Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзі, 2006 жылғы 18 қаңтар

  Құрметті депутаттар! Ханымдар мен мырзалар!

      Өткен жылғы Елбасы сайлауы экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолына түскен елімізде орныққан ұлтаралық татулық пен тұрақтылыққа негізделген саясатты барша қазақстандықтардың жаппай қолдайтындығын айқын дәлелдеді. 4 желтоқсанда біздің халқымыз өзінің болашағы үшін дауыс берді, бұл болашақтың формуласы өте қарапайым: тұрақтылық пен жаңарудан - өркендеуге. Қазірдің өзінде көп нәрсеге қол жеткізіп, біз тағы бір стратегиялық міндетті - таяудағы он жылда Қазақстанды әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына шығару міндетін қойдық.

      Бұл стратегияның негізіне ұлттық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен Қазақстанның халықаралық рыноктарға шығуы үшін өңірлік және жаһандық экономиканың артықшылықтарын пайдалану алынған.

      Ұсынылып отырған бағыт Қазақстанды 2030 жылға дейін дамыту қағидаттарына негізделеді, оларды бүгінгі күннің нақтылығын ескере отырып тереңдетеді. Жаңа Үкімет үшін басымдықтар мен міндеттер мынадай.

       І басымдық: Қазақстан экономикасын жаңарту және оған серпінді сипат беру, олар өзара байланысты міндеттер кешенін шешуді көздейді

      Бірінші. Фискалдық саясат.

      Салық және тариф саясатын реформалау сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоюға және кәсіпкерлікті, бизнес пен халықаралық сауданы дамытуды ынталандыруға мүмкіндік береді.

      Біз салықтардың жиналуын ұлғайтуға, салық салу құрылымын жеңілдетуге және салықтар санын шектеуге тиіспіз. Бизнес мүддесі тұрғысынан жеке тұлғалар үшін табыс салығының белгіленген ставкасын енгізу және Салық кодексін жеңілдету мүмкіндігін зерттеу керек. 

       Екінші. Несие-ақша саясаты.

      Инфляциямен күрес - несие-ақша саясатының басты мақсаты. Біз өзіміздің шетелдегі әріптестеріміздің бұған дейін байқап көрілген ұсыныстары мен кеңестеріне арқа сүйей отырып, валюта саясатын басқарылатын ырықтандыру есебімен инфляция өсуінің келеңсіз салдарын барынша төмендету мақсатында нақты айырбас бағамының қажетті икемділігін қамтамасыз етуге тиіспіз.

       Үшінші. Экономиканың отын-энергетика және өндіруші секторлары тиімділігінің жаңа деңгейін ұйымдастыру.

      Мұнай-газ кешенімен тікелей байланысты, қосылған құн дәрежесі жоғары салалардың озық дамуына жағдайлар туғызу керек.

      Әрбір кен орны тұрмыстық қызмет саласынан бастап ең осы заманғы бағдарламалық қамтамасыз етуге дейінгі кәсіпкерлікті дамытудың әлеуетті базасы ретінде қарастырылуы тиіс.

      Біз мұнай мен газды өндіріп қана қоймай, Норвегияның үлгісі бойынша елді мұнай-сервистік кластерге айналдыруға тиіспіз.

      Мемлекет елде және шетелде біздің мұнай компанияларымыздың қызметін кеңейтуіне қолдау білдіруі тиіс.

       Төртінші. Экономиканың өсуін қамтамасыз етудің жаңа бағыттарын қалыптастыру.

      Мемлекет экономикадағы сұранысты ынталандыратын жағдайлар жасай алады және жасауға міндетті, бірақ та өндірісті өзі ұйымдастыруға немесе бақылауға тиіс емес. Мұны рынок істейді.

      Экономиканың салауатты жеке сұраныс бар салаларында мемлекет бәсекелес ортасын дамыту және рынокты монополияландыруға жол бермеу үшін қажетті реттеуші рөлін ғана атқаруға, ал ондай сұраныс жоқ жерлерде оны жасауға жәрдемдесуі тиіс.

       Бесінші. Кәсіпкерлікке кең ауқымды мемлекетті қолдау.

      Кәсіпкерлікті дамытуға, шағын және орта бизнесті, ішкі сұранысты кеңейту мен нығайтуға қолдау білдірудегі мемлекеттік саясаттың жаңа, рынокқа бағынған тетіктерін ұсына отырып, мемлекет салық режімін индустриялық саясаттың көптеген құралдарының бірі ретінде ғана пайдалануға тиіс екенін ескерген жөн. Бәсекелестікті дамыту кәсіпкерлікті дамыту үшін басымдыққа айналуы тиіс.

       Алтыншы. Әлеуметтік даму мен кәсіпкерліктің өңірлік корпорациялары.

      Мемлекеттік саясат шағын және орта бизнестің жұмыстың айқын жағдайларында шағын бизнес үшін тапсырыс беруші және "локомотив" рөлінде бола алатын әртараптандырылған, қаржы жағынан тұрлаулы ірі кәсіпорындармен ынтымақтастық үшін әкімшілік және нормативтік алғышарттар туғызуды көздеуі тиіс.

      Қоғамдық мүдделер мен пайда табатын қызметті үйлестіретін бірнеше ірі өңірлік холдингтер құруға болады. Мемлекеттің қатысуымен құрылатын мұндай жекеменшік корпорациялар - өңірдің Әлеуметтік дамуы мен кәсіпкерлігінің қоры немесе корпорациясы - өңірдің даму мүдделері тұрғысынан активтерді басқара алады, жобаларға бастамашы болып, қосымша инвестициялар тарта алады. Олардың қызметінің басты бағыты - өңірде пайда табатын ұзақ мерзімді негізде шағын және орта кәсіпорындардың тауарлары мен қызметтеріне деген сұранысты туғызу.

       Жетінші. Нарықтық қағидаттар негізінде экономикалық өзара ықпалдастықты дамыту.

      Қоғамда келісім-шарттық қатынастарды дамытудың және жеке меншік институтын нығайтудың маңыздылығы даусыз. Бірақ та олардың кері кетпеушілігі үшін қосымша заңнамалық, әкімшілік шаралар және даулар мен арбитраждық ресімдерді тәуелсіз қарау жүйесінің дамығаны керек.

      Экономикаға мемлекеттің қатысу тиімділігін біз мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейлерінің өкілеттіктерін шектеуді және оңтайландыруды, мемлекеттің экономиканы бақылауын төмендетуді көздейтін әкімшілік реформалар есебінен арттыруға тиіспіз.

       Сегізінші. Рентабельді емес кәсіпорындарды нәрлендіру және Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру.

      Біз өзімізге жұмыс істеп тұрған рентабельді емес кәсіпорындарды "есептен шығару" мүмкіндігін бере алмаймыз. Бірақ та оларды "қағидат үшін" қаржыландыру да - ысырапқорлық.

      Әлеуетті түрде перспективалы кәсіпорындар жаңа бизнестерді дамыту үшін негіз болуы тиіс. Оларды қайта құрылымдау және "ширату" керек. Үкімет мұндай кәсіпорындарды дағдарыстық басқаруға қатысу мүмкіндігін қарастыруға міндетті. Егер қажет болса, белгілі бір кәсіпорындарды сатып алып, оларды Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар желісінің басқаруына берудің орындылығын қарастыруға міндетті.

      Мұндай кәсіпорындардың негізінде рынокқа керекті жаңа индустриялар мен жаңа технологиялар дамуы тиіс. Ал өңірлік корпорациялар сараптамалар мен капитал тартуда, жаңа рыноктар игеру мен жаңа жобаларды іске асыруда жарысып көрсін. Бүкіл әлем осылай жұмыс істейді. Біз де солай жұмыс істеуге тиіспіз.

       Тоғызыншы. Аумақтық даму.

      Біз экономикалық және әлеуметтік жаңарудың "локомотивтері" болуға қабілетті дамыған өңірлік орталықтарда экономикалық қызметті шоғырландыруға, заңнамалық, экономикалық және әкімшілік шаралар жүйесін қарастыруға тиіспіз.

      Дамыған өңірлік орталықтардың әлеуетін ортақ теңдестірілген өңірлік даму мен тоқыраған өңірлердің дәуірлеуіне пайдалану үшін бізге жаңа көші-қон саясаты керек.

       ІІ басымдық: Қазақстанның жедел экономикалық дамуы үшін серпінді секірістерді қамтамасыз ету

      Қазақстан экономикасының одан әрі өсуі, ең алдымен, сыртқы сауда және конъюнктура факторларымен айқындалатын болады. Елдің жедел экономикалық дамуының бірқатар "сыртқы локомотивтері" анық.

       Бірінші. Халықаралық маңыздағы серпінді секіріс жобалары.

      Бізге өңірлік және жаһандық экономика тұрғысынан мақсатты тауашаларға және "пайда орталықтарына" қатысты айқындалу, тиісті халықаралық үрдістерді жан-жақты және мұқият талдау керек.

      Үкіметте қазақстандық тауарлар мен қызметтердің халықаралық бәсекеге қабілеттілігіне қолдау білдірудің тұтас жүйесі болуы тиіс.

      Біз мақсатты орта мерзімді және ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға кірісуіміз керек. Мен олардың алғашқысына ет экспорты үшін фермерлік конгломераттар құруды; халықаралық қатысумен тұқым мен дақылдарды инновациялық өндіру жөніндегі биотехнологиялық орталықтар құруды; Қазақстанды халықаралық ақпараттық айлақ ретінде дамытуды; ауылшаруашылық және авиация өнеркәсібінде қосалқы бөлшектер, мүмкіндігіне қарай, ақырғы өнім өндіру үшін бірлескен кәсіпорындар құруды және көптеген басқаларын жатқызар едім.

      Ұзақ мерзімді жобалар - бұл халықаралық қатысумен органикалық химия, телекоммуникация индустриясы салаларында индустриялық конгломераттарды дамыту; ауыр мәшинелер және жабдықтар өндірісін дамыту; ғарыштық индустрия орталығын құру.

       Екінші. Түсімдердің баламалы көздерін дамыту.

      Отын-энергетика және өндіру секторларының жекелеген салаларын дамытуды ынталандыру үшін оларды әлемдік рыноктың белгілі бір тауашаларында "орнықтыруды" ғана емес, сонымен бірге ортақ халықаралық энергетикалық қауіпсіздіктің сенімді тұғырнамасын жасауды қамтамасыз ететін нормативтік-құқықтық база талап етіледі.

      Қазақстанның әлемдік рыноктарда бәсекелестік артықшылығы бола алатын экономиканың шикізаттық және энергетикалық бірнеше саласын іріктеп алып, мақсатты мемлекеттік көмекті соларды жеке меншік кәсіпкерліктің қатысуымен дамытуға жұмсау керек.

      Экономиканың энергетикалық емес секторының дамуына мүмкіндік беру үшін экономиканың бұл секторларына отандық та, шетелдік те жаңа компаниялардың кіруіне тартымды жағдайлар жасап, әкімшілік және нормативтік жүйелерді жеңілдете отырып, металлургияда, банк саласында, сақтандыруда, химия өнеркәсібінде және басқа салаларда бар "жасырын" монополияларды күйрету керек.

       Үшінші. Жаһандық экономиканың толыққанды субъектісі ретінде елдің бәсекеге қабілеттілігін дамыту.

      Экономиканың түрлі секторлары үшін жергілікті және халықаралық сарапшыларды ресурстар мен технологияларды тарту маңызды болып көрінеді. Бұл ретте біз кәсіпкерлік мәдениетті дамытып қана қоймаймыз, сонымен бірге жеке меншік кәсіпкерлер мен капиталдың экономиканың түрлі салаларына қатысуы үшін бәсекелік негіз құрамыз да. Мұндай көзқарастың нұсқалары бірқатар мемлекеттерде ойдағыдай қолданылды. Сондықтан да әлемдік практикадан ең жақсыларын пайдалану біз үшін күнә емес.

      Бюрократияның "бейіндік емес" функцияларын үнемі шектеп, кәсіпкерлікке нақтылы жасалатын мемлекеттік қолдауға шоғырлану керек.

       Төртінші. Қазақстан жаңа технологияларды дамытатын компаниялардың құрылтайшысы және акционері болып, жаңа технологияларды олардың талдап жасалу кезеңінде игеруі тиіс.

      Ақылға сыйымды макроэкономикалық саясат пен тұрлаулы несиелік рейтингтің арқасында Қазақстан өзіне технологиялық бастамашылық таныту мүмкіндігін бере алады және танытуы тиіс. Барынша тиімді әдіс - инновация және техникалық даму үдерісіне бастапқы, құрылтайшылық деңгейде қатысу.

      Бізге бүкіл әлем бойынша перспективалы компаниялардың акциялар пакетін сатып алуға ресурстарды шоғырландыруға және сол арқылы түрлі салалық тауашаларда орнығуға мүмкіндік беретін жағдайлар әзірлеу керек. Біз барынша озық технологиялық идеяларға ие болу үшін жаңадан ғана құрылған жоғары технологиялы халықаралық компаниялардың акциялар пакетін сатып алған Сингапурдың, АҚШ-тың, Францияның, Қытайдың және басқа елдердің өнегелерін ұстануға тиіспіз.

      Перспективалы шетелдік активтерді оларды ашық сауда-саттыққа шығарғанға дейін сатып алу инновация импортының тиімді әдісі болып табылады.

       Бесінші. Экспорттық-импорттық сектордың артықшылықтарына қолдау білдіру.

      Практикада халықаралық жобаларға, халықаралық тәжірибені ескере отырып, елде құрылып қойған мемлекеттік даму институттарының негізінде құрылған мемлекеттік Экспорттық-импорттық банк құру арқылы кәсіпкерлерді тартудың түрлі нұсқаларын іске асыру керек.

      Эксимбанктің құрылуы озық елдердің осындай агенттіктерімен өзара тиімді бірқатар келісімдер жасасуға көмектеседі. Бұл жағдайда Қазақстан үлкен халықаралық жобалар үшін экспорттық кредиттерді синдикаттауға қатыса алады және, тіпті, көш бастай алады. Осылайша, біздің кәсіпорындар мен компаниялар озық халықаралық жобаларға қатысудан тікелей тәжірибе және тиімділік ала алады.

       Алтыншы. "Инкубациялық жобаларды" іске асыру.

      "Инкубациялық жобалар" - бұл Қазақстанда халықаралық қатысумен ғылыми орталықтарды дамыту, жаңа технологияларды игеру және кадрларды қайта даярлау жүйесін әртараптандыру үдерісіне қолдау жасау.

      Практикалық тұрғыда бұл жекелеген өңірлерде жаңа технологиялар мен білікті қызметкерлер қалыптастырудың көзі болуға тиіс халықаралық ғылыми орталықтарды дамыту және корпорациялар, ғылыми орталықтар құру үшін жер учаскелерін беру жөніндегі жобаларды әзірлеу мен жүзеге асыруды білдіреді.

       Жетінші. Энергетикалық емес және өндіруші емес секторларда жаңа рыноктарды дамыту.

      Білікті жұмыс күштері санының шектеулі болуы және елдің негізгі тұтынушы рыноктардан қашықтығы жағдайында біз инновациялық өндірістік қызметті бастайтын халықаралық компаниялардың пайда болуын жай күтіп отыра алмаймыз. Керісінше, біз экономиканың шешуші секторларындағы рыноктық тауашаларды зерттеп, қосылған құнның жоғары үлесі бар өнім шығаруға мүмкіндік беретін екі немесе үш өндірістік бағытты іріктеп алуға тиіспіз. Мемлекет бұл үшін қолайлы жағдайлар туғызуға және кейбір реттерде мамандандырылған мемлекеттік корпорациялар арқылы бүкіл өндірістік цикл аясында қажет болатын қаражатты тікелей инвестициялауға тиіс болады.

      Қазақстандық бизнес шетелде кең ауқымды қызмет көрушілер базасын қалыптастыра алатын рыноктар мен салаларды анықтауы керек. Біздің менеджерлердің рыноктың өскелең талабына деген "сезімталдығын" арттырудың "құрметті консулдар" институтын және басқа әдістерді пайдалану секілді инновациялық және стандарттық емес көзқарастар мен іс-әрекеттерді ендіру қажет болады.

      Мемлекет халықаралық сапа стандарттарын ендіру кезінде көмек беріп, қолдау көрсетуді өз мойнына алуы тиіс. Сондай-ақ Бүкілдүниежүзілік банкпен, Еуропалық даму және қайта құру банкімен және басқа халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтаса отырып, тәуекелдерді мемлекеттік қамсыздандырудың бағдарламалары мен кестелерін қоса алғанда, инвестициялық тәуекелдерді төмендету шараларын қабылдаған жөн.

      Осының бәрі экономиканы дамыту үшін қосымша табыстар көзі және елдің әлемдік энергия тасушылар рыногындағы конъюнктураға кіріптарлығын төмендетудің маңызды құралы болады.

       Сегізінші. Қорғаныштық сауда маркасы және зияткерлік меншік құқығы бар тауарлар өндіру үшін қолайлы жағдайлар туғызу.

      Халықаралық қоғамдастық Қазақстанды жаһандық экономиканың тең құқылы және жауапты қатысушысы ретінде қабылдауы үшін бізге тиісті заңдар мен нормативтік шаралар қабылдай отырып, зияткерлік меншік құқығы мен сауда маркаларын қорғауды қамтамасыз етуге деген көзқарасты қағидатты түрде өзгерту қажет.

      Авторлық құқықтар мен сауда маркаларын қорғаудың қатал кепілі ретіндегі Қазақстанның беделі бізге электрониканы, үйде тұтыну тауарларын және көптеген басқаларын қоса алғанда, өз елімізде экономиканың жаңа секторларын белсендірек дамытуға және әртараптандыруға мүмкіндік береді.

       Тоғызыншы. Индустрияның басым секторларының тиімділігін арттыру үшін Мемлекеттік холдинг компаниясын құру.

      Үкімет әлдеқашаннан бері бұл мәселемен айналысып келеді, сондықтан мен негізгі жәйттерді ғана атап өтейін.

      Мемхолдинг Үкімет пен оның жауапты жұмысын қамтамасыз ететін мемкомпаниялар арасындағы байланыстыратын буын болуы тиіс. Мемхолдингтің портфеліне стратегиялық индустриялар - энергетика, мұнай мен газ, көлік, металлургия және сол сияқтылар кіруі тиіс. Мемхолдингтің оған инвестициялық "тетікке" айналуға және экспортты дамыту мен бәсекелі тауарлар өндірудің қосымша құралы болуға мүмкіндік беретін тиісті әкімшілік және нормативтік тұғырнамасы болуы керек.

       Оныншы. Алматыны қаржы және іскерлік белсенділіктің ірі өңірлік орталығы ретінде дамыту.

      Бұл Қазақстанның ірі қаржы ұйымдары үлкен өңірлік бизнестер мен жобалар үшін займдар беру, қамсыздандыру және қаржы қызметтерін көрсету саласында негізгі "мердігерлерге" айналуы үшін жағдайлар мен мүмкіндіктер туғызуға бағытталуы тиіс.

       Он бірінші. Көлік инфрақұрылымын және қызметін дамыту.

      Үкімет тиісті бағдарлама қабылдай отырып, көлік және басқа инфрақұрылымдық бизнестердің дамуына мүмкіндік беруі керек. Ірі көліктік инфрақұрылымдық нысандардың төңірегінде шағын және орташа жобалар арқылы инфрақұрылымның икемді, жоғары технологиялық және қайта жаңартылатын нысандарын құрып, дамыту қажет. Біз осылайша Орталық Азиядағы өзіміздің көшбасшылық позициямызды қамтамасыз ету үшін өңірлік рынокқа бәсекелі көлік жүйесін ендіруді ұйымдастыра аламыз.

      Мұндай серпінді секіріске қол жеткізу үшін бізге сондай-ақ бәсекелі және ашық авиация индустриясын дамытуға жағдай жасау керек. Көлік инфрақұрылымын дамыту үшін мемлекеттің белгілі бір кепілдіктері жағдайында жеке меншік секторды тарту жөнінде жағдайлар туғызу қажет; технологиялық жағынан көлік инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ететін халықаралық несие институттарымен бірлескен жобаларды іске асыру керек.

       Он екінші. Экономикалық өсудің нақты тетігі ретіндегі БСҰ-ға кіру.

      БСҰ мүшелері тарапынан қыспақты күтіп отырмастан, біз оза жұмыс істеуге - Қазақстан дамуының қажеттіліктері мен деңгейіне сәйкес қарқынды жеделдету үшін БСҰ шарттарына сай заңнамаға өзгертулер енгізуге тиіспіз.

      Энергетика және отын саласындағы салық және кеден жүйесін реформалау және отынның ішкі рыногы үшін мөлдір салық жүйесін енгізу, жергілікті өндірістер үшін мемлекеттік көмектің мазмұнын қайта бағдарлау талап етіледі.

      Қаржылық қызметтер рыногына салық салу да БСҰ шарттарына сәйкестендірілуі тиіс, бұл өз кезегінде қаржы-өнеркәсіптік топтар қызметінің мөлдірлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Біз шетелдік инвесторлардың қаржы қызметі, сақтандыру және құрылыс секторларында құрылтайшылық қатысу деңгейіндегі ақтауға келмейтін шектеулерді алып тастауды қисынды соңына дейін жеткізуге тиіспіз, сондай-ақ Қазақстанның табиғи монополиялары мен құрылыс секторы, телекоммуникациялар, көлік және сол сияқтылар рыногына келіп жатқан жаңа "ойыншылар" үшін жағдайды қалай теңдестіруді ойластыруға тиіспіз.

      Біз мамандандыруды және өзіміздің ауылшаруашылық өнімдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ауыл шаруашылығының заңнамалық және нормативтік арқауын Бүкіләлемдік сауда ұйымының талаптарына сәйкестендіруге тиіспіз.

       Он үшінші. Халықаралық экономикалық одақтар мен қауымдастықтарға қатысу арқылы жаһандық экономикаға кірігу.

      Қазақстанның ЕурАзЭҚ, Біртұтас экономикалық кеңістік және басқа да өңірлік экономикалық одақтардағы алар орнын нығайту тауарларды өңірлік рынокта экспортқа шығаруға қолайлы жағдай жасауға септесетіндігі сөзсіз. Сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық экономикалық блоктар мен қауымдастықтарға қатысуы халықаралық рынок тауашаларына қол жеткізуін жақсарта түседі.

      Бұл орайда Азия Даму банкі, Бүкіләлемдік банк және Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландыратын жобаларға қадала көңіл аудару керек. Мұндай жобаларды жүзеге асыру барысында жобаларды басқару жөніндегі ең бүгінгі заманғы ноу-хаудың жеткізілетіні және халықаралық топтар тарапынан назардың анағұрлым арта түсетіндігі белгілі. Оның үстіне бұл екі жағдаят қосыла келгенде несиелердің өзінен де бағалы болып шығады.

      Қазақстан инфрақұрылымын дамыту және оны бара-бара әлдеқайда іргелі еуропалық және еуразиялық жобаларға кіріктіру үшін Еуропа инвестициялық қорымен және Еуропа инвестициялық банкімен ақылдасуды бастау қажет.

       ІІІ басымдық: Әлсіздерді қорғайтын және экономика мен елдің дамуын қолдайтын осы заманғы әлеуметтік саясат

      Біздің әлеуметтік саладағы барлық іс-әрекеттеріміздің нәтижелілігінің басты өлшемі Қазақстан халқы өмірінің сапасы мен әлеуметтік қалпын әлемнің анағұрлым дамыған және бәсекеге қабілетті елдерінің деңгейіне сәйкес келетіндей етіп орнықты түрде арттыру болуға тиіс, өзіміз сол қоғамдастыққа ұмтылып отырмыз ғой.

      Сондықтан әлеуметтік саланы одан әрі жедел жаңартудың неғұрлым басым бағыттары мыналар болып табылады.

       Бірінші. Тұрғын халықтың анағұрлым "осал" топтарын атаулы әлеуметтік қолдауды дамыту.

      Біз зейнетақы қорланымдарының үш деңгейлі жүйесіне өтуді аяқтауға тиіспіз.

      Біздің алдымызда жас отбасыларды қолдау және бала тууды көбейтудің кешенді бағдарламасын жүзеге асыру міндеті тұр.

      Біз жеке секторды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, соның ішінде білім беруді және Қазақстан экономикасы көбірек қажет етіп отырған жаңа мамандықтарды игеруді мемлекеттік-жеке несиелеу жүйесіне тарту үшін неғұрлым қолайлы заңнамалық және салықтық жағдайлар жасауға тиіспіз.

       Екінші. Әлеуметтік көмек жүйесін нарық жағдайларына сәйкес келтіру.

      Жұмыс орындарын құрудың есебінен қазақстандықтарды әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету керек, өйткені мұның өзі ең пәрменді әлеуметтік саясат күйінде қалып отыр.

      Бюджет саласында еңбекке ақы төлеудің, әлеуметтік төлемдердің еңбек өнімділігінің өсуіне, басқа да макроэкономикалық көрсеткіштерге барабар келетіндей өлшемдер жүйесін талдап-жасау және оларды қолдану талап етіледі.

      Білімді арттыру және жұмыс күшін қайта дайындықтан өткізу үшін әлеуметтік төлемдерді пайдалану жұмыссыз жүрген адамдарды нақты белгіленген уақыт аралығында оқу курстарына баруға ынталандыруға тиіс. Мұның өзі қазақстандық жұмыс күшінің қосымша білікті пулын қалыптастыруға алып келеді.

       Үшінші. Әлеуметтік саладағы жаңа қызмет түрлеріне сұраныс қалыптастыру.

      Біз әлеуметтік саланың даму үдерісін кәсіпкерлікті дамытудың тетігі ретінде пайдалануға, сонымен бір мезгілде әлеуметтік қызмет түрлерін нарықтық экономиканың нақты шындығымен үйлестіруге тиіспіз.

      Мысалы, денсаулық сақтау жүйесін дамыту әуелгі медициналық көмектің жеке тармағын, салауатты өмір салты орталықтарын дамытумен, жеке негіздегі медицина көлігін көбейтумен, экспортқа шығарылатын вакциналардың өзімізде өндірілуін жолға қоюмен, кәсіпкерліктің басқа да түрлерімен қоса-қабат жүргізілуі керек.

       Төртінші. Осы заманғы білім беру және білікті кадрларды дайындау жүйесін дамыту.

      Мәселелердің бұл шоғырының шешімін табу үшін орта және жоғары білім беру реформасының бұрын қабылданған бағдарламасына түзетулер енгізу талап етіледі. Бізге биік беделді инженерлік оқу орындарының жүйесі керек, бәлкім, оларға қабылдаудың тәртібі де қалыптан тыс болар, оқу бітірушілерге талап та бөлекше қойылар.

      Біз өзіміздің ұлттық басқару мектебін қалыптастыруға кірісуге тиіспіз.

      Шетелдіктер қатысатын ғылыми орталықтарды дамыту жөн. Бұл үшін мемлекеттің жеңілдік шартпен жер телімдерін беру мүмкіндігін қарастыру; шетелдік мемлекеттерді, корпорациялар мен академиялық орталықтарды Қазақстанда жаңа ғылыми орталықтар құру үдерісіне тарту керек.

      Қайта мамандандыру және білім беру жүйесін әртараптандыру осы халықаралық ғылыми орталықтардың жергілікті академиялық орталықтармен, ұйымдармен ынтымақтасуы есебінен нақты жүзеге асырылатын болады.

       Бесінші. Кадрларды қайта даярлау.

      Бұл міндет біліктілігі елдің нақты экономикалық қажеттіліктеріне сай келетін еңбек ресурстарын даярлауды көздейді. Қазақстанда білімді арттыру мен жұмыс күшін қайта даярлықтан өткізудің ынталандырушы күші әлеуметтік төлемдер болады.

      Біздің алдымызда кадрларды қайта даярлайтын білім беру мекемелерінің санын арттыру міндеті тұр. Білім беру жүйесі нарық шарттарына барынша жауап бере алатындай болуы үшін Қазақстандағы НИОКР-ды орындауға қаржы салып жүрген отандық компанияларға, жоғары оқу орындарына және ғылыми орталықтарға салықтық жеңілдіктер жасау керек.

      Басқаруын донорлар тікелей жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу орталықтарын құру үшін біз АҚШ-тан, Франциядан, Германиядан, Скандинавия елдерінен, Жапониядан, Ресейден, Испаниядан, Канададан және Австралиядан даму мәселелері жөніндегі белді халықаралық ұйымдарды шақыра аламыз. Мұндай Ұлттық зерттеу орталықтарының жұмысы белгілі бір бағыттағы зерттеулерді алға жылжытуды, сондай-ақ зерттеулер барысында өзіміздің зияткерлік меншігімізді қалыптастыруды мақсат етуге тиіс. Бері қойғанда екі орталықтың қызметі ауылшаруашылық ғылымдары, тамақ өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларындағы зерттеулерге арналуы керек. Үкімет пен жергілікті билік органдары әрбір орталықтың жұмысын бастауға қажетті инфрақұрылымды дамытуға кететін шығынның бір бөлігін қаржыландыруына болар еді. Бұл орайда Үндістандағы инженерлік-технологиялық орталықтардың тәжірибесі кәдеге аса алады.

       Алтыншы. Тұрғын үй құрылысы мен жылжымайтын мүлік рыногын дамыту мәселелері.

      Бізде тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асырыла бастағанына үшінші жыл. Осы уақыт аралығында біз бұл бағдарламаның қадір-қасиетін толық бағалайтындай болдық. Бұл уақыт ішінде бағдарламаның қағидатты мәні бар міндетті - қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін шеше жүріп әуел баста ойлай да қоймаған олқылықтары да бар екендігі көрінді. Сондықтан бүгінгі таңда осы кемшіліктердің неден кеткенін барынша егжей-тегжейлі зерттеу және тұрғын үй бағдарламасына түзету енгізу керек.

      Қалалардың дамуына қолжетімді тұрғын үй салуға жағдай жасау тұрғысынан қарау, жеке және жалгерлік тұрғын үй құрылысына ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесі тұрғындарды тиісті инфрақұрылымдық артықшылықтары бар қалаларда шоғырлануға ынталандыруға тиіс. Мұның өзі тұрғын үй құрылысына және жеке сектор үшін жылжымайтын мүлікке қаржы инвестициялауды анағұрлым тартымды етуге қажетті негіз жасауды қамтамасыз етеді, тиісінше, тұрғын үйді әлдеқайда қолжетімді ете түседі.

       Жетінші. Денсаулық сақтау саласындағы қызметті ұйымдастыруда осы заманғы қағидаттар мен үлгі-қалыптарға көшу.

      Мен бұл арада сіздердің назарларыңызды әлеуметтік саладағы заңнамалық және әкімшілік реформалардың денсаулық сақтауға қатысты пакетін жүзеге асыру 2007-2008 жылдарда негізінен аяқталатынына, сондай-ақ Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жылдамдата жүзеге асыру қажеттігіне аударғым келеді.

      Біз, бәрін де жан-жақты ойластыра отырып, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан өзін-өзі ақтайтын жағдайларда жеке секторды осы іске белсенді тарту және тұрғындарды медициналық қызметтің ең бүгінгі заманғы жүйесімен қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау секторын ырықтандыруға да қадам жасауға тиіспіз.

       Сегізінші. Қоршаған ортаны қорғау.

      Экология саласындағы мәселелерді халықаралық үлгі-қалыптарға сәйкес, халықаралық қоғамдастық алаңдамайтындай және "таза" индустрияларды дамыту мүмкіндігін жақсартатындай етіп аумақтық даму негізінде шешу керек.

      Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар ең жаңа технология орнатылған өндірістер құруды немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қайта жаңғыртуды ынталандыруға тиіс.

      Бұл арада біз бірқатар мәселелерді, атап айтқанда, экологиялық жағынан зардап шеккен аудандардың экономикалық даму мәселелерін шешуде халықаралық ынтымақтастық пен іс-қимылды үйлестіруді; қоршаған ортаны қорғауды жақсарту жөніндегі заңнамалық нормаларды енгізуді; экологиялық қауіпсіздіктің басқа да элементтерін шешуіміз керек.

       Тоғызыншы. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін басқарудың халықаралық үлгі-қалыптарын енгізу.

      Бұл іске қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының арнаулы бағдарламасы бар. Біз де өзіміздің үлгі-қалыптарымызды сол бағдарламаға сәйкестендіруіміз керек.

      Бизнестің әлеуметтік есеп беруінің және жалпыұлттық міндеттерді шешудегі оның әлеуметтік жауапкершілігін арттырудың баршаға бірдей ережелерін талдап-жасау, енгізу керек, бұл істі "әлеуметтік жауапкершілікті" бизнестер үшін артықшылықтар жасай отырып жүргізген жөн.

      Ал енді бүгін ұсынылып отырған стратегиялық бағыттың басқа басымдықтары туралы айтайын.

       ІV басымдық: Демократия және қоғамды саяси тұрғыдан жаңғырту мәселелері

      Бұл басымдық, менің ойымша, қазірдің өзінде белгілі бір дәрежеде "қоғамдық сынамадан" өтті. Одан арғы нақты іс-әрекеттерімізді мен жоғарыда айтып өткен Мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында талқылауды ұсынамын.

       V басымдық: Ұлттық қауіпсіздіктің бүгінгі қатерлер мен жаһандық ауқымдағы сынақтарға сай стратегиясы

       VІ басымдық: Әлемдік дамудың серпінділігін ескеретін сыртқы саяси міндеттер

      Бұл басымдықтар бізде едәуір деңгейде пысықталған. Соның өзінде де олар Қауіпсіздік кеңесінде уақытқа сәйкестігі және Қазақстанның жедел жаңғыруын қамтамасыз етуі тұрғысынан талқыланатын болады.

      Жоғарыда аталғанның бәрі де - біздің ортақ міндеттеріміздің негізі ғана. Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасы бізге әлемнің бәсекеге қабілетті елдері қоғамдастығына қарай бірізділікпен әрі сарабдалдықпен, асығып-аптықпай, әбігерленбей қадам басуға мүмкіндік беруге тиіс.

      Бұл мақсат бүкіл ұлттың, елдің барлық атқару органдарының басты идеясына айналуға тиіс.

      Үкіметтің әрбір мүшесінің, барлық деңгейдегі әкімдіктердің күрделі, қауырт жұмысты атқаруына тура келеді. Мәселелердің әр шоғырына жауап беретін адамдар айқындалуы керек. Тапсырылған жұмыстың жылжымай жатқаны лауазымды адамның өзіне жүктелген жауапкершіліктің үдесінен шыға алмағанын білдіреді, ондайлар ауыстырылуға тиіс.

      Үкіметтің қазіргі құрамы жұмыс істеген тұста экономика дамуының жоғары қарқыны сақталды. Индустриялық және тұрғын үй бағдарламалары оңды нәтижелер бере бастады, ойға алғандарымыз ауыл шаруашылығында да жүзеге асырылуда, әлеуметтік салада бағдарламалар талданып-жасалды. Ең бастысы - азаматтардың әл-ауқаты жақсарды.

      Бұл жұмыс бүгін мен айтқан жаңа міндеттер тұрғысында жалғасын табуға және дамытыла түсуге тиіс. Міне сол себептен де ырғалып-жырғалып жүріп, уақыт жоғалтып алмау үшін осы бүгін сөз сөйлеуге бекіндім. Бұл үшін атқарушы биліктің нақты іс-қимылдарының сабақтастығы керек. Сондықтан да сіздердің қарауларыңызға Премьер-Министр етіп Даниал Ахметовті қайта тағайындауға келісім беру жөнінде ұсыныс енгіземін. Сіздер оны жақсы білесіздер, мінездеме беріп жатудың қажеттігі жоқ.

      Алайда, Үкіметтің алдына қойылған жаңа міндеттер оның құрамына өзгерістер енгізуді де талап етеді. Министрліктер мен агенттіктердің дербестігін және жауапкершілігін көтеру, олардың жұмысын жарыса жүргізбеу керек деп санаймын. Олардың әлемдік экономикалық кеңістікте көп жұмыс істеуіне тура келеді, олар сол биік талапқа сәйкес болуға тиіс.

      Сіздер Д.К.Ахметовтің кандидатурасын қолдаған жағдайда Премьер-Министрдің орынбасары лауазымына бұрын министр, Премьер-Министрдің орынбасары қызметтерін атқарған К.Қ.Мәсімов тағайындалады. Менің көмекшім ретінде экономикалық мәселелермен айналысқан. Ол Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын талдап-жасаушылардың бірі болды.

      Бір жағынан, орасан зор тәжірибе мен прагматизм, екінші жағынан, осы заманғы әлемдік экономика үрдістерін білу бұл екі азаматтың алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудағы жұмысын жемісті етеді деп сенемін.

      Ықыласпен тыңдағандарыңызға рахмет.

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады