Еуразиялық экономикалық одақтың "Минералды тыңайтқыштарға қойылатын талаптар туралы" техникалық регламентінің (ЕАЭО ТР 039/2016) өтпелі ережелері туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2017 жылғы 24 сәуірдегі № 38 шешімі

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 52-бабы 2-тармағына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне № 2 қосымшаның 11-тармағына сәйкес, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2012 жылғы 20 маусымдағы № 48 шешімімен бекітілген Кеден одағының техникалық регламентін әзірлеу, қабылдау, өзгерістер енгізу және күшін жою тәртібі туралы ереженің 6-тармағын ескере отырып, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Мыналар:

      а) Одақтың "Минералды тыңайтқыштарға қойылатын талаптар туралы" техникалық регламентінің (ЕАЭО ТР 039/2016) техникалық реттеу объектісі болып табылатын өнімдерге қатысты (бұдан әрі тиісінше – өнім, техникалық регламент) техникалық регламент күшіне енген күнге дейін берілген немесе қабылданған Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) құқығына енетін актілермен немесе Одаққа мүше мемлекеттің (бұдан әрі – мүше мемлекет) заңнамасымен белгіленген өнімнің міндетті талаптарға сәйкестігін бағалау туралы құжаттар олардың әрекет ету мерзімі аяқталғанға дейін, бірақ техникалық регламент күшіне енген күннен бастап 18 айдан кешіктірілмей қолданылады;

      Техникалық регламент күшіне енген күннен бастап өнімнің бұрын Одақ құқығына енетін актілермен немесе мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленген міндетті талаптарға сәйкестігін бағалау туралы құжаттарды беруге немесе қабылдауға рұқсат етілмейді;

      б) техникалық регламент күшіне енген күннен бастап 18 ай ішінде Одақтың аумағында бұрын Одақ құқығына енетін актілермен немесе мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленген міндетті талаптарға сәйкес техникалық регламент күшіне енген күнге дейін берілген немесе қабылданған көрсетілген міндетті талаптарға сәйкестігін бағалау туралы құжаттар болған жағдайда өнімдерді өндіруге және айналымға шығаруға рұқсат етіледі;

      Өнім мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес ұлттық сәйкестік белгісімен (нарықтағы айналым белгісімен) таңбаланады. Мұндай өнімді Одақ нарығында өнімнің бірыңғай айналым белгісімен таңбалауға рұқсат етілмейді;

      в) техникалық регламент күшіне енген күннен бастап 6 ай ішінде Одақтың аумағында техникалық регламент күшіне енген күнге дейін Одақ құқығына енетін актілерге немесе мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес міндетті бағалауға жатпайтын өнімді өнімнің сәйкестігін міндетті бағалау туралы құжаттарсыз және ұлттық сәйкестік белгісімен (нарықтағы айналым белгісімен) таңбалаусыз өндіруге және айналымға шығаруға рұқсат етіледі;

      г) осы тармақтың "б" және "в" тармақшаларында көрсетілген өнімнің айналымына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленген жарамдылық мерзімі және (немесе) кепілдік мерзімі ішінде рұқсат етіледі деп белгіленсін.

      2. Беларусь Республикасы Үкіметінен:

      а) зерттеулер (сынақтар) мен өлшемдер қағидалары мен әдістерін, соның ішінде техникалық регламент талаптарын қолдану мен орындау және өнімнің сәйкестігін бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті үлгілерді іріктеу қағидаларын қамтитын мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу (өзгерістер енгізу, қайта қарау) бойынша бағдарлама жобасын;

      б) оларға қатысты кедендік декларация тапсыру техникалық регламенттің талаптарына сәйкестігі туралы құжатты ұсынумен ілесе жүргізілетін өнімдер тізбесінің жобасын мүше мемлекеттермен бірлесе отырып әзірлеуді және техникалық регламент күшіне енген күнге дейін 6 айдан кешіктірмей Еуразиялық экономикалық комиссияға ұсынуды қамтамасыз ету сұралсын.

      3. Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (Министр) В.Н. Корешков Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 28 мамырдағы № 299 шешімімен бекітілген Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын өнімге (тауарларға) қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарды әзірлеуді және техникалық регламент күшіне енген күнге дейін 6 айдан кешіктірмей Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының қарауына ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады