. Мүше мемлекеттер заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актілердің реттеу адресатына нақты әсерінің салдарына бағалау жүргізу кезінде ең үздік халықаралық реттеу практикасы (оның ішінде халықаралық стандарттар), ал ол болмаған жағдайда мүше мемлекеттердің анағұрлым прогрессивті реттеу модельдері жиі қолданады.

      57. Комиссия реттеудің анағұрлым үздік халықаралық практикасын (оның ішінде халықаралық стандарттар) және мүше мемлекеттердің анағұрлым прогрессивті реттеу модельдерін қолдану жөніндегі ұсынымдарды әзірлейді.

ІХ. Қорытынды ережелер

      58. Мүше мемлекеттер реттеу адресаттары жүзеге асыратын қызметтер көрсету сапасын және қызмет және (немесе) іс-қимыл қауіпсіздігін арттыру мақсатында тиісті кәсіби бірлестіктерге, сауда-өнеркәсіп палаталарына сәйкес келетін реттеу адресаттарының құзыреттілігін бағалау бойынша өкілеттіктерді беруге құқылы.

      59. Осы Қағидалардың ережелерін Комиссия Одақ туралы шартты, Одақ құқығын құраушы өзге де халықаралық шарттарда және актілерде көзделген өкілеттіктер шеңберінде қолданылады.

  Қызметтер көрсету саудасын
реттеу, құру және қызметі
қағидаларына
ҚОСЫМША

Мүшелік ету Еуразиялық экономикалық одақтың барлық мүше мемлекеттері үшін ашық халықаралық ұйымдардың халықаралық стандарттар

ТІЗБЕСІ

      І. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ)

      1. Реттеуіштерді басқару. ЭЫДҰ озық практикаға негізделген реттеу саясаты саласындағы қағидаттары (ОЕСD (2014)).

      2. ЭЫДҰ реттеу саясаты және мемлекетті басқару мәселелері жөніндегі кеңесінің ұсынымдары (құралдары) (С(2012)37).

      3. ЭЫДҰ реттеу және орындау сапасы үшін нұсқамалық қағидаттар (ОЕСD (2005)).

      4. Әсер ету бағасының көмегімен реттеу құралдарын жетілдіру (SIGMA Paper № 31, 2001).

ІІ. Еуропалық экономикалық комиссия (БҰҰ ЕЭК)

      1. Нормативтік реттеу жүйелеріндегі тәуекелдерді басқару (Нью- Йорк және Женева, 2014 ж.).

      2. № 35 ұсыным: Халықаралық сададағы "бір терезе" жүйесінің құқықтық негізін әзірлеу (Женева, 2010 жылғы желтоқсан).

      3. № 33 ұсыным: Сауда және мемлекеттік органдар арасындағы тиімді ақпарат алмасуды жақсарту үшін "бір терезе" механизмін құруға арналған ұсынымдар мен нұсқамалық қағидаттар (Женева, 2005 жылғы шілде).

      4. № 26 ұсыным: Электрондық алмасу үшін деректермен алмасу туралы келісімді коммерциялық пайдалану (Женева, 1995 жылғы наурыз).

ІІІ. БҰҰ сауда және даму жөніндегі конференциясы (ЮНКТАД)

      1. Директивті органдар мен қор биржалары үшін тұрақты көрсеткіштер бойынша есептілік саласындағы озық тәжірибе жөніндегі нұсқама (Нью-Йорк және Женева, 2014 ж.).

      2. "Техникалық ынтымақтастық" мәселелері жөніндегі анықтамалық (Нью-Йорк және Женева, 2011 ж.).

IV. Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ)

      1. Қызметтер көрсету жөніндегі техникалық стандарттар. Ішкі реттеу жөніндегі жұмыс тобы Хатшылығының ескертпелері (S/WPDR/W/49,2012).

      2. Кәсіби қызметтер көрсету жөніндегі жұмыс тобының жұмыс құжаттары: есептер, жазбалар.

      3. Ішкі реттеу жөніндегі жұмыс тобының жұмыс құжаттары: есептер, жазбалар.

IV. Дүниежүзілік пошта одағы (ДПО)

      Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысы (Вена, 1964 ж.).

VI. Халықаралық электр байланыс одағы (ХЭО)

      1. Халықаралық электр байланыс одағының Жарғысы (Женева, 1992 жылғы 22 желтоқсан).

      2. Ұлттық деңгейде спектрді пайдалануды басқару үшін регламенттелетін құрылым жөніндегі нұсқама (ХЭО-R.2093-2 (06/2015)).

VII. Дүниежүзілік туристік ұйым (ДТҰ)

      1. Туризмнің жаһандық әдеп кодексі (Сантьяго, 1999 жылғы 1 қазан).

      2. 1989 жылғы Туризм жөніндегі Гаага парламентаралық конференциясының декларациясы (Гаага, 1989 жылғы 10-14 сәуір).

      3. Дүниежүзілік туристік ұйымның Бас ассамблеясының VI сессиясының № 1 қарарымен мақұлданған Туризм хартиясы және Турист кодексі (София, 1985 жылғы 22 қыркүйек).

VIII. Стандарттау жөніндегі халықаралық ұйым (ИСО) және Халықаралық электр-техника комиссиясы (ХЭК)

      Стандарттау және қызметтің аралас түрлері. Жалпы сөздік (ISO/IEC GUIDE 2:2004(E/F/R)).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады