Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 24-тармағының 1-тармақшасына сәйкес және Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 19 қосымша) 10 және 11-тармақтарын іске асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі шешті:
1. Қоса беріліп отырған Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйі және олардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзудың жолын кесу жөнінде қолданылатын шаралар туралы жылдық есепті дайындау тәртібі бекітілсін.
2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң, бірақ ерте дегенде 2019 жылғы 1 қазанда қол қойылған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама (1) күшіне енгеннен кейін күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшелері:
Армения Республикасынан |
Беларусь Республикасынан |
Қазақстан Республикасынан |
Қырғыз Республикасынан |
Ресей Федерациясынан |
Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйі және олардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзудың жолын кесу жөнінде қолданылатын шаралар туралы жылдық есепті дайындау ТӘРТІБІ
I. Жалпы ережелер
1. Осы Тәртіп Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 19 қосымша) 11-тармағына сәйкес әзірленді және трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйі және олардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзудың жолын кесу бойынша қолданылатын шаралар туралы жылдық есепті (бұдан әрі - жылдық есеп) дайындау қағидаларын айқындайды.
2. Жылдық есеп Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді (бұдан әрі тиісінше – мүше мемлекеттер, Одақ) трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйі туралы және Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) осындай нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзудың жолын кесу жөнінде қабылдайтын шаралар туралы хабардар ету мақсатында Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 19 қосымша) 10-тармағының 8-тармақшасы негізінде дайындалады.
II. Жылдық есеп жобасын дайындау кезеңдері
3. Комиссияның Одақтың трансшекаралық нарықтарында бәсекелестіктің жалпы қағидаларының сақталуын бақылау саласындағы қызметін қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі – жауапты департамент) жылдық есептің жобасын дайындауға жауапты болып табылады.
Бәсекелестік саясат және мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу саласындағы саясат мәселелері жөніндегі Комиссияның қызметін қамтамасыз ететін Комиссияның құрылымдық бөлімшесі өз құзыреті шеңберінде жылдық есеп жобасын дайындау кезінде бірлесіп орындаушы болып табылады.
4. Жылдық есепті дайындау мынадай кезеңдерді қамтиды:
а) жылдық есеп жобасына материалдарды бірлесіп орындаушының ұсынуы (есепті жылдың 15 қарашасына дейін);
б) жауапты департаменттің трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларының сақталуына бақылауды жүзеге асыру кезінде алынған ақпаратты, жауапты департаменттің сұрау салуы бойынша бірлесіп орындаушы ұсынған ақпараттық және талдамалық материалдарды және т. б. ескере отырып, жылдық есептің жобасын әзірлеуі (есепті жылдың 1 желтоқсанына дейін);
в) қоғамдық талқылау мақсатында Одақтың ресми сайтында жылдық есеп туралы Одақ органдары актілерінің жобаларын орналастыру (есепті жылдың желтоқсаны);
г) жауапты департаменттің жылдық есептің жобасын пысықтау үшін құзыретіне бәсекелестік (монополияға қарсы) саясатты іске асыру және (немесе) жүргізу кіретін мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарына, сондай-ақ Комиссиямен өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті мемлекеттік билік органдарына жіберуі (есепті жылғы желтоқсанның III онкүндігі). Жылдық есептің жобасы Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу мәселелеріне жетекшілік ететін Комиссия Алқасы мүшесінің қолы қойылған ілеспе хатпен жіберіледі;
д) осы тармақтың "г" тармақшасында көрсетілген мүше мемлекеттер органдарының өкілдерімен олардың ұсыныстары мен ескертулерін талқылау үшін жылдық есептің жобасы бойынша консультациялар өткізу (есепті жылдан кейінгі жылдың I тоқсаны);
е) Комиссия Алқасының қарауы үшін жылдық есептің жобасын ұсыну (есепті жылдан кейінгі жылдың I тоқсаны);
ж) Комиссия Кеңесінің қарауы үшін жылдық есептің жобасын ұсыну (есепті жылдан кейінгі жылдың II тоқсаны);
з) Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауы үшін жылдық есеп жобасын ұсыну;
и) жылдық есепті Одақтың ресми сайтында орналастыру.
III. Жылдық есеп жобасының құрылымы
5. Жылдық есептің жобасы, оның ішінде мынадай ақпаратты қамтуға тиіс:
а) трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзудың жолын кесу жөнінде Комиссия қабылдайтын шаралар, трансшекаралық нарықтарда іске асырылатын бәсекелестік саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар, сондай-ақ құқық қолдану практикасының неғұрлым өзекті мәселелері;
б) мүше мемлекеттердің аумақтарында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге мемлекеттік баға реттеуді енгізу туралы хабарламаларды қарау нәтижелері (болған кезде);
в) Одақтың құқығын және мүше мемлекеттердің бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу саласындағы заңнамасын (бар болса) жетілдіру туралы, бәсекелестікті адвокаттау туралы және халықаралық ынтымақтастық туралы ақпарат;
г) бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу мәселелері бойынша келесі есепті жылы Комиссия жоспарлаған іс-шаралар.