Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесі туралы

Жаңа

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2018 жылғы 14 мамырдағы № 6 шешімі

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 12-бабы 2-тармағының 22-тармақшасына сәйкес Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:

      1. Көмекші орган – Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесі құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесі туралы ереже бекітілсін.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан

  Жоғары Еуразиялық
экономикалық кеңестің
2018 жылғы 14 мамырдағы
№ 6 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесі туралы ЕРЕЖЕ

І. Жалпы ережелер

      1. Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі – Одақ туралы шарт) 12-бабы 2-тармағының 22-тармақшасына сәйкес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – тиісінше мүше мемлекеттер, Одақ) келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыруы үшін көмекші орган ретінде құрылады.

      2. Кеңес өз қызметінде Одақ туралы шартты, Одақтың құқығын құрайтын өзге де халықаралық шарттар мен актілерді, соның ішінде осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Осы Ереженің мақсаттары үшін мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары деп:

      Армения Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі;

      Беларусь Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігі;

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі;

      Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және мелиорация министрлігі;

      Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрлігі түсініледі.

ІІ. Кеңестің негізгі міндеттері мен функциялары

      4. Кеңестің негізгі міндеттері:

      а) мүше мемлекеттер үшін Одақтың агроөнеркәсіп кешенін және аграрлық нарығын дамыту стратегиялары, бағыттары мен перспективалары жөнінде, сондай-ақ мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік саладағы интеграциясын тереңдету жөнінде ұсыныстар дайындау;

      б) келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыруға жан-жақты жәрдемдесу;

      в) мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіп кешенін дамытуды қамтамасыз ету мәселелері бойынша мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының өзара іс-қимылын үйлестіру болып табылады.

      5. Кеңес өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      а) мемлекетаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясаттың негізгі бағыттары бойынша мүше мемлекеттер үшін ұсыныстар дайындайды;

      б) мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының:

      агроөнеркәсіп кешені саласында Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттардың және Одақ органдары актілерінің жобаларын әзірлеу жөнінде;

      мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіп саласындағы заңнамасын үндестіру жөнінде;

      мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіп нарықтарына қол жеткізу үшін кедергілерді жою жөнінде келісілген ұстаным әзірлеуіне жәрдемдесуді жүзеге асырады;

      в) агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселелері жөнінде ұсыныстар дайындайды;

      г) келісілген (үйлестірілген) саясаттың Одақ туралы шартта айқындалған негізгі бағыттары шеңберінде мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіп кешенін дамытуды қамтамасыз ету мақсатында өзге де функцияларды жүзеге асырады.

ІІІ. Кеңестің құрамы

      6. Кеңестің құрамына:

      мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының басшылары;

      Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Алқасының қызмет саласына өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешені, техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар мәселелері жататын мүшелері кіреді.

      Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары басшыларының құрамындағы өзгерістер туралы мүше мемлекеттер Кеңесті және Комиссияны уақтылы хабардар етуді қамтамасыз етеді.

      7. Кеңестің отырыстарында Кеңес төрағасы төрағалық етеді және Кеңестің жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады.

      Одақ туралы шарттың 8-бабының 4-тармағына сәйкес Одақтың органдарында төрағалық ететін мүше мемлекеттің уәкілетті органын білдіретін Кеңес мүшесі Кеңес төрағасы болып табылады.

      8. Кеңес төрағасы:

      а) Кеңестің жұмысына басшылық етеді;

      б) Кеңес отырысының күн тәртібін келіседі және бекітеді, оның өткізілетін күнін, уақытын және орнын айқындайды;

      в) Кеңес отырыстарын жүргізеді;

      г) Кеңес отырыстарының хаттамаларына қол қояды.

      9. Кеңес мүшелерімен келісу бойынша Кеңес отырыстарына Комиссияның Кеңес отырыстарында қаралатын мәселелер құзыретіне кіретін лауазымды адамдары мен қызметкерлері, мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының, өзге де мемлекеттік құрылымдарының, мүше мемлекеттердің ғылым және білім мекемелерінің, қоғамдық ұйымдарының, бизнес-қоғамдастықтарының өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар (бұдан әрі – Кеңес отырыстарына қатысушылар) қатысуы мүмкін.

      10. Комиссия департаментінің Кеңес қызметінің бағыттары жөніндегі мәселелер құзыретіне кіретін директоры Кеңестің жауапты хатшысы болып табылады.

      11. Кеңестің жауапты хатшысы:

      а) Кеңес отырысының күн тәртібінің жобасын дайындайды және оны Кеңес төрағасының бекітуіне ұсынады;

      б) Кеңес мүшелеріне және Кеңес отырыстарына қатысушыларға Кеңес отырысының бекітілген күн тәртібін және оған материалдарды жібереді;

      в) Кеңес мүшелерін және Кеңес отырысына қатысушыларды Кеңестің кезекті отырысы өткізілетін күні, уақыты және орны туралы хабардар етеді;

      г) Кеңес отырысының хаттамасын жүргізеді және оны Кеңес төрағасына қол қоюға ұсынады;

      д) Кеңес мүшелеріне Кеңес отырыстары хаттамаларының көшірмелерін жібереді;

      е) Кеңес отырысының хаттамасында көзделген іс-шараларды іске асыру жөніндегі жұмыстардың орындалуын мониторингтеуді жүзеге асырады және Кеңес мүшелерін оның нәтижелері туралы хабардар етеді.

ІV. Кеңестің жұмыс тәртібі

      12. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына 1 реттен сиретпей өткізіледі.

      13. Кеңес отырысын өткізу туралы шешімді Кеңес төрағасы Кеңес мүшелерімен келісу бойынша қабылдайды.

      14. Кеңес отырысының күн тәртібінің жобасын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды Кеңес мүшелері Кеңес төрағасына жібереді.

      15. Кеңес отырысының күн тәртібінің материалдары:

      а) қаралатын мәселелер жөніндегі анықтамаларды;

      б) қарауға ұсынылған құжаттардың жобаларын (болған кезде);

      в) қаралатын мәселелер бойынша хаттамалық жазбалардың жобаларын;

      г) қажетті анықтамалық және талдамалық материалдарды қамтиды.

      16. Кеңестің жауапты хатшысы Кеңес отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей, ал айрықша жағдайларда – Кеңес отырысы өткізілетін күнге дейін 7 жұмыс күнінен кешіктірмей Кеңес мүшелеріне және Кеңес отырысына қатысушыларға Кеңес отырысының бекітілген күн тәртібін және оған материалдарды, соның ішінде электронды түрде жібереді.

      17. Кеңес отырыстары, әдетте, Комиссияның үй-жайларында өткізіледі.

      Кеңес отырысы мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының ұсыныстары негізінде мүше мемлекеттердің кез келгенінде өткізілуі мүмкін. Бұл жағдайда, қабылдаушы мүше мемлекет Кеңес отырысын ұйымдастыру мен өткізуде жәрдем көрсетеді.

      Кеңес мүшелерінің ұсыныстарының негізінде Кеңестің отырысы бейнеконференция режимінде өткізілуі мүмкін.

      18. Кеңес мүшелері Кеңес отырыстарына алмастыру құқығынсыз жеке өздері қатысады.

      19. Кеңес отырысы оған Кеңестің барлық мүшелері қатысқан жағдайда, құқықтық негізді болады.

      20. Кеңес мүшелері Кеңес отырысының бекітілген күн тәртібіне енгізілмеген қосымша мәселелерді Кеңес отырысында қарау үшін ұсынуы мүмкін.

      21. Кеңес отырысының күн тәртібіне қосу үшін қосымша мәселелер ұсынған Кеңес мүшелері ұсынылған мәселелер бойынша қажетті материалдар мен ақпаратты Кеңес отырысына дейін 7 жұмыс күнінен кешіктірмей Кеңес хатшысына ұсынуды қамтамасыз етеді.

      22. Кеңес отырысында мәселелерді талқылау кезінде Кеңес мүшелерінің құқықтарға тең болады.

      23. Кеңес шешімдерді консенсуспен қабылдайды.

      24. Кеңес отырысының нәтижелері хаттамамен ресімделеді, онда Кеңес мүшелерінің ұстанымы тіркеледі. Кеңес мүшелерінің Кеңес отырыстарында берген ұсыныстары мүше мемлекеттердің түпкі ұстанымы ретінде қаралмайды.

      Кеңес отырысының хаттамасына Кеңестің төрағасы, әдетте, Кеңес отырысы өткізілген күні, ал айрықша жағдайларда, Кеңес отырысы өткізілген күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.

      Кеңестің жауапты хатшысы Кеңес отырысы хаттамасының көшірмелерін Кеңестің барлық мүшелеріне Кеңес төрағасы қол қойған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.

      Кеңес төрағасының шешімі бойынша Кеңес отырысы хаттамасының көшірмелері немесе одан үзінді Кеңес отырысына қатысушыларға жіберіледі.

      Кеңес отырыстарының хаттамалары Кеңестің жауапты хатшысында сақталады.

      25. Кеңес мүшелерінің және мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары өкілдерінің Кеңес жұмысына қатысуына байланысты шығыстарды оларды жіберген мүше мемлекеттер көтереді.

      Мүше мемлекеттердің ғылым және білім мекемелерінің, қоғамдық ұйымдарының, бизнес-қоғамдастықтарының, халықаралық ұйымдардың өкілдерінің және тәуелсіз сарапшылардың Кеңес жұмысына қатысуына байланысты шығыстарды көрсетілген тұлғалар өздері көтереді.

      Комиссия Алқасы мүшелерінің, Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің Кеңес жұмысына қатысуына байланысты шығыстарды Комиссия көтереді.

      26. Кеңес қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді Комиссия жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады