Кеден одағының "Еттің және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінің (КО ТР 034/2013) жекелеген талаптарына өнімнің сәйкестігін бағалау туралы құжаттарды қолдану туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2020 жылғы 26 мамырдағы № 68 шешімі

      Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы шарттың 52-бабына, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне № 2 қосымшаның 11-тармағына, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2013 жылғы 9 қазандағы "Кеден одағының "Еттің және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламенті туралы" № 68 шешімі 2-тармағының "а" тармақшасына және "в" тармақшасының үшінші абзацына сәйкес, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2019 жылғы 19 қарашадағы "Оларды қолдану нәтижесінде Кеден одағының "Еттің және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" (КО ТР 034/2013) техникалық регламенті талаптарының сақталуы ерікті негізде қамтамасыз етілетін халықаралық және өңірлік (мемлекетаралық) стандарттар, ал олар болмаған жағдайда – ұлттық (мемлекеттік) стандарттар тізбесі және халықаралық және өңірлік (мемлекетаралық) стандарттар, ал олар болмаған жағдайда – Кеден одағының "Еттің және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" (КО ТР 034/2013) техникалық регламенті талаптарын қолдану мен орындау және техникалық реттеу объектілерінің сәйкестігін бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті зерттеу (сынау) және өлшеу қағидалары мен әдістерін, соның ішінде үлгілерді іріктеу қағидаларын қамтитын ұлттық (мемлекеттік) стандарттар тізбесі туралы" № 198 шешімінің ережелерін ескере отырып, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Мынадай:

      а) техникалық регламенттің V бөлімінде белгіленген, 2020 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енетін талаптар қолданылатын сойыс өнімдерінің құрамында ветеринариялық (зоотехниялық) препараттардың, жануарлардың өсуін ынталандырғыштардың (соның ішінде гормондық препараттардың), дәрілік заттардың (оның ішінде антибиотиктердің) (левомицетинді (хлорамфениколды), тетрациклин тобын және бацитрацинді қоспағанда) болуын бақылауға қатысты, сойыс өнімдерін дайындаушы (жеткізуші) ұсынған олардың қолданылуы туралы ақпараттың негізінде Кеден одағының "Еттің және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" (КО ТР 034/2013) техникалық регламентінің (бұдан әрі - техникалық регламент) талаптарына сәйкестігін бағалау туралы 2020 жылғы 1 маусымға дейін берілген немесе қабылданған құжаттар олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін жарамды;

      б) техникалық регламенттің 107-тармағының "в" тармақшасында белгіленген, 2020 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енетін талаптар қолданылатын ет өнімдерінің техникалық регламенттің талаптарына ет өнімдерінің ойдан шығарылған атауын пайдалануға қатысты сәйкестігін бағалау туралы 2020 жылғы 1 маусымға дейін берілген немесе қабылданған құжаттар олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін жарамды;

      в) 2020 жылғы 1 маусымнан бастап сойыс өнімдерінің, ет өнімдерінің техникалық регламент талаптарына сәйкестігін бағалау туралы құжаттарды осы тармақтың тиісінше "а" тармақшасында немесе "б" тармақшасында көрсетілген талаптарды ескермей беруге немесе қабылдауға жол берілмейді;

      г) осы тармақтың "а" және "б" тармақшаларында көрсетілген сәйкестікті бағалау туралы құжаттардың қолданылу кезеңінде сойыс өнімдерінің, ет өнімдерінің айналысына оны дайындаушы белгілеген жарамдылық мерзімі ішінде жол беріледі деп белгіленсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді және 2020 жылғы 1 маусымнан бастап туындайтын құқықтық қатынастарда қолданылады.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
М. Мясникович

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады