Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қаулысы 1993 жылғы 21 желтоқсан N 1469. Kүшi жойылды - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996.11.11. N 3205 Жарлығымен. ~U963205

      1. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы

туралы ереже (қоса берiлiп отыр) бекiтiлсiн.
     2. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi Орталық
сайлау комиссияның құрылымын, штатын бекiтсiн, оның қызметiн
ұйымдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету мәселелерiн
шешсiн әрi сайлауды өткiзуге жұмсалатын шығыстар сметасын
анықтасын. 
     
     Қазақстан Республикасының
             Президентi 
  
     Алматы қаласы. 1993 жылғы 21 желтоқсан
                       N 1469 
     
                                       Қазақстан Республикасы
                                            Президентiнiң
                                    1993 жылғы 21 желтоқсандағы
                                         N 1469 қаулысымен
                                            Бекiтiлген 
     
              Қазақстан Республикасының Орталық
                  сайлау комиссиясы туралы 
     
                    I. Жалпы ережелер 
     


      1. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы (бұдан былай - Ортсайлауком) Қазақстан Республикасының тұрақты жұмыс iстейтiн тәуелсiз мемлекеттiк органы болып табылады.
      2. Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылатын Қазақстан Республикасының сайлау органдары жүйесiне жетекшiлiк етедi.
      3. Орталық сайлау комиссиясы өз жұмысын ашық, жария, алқалы, мәселелердi еркiн талқылау мен шешу, Ортсайлауком мүшелерiнiң бастамашылығы негiзiнде құрады.
      4. Ортсайлаукомның негiзгi мiндеттерi: сайлау туралы заңдардың бiркелкi орындалуын қамтамасыз ету: сайлау жөнiндегi сайлау комиссияларының қызметiне басшылық ету; Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ заңда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген қоғамдық бiрлестiктердiң сайлау құқығын қамтамасыз ету; сайлауға әзiрлiктiң және оны өткiзудiң ұйымдастырылуына бақылау жасау.
      Өзiне жүктелген мiндеттердi орындай отырып, Ортсайлауком өзiнiң бүкiл қызметiмен сайлау жүйесiнiң демократиялық принциптерiнiң жүзеге асырылуына жәрдемдесуге, сайлаушылардың ерiк-жiгерiн еркiн бiлдiру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
      5. Ортсайлауком: төрағаның, төраға орынбасарының, хатшысының және төрт мүшесiнiң құрамына құрылады.
      Орталық сайлау комиссиясының жеке құрамына Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынуымен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi сайлайды.
      Ортсайлауком құрамына өзгерiстердi Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынуымен Жоғарғы Кеңес енгiзедi.
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған жағдайда Ортсайлаукомның құрамына өзгерiстердi Қазақстан Республикасының Президентi енгiзедi, кейiн бұларды Жоғарғы Кеңес бекiтедi.
      6. Ортсайлаукомның төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы және мүшелерi өз функцияларын мiндет бөлiсiне сәйкес жүзеге асырады.
      7. Жоғарғы Кеңестiң және жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттары, депутаттыққа, Қазақстан республикасы Президентiнiң лауазымына кандидат болып ұсынылған адамдар, олардың сенiм бiлдiрген адамдары, сондай-ақ сайлау жөнiндегi басқа сайлау комиссияларының құрамына сайланған адамдар Ортсайлаукомның құрамына ене алмайды.
      Депутаттыққа, Қазақстан Республикасы Президентiнiң лауазымына кандидат болып, ұсынылған және ортсайлаукомның құрамына енгiзiлген адам оны депутаттыққа, Қазақстан Республикасы Президентiнiң лауазымына кандидат етiп тiркеген сәттен бастап, Ортсайлауком мүшесiнiң мiндетiнен босатылған болып саналады.
      8. Ортсайлауком өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын және осы Ереженi басшылыққа алады.
      Сайлауға әзiрлену мен оны өткiзуге байланысты мәселелердi шешуде Ортсайлауком басқа мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктерден тәуелсiз.
      Ортсайлаукомның өз құзыры шегiнде қабылдаған шешiмдерi оған көмек көрсетуге және оның жұмысы үшiн қажеттi мәлiметтер мен материалдарды табыс етуге тиiс мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, кәсiпорындар, мекемелер мен лауазымды адамдар үшiн мiндеттi болып табылады.

               II. Орталық сайлау комиссиясының құқықтық
                         мәртебесi мен құзыры

      9. Ортсайлауком:
      1) республиканың аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының сайлауға қатысты бөлiгi мен Сайлау туралы Кодекс ережелерiнiң орындалуын бақылауды жүзеге асырады, олардың түсiндiрiлуiн және бiркелкi қолданылуын қамтамасыз етедi; қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Кодекстiң ережелерiн пайымдау туралы ұсыныспен республиканың Жоғарғы Кеңесiне сөз салады.
      2) Қазақстан Республикасының президентi мен Жоғарғы Кеңесiнiң депутаттарын сайлауға әзiрлiктi және оны өткiзудi ұйымдастырады;
      3) Қазақстан Республикасының Президентi мен Жоғарғы Кеңесiнiң депутаттарын сайлау жөнiндегi сайлау округтарын құрып, баспасөзде жариялайды;
      4) сайлау науқанының шамамен алғандағы бюджетiн жасап, Жоғарғы Кеңестiң бекiтуiне табыс етедi;
      5) сайлау комиссияларының қызметiне бағыт бередi; олардың арасында сайлау науқанын өткiзуге бөлiнген республикалық бюджеттiң қаражатын бөледi; сайлау комиссияларының қызметiне қажеттi материалдық-техникалық жағдай жасалуын бақылайды; сайлау комиссияларының жұмысына байланысты арыздар мен шағымдарды қарайды;
      6) дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң, сайлаушылар тiзiмдерiнiң, сайлаушылардың қолдайтындығы жөнiндегi қолшарын жинауға арналған тiзiмдердiң және өзге сайлау құжаттарының нысандары мен текстерiн, сайлау комиссияларының дауыс беруге арналған жәшiктерi мен мөрлерiнiң үлгiлерiн, сайлау құжаттарын сақтаудың тәртiбiн белгiлейдi;
      7) мемлекеттiк органдардың сайлауға әзiрлiк пен оны өткiзуге байланысты мәселелер жөнiндегi есептерiн, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктер органдарының сайлау туралы заңдарды сақтау мәселелерi жөнiндегi хабарламасын тыңдап отыруға құқылы;
      8) Қазақстан Республикасының Президентi мен Вице-президентiне кандидаттарды, сондай-ақ мемлекеттiк тiзiм бойынша Жоғарғы Кеңестiң депутаттығына кандидаттарды, олардың сенiм бiлдiрген адамдары мен бастамашыл топтарды тiркейдi, оларға тиiстi куәлiктер бередi;
      9) республика сайлаушыларын сайлау қарсаңындағы науқанның барысы туралы хабардар етедi;
      10) тұтас алғанда республика бойынша сайлаудың қорытындысын шығарады, Қазақстан Республикасының сайланған Президентi мен Вице-президентiн, Жоғарғы Кеңестiк депутаттарын тiркейдi, бұл жөнiнде баспасөзге және басқа бұқаралық ақпарат құралдарына хабар берiлуiн қамтамасыз етедi;
      11) қайтадан дауыс беру, қайтадан сайлау және шығып қалғандардың орнына сайлау өткiзiлуiн ұйымдастырады;
      12) Қазақстан Республикасының заңдарына және осы Ережеге сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      10. Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өз өкiлдiктерiн жүзеге асыру мақсатында Ортсайлауком - сайлауды ұйымдастыру мен өткiзу мәселелерi жөнiнде қаулылар, нұсқаулықтар және өзге актiлер шығарады; Ортсайлаукомның арнаулы бюллетенiн шығарады; сайлау практикасын зерделеу және сайлау туралы заңдарды жетiлдiру жөнiнде жұмыс жүргiзедi; Жоғарғы Кеңес пен Қазақстан Республикасының Президентiне сайлау туралы заңдарды өзгерту мен толықтыру туралы ұсыныстар енгiзедi.
      Ортсайлауком өз өкiлдiгiнiң шегiнде қабылдап шығаратын актiлер Қазақстан Республикасының аумағындағы сайлау жөнiндегi барлық сайлау комиссияларының орындауы үшiн мiндеттi.
      11. Ортсайлаукомның мемлекеттiк органдарға, қоғамдық бiрлестiктерге, кәсiпорындарға, мекемелерге, ұйымдарға, лауазымды адамдарға үндеуi дереу қаралуға тиiс. Бұларға жауап үш күндiк мерзiмнен кешiктiрiлмей берiлуi керек.
      12. Ортсайлауком өзi қабылдаған шешiмдер туралы сайлаушыларға, қоғамдық бiрлестiктерге хабарлайды.
      Ортсайлаукомның мәжiлiстерiне мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi қатыса алады. Тiркелген бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiне Ортсайлаукомның мәжiлiстерiне кедергiсiз кiруге кепiлдiк берiледi.

            III. Ортсайлаукомның жұмысын ұйымдастыру және
                         қызметiн қамтамасыз ету

      13. Кезектi сайлау науқанын әзiрлеу мен өткiзу кезеңiнде Ортсайлаукомның мәжiлiсi қажетiне қарай, бiрақ айына кем дегенде бiр рет өткiзiледi. Өзге уақытта Ортсайлаукомның мәжiлiсi қажетiне қарай, төрағаның немесе ортсайлауком мүшелерiнiң кемiнде үштен бiрiнiң ықтиярына қарай өткiзiледi.
      Егер Ортсайлауком мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, Ортсайлаукомның мәжiлiсi құқылы болады. Ортсайлаукомның шешiмi оның мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Ортсайлаукомның шешiмiмен келiспеген мүшелерi айрықша пiкiр бiлдiруге құқылы, ол жазбаша нысанда Ортсайлауком мәжiлiсiнiң хаттамасына қоса тiркеледi.
      14. Ортсайлаукомның Төрағасы оның мәжiлiстерiн шақырады және оларға төрағалық етедi; ортсайлауком мүшелерi арасындағы мiндеттердi бөледi; Ортсайлаукомның шешiмдерiн орындау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады; Ортсайлауком мүшелерiне тапсырмалар бередi; мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң, басқа ұйымдардың өкiлдерiн, өзге де адамдарды Ортсайлаукомның мәжiлiстерiне қатысуға шақырады; мемлекеттiк органдармен, лауазымды адамдармен, халықаралық ұйымдармен, қоғамдық бiрлестiктермен, азаматтармен қарым-қатынаста Ортсайлаукомның еркiн бiлдiредi; Ортсайлаукомның қызметi, оның қабылдаған шешiмдерi туралы Қазақстан Республикасының Президентi мен Жоғарғы Кеңесiн хабардар етiп отырады, қаржыға иелiк етедi; Ортсайлаукомның аппаратына жалпы басшылықты жүзеге асырады; қызметкерлердi жұмысқа қабылдайды және босатады; заңдарда және осы Ережеде көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      15. Ортсайлауком Төрағасының орынбасары Төрағаға жүктелген өкiлеттiктердi жүзеге асыруға жәрдемдеседi, Төраға орнында болмағанда немесе оның тапсыруы бойынша - Төрағаның функцияларын атқарады.
      16. Ортсайлауком хатшысы Ортсайлауком қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады.
      17. Ортсайлауком мүшесi Ортсайлауком мәжiлiстерiнiң күн тәртiбi бойынша ұсыныстар, сондай-ақ талқыланатын мәселелердiң мәнi жөнiнде ұсыныстар, ескертпелер мен түзетулер енгiзедi; Төрағаның, оның орынбасары мен хатшысының аумақтық сайлау комиссияларының жұмысын тексеру жөнiндегi тапсырмаларын орындайды, тексеру қорытындысы туралы Ортсайлаукомның мәжiлiсiнде баяндайды; сайлаудың өткiзiлуiне байланысты Ортсайлаукомға шағым түсiрген және ұсыныстар жасаған мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерiн, депутаттыққа кандидаттарды, азаматтарды қабылдайды; оның сайлау комиссияларының барлық құжаттарымен және материалдарымен танысуға құқығы болады.
      Ортсайлаукомның мүшесiне белгiленген үлгiдегi куәлiк берiледi.
      18. Ортсайлауком мүшесiне өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруға байланысты жұмсаған барлық шығыстарының Ортсайлауком қаражаты есебiнен өтелуiне кепiлдiк берiледi.
      19. Ортсайлауком қызметiнiң ұйымдастырушылық және ақпараттық-құқықтық жағынан қамтамасыз етiлуiн оның аппараты жүзеге асырады.
      20. Ортсайлауком мүшелерiне еңбекақы төлеу мен материалдық-техникалық және тұрмыстық жағынан қамтамасыз ету жағдайларын, сондай-ақ Ортсайлауком аппаратының құрылымын, штатын, оларды ұстауға жұмсалатын шығыстарды Ортсайлауком Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлейдi.
      21. Еңбекақы төлеу және әлеуметтiк-тұрмыстық жағынан қамтамасыз жағдайлары бойынша Ортсайлаукомның және оның аппаратының қызметкерлерi Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппаратының тиiстi қызметкерлерiне теңестiрiледi.
      22. Ортсайлауком мүшелерiнiң өкiлдiк шығыстарының сметасы Ортсайлауком шығыстарының сметасына қосылады.
      23. Ортсайлауком қызметiне байланысты шығыстардың сметасы республикалық бюджетке жекеше қосылады.
      24. Ортсайлауком заңды тұлға болып табылады, оның елтаңбалы мөрi, штамптары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi және банк мекемелерiнде есепшоттары болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады