2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 92-бабының 9-тармағын және Өнеркәсіптік ынтымақтастық туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 27 қосымша) 2-тармағын іске асыру мақсатында Еуразиялық үкіметаралық кеңес шешті:
1. Қоса беріліп отырған Өнеркәсіптік саладағы мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және іске асыру туралы ереже бекітілсін.
2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелері:
Армения |
Беларусь |
Қазақстан |
Қырғыз |
Ресей |
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2018 жылғы 2 ақпандағы №1 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Өнеркәсіптік саладағы мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және іске асыру туралы
ЕРЕЖЕ
І. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2015 жылғы 8 қыркүйектегі № 9 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының (бұдан әрі – Негізгі бағыттар) 4.4.3-тармақшасын іске асыру мақсатында әзірленген.
2. Осы Ереже Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер), мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының, ұйымдарының, заңды және жеке тұлғаларының және Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) инновациялық және өнеркәсіптік ынтымақтастық шеңберінде мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды (бұдан әрі тиісінше – бағдарламалар, жобалар) әзірлеу, қаржыландыру және іске асыру кезіндегі өзара іс-қимылының нысанын, тәртібі мен механизмдерін айқындайды және мүше мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өнеркәсіптік дамудың мақсаттары мен міндеттеріне жетуін қамтамасыз етуге бағытталған.
3. Осы Ереженің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар қолданылады:
"бағдарламаны (жобаны) әзірлеу бастамашысы" - Еуразиялық технологиялық платформаның қатысушысы болып табылатын және тиісті Еуразиялық технологиялық платформамен бағдарламаны (жобаны) әзірлеуге бастамашылық жасау жөнінде өкілеттіктер берілген заңды тұлға. Мүше мемлекеттің үкіметі немесе ол уәкілеттік берген мемлекеттік билік органы да бастамашы ретінде өзін көрсете алады;
"орындаушылар" - бағдарламаның (жобаның) қатысушылары болып табылатын Еуразиялық технологиялық платформаның қатысушыларымен, ұлттық тапсырыс беруші-үйлестірушімен немесе ұлттық тапсырыс берушілермен жасасылған азаматтық-құқықтық шарттарға сәйкес бағдарламаны (жобаның) іске асыруға қатысу үшін тартылған заңды тұлғалар;
"ұлттық тапсырыс берушілер" - бағдарламаны (жобаны) әзірлеуге, іске асыруға және бағдарлама (жоба) шеңберінде мүше мемлекет аумағында іс-шараларды және (немесе) жұмыстарды орындау барысына бақылау жасайтын мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары;
"ұлттық тапсырыс беруші-үйлестіруші" - бағдарламаны (жобаны) әзірлеу және іске асыру кезінде мүше мемлекет атынан басқа ұлттық тапсырыс берушілердің қызметін үйлестіретін ұлттық тапсырыс берушілердің бірі;
"жауапты орындаушы" - орындаушылардың қызметін үйлестіретін және бағдарламаның (жобаның) қатысушысы болып табылатын Еуразиялық технологиялық платформаның қатысушысымен немесе ұлттық тапсырыс беруші-үйлестірушімен жасасылған азаматтық-құқықтық шартқа сәйкес бағдарламаны (жобаны) іске асыруды қамтамасыз ету үшін тартылған заңды тұлға;
"бағдарлама (жоба) бойынша жауапты" - ұлттық тапсырыс беруші-үйлестірушінің бірі немесе Комиссия Кеңесінің шешіміне сәйкес бағдарламаны (жобаны) әзірлеу және іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіруді жүзеге асыратын Еуразиялық технологиялық платформаның қатысушысы;
"бағдарламаның (жобаның) қатысушылары" - бағдарламаны (жобаны) әзірлеуді қамтамасыз ететін және оны іске асыруды қаржыландыруға қатысатын Еуразиялық технологиялық платформаның қатысушылары мен ұлттық тапсырыс берушілер.
4. Бағдарлама мүше мемлекеттердің инновациялық және өнеркәсіптік даму саласында қойылған міндеттерді тиімді шешуін қамтамасыз ету мақсатында іске асырылатын, ресурстары, орындаушылары және жүзеге асыру мерзімдері бойынша өзара үйлестірілген кіші бағдарламаларды және (немесе) жобаларды (ұйымдастырушылық-шаруашылық, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, өндірістік және басқа) қамтиды. Бағдарлама бірнеше кіші бағдарламаларды және (немесе) жобаларды қамти алады.
Бағдарлама мүше мемлекеттердің өнеркәсіптің тиісті салаларында іске асырып жатқан, оларды әзірлеу, іске асыру, қаржыландыру және орындалуын бақылау тәртібі мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленетін мемлекеттік бағдарламаларының бөліктерін (сегменттерін) білдіре алады.
Бағдарламаны (жобаны) әзірлеу бастамашысы кіші бағдарламаны бағдарламаның нақты міндетін шешу үшін әзірлейді және ол белгіленген нысаналы индикаторларға (көрсеткіштерге) жетуге бағытталған іс-шаралар (немесе) жұмыстар кешенін білдіреді.
Бағдарламаны (жобаны) әзірлеу бастамашысы жобаны тар шеңберде мамандандырылған салалық проблеманы шешу үшін әзірлейді және ол іс-шаралар (немесе) жұмыстар кешенін білдіреді. Жоба бағдарламаның (кіші бағдарламаның) шеңберінде, сол сияқты бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) орындалуына қарамастан, іске асырыла алады.
ІІ. Бағдарламаға (жобаға) қойылатын талаптар
5. Бағдарламаға (жобаға) қатысушылар құрамына кемі 2 мүше мемлекеттің қатысушылары кіруге тиіс. Бағдарлама онда қойылған мақсаттарға жету үшін қажетті кезеңге, бірақ кем дегенде 5 жылдық кезеңге, кіші бағдарлама немесе жоба кем дегенде 3 жылдық кезеңге арналып әзірленеді.
6. Кіші бағдарламаның мазмұнына қойылатын талаптар бағдарламаның мазмұнына қойылатын талаптарға ұқсас келеді.
7. Бағдарлама (жоба):
а) мемлекетаралық және (немесе) салааралық байланыстарды үйлестіру және технологиялық жағынан ұштасқан салалар мен жекелеген кәсіпорындардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, кооперациялық байланыстарды тереңдету, өнеркәсіптік өндірісті дамыту үшін оңтайлы жағдайлар жасау мақсаттарына;
б) инновацияларды кеңінен тарату және өнеркәсіп өнімінің бәсекеге қабілеттілігін артыру үшін қажетті техникалық, ұйымдастырушылық және өзге шешімдердің қағидаттық түрдегі жаңалығы мен келешегіне сәйкес келуге тиіс.
8. Бағдарламаны (жобаны) іске асыру мына кезеңдерге сәйкес жүзеге асырылады:
а) оның болжалды қатысушылары туралы және бағдарлама (жоба) бойынша жауапты туралы ақпаратты қамтитын бағдарламаны (жобаны) әзірлеу жөніндегі ұсынысты бастамалау, қарау және мақұлдау. Бағдарламаға (жобаға) мүше мемлекеттердің үкіметтері және (немесе) олар уәкілеттік берген мемлекеттік билік органдары қатысқан жағдайда, ұсыныс болжалды ұлттық тапсырыс берушілер мен ұлттық тапсырыс беруші-үйлестірушілер туралы ақпаратты да қамтуға тиіс;
б) бағдарламаның (жобаның) қатысушылары және бағдарлама (жоба) бойынша жауапты туралы ақпаратты қамтитын бағдарламаны (жобаны) әзірлеу, ал бағдарламаға (жобаға) мүше мемлекеттердің үкіметтері және (немесе) олар уәкілеттік берген мемлекеттік билік органдары қатысқан жағдайда - ұлттық тапсырыс берушілер мен ұлттық тапсырыс беруші-үйлестірушілер туралы ұсыныстар;
в) бағдарламаны (жобаны) келісу;
г) бағдарламаны (жобаны) мақұлдау және оны іске асыру туралы шешім қабылдау;
д) бағдарламаны (жобаны) іске асыру және орындалуына бақылау жасау.
ІІІ. Бағдарламаны (жобаны) әзірлеуді бастамалау
9. Бағдарламаны (жобаны) әзірлеу бастамашысы Комиссияға бағдарламаны (жобаны) әзірлеу жөніндегі ұсыныс жібереді, ол:
а) бағдарламаның (жобаның) болжалды атауын;
б) проблеманы айқындауды, бағдарламаны (жобаны) әзірлеудің орындылығының негізділігін, қаралып отырған саладағы ахуалдың сипаты мен даму болжамын;
в) бағдарламаның (жобаның) мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ оларды жүзеге асыру үшін қажетті мүмкін болатын кіші бағдарламалар мен іс-шараларды;
г) бағдарламаны (жобаны) іске асырудың тиімділігін алдын ала бағалауды, нәтижелерді ендіруді және инновациялық әзірлеулерді;
д) қаржыландырудың болжалды көлемі мен көздерін, бағдарламаны (жобаны) әзірлеудің және іске асырудың мерзімдерін;
е) бағдарламаны (жобаны) іске асыру үшін қажетті инвестициялардың техникалық-экономикалық негіздеуін;
ж) бағдарламаны (жобаны) әзірлеудің бастамашысы, бағдарламаның (жобаның) болжалды қатысушылары және бағдарлама (жоба) бойынша жауапты туралы ақпаратты қамтуға тиіс.
10. Комиссияның құзыретіне өнеркәсіптік ынтымақтастық мәселелері кіретін құрылымдық бөлімшесі бағдарламаны (жобаны) әзірлеу жөніндегі ұсыныс түскен күннен бастап 1 ай ішінде аталған ұсынысты қарайды және ол осы Ереженің 9-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келген жағдайда, аталған ұсынысты мүше мемлекеттердің қарауына жібереді.
Комиссия бағдарламаны (жобаны) әзірлеудің бастамашысын аталған ұсынысты қарау нәтижелері туралы хабардар етеді.
11. Мүше мемлекеттер бағдарламаны (жобаны) әзірлеу жөніндегі ұсынысты қарау нәтижелері бойынша оны Комиссия жіберген күннен бастап 3 айдан кешіктірмей Комиссияны бағдарламаға (жобаға) қатысу мүмкіндігі мен болжалды шарттары (бағдарламаның (жобаның) болжалды қатысушылары және ұлттық тапсырыс берушілер туралы мәліметтерді қоса) туралы хабардар етеді, оны түзету жөнінде ұсыныстар енгізеді немесе Комиссияны бағдарламаны (жобаны) әзірлеуге және іске асыруға өзінің мүдделі еместігі туралы хабардар етеді.
12. Комиссияның құзыретіне өнеркәсіптік ынтымақтастық мәселелері кіретін құрылымдық бөлімшесі мүше мемлекеттерден осы Ереженің 11-тармағында көрсетілген ұсыныстардың түсу шамасына қарай оларды бағдарламаны (жобаны) әзірлеу бастамашысына жібереді.
Бағдарламаны (жобаны) әзірлеу бастамашысы мүше мемлекеттерден бағдарламаға (жобаға) қатысу мүмкіндігі мен болжалды шарттары (бағдарламаның (жобаның) болжалды қатысушылары және ұлттық тапсырыс берушілер туралы мәліметтерді қоса) туралы ұсыныстарды алғаннан кейін өзінің бағдарламаны (жобаны) әзірлеу жөніндегі ұсынысын пысықтайды және оны Комиссияға жібереді.
13. Комиссия бағдарламаны (жобаны) әзірлеу жөніндегі ұсынысты белгіленген тәртіпте Комиссия Кеңесінің қарауына енгізеді.
14. Комиссия Кеңесі бағдарламаны (жобаны) әзірлеу жөніндегі ұсынысты мақұлдау, одан бас тарту немесе пысықтау қажеттігі туралы шешім қабылдайды.
IV. Бағдарламаны (жобаны) әзірлеу
15. Бағдарламаны (жобаны) әзірлеуді бағдарлама (жоба) бойынша жауапты ұйымдастырады. Бағдарламаға (жобаға) мүше мемлекеттердің үкіметтері немесе олар уәкілеттік берген мемлекеттік билік органдары қатысқан жағдайда, бағдарлама (жоба) бойынша жауапты оның ұлттық тапсырыс беруші-үйлестірушілермен және ұлттық тапсырыс берушілермен келісуін жүзеге асырады.
Бағдарламаны (жобаны) әзірлеуге арналған шығыстарды бағдарламаны (жобаны) әзірлеудің бастамашысы және (немесе) бағдарлама (жоба) бойынша жауапты өздерінің жеке және (немесе) тартылған қаражаты есебінен көтереді. Бағдарламаның (жобаның) басқа қатысушылары оның әзірленуіне арналған шығыстарды өз бетінше көтереді.
16. Бағдарлама (жоба) мына бөлімдерді өзіне кірістіруге тиіс:
а) проблеманың мазмұны, белгілі бір проблеманы шешу үшін бағдарламаны (жобаны) әзірлеудің және іске асырудың өзектілігі мен орындылығының негіздеуі;
б) бағдарламаның (жобаның) мақсаттары, міндеттері, мерзімдері және іске асыру кезеңдері;
в) бағдарламаның (жобаның) мақсатқа жетуін бағалаудың және міндеттерін шешудің нысаналы индикаторлары (көрсеткіштері);
г) қаржылық қамтамасыз ету (қаржыландыру тәртібі, сондай-ақ іс-шараларды, бағдарламаны (жобаны) іске асырудың жылдар бойынша қаржыландыру көздері мен көлемін көрсете отырып ресурстық қамтамасыз ету)
д) бағдарламаны (жобаны) іске асыруды басқару, сондай-ақ оның орындалуын бақылау механизмі;
е) бағдарламаны (жобаны) іске асырудың күтілетін нәтижелері;
ж) бағдарламаны (жобаны) іске асырудың тиімділігін бағалау әдістемесі;
з) бағдарламаны (жобаны) іске асырудың әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және өзге де салдарын бағалау;
и) бағдарламаны (жобаны) іске асыру үшін қажетті инвестициялардың техникалық-экономикалық негіздеуі;
к) меншікті, соның ішінде бағдарламаны (жобаны) іске асыру нәтижесінде жасалған зияткерлік меншікті бөлу қағидаттары мен тәртібі;
л) оларды іске асыру мерзімдерін, бағдарламаның (жобаның) қатысушыларын көрсете отырып, кіші бағдарламалардың, жобалардың және іс-шаралардың тізбесі. Бағдарламаға (жобаға) мүше мемлекеттердің үкіметтері және (немесе) олар уәкілеттік берген мемлекеттік билік органдары қатысқан жағдайда, ұлттық тапсырыс берушілер және ұлттық тапсырыс беруші-үйлестірушілер көрсетіледі;
м) бағдарламаның паспорты.
17. Мақсатқа жетуді сипаттайтын нысаналы индикаторлар және бағдарламаның (жобаның) әрбір қойылған міндетін шешуді сипаттайтын нысаналы көрсеткіштер тұтастай алғанда бағдарламаның (жобаның) мақсатқа жетуін (міндеттерді шешуін) бағалаудың сандық критерийлерін, сондай-ақ әрбір нақты жағдай үшін талап етілетін сипаттаманы өлшейтін жекелеген іс-шаралардың орындалу толықтығын бағалауды бейнелейді. Нысаналы индикаторлар (көрсеткіштер) дәлдік, анықтық, бір мағыналылық талаптарына сәйкес келуге және олардың атауы толық мәнінде олардың мазмұнын бейнелейтіндей тұжырымдалған болуға тиіс.
18. Бағдарламаның (жобаның) паспорты бағдарламаның (жобаның) атауын, іске асыру мерзімдері, мақсаттары мен міндеттері туралы ақпаратты, кіші бағдарламалардың, жобалардың, іс-шаралардың тізбесін, бағдарламаны (жобаны) іске асырудың негізгі нысаналы индикаторларын (көрсеткіштерін), бағдарлама (жоба) бойынша жауапты туралы, бағдарламаның (жобаның) қатысушылары туралы ақпаратты қамтиды. Бағдарламаның (жобаның) паспорты бағдарламаның (жобаның) қатысушыларының пікірі бойынша көрсету қажет болатын басқа ақпаратты қамти алады.
19. Бағдарламаның (жобаның) жобасына:
бағдарламаны (жобаны) іске асыру үшін қажетті инвестициялардың әлеуметтік-экономикалық негіздеуі мен техникалық-экономикалық негіздеуі бар, сондай-ақ бағдарламаның (жобаның) іс-шараларын қаржыландыру көлемінің есептеулері мен негіздеулері бар түсіндірме жазба;
Комиссия Кеңесінің бағдарламаны (жобаны) әзірлеу туралы ұсынысты мақұлдауын растайтын құжаттар;
бағдарламаны (жобаны) іске асыру шеңберіндегі іс-шаралар мен жұмыстар соның аумағында жүзеге асырылатын мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес талап етілген жағдайда, өткізілген мамандандырылған (техникалық, экологиялық, медициналық және басқа) сараптамалардың оң нәтижелері;
бағдарламаға (жобаға) қатысушылар арасында жасасылған бағдарламаны (жобаны) әзірлеуді және іске асыруды қаржыландыру туралы азаматтық-құқықтық шарттардың көшірмелері;
бағдарламаны (жобаны) бюджеттік емес көздерден қаржыландыруды растайтын ниеттер туралы хаттар (қажет болған кезде);
бейінді Еуразиялық технологиялық платформаның сараптамалық қорытындысы (бар болған кезде);
бағдарламаға енгізілген инновациялық және өндірістік сипаттағы жобалардың бинес-жоспарлары қоса беріледі.
Бағдарламаның (жобаның) іс-шаралары және оларды өткізудің кезектілігі қаржыландырудың (бағдарламаны (жобаны) іске асырудың барлық кезеңіне арналған) болжамды көлемдерімен үйлесімді болуға тиіс.
20. Бағдарлама (жоба) бойынша жауапты ұлттық тапсырыс беруші-үйлестірушімен және ұлттық тапсырыс берушімен келісілген бағдарламаның (жобаның) жобасын Комиссияға жібереді.
V. Бағдарламаны (жобаны) келісу
21. Комиссия бағдарламаның (жобаның) жобасын мемлекеттік биліктің мүдделі органдарының қарауы үшін мүше мемлекеттердің үкіметтеріне жібереді.
22. Мүше мемлекеттерден түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, бағдарлама (жоба) бойынша жауапты бағдарламаны (жобаны) пысықтауды және мүше мемлекеттердің заңнамасымен көзделген жағдайда, қосымша мамандандырылған сараптамалар өткізуді ұйымдастырады.
Комиссия бағдарламаның (жобаның) пысықталған жобасын мүше мемлекеттердің үкіметтеріне келісуге жібереді.
VІ. Бағдарламаны (жобаны) мақұлдау
23. Комиссия мүше мемлекеттермен келісілген бағдарламаны (жобаны) белгіленген тәртіпте Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауына енгізеді.
24. Еуразиялық үкіметаралық кеңес бағдарламаны (жобаны) мақұлдау туралы шешім қабылдайды.
VІІ. Бағдарламаны (жобаны) іске асыру және оның орындалуын бақылау
25. Бағдарлама (жоба) бойынша жауапты және ұлттық тапсырыс беруші-үйлестірушілер мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес орындаушылардың тізбесін қалыптастырады.
Бағдарламаны (жобаны) іске асыру бағдарлама (жоба) бойынша жауаптының, бағдарламаға (жобаға) қатысушылардың, ұлттық тапсырыс берушілердің және (немесе) ұлттық тапсырыс беруші-үйлестірушілердің орындаушымен мүше мемлекеттердің заңнамасымен белгіленген тәртіпте жасасылған азаматтық-құқықтық шарттарының негізінде жүзеге асырылады. Көрсетілген шарттар тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды және олардың қатынастарын реттейді.
26. Бағдарлама (жоба) бойынша жауапты бағдарламаны (жобаны) іске асыру шеңберінде жыл сайын, 1 сәуірге дейін Комиссияға өткен жыл ішіндегі бағдарламаны (жобаны) іске асыру нәтижелері туралы есеп жібереді. Көрсетілген есеп:
а) есепті жыл ішіндегі бағдарламаны (жобаны) іске асыру нәтижелері туралы мәліметтерді;
б) есепті кезеңдегі бағдарламаны (жобаны) қаржыландырудың көздері және кіші бағдарламалар мен іс-шараларға бөліп-бөліп қойылған көлемдері туралы мәліметтерді, сондай-ақ бағдарламаны (жобаны) қаржыландыруға бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуы, есепті жыл ішінде қаржы қаражатынын толық игерілмеу себептері туралы деректерді, есепті жыл ішінде қалған қаржы қаражатын келесі жылы пайдалану бағыттары туралы тұжырымдар мен ұсыныстарды;
в) нысаналы индикаторлардың (көрсеткіштердің) мағыналарына жету дәрежесі, нақты шығыстардың бекітілген шығыстарға сәйкестігі, аяқталмаған жұмыстардың бар болуы, олардың көлемдері мен жай-күйі туралы мәліметтерді;
г) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелері туралы және әзірлемелерді енгізу туралы мәліметтерді;
д) инновациялық әзірлемелерді енгізу және олардың тиімділігі туралы мәліметтерді;
е) есептеулерді қоса, бағдарламада (жобада) айқындалған әдістемеге сәйкес бағдарламаны (жобаны) іске асыру тиімділігін бағалауды;
ж) бағдарламаны (жобаны) іске асырудың әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және өзге де салдарын бағалауды;
з) бағдарламаға (жобаға) өзгерістер енгізу жөніндегі (қажет болған кезде) ұсыныстарды қамтуға тиіс.
27. Бағдарламаның (жобаның) орындалуына бақылау жасау бағдарламада (жобада) белгіленген тәртіпте мына кезеңдерге сәйкес жүзеге асырылады:
а) орындаушылар жауапты орындаушыға бағдарламаның (жобаның) іс-шараларының орындалуы, толық көлемінде орындалмауы немесе орындалмауы (себептерін көрсете отырып) туралы жылдық есепті және бағдарламаның (жобаның) нысаналы индикаторларына (көрсеткіштеріне) жетуі немесе жетпеуі туралы мәліметтерді береді;
б) жауапты орындаушылар бағдарламаның (жобаның) іс-шараларының орындалуы, толық көлемінде орындалмауы немесе орындалмауы (себептерін көрсете отырып) туралы жылдық есепті және бағдарламаның (жобаның) нысаналы индикаторларына (көрсеткіштеріне) жетуі немесе жетпеуі туралы мәліметтерді құрастырып жасайды және тиісті ұлттық тапсырыс берушіге жібереді;
в) ұлттық тапсырыс берушілер бағдарламаның (жобаның) іс-шараларының орындалуы, толық көлемінде орындалмауы немесе орындалмауы (себептерін көрсете отырып) туралы жылдық есепті және бағдарламаның (жобаның) нысаналы индикаторларына (көрсеткіштеріне) жетуі немесе жетпеуі туралы мәліметтерді құрастырып жасайды және бағдарлама (жоба) бойынша жауаптыға жібереді.
28. Егер бағдарлама (жоба) бағдарламаның (жобаның) бір немесе бірнеше қатысушысының бағдарламаны (жобаны) іске асыруды қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі өз міндеттемелерін орындамауына байланысты белгіленген мерзімде іске асырыла алмайтын болса, бұл жағдайда Комиссия тиісті ұсыныстар тұжырымдау мақсатында мүше мемлекеттердің мүдделі мемлекеттік билік органдарының өкілдерінен, Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлерінен және бағдарламаға (жобаға) қатысушылардан тұратын жұмыс тобын құрады.
Жұмыс тобы бағдарламаның (жобаның) қатысушысының өз міндеттемелерін орындамауының себептері мен мән-жайлары туралы ақпараттың негізінде Комиссияға бағдарламаны (жобаны) түзету туралы ұсыныс жібереді. Комиссия көрсетілген ұсыныстарды белгіленген тәртіпте Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауына енгізеді.
29. Қажет болған кезінде бағдарлама (жоба) бойынша жауапты ағымдағы жылдың ІІІ тоқсанынан кешіктірмей Комиссияға бағдарламаға (жобаға) өзгерістер енгізу туралы немесе оны іске асыру мерзімін ұзарту туралы ұсыныс енгізеді.
Бағдарламаны (жобаны) іске асыру мерзімін ұзартуды негіздеу есепті кезең ішіндегі оны іске асыру нәтижелері туралы мәліметті, бағдарламаның (жобаның), жекелеген кіші бағдарламаның және (немесе) іс-шараның белгіленген мерзімде іске асырылмауының себептерін талдауды, сондай-ақ шешілмеген проблемалардың өзектілігін растауды және бағдарламаны (жобаны) іске асыруды қаржыландырудың көздері мен көлемдері туралы ақпаратты өзіне кірістіруге тиіс.
30. Комиссия мүше мемлекеттермен келісуі бойынша іске асыру мерзімін ұзартудың орындылығы туралы немесе бағдарламаға (жобаға) өзгерістер енгізу туралы ұсынысты қарайды және белгіленген тәртіпте Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауына енгізеді.
Бағдарламаны (жобаны) іске асыру мерзімі 3 жылдан асырылмай, кіші бағдарламаны немесе жобаны іске асыру мерзімі 1 жылдан асырылмай ұзартылуы мүмкін.
31. Бағдарлама (жоба) бойынша жауапты бағдарламаның барлық іс-шараларын орындау нәтижелері бойынша оның іске асырылуы туралы есеп әзірлейді, оны мүше мемлекеттердің үкіметтерімен келіседі және Комиссияға жібереді. Комиссия көрсетілген есепті белгіленген тәртіпте Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауына енгізеді.
VІІІ. Бағдарламаны (жобаны) іске асыруды қаржыландыру
32. Бағдарламаны (жобаны) іске асыруды қаржыландыру қаржы ресурстарымен қамтамасыз етіледі.
33. Бағдарламаға (жобаға) қатысушылар бағдарламаларды (жобаларды) іске асыруды қаржыландыруды мүше мемлекеттердің бюджеттік қаражаттары және (немесе) бюджеттен тыс қаражаттар есебінен жүзеге асыра алады. Бағдарламаны (жобаны) іске асыруды қаржыландыру тәртібі бағдарламада (жобада) айқындалады.
Бағдарламаны (жобаны) іске асыруды мүше мемлекеттердің бюджеттік қаражаттары есебінен қаржыландыру кезінде әрбір мүше мемлекет бағдарламаның (жобаның) бөлігін қаржыландыруды өз заңнамасына сәйкес мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде қамтамасыз етеді.
34. Егер бағдарламаның (жобаның) қатысушысы Еуразиялық технологиялық платформалардың қатысушысы болып табылса, бұл жағдайда бағдарламаны (жобаны) іске асыруды қаржыландыру көздері (экономиканың мемлекеттік және мемлекеттік емес секторлары ұйымдарының жарналарын қоса) бюджеттен тыс қаражаттар болуы мүмкін. Бюджеттен тыс қаражаттар жекеше әріптестің мемлекеттік-жекеше әріптестік жобаларын іске асыру үшін көздеген қаражаттары, ұйымның меншікті қаражаттары, банктердің кредиттері, бағдарламаны (жобаны) іске асыруға мүдделі инвесторлардың немесе бағдарламаның (жобаның) жекелеген іс-шараларының қаражаттары және басқалар болуы мүмкін.
35. Бағдарламаға (жобаға) мүше мемлекеттердің үкіметтері және (немесе) олар уәкілеттік берген мемлекеттік билік органдары қатысқан кезде бағдарламаны (жобаны) іске асыруды қаржыландыру көздері осы Ереженің 34-тармағында көрсетілген көздермен қатар, мүше мемлекеттердің бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың ұлттық бөлігін толық немесе ішінара қаржыландыруға, мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі іс-шараларға көзделген бюджет қаражаттары, мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекеттік қолдау құралдары болуы мүмкін.
36. Бағдарлама (жоба) іс-шараларын іске асыру қаржыландырылатын валюта бағдарламада (жобада) айқындалады.
37. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландырылатын бағдарламалар (жобалар) осы бағдарламалар қаржыландырылатын мүше мемлекеттердің жылға арналған бюджеттерінің жобасы қаралғанға дейін бекітілуге тиіс.
ІХ. Меншікке арналған құқықтарды бөлу
38. Бағдарламаны (жобаны) іске асыру нәтижесінде жасалған меншікті бөлу, өнертабысқа арналған авторлық құқық мәселелері, әзірлемелердің нәтижелері және оларды ендіру мәселелері бағдарламаның (жобаның) тиісті бөлімімен және бағдарламаға (жобаға) қатысушылар арасындағы дербес азаматтық-құқықтық шартпен реттеледі.