Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттары туралы

Жаңа

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2017 жылғы 11 қазандағы № 12 шешімі

      Еуразиялық экономикалық комиссияның Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібінің іске асырылу барысы туралы ақпаратын назарға ала отырып, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың
2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттары (бұдан әрі – Негізгі бағыттар) бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп, Негізгі бағыттарға қосымшаға сәйкес басымдықтарға орай бастамаларды пысықтауды қамтамасыз етсін және оның нәтижелері бойынша тиісті ақпаратты Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында ұсынсын.

      3. Еуразиялық экономикалық комиссия:

      Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіруді қамтамасыз етсін;

      Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде бастамаларды пысықтау тәртібінің жобасын және жобаларды іске асыру механизмдерін әзірлеп, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауына ұсынсын.


      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:

     

Армения
Республикасынан

Беларусь
Республикасынан

Қазақстан
Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан

  Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің
  2017 жылғы 11 қазандағы № 12 шешімімен
  БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі
цифрлық күн тәртібін іске асырудың
НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ I. Жалпы ережелер

      Осы Негізгі бағыттар әлемдік экономика терең құрылымдық қайта өзгерістер және цифрлық экономиканың даму кезеңіндегі, күнделікті өмірдің, іскерлік ортаның және мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясы жүріп жатқан жағдайда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – тиісінше мүше мемлекеттер, Одақ) экономикалық интеграциясын одан әрі дамыту мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының 2016 жылғы 26 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі туралы мәлімдемесіне және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2016 жылғы 26 желтоқсандағы "Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін қалыптастыру туралы" № 21 шешіміне сәйкес әзірленді.

      Осы Негізгі бағыттар орта мерзімді құжат болып табылады және 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (бұдан әрі – Шарт) сәйкес мүше мемлекеттердің Одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастығының мақсаттарын, қағидаттарын, міндеттерін, бағыттары мен механизмдерін айқындайды.

      Осы Негізгі бағыттар Одақ шеңберінде құқықтық реттеуді үйлестіру қажеттігі ескеріліп, оның ішінде:

      мүше мемлекеттердің әрқайсысының ұлттық мүдделері, олардың экономикалық даму деңгейі, ұлттық нарықтардың даму деңгейі, технологиялық ерекшеліктер және цифрлық инфрақұрылымның жай-күйі;

      цифрлық күн тәртібі шеңберінде экономиканың секторлары мен салаларын реттеу ерекшеліктері, сондай-ақ экономика салаларының өзіндік ерекшеліктері;

      үшінші елдермен халықаралық шарттарға сәйкес қабылданған міндеттемелерді қоса алғанда, халықаралық шарттар шеңберінде мүше мемлекеттердің міндеттемелері ескеріліп іске асырылады.

      Цифрлық күн тәртібі Шартта айқындалған экономикалық ынтымақтастық салаларында іске асырылады. Бұл ретте цифрлық күн тәртібі бойынша ұсыныстарды пысықтау Шартта айқындалған экономикалық ынтымақтастық салаларында, сондай-ақ жобаларды іске асыруға көшкенге дейін бастамаларды пысықтау шеңберінде экономиканың өзге де салаларында жүргізіледі. Цифрлық күн тәртібін іске асыру жөніндегі жобалар Шартта айқындалған экономикалық ынтымақтастық салаларында, сондай-ақ Шартқа тиісті өзгерістер енгізілген немесе жаңа халықаралық шарттар жасалған жағдайда экономиканың өзге де салаларында жүзеге асырылуға тиіс.

      Мүше мемлекеттер экономиканы цифрландыру, байланыс және ақпараттандыру, бірыңғай ақпараттық кеңістік пен байланыс инфрақұрылымының орнықты жұмыс істеуін және қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларында ұлттық саясатты дербес әзірлейді, қалыптастырады және іске асырады, оның ішінде цифрлық күн тәртібін дамыту бойынша ұлттық іс-шараларды іске асырады.

      Осы Негізгі бағыттарды іске асыру мақсатында мүше мемлекеттер Одақ құқығына сәйкес келісілген саясатты қамтамасыз етеді.

      Цифрлық күн тәртібін іске асыру мүше мемлекеттердің экономикасын цифрландыру саласындағы ұлттық саясатты әзірлеуге, қабылдауға, қалыптастыруға және іске асыруға кедергі келтірмеуге тиіс.

1. Анықтамалар

      Осы Негізгі бағыттардың мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар қолданылады:

      "кросс-салалық процестер" - экономиканың түрлі салаларынан субъектілердің қызметін интеграциялайтын салааралық процестер;

      "реттеушілік алаң" - қандай да бір жаңа салада өзара іс-қимыл жасаудың тиімді моделін айқындау және бизнес процестер құру үшін шешімдерді, оның ішінде реттеушілік шешімдерді пысықтау мен іске қосудың арнайы келісілген режимі. "Реттеушілік алаңды" цифрлық бастамалар мен жобалар шеңберінде экономикалық процестерді реттеудің механизмдері мен қағидаларын пысықтау үшін пайдаланған жөн;

      "цифрлық платформа" - цифрлық процестерді, ресурстарды және сервистерді цифрлық экожүйе субъектілерінің айтарлықтай санымен қолдайтын және олардың жіксіз өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін қамтамасыз ететін құралдар жүйесі;

      "цифрлық күн тәртібі" - интеграцияны дамыту, бірыңғай экономикалық кеңістікті нығайту және мүше мемлекеттердің ынтымақтастығын тереңдету шеңберінде цифрлық транформация бойынша Одақ үшін өзекті, 2016 жылғы 26 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі және осы Негізгі бағыттар туралы мәлімдемеде айқындалған мәселелер тобы:

      "цифрлық трансформация" - жекелеген цифрлық өзгерістерде ғана емес, экономиканың құрылымын қағидатты түрде өзгертуден, қосылған құн жасау орталықтарын цифрлық ресурстар құру мен тік өтпелі цифрлық процестер саласына көшіруден тұратын сапалы, революциялық өзгерістердің пайда болуы. Цифрлық трансформация нәтижесінде жаңа технологиялық және экономикалық тәртіпке көшу жүзеге асыралады, сондай-ақ экономиканың жаңа салалары құрылады;

      "цифрлық экономика" - өндіру, бөлу, алмасу және тұтыну процестері ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пайдаланыла отырып цифрлық өзгерістер болған экономиканың бір бөлігі;

      "цифрлық экожүйе" - цифрлық экожүйе субъектілерін (жеке, заңды, виртуалдық және т.б.) қамтитын, сондай-ақ цифрлық платформа сервистері негізінде осы субъектілердің цифрлық нысандағы байланысы мен қатынастарының ашық орнықты жүйесі;

      "цифрлық өзгеріс" - өздерінің цифрлық моделіне сәйкес бизнес-процестерді транформациялауға бағытталған іс-шаралар кешені;

      "Одақтың цифрлық кеңістігі" - цифрлық процестерді, цифрлық өзара іс-қимыл жасау құралдарын, ақпараттық ресурстарды интеграциялайтын кеңістік, сондай-ақ реттеу нормалары, ұйымдастыру, басқару және пайдалану механизмдері негізінде цифрлық инфрақұрылымдардың жиынтығы;

      "цифрлық актив" - пайдаланылуы экономикалық пайда алуға әкелетін бәсекелестік бизнес-модель негізінде жиналған цифрлық нысандағы ақпараттың және оны өңдеу жөніндегі құралдардың жиынтығы;

      "сараптамалық алаң" - бастамалар мен жобаларды талқылау мен егжей-тегжейлі пысықтау үшін біліктіліктер орталықтарының, ғылыми ұйымдардың, кәсіпорындардың және басқа да сарапшылардың қатысуымен мемлекеттік органдар, мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтары өкілдері жұмысының Еуразиялық экономикалық комиссия ұйымдастыратын форматы.

      Осы Негізгі бағыттарда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Шартта айқындалған мәндерге қолданылады.

2. Цифрлық трансформацияның Одақ үшін сын-қатерлері

      Жаһандық цифрлық трансформация Одақ, мүше мемлекеттердің экономикалары, олардың шаруашылық субъектілері және азаматтары үшін сын-қатерлердің кең спектрін туғызады, оның ішінде:

      цифрлық күн тәртібі шеңберінде цифрлық экономиканы дамытпай және жобаларды бірлесіп іске асырмай мүше мемлекеттер дәстүрлі процестер, қатынастар мен байланыстар шеңберінде қалып қойып, өздерін жаңа мүмкіндіктерден айырады;

      орасан еңбек ресурстары босайды және мүше мемлекеттер экономикаларының барлық саласында теңсіздіктер туындайды;

      еңбек ресурстары мен тұтынушылардың үшінші елдердің цифрлық экономикаларына және жаһандық цифрлық платформалардың цифрлық экожүйелеріне ауысады;

      трансшекаралық алмасу жағдайында қорғау теңгерімін сақтай отырып, дербес деректерді қорғаудың ең сенімді институционалдық нысанының қажеттілігі туындайды;

      мүше мемлекеттердің және мүше мемлекеттердің цифрлық өзгерістер мен трансформациядан өтпеген шаруашылық субъектілерінің дәстүрлі активтерінің құнсыздануы жүріп жатыр.

      Мүше мемлекеттер экономиканы дамытудың стратегиялары мен бағдарламаларында экономиканы цифрлық трансформациялаудың сын-қатерлеріне жауап әзірлеу бойынша бірқатар міндеттерді шешеді. Алайда мүше мемлекеттер экономикаларының ауқымды болуы үшін цифрлық трансформацияның жаһандық сын-қатерлеріне жауап ретінде қосымша орнықтылық пен мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің интеграциялық факторы жеткілікті дәрежеде тартылмаған.

      Цифрлық салада мүше мемлекеттердің келісілген саясатының болмауы мүше мемлекеттердің цифрлық экономикасының және Одақтың цифрлық кеңістігінің дамуында синергетикалық әсерге қол жеткізу үшін кедергі болуы мүмкін.

      Цифрлық күн тәртібі шеңберінде ортақ мүддені білдіретін бірлескен бастамалар мен жобалар мүше мемлекеттердің, олардың шаруашылық субъектілерінің және азаматтардың ішкі нарықта да және сыртқы нарықта да мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді.

3. Цифрлық күн тәртібін іске асырудың мақсаттары мен қағидаттары

      Цифрлық күн тәртібін іске асыру мақсаттары цифрлық трансформацияның жаһандық сын-қатерлерін ескеріп, Одақ шеңберінде интеграциялық ынтымақтастықтың қалыптасқан механизмдерін жаңарту, мүше мемлекеттердің сапалы және орнықты экономикалық өсуін, оның ішінде экономиканы жаңа технологиялық тәртіпке жедел көшіру, жаңа индустриялар мен нарықтар қалыптастыру, еңбек ресурстарын дамыту үшін қамтамасыз ету болып табылады. Цифрлық күн тәртібін іске асыру цифрлық трансформацияны үндестіруге және болашақта мүше мемлекеттерде салаларды дамыту үшін жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

      Қазіргі уақытта Одақтың жұмыс істеуін қозғайтын барлық салада интеграциялық процестерді ақпараттық қамтамасыз ету Шарттың
23-бабында және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық өзара іс-қимыл туралы хаттамада (Шартқа № 3 қосымша) айқындалған. Шартқа сәйкес мүше мемлекеттер ақпараттандыру және ақпараттық технологиялар саласында келісілген саясат жүргізеді.

      Цифрлық күн тәртібін іске асыру ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланумен шектелмейді, жаңа бизнес-процестерді, цифрлық моделдерді пайдалануды және цифрлық активтер құруды көздейді.

      Цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы Одақтың негізгі қағидаттары мен мақсаттарына сәйкес Шартта айқындалған салаларды, сондай-ақ экономиканың өзге де салаларын (Шартқа өзгерістер енгізілген немесе Одақ шеңберінде жаңа халықаралық шарттар жасалған жағдайда) қозғайтын жаңа цифрлық бастамалар мен жобаларды ынталандыруға және қолдауға мүмкіндік береді.

      Цифрлық күн тәртібін іске асыру мүше мемлекеттердің, олардың субъектілерінің және азаматтардың ашық, кең және тең құқылы ынтымақтастығына, мүше мемлекеттердің әрбірінің экономикасының тиімділігі мен көлемінің өсуіне, экономикалық, технологиялық және әлеуметтік дамудың жаңа деңгейіне көшуге, мүше мемлекеттер мен Одақтың жаһандық цифрлық күн тәртібін қалыптастырудағы рөлін нығайтуға ықпал ететін болады. Осылайша, цифрлық күн тәртібін іске асыру Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2015 жылғы 16 қазандағы № 28 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық дамуының негізгі бағыттарының "Өзіндік күш орталығының" сценарийіне сәйкес келеді.

      Цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттары Шартта айқындалған қағидаттар, сондай-ақ мынадай қағидаттар негізінде қалыптастырылады:

      цифрлық күн тәртібін іске асыру барысында мүше мемлекеттердің тең құқылы әріптестігі, интеграциясы мен ынтмақтастығын дамыту;

      Одақ шеңберінде бірлескен міндеттерді мүше мемлекеттердің шешу процесіндегі синергия;

      цифрлық күн тәртібіне тартылуды кеңейту және цифрлық айырманың барлық нысандарын еңсеру;

      мүше мемлекеттердегі ашық және қолайлы іскерлік ортаны дамыту;

      мүше мемлекеттер үшін өзара пайданы қамтамасыз ету, оның ішінде цифрлық интеграцияны кеңейту;

      берілген ақпаратты оны берген мүше мемлекетке залал келтірмей, мәлімделген мақсатта ғана пайдалану;

      мүше мемлекеттердің ұлттық ақпараттық жүйелерінің ұштасуы;

      стратегиялық құжаттарда белгіленген және мүше мемлекеттерде цифрлық трансформациямен байланысты ұлттық цифрлық күн тәртіптерін дамыту;

      Одақ органдары қабылдайтын актілердің экономикалық негізділігі;

      мүше мемлекеттердің Одақтың ақпараттық ресурстарына тең қол жеткізуі;

      интероперабельділіктің (технолгиялық ашықтықтың) қажетті деңгейін қамтамасыз ету арқылы мүше мемлекеттердің ақпараттық ресурстарының органикалық дамуы.

      Цифрлық күн тәртібінің мақсаттарына қол жеткізу:

      цифрлық экономика дамыған кезде Одақ шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және еңбек ресурстарының еркін қозғалу процестерін жеделдетуге;

      қоғам тіршілігінің барлық салаларында цифрлық өзгерістер есебінен мүше мемлекеттердің шаруашылық субъектілері мен азаматтарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға;

      жаңа технологиялық және экономикалық тәртіпке көшу кезінде мүше мемлекеттер экономикасының орнықты дамуы үшін жағдай жасауға;

      тік өтпелі цифрлық процестер, цифрлық активтер құру және оларды дамыту негізінде мүше мемлекеттердің шаруашылық субъектілерінің жан-жақты кооперациясына, мүше мемлекеттердің шаруашылық субъектілері үшін орнықты цифрлық экожүйелердың пайда болуына;

      мүше мемлекеттердің цифрлық экономиканы дамытуға дайындық деңгейлерін теңдестіруге;

      жаңа мүмкіндіктер мен тәуекелдер ескеріліп, мүше мемлекеттердің цифрлық трансформацияның жаһандық, макроөңірлік және өңірлік процестеріне енуіне;

      Одақтың цифрлық нарығының қалыптасуына және мүше мемлекеттердің шаруашылық субъектілерінің сыртқы нарықтарға қол жеткізуін оңайлатуға;

      экономиканың цифрлық және бейцифрлық салаларында инновациялық жұмыс орындарының құрылуына және мүше мемлекеттердің шаруашылық субъектілері мен азаматтарының цифрлық экономикаға тартылуының өсуіне;

      цифрлық экономиканың дамуы барысында мүше мемлекеттердің шаруашылық субъектілері, азаматтары және мемлекеттік органдары үшін даму мүмкіндіктерін кеңейтуге және тәуекелдердің азаюына алып келеді.

      Осы Негізгі бағыттар цифрлық күн тәртібін іске асырудағы және тиісті механизмдерді құрудағы алғашқы қадам, сондай-ақ цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде басым бастамаларды пысықтау және келісу үшін негіз болады.

ІІ. Цифрлық күн тәртібін іске асырудың жалпы тәсілдемелері

      Цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде мақсаттарға қол жеткізу:

      бастамаларды пысықтау, интеграциялық, ұлттық және көпжақты, оның ішінде үшінші тараптар қатысатын цифрлық күн тәртібінің жобаларын (бұдан әрі - жобалар) іске асыру;

      жаһандық цифрлық трансформация үрдістерін ескеріп, Одақ құқығын жетілдіру;

      жобаларды және құзыреттер жинақтарын іске асырудың тиімді механизмдерін тұжырымдау;

      цифрлық экономика саласындағы үздік практикаларды ілгерілу үшін мүше мемлекеттердің мүдделі субъектілері арасындағы диалогты қолдау арқылы мүмкін болады.

      Бастамаларды пысықтау және әрбір жобаны маңызды оң нәтижеге дейін жеткізу цифрлық күн тәртібін іске асыру үшін негіз болады. Осыған байланысты мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) цифрлық күн тәртібінің басымдықтары бойынша өзара іс-қимылын барлық мүдделі тараптардың қатысуымен қызметтің икемді және қайта құрылатын механизмдері негізінде бастамаларды пысықтау және жобаларды іске асыру жолымен ұйымдастыру қажет.

1. Цифрлық күн тәртібін іске асыру механизмдері

      Цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде бастамаларды пысықтау және цифрлық жобаларды (оның ішінде инновациялық және кросс-салалық) іске асыру үшін цифрлық даму саласындағы біліктілікті жинақтау қажет. Осы мақсатта Комиссияның үлестіруші рөлімен мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары, бизнес-қоғамдастықтары, біліктілік орталықтары, ғылыми ұйымдары және басқа да мүдделі ұйымдары өкілдерінің, сондай-ақ тәуелсіз халықаралық, ұлттық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен сараптамалық алаңдар ұйымдастырылады.

      Мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтарының өкілдерін цифрлық күн тәртібі шеңберінде бастамаларды пысықтауға және жобаларды іске асыруға, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік және консорциумдар механизмдерін пайдалана отырып тартқан жөн.

      Комиссия цифрлық күн тәртібін іске асыру процесінде мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді. Комиссия сараптамалық алаңдар базасында бастамаларды жинау мен пысықтауды жүзеге асырады, оның нәтижелері бойынша жобаларды қалыптастыру және оларды іске асыруды үйлестіру, сондай-ақ мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының ынтымақтастығын дамыту жүзеге асырылады.

      Жобаларды табысты іске асыру үшін реттеушілік "алаңы" форматында цифрлық трансформация жобаларын пысықтауды қамтамасыз ететін орта құрылуы мүмкін. Бұл біліктіліктерді қалыптастыру және жинақтау, реттеушілік моделдерді өңдеу, дамудың ерте сатыларында жобаларды сынақтан өткізу және коммерцияландыру процестерін қолдау, шешімдерді тестілеу және протиптеу, жобаларда дарынды ұжымдарды (командаларды) жинау, процестер моделдерінің кітапханасын қалыптастыру, цифрлық активтердің бизнес-моделдерін өңдеуді жеделдету, бірлескен шешімдерді қалыптастыру және тәуекелдерді едәуір азайту бөлігінде айтарлықтай әсер алуға мүмкіндік береді.

      Цифрлық күн тәртібін іске асыру мүше мемлекеттердің бастамаларды пысықтау, келісу және мақұлдау (цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде ұсынылатын бастамаларды пысықтау тәртібі бастамаларды пысықтау практикасы негізінде жете пысықталып жатыр), цифрлық күн тәртібі шеңберінде жобаларды іске асыру (оның ішінде қаржыландыру механизмдерін), реттеушілік "алаңдарын" қолдану механизмдерін және басқа да пәрменді механизмдерді пайдалана отырып жүзеге асырылады.

      Цифрлық күн тәртібін іске асыру механизмдерін жасау бірқатар жаңа міндеттерді шешуге және Одақ шеңберінде интеграцияның одан әрі дамуына ықпал ететін болады.

2. Цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде бастамаларды пысықтау және жобаларды іске асыру тәсілдемелері

      Одақ шеңберінде жалпы процестерді іске асыру арқылы мүше мемлекеттердің интеграциялық ынтымақтастығы және Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін құру тиісті салалық және кросс-салалық бастамаларды қалыптастыру үшін алғышарттар жасайды. Мүше мемлекеттерде және Одақта қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік және т.б. саласында салалық бастамалар (ынтымақтастық бағыттары бойынша) қалыптастырылып жатыр.

      Бұл ретте бастама деп осы Негізгі бағыттарда көзделген тәсілдемелерге, қағидаттарға және өлшемшарттарға сай келетін, цифрлық күн тәртібін іске асыруға бағытталған өзара байланысты жобаларды (іс-шараларды) іске асыру туралы ұсыныстар түсініледі.

      Цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберіндегі бастамаға кемінде
2 мүше мемлекет мүдделі болған жағдайда пысықталады. Одақ шеңберінде жобаларды дайындау және іске асыру мұндай бастаманы барлық мүше мемлекет мақұлдаған жағдайда бастаманы пысықтау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.

      Бастамаларды пысықтау өлшемшарттары: бастамалар мүше мемлекеттер үшін қызығушылық туғызуға, цифрлық күн тәртібінің мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етуге, инновациялық бизнес-моделдерді пайдалануға, еуразиялық цифрлық инфрақұрылымдардың байланысын қамтамасыз етуге, пісіп-жетілген әзірлемелерге сүйенуге, жаңғыртушылық әсерлеріне әкелуге тиіс, сондай-ақ цифрлық трансформация барысында мүше мемлекеттер экономикаларының экономикалық өсуін қалыптастыру және бәсекеге қабілеттілігін қолдауға бағытталуға тиіс.

      Цифрлық күн тәртібі шеңберінде мәселелер аясын, оның ішінде бастамалар мен жобаларды талқылау, сыни трендтерді айқындау, цифрлық трансформациялардағы қысқа мерзімді және орта мерзімді басымдықтарды бағалау, мемлекеттік салалық басымдықтарды таныстыру үшін сараптамалық алаңдар, форсайттар және т.б. қолданылады.

      Мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары, бизнес-қоғамдастықтары және Комиссия цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде бастамаларды дайындайды. Комиссия сараптамалық алаңдардағы талқылауларды ескеріп, оларды Одақ органы бекітетін тәртіпке сәйкес пысықтайды. Бастаманы пысықтауды қаржыландыру бастамашының қаражаты және (немесе) Одақ бюджетінде Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін құруға, дамытуға және жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге Комиссияның көзделген қаражаты есебінен, сондай-ақ қаржыландырудың басқа да көздері есебінен жүзеге асырылады.

      Бастама пысықталғаннан және келісілгеннен кейін цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде жоба қалыптастырылады. Цифрлық күн тәртібі шеңберінде бастамалар негізінде жобаларды дайындау мен іске асыру іске асырудың тиісті механизмдерін енгізу талап етіледі.

      Жобаларды табысты іске асыру үшін мүше мемлекеттер қаржыландырудың түрлі механизмдерін, оның ішінде нысаналы және жобалық қаржыландыру механизмдерін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және консорциумдар негізіндегі механизмдерді, қаржыландыру институттарының (атап айтқанда Еуразиялық даму банкінің) қаражатын тарту есебінен әзірленетін сервистік модель пайдаланылатын механизмдерді, сондай-ақ мүше мемлекеттердің заңнамасында тыйым салынбаған басқа да механизмдерді сынақтан өткізеді.

      Цифрлық күн тәртібін іске асыру мақсатында серпінді жобаларды іске асыру үшін жаңа кооперацияның, мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен консорциумдардың тиімді механизмдері, оның ішінде цифрлық экономиканы дамытуға арналған жаңа шешімдер тұжырымдауға бағдарланған жаһандық консорциумдарға бірлесіп қатысу механизмдері қалыптастырылады.

      Комиссия интеграциялық деңгейде цифрлық күн тәртібін іске асыруды үйлестіруді, оның ішінде бастамаларды пысықтауды және жобалардың іске асырылуын басқаруды, цифрлық күн тәртібі шеңберінде бастамалар мен жобалардың тұтас көрінісін ұстап тұруды жүзеге асырады (бұл қажет, өйткені салалық жобалар мен бастамалар цифрлық күн тәртібінің жалпы салалықтан жоғары шеңберге кірігуі тиіс). Ұйымдастырудың мұндай нысаны мүше мемлекеттер экономикаларын цифрлық трансформациялау міндеттерін тиімді шешуге және мүше мемлекеттерде жиналған тәжірибені пайдалануға мүмкіндік береді.

      Бастамаларды пысықтау және жобаларды іске асыру барысында талаптар, стандарттар немесе ұсынымдар қабылдау қажеттілігі анықталуы мүмкін, бұл халықаралық практикамен расталады. Мүше мемлекеттердің экономиканы цифрлық трансформациялаудың басым бағыттары бойынша талаптарды, стандарттарды және ұсынымдарды бірлесіп тұжырымдауы бастамаларды пысықтау және жобаларды іске асыру кезіндегі өзекті міндет болып табылады және стандарттау жөніндегі халықаралық және мемлекетаралық институттарды, оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңесін тарта отырып жүргізіледі.

      Мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары мен Комиссия өкілдерінің халықаралық және мемлекетаралық стандарттардың жобаларын талқылау кезінде өзара консультацияларды жүзеге асырып, цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдардағы жұмыстардың белсенділігін арттырған жөн.

ІІІ. Цифрлық экономиканы дамыту бағыттары

      Цифрлық экономиканы дамыту бағыттары цифрлық трансформацияларды жүзеге асыру және цифрлық инфрақұрылымдарды дамыту үшін мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылы кезінде бастамаларды пысықтаудың және жобаларды іске асырудың жалпы тәсілдемелерін айқындайды.

      Осы Негізгі бағыттар шеңберінде цифрлық экономиканы дамыту бағыттарына: экономика салаларын цифрлық трансформациялау және кросс-салалық трансформация, тауарлар, көрсетілетін қызметтер, капитал және жұмыс күші нарықтарының цифрлық трансформациясы, интеграциялық процестерді басқару процестерінің цифрлық трансформациясы, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және цифрлық процестердің қорғалуын қамтамасыз ету жатады.

      Әрбір бағыт цифрлық экономиканы дамыту саласындағы бастамаларды талқылау кезінде мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы мәселелері кешенінің бір бөлігін айқындайды. Бағыттардың жиынтығы цифрлық күн тәртібі, бірлескен жобаларды дайындау және іске асыру шеңберінде ынтымақтастық туралы ұсыныстарды жүйелеу үшін түйінді сәттерді айқындауға мүмкіндік береді.

1. Экономика салаларының цифрлық трансформациясы және кросс-салалық трансформация

      Экономика салаларының цифрлық трансформациясы және кросс-салалық трансформация цифрлық экономиканы мүше мемлекеттер өзара
іс-қимылының салалық және салааралық деңгейлерде дамыту бағыты болып табылады. Цифрлық трансформация тұтынушылар туралы көпбейінді білімді пайдалану, кросс-салалық процестерді жолға қою, цифрлық инфрақұрылымды, цифрлық кросс-салалық платформаларды дамыту және олардың негізінде экономиканың жаңа моделдерін құру кезінде салалар тоғысында нәтиже береді.

      Экономика салаларының цифрлық трансформациясы процестерді автоматтандыру нәтижелеріне сүйенеді және цифрлық платформа немесе цифрлық платформалар кешендері негізінде барлық физикалық активтер тік өтпелі цифрландырумен және оларды цифрлық экожүйеге интеграциялаумен тұжырымдалады. Экономика салаларының цифрлық трансформациясын пайдалы деректерді талдауға, цифрлық моделдер мен тік өтпелі процестерді пайдалануға негізделген қосылған құн құру тізбектеріне қатысатын әріптестермен кооперацияда мүше мемлекеттердің шаруашылық субъектілері жүзеге асырады.

      Экономика салаларының цифрлық трансформациясы мынадай жағдайларда жүреді:

      саланың ішіндегі және сала кәсіпорындарының ішіндегі процестердің сатылы интеграциясы;

      процестердің деңгейлес интеграциясы және кросс-салалық, мемлекетаралық және трансұлттық процестер құру;

      өнімдерді, көрсетілетін қызметтерді, бизнес-моделдерді және клиенттердің экожүйеге қол жеткізуін цифрландыру.

      Салалардың цифрлық трансформациясы мүше мемлекеттер мен Одақтың ақпараттық ресурстарымен және ақпараттық жүйелерімен өзара байланыста қаралады.

      Экономиканың түрлі салаларының өзара іс-қимылы, салалардың дәстүрлі тоғысуы арқылы жаңа бизнес моделдер мен тік өтпелі цифрлық процестер құру, сондай-ақ трансшекаралық кооперация кросс-салалық цифрлық трансформацияның негізгі трендтері болып табылады.

      Цифрлық платформалар мен цифрлық ресурстар цифрлық экономикадағы капиталдандырудың негізгі көздері болып табылады. Деректер индустриясын дамыту бойынша мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы деректерді пайдалануды қалыпқа келтіруге ғана емес (өнеркәсіптік деректерден бастап индивид туралы деректерге дейін), цифрлық экономиканың жаңа сегменттерін, тиісті салалардағы мүше мемлекеттер заңнамасының талаптары ескеріліп, пайдалы деректер айналымының жаңа практикаларын қалыптастыру үшін жағдай жасауға да мүмкіндік береді.

      Цифрлық активтер одан әрі даму мүмкіндігі мен бірнеше технологиялар базасында кешенді шешімдердің активтерін іске асыруда пайдалану мүмкіндігі бар жаңа бизнес-моделдер мен технологиялар ("ауқымды деректерді" өңдеу технологиясы, жасанды интеллект, жинақталған және "тарихи" деректер мен басқарылатын объект мониторингі деректері негізінде шешімдер қабылдауды қолдау әдістері мен технологиялары) негізінде құрылуы мүмкін.

      Цифрлық платформа тік өтпелі процестер негізінде мүше мемлекет шаруашылық субъектілерінің жан-жақты кооперациясы шеңберінде технологиялық қызметті дамытудың негізгі элементі болып табылады, бұл түрлі дәстүрлі және жаңа салаларда, бір цифрлық платформада, бірнеше цифрлық үлгілер (объектілер) төңірегінде жұмыс істейтін мүдделі қатысушыларды тартуды көздейді.

      Мүше мемлекеттердің резиденттері цифрлық активтерінің түрі ретінде цифрлық платформаны қалыптастыру олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, олардың иелеріне және юрисдикцияларына тұрақты түрде қосымша зияткерлік және материалдық құндылық және пайда алуға, жаһандық нарықтарға шығу үшін біліктілік жинауға мүмкіндік береді.

      Интеграциялық ынтымақтастық шеңберінде ынтымақтастық жасалатын салалар (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика, сауда, фармацевтика және т.б.) айқындалды және олардың әрқайсысында бастамалар кешенінің пысықталуы, сондай-ақ мүше мемлекеттердің инвестициялық қолдауымен бизнес-қоғамдастықтардың мүдделі қатысушыларынан кооперация қалыптастырылуы мүмкін.

      Цифрлық экономиканы дамыту үшін цифрлық платформа мен экожүйені, цифрлық инновациялар жасау мен айналымы үшін қолайлы орта қалыптастыру және дамыту, сондай-ақ цифрлық стартаптар мен басқа да жобаларды қолдау қажет.

2. Тауарлар, көрсетілетін қызметтер, капитал және жұмыс күші нарықтарының цифрлық трансформациясы

      Нарықтарды цифрлық трансформациялау барысында тұтынушылар мен өндірушілерге арналған іскерлік орта шығындардың азаюын, делдалдар санының қысқаруын, жаңа нарықтарға шығу кезінде кедергілердің азаюын, "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісі арқылы көрсетілетін қызметтер алу бойынша бизнес пен азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктерді қамтамасыз етуі тиіс. Цифрлық күн тәртібі шеңберінде бастамаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай қалыптастыру қажет.

      Одақ нарықтарын цифрлық трансформациялау цифрлық нарықтың дамуына алып келеді, оның жұмыс істеуі аясында тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалуын қамтамасыз ету қажет. Осы нәтижеге қол жеткізу үшін Одақтың ішкі нарықтарында реттеу өзгерістерінің моделдерін цифрлық күн тәртібі шеңберінде интеграциялық процестердің цифрлық трансформациясы моделіне сәйкес келтіру талап етіледі.

      Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығының цифрлық трансформациясы цифрлық нысанға, электрондық сауданы белсенді пайдалануға көшу жолымен сауда рәсімдерін айтарлықтай оңайлатуға, экономика саласында "бірыңғай терезе" механизмдерін тиімді іске асыруға және пайдалануға алып келеді. Бұл трансшекаралық электрондық сауданы жүргізу қағидалары, бизнесті цифрлық нысанда жүргізуді ынталандыру саласында одан әрі үндестіруді, зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды және цифрлық нарық тұтынушыларын қорғау саласындағы іс-қимылдарды үйлестіруді жүргізу, сондай-ақ цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастықты реттеу мәселелерін Одақтың үшінші елдермен сауда келіссөздерінің күн тәртібіне енгізу талап етіледі.

      Одақтың капитал нарығының және мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарының цифрлық трансформациясы мүше мемлекеттер экономикаларының дамуына айтарықтай ықпал етеді. Мүше мемлекеттер қаржы-технологиялық инновацияларды ілгерілету, цифрлық инновацияларды тәуекелдік, баламалы және венчурлық қалыптастырудың бірлескен механизмдерін дамыту үшін жағдай жасауға ұмтылуды білдіреді.

      Цифрлық трансформация еңбек нарығын қайта құру механизмдерін қамтиды, оның нәтижесінде еңбек ресурстары нарықтарындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімі едәуір өзгеруге тиіс. Еңбек ресурстарының біліктілігі мен дағдылары экономиканы трансформациялау процестерінің тиімділігін едәуір өзгертуге тиіс, бұл еңбек өнімділігін дәйекті түрде арттыру үшін маңызды құрамдас бөлік болып табылатын адамдардың кәсіптік цифрлық дағдыларын және шығармашылық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасау қажеттілігіне әкеп соғады. Бірқатар іс-шаралар біліктілігі жоғары еңбек ресурстарының болжамды тапшылығын жоюға және кадрлық резервті қалыптастыруға, сондай-ақ еңбек ресурстарының ұтқырлығын қамтамасыз етуге, қашықтықтан жалдауды және жұмыспен қамтуды дамытуға бағытталатын болады.

      Нарықтардың цифрлық трансформацияларының тиімділігін арттыру мақсатында мүше мемлекеттер мен мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтары арасындағы экономикалық интеграцияны дамытуда кедергілерді азайту, цифрлық өзгерістер саласындағы біліктіліктерді жинақтау және бизнес-кооперацияны қалыптастыру мақсатында білім, ақпарат және тәжірибе алмасуға бағытталған ынтымақтастықты кеңейту қажет.

3. Интеграциялық процестерді басқару процестерінің цифрлық трансформациясы

      Мүше мемлекеттерде цифрлық экономиканы дамыту цифрлық процестер негізінде, бірінше кезекте мемлекеттік және мемлекеттіктен жоғары деңгейде интероперабельдікті және цифрлық өзгерістерді қамтамасыз ету есебінен басқарудың қазіргі рәсімдері мен моделдерін трансформациялау талап етіледі. Бұл бағыт цифрлық күн тәртібін іске асыру үшін, оның ішінде процестер мен цифрлық жобалардың құрылымын сүйемелдеу және қазірдің өзінде іске асырылып жатқан жобаларды үндестіру бойынша, оның ішінде сыртқы экономикалық қызмет, өнеркәсіптік кооперация саласындағы қадағалап тексеру, таңбалау, "бірыңғай терезе" механизмдерін құру бойынша, Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту бойынша жалпы іргесін жасайды.

      Одақтағы интеграциялық процестерді басқару процестерінің цифрлық трансформациясы алгоритмдік реттеуге кейіннен көше отырып, нормативтік құжаттарды дайындау кезінде процестерді алдын ала моделдеу кезеңін енгізуді де қамтиды.

      Бұл бағытта Одақтың интеграциялық ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейту және оның негізінде Одақтың цифрлық платформасын дамыту, сондай-ақ мүше мемлекеттердің шаруашылық субъектілері мен қажетті сервистерді құруы шаруашылық субъектілеріне, азаматтарға және бизнес-желілерге мемлекетаралық электрондық көрсетілетін қызметтерге (цифрлық көрсетілетін қызметтерге) қолжетімділікті қамтамасыз ету, мемлекетаралық ақпараттық өзара іс-қимылды қалыптастыру мен пайдалану, цифрлық экожүйені дамыту, бірыңғай нормативтік анықтамалық ақпарат жүйесін қалыптастыру үшін жағдай жасау арнайы жоба болып табылады.

      Осыған байланысты Одақ құқығында бекітілген, интеграциялық процестерді басқару процестерінің цифрлық трансформациясы, олардың реинжинирингі, халықаралық кооперация мәселелері, жобаларды басқарудың цифрлық моделдерін, рәсімдерін, тәртіптерін, стандарттары мен әдіснамасын пайдалану бойынша жаңа нормаларды іске асыру талап етіледі.

4. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту және цифрлық процестердің қорғалуын қамтамасыз ету

      Цифрлық инфрақұрылымды дамыту және цифрлық процестердің қорғалуын қамтамасыз ету бастамаларды пысықтау және жобаларды іске асыру үшін инфрақұрылымның орнықтылығын, үздіксіздігін және сенімділігін қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастықты, сондай-ақ жалпы алғанда, цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша негіздемелік жобаларды қамтиды.

      Мүше мемлекеттер мемлекеттік органдарының ақпараттық жүйелерін, сондай-ақ ақпараттық алмасу шеңберінде цифрлық кеңістікті және Одақтың цифрлық кеңістігінде сенімнің трансшекаралық кеңістігін және мемлекетаралық электрондық құжат айналымының құралдарын пайдалана отырып интеграциялау қажет. Осыған байланысты байланыс және мүше мемлекеттер арасындағы интернет-трафик беру саласындағы тарифтік саясатқа жалпы тәсілдемелерді тұжырымдау ұсынылады.

      Қосылған құнның жаңа тізбектерін қалыптастыру, интероперабельдік жіксіз цифрлық инфрақұрылым құру, соңғы буындағы желілерге көшу, және трансшекаралық сервистерді және сенімнің трансшекаралық кеңістігін, сондай-ақ көліктік, энергетикалық және басқа да салалық инфрақұрылымдардың цифрлық трансформациясын дамыту үшін жобалардың тұтас кешенін іске асыру талап етіледі. Мүше мемлекеттер мен Комиссия сыни цифрлық инфрақұрылымдық элементтерді (бірлесіп пайдаланылатын және қамтамасыз ететін интеграциялық процестерді) айқындауы, Одақтың мақсаттары мен міндеттері ескеріліп әзірленген, хаттамалар мен рәсімдерді халықаралық қорғаудың механизмдерін әзірлеу мен енгізуді қоса алғанда (қажет болған кезде), осындай цифрлық процестер мен инфрақұрылымның қорғалуын қамтамасыз етудің жалпы тәртібін тұжырымдауы қажет.

      Сырттан әсер ету бөлігінде, сондай-ақ қолайсыз ішкі факторлардың әсер ету бөлігінде Одақтың цифрлық кеңістігі жұмыс істеуінің орнықтылығын қамтамасыз ету бағыттарын айқындау қажет.

IV. Қорытынды ережелер

      Цифрлық күн тәртібін іске асыру және серпінді цифрлық жобаларды іске қосу маңызды экономикалық нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осы саладағы қызметтің және нәтижелерді алудың мониторингі мынадай негізгі өлшемдер бойынша бақылдау мәндері ескеріліп жүзеге асырылатын болады:

      мүше мемлекеттердің цифрлық экономикаларының жалпы ішкі өнімге қосқан экономикалық салымы;

      цифрлық экономикадағы жұмыспен қамтылу;

      басым салалар мен ортақ нарықтар бойынша еңбек өнімділігін арттырудағы цифрландырудың салымы;

      цифрлық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортының, жалпы экспорттағы цифрлық арналар пайдаланған дәстүрлі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің үлесі.

      сарапшылар жүргізген талдау (2016 – 2017 жылдардағы "Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық кеңістігін қалыптастырудың жалпы тәсілдемелері бойынша ұсыныстар әзірлеу" ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері бойынша) келтірілген өлшемдердің кейбіреулері бойынша цифрлық күн тәртібін іске асырудан келетін әлеуетті экономикалық әсерді бағалауға мүмкіндік береді.

      Осылайша, цифрлық күн тәртібін іске асырудан келетін әлеуетті экономикалық әсер мүше мемлекеттердің жиынтық ЖІӨ-нін 2025 жылға қарай мүше мемлекеттердің жиынтық ЖІӨ-нің күтілетін жалпы өсіміне қарағанда 11 пайызға ұлғайтады. Көрсетілген әлеуетті әсер бірлескен цифрлық күн тәртібін іске асырмай цифрлық дамыту нәтижесінде мүше мемлекеттердің жиынтық ЖІӨ ұлғаюының ықтимал мөлшерін шамамен
2 есе арттырады.

      Сарапшылардың бағалауы бойынша әрқайсысы ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсімін тиісінше 0,3 пайызға және 0,2 пайызға қамтамасыз ететін кедергілерді жою және деректер индустриясын дамыту сияқты факторлар бірлескен цифрлық күн тәртібін іске асыру нәтижесінде мүше мемлекеттердің жиынтық ЖІӨ өсуінің ең маңызды көздеріне айналуы мүмкін.

      Цифрлық күн тәртібін іске асыру Одақтың цифрлық кеңістігінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (бұдан әрі – АКТ) саласындағы жұмыспен қамтудың өсуін 2025 жылға қарай 66,4 пайызға қамтамасыз ете алады, бұл бірлескен цифрлық күн тәртібін іске асырмай мүше мемлекеттердің цифрлық дамуы жағдайына қарағанда шамамен 50 пайызға көп. АКТ саладағы жұмыспен қамтудың өсуі жалпы жұмыспен қамтудың өсімін 2025 жылға қарай 2,46 пайызға қамтамасыз етеді.

      АКТ көрсетілетін қызметтері экспорты көлемінің қосымша өсімі 2025 жылға қарай 74 пайызға дейін құрауы мүмкін.

      Бірлескен іс-қимылсыз мүше мемлекеттер жүзеге асыратын, электрондық сауданы дамытудың болжамды әсерімен салыстырғанда мүше мемлекеттердің жиынтық ЖІӨ-нің екі есе көп өсімі цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде өңірлік электрондық сауданы дамыту нәтижесі бола алады.

      Келтірілген көрсеткіштер цифрлық күн тәртібін іске асырудың мультипликативтік әсерлерінің болуын көрсетеді, алайда, әл-ауқат көрсеткіштерінің өсуі бірлескен серпінді жобалардан келетін әлеуетті әсерлерді ескермей, дұрысы табиғи сипатта болған және цифрлық күн тәртібін іске асырудың бастапқы деңгейіне сай келген жағдайда, Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық дамуының негізгі бағыттарының "Ұзартылған мәртебе-кво" сценарийі шеңберінде ғана Одақтың интеграциялық әлеуетін көрсетеді.

      Цифрлық күн тәртібін іске асыруды шартты түрде екі маңызды кезеңге бөлуге болады:

      бірінші кезең (2019 жылға дейін) – қосымшаға сәйкес бастамаларды пысықтау басымдықтарын ескеріп, цифрлық трансформация процестерін моделдеу, алғашқы бастамаларды пысықтау және басым жобаларды іске қосу;

      екінші кезең (2022 жылға дейін) – цифрлық экономика және цифрлық активтер институттарын қалыптастыру, сондай-ақ цифрлық экожүйелерді дамыту;

      үшінші кезең – (2025 жылға дейін) – цифрлық экожүйелер және цифрлық ынтымақтастық жобаларын жаһандық, өңірлік, ұлттық және салалық деңгейлерде іске асыру.

      Цифрлық күн тәртібінің және серпінді жобалардың іске асырылуына қарай цифрлық күн тәртібінен болатын экономикалық әсер айтарлықтай өсуі мүмкін. Еңбек өнімділігінің ұлғаюына, инвестициялық тартымдылықтың артуына, инновациялардың енгізілуінен қайтарым алуға, шикізатқа жатпайтын жоғары технологиялық салалардағы ынтымақтастықты жандандыруға, халықаралық цифрлық кооперацияның дамуына байланысты жаңа синергетикалық әсерлер туындайды, бұл Одақтың цифрлық кеңістігінде әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өңірлік бірлестік қалыптастыруды көздейтін "Өзіндік күш орталығы" сценарийіне сай келетін болады.

      Цифрлық күн тәртібінің бақылау көрсеткіштерін есептеу көрсеткіштерді жылына 2 реттен сиретпей жаңарту қажеттілігі ескеріліп, серпінді жобаларды іске қосуға дайындауды және оларды іске асыруды қамтиды.

  Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлық
күн тәртібін іске асырудың
негізгі бағыттарына
  ҚОСЫМША

Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде бастамаларды пысықтаудың БАСЫМДЫҚТАРЫ

      1. Өнімдердің, тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің және цифрлық активтердің Еуразиялық экономикалық одақтағы (бұдан әрі – Одақ) қозғалысын цифрлық бақылап тексеру.

      2. Одақтың цифрлық саудасы.

      3. Одақтың цифрлық көлік дәліздері.

      4. Одақтың цифрлық өнеркәсіптік кооперациясы.

      5. Одақтағы деректер айналымы туралы (соның ішінде дербес деректерді қорғау туралы) келісім.

      6. Одақтың реттеушілік "алаңдар" жүйесі.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады