Еуразиялық экономикалық одақтың 2019 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттары туралы

Жаңа

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2018 жылғы 6 желтоқсандағы № 19 шешімі

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 7-бабына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 99 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру тәртібінің 5-тармағына сәйкес Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың 2019 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттары бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттарының жобаларын дайындау Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және халықаралық интеграциялық бірлестіктермен халықаралық ынтымақтастығының басым салаларын айқындау жөніндегі және оның нысаналы бағдарлары жөніндегі ұсыныстарын талдау нәтижелері негізге алына отырып, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың өткен жылдардағы халықаралық қызметінің негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы баяндамалар ескеріле отырып жүзеге асырылады деп айқындалсын.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан

  Жоғары Еуразиялық
экономикалық кеңестің
2018 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 19 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың 2019 жылға арналған халықаралық қызметінің НЕГІЗГІБАҒЫТТАРЫ

І. Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық қызметі туралы негізгі ережелер

      Осы Негізгі бағыттар Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 99 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру тәртібінің 5-тармағына сәйкес, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 4-бабында көрсетілген Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) мақсаттары ескеріле отырып әзірленді және ол Одаққа мүше мемлекеттердегі (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) экономикалық өсімге ықпал етуге, олардың экспорттық әлеуетін арттыруға және іске асыруға, Одақты халықаралық аренадағы сенімді, болжамды әріптес ретінде көрсетуге және оның халықаралық құқық субъектілігін нығайтуға арналған.

      Осы негізгі бағыттарда мүше мемлекеттердің ұсыныстары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың 2017 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы баяндаманың қорытындылары ескерілді.

      Одақтың халықаралық қызметі өкілеттіктер шегінде және көрсетілген Шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған салаларда жүзеге асырылады.

ІІ. 2019 жылға арналған халықаралық қызметтің бағыттары

      Одақ 2019 жылы халықаралық қызметті жүзеге асырған кезде мынадай бағыттар басым болып табылады:

      ынтымақтастықтың қазіргі бар механизмдерін дамыту мақсатында, соның ішінде халықаралық сипаттағы актілерді жасасудың, Одақ құзыретінің шегінде, сондай-ақ Одақтың халықаралық қызметінің өзге де форматтарында преференциялық және преференциялық емес сауда келісімдерін жасасу мақсатындағы келіссөз процестерінің шеңберінде үшінші елдердің үкіметтерімен, өңірлік бірлестіктермен, халықаралық ұйымдармен және үшінші елдердің бизнес-қоғамдастықтарымен өзара іс-қимыл;

      өзара іс-қимылдың ықтимал нысандарын анықтау, атап айтқанда, меморандумдарды және халықаралық сипаттағы басқа да актілерді дайындау және оларға қол қою, Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) және мүше мемлекеттердің өкілдерімен Одақ құзыретінің шегінде преференциялық және преференциялық емес сауда келісімдерін жасасу туралы келіссөздер жүргізу (егер бұл келіссөздер келіссөз делегациясымен бірлесіп өткізілген жағдайда) мақсатында Одақпен ынтымақтастыққа қызығушылық білдірген үшінші елдердің үкіметтерімен, өңірлік бірлестіктермен, халықаралық ұйымдармен және үшінші елдердің бизнес-қоғамдастықтарымен өзара іс-қимыл;

      еуразиялық экономикалық интеграция туралы өзекті ақпаратты ілгерілету және атап айтқанда, әртүрлі халықаралық алаңдарда Одақтың таныстырылымдарын және бірлескен бейіндік іс-шаралар өткізу жолымен өңірлік экономикалық интеграцияның тиімді және бәсекеге қабілетті халықаралық ұйым ретіндегі Одақ туралы оң түсінікті қалыптастыру мақсатында үшінші елдердің үкіметтерімен, өңірлік бірлестіктермен, халықаралық ұйымдармен, үшінші елдердің бизнес қоғамдастықтарымен және сараптамалық топтарымен өзара іс-қимыл.

      Одақтың және оған мүше мемлекеттердің халықаралық қызметі саласындағы негізгі күш жігері 2019 жылы:

      Одақтың мүшелері болып табылмайтын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) қатысушы мемлекеттермен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығымен және Одақтық мемлекетпен өзара іс-қимылды дамытуға шоғырланатын болады.

      Көрсетілген мемлекеттерде осы мемлекеттердің экономикаларына Одақтың бірыңғай нарығына жол ашатын, соның ішінде бизнес-қоғамдастықтардың, сараптамалық топтардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен іске асырылатын қосымша мүмкіндіктер тұрғысынан еуразиялық экономикалық интеграция тақырыбына арналған конференциялар, форумдар, тұсаукесерлер, дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шаралар өткізу жолымен еуразиялық экономикалық интеграция идеяларын танымал ету бойынша мақсатты бағытталған жұмыс жалғастырылатын болады.

      Молдова Республикасымен өзара іс-қимыл 2017 жылғы 3 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық комиссия мен Молдова Республикасының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру шеңберінде, сондай-ақ Молдова Республикасының Одақ жанындағы бақылаушы мемлекет ретіндегі мәртебесі ескеріле отырып жалғасатын болады.

      Комиссия өңірлік бірлестіктердің тұрақты жұмыс істейтін атқарушы органдарымен:

      2012 жылғы 17 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық комиссия мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті арасындағы өзара іс-қимыл туралы меморандумды, сондай-ақ оны толықтыратын Еуразиялық экономикалық комиссия мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің арасындағы, соның ішінде Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңеспен өзара іс-қимылды тереңдету туралы меморандумды іске асыру шеңберінде ТМД-ның Атқарушы комитетімен;

      Одақтық мемлекеттің Тұрақты Комитетімен көрсетілген ұйымның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша;

      еуропалық мемлекеттермен, Еуропалық одақпен, Еуропадағы басқа да өңірлік интеграциялық бірлестіктермен және еуропалық өңірде жұмыс істейтін ұйымдармен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру бойынша жұмысты жалғастырады.

      Еуропалық бағытта халықаралық қызметті құру үкіметтер, бизнес қоғамдастықтар, сараптамалық топтар тарапынан Одақпен ынтымақтастыққа қызығушылық, сондай-ақ олардың Одақ пен Еуропалық одақтың өзара іс-қимылына арналған іс-шараларды ұйымдастыру бойынша бастамалары ескеріле отырып жүзеге асырылатын болады және мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өзара саудасын дамытуға және сыртқы экономикалық қызметін ырықтандыруға жәрдемдесуге, осындай қызметтің барысында туындайтын мәселелерді реттеуге арналған диалог механизмдерін құруға, сондай-ақ ресми топтардың өкілдерімен байланыстар орнатуға және еуропалық өңір мемлекеттерінің үкіметтерімен ынтымақтастықты институализациялауға бағытталатын болады.

      Грек Республикасымен өзара іс-қимыл 2017 жылғы 24 маусымдағы Еуразиялық экономикалық комиссия мен Грек Республикасының Үкіметі арасындағы Ынтымақтастық туралы бірлескен декларацияның шеңберінде, Сербия Республикасымен – мүше мемлекеттер мен Сербия Республикасының арасындағы сауда режимін біріздендіруге бағытталған еркін сауда туралы келісімді дайындау жөніндегі келіссөздер процесінің шеңберінде, Венгриямен – 2016 жылғы 26 қыркүйектегі Еуразиялық экономикалық комиссия мен Венгрия Ауыл шаруашылығы министрлігінің арасындағы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумның шеңберінде, Австрия Республикасын, Германия Федеративтік Республикасын, Италия Республикасын, Словак Республикасын, Француз Республикасын, Чех Республикасын және т.б. қоса алғанда, өңірдің басқа мемлекеттерімен – өзара іс-қимылдың ықтимал форматтарын анықтау және кейіннен ынтымақтастықты институализациялау мақсатында еуразиялық экономикалық ынтымақтастыққа арналған дәстүрлі іс-шаралар шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

      "Интеграциялардың интеграциясы" бастамасын ілгерілету шеңберінде Комиссияның Еуропалық комиссиямен тікелей байланыстарын орнату, 2015 жылғы 17 қыркүйектегі "Еуразиялық экономикалық одақ – Еуропалық одақ: ынтымақтастық контурлары" атты естелік жазбада баяндалған ұсыныстарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Одақ пен Еуропалық одақтың ынтымақтастығы мәселелері бойынша мүше мемлекеттер үкіметтерінің қолдауымен жоғары деңгейде конференция өткізу туралы бастамасын іске асыру жөніндегі мақсатты бағытталған жұмыс жалғасатын болады.

      Құқықтық реттеу мәселелері (стандарттау және техникалық реттеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, кедендік әкімшілендіру, бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу, бірлескен көлік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, экономикалық сауда дауларын (медиация) реттеу және ішкі нарықтың жұмыс істеуі, фитосанитариялық бақылау және дәрілік заттардың айналысы мәселелері) бойынша сарапшылық деңгейдегі жүйелі өзара іс-қимылды дамыту және тереңдету Одақ пен Еуропалық одақтың ынтымақтастығы мәселелері жөніндегі қызметтің перспективалық бағыттарының бірі болады.

      Комиссия өңірлік экономикалық интеграция процестерін дамытуға жәрдем көрсететін өңірдің халықаралық ұйымдарымен – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен (өңірдегі экономикалық қоржын және экономикалық өзара байланыстылық мәселелері бөлігінде), Еуропалық еркін сауда қауымдастығымен және т.б.;

      Солтүстік Америка мемлекеттерімен, өңірлік бірлестіктерімен және бизнес қоғамдастықтарымен, бірінші кезекте Америка Құрама Штаттарымен, Канадамен, Мексика Құрама Штаттарымен;

      Азия және Азия-Тынық мұхиты мемлекеттерімен, өңірлік бірлестіктерімен және халықаралық ұйымдарымен ынтымақтастықты жалғастырады.

      Комиссияның күш-жігері мынадай негізгі әріптестермен өзара іс-қимылға бағытталатын болады:

      Қытай Халық Республикасымен 2018 жылғы 17 мамырдағы Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру, Одақ пен Қытай Халық Республикасының кедендік шекаралары арқылы өткізілетін тауарлар мен халықаралық тасымал көлік құралдары туралы ақпаратпен алмасу туралы келісім жасасу туралы келіссөздер жүргізу шеңберінде, сондай-ақ Одақтың дамуы мен Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасының үйлесуі идеяларын іске асыру мәселелері бойынша;

      Вьетнам Социалистік Республикасымен, оның ішінде 2015 жылғы 29 мамырдағы бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы Еркін сауда туралы келісімді іске асыру шеңберінде;

      Үндістан Республикасымен, Сингапур Республикасымен Одақ құзыретінің шегінде еркін сауда туралы келісімдер жасасу жөніндегі келіссөздер шеңберінде;

      Моңғолияның, Сингапур Республикасының, Камбоджа Корольдігінің үкіметтерімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандумдарды іске асыру шеңберінде;

      Бангладеш Халық Республикасының үкіметімен ынтымақтастық туралы меморандум жасасу мақсатындағы келіссөздер процесі шеңберінде;

      Корей Республикасының Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігімен, сондай-ақ Корей Республикасының Мемлекеттік сатып алу жөніндегі қызметімен жасалған Өзара түсіністік туралы меморандумдарды іске асыру шеңберінде;

      Индонезия Республикасын, Малайзияны, Тайланд Корольдігін, Жапонияны және басқаларды қоса алғанда, өңірдің басқа да мемлекеттерімен ынтымақтастық орнату немесе оны институализацииялау мақсатында;

      Шанхай ынтымақтастық ұйымымен (ШЫҰ), "Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы" (АТЭЫ) форумымен, соның ішінде Одақтың осы заманғы жай-күйі мен даму перспективалары таныстырылымдарын ұйымдастыру үшін, қатынастарды ресмилендіру және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою мақсатында Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығымен (АСЕАН);

      Латын Америкасы мемлекеттерімен және өңірлік бірлестіктерімен, оның ішінде:

      Куба Республикасының, Перу Республикасының және Чили Республикасының үкіметтерімен жасалған өзара түсіністік туралы меморандумдарды іске асыру шеңберінде;

      Эквадор Республикасының Сыртқы сауда министрлігімен жасалған 2017 жылғы 24 қарашадағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумның шеңберінде;

      Аргентина Республикасын, Бразилия Федеративтік Республикасын, Колумбия Республикасын және т.б. қоса алғанда, өңірдің басқа да мемлекеттерімен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қою жолымен ынтымақтастықты нақтылау перспективаларын қарау бойынша;

      Анд қоғамдастығының Бас хатшылығымен және Латын Америкасы экономикалық жүйесімен (ЛАЭЖ) тиісті меморандумдарды іске асыру шеңберінде, сондай-ақ Оңтүстік америкалық ортақ нарықпен (МЕРКОСУР), Кариб қоғамдастығымен (КАРИКОМ), Кариб мемлекеттері қауымдастығымен, оның ішінде өзара түсіністік туралы меморандумдар дайындау және оларға қол қою бойынша. Тынық мұхит Альянсымен, Орталық Американың интеграциялық жүйесімен (ОАИЖ), Латын Америкасы және Кариб бассейні елдерінің қоғамдастығымен (СЕЛАК) өзара іс-қимылды жолға қою жұмысы жалғасады;

      Таяу Шығыс және Африка мемлекеттерімен және өңірлік бірлестіктерімен, оның ішінде:

      Мысыр Араб Республикасымен және Израиль мемлекетімен Одақ құзыреті бөлігінде еркін сауда туралы келісімдер жасасу мақсатындағы келіссөздер процестері шеңберінде;

      Иран Ислам Республикасымен 2018 жылғы 17 мамырдағы Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасында еркін сауда аймағын құруға әкелетін Уақытша келісімді іске асыру шеңберінде;

      Иордан Хашимит Корольдігі мен Марокко Корольдігінің үкіметтерімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандумдардың шеңберінде.

      Бразилия Федеративтік Республикасымен, Үндістан Республикасымен, Қытай Халық Республикасымен және Оңтүстік Африка Республикасымен жүзеге асырылып жатқан өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жоспарларды ескере отырып, Комиссия көрсетілген мемлекеттердің шақыруы бойынша осы мемлекеттердің ресми өкілдерімен экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін БРИКС форматы мен алаңын пайдаланатын болады.

      Ынтымақтастық туралы меморандумдарға сәйкес қалыптастырылатын және жұмыс істейтін жұмыс топтарының қызметі мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдарының, Еуразиялық экономикалық одақтың Іскерлік кеңесі өкілдерінің, сондай-ақ мүше мемлекеттердің іскер топтарының белсенді түрде қатысуы жағдайында жүзеге асырылатын болады.

      Мүше мемлекеттер жасалған меморандумдардың шеңберінде өткізілетін форумдарға, конференцияларға, дөңгелек үстелдерге және т.б. ақпараттық сүйемелдеу арқылы қолдау және бизнес-қоғамдастықтар мен мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдары өкілдерінің делегацияларын қалыптастыруға жәрдем көрсететін болады.

      Кездесулер мен консультацияларды, оның ішінде үшінші елдердің аумақтарындағыларды қоса алғанда, үшінші елдерге қатысты арнайы, қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану мәселелері бойынша үшінші елдер үкіметтерінің өкілдерімен, сондай-ақ үшінші елдермен, өңірлік интеграциялық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану тақырыбы бойынша өзара іс-қимыл жалғасатын болады.

      Халықаралық ұйымдармен:

      Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің ұйымдарымен;

      Одақ құзыретінің шегінде мамандандырылған халықаралық ұйымдармен (оның ішінде өңірліктермен), одақтармен және т.б., олардың салалық органдарымен және мекемелерімен, оның ішінде:

      Дүниежүзілік кеден ұйымымен (ДКҰ) Одақ құзыретінің шегінде оның жұмыс және басқару органдарының қызметіне, соның ішінде Дүниежүзілік кеден ұйымы Кеңесіне, Тұрақты техникалық комитетіне, қайта қаралған Киот конвенциясының Басқарушы комитетіне, қайта қаралған Киот конвенциясына кешенді өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобына, Дүниежүзілік сауда ұйымының Сауда рәсімдерін оңайлату туралы келісімі жөніндегі жұмыс тобына, Электрондық сауда жөніндегі жұмыс тобына, Қауіпсіздік және халықаралық сауданы жеңілдету негіздемелік стандарттары жөніндегі жұмыс тобына және т.б., сондай-ақ Дүниежүзілік кеден ұйымы өткізетін іс-шараларға қатысу арқылы көп жақты ынтымақтастық дамитын болады.

      Комиссия 2016 жылғы 17 маусымдағы Еуразиялық экономикалық комиссия мен Дүниежүзілік кеден ұйымының арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру шеңберінде Дүниежүзілік кеден ұйымымен ынтымақтастықты нығайту бағытын жалғастырады және мүше мемлекеттердің қолдауымен оның жұмысына Одақтың толық форматта қатысуы туралы диалог жүргізетін болады.

      Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) ДСҰ-ның реттеу комитеттері мен жұмыс органдарындағы да, сонымен бірге көп жақты сауда келіссөздері шеңберінде құрылатын мамандандырылған жұмыс топтары мен ДСҰ реттеу комитеттерінің арнайы сессияларындағы да жұмысты, сондай-ақ Одақтың құзыретіне жататын шаралар бойынша, бірінші кезекте Одақ шеңберінде ұлттық және ұлтүсті құзыретінің бөлінуіне сәйкес Одақтың ішкі нарығын қорғау шаралары бойынша ДСҰ дауларын шешу рәсімдеріне қатысуды қоса алғанда, ДСҰ-мен;

      Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ), оның ішінде ЭЫДҰ департаменттері мен жұмыс органдары жұмысының шеңберінде.

      Халықаралық іскерлік және сарапшылар қоғамдастығымен, оның ішінде сауда-өнеркәсіптік палаталармен, іскерлік ынтымақтастық кеңестерімен, өңірлік даму банктерімен және Дүниежүзілік экономикалық форумды, Халықаралық қолданбалы жүйелі талдау институтын және т.б. қоса алғанда, негізгі халықаралық пікірталас алаңдарымен өзара іс-қимыл жалғасады.

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта белгіленген құзыреттің шеңберінде Комиссия экономиканың жекелеген секторларын дамытудың озық әлемдік тәжірибесін зерделеу мақсатында өзінің басқа да салалық көрмелерге, форумдарға, конференцияларға, оның ішінде көлік, авиация, металл өңдеу, станок жасау, ауыл шаруашылығы, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, техникалық реттеу, кедендік әкімшілендіру, металлургия, ақпараттық қауіпсіздік, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, мемлекеттік сатып алу, бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу, ішкі нарықтың жұмыс істеуі салаларындағыларға қатысуымен байланысты қызметті жалғастырады.

      Жаһандық тұрғыдан алғанда, еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың өзекті мәселелері, сондай-ақ Одақтың халықаралық қызметінің мәселелері 2019 жылы Петербург халықаралық экономикалық форумының, Петербург халықаралық заң форумының, Астана экономикалық форумының, Шығыс экономикалық форумының, "Еуразия аптасы" көрме форумының, сондай-ақ мүше мемлекеттердің аумақтарында өткізілетін халықаралық деңгейдегі басқа да осыларға ұқсас іс-шаралардың назарында болады.

      Одақтың халықаралық байланыстарының сәтті дамуына көбіне-көп мүше мемлекеттердің экономикаларын әртараптандыру, тауарлармен және көрсетілетін қызметтермен сауда көлемін арттыру және оның құрылымын жақсарту жөніндегі, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру еркіндігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мүше мемлекеттердің нарықтарына өзара қол жеткізу шарттарын нашарлатуға жол бермеу, Одақтың ішкі нарығында тосқауылдарды, алып қоюлар мен шектеулерді жою жөніндегі шараларды іске асыру ықпал ететін болады.

      Осы Негізгі бағыттарды іске асыру Одақтың халықаралық қызметін жүйелі негізде жүзеге асыруды қамтамасыз етеді және Еуразия кеңістігіндегі кең интеграциялық контурмен экономикалық әріптестік қалыптастыру үшін алғышарттар жасауға ықпал ететін болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады