Қазақстан Республикасына немесе Қазақстан Республикасының кепiлдiгiне берiлетiн шет ел кредиттерiн тарату, пайдалану және есепке алу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қаулысы 1994 жылғы 20 наурыз N 1607. Kүшi жойылды - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.01.19. N 2035 Жарлығымен. ~U952035

      Қазақстан Республикасына немесе Қазақстан Республикасының кепiлдiгiне берiлетiн шет ел кредиттерiн тарту және оларды пайдалану жөнiндегi жұмыстың ұйымдастырылуын ретке келтiру және министрлiктер мен ведомстволардың, кәсiпорындар мен ұйымдардың осы бағыттағы қызметiн үйлестiрудi қамтамасыз ету мақсатында қаулы етемiн:
      1. Қазақстан Республикасы Премьер-министрiнiң басшылығымен құрамына Қазақстан Республикасы Премьер-министрiнiң Бiрiншi орынбасары, Қазақстан Республикасы Экономика министрлiгiнiң, Қаржы министрлігiнiң, Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгiнiң және Ұлттық банктiң басшылары кiретiн Шетел кредиттерi жөнiндегi комиссия құрылсын. Комиссияға шет ел кредиттерiн тарту мен пайдалануға байланысты мәселелердi қарау және олар бойынша Үкiметтiң шешiмдерiн әзiрлеу тапсырылсын.
      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi Комиссияның жеке құрамын және ол туралы Ереженi бекiтсiн.
      2. Қазақстан Республикасына немесе Қазақстан Республикасының кепiлдiгiне берiлетiн шет ел кредиттерiн тарту, пайдалану және есепке алу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру туралы ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
      3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi бiр айлық мерзiмде шет ел кредиттерiн тiркеу туралы нұсқаулы әзiрлеп, бекiтсiн.
      4. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi аталған жобаларды мемлекеттiк сараптаудан өткiзу тәртiбiн көрсете отырып, шет ел кредиттерi есебiнен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың тәртiбi мен процедуралары туралы нұсқауды бiр айлық мерзiмде әзiрлейтiн болсын.
      5. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi, Ұлттық банкi, Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетi елдiң сыртқы берешегiн бейнелейтiн статистикалық есеп беру нысанын екi айлық мерзiмде әзiрлеп, бекiтсiн және күшiне енгiзсiн.
      6. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне сыртқы берешек жөнiндегi жиынтық есептi Қазақстан Республикасы мүшесi болып табылатын халықаралық қаржы ұйымдары анықтаған тәртiппен жасау жүктелсiн.
      7. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi тiркемеген жаңа жеке-дара кредиттiк келiсiмдер жасау тоқтатылсын.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi аталған тәртiптiң бұзылуы анықталған жағдайда валютамен операциялар жасауға арналып банкiлерге берiлген бас лицензияларды қайтарып алатын болсын.
      8. Министрлiктер мен ведомстволар, холдингтер, қауымдастықтар, концерндер, кәсiпорындар мен ұйымдар, өкiлеттi банктер шет ел кредиттерi жөнiндегi қолда бар құжаттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметi берген кепiлдiк мiндеттемелерiн екi айлық мерзiмде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiнде

тiркейтiн болсын.
     9. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi мемлекеттiң
сыртқы берешегiн басқару жүйесiн құру жөнiнде техникалық көмек
алу үшiн валюта қаражатын Қазақстан Республикасының Қаржы
министрлiгiне басымдықпен бөлу мәселесiн сыртқы жәрдемшiлермен
пысықтасын. 
     
     Қазақстан Республикасының
             Президентi 
     
     Алматы, 1994 жылғы 20 наурыз
               N 1607 
     
                                       Қазақстан Республикасы
                                           Президентiнiң
                                       1994 жылғы 20 наурыз
                                         N 1607 қаулысымен
                                            бекiтiлген 
     
            Қазақстан Республикасына немесе Қазақстан
            Республикасының кепiлдiгiне берiлетiн шет
            ел кредиттерiн тарту, пайдалану және есепке
            алу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру туралы
                              Ереже 
     


      Бұл Ереже республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен толық немесе iшiнара өтеудi қоса алғанда Қазақстан Республикасы немесе Қазақстан Республикасының кепiлдiгiне халықаралық қаржылық және экономикалық ұйымдардан, шет ел мемлекеттерiнен, банк топтарынан, банктер мен компаниялардан (бұдан былай - шетелдiк кредиторлар) алатын шет ел кредиттерiн тарту және пайдалану, сондай-ақ осы кредиттердiң есебiн алу жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру тәртiбiн анықтайды.
      1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi бекiтетiн жыл сайынғы лимит шегiнде Қазақстан Республикасының сыртқы берешегiн қалыптастыратын шет ел кредиттерiн тарту және кейiннен пайдалану туралы шешiмдi. Шет ел кредиттерi жөнiндегi комиссия Қазақстан Республикасы Экономика министрлiгiнiң жанындағы Шетелдiк инвестициялар жөнiндегi ұлттық агенттiктiң ұсыныстары негiзiнде қабылдайды.
      2. Ашық шет ел кредит арналары арқылы белгiлi бiр жобаларды қаржыландыру туралы шешiм ұсынылған шараларды жүргiзудiң орындылығы, бөлiнген валюталық қаражатты өтеудiң тетiктерi мен схемасы туралы мәселелер Комиссияда қаралғаннан кейiн Қазақстан Республикасы Экономика министрлiгiнiң жанындағы Шетелдiк инвестициялар жөнiндегi ұлттық агенттiк пен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң ұсыныстары негiзiнде Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысымен қабылданады.
      3. Тартылатын шет ел кредиттерiнiң жалпы жылдық сомасын Шет ел кредиттерi жөнiндегi комиссияның табыс етуi бойынша Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiтедi.
      Аталған соманың шегiнде Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi әлеуметтiк саланың валюталық шығынын өтей алмайтын жобаларды қаржыландыруға арналған шет ел кредиттерiнiң сомасын да бекiтедi.
      4. Шет ел кредиттерi жабдықтар, көрсетiлетiн қызметтi, "ноу-хауды" және тауарлар өндiрiсi мен қызмет көрсетуге (инвестициялық кредиттер) арналған мүлiктiң барлық түрлерiн (технологиялар мен жабдықтар), сондай-ақ шикiзатты, материалдарды, жинақтаушы бұйымдарды, әлеуметтiк маңызды тұтыну тауарлары мен көрсетiлетiн қызметтi (тауар кредиттерi) шет елдерден сатып алу үшiн пайдаланылады.
      Инвестициялық кредиттер Қазақстан Республикасының басын ұлттық бағдарламаларында көзделген жобаларды жүзеге асыру үшiн пайдаланылады.
      Тауар кредиттерi басым ұлттық бағдарламаларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететiн тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтi сатып алу үшiн, табиғи зiлзалалардың зардаптарын жою үшiн, өткiр әлеуметтiк мұқтажды өтеу үшiн пайдаланылады.
      Шет ел кредиттерi есебiнен қаржыландырудың мiндеттi шарты шет ел инвестицияларын пайдаланудың орынды болатын туралы мәселенi пысықтау және жобаның өз шығынын өтейтiнiн алдын ала пысықтау арқылы шетелдiк тауар берiп тұрушылар мен қызмет көрсетушiлердi, және кредиторларды конкурстық iрiктеу болып табылады.
      5. Кәсiпорындар мен ұйымдар (бұдан былай түпкi заем алушы) шет ел кредиттерi есебiнен қаржыландыру көзделген жобалар бойынша өтiнiм мен қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiне жолдайды.
      Шет ел кредиттерi есебiнен келесi жылы қаржыландыру көзделген жобалар бойынша түпкi заем алушылардан өтiнiмдер қабылдауды аяқтау мерзiмi оның алдындағы жылдың 1 шiлдесi болып табылады. Барлық өтiнiмдердi Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi жанындағы Шетелдiк инвестициялар жөнiндегi ұлттық агенттiк тiркейдi.
      Шет ел кредиттерi есебiнен қаржыландыру көзделген жобалар бойынша өтiнiмнiң нысаны мен қажеттi құжаттардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi белгiлейдi.
      6. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен бiрлесе отырып, басым ұлттық бағдарламалар мен алдын ала сараптау негiзiнде келесi қаржы жылында шет ел кредиттерi есебiнен қаржыландырылатын инвестициялық жобалар мен сатып алынатын тауарлардың индикативтi тiзбесiн Министрлер Кабинетiнiң бекiтуiне енгiзедi.
      7. Аталған индикативтi тiзбенi Шет ел кредиттерi жөнiндегi комиссия қарап, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiткеннен кейiн түпкi заем алушы пысықталған жоба мен оған қатысты барлық қажеттi материалдарды:
      инвестициялық жобаларды - Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiне;
      тауарлар импорты жөнiндегi ұсыныстарды - Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгiне;
      кредиттi өтеудiң көздерi мен тетiктерiн - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне табыс етедi.
      8. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi тәуелсiз сарапшыларды тарта отырып инвестициялық жобаларды сараптауды ұйымдастырады.
      Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгi баға деңгейi мен әлемдiк нарықтағы конъюнктураға талдау жасайды және Индикативтi тiзбеге сәйкес импорттау көзделген тауарларды ықтимал берiп тұрушыларды бағамдайды.
      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi ұсынылатын қаражат көздерiнен сыртқы берешектi қайтарудың мүмкiндiгiн қарастырады.
      9. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi, Экономика министрлiгiнiң жанындағы Шетелдiк инвестициялар жөнiндегi ұлттық агенттiк, Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгi мен Ұлттық банкi шетелдiк кредиторлармен және сақтандыру ұйымдарымен келiссөздер жүргiзедi және Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң шешiмi бойынша шет ел кредиттерiн тарту туралы Негiзгi (Бас) келiсiмге Қазақстан Республикасының атынан қол қояды.
      10. Мемлекеттiк шет ел кредиттерiн тарту және оларды жайғастыру жөнiндегi банктер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң, Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгiнiң, Ұлттық банкiнiң және Экономика министрлiгiнiң жанындағы Шетелдiк инвестициялар жөнiндегi ұлттық агенттiктiң ұсыныстары негiзiнде Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң шешiмiмен анықталады.
      11. Түпкi заем алушы клиентi болып табылатын өкiлеттi қазақстандық банк (бұдан былай банк) шет ел кредитiн берушiмен Негiзгi (Бас) келiсiмге сәйкес жеке кредиттiк келiсiм жасайды.
      12. Түпкi заем алушы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi жанындағы Шетелдiк инвестициялар жөнiндегi ұлттық агенттiкке және шет ел кредитiн берушiмен кредиттiк келiсiм жасасушы банкке өзiнiң кредиттердi және олар жөнiндегi жанама төлемдердi өтеу кепiлдiгiн табыс етiп, соңғысымен кредиттiк келiсiм жасайды.
      13. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Үкiмет алатын барлық шет ел кредиттерi бойынша кепiл болып табылады.
      14. Қазақстан Республикасының кепiлдiгi нақты жеке-дара кредиттiк келiсiмге берiледi және оған Қазақстан Республикасы атынан Қазақстан Республикасының Қаржы министрi қол қояды.
      Қазақстан Республикасының нақты жеке-дара кредиттiк келiсiмдерге арналған кепiлдiктерi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiнде тiркелген күннен бастап күшiне енедi.
      Шетелдiк валютадағы барлық кредиттер Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiнде алдын ала тiркеледi.
      15. Шетелдiк мемлекеттiк және өзге де кредиттер заем алушының мемлекет алдындағы ақша қаражатының немесе өзге де мүлiктерiнiң кепiлдiгiмен қамтамасыз етiледi.
      16. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен басқа да мемлекеттердiң үкiметтерi, шетелдiк және халықаралық қаржы-кредит мекемелерi арасында жасалатын кредиттiк келiсiмдер, сондай-ақ осы келiсiмдерге сәйкес жасасылған банкiаралық кредиттiк келiсiмдер Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiнде мiндеттi түрде есепке алынуға жатады.
      17. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi тиiстi жылдарға арналған республикалық бюджеттi қалыптастыру кезiнде шет ел кредиттерiн уақтылы өтеу үшiн қаржы бөлiнуiн көздейдi.
      18. Қазақстан Республикасына шетелдiк валютамен берiлген кредиттердi тiркеу, сондай-ақ олар бойынша төлемдердi есепке алу жөнiндегi операцияларды жүргiзудi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi жүзеге асырады.
      Тiркеу кезiнде:
      Үкiметаралық келiсiмдерге сәйкес, сондай-ақ шетелдiк, халықаралық қаржы ұйымдары мен банкiлерi Қазақстан Республикасының Үкiметiне;
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кепiлдiгiмен шетелдiк, халықаралық банкiлердiң, қаржы мекемелерiнiң, басқа да шетелдiк заңды ұйымдардың банктерге, кәсiпорындар мен ұйымдарға;
      Қазақстан Республикасының шаруашылық жүргiзушi субъектiлерiне беретiн кредиттерi сараланып ескерiледi. Қазақстан Республикасының Үкiметiне берiлетiн кредиттер бойынша оның атынан жасалатын негiзгi (бас) келiсiмдер, негiзгi (бас) банкiаралық келiсiмдер, шарттар бойынша жеке-дара банкiлiк келiсiмдер, сондай-ақ Үкiметтiң тиiстi хаттары тiркеледi.
      Тiркелуге жататын құжаттар қол қойылғаннан кейiн 10 күн iшiнде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне енгiзiледi. Оларды тiркеу аталған келiсiмдердiң және кепiлдеме хаттардың түпнұсқалары табыс етiлген соң 15 күн iшiнде жүргiзiлiп, бұл туралы тiркеу куәлiгi берiледi.
      19. Өкiлеттi банктер республика бойынша жиынтық есепке енгiзу үшiн шетелдiк валютадағы сыртқы берешектiң қозғалысы туралы есеп берудi белгiленген нысан бойынша және белгiленген мерзiмде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне табыс етуге мiндеттi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады