Дағдарыстан - дамуға

Жаңа

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауы, Астана қ., 2009 жылғы 6 наурыз

Қадірлі қазақстандықтар!
Қымбатты менің отандастарым!

      Қазір бүкіл әлем жұртшылығы экономикалық дағдарыстың қиындықтарын бастан өткеруде.
      Жаһандық дағдарыс дауылы алпауыт мемлекеттерді де шайқалта бастағанын бәріңіз көріп, біліп отырсыздар.
      Дағдарыс салқыны бізді де айналып өткен жоқ.
      Оқтын-оқтын айналып соғатын әр деңгейдегі дағдарыстарға біз бұған дейін де төтеп беріп келгенбіз.
      Тәуелсіздік шежіресін парақтасақ, күйреген кеңестер империясының орнына жаңа мемлекет құру бізге оңайға түскен жоқ. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру, оны жаңаша даму жолына түсіру - тақыр жерден тау тұрғызғанмен бірдей еді.
      Ел болып ол қиындықтарды да еңсеріп өттік.
      Өткен ғасырдың соңында Шығыс Азияда басталған кезекті дағдарыс тұсында тәуелсіздігіміз тағы бір сынаққа түскен болатын.
      Дер кезінде қабылданған дұрыс шешім, ұтымды іс-қимылдың арқасында біз одан да аман-есен өте шықтық.
      Біз осылайша сындарлы жылдар мен күрделі кезеңдерде лайықты тәжірибе жинақтап, ысылып, шыңдала түстік.
      Ел дамуының жаңа бағыттарын айқындап, қарыштап алға басумен болдық.
      Сол сияқты қазіргі әлемдік дағдарыс та өткінші құбылыс.
      Халқымыз мұндай күйзелістер кезінде "көппен көрген ұлы той" деп, сабыр сақтап, ынтымақ-бірлігін бекіте түскен. Қиындықтарды бірлесіп жеңіп отырған.
      Мемлекет дағдарыстың алдын алудың барлық шараларын жасауда. Ұлттық қордан бөлінген ауқымды қаражат қазір отандық экономиканың кідіріссіз жұмыс істеуіне қызмет ете бастады.
      Әлеуметтік кепілдіктер толығымен сақталып отыр.
      Олай болса, бұл дағдарыстан да біздің аман-есен өтетініміз айдай анық.
      Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады.
      Алдымызда бізді үлкен белес күтіп тұр. Ол - Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдығы.
      Дүние дамуымен есептегенде жиырма жыл деген көп те емес шығар. Бірақ біз үшін үлкен кезең тұтас бір дәуірмен барабар.
      Олай болатыны, тәуелсіздік - ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты.
      Сол себепті тәуелсіздіктің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек, маңызы айрықша.
      Халқымыздың басына түскен қандай да бір сынаққа қарамастан біз тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы жасампаз істерімізді жалғастыра бермекпіз.
      Барша қазақстандықтардың жұмған жұдырықтай бірлігінің арқасында біз алмайтын асу, біз жеңбейтін кедергі болмайды.
      Солай боларына нақты сеніңіздер, құрметті отандастар!

Құрметті қазақстандықтар!
Қымбатты отандастар!

      Іс жүзінде жиырма жыл бойы күннен-күнге біз сіздермен жаңа елді құру үстіндеміз.
      Ашық та өркенді елді.
      Жылдан-жылға қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсара түскен елді.
      Саяси тұрақты және өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен елді.
      Ешқашан және ешкім үшін сыртқы қатер көзі болмайтын елді.
      Ондаған жылдар оза қабылдаған Қазақстанның даму стратегиясы, оны елдің нақты табыстарына айналдыру тәжірибесі бізге өз күшімізге деген сенімділікті берді, біз таңдап алған жолымыздың дұрыстығына көз жеткіздік.
      Нақ сондықтан да бұдан екі жылдан астам бұрын басталған әлемдік қаржы рыноктарындағы дағдарыстың әу басында біз дағдарысқа қарсы шаралардың кешенді жүйесін әзірлеп, дәйектілікпен іске асырып келеміз.
      Біз ішкі және сыртқы конъюнктураны жіті қадағалап, еш кідіріссіз табанды шараларды қолға алудамыз. Нақ сондықтан да жаһандық азық-түлік дағдарысы біз үшін ұлттық апатқа айналған жоқ.
      Бірақ бүгінде бүкіл әлемдік экономиканы діңкелетіп үлгерген экономикалық дағдарыс біздің беріктігімізді сынаққа салуда.
      Дағдарыс бізге сырттан келді. Оның көздері елдің ішінде емес, әлемдік экономиканың сәйкессіздігінде жатыр.
      Дағдарысты болдырмау және бәрін алдын ала көздеу мүмкін емес еді.
      Оны еңсеруге әлемнің жетекші экономикалары қазірдің өзінде 10 триллионнан астам АҚШ долларын, яғни бүкіл әлемдік ІЖӨ-нің іс жүзінде 15 пайызын жұмсады. Бірақ та ахуал жақсы жаққа қарай әлі өзгеретін емес.
      Дағдарыс өз ауқымына дәйектілікпен Америка континентін, Еуропа мен Азияны тартты.
      Бүкіл жағдайға қарағанда, ол ұзаққа созылады. Талдамашылар айтқанындай, әлемдік экономика өз құлдырауында әлі шыңырау түбіне жеткен жоқ.
      Әлемде болып жатқан үдерістерге өз көзқарасымды мен өзімнің "Дағдарыстан шығу кілті" атты мақаламда баяндадым. Оған түрліше қарауға болар, бірақ та біз, қазақстандықтар, осынау дағдарыстан шығудың жалпы ізденісіне өз ойымызды қостық. Дағдарыс қатардағы емес, одан шығудың нұсқалары мүлдем әртүрлі болуы тиіс.
      Мен осынау жаһандық дағдарыстан кейін әлемдік қаржы жүйесі, бәлкім, мемлекеттерді саяси басқаруда өзгеретініне сенімдімін. Көпшілік экономиканы "қолмен басқару" қажеттігіне келіп отыр, ал реттеу осы дағдарыстан шығудың аса маңызды ісіне айналуда.
      Сондықтан да тереңде түбегейлі көзқарас әлемдік қоғамдастықта әлемдік нарықтық экономиканың келесі бұрылыстарында бізді қауіпсіздендіру жолын табуға көмектеседі.
      Сондықтан мен ұсынған түбегейлі шаралар әлемдік қоғамдастықта талқыланатын болады.
      Менің ұсынысым - бұл жаһандық проблемаларды шешу ізденісіне қосқан үлесім.
      Бірақ та бүгінгі нақтылық мынадай, әлемдегі іскерлік белсенділіктің қысылуы мұнай мен металға деген сұраныстың төмендеуіне соқтырды. Ал бұлар - Қазақстан экспортының негізі.
      Бір жылда мұнай бағасы 4 есе дерлік, металл бағасы 2 есе дерлік құлап түсті.
      Біздің негізгі сауда-саттық әріптестеріміз әрі жақын көршілеріміз - Ресей мен Украина өздерінің ұлттық валюталарын 40-45 пайызға құнсыздандырды. Сондықтан да біз өзіміздің тауар өндірушілеріміздің мүддесі тұрғысынан теңгенің құнсыздануына баруға мәжбүр болдық. Өйтпесек қазақстандық өнім өзінің бәсекеге қабілеттілігін жоғалтар еді. Біз елдің алтын-валюта резервін жұмсауды жалғастыра берер едік.

Құрметті қазақстандықтар!

      Өкінішке орай, қиын сынақтар мен дағдарыс қысымының салмағы әлсіремей тұр. Мұны сіздер де білуге тиіссіздер.
      Бірақ та мынаған сенімді болуға тиіссіздер, біз бұл сынақтарға дайын ғана емеспіз.
      Біз оларды еңсереміз және осы дағдарыстан әлдеқайда күшті және өркенді мемлекет болып шығамыз.
      Біз әлемдік қауымдастықтағы өз ұстанымымызды сақтаймыз.
      Ұлттық қорды құра отырып, біз қорланудың мақсатты саясатын жүргіздік.
      Бұл қорды құру керек пе, әлде қаржыны баршаға аз-аздап үлестіреміз бе дегенге орай қаншама талас жүргенін сіздер жақсы білесіздер. Қазіргідей бюджетке алымдар 20 %-ға төмендеген кезде зейнатақы және жалақы төлеумен не істер еді?
      Жақсы уақытта осы қорды құра отырып, біз дұрыс істедік. Өзінің ертеңгі күні туралы ойлайтын мемлекеттер осылай істеуге тиіс.
      Сол арқылы біз осы тұрпатты сілкіністер мүмкіндігінің алдындағы экономикамыздың беріктік қорын қамтамасыз еттік.
      Өмірге қабілетті және икемді экономика жасау үшін біз дәйектілікпен күрделі құрылымдық реформаларды жүргізіп, экспорттық әлеуетті ұлғайттық және әртараптандыруды бастап кеттік.
      Нақ сондықтан да бүгінде біздің айтарлықтай мүмкіндігіміз бар және ойластырылған әрі тиімді дағдарысқа қарсы саясат жүргізуге жағдайымыз жетеді.
      Көптеген мемлекеттердің пайда болған жаһандық дағдарысқа жауап берген шарасы ынталандырушы экономикалық шаралар пакетін қабылдау болды.
      Қазақстан әлемдік экономиканың өскелең турбуленттілігіне жедел үн қатқан және алдын алу шараларын іске асыруға кіріскен әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі болды.
      Қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін біз банктерге қосымша өтімділік бердік. Бұл шағын және орта бизнестің, ірі кәсіпорындардың экономикалық белсенділігін қамтамасыз ету үшін жасалды.
      Жеке тұлғалардың салымдары бойынша кепілді өтеудің сомасы 700 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Мемлекет сыртқы қарыз алумен және меншік капиталының жеткіліктілігімен байланысты банк секторының тәуекелдерін төмендетуге көмектесті.
      Тұрғын үй құрылысына және үлескерлер проблемаларын шешуге қолдау білдіруге 545 миллиард теңге жұмсалды.
      Елде іскерлік белсенділігін сақтау үшін біз шағын және орта бизнес субъектілеріне 275 миллиард теңге көлемінде бұрын соңды болмаған қаржылық қолдау жасадық. Әкімшілік кедергілерді табанды қысқарту жөніндегі жұмыс жалғастырылды.
      Негізгі салықтар бойынша ставкаларды әлдеқайда төмендеткен жаңа Салық кодексі іске қосылды.
      Өткен жылмен салыстырғанда, корпоративтік табыс салығы биылғы жылдың өзінде үштен бірге төмендетіліп, 20 пайызды құрайды, ал 2011 жылы 15 пайыз болады. ҚҚС ставкасы 12 пайызға дейін темендетілді. Әлеуметтік салық ставкасының регресті шкаласының орнына 11 пайыз көлеміндегі бірыңғай ставка енгізілді. Инвестицияларды жүзеге асыратын кәсіпорындар үшін салық преференциялары көзделген.
      Осының бәрі экономиканың шикізаттық емес секторын, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың аса маңызды ынталандырғышының біріне айналды.
      Мемлекеттік сатып алулар туралы Заң отандық өндірісшілерге артықшылық береді, мұның өзі де шағын және орта бизнеске қолдау білдіруге бағытталған.
      Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 280 миллиард теңге, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға 120 миллиард теңге бөлінді.
      Тұтастай алғанда ел экономикасына дағдарысқа қарсы мақсаттарда қосымша 2 триллион 700 миллиард теңгеден астам жұмсалды.
      Бұл әлемдік дағдарыс салдарын еңсеру үшін қуатты ынталандыру екенімен келісерсіз.
      Біз табанды да жедел әрекет етеміз, өйткені әлемдік дағдарыстың біздің экономикамыз бен қоғамымызға соққы күшін әлсірету үшін қашан және не істеу керектігін білеміз.
      Бұған ел Үкіметі мен Парламентінің бірлескен жедел жұмысы жәрдемдесті.
      Құрметті менің отандастарым, осы кезеңнің қыспағына бәріміз бірге қарсы тұруға тиіс екенімізді сіздер түсінсе екен деймін.
      Үкімет әлеуметтік төлемдерді және бюджетшілердің жалақысын ұлғайту жөніндегі мемлекеттің барлық міндеттемелері толық көлемінде сақталуына кепілдік беруге міндетті.
      Бұрынғы жоспарланғанындай, 2010 жылы бюджетшілердің жалақысы және шәкіртақы 25 пайызға, ал 2011 жылы тағы да 30 пайызға ұлғайтылатын болады.
      Зейнетақының орта мөлшері 2010 жылы 25 пайызға және 2011 жылы 30 пайызға ұлғайтылады.
      Бұл ретте 2011 жылы базалық зейнетақылық төлемдер мөлшері ең төменгі өмір сүру мөлшерінің 50 пайызына дейін өседі.
      Өздеріңізге белгілі болғанындай, мемлекет оқу ақысын төлеу үшін қаржысыз қалған студенттерге қолдау білдірді. Мемлекет барлығы студенттер үшін 11 мың грант және 40 мың несиені қосымша бөліп отыр.

Құрметті қазақстандықтар!

      Біздің алдымызда дағдарыс салдарын еңсеру және келесі экономикалық өсуге әзірлену жөнінде үлкен міндеттер тұр.
      Қазірдің өзінде біз қабылдағанның бәрі - бұл бүгінгі дағдарыс туындатқан ағымдағы проблемаларды шешу.
      Мен тоқтап қалмауды, одан әрі жүруді және дағдарыстан кейінгі елдің дамуын қамтамасыз ету үшін экономиканы одан әрі жаңғырту және жұмыспен қамту стратегиясын іске асырудың жаңа жоспарын жүзеге асыруды ұсынамын.
      Ең қиын жылдары біз салуды бастап, елдің жаңа байтағын - Астананы, біз осыны жүзеге асыра алатынымызға ешкім сенбеген кезде тұрғыздық. Біз осыны жасадық, мұны бүкіл әлем көріп отыр. Келіңіздер, осы жақсы тәжірибені жалғастыратын болайық.
      Иә, жаңа қаражат қажет. Осы мақсатта дәстүрлі түрде Ұлттық қорға есептеліп келген шикізаттық сектордың табыстарын 2009-2010 жылдары жаңа жоспарды жүзеге асыруға жұмсау дұрыс болады деп санаймын. Тұтастай алғанда бұл Ұлттық қордан бекітіліп қойылған трансферттерге қосымша шамамен 600 миллиард теңгені құрайды.
      Бұл - уақытша, бірақ та қажетті шара. Бұл ретте біз қазіргі сәтте бар елдің жалпы резервінің сол көлемін, яғни 47 миллиард американ долларын сақтаймыз. Бұл бізге осы дағдарыс жалғасқан жағдайда тұрақтылыққа деген сенімділік береді.
      Қаражаттың басқа бір көзі - бұл бюджеттің барлық шығындық баптары бойынша қатаң үнемдеу және аса қатал қаржы тәртібі. Осыны ескере отырып Үкіметке республикалық бюджет шығындарын оңтайландыруды және апта сайынғы мониторинг режимінде бюджеттік қаражаттың жұмсалуын жіті бақылауды тапсырамын. Осыған сондай-ақ біздің депутаттарды да шақырамын.
      Қауырт өсу кезеңінде үйреншікті болып кеткен ысырапқорлық ойлы тұтынумен және үнемдеумен ауыстырылуы тиіс. Ашығын айтайық, бізге ақша пайда болған осы жылдары сұраныс көбейіп, штаттар қампиып кетті және іссапарлар саны, әрқилы ауқымды мәдениет күндерін өткізу ұлғая түсті. Осы мәселеде баршаның ойланғаны керек.
      Қаржы тәртібін бұзушыларға дағдарыс уақытының заңы бойынша қатал сұраныс қойылуы тиіс. Барлық басым емес шығындар - әкімшілік, инвестициялық және басқа шығындар - нөлге теңестірілуі тиіс. Бұл жергілікті бюджеттерге де қатысты.
      Босаған қаражат бізге, ең алдымен, қазақстандықтардың еңбекпен қамтылу стратегиясын іске асыру мүмкіндігін береді. Ол бізге дағдарыс ауыртпалығын еңсеруге ғана көмектесіп қоймайды, сонымен бірге дағдарыстан кейінгі уақытта экономиканың тиімді дамуын қамтамасыз етеді. Ол әрбір қазақстандық отбасына жаңа мүмкіндіктер беруі тиіс.
      Жұмыс орындарының жеткіліктілігі Үкімет мүшелері мен әрбір әкімнің Қазақстан экономикасының тұрлаулы дамуын қамтамасыз етуге қабілеттілігі айқындалатын негізгі көрсеткіш болуы тиіс.
      Әрбір әкім, әр министр апта ішінде қанша жұмыс орнының қысқарғанын және жергілікті орындарда қаншасын ашқанымызды білуі тиіс. Нақ осы тұрлаулы дамудың негізі болып табылады.
      Өңірлік жұмыспен қамтылуды және кадрлардың қайта даярлануын қамтамасыз ету үшін мен Үкіметке кем дегенде 140 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.
      Жергілікті бюджеттерден де жұмыспен қамту стратегиясын бірлесе қаржыландыруға ресурстар бөлінуі тиіс.
      Жұмысынан айырылғандар үшін жаңа жұмыс орындарын құратын боламыз. Біз кем дегенде 350 мың қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз ете аламыз, бұл қазіргі қоғамдық жұмыстарды есептемегенде.
      Бізде еңбек рыногын дамыту үшін мүмкіндіктер бар, оларды ойлап табу керек емес. Нақ осыған біз қосымша бөлінген қаражатты жұмсаймыз.
      Біріншіден, бұл коммуналдық желілерді қайта жарақтандыру және жаңғырту. Бұл - сумен қамтамасыз ету, жылумен қамтамасыз ету, энергетика мен кәріз сулардың нысандары мен желілері.
      Үкіметке әкімдермен бірлесіп осы мақсатқа кететін қажетті шығындарды анықтауды, жұмыстарды қаржыландыруды ғана емес, сонымен бірге бюджеттен бөлінген әрбір теңгенің пайдаланылуын қатаң бақылауды тапсырамын.
      Бұл көзге көрінбейтін жұмыс, бірақ та бізге оны бәрібір істеуге тура келеді. Ол - болашақ дамудың негізі. Бұл қалалар мен жергілікті орындарда орасан көп жаңа жұмыс орындарын ашудың мүмкіндігі. Біз халқымыздың сатып алу қабілетін арттырамыз. Егер парасатпен жұмыс істей білсек, босаған адамдарды жаңа мамандықтарға үйрету керек.
      Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты әлдеқашан-ақ ретке келтіру керек еді. Келіңіздер, қазір осымен айналысайық.
      Екіншіден, бұл жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын салу, қайта жарақтандыру және жөндеу, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды, ең алдымен мектептер мен ауруханаларды жаңарту.
      Бұл енді ӘКК-лердің міндеті, олар халықтың барынша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге міндетті. Мәселенің қаржылық жағы - Үкімет пен әкімдердің құзырында.
      Біз қазір халықпен келісіп, тура айтуға тиіспіз: құрылысы басталған мектептер мен ауруханаларды салып бітіреміз. Жағдай осылай болып тұрғандықтан, біз жаңаларын кейінге қалдыра тұрамыз, алайда қаражатты қолданыстағы мектептерді, ауруханаларды, медициналық пункттерді жөндеуге жұмсаймыз. Осылай жұмыс орындарын да құрамыз.
      Сондай-ақ, біз салуды белгілеген магистралдық автомобиль және темір жолдарын да тоқтата тұруға тура келеді. Мұның орнына ақшаны облыс орталықтарының, қалалардың төңірегіндегі жолдарды, ауданаралық жолдарды ретке келтіруге жұмсаймыз. Осылайша біз тылымызды бекіте түсеміз.
      Үшіншіден, әрбір нақты елді мекендегі жергілікті мәндегі нысандар. Бұл жергілікті биліктің шешуі бойынша жолдарды, клубтарды немесе басқа нысандарды абаттандыру мен көгалдандыру, жөндеу. Бұл мақсаттарға атаулы трансферттер бөлінуі тиіс.
      Жергілікті өзін-өзі басқару органдары ретінде аудандық мәслихаттарға қаражат бөлінуі тиіс. Жұмыспен қамтудың жергілікті проблемалары мен мәселелерін шешу үшін бұл қаражатты қайда жұмсау керектігін олардың өздері шешетін болсын.
      Бұл жұмыстың тиімділігі үшін дербес жауапкершілікті тұтастай әкімдерге жүктеймін.
      Аталған барлық жобаларды іске асыру үшін біз жергілікті өндірісшілердің әлеуетін барынша пайдалануға тиіспіз. Егер қажетті өндірістер бүгінде жоқ болса, оларды құру керек, мұның өзі бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
      Біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының қарсаңында тұрмыз. Осы датаға орай бүкіл Қазақстанда кең ауқымды жұмыс өрістеуі керек. Бұл біздің ұрпағымыз үшін, біздің халқымыз үшін ұмытылмас жылдар. Қазақ ұлтының және бүкіл Қазақстанның тарихында мұндай кезең болған емес.
      Осының барлығына тереземіз тең, керегеміз кең ел болғанның арқасында қол жеткіздік, ел ретінде, қазақ ретінде, мемлекет ретінде мұндайлық сәулелі күннің басымызға тәуелсіздіктің арқасында ғана қонғанын біздің ұрпақ ұмытпақ емес. Ел шежіресіндегі ерекше бұл белеске біз барынша дайындықпен баруымыз керек. Қазірден бастап әр ауылдың кем-кетігін қалпына келтіріп, көгалдандырып, жолдарымызды жөндеп, үйлеріміздің іші-сыртын әрлесек, елдің де көңілі көтеріле түседі.
      Сондықтан бұл жұмысты біз қазірден бастауға тиіспіз. Әр ауыл әкіміне шамамен 50-100 миллион теңгедей аздап ақша бөлсек, олар аудандық мәслихаттардың бақылауымен қандай да бір қиындық көріп жатқан тұрғындарға қажетті мәселелерді шешер еді, шағын несиелер берер еді.
      Осылайша біз жұмыспен қамтылу мәселесін шешіп қана қоймаймыз, сонымен бірге біздің елімізде жаңа өндірістердің пайда болуы үшін ынталандыру жасаймыз.
      Төртіншіден, бұл әлеуметтік жұмыс орындарын кеңейту және жастар практикасын ұйымдастыру.
      Халықты жұмыспен қамту туралы қолданыстағы Заң бізге бюджет қаражатын осы мақсатқа пайдалануға мүмкіндік береді. 2008 жылы 13 мыңнан астам адам осы бағдарламалар бойынша өз мүмкіндіктерін іске асырды.
      Біздің бүгінгі міндетіміз - қазіргі бар бағдарламалардың аясын кеңейту.
      Осы мақсатқа қосымша 8,6 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Сонда біз 96 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеміз.
      Осымен бір мезгілде біз Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан жұмыссыздығы бойынша жәрдемақы төлеудің барынша ұзақ мерзімін 4-тен 6 айға дейін ұлғайтуға тиіспіз.
      Әлемдік дағдарыс жағдайында біздің жұмыспен қамту стратегиямыз кадрларды қайта үйрету және қайта даярлау жөніндегі толық ауқымды жұмысқа бағытталған.
      Үкіметке әкімдермен бірлесіп қазіргі бар оқу орындарының базасында мамандарды қайта даярлауды ұйымдастыруды тапсырамын.
      Біздің адамдарымыз оқып-үйренуге тиіс, бүкіл әлемде адамдар өмір бойы оқумен өтеді. Мына жағдайда қайта оқуға, сөйтіп бүгін қажет болып отырған мамандықты игеруге мүмкіндік те бар, қажеттілік те бар.
      Біз қазір барлық ірі құрылыс кәсіпорындарын адамдарды басқа мамандықтарға оқыту үшін қарыз бөлуге міндеттейміз. Барлық жерде осылай болуға тиіс. Егер Үкімет пен әкімдер жұмысты ойдағыдай ұйымдастыра алса, адамдар оқуға отырады да, жаңа мамандықтарды игеріп алып кетеді.
      Кадрларды қайта даярлау және қайта оқыту жөніндегі жүйелік жұмыс мынадай мақсаттарды көздеуі тиіс:
      - Жаңа мамандық бойынша жұмыс істегісі келетін әрбір адамның оқу мүмкіндігі болуы тиіс.
      - Экономиканың еңбек ресурстарына деген болашақ сұраныстарын, ең алдымен, ауыл шаруашылығында қамтамасыз ету.
      - Шетелдік жұмысшыларды отандық кадрлармен біртіндеп алмастыру. Біз оларды жартылай қысқартып, өз адамдарымызбен алмастырмақпыз.
      Сонымен қатар әлемдік дағдарысқа, біз бастан кешіп жатқан кезеңнің қиындықтарына қарамастан, біз олардың шешілуіне ғана шоғырланып қоя алмаймыз. Біздің болашағымыз экономиканың одан әрі жаңғыртылуы мен базалық инфрақұрылымның дамуына байланысты.
      Біз қолданыстағы перспективалық инвестициялық жобаларды қаржыландыру және іске асыруды жалғастырамыз.
      Ең алдымен бұл мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту.
      Бізде мұнай өңдейтін үш зауыт бар, сөйтсе де әлі күнге жанармай сатып аламыз, авиация керосинімен де қамтамасыз етілмегенбіз. Енді қазір бұл іспен айналысу керек.
      Біз осы мұнай өнімдеріне деген ішкі сұранысты біртіндеп толық қамтамасыз етуге тиіспіз.
      Біз Атырауда мұнай-химия кешенін салуды жалғастырамыз. Мойнақ ГЭС-інің құрылысын биыл аяқтаймыз, Екібастұз 1-ГРЭС-ін кеңейту және қайта жарақтандыру жөніндегі жұмысты жалғастырамыз. Ол жерде сегіз блоктың орнына төрт блок жұмыс істеп тұр. Бұл дайын, шығынды қажет етпейтін электр қуаты. Екібастұз 2-ГРЭС-інің үшінші энергия блогын салу жұмысын жалғастырамыз, биыл Балқаш ЖЭС-ін салуды бастаймыз.
      Біздің жоспарларымызда "Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ" магистралдық газ құбырын салу, "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" автожолының транзиттік дәлізін қайта жарақтандыру бар. Биыл біз дайындық жұмысын қолға аламыз. Онда 5 мың адам жұмыс істейтін болады, ал 2010-2012 жылдары 50 мың адамға дейін жетеді.
      Мұның өзі Қазақстанды Еуропадан Азияға жетіп жататын көлік дәлізіне айналдыратын күретамыр болады.
      Біз электровоздар, жолаушы және жүк вагондары, жол битумдары өндірісін, химия өнеркәсібін ұйымдастыруға кірістік.
      Агроөнеркәсіптік кешен туралы айрықша айтқым келеді, оның дамуы арқасында біз бір мезгілде еліміз үшін аса маңызды екі міндетті - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экспортты әртараптандыруды шешеміз.
      Сондықтан да біз тауарлы-сүт фермаларын, құс фабрикаларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру мен дамыту, тамшылап суаруды қолдану арқылы жеміс-көкөніс дақылдары өндірісін ұйымдастыру, ауылшаруашылық техникаларын жинау жөніндегі өндірістерді құру, ет өңдеу өндірісін дамыту, биязы жүнді қайта өңдеу, қазақстандық астық экспортының инфрақұрылымы және оны терең қайта өңдеу секілді экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту жөніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруды жалғастыруға шешім қабылдадық.
      Құрылыс үшін басқа да маңызды жобаларды қарастыру керек. Бұл Көксарай су қоймасын, басқа да ірі ирригациялық нысандарды салуды жалғастыру.
      Қызылқұм массивінде 60 мың гектар суармалы жерді игеру мақсатын алға қойғанбыз. Бүгінде техникалық-экономикалық негіздемесі мен кірме жолдары бар нысандарда жұмысты бастау керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату - маңызды сала. Біз қазір консервіленген жеміс-жидек өнімдерінің 80 пайызын, ет өнімдерінің жартысын, құрғақ сүттің 53 пайызын сырттан әкеліп жүрміз. Егер осының бәрін шеше алсақ - онда адамдар қаладан селодағы өнеркәсіпке жұмыс істеуге баратын болады.
      Біздің бағалауымыз бойынша, экспорттық мамандандыру перспективада 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беріп, таяудағы бес жылда ІЖӨ-нің қосымша өсімінің 8 пайызға жуығын қамтамасыз етеді.
      Осылайша, өзіміздің стратегиялық таңдаумен жүріп, біз экономиканың нақты бәсекеге қабілетті болатын, сыртқы рыноктарда өз орнымызды табатын секторларында жұмысты дәйектілікпен жалғастырудамыз.

***

      Қазіргі қиындықтар - бұл біздің үлесімізге тиген алғашқы сынақ емес.
      Өтпелі кезеңнің аса ауыр дағдарысын біз 90-шы жылдардың басында еңсердік.
      Ол кезде экономиканың құлап түсуі 60 пайызға жетіп, инфляция жылына мыңдаған пайыздармен есептелетін.
      Азияның қаржы рыноктары туындатқан екінші әлемдік дағдарысты біз 90-шы жылдардың аяғында еңсердік. Мұнай бағасы онда бір баррель үшін 9 долларға дейін төмендеді. Біз зейнетақы мен жалақыны төлей алмадық. Ол қиындықтарды да біз еңсердік.
      Уақыт өтеді, содан кейін біз осы дағдарысты да еңсергеніміз туралы айтатын боламыз. Қалыптасқан жағдайдан объективті шығындармен, бірақ та жаңа өсуге әзір болып шығатын барлық мүмкіндіктер біздің қолымызда.
      Дағдарыстар қайталанатын болады, ал біздің мақсат - оны басқаруды үйрену. Әзірге бізде бұл орындалуда.
      Бүгінде біз өз күштеріміз бен ресурстарымызды қайта топтастыруға мәжбүрміз және біз мұны сыртқы жағдайлардың ықпалымен істеудеміз. Алайда бұл біз өз бағытымызды өзгертті дегенді тіпті де білдірмейді. Ол бағыт 2030 жылға дейінгі елдің Даму стратегиясында анықталған. Өмір түзетулерін енгізуде. Бірақ та атап көрсеткім келеді, ол бұрынғысынша қалып отыр.
      Барша қазақстандықтардың өркендеуі, қауіпсіздігі мен әл-ауқатының жақсаруы біздің мемлекетіміз үшін аса маңызды үш тұғырлы міндет болып қала береді.
      Бізде дағдарысқа қарсы жоспар бар, мемлекеттік резервтен жеткілікті қаражат бөлінген. Тұтастай Үкімет және Премьер-Министр, мемлекеттік органдардың басшылары, әкімдер дағдарыстан шығу жөніндегі белгіленген шаралардың орындалуына тікелей жауапты болады.
      Бүгінгі проблемалар және біздің оларды қалай шешіп жатқанымыз - кемелдіктің және біздің қоғамымыз бен мемлекетіміздің тұрақтылығының сынағы. Біз бұл сынақты тапсырамыз деп ойлаймын. Бізге өз дамуымыздың жаңа кезеңіне кіруге және біздің жетістіктерімізді еселеуге тура келеді. Мұны да орындайтынымызға сенімдімін.
      Белгілеген мақсаттарға қол жеткізу үшін біздің халқымыздың топтасқандығы қажет.
      Сондықтан да барша қазақстандықтарға аталған шараларды жүзеге асыруға кірісуге, еңбекқорлық пен табандылық танытуға, ұсынақты болуға, жақындарына, көмекке мұқтаж адамдарға көмектесуге және қамқорлық жасауға шақырамын.
      Парламенттің, мәслихаттардың, "Нұр Отан" партиясының депутаттарына сөз арнаймын. Біздің партия үшін дауыс берген сайлаушылар бізге зор сенім көрсетті. Енді қазір, қиын дағдарыс кезеңінде, біз оны ақтап, қоғамдағы дағдарысқа қарсы ауқымды қозғалыстың басында болуға тиіспіз.
      Үкіметпен және жергілікті органдармен бірлесіп адамдардың нақты проблемаларын шешу, дағдарысқа қарсы шаралардың іске асырылуын, осы мақсаттарға бөлінген бюджеттік қаражаттың жұмсалуын айрықша бақылауға алу керек.
      Қазақстан халқы Ассамблеясына, барлық саяси күштерге сөз арнаймын. Қазір халық туралы кімнің шын мәнінде ойлайтыны, ал кімнің - ойламайтыны сөзбен емес, істе тексеріледі.
      Келіңіздер, планета тарихындағы аса қатал дағдарысты еңсеру жолында бірігейік!
      Адамдарды ашындырмайық, оларға сөзбен және іспен көмектесейік. Мемлекет қазір нақ осыны жасап отыр. Елде тыныштық пен келісімді сақтау маңызды міндет болып қалады.
      Бүгінде бүкіл дүние бір-біріне қарап отыр. Дағдарыстың беті қалай болар екен, одан қай мемлекет қалай шығар екен деп бақылауда. Сан түрлі саясаткерлер, сарапшылар Қазақстан қазіргідей қиындықтан өтер ме екен, осы кезде ел бірлігін сақтап қалар ма екен, бұл ел өзінің мемлекеттілігін құрметтей білер ме екен деп тұрған сын сағатта мен, әсіресе, қазақ халқына бөлекше жауапкершілік жүктеп сөз арнаймын. Қазір алып бара жатқан қиын ештеңе жоқ. Жеріміз кең, еліміз бай, істеген адамға далада да, қалада да жұмыс жетіп жатыр. Бел шеше кірісіп, білек сыбанып жұмыс істейтін кез келді. Бір-бірімізге қарайласатын, көмектесетін, ағайыншылықты танытатын кез дәл осы кез.
      Барлық мемлекеттік қызметшілерге сөз арнаймын. Қазір біз бәріміз қызмет ететін халықтың алдындағы әрбір басқарушының жауапкершілігі еселеп арта түседі. Жергілікті орындарға жиі шығып, еңбек ұжымдарымен, халықпен кездесу керек. Мемлекет қолға алып жатқан шараларды түсіндіріп, адамдарды біріктіру, оларды проблемаларды шешуге көтеру керек.
      Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне сөз арнаймын. Біздің қалалардың көшелері мен ауылдардағы тыныштық сіздерге байланысты. Қылмыспен, сыбайласпен, жемқорлықпен, алаяқтықпен, заңдардың бұзылуымен табанды да қатал күрес жүргізу керек. Осы қиын кезде біздің азаматтардың, бүкіл қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бәрін де істеу керек.
      Мен бұқаралық ақпарат құралдарын белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырамын! Сіздерді "төртінші билік" деп кездейсоқ атамайды!
      Қазір БАҚ адамдар үшін қиындықты қалай еңсеруге болады, мынандай қиын кезде қалай аман қаламыз, қалай төтеп береміз деген мәселелерде "кеңесші" ретінде көрінуге тиіс. Азаматтарды басқа адамдардың оң тәжірибесі арқылы үйрету керек. Біздің ғылыми және шығармашылық интеллигенцияға да осындай рөл жүктеледі.
      Сенімділік, жеке белсенділік, төзімділік, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік секілді көңіл күйлерді орнықтыратын материалды жиі беру керек.
      "Нұр Отан" партиясының мүшелері үйді-үйде көбірек болуға, қандай мамандықтарға қайта оқуға мүмкіндік бар екенін, несиелер мен шағын несиелерді қалай алуға болатынын, қиын жылдарда не істеу керектігін түсіндіруге тиіс. Әр үйге, әр отбасына бару, қарапайым адамдардың көмекшілеріне, кеңесшілеріне айналу керек. Асып-сасатын ештеңе жоқтығын, елдің байтақ екенін, істеген адамға жұмыс жететінін ұғындыру шарт. Сондықтан қай жерде де бірімізге біріміз көмектесіп, білетіндер білмейтіндерге айтып жүруіміз керек. Осының өзі халықты біріктіре түсетін болады.

Құрметті қазақстандықтар!

      Ел дамуының жаңа кезеңінің табыстары көп ретте біздің іс-қимылымыз бен қабылдаған шешімдерімізге байланысты болады.
      Бізде қажетті ресурстар, әлемдік дағдарыс қыспағына төтеп беретін тәжірибе бар. Бізде айқын дағдарысқа қарсы бағдарлама бар. Қойылған мақсаттардың бәріне қол жеткізуге болады!
      Біз барлық қиындықты еңсеретінімізге және Қазақстанымызды күшті, өркенді және әлемде құрметтелетін мемлекетке айналдыратынымызға сенімдімін!

Қадірлі әлеумет!
Отандастарым!

      Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол - бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты кажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет.
      Ел басына күн туған нелер бір қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған осы ынтымағы мен бірлігі емес пе еді?
      "Мың өліп, мың тірілген" қазақ халқы кеңес дәуіріндегі басқа түскен үлкен нәубет жылдарында да өзінің елдігін ыңтымақ пен бірліктің арқасында сақтай білді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзге республикаларда қантөгістер мен қақтығыстар болып жатқанда, татулық пен бірліктің арқасында жас мемлекетімізді жасақтап, өтпелі кезеңнен шығынсыз өттік емес пе?!
      Бүгінгідей қиын-қыстау кезінде мен туған халқымның ынтымақ пен ауызбіршілік танытарына сенемін.
      Сіздер өздеріңіз бас болып өзге де отандас ағайындарға ұйтқы болыңыздар. Әрдайым кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлылық пен іскерлік көрсетіңіздер.
      "Саусақ бірікпей, ине ілікпейді" деген аталы сөзді бәріңіз білетін шығарсыздар.
      Олай болса енді ұсақ-түйекті, берекесіз тірлікті доғарған жөн. Ел үшін, ұрпақ үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын кез келді, ағайын.
      Баршаңызға: "Іске сәт!" демекпін!

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады