Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының өзара салыстырмалы бағалауларды жүзеге асыру тәртібі туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 126 шешімі.

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 54-бабының 4-тармағына сәйкес және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 12 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының 4.5.1-тармағы, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 4 өкімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 4.5.1-тармағы және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 5 қазандағы № 106 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы алып қоюлар мен шектеулерді жою жөніндегі 2021 – 2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының ("жол картасы") 25-тармағы шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының өзара салыстырмалы бағалауларды жүзеге асыру тәртібі бекітілген.

      2.  Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтерінен аккредиттеу жөніндегі органдардың 2023 жылдан бастап өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыруын қамтамасыз ету сұралсын.

      3.  Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан

М. Григорян

И. Петришенко

С. Жұманғарин

А. Касымалиев

А. Оверчук

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Кеңесінің
2022 жылғы 19 тамыздағы
№ 126 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының өзара салыстырмалы бағалауларды жүзеге асыру ТӘРТІБІ

      1. Осы Тәртіп Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының (бұдан әрі тиісінше – аккредиттеу жөніндегі органдар, мүше мемлекеттер) Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарының бірыңғай тізіліміне енгізілген сәйкестікті бағалау жөніндегі аккредиттелген органдарға қатысты қолданылатын рәсімдердің бір мәнді болуына қол жеткізу мақсатында өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыру қағидаларын айқындайды.

      2. Осы Тәртіпте пайдаланылатын ұғымдар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі техникалық реттеу туралы хаттамада (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (бұдан әрі – Шарт) № 9 қосымша) және Сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу жөніндегі жұмыстардың нәтижелерін тану туралы хаттамада (Шартқа № 11 қосымша) айқындалған мәндерде қолданылады.

      3. Аккредиттеу жөніндегі органдар өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыру кезінде Шарттың және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының аккредиттеу және сәйкестікті бағалау саласындағы актілерінің талаптарын орындау нәтижелерінің, халықаралық стандарттардың өзекті нұсқалары негізінде әзірленген аккредиттеу және сәйкестікті бағалау саласындағы мемлекетаралық стандарттардың өзекті нұсқаларының, сондай-ақ Зертханаларды аккредиттеу жөніндегі халықаралық ұйым мен Аккредиттеу жөніндегі халықаралық форум құжаттарының салыстырмалы болуын қамтамасыз етеді.

      4. Өзара салыстырмалы бағалау аккредиттеу жөніндегі әрбір органға қатысты 4 жылда 1 рет (бір мүше мемлекеттің аккредиттеу жөніндегі органына және екінші мүше мемлекеттің аккредиттеу жөніндегі органына қатысты өзара салыстырмалы бағалаулар арасында кемінде 6 ай интервалмен) жүзеге асырылады және мыналарды қамтиды:

      а) мүше мемлекеттің аккредиттеу және сәйкестікті бағалау саласындағы нормативтік құқықтық актілерін және аккредиттеу жөніндегі органның менеджмент жүйесінің құжаттарын бағалау арқылы аккредиттеу жөніндегі органның рәсімдерін талдау (бұдан әрі – құжаттық бағалау);

      б) аккредиттеу жөніндегі органның Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарының бірыңғай тізіліміне енгізілген сәйкестікті бағалау жөніндегі өзі аккредиттеген органдарды (сертификаттау жөніндегі органдарды, сынақ зертханаларын (орталықтарын), инспекция органдарын) бағалау рәсімдерін жүргізуін байқау (бұдан әрі тиісінше – байқау, сәйкестікті бағалау жөніндегі органдар) (оның ішінде қашықтан).

      5. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2018 жылғы 14 мамырдағы № 5 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары басшыларының кеңесі (бұдан әрі – Басшылар кеңесі) туралы ережеге сәйкес әрекет ететін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары басшылары кеңесінің өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыруы мақсатында:

      а) өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыру кестесі (бұдан әрі – кесте) айқындалады;

      б) өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыру жөніндегі топтың құрамы (бұдан әрі – бағалау жөніндегі топ) (аккредиттеу жөніндегі әрбір орган үшін) қалыптастырылады;

      в) өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттардың нысандары (өзін-өзі бағалау сауалнамасы (бұдан әрі – сауалнама), құпиялылық және бейтараптық туралы декларация (бұдан әрі – декларация), құжаттық бағалау қорытындылары туралы есеп, байқау қорытындылары туралы есеп, өзара салыстырмалы бағалау нәтижелері туралы қорытынды есеп (бұдан әрі – қорытынды есеп) және т.б.) айқындалады;

      г) байқау үшін сәйкестікті бағалау жөніндегі органдардың тізбесі (аккредиттеу жөніндегі әрбір орган үшін) (бұдан әрі – сәйкестікті бағалау жөніндегі органдардың тізбесі) айқындалады;

      д) түзету әрекеттері бойынша қорытынды есеп пен ұсынымдар (бұдан әрі – ұсынымдар) келісіледі (қажет болған жағдайда).

      6. Кестені қалыптастыру мақсатында Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің жауапты хатшысына бағалау жөніндегі топтың өзара салыстырмалы бағалауды өткізетін күндері туралы ұсыныстар береді.

      7. Бағалау жөніндегі топтың құрамын қалыптастыру мақсатында Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің жауапты хатшысына бағалау жөніндегі топтың құрамына енгізу үшін кандидатуралар бойынша ұсыныстар береді (басшылары Басшылар кеңесінің мүшелері болып табылатын аккредиттеу жөніндегі органдардан қажетті құзыреті мен кәсіби дағдылары бар 4 қызметкерден).

      Бағалау жөніндегі топтың құрамына өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылатын аккредиттеу жөніндегі органның қызметкерлері кірмейді.

      Бағалау жөніндегі топтың жұмысына басшылықты ротация қағидатын ескере отырып, бағалау жөніндегі топтың құрамын қалыптастыру кезінде Басшылар кеңесі айқындайтын бағалау жөніндегі топтың басшысы жүзеге асырады.

      8. Сәйкестікті бағалау жөніндегі органдардың тізбесін қалыптастыру мақсатында Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің жауапты хатшысына сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды көрсетілген тізбеге енгізу туралы:

      осы Тәртіптің 13-тармағында көрсетілген құжаттық бағалау қорытындылары туралы есеп;

      өзіне қатысты өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылатын аккредиттеу жөніндегі орган ұсынатын өздеріне қатысты өзара салыстырмалы бағалау жүргізілетін кезеңге бағалау рәсімдері жоспарланған сәйкестікті бағалау жөніндегі органдар туралы, оның ішінде:

      Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2018 жылғы 5 желтоқсандағы № 100 шешімімен бекітілген Сәйкестікті бағалау жөніндегі аккредиттелген органдарды (оның ішінде сертификаттау жөніндегі органдарды, сынақ зертханаларын (орталықтарын)) Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарының бірыңғай тізіліміне енгізу, сондай-ақ оны қалыптастыру және жүргізу тәртібінің 12-тармағында көзделген мәліметтерді;

      өткен жылы аккредиттеудің әрекетін тоқтата тұру фактілерінің болуы туралы мәліметтерді;

      сәйкестікті бағалау жөніндегі осы органдар өткен жылы берген сәйкестікті бағалау туралы (қолданыстағы, тоқтатып қойылған, тоқтатылған) құжаттардың саны туралы мәліметтерді;

      сәйкестікті бағалау жөніндегі осы органдарға қатысты аккредиттеу жөніндегі орган бұрын өткізген бағалау рәсімдерінің нәтижелері бойынша ескертулердің бар-жоғы туралы мәліметтерді;

      сәйкестікті бағалау жөніндегі осы органдар берген сәйкестікті бағалау туралы құжаттары бар қауіпті өнімді мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдарының анықтауының фактілері туралы мәліметтерді қамтитын ақпарат негізінде ұсыныстар береді.

      Көрсетілген ақпарат орыс тілінде не аккредиттеу жөніндегі органына қатысты өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылатын мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде (мемлекеттік тілдерінде) ұсынылады (орыс тіліне аудармасымен қоса).

      Сәйкестікті бағалау жөніндегі органдардың тізбесінің құрамында әр түрі бойынша сәйкестікті бағалау жөніндегі 2 органнан (сертификаттау жөніндегі орган, сынақ зертханасы (орталығы), инспекция органы) артық болмауға тиіс.

      9. Бағалау жөніндегі топтың әрбір мүшесі осы Тәртіптің 5-тармағының "в" тармақшасында көзделген нысан бойынша декларацияға қол қояды.

      Декларацияға қол қойған бағалау тобының мүшелері мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес ақпаратты үшінші тұлғаларға жария еткені үшін жауапты болады.

      Бағалау жөніндегі топтың басшысы бағалау жөніндегі топ мүшелері қол қойған декларацияларды өзіне қатысты өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылатын аккредиттеу жөніндегі органның атына жіберуді қамтамасыз етеді.

      10. Құжаттық бағалау жүргізу мақсатында өзіне қатысты өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылатын аккредиттеу жөніндегі орган сауалнаманы осы Тәртіптің 5-тармағының "в" тармақшасында көзделген нысан бойынша толтырады және оны бағалау жөніндегі топтың басшысына жібереді (сауалнамада көрсетілген құжаттармен қоса).

      Құжаттар орыс тілінде не аккредиттеу жөніндегі органына қатысты өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылатын мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде (мемлекеттік тілдерінде) (орыс тіліне аудармасымен қоса) ұсынылады.

      11. Бағалау жөніндегі топ осы Тәртіптің 10-тармағында көрсетілген, өзіне қатысты өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылатын аккредиттеу жөніндегі орган ұсынған сауалнамалар мен құжаттарға талдау жүргізеді және құжаттамалық бағалау қорытындылары бойынша түсініктемелер және (немесе) сұрақтар тізбесін қалыптастырады.

      Бағалау жөніндегі топтың басшысы аталған тізбені өзіне қатысты өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылатын аккредиттеу жөніндегі органға жібереді.

      12. Өзіне қатысты өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылатын аккредиттеу жөніндегі орган осы Тәртіптің 11-тармағында көрсетілген тізбені қарайды және бағалау жөніндегі топтың басшысына өзінің түсініктемелерін және (немесе) жауаптарын ұсынады.

      13. Өзіне қатысты өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылатын аккредиттеу жөніндегі орган ұсынған, осы Тәртіптің 12-тармағында көрсетілген ақпаратты ескере отырып, бағалау жөніндегі топ осы Тәртіптің 5-тармағының "в" тармақшасында көзделген нысан бойынша құжаттық бағалау қорытындылары туралы есепті қалыптастырады, ол осы Тәртіптің 17-тармағына сәйкес қалыптастырылатын қорытынды есептің құрамына енгізіледі.

      14. Бақылау жүргізу мақсатында бағалау жөніндегі топ кестеге сәйкес сәйкестікті бағалау жөніндегі органдардың тізбесіне енгізілген органдарға қатысты бақылауды жүзеге асырады және байқау қорытындылары бойынша түсініктемелер және (немесе) сұрақтар тізбесін қалыптастырады.

      Бағалау жөніндегі топтың басшысы аталған тізбені өзіне қатысты өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылатын аккредиттеу жөніндегі органға жібереді.

      15. Өзіне қатысты өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылатын аккредиттеу жөніндегі орган осы Тәртіптің 14-тармағында көрсетілген тізбені қарайды және бағалау жөніндегі топтың басшысына өзінің түсініктемелерін және (немесе) жауаптарын ұсынады.

      16. Өзіне қатысты өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылатын аккредиттеу жөніндегі орган ұсынған, осы Тәртіптің 15-тармағында көрсетілген ақпаратты ескере отырып, бағалау жөніндегі топ осы Тәртіптің 5-тармағының "в" тармақшасында көзделген нысан бойынша байқау қорытындылары туралы есепті қалыптастырады, ол осы Тәртіптің 17-тармағына сәйкес қалыптастырылатын қорытынды есептің құрамына енгізіледі.

      17. Өзара салыстырмалы бағалауды аяқтау қорытындылары бойынша бағалау жөніндегі топтың басшысы осы Тәртіптің 13 және 16-тармақтарында көрсетілген есептердің негізінде осы Тәртіптің 5-тармағының "в" тармақшасында көзделген нысан бойынша қорытынды есепті және мүше мемлекеттерде қолданылатын рәсімдердің бір мәнді болуына қол жеткізу мақсатында мүше мемлекеттердің заңнамасын үндестіру жөніндегі ұсыныстарды қамтитын ұсынымдарды (қажет болған жағдайда) қалыптастырады.

      18. Бағалау жөніндегі топтың басшысы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары басшыларының кеңесі туралы ережеге сәйкес Басшылар кеңесінің отырысында одан әрі қарау үшін өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылған аккредиттеу жөніндегі органның басшысы болып табылатын Басшылар кеңесінің мүшесіне қорытынды есеп пен ұсынымдарды (бар болса) ұсынады.

      19. Басшылар кеңесінің жауапты хатшысы өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылған аккредиттеу жөніндегі органның басшысы болып табылатын Басшылар кеңесінің мүшесіне Басшылар кеңесімен келісілген қорытынды есеп пен ұсынымдарды ұсынады.

      20. Өзара салыстырмалы бағалау жүзеге асырылған аккредиттеу жөніндегі органның басшысы болып табылатын Басшылар кеңесінің мүшесі Басшылар кеңесінің кезекті отырысында ұсынымдардың орындалу барысы туралы хабарлайды (қажет болған жағдайда).

      21. Өзара салыстырмалы бағалау нәтижелері бойынша құжаттар мен материалдарды есепке алуды және сақтауды Еуразиялық экономикалық комиссия жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады