Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық одақ бюджетіне үлестік жарналарды төлеу бойынша берешегін өтеу тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2019 жылғы 1 қазандағы № 21 шешімі

      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 10 қазандағы № 78 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың бюджеті туралы ереженің 30-тармағына сәйкес Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:

      Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық одақ бюджетіне үлестік жарналарды төлеу бойынша берешегін өтеу тәртібі бекітілсін.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:

Армения Республикасынан Беларусь Республикасынан Қазақстан Республикасынан Қырғыз Республикасынан Ресей Федерациясынан

  Жоғары Еуразиялық
экономикалық кеңестің
2019 жылғы 01 қазандағы
№ 21 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық одақ бюджетіне үлестік жарналарды төлеу бойынша берешегін өтеу ТӘРТІБІ

I. Жалпы ережелер

      1. Осы Тәртіп Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі тиісінше – мүше мемлекеттер, Одақ) Одақ бюджетіне үлестік жарналарды төлеу бойынша берешегін өтеудің, осындай берешекті өтеу есебіне түскен ақша қаражатын пайдалану және есепке алу механизмін айқындайды.

      2. Осы Тәртіптің мақсаттары үшін мынаны білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

      "борышкер мемлекет" – берешегі бар мүше мемлекет;

      "берешек" – ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша мүше мемлекет есепті қаржы жылында Одақ бюджетінің құрамында бекітілген үлестік жарнаны төлеу есебінен Одақ бюджетінің шотына аудармаған ақша қаражаты;

      "уәкілетті органдар" – мүше мемлекеттердің бюджеттерін қалыптастыру және атқару жөніндегі функциялар жүктелген мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдары.

II. Берешек сомаларын салыстыру

      3. Есепті қаржы жылы үлестік жарналар мен берешек сомаларының іс жүзіндегі түсуін растау үшін Еуразиялық экономикалық комиссия (далее – Комиссия) қол қойылған және Комиссия мөрімен расталған өзара есеп айырысуды салыстыру актісін ағымдағы қаржы жылының 20 қаңтарынан кешіктірмей борышкер мүше мемлекеттердің үкіметтеріне 2 данада жібереді.

      4. Борышкер мүше мемлекеттің үкіметі өзара есеп айырысуды салыстыру актісін алған күннен бастап 3 апта мерзімде уәкілетті органның іс жүзінде аударылған үлестік жарналар мен берешек сомаларын салыстыруды жүргізуін, өзара есеп айырысуды салыстыру актісінің 2 данасын қол қою және мөр басу арқылы растауды, сондай-ақ Комиссияның деректерінен алшақтық болмаса, ара есеп айырысуды салыстыру актісінің 1 данасын қайтадан Комиссияға жіберуді қамтамасыз етеді.

      5. Үлестік жарналар мен берешектің іс жүзінде түскен сомасы бойынша келіспеушіліктер болған кезде борышкер мүше мемлекет пен Комиссия борышкер мүше мемлекеттің үкіметі өзара есеп айырысуды салыстыру актісін алған күннен бастап 1 айдан кешіктірмей оларды келіссөздер жолымен жояды. Көрсетілген мерзім өткен соң келіспеушіліктер болған жағдайда оларды реттеу туралы мәселе Комиссия Кеңесінің қарауына шығарылады.

III. Берешекті өтеу

      6. Берешек ағымдағы қаржы жылы Одақ бюджетінің шотына ақша қаражатын Ресей Федерациясының валютасында (Ресей рублімен) немесе еркін айырбасталатын валютада (АҚШ долларымен) аудару жолымен міндетті түрде өтелуге тиіс.

      7. Борышкер мемлекет берешекті өтеуге борышкер мүше мемлекеттің үкіметі өзара есеп айырысуды салыстыру актісін алғанға дейін кірісе алады. Берешекті өтеу біржола толық көлемде де, бөліктермен де жүзеге асырылады.

      8. Борышкер мүше мемлекет берешекті толық өтегеннен кейін Комиссия борышкер мүше мемлекеттің үкіметіне тиісті хабарлама жібереді.

      Берешегі еңсерілмес күш мән-жайларының салдарынан түзілген борышкер мемлекеттің оны өтеуі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімімен кейінге шегерілуі мүмкін.

IV. Берешекті өтеу есебіне түскен ақша қаражатын пайдалану

      9. Берешекті өтеу есебіне түскен ақша қаражаты Одақ органдарының есепті қаржы жылындағы бюджеттік есептілігінің деректеріне сәйкес Одақ органдарының персонал, тауарларды жеткізушілер, жұмыстар мен қызметтерді орындаушылар алдындағы міндеттемелер бойынша есепті қаржы жылында Одақ бюджетін атқару кезінде түзілген кредиторлық берешегін өтеуге (қажет болса) жіберіледі.

      10. Осы Тәртіптің 9-тармағында көрсетілген ақша қаражатын қоспағанда, ағымдағы қаржы жылының 1 наурызына дейін берешекті өтеу есебіне түскен ақша қаражаты Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешімінің негізінде мүше мемлекеттердің Одақ бюджетіне үлестік жарналарының есепті қаржы жылында Одақ бюджетінде бекітілген сомаларына пропорционалды түрде олардың үлестік жарналарын төлеу есебіне есепке алынуға жатады.

      11. Осы Тәртіптің 9-тармағында көрсетілген ақша қаражатын қоспағанда, ағымдағы қаржы жылының 1 наурызында және одан кейін берешекті өтеу есебіне түскен ақша қаражаты Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешімінің негізінде ағымдағы қаржы жылының 1 наурызына дейін есепті қаржы жылындағы үлестік жарналарды төлеу жөніндегі міндеттемелерді толық көлемде орындаған мүше мемлекеттер есепті қаржы жылында іс жүзінде жүргізген аударымдардың көлемдеріне пропорционалды түрде олардың Одақ бюджетіне үлестік жарналарын төлеу есебіне есепке алынуға жатады.

V. Есепке алу және есептілік

      12. Берешекті өтеу есебіне түскен ақша қаражатын есепке алу Одақ бюджетінің шотында жүзеге асырылады. Көрсетілген қаражатпен жасалған операциялар Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 10 қазандағы № 78 шешіммен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың бюджеті туралы ережеге сәйкес Одақ бюджеті әкімшісінің бюджеттік есебі мен есептілігінде көрсетіледі.

      13. Комиссия Алқасының Төрағасы мүше мемлекеттердің үкіметтерін үлестік жарналарды аударудың толықтығы және борышкер мемлекеттердің орын алған берешекті өтеуінің барысы туралы тоқсан сайын хабардар етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады