2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 58-бабының 2-тармағына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне № 2 қосымшаның 22-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 шешімімен бекітілген Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың 44-тарауына қосымшаға сәйкес өзгерістер енгізілсін.
2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
М. Мясникович |
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2022 жылғы 25 қазандағы № 151 шешіміне ҚОСЫМША |
Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың 44-тарауына енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР
1. Он алтыншы және он жетінші абзацтарды (кестеден кейін) қоспағанда, мәтін бойынша тиісті септіктегі "өнім бермейтін үй жануарлары мен мамық жүнді аңдар үшін азық өндіруге арналған жануарлардан алынатын шикізат" деген сөздер тиісті септіктегі "ет шикізаты" деген сөздермен ауыстырылсын.
2. Бірінші абзац мынадай мазмұндағы абзацтармен ауыстырылсын:
"Өнім бермейтін үй жануарлары мен мамық жүнді аңдар үшін азық өндіруге арналған және қандай да бір ветеринариялық-санитариялық шектеулер белгіленбеген әрі ветеринарлық қызметтің бақылауында болатын тамақ өнімдерін өндіру жөніндегі кәсіпорындарда алынған жануарлардан алынатын тағамдық емес шикізаттың мынадай түрлерін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге және (немесе) мүше мемлекеттер арасында өткізуге жол беріледі:
ветеринариялық-санитариялық сараптаманың нәтижелері бойынша азық өндіруге жарамды деп танылған, өнім бермейтін үй жануарлары мен мамық жүнді аңдар үшін азық өндіруге арналған, қасапханаларда немесе ет өңдеу кәсіпорындарында жануарларды немесе құстарды сою және қайта өңдеу кезінде алынған тағамдық емес ет шикізаты (бұдан әрі – тағамдық емес ет шикізаты);
ветеринариялық-санитариялық сараптаманың нәтижелері бойынша азық өндіруге жарамды деп танылған, өнім бермейтін үй жануарлары мен мамық жүнді аңдар үшін азық өндіруге арналған, балықтардан, шаян тәрізділерден, моллюскалардан немесе өзге де су жануарларынан алынған тағамдық емес балық шикізаты (бұдан әрі – тағамдық емес балық шикізаты).".
3. Екінші абзацтағы "өнім бермейтін үй жануарлары мен мамық жүнді аңдар үшін азық өндіруге арналған жануарлардан алынатын шикізат" деген сөздер "ет шикізаты" деген сөздермен ауыстырылсын.
4. Бірінші және сегізінші абзацтардағы (кестеден кейін) тиісті септіктегі "жануарлардан алынатын шикізат" деген сөздер тиісті септіктегі "ет шикізаты" деген сөздермен ауыстырылсын.
5. Он төртінші абзацтан кейін (кестеден кейін) мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
"Мынадай:
құрамында биотоксиндер бар немесе өнім бермейтін үй жануарлары мен мамық жүнді аңдардың саулығына қауіпті паразиттер жұққан;
Tetraodontidae, Molidae, Diodontidae және Canthigasteridae тұқымдас улы балықтарды;
бояғыш заттармен өңделген, иондаушы сәулеленген;
сақтау кезеңінде дефростацияға ұшыраған;
бұзылу белгілері бар тағамдық емес балық шикізатын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге және (немесе) мүше мемлекеттер арасында өткізуге жол берілмейді.
Мысықтар мен иттерге дайын азық өндіруге арналған жануарлардан алынатын тағамдық емес шикізат осы Талаптардың 34, 35 және 37-тарауларында айқындалған шарттарға сәйкес термиялық өңдеуден өтуге тиіс.".
6. Он бесінші абзацтың (кестеден кейін) күші жойылды деп танылсын.