Кеден одағы Кеден кодексінің 64-бабының 5-тармағына және 2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімнің 11-бабына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Қосымшаға сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2016 жылғы 12 сәуірдегі №32 шешімімен бекітілген Тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімін қолдану тәртібіне өзгерістер енгізілсін.
2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Төрағасының міндетін уақытша атқарушы |
К. Минасян |
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2016 жылғы 1 қарашадағы № 133 шешіміне ҚОСЫМША |
Тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімін қолдану тәртібіне енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР
1. 1-тармақтағы "жағдайын" деген сөз "жағдайларын" деген сөзбен ауыстырылсын.
2. 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімін қолдануға Келісімнің 4-бабының 1-тармағында көзделген шарттар сақталған кезде, мынадай:
а) халықаралық тауар биржаларында саудаланатын және тауарлар оған сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына шығару үшін сатылатын сыртқы экономикалық шарттың (келісімшарттың) талаптарына сәйкес ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсіміне орналастырылатын әкелінетін тауарлар, осы тауарлар үшін төлеуге жататын тіркелген баға белгіленбеген, алайда бұл ретте тауарлар бағасының биржа бағаларына (биржалық баға белгілеуге, биржалық индекстерге) тәуелділігі және сыртқы экономикалық шарттың (келісімшарттың) тараптарымен келісілген тауарларға арналған декларация тіркелген күннен кейін осы шартта белгіленген нақты күні биржа бағалары (биржалық баға белгіленімдері, биржалық индекстер) бойынша тауарлардың бағасын есептеу тәртібі (алгоритмі, формуласы) белгіленген;
б) әкелінетін тауарлар ішкі тұтыну үшін және әкелінетін тауарлармен жасалатын мәмілелердің құны ол ескеріле отырып анықталуға тиіс шарттың талаптарымен (мысалы, лицензиялық келісім, авторлық құқықтарды беру туралы шарт және т.б.) шығарудың кедендік рәсіміне орналастырылады, әкелінетін тауарларға жататын және сатып алушы әкелінетін тауарларды сату шарттары ретінде тікелей немесе жанама түрде жүргізуге тиіс зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін төленетін лицензиялық және осыған ұқсас өзге де төлемдердің (патенттер үшін төлемдерді, тауарлық белгілерді, авторлық құқықтарды қоса алғанда) тіркелген сомалары белгіленбеген, бірақ бұл ретте шартта тауарға арналған декларация тіркелген күні мәлім емес мәліметтердің негізінде оларды есептеу тәртібі белгіленген;
в) әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміленің құны ол ескеріле отырып айқындалуға тиіс шарттың талаптарында әкелінетін тауарларды кейіннен сатудың, өзге де тәсілмен оған билік етудің немесе пайдаланудың нәтижесінде алынған кірістің (түсімнің) бір бөлігінің тікелей немесе жанама түрде сатушыға тиесілі болатыны көзделген және бұл ретте тауарға арналған декларация тіркелген күні мәлім емес мәліметтердің негізінде кірістің (түсімнің) осындай бөлігін есептеу тәртібі белгіленген жағдайларда жол беріледі.".
3. 4 – 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын айқындауды және мәлімдеуді осы Тәртіптің 3-тармағының тиісінше "а", "б" немесе "в" тармақшаларында көрсетілген шарттың (бұдан әрі – шарт) талаптарына сәйкес тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын айқындауға және мәлімдеуге мүмкіндік беретін құжаттамамен расталған мәліметтер алынуға тиіс мерзімге кейінге қалдыруға жол беріледі. Бұл ретте тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын айқындау және мәлімдеу мерзімі тауарларға арналған декларация тіркелген күннен бастап 15 айдан аспайды.
5. Келісімнің 4-бабына сәйкес тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасы:
а) осы Тәртіптің 3-тармағының "а" тармақшасында көрсетілген жағдайда, – шартта белгіленген есептеу тәртібі (алгоритмі, формуласы) негізге алына отырып, тауарға арналған декларация тіркелген күнге барынша жақын күнгі биржа бағаларының (биржалық баға белгіленімдерінің, биржалық индекстердің) негізінде;
б) осы Тәртіптің 3-тармағының "б" және "в" тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, – жоспарланып отырған тауарларды әкелу, сату көлемін, тауарларды өзге де пайдалануды көрсететін көрсеткіштердің, немесе бизнес-жоспарларда, бағаның жоспарлы калькуляцияларында, баға прейскуранттарында, каталогтарда және өзге де осыған ұқсас құжаттарда көрсетілген өзге де жоспарланған көрсеткіштердің негізінде, не мұндай көрсеткіштер болмаған жағдайда алдыңғы тиісті кезең (ай, тоқсан, жыл) ішіндегі бухгалтерлік есеп деректерінің негізінде айқындалады. Бұл ретте әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосымша есептеулердің шамасын есептеу үшін осындай қосымша есептеулердің ең көп ықтимал шамасына сәйкес келетін қолда бар көрсеткіштердің мәндері пайдаланылады.
6. Тауарлардың кедендік құнының дәл шамасы:
а) осы Тәртіптің 3-тармағының "а" тармақшасында көрсетілген жағдайда, – шартта белгіленген күні биржа бағаларының (биржалық баға белгіленімдерінің, биржалық индекстердің) негізінде есептелетін, әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаның негізінде;
б) осы Тәртіптің 3-тармағының "б" және "в" тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, – тауарларды іс жүзіндегі әкелу, сату көлемінің, шартта белгіленген тәртіппен бухгалтерлік есеп деректерінің негізінде айқындалған өзге де көрсеткіштердің негізінде айқындалады.".
4. 9-тармақтың бірінші сөйлеміндегі "қажет болған кезде" деген сөздер алып тасталсын.
5. 10-тармақтың "б" тармақшасындағы және 11-тармақтың "б" тармақшасындағы "сыртқы экономикалық" деген сөздер алып тасталсын.
6. 14-тармақ "сақталған кезде" деген сөздерден кейін "және осы Тәртіптің 11-тармағында белгіленген тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімін қолданбау үшін негіздемелер болмаған кезде" деген сөздермен толықтырылсын".
7. 15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын бақылау кезінде кеден органы:
а) КҚД-1-де:
осы Тәртіптің 3-тармағының "а" тармақшасында көрсетілген жағдайда, – шартта белгіленген күнгі биржа бағаларының (биржалық баға белгіленімдерінің, биржалық индекстердің) негізінде әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаны;
осы Тәртіптің 3-тармағының "б" және "в" тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, – тауарларды іс жүзіндегі әкелу, сату көлемінің, шартта белгіленген тәртіппен бухгалтерлік есеп деректерінің негізінде айқындалған өзге де көрсеткіштердің негізінде әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосымша есепке алу шамасын есептеудің дұрыстығын;
б) тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын есептеу үшін пайдаланылатын мәліметтерді декларанттың (кеден өкілінің) құжаттамалық растауының дұрыстығын;
в) тауарларға арналған декларацияны түзету нысанын толтырудың дұрыстығын тексереді.".
8. 22-тармақтағы "кеден органы" деген сөздер "кеден органына" деген сөздермен ауыстырылсын.