Реформаларды тереңдету және экономикалық дағдарыстан шығу жөнiнде Үкiметтiң iс-қимыл Бағдарламасы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қаулысы 1994 жылғы 15 шiлдегi N 1802. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

      Қаулы етемiн: 

      1. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi ұсынған Реформаларды тереңдету және экономикалық дағдарыстан шығу жөнiнде Үкiметтiң iс-қимыл Бағдарламасы бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр). 
      Бағдарлама Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң осы құрамының мүшелерi, облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi тарапынан қолдау тауып, iс-қимылға басшылық ретiнде қабылданғаны қаперге алынсын. 

      2. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi: 
      Бағдарламаны жүзеге асыру жөнiнде нақты шаралар жоспарын әзiрлеп, бекiтсiн; 
      Бағдарламаны жүзеге асырудың барысы жайында Қазақстан Республикасының Президентiне дүркiн-дүркiн, тоқсан сайын кемiнде бiр рет баяндап тұрсын. 

      3. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне Қазақстан Республикасының Президентiмен келiсу бойынша Бағдарламаны жүзеге асырудың барысына, қол жеткен нәтижелерге және экономикадағы қалыптасқан жағдайға қарай оның бөлiмдерi мен қағидаларына өзгерiстер енгiзiп отыру құқы берiлсiн. 

      4. Облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi Бағдарламаның орындалу барысына үнемi бақылау жасап отыруды қамтамасыз етсiн. 

      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi бiр ай мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiмен келiсiлген Банк реформасының Бағдарламасын әзiрлеудi аяқтасын және оған Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне Президенттiң Жолдауындағы негiзгi қағидаларды жүзеге асыру жөнiндегi шаралар мен тетiктердi қоса отырып, Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына ұсынсын. 

      6. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Аппараты Бағдарламаның орындалуына, сондай-ақ оны iске асыру барысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiне Президенттiң Жолдауындағы талаптар мен қағидалардың жүзеге асырылуына тұрақты бақылау жасайтын болсын, экономикалық және қоғамдық өмiрдiң жекелеген салаларындағы ағымдағы саясатты жетiлдiру жөнiнде ұсыныс енгiзсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi  

  Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi
Реформаларды тереңдету және экономикалық
дағдарыстан шығу жөнiнде Үкiметтiң iс-қимыл
Бағдарламасы

  А. Жалпы бөлiм

  I. Кiрiспе

      1.1. Осы Бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1994 жылғы 20 қаңтардағы N 1512 қаулысына сәйкес әзiрленген және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне жiберiлген 1994 жылғы маусымдағы Президенттiң Жолдауы мен Үкiметтiң Меморандумында баяндалған мiндеттердi жүзеге асыруға бағытталған. 

      1.2. Бағдарлама реформаларды жеделдету мен дағдарыстан шығу жөнiндегi Үкiметтiң ой-ниетiн және iс-қимылының жоспарын бейнелейдi. 

      1.3. Iс-қимыл бағдарламасы шартты түрде екi кезеңге бөлiнген. 
      Бiрiншi кезеңде (1994 жылғы шiлде-желтоқсан) реформаларды дамыту сценарийi бюджеттiң тапшылығы мен төлем балансын инфляцияның ай сайынғы қарқыны жылдың аяғына дейiн 10 проценттен төмен деңгейге дейiн түсiру үшiн қажет болатын мөлшерде қаржыландыруды қамтамасыз ететiн өзiнiң ресурстары мен ең төменгi сыртқы займдарға сүйенедi. Осы кезде реформаларды тереңдету, экономиканы тұрақтандыру және экономикалық өсу мен қуатты әлеуметтiк саясат мiндеттерiн жүзеге асыру үшiн талап етiлетiн экспорттық өнiмдер шығарушы кәсiпорындар өндiрiсiнiң құлдырауын тоқтату, қажеттi займдарды тарту жөнiнде қауырт жұмыс жүргiзiлетiн болады. 
      Екiншi кезең (1995 жылғы қаңтар-қыркүйек) - бұл мүмкiндiгiне қарай қысқа мерзiмде Үкiметтiң шығыстарды қысқарту есебiнен бюджет тапшылығы шығындарын қысқарту жөнiндегi шек қойылатын қаржы саясаты емес, қайта бюджет тапшылығының инфляциялық құрамын барынша төмендету есебiнен инфляцияға қарсы саясат жүргiзу бағыты негiзгi элементi болатын даму сценарийiне экономиканы көшiру кезеңi. 
      Үкiметтiң iс-қимылы Бағдарламасындағы үшiншi кезең сол кезге дейiн әзiрленетiн жаңа Бағдарлама бойынша жүзеге асырылатын жаңа экономикалық бағытты көрсететiн болады, оның мәнiсi - қатаң инфляцияға қарсы саясатты жалғастыру, өндiрiстiң құлдырауы мен халықтың тұрмыс деңгейiнiң төмендеуiн тоқтату, олардың өсуiне жағдай туғызу болып табылады. 

      1.4. Үкiмет бiрiншi және екiншi кезеңдердiң уақытын барынша қысқартуға ұмтылады. Үшiншi және екiншi кезеңдерге тән бiрқатар шаралар, тиiсiнше, неғұрлым ертерек кезеңдерде жүзеге асырылмақ. 

      1.5. Осы Бағдарлама Үкiметтiң жұмыс құжаты болып табылады. Осыған орай мұнда реформаның негiзгi  мiндеттерi құрылымдық тұрғыда тұжырымдалған, оларды шешу жөнiндегi Үкiмет iс-қимылының қысқаша ой-ниетi (тұжырымдамасы), сондай-ақ Үкiметтiң өз ой-ниетiн iс жүзiне асыру жөнiндегi қадамдары кең ауқымда  баяндалған.  
      Бұл шараларды Үкiметтiң iс-қимыл жоспарында нақтылай түсу
көзделедi, жоспар жыл сайын бекiтiлiп, тоқсан сайын нақтыланып отырады.

      1.6. Үкiмет Осы Бағдарламаның жүзеге асырылуының барысы 
туралы Республика Президентiне тоқсан сайын есеп берудi назарында ұстайды. 

  II. Реформаларды жеделдету мен тереңдетудiң
мақсаты және мiндетi

      2.1. Үкiметтiң iс-қимылының орта мерзiмдi Бағдарламасының басты мақсаты Республика Президентi 1994 жылғы маусымда Жоғарғы Кеңеске Жолдауында алға қойған мiндеттерге сәйкес - экономиканы реформалауды жеделдету және соның негiзiнде өндiрiстiң және халықтың тұрмыс деңгейiнiң құлдырауын тоқтатып, бұдан кейiн оларды қайтадан өсiру. 

      2.2. Реформалардың негiзi мiндетi - инфляцияны төмендету және нарықты экономиканың дәйектi әлеуметтiк бағдары үшiн жағдай туғызу болып табылады. Мұның өзi бизнеске еркiндiк берудi, дамыған нарықтық инфрақұрылымы мен бәсекелестiгi болатын күштi жекеменшiк секторын құруды, жоғары тиiмдi технологиялар мен техниканы енгiзу есебiнен өндiрiстi өсiру, олардың жоғары деңгейдегi қаржылық жауапкершiлiгi, пәрмендi әрi тиiмдi банкiлiк секторы бар кәсiпорындар қызметiнiң қатаң қаржылық ортасын қалыптастыруды көздейдi. 
      Осыған байланысты реформаларды жеделдету мен тереңдетудiң негiзгi бағыттары: 
      бағаны ырықтандыру және күштi бәсеке саясаты; 
      тауар нарығын ырықтандыру; 
      инфляцияға қарсы шаралар; 
      кәсiпорындардың реформасы және шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қызметiне қаржылық бақылауды күшейту; 
      жеке сектордың дамуын жеделдету және iскерлiк белсендiлiктi арттыру; 
      экономикалық реформаларды жүзеге асырудың құралы емес, мақсаты ретiнде халықты әлеуметтiк жағынан қорғау институттарын кеңейтудiң және әлеуметтiк саланың өмiрлiк маңызды салаларын қаржылай қолдауды назарда ұстай отырып, әлеуметтiк және экологиялық саясатты тереңдету; 
      экономикада одан әрi құрылымдық өзгерiстер жасау; 
      сыртқы экономикалық қызметтi ырықтандыру; 
      халықты аталымды әлеуметтiк қорғау жүйесiн жасау; 
      аймақтарды әлеуметтiк-экономикалық жағынан дамытуды теңестiру, шағын және орташа қалалардың тiршiлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар болып табылады. 

      2.2.1. Әлi мемлекеттiк реттеу аясында қалып отырған бағаны ырықтандыру шеңберiнде оларды өндiрушiлерге, монополист кәсiпорындар үшiн енгiзiлген өндiрiс рентабельдiлiгi деңгейi мен өнiмдердi және тауарларды өткiзудi шектеуден бас тарта отырып, бюджеттен дотация алмай өз шығысын жабуға мүмкiндiк беретiндей деңгейге дейiн кезең-кезеңiмен көтеру қажет. 

      2.2.2. Тауар нарығын ырықтандыру жөнiнде мемлекет мұқтаждығы жүйесiн жойып, толығымен мемлекеттiк сатып алу жүйесiне көшу керек. 
      Тауар нарықтарын ырықтандыру кезiнде көтерме сауда мен жүк тасымалы, сыртқы сауда саласында монополизм жойылады, мұның өзi нақтылы бәсекенi дамытуға және тауардың шынайы бағасын анықтауға жәрдемдесетiн болады, сондай-ақ өнiм экспортына рұқсат беру тәртiбi жойылады. 

      2.2.3. Үкiметтiң басты мiндетi инфляцияға қарсы саясатты одан әрi жалғастыру болып қала бередi. Бұл проблеманы шешу бюджет тапшылығын төмендету, кредит шығарылымын қысқарту әрi кiшi деңгейде зиян шегушi және тиiмсiз кәсiпорындарды ретке келтiру мен банкроттық тетiктерiн қалыптастыру және iске қосу жөнiндегi келiсiлген макроэкономикалық тұрақтандыру шараларын жүзеге асырумен байланысты. 

      2.2.4. Кәсiпорындардың реформасы соның iшiнде экономиканың төлем жасамау дертiне шалдыққан бөлiгiн оқшаулауды да және оны сауықтыруды, менеджменттiң жаңа мәнерiн, Үкiметтiң, Ұлттық банк пен кәсiпорындардың қаржыларын түпкiлiктi ажыратуды жүзеге асыруды қамтиды. 
      Кәсiпорындар қызметiнiң тәртiптелген қаржы ортасын қалыптастыру банкроттықтың қатаң әрi мүдiрiссiз тетiктерiнiң, кепiлдiк пен сақтандырудың, өнiм мен қызметке төлем жасаудың айқын кепiлдемесi болуын, Үкiмет пен Ұлттық банк функцияларының бiртектi ажыратылуын талап етедi. 

      2.2.5. Экономикадағы жеке сектордың өсуi бұрынғысынша ескi мемлекеттiк экономиканы жаңа экономикаға айналдыру арқылы, сондай-ақ жаңа жеке фирмалар құру жолымен жүргiзiледi. 
      Қандай жағдайда болсын, жеке кәсiпкерлiк корпусын жеделдете дамытуға бағытталған белсендi мемлекеттiк саясат жүргiзу назарда ұсталады. 
      Экономика жағынан өрге басудың негiзгi факторы iскерлiк белсендiлiктiң өсуiн, демек халықтың жұмыс деңгейiнiң артуын ынталандыру мен көтермелеудi күшейту арқылы қамтамасыз ету ескерiледi. Бұл орайда салық ауыртпалығын төмендету мен жалақының өсуiне шектеулердi алудың жетекшi маңызы бар. 

      2.2.6. Үкiмет халықтың әлеуметтiк қорғалуын орта мерзiмдi перспективада адамның өмiр сүру деңгейiн төмендетуге жол бермей, әрi халықтың кесiмдi табысы бар жiктерi мен топтарының материалдық жағдайы мен тұрмысын тұрақтандыру және бiртiндеп жақсарту үшiн нақты алғышарттар жасай отырып, халықтың аз қамтамасыз етiлген топтарын атамалы мемлекеттiк қолдауды дәлдеу жолымен қамтамасыз етудi көздейдi. 

  III. Үкiмет Бағдарламасының ой-ниетi

      3.1. Үкiмет Бағдарламасында реформаларды жеделдету мен тереңдетудiң мынадай тұжырымдамасын немесе ой-ниетiн жүзеге асыру көзделедi. 

      3.2. Реформалардың 1992-1993 жылдары жүзеге асырылған үлгiсi рубль аймағының болуынан, кедендiк шекараларды ойдағыдай жалғастыру мүмкiн еместiгiнен, экономиканы жаңғырту үшiн қажеттi қаражаттың жоқтығынан Қазақстан үшiн мәжбүрлiк едi. 

      3.3. Жүргiзiлген макроэкономикалық және жүйелiк реформалар негiзiнен алғанда дұрыс болатын, алайда олар ортақ экономикалық саясатта шамадан тыс үстемдiк еттi де, бұларға баса назар аударылып, олар көп ретте ортақ экономикалық саясаттың басқа құрандылары есебiнен әрi зардабын тигiзе жүргiзiп келдi. Соңғылары макроэкономикалық мақсатқа жетудiң құралына да айналды. 
      Көп ретте мұндай саясаттың объективтiк дәлелдi себептерi болды. 

      3.4. Реформалар экономиканың тұтас секторының тiршiлiкте қабiлетсiздiгiн көрсетiп бердi. КСРО-ның ыдырауы өндiрiстi құрылымдық қайта құрудың дәнекерi болып, ондағы дағдарыс құбылыстарды күшейте түстi. 
      Соның салдары ретiнде өндiрiс орасан құлдырауға ұшырап, әлеуметтiк сала шегiне дейiн сығымдала түстi. Оның ақыры тұрмыс деңгейiнiң мейлiнше төмендеуiне әкелiп соғуға тиiс болатын. 

      3.5. Реформалардың осынау сценарийiнiң өндiрiстiк және әлеуметтiк резервтерi түгесiлiп бiтуге жақын, әрi бұдан былай реформалар бағытын қаржыландырудың көзi бола алмайды. 
      Экономикалық дағдарыстың өзi одан реформаларды жеделдету мен тереңдету арқылы ғана шығу мүмкiн болатындай сапаға ие болды. 
      Реформалар оларды жалғастыру мен жеделдетуге деген шығындарды ұлғайту қажет болатындай деңгейге келiп тiрелдi. 

      3.6. Өзiн-өзi қамтамасыз ету принциптерiне негiзделген жүйелiлiк қайта құрулар мен инфляцияға қарсы саясатты жалғастыру бұдан былай рабайсыз инфляцияның өршуiн, өндiрiстiң жаппай құлдырауын үдете түседi және адамдардың үлкен бөлiгiнiң кедейшiлiктiң шегiнде тұрған адамдар санатына қосылуына әкелiп соғады. 

      3.7. Реформалардың ой-ниетiн инфляцияға қарсы саясатты негiзге алып, реформаның өзiн тереңдетуге саяды, мұның өзi өндiрiстiң және тұрмыс деңгейiнiң жалпы құлдырауына жол бермеудi қамтамасыз етедi. 
      Бұл арада қаржыландырудың, бiр жағынан, инфляциялық емес, екiншi жағынан, реформаларды жеделдету мен тереңдету және экономикалық өсу ошақтарын жасауға мүмкiндiк беретiн займ көздерiн табу назарда ұсталынады. 

      3.8. Алға қойған мiндеттердi жүзеге асыру жөнiндегi Үкiметтiң ой-ниетi мүмкiндiгiнше әлеуметтiк сала мен өндiрiс есебiнен ақша шоғырын шектеу жөнiндегi жүргiзiлiп отырған ауқымды саясаттан бюджет тапшылығын қысқарту есебiнен емес, ал оны қаржыландырудың инфляциялық құрандыларын мейлiнше азайту есебiнен iске асырылатын инфляцияға қарсы басқа саясат жүргiзуге саятын жолға түсуде болып отыр. 

  Б. Реформаларды жеделдету мен тереңдетудiң
негiзгi бағыттары
 

  IV. Құрылымдық-инвестициялық саясат

      4.1. Ой-ниет. Үкiмет отын-энергетика салаларын, металлургия кешенiн, алтын өндiру өнеркәсiбiн дамыту, рынокты халық тұтынатын тауарлармен және азық-түлiкпен молықтыру, көлiк пен байланысты дамыту сияқты таңдап алынған басымдылықтар шеңберiнде экономикадағы құрылымдық өзгерiстердi одан әрi жүзеге асыра бередi. 
      Энергияны үнемдеу бағдарламаларын жүзеге асыру, энергия жиналымы салаларында өндiрiстiк қуаттарды жаңғырту Үкiметтiң құрылымдық саясатының басты бағыты болып белгiленген. Бұл арада энергияны үнемдейтiн технологиялар мен жабдықтарды енгiзу назарда ұсталып отыр. 
      Iшкi инвестициялық ресурстар тапшылығы жағдайында орталықтандырылған мемлекеттiк инвестициялар республиканың экономикасы үшiн принциптi маңызы бар жобаларды жүзеге асыру үшiн ғана шоғырландырылатын болады. Шетелдiк инвестициялар құрылымдық өзгерiстердiң маңызды көзi ретiнде қарастырылады. 
      Экономиканы жаңғырту қорының қаражаты бұрынғысынша 20 процентi мөлшерiнде қайтарымсыз негiзде әлеуметтiк саланы дамытуға жұмсалады. Бұлар - ең алдымен, құрылысының дайындығы 80 проценттен асып, 1994 жылдан ауысатын денсаулық сақтау, коммуналдық шаруашылық және сумен жабдықтау, республикалық нысаналы бағдарламалар объектiлерi, бюджеттiк ұйымдарға, өздерiнiң тарихи отанына оралған жергiлiктi ұлт адамдарына арналған - тұрғын үйлер, сондай-ақ жалпы маңызы бар объектiлер. 
      Өзге басымдық жобаларды ұзақ мерзiмдi жеңiлдiкпен кредиттеудi жан-жақты сараптаудан кейiн және қаражаттың нысаналы пайдаланылуы мен қайтарылуы үшiн қатаң жауапкершiлiгi шартымен құрылатын Қайта жаңарту және даму банкi жүзеге асырады. 

      4.2. Үкiметтiң iс-қимылы. 1994 жылы солтүстiк және оңтүстiк энергия жүйелерiн қосатын электр беру жүйелерiн, сондай-ақ Екiбастұз МАЭС-2, Оңтүстiк Қазақстан МАЭС-ын, салу есебiнен Қазақстанның бiртұтас энергия жүйесiн құру жөнiндегi жұмыс жалғастырылады және жаңа Ақтөбе ЖЭО-ның құрылысы басталады. 
      Қазақстанның мұнай өнiмдерiн алып тұруы жөнiндегi тәуелдiлiгiн азайту және мұнай өнiмдерiнiң iшкi рыногының ұдайы тапшылығын жою, мұнай мен мұнай өнiмдерiнiң экспортын ұлғайту Батыс Қазақстан - Құмкөл мұнай құбыры құрылысын жалғастыруды, шетелдiк фирмалардың қатысуымен мұнай мен газ кен орындарын (Қарашығанақ, Теңiз, Құмкөл) дамытуды, Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңарту мен кеңейтудi, пропилен мен бензол сияқты мұнай-химия өндiрiстерiн құруды көздейдi. 
      Бiрiншi және екiншi кезеңдерде көмiр өнеркәсiбiнiң проблемалары шешiлетiн болады. Бұл орайда 1994-1995 жылдары көмiр қорын оңтайлы пайдалану, Екiбастұз кен орнында оны шығаруды тұрақтандыру, Қарағанды бассейнiндегi рентабельдiгi төмен және зиян шегушi шахталарды бiртiндеп пайдаланудан шығара отырып, Шұбаркөл және Майкүбi кен орындарында өндiрiстi кеңейту, көмiрлi шағын кен орындарын дамыту мен кешендi пайдалану жөнiндегi шаралар жүзеге асырылмақ. 
      Қара металлургияда - үшiншi бөлiс өнiмдерiн шығару үлесiн ұлғайту (дәнекерленген мұржалардың, соның iшiнде мұнай және газ сортаментiнiң, феррохромның әртүрлi маркаларының және басқаларының өндiрiсiн кеңейту), түстi металлургияда - руда базасын (полиметалл және қорғасын-мырыш рудаларын өндiру жөнiнде - Қызылорда облысының Шалқия, Шығыс Қазақстан облысының Малеевка, Чекмарь және Артемьевка рудниктерiн, құрамында титаны бар рудалар өндiру жөнiнде - Көкшетау облысындағы Обухов және Ақтөбе облысындағы Шоқаш кен орындарын, вольфрам рудаларын өндiру жөнiнде - Жезқазған облысының Солтүстiк Қатпар руднигiн және басқаларын), қазiргi өндiрiстердi ("Балқашмыс" ӨБ, "Жезқазғантүстiмет" ҒӨБ, Шымкент қорғасын зауыты және Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты) қайта жаңарту мен техникалық жағынан қайта жарақтандыру, Васильковск, Бақыршық, Ақбақай алтын кен орындарын игеру жөнiндегi жұмыстарды жеделдету бағдары жүзеге асырылмақ. 
      1994-1995 жылдары Қазақстанның халықаралық темiржол ("Достық" стансасын дамыту), теңiз ("Ақтау қаласындағы кемежайды қайта жаңарту"), әуе (Алматы, Ақтау, Қарағанды қалаларының әуежайларын қайта жаңарту) желiлерi мен автомагистралына шығуды қамтамасыз ету жөнiндегi саясат жалғаса бермек. 
      Қорғаныс өнеркәсiбiнiң кәсiпорындарын конверсиялау бағдарламаларын жүзеге асыру - құрылымдық саясаттың аса маңызды бағыты болып табылады. 1994-1995 жылдары мемлекет Экономиканы жаңғырту қорының қаражаты есебiнен осы кәсiпорындардың тұтыну рыногын молайту мақсатында азаматтық өнiмдер өндiруге қайта бейiмделуiн қолдайтын болады. 
      Аграрлық саясат агроөнеркәсiп кешенiнде нарықтық қатынастарды одан әрi дамыта беруге бағытталады. 
      1994-1995 жылдары Үкiмет аграрлық саясат саласында жер рыногын, ипотектiк кредиттi дамыту және кепiлдiк құқықты жетiлдiру жөнiнде шаралар қолдануды; тұтас алғанда меншiк нысандарын ауыстыру, көп укладты ауыл шаруашылығы экономикасын қалыптастыру, село тауар өндiрушiлерiн ауыл шаруашылығы шикiзатын ұқсату жөнiндегi кәсiпорындармен акционерлендiру жолымен бiрiктiру және кооперациялау негiзiнде экстенсивтi ауыл шаруашылығы өндiрiсi мен агроөнеркәсiп кешенiн белсендi түрде реформалауды, бұл үшiн қажет болатын заңдылық және нормативтiк актiлердi әзiрлеудi көздейдi. 

  V. Бәсекелестiк саясаты және бағаны ырықтандыру

      5.1. Ой-ниет. Еркiн баға - нарықтық экономиканың басты құрандыларының бiрi. Мемлекет тарапынан реттелмейтiн, әрi оны құрайтын шығын мен пайда әртүрлi шектеулермен және салықтармен, жеңiлдiктермен, демеуақылармен, рентабельдiлiктi шектеумен және тағы басқалармен бұрмаланбаған жағдайда ғана баға еркiн бола алады. Бiрiншi жағдайда баға тiкелей, екiншiсiнде - жанама реттеуге ұшырайды. 
      Үкiмет 1994 жылы бағасы мемлекет тарапынан реттелетiн тауарлар мен қызмет көрсетудiң тiзбесiн қысқартады. Жыл аяғына дейiн мемлекеттiң реттеуiнде мыналар қалады: темiр жол көлiгiмен жүк және жолаушылар тасудың тарифтерi; "Қазақстанэнерго" компаниясының энергия жүйелерi өндiретiн электр және жылу энергиясы; табиғи газдың бағасы; пәтерақы; халық үшiн коммуналдық қызмет көрсетуге арналған тарифтер; байланыстың негiзгi қызмет көрсетулерi. Реттелетiн бағалар мен тарифтер өндiрушiлердiң өз шығындарының орнын толтыруға мүмкiндiк беретiн деңгейде бiртiндеп арттырылып отырылады. 
      Үкiмет 1994 жылы энергия көздерiне және өнiмдердiң басқа да құрылымдарын құраушы түрлерiне бағаның ырықтандырылуы 1995 жылы бағаның әлемдiк құрылымына жақын жаңа құрылымның қалыптасуына байланысты инфляция факторы бағаның өсуiне елеулi түрде әсер етпейтiн болады деп топшылайды. 
      1995 жылы Үкiмет: 
      нанға бағаны бiртiндеп босатуды және тиiсiнше жәрдем берiлуiн азайтуды, мемлекеттiк бюджеттен халықтың аз қамтамасыз етiлген жiктерiне атамалы өтемақы төлеу жүйесiне көшудi; 
      тұрғын үй коммуналдық қызмет көрсетуге төлем жасауды өзiндiк құнның өтелуiн қамтамасыз ететiн мөлшерге дейiн көтерiп, оларды кейiннен босатуды, халықтың аз қамтамасыз етiлген шығындарының атамалы өтелуiн жүзеге асырады; 
      өнiмдердi мемлекеттiң сатып алуын, атқарған жұмысқа (көрсетiлген қызметке) төлем жасалуын конкурстық негiзде келiсiмдi баға бойынша жүзеге асыруды; 
      ауыл шаруашылығы өнiмдерiн сатып алу мен сату кезiнде форвардтық-фьючерлiк контрактiлер жасалу практикасын өрiстетудi; 
      тауарларды республикалық тауар өндiрушiлерден тұтынушыларға дейiн жеткiзу жолында саудалық-делдал ұйымдары мен жеке адамдар санын азайтуды қамтамасыз ететiн тетiк жасауды; 
      барлық шаруашылық жүргiзушi субъектiлер үшiн бағаны қалыптастыруға бiрыңғай әдiснамалық ұстаным (шығындарды өнiмдердiң өзiндiк құнына жатқызу тәртiбiн, еркiн бағаны және басқаларын қалыптастырудың бiрыңғай ережелерiн) белгiлеудi; 
      салық реформасымен бiр мезгiлде өзiндiк құнды түрлi нысаналы қорларға аударымдар түрiндегi әр қилы салықтардан ада етудi көздейдi. 
      шамадан тыс кiрiс алуын болдырмау мақсатында монополист кәсiпорындардың рентабельдiлiгiн шектеуден монополдық өсiруiн табу арқылы олардың баға қою деңгейiне бақылау жасауға көшу iсi жүзеге асырылатын болады. 
      Кәсiпорындар арасында бағаның өсуiн өзара шектеу жөнiнде екiжақты және көпжақты келiсiмдер жасалуын кеңiнен енгiзу қажет. 
      Республикалық деңгейде монополизмдi шектеу мен оның жолын кесу, монополиялық құрылымдарды - ықшамдау, әкiмшiлiк жолмен берiлген монополистiк құқықтар мен жеңiлдiктердi жою, барлық шаруашылық жүргiзушi субъектiлер үшiн тең жағдай туғызу мақсатында Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитеттiң мәртебесi нығайтылатын болады. 
      Тұтынушылардың құқығын монополистердiң қыспағынан қорғау және нысапсыз бәсеке жағдайларын анықтау мен тыю жөнiндегi жұмысты елеулi түрде жандандыру талап етiледi. 

      5.2. Үкiметтiң iс-қимылы. Жыл сайын, бюджеттi жасау кезiнде, Үкiмет жоғарыда жария етiлген бағаны тiкелей реттеуге қатысты саясатты жүзеге асыратын болады. 
      Жоғарғы Кеңеске 1994 жылғы тамызда "Баға тағайындау туралы" ескiрген заңды алып тастау жөнiнде ұсыныс жасалып, сондай-ақ реттелетiн бағалар тiзбесiн тарылтуға қатысты Министрлер Кабинетiнiң "Энергия ресурстарының бағасын ырықтандыру және қызметтiң жекелеген түрлерiне тарифтердi реттеу туралы" 1994 жылғы 23 наурыздағы N 288 қаулысына өзгерiстер енгiзiледi. 
      Жоғарғы Кеңеске Салық кодексi жобасын енгiзумен бiр мезгiлде "Экономиканы жаңғырту қоры туралы" , "Жол қоры туралы" және басқа заңдарды алып тастау немесе оларға түзетулер енгiзу жөнiнде ұсыныстар жасалады. 
     1994 жылы қыркүйекте Жоғарғы Кеңеске "Бәсекенi дамыту және монополистiк қызметтi шектеу туралы" Заңның жаңа редакциясы, сондай-ақ Қазақ КСР-нiң "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлетiн болады. 
      1994 жылғы қыркүйектен желтоқсанға дейiн ұлттық және мемлекеттiк акционерлiк компаниялар мен холдингтер құруға қатысты Үкiмет шешiмдерi монополияға қарсы заңдарға сәйкестiгi тұрғысында қайта қаралмақ. 
      1994 жылы тамызда тұтынушылардың құқығын қорғау және Қазақстан тұтынушылар одағын нығайту жөнiндегi жұмысты жандандыру туралы Үкiмет шешiмi қабылданатын болады. 
      Монополияға қарсы Заңның жаңа редакциясының қабылдануына орай баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитет туралы Ереже нақтылана түседi. 
      1994 жылдың аяғына дейiн Үкiмет құқық қорғау органдары қызметкерлердiң әлеуметтiк-құқықтық мәртебесiн арттыру жөнiнде бiрқатар нормативтiк актiлердi қабылдайды. 

  VI. Тауар нарықтарын ырықтандыру

      6.1. Ой-ниет. Бағаны жанама түрде реттеудi жою көп ретте қазiргi тауар нарықтарын ырықтандыруға байланысты болады. Мұның өзi iшкi және сыртқы саудадағы орын алып отырған кедергiлердi алып тастауды, сондай-ақ олардың арасындағы айырмашылықты жоюды көздейдi. 

      6.1.1. Мемлекет рынокта тең құқықты субъект болған жағдайда мемлекеттiк сатып алу жүйесiне көшуге орай iшкi саудадан мемлекеттiк мұқтаждар үшiн өнiмдер мен тауарлар сатып алудан және әр түрлi мемлекеттiк және облыстық тапсырыстар беруден бас тарту көзделедi. 
      Биржалық сауда жандана түседi, тауар биржаларында республикада өндiрiлген өнiмдер мен тауарларды өткiзуге бiртiндеп көшу жүзеге асырылады, бұл ретте биржалардың компьютерленген ақпарат желiсi бойынша ақпаратты шапшаң беру мүмкiндiгi пайдаланылады, мұның өзi қажеттi тауар iздеу уақытын қысқартуға, шығасыны азайтуға септiгiн тигiзедi. 
      Үкiмет автожүк тасымалы мен көтерме сауда саласында жекешелендiру және кәсiпорындар мен ұйымдарды ықшамдау процесiн жеделдетедi. Мұның өзi осында қалыптасқан монополистiк құрылымдарды таратуға мүмкiндiк туғызады. 
      Үкiмет олардың ерекшелiктерiн ескере отырып, елдiң аса маңызды тауар нарықтарын ырықтандырудың мониторинг жүйесiн жасайды. Мысалы, елдiң басты стратегиялық ресурсы ретiнде мұнай рыногы едәуiр дәрежеде орталықтандырылып шектелетiн болады. Осы мақсатта мұнай секторындағы қолданылып жүрген салық салу жүйесi қайта қаралмақ, бұл үшiн роялтидi төлемдердiң негiзгi бiреуi ету көзделуде, оның мөлшерi өндiрiлген мұнайдың көлемiне қарай белгiленедi және қазiр қолданылып жүрген салық түрлерi жойылып, iшкi саудаға салық енгiзiледi. 
      Керiсiнше, астық нарығы барынша ырықтандырылып, оның негiзi форвардтық және фьючерлiк мәмiлелер пайдаланылатын астықпен биржалық сауда жасау болмақ. Олардың орындалуына кепiлдiктi орнына ұсталатын тәуекелдiктен сақтандыру үшiн биржалардың жанынан құралатын арнайы орталықтар беретiн болады. Мұның өзi, негiзiнен алғанда, астықтың және АӨК-тiк басқа да өнiмдерiнiң нақтылы құнын барынша бұрмалап келген ауыл шаруашылығына мемлекеттiң жеңiлдiктi кредиттер мен өзге де жеңiлдiктердi беруден бас тартуына мүмкiндiк туғызады. 
      Осы мақсатпен де мемлекет тарапынан қандай болсын бағаны күштеп шектеу қою жойылып, дәндi дақылдардың бағасы ырықтандырылатын болады. 

      6.1.2. Сыртқы сауданы одан әрi ырықтандыру үшiн республиканың шаруашылық жүргiзушi субъектiлерiнiң сыртқы рынокқа тiкелей шығуы үшiн қажеттi жағдай туғызу қажет. Осы мақсатпен сыртқы саудадағы Мемлекеттiк сыртқы сауда компаниялары арқылы жүргiзiлетiн мемлекеттiк монополиядан бас тартып, оларды жекешелендiру арқылы мемлекеттiк мәртебесiнен айыру қажет, сөйтiп, олардың тауар биржаларындағы операцияларын құқығы жағынан республиканың шаруашылық жүргiзушi басқа субъектiлерiмен теңестiру қажет. 
      Сыртқы сауданы ырықтандыру тауарлар (жұмыс, қызмет) экспортын квоталау мен лицензиялау жүйесiн жоюды талап етедi. Мұны квоталауды бөлу мен лицензиялар беруден оларды 1994 жылы тауар биржаларында өткiзiлетiн аукциондарында сатуға кезең-кезеңiмен көшiру жолымен iске асыруға болады, 1995 жылдан бастап Үкiмет мемлекеттiк маңызы бар өнiмдер тiзбесiн анықтаудан және тауарлар (жұмыс пен қызмет) экспортына квоталар мен лицензиялар беруден бас тартуды көздеп отыр, бұған мемлекет үшiн аса маңызды ресурстар кiрмейдi. 
      Бұл ретте Үкiмет валюталық және экспорттық-импорттық операцияға тура және жанама бақылау жасау тетiгiн өз қолында сақтап қалады. 

      6.2. Үкiметтiң iс-қимылы. 1994 жылғы қыркүйекте Жоғарғы Кеңестiң алдында "Мемлекет мұқтаждарына арналған өнiмдер берудi, жұмыс (қызмет) атқаруды қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң 1992 жылғы 18 желтоқсандағы N 1798 қаулысының күшiн жою туралы мәселе ұсынылып, сондай-ақ Министрлер Кабинетiнiң "Мемлекет мұқтаждарын қамтамасыз ету үшiн өнiм сатып алу мен берiп тұру, жұмыстар (қызметтер) атқарудың тәртiбi туралы" 1993 жылғы 21 қаңтардағы N 58 қаулысына мемлекеттiк мұқтаждан мемлекеттiк сатып алу жүйесiне көшуге қатысты өзгертулер мен толықтырулар енгiзiледi. 
      1994 жылғы сәуiрде Жоғарғы Кеңестiң бекiтуiне "Тауар биржалары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы енгiзiлдi, онда биржалық сауданың ұйымдық-құқықтық негiздерi және биржалар қызметiн мемлекеттiк реттеу тетiктерi жасалған. 
      1994 жылғы қыркүйекте Жоғарғы Кеңеске Ұлттық мұнай компаниясын құруға бағытталған "Мұнай туралы" Заңның жобасын енгiзу көзделiп отыр. Үстiмiздегi жылы қарашада Жоғарғы Кеңеске Қазақстан Республикасының Салық кодексiнiң жобасы табыс етiледi, ол салық ауыртпалығын төмендету, салық жүйесiнiң қарапайымдылығы мен тиiмдiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында өзгерiстердi ескере отырып, барлық салық заңдарын бiрiктiредi, қазiргi уақытта қолданылып жүрген салық, төлемдер мен әр түрлi нысаналы қорларға жасалатын аударымдарды едәуiр қысқартады. 
      1994 жылғы қазанда Президенттiң бекiтуiне "Сыртқы экономикалық саясатты ырықтандыру туралы" Жарлығының жобасы енгiзiледi, онда мемлекеттiк маңызы бар өнiмдердi экспортқа шығаратын мемлекеттiк сыртқы сауда компанияларының монополиясын жою мақсатымен "Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 30 шiлдедегi N 1311, 1994 жылғы 11 қаңтардағы N 1498 Жарлықтарына өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы" Президенттiң 1994 жылғы 18 сәуiрдегi N 1672 Жарлығының ережелерiн жою көзделедi, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының аумағында тауарлардың (атқарылатын жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) экспорты мен импортын квоталау және лицензиялау туралы" Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 26 сәуiрдегi N 435 қаулысына 1995 жылы тауарлардың (атқарылатын жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) экспортын квоталау мен лицензиялаудан бас тарту мақсатын көздейтiн өзгерiстер енгiзiледi. 
      1994 жылғы қазанда Жоғарғы Кеңеске "Тағам өнiмдерi туралы" Заңның жобасын енгiзу көзделiп отыр. 

  VII. Инфляцияны төмендету

      7.1. Ой-ниет. Үкiмет тиiстi бюджет және кредит саясаты, сондай-ақ санациялау мен банкроттық тәртiбiн енгiзу арқылы инфляцияға қарсы қатаң саясат жүргiзетiн болады. 

      7.1.1. Қатаң бюджет саясатын жүргiзу кезiнде Үкiмет алғашқы кезеңде бюджет тапшылығын жалпы iшкi өнiмнiң 4,6 процентi деңгейiнде шектеп, кейiннен бюджет тапшылығын қаржыландырудың инфляциялық құрылымдарын азайтуға көшудi көздейдi. 1994 жылдың бюджетiн реформалау түскен табысты есепке ала отырып, шығындардың құрылымын өзгерту мен оларды болғызбауға бағытталады. 
      1994 жылы бюджеттiң шығыс бөлiгiн қысқарту субсидия мен дотацияға қатаң лимит енгiзу жолымен жүргiзiлетiн болады. Халықтың аз қамтамасыз етiлген бөлiгiн аталымдығы жоғары дәрежеде болатындай әлеуметтiк қорғауға бiр мезгiлде көшiру арқылы ашық та, сондай-ақ жабық та субсидиялар қысқартылады. Үкiмет реттелетiн тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң бағасын бюджеттен дотациялауды бұдан былай да қысқартып, халықтың аз қамтамасыз етiлген жiктерiне ғана өтем жасайтын болады. 
      Үкiмет негiзiнен мемлекеттiк мекемелер мен атқарушы өкiмет қызметкерлерiнiң санын қысқарту және оларды ұтымды орналастыру есебiнен бюджеттiк ұйымдардың Жалақы қорын қысқартып, оны жалпы iшкi өнiмнiң 3 процентi сомасында шектеудi көздеп отыр. 
      Үкiмет, қажет болған жағдайда, егер салық-бюджет саласында жүргiзiлiп отырған саясат оңтайлы нәтиже бермесе және бюджет тапшылығы өсе беретiн болса, қолда бар табысқа қарай бюджеттiк шығынға тыйым салу жөнiнде шаралар қолдануды көздейдi. Мұндай жағдайда бюджеттiң шығыс бөлiгi бiрiншi кезекте әлеуметтiк мұқтаждарға, жалақы төлеуге, сондай-ақ астық пен дәрi-дәрмек сатып алуға пайдаланылады. 
      1995 жылдан бастап салықты кемiту мен нысаналы шығындарды ұлғайту нәтижесiнде бюджеттiң тапшылығы күрт артады. Оны қаржыландыру олардың қайтарымының айқын тетiгiн белгiлеу жағдайында негiзiнен iшкi және сыртқы займдар есебiнен жүзеге асырылады. 
      Мемлекеттiң iшкi займдары қысқа және орта мерзiмдi сипаттағы мемлекеттiк қазыналық облигацияларды өткiзу жолымен жүргiзiлмек. 
      Сыртқы берешек сомасы мен сыртқы займдарды қамту жөнiндегi мiндеттемелерге төлем жасауға арналған iшкi резервтердi қорландыруға бақылау жасай отырып, сыртқы займдарды тартудың стратегиясы мен тетiктерi көзделген. Бұл шараларды таяуда Қаржы министрлiгi жүйесiнде құрылған Қазынашылық жүзеге асыратын болады. Мемлекеттiң қаржы саясатының барлық түйiндерi бойынша Қаржы министрлiгiнiң мәртебесi едәуiр нығайтылмақ. 

      7.1.2. Үкiмет, сондай-ақ инфляцияны төмендетуге бағытталған қатаң кредит саясатын жүргiзедi. Бұл банк жүйесiнiң реформасын аяқтаумен қатар жүзеге асырылмақ. 
      Кредит эмиссиясының көлемiн қысқарту, кредиттiң уақтылы әрi толық қайтарылуын қамтамасыз ету, аукционнан кредит сату мөлшерiн ұлғайту негiзiнде кредит нарығын дамыту, инфляция деңгейiн ескере отырып, Ұлттық банктiң қайта қаржыландыру ставкасын нарықтың маңызды деңгейiнде қолдау жөнiнде шаралар қолданылады. Бұған қоса, Үкiмет банк жүйесiн Үкiметтiң орталықтандырылған кредит жөнiндегi мiндеттемелерiнен босату бағытын ұстайды. 
      Үкiмет елiмiздiң iрi-iрi коммерциялық банктер аудитiн ұйымдастыру жолымен банк қызметiнiң бақылауын қамтамасыз етедi, сондай-ақ Үкiмет пен Ұлттық банк жұмысын үйлестiрудi жақсарту жөнiнде шаралар қолданады. Бұл жерде Үкiметтiң жұмысын қаржы мәселелерiне, ал Ұлттық банктiң жұмысын - ақша-кредит саясатына аудару назарда ұсталып отыр. 
      Үкiмет берешектi қосымша кредит эмиссиясынсыз есепке алуды аяқтап, берешек кәсiпорындардың борышын оларды (мемлекеттiк маңызы бар кәсiпорындардан басқасын) банкрот деп жариялау және олардың мүлкi мен құралдарын аукционда сату немесе олардың борышын өтей алатын кредиторларға беру жолымен өтемек. 
      Үкiмет қайтарылмаған займдары тиiстi кредиттер банктердiң қаржысынан өтелетiн зиян шегушi кәсiпорындардың акцияларына мемлекеттiк бағалы қағаздар шығару арқылы банктердiң қайта капиталдандырылуын жүргiзудi көздеп отыр. 
      Берешектiң уақтылы өтелмеуi және оның мерзiмiнiң ұзартылуы мүмкiн кәсiпорындар кредитiнiң, ауыл шаруашылық кредитiн қосқанда, көлемiн шектеу шаралары қолданылмақ. 
      Үкiмет неғұрлым тиiмдi және жұмыс iстеуге қабiлеттi кәсiпорындардың қаржы алуына бөгет жасайтын және тиiмсiз әрi зиян шегетiн өндiрiстерге қолдау көрсететiн кредит және қаржы дотацияларын бөлу жүйесiн жою жөнiнде қажеттi күш-жiгердi жұмсайды. 
      Шетел қатысатын банктердiң Қазақстан Республикасының резиденттерiне коммерциялық қызмет көрсетуiне заң жүзiнде тыйым салу көзделуде. 
      Ұлттық банк сауда-саттық арқылы берiлетiн кредит ресурстарын ұлғайту саясатын жүргiзiп, кредит ресурстарының жалпы мөлшерiндегi олардың үлесiн 1994 жылдың аяғына қарай 75 процентке дейiн жеткiзедi. 
      1994 жылдан бастап Ұлттық банк коммерциялық банктер мен өндiрiстердi кредиттеу мәселелерiнен бой тартуға кiрiсiп, өз қызметiн банк жүйесiнiң реформасына және ақша айналысы мен теңгенi тұрақтандыруға шоғырландырады. 
      Ұлттық банктiң атқарушы және заң шығарушы билiкке тәуелсiздiгiн қамтамасыз ету, сондай-ақ оны елiмiздiң резерв жүйесi етiп қайта құру көзделедi. 

      7.2. Үкiметтiң iс-қимылы. 1994 жылдың аяғына дейiн "Қазақстан Республикасының бюджет жүйесi туралы" Заңға бiрқатар түзетулердi Үкiмет Жоғарғы Кеңеске енгiзедi. Қатаң бюджет саясатын жүргiзу жөнiндегi негiзгi шаралар Жоғарғы Кеңеске енгiзiлетiн бюджет жобаларында көзделiнетiн болады. 
      1994 жылғы қыркүйекте Жоғарғы Кеңеске кәсiпорындар мен ұйымдардың банкроттығы туралы Заңның жаңа редакциясы ұсынылады. 
      1994 жылдың аяғына дейiн Үкiмет пен Ұлттық банк Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне "Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi туралы" Заңға және "Қазақстан Республикасындағы банктер туралы" Заңға бiрқатар өзгертулер мен толықтырулар енгiзедi. 
      1994 жылғы тамызда берешек кәсiпорындар мен олардың басшыларына берешектi уақтылы қайтармағаны үшiн материалдық және әкiмшiлiк жауапкершiлiк шараларын қолдануды көздейтiн нормативтi актiлер қабылданады. 
      1994 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығын кредиттеу және берешектi өтеу мерзiмiн ұзартуға жол берiлетiн кредиттiң бiр бөлiгiн лимиттеу туралы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы, сондай-ақ Мемлекеттiк қазыналық облигацияларды сату жолымен iшкi рынокта займдар өткiзу туралы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы қабылданатын болады. 

  VIII. Экономикалық өсудiң алғышарттарын жасау

  8.1. Өндiрiстiк кәсiпорындардың реформасы және
қаржылық ортаны сауықтыру

      8.1.1. Ой-ниет. Қаржы мекемелерiне өндiрушi кәсiпорындар тарапынан да, Үкiмет тарапынан да тәртiптi көзқарас ахуалын жасау үшiн Министрлер Кабинетi төлемдердi кешiктiргенi үшiн қатаң санкция енгiзiп, кәсiпорындар арасындағы берешектi өзара есептеу жүргiзу практикасын тоқтатады, жағдайы жоқ кәсiпорындар үшiн банкроттық туралы заңдарды қолданады және берiлiп тұратын тауарлар мен өнiмдер үшiн уақтылы ақы төлеуге берiк кепiлдiк беру туралы кәсiпорындардың алдын-ала талап етуiн қолдайды. 
      Бұл үшiн, бiрiншi кезекте, зиян шегушi кәсiпорындардың тағдыры анықталады. Осы мақсатта зиян шегушi барлық кәсiпорындардың және сауықтыруды керек ететiн, яғни мемлекеттiң қолдауына мұқтаж кәсiпорындардың тiзбесi, сондай-ақ ықшамдауға, яки мүлде таратуға жататын кәсiпорындардың тiзбесi жасалатын болады. 
      Кәсiпорындарды ретке келтiру мен банкроттау мәселелерiн шешу үшiн Үкiмет Қаржы министрлiгiнiң бақылауымен тиiстi қаржы институтын құрады, ол зиян шегушi кәсiпорындардың құрылымын өзгертуге және қаржы жағынан сауықтыруға қызмет көрсететiн болады, сондай-ақ Кәсiпорындарды қаржылық оңалту жөнiндегi агенттiк құрылады. 
      Дертке шалдыққан кәсiпорындарды "емдеу" оны барлық қаржы мiндеттемелерiнен тазарта отырып қаржыландырудың сыртқы көздерiнен оларды оқшаулауды көздейдi. Кәсiпорындарды санациялау 1-1, 5 жылдан аспайтын мерзiмге жүзеге асырылады, бұдан кейiн оның тағдыры жөнiнде "банк" шешiмi қабылданбақ. 
      Үкiмет Агроөнеркәсiп банкiн холдинг үлгiсiндегi кредит институты етiп қайта құруды көздей отырып, оған түбiрлi реформа жүргiзуге кiрiседi. 
      Шарттық қатынастардың орындалуы үшiн жауап беретiн сот iсiн жүргiзу, құқық қорғау органдары мен төрелiк жүйесiн едәуiр нығайту жөнiндегi шаралар қолданылмақ. 
      Меншiк жөнiндегi құқықтар мен мiндеттердi неғұрлым дәл анықтау, нарықтық экономиканың талаптарына сай келетiн қажеттi құқықтық негiз жасау үшiн қолданылып жүрген заңдарға тексеру мен пысықтау жүргiзiлетiн болады. 
      Бұған қоса, Үкiмет әлеуметтiк мiндеттер (бiлiм беру, мектепке дейiнгi тәрбие, медициналық қызмет көрсету, мәдениет және демалыс объектiлерi, жұмыспен қамтудың мемлекеттiк бағдарламасының қолданылуын сақтау) ауыртпалығы мойнына түсетiн бейiмсiз қызметтен кәсiпорынды құтқаруды назарда ұстап отыр. 
      Үкiмет монополиясыздандыру принциптерiн ұстана отырып, мемлекеттiк кәсiпорындарды басқару жүйесi мен оларды басқару құрылымына елеулi түзетулер енгiзудi көздейдi. 
      8.1.2. Үкiметтiң iс-қимылы. 1994 жылғы қазанда Министрлер Кабинетi мемлекеттiк кәсiпорындардың бiрi құрылтайшысы болатын бiрлескен кәсiпорындар мен өндiрiстердi құру процесiн реттеу тетiгiн (арнаулы ереже) айқындайды. 
      Iшкi де, сыртқы да инвестициялық белсендiлiктi, сондай-ақ iшкi рыноктың қорғалуын ынталандыру үшiн Үкiмет 1994 жылғы шiлде-тамыз айларында Жоғарғы Кеңестiң қарауына шетелдiк инвестициялар туралы және лизингтiк қатынастар жүйесi туралы жаңа заңдардың жобаларын, сондай-ақ жер туралы заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгiзедi. 
      Бұдан бұрын атап көрсетiлгенiндей, 1994 жылғы қыркүйекте Жоғарғы Кеңеске "Банкроттық туралы" Заңның жаңа редакциясы ұсынылады, онда кредиттердi орналастыру үшiн және нарықтық ставкаларға қарағанда неғұрлым төмен проценттiк ставкалар бойынша кредиттер бергенi үшiн банктердiң жауапкершiлiгi көзделiнедi. Заңда кредит берушiлердiң, салық органдарының, банктердiң, мемлекеттiк қаржы органдарының өтiнiшi бойынша төрелiк, сот органдарының кәсiпорынды банкрот деп жариялау туралы шешiм қабылдауына мүмкiндiк беретiн тетiгi жайында, сондай-ақ кәсiпорынды банкрот деп жариялау туралы шешiм қабылданғаннан кейiнгi iс-қимыл тәртiбi туралы ереже егжей-тегжейлi тұжырымдалады. 
      1994 жылғы тамызда Үкiмет Қаржы министрлiгiнiң жанынан қаржы институтын құру туралы Президент Жарлығының жобасын және Кәсiпорындарды қаржылық оңалту жөнiндегi агенттiк құру туралы Президент Жарлығының жобасын бекiтуге ұсынады. 
      1994 жылғы тамыз - қыркүйек айларында кәсiпорындарды санациялау мен банкроттау процедурасы жөнiндегi нормативтi құжаттардың пакетi, олардың қатарында Ұлттық банктiң займдарды жiктеу туралы, зиян шегушi кәсiпорындардың займдарын қаржы жағынан қамтамасыз ету туралы, зиян шегетiн кәсiпорындардың кредит берушi банктерiнiң Үйлестiру кеңесiн құру және оның зиян шегетiн кәсiпорындарды қайта құру немесе тарату бағдарламасын әзiрлеу мен жүзеге асыру жөнiндегi қызметiнiң принциптерi туралы нұсқаулықтары, сондай-ақ Қаржы министрлiгiнiң банктердi қайта капиталдандыру процедурасы жөнiндегi нұсқаулығы және басқалары әзiрленедi. 
      Шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң халық шаруашылығында есеп айырысу және бюджетке төлемдердiң түсуiн қамтамасыз ету үшiн жауапкершiлiгiн арттырудың шұғыл шараларын жүргiзу талап етiледi. 
      Осыған байланысты салық органдарына валюта шоттарынан бюджет алдындағы берешектi теңгеге пара-пар соманың өндiрiп алуына мүмкiндiк беретiн тетiктi жасау көзделiп отыр. 
      Бұған қоса, кәсiпорындар өнiм берiп тұрушылардан қаржының уақтылы түспеуiнен бюджетпен есеп айырысуды кешiктiрген жағдайда салық органдарының төлемдерi дебиторлардың есепшотынан өндiрiп алатын мүмкiндiгi болуға тиiс. 
      Осы шаралардың бәрi Үкiмет үстiмiздегi жылғы шiлдеде жобасын ұсынатын Президент Жарлығында жүзеге асырылады. 
      1995 жылы бухгалтерлiк есепке алудың жаңа жүйесiнiң негiзi жасалады және ол түпкiлiктi пысықталғаннан кейiн 1996 жылы енгiзiледi. 
      Үкiмет өнiм өндiрушiге тән емес функцияларды жергiлiктi әкiмдерге беру туралы шешiм қабылдайды. Бұл үшiн 1994 жылдың шiлде - тамыз айларында: 
      - кәсiпорындардың балансында тұрған әлеуметтiк, мәдени және тұрмыс объектiлерiн пайдалану тәртiбiн реттейтiн ереже; 
      - әлеуметтiк, мәдени-тұрмыс объектiлерiн жекешелендiру туралы ереже немесе осы объектiлердi конкурс бойынша сатуға рұқсат беретiн уақытша ереженi шығару немесе олардың бағытын өзгертуге тыйым салуды енгiзе отырып, акционерлiк қоғамдар етiп қайта құру туралы ереже; 
      - тұрғын үйдi, пәтерден тыс үйлер мен коммуналдық қамту орындарын ұстау туралы ереже әзiрленiп, бекiтiледi. 
      Үкiмет 1994 жылғы қыркүйекте Жоғарғы Кеңестiң қарауына әлеуметтiк, мәдени-тұрмыс объектiлерi халыққа қызмет көрсетуiн тоқтатуға жол бермеу үшiн оларды пайдалану тәртiбiн жергiлiктi әкiмдер деңгейiнде реттеу туралы, сондай-ақ жергiлiктi өкiмет органдарына мемлекеттiк бюджет есебiнен берiлетiн әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiн күтiп ұстау жөнiндегi шығынның бiр бөлiгiн, жаңа шығындарды қаржыландырудың көзiн дәл анықтаған жағдайда, қаржыландыру туралы заң жобаларын енгiзедi. 
      1994 жылғы қыркүйек-желтоқсан айларында құрылған холдингтердi монополиясыздандыру шараларымен қатар Үкiмет холдингтер мен ұлттық акционерлiк компанияларды құру мен олардың жұмыс iстеуiн реттейтiн қазiргi нормативтi актiлерге қажеттi өзгерiстер енгiзедi. 
      1994 жылдың аяғына дейiн "Қазақ ССР-iндегi кәсiпорындар туралы" Заңның күшiн жоюға мәселе қойылып, "Мемлекеттiк кәсiпорындар туралы" жаңа Заң қабылданатын болады. 

  8.2. Жекешелендiру

      8.2.1. Ой-ниет. Мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң 1993-1995 жылдарға арналған (II кезең) Ұлттық бағдарламасында көзделгенiндей, жекешелендiру төрт бағыт бойынша: 
      - сауда, қоғамдық тамақтандыру, қызмет көрсету, жүк және жолаушылар тасымалы саласындағы және басқа да салалардағы шағын объектiлердi жекешелендiру (шағын жекешелендiру); 
      - ел халқының қалың жiктерiне меншiк құқығын жүзеге асыруға және олардың бағалы қағаздармен жұмыс iстеудiң практикалық тәжiрибесiн алуға мүмкiндiк туғызу (жаппай жекешелендiру); 
      - өзектi салалардың базалық кәсiпорындарының оңтайлы ұйымдық құрылымын жасау және жекеменшiк пен мемлекеттiң оларды басқаруға қатысуының арақатынасын анықтау, сондай-ақ отандық және шетел инвесторларын тарту (жеке жобалар бойынша жекешелендiру); 
      - ауыл шаруашылығында көп укладты экономиканы қалыптастыру, оның тиiмдiлiгiн арттыру, кәсiпкерлiк қызметтi ынталандыру және бәсекелiк ортаны дамыту (агроөнеркәсiп кешенiндегi жекешелендiру) бағыты бойынша жүзеге асырылады. 
      Бiрiншi бағыт, ең алдымен, қызметкерлер саны 200-ге дейiнгi объектiлердi қамтиды және оларды жекешелендiру ақшалай қаражатты және қалған тұрғын үй купондарын пайдаланып, аукциондық-коммерциялық сату жолымен жүзеге асырылады. 
      Екiншi бағыт агроөнеркәсiп кешенiне кiрмейтiн және шағын жекешелендiру мен жеке жобалар бойынша жекешелендiруге енгiзiлмеген барлық кәсiпорындарды қамтиды. Жекешелендiру барысында халыққа жекешелендiру инвестициялық купондарын кәсiпорындардың акцияларын сатып алатын инвестициялық жекешелендiру қорларының акциясына айырбастау жолымен меншiк құқығын алуына мүмкiндiк берiледi. Қолданылып жүрген тетiкке жекешелендiру инвестициялық купондары сатылатындығына мемлекеттiк кепiлдiк тетiктерiн жасауды қамтамасыз ететiн дәлдей түсулер енгiзiлуi көзделедi. 
      Үшiншi бағыт монополист болып табылатын (әлемдiк рынокта монополист болып табылатын экспорттық кәсiпорындарды қоспағанда) және ерекше халық шаруашылық маңызы бар iрi кәсiпорындарды қамтиды. Жеке жобаларды өткiзу инвесторға уағдаласқан шарттар (тендер) негiзiнде сату, кәсiпорындарды басқаруға контракт жасасу немесе олардың акцияларын ашық түрде сату арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте отандық инвесторлар үшiн басымдылық сақталады және шетелдiк инвесторлардың мүддесiн қорғайтын айқын құқықтық негiз жасалады. 
      Төртiншi бағыт ауыл шаруашылығы өнiмiн ұқсатумен және ауыл шаруашылығына қызмет көрсетумен шұғылданатын кәсiпорындар тобын қамтиды. Агроөнеркәсiп кешенiнiң кәсiпорындарын жекешелендiру мүлiктiк және жер үлесiн мiндеттi түрде бөлiп бере отырып жүзеге асырылады. Мемлекеттiк ауыл шаруашылық кәсiпорындарын азаматтардың жеке меншiгiне сатуға, ұжымшарлар мүлкiнiң бiр бөлiгiн директорлардың меншiгiне беруге рұқсат етiледi. 
      Бұған қоса, Мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң Ұлттық бағдарламасы жекелеген сәттерi бойынша, атап айтқанда, жекешелендiрiлген кәсiпорындар акцияларының тиiстi үлестерi арқылы еңбек ұжымдарының мүдделiлiгiн күшейтуге қатысты сәттерi айқындала түсетiн болады. 
      Осыған орай, Үкiмет мемлекет бақылау жасайтын объектiлерде мемлекет меншiгiнiң үлесiн қазiргi белгiленген 51 проценттен 31 процентке дейiн кемiтудi көздеп отыр. Бұл ретте еңбек ұжымдары мен отандық кәсiпкерлерге сатып алуда басымдылық берiлетiн болады. 
      Мемлекеттiк меншiктi басқару функциясы және оны жекешелендiру функциясы бөлек органдар мен олардың құрылымдары тарапынан жүзеге асырылады. 
      Кәсiпорындарды бiрiктiру идеологиясы нақтыланады: қазiргi уақытта болып отырғандай, холдингтер мен Ұлттық акционерлiк компаниялардың ғана емес, бiрлестiктер (ассоциациялар, концерндер, корпорациялар және т.б.) ерiктiлiгiн, бәсекелестiгiн күшейту, сондай-ақ басқа да нысандарын кеңiнен қолдану көзделуде. 
      Негiзгi қорлардың құндық және ақшалай көрсеткiштерi мен олардың тозуын теңбе-тең есептеу мақсатында жарғылық және негiзгi қорларды алдын-ала қайта бағамдай отырып, инфляцияға ұшырамаған есептi ақшалай бiрлiктi енгiзу назарда ұсталынады. 

      8.2.2. Үкiметтiк iс-қимылы. Аукциондық-купондық сауда-саттыққа жағдай жасау және жекешелендiру инвестициялық купондары сатылатындығына мемлекеттiк кепiлдiк тетiктерiн енгiзу үшiн Үкiмет 1994 жылғы қараша айында "Қазақстан Республикасында мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң 1993-1995 жылдарға арналған (II кезең) Ұлттық бағдарламасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 5 наурыздағы N 1135 қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгiзетiн болады. 
     1994 жылғы қыркүйекте Үкiмет шағын жекешелендiру шегiнде шетел алармандары қатысатын мемлекеттiк меншiк объектiлерiн сату жөнiндегi мамандандырылған аукциондар ұйымдастыру туралы шешiм қабылдайды. 
      Толыққанды және тиiмдi инвестициялық жекешелендiру қорларының ұтымды жүйесiн қалыптастыруға жағдай жасалуын қамтамасыз ету үшiн 1994 жылғы қарашада Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң инвестициялық жекешелендiру қорларын қосу мен iрiлендiру ережелерi және олардың қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттырудың тетiгi туралы қаулысы қабылдамақ. 
      1994 жылғы қазанда кәсiпорындар мен ұйымдардың жарғылық және негiзгi қорларын қайта бағамдау, сондай-ақ құндық көрсеткiштер өлшемiнiң есептi бiрлiгiн енгiзу жөнiнде Президент Жарлығының жобасы бекiтiлуге енгiзiледi және Министрлер Кабинетiнiң қаулысы қабылданады. 
      1994 жылғы қазанда Үкiмет өндiрiстiк инфрақұрылым салаларының кәсiпорындарына - телекоммуникацияға, темiр жол көлiгi мен энергетикаға шетел инвестицияларын тарту үшiн қажеттi жағдайлар жасалуын қамтамасыз ететiн шешiмдер қабылдайды. Бұл кәсiпорындарды жекешелендiру және жеке жобалар бойынша, олардың акцияларының 45 процентке дейiнiн шетел инвесторларына халықаралық тендерлерде сату арқылы жүзеге асырылады. 
      Мұндай көзқарас көптеген проблемаларды шешуге ықпал ететiн болады. Энергетикадағы шетелдiк инвестициялар кәсiпорындарды техникалық жағынан қайта жарақтандырумен және көмiр өндiрудiң мөлшерiн ұлғайтумен бiрге кәсiпорындардың тұрақты жұмыс iстеуi мен аймақтардағы халықтың еңбекке неғұрлым толық қамтылуын қамтамасыз етпек. Темiржол көлiгiнде ескiрген жылжымалы құрамның жаңартылуы жүзеге асырылады. Бұл өз кезегiнде жолаушылар мен жүк тасымалы тарифтерiнiң төмендеуiне, сол тасымалдың көлемiн арттыруға қол жеткiзбек. Телекоммуникация саласына шетелдiк инвестицияларды тартпайынша банк жүйесiн жетiлдiрудi ойдағыдай iске асыру мүмкiн емес. 
      Үкiмет, ең алдымен, Ресеймен ұлтаралық компанияларды құру жөнiндегi жұмысты жалғастыра бередi. 
      1994 жылғы қарашада Үкiмет Қазақстан Республикасының Президентiне жекешелендiрудiң инвестициялық купондарының құнын төмендетпеуге мемлекеттiк кепiлдiктiң тетiгiн жасауды көздейтiн ұсыныс әзiрлейтiн болады. 
      1994 жылғы желтоқсанда Үкiмет оларды қаржылық-өнеркәсiптiк топтарға айналдыруды назарда ұстап, ұлттық акционерлiк, мемлекеттiк акционерлiк және холдингiлiк компанияларды монополиясыздандыру мен дамыту жөнiндегi шаралар туралы шешiм қабылдамақ. 
      Жекешелендiрудiң жоғарыда келтiрiлген барлық бағыттары бойынша заңдылық негiзiн жетiлдiру шеңберiнде Үкiмет Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне 1994 жылғы қыркүйекте "Мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру", "Шаруашылық серiктестiктер, акционерлiк қоғамдар және компаниялар туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының жаңа редакцияларын ұсынбақ. 

  8.3. Салық ауыртпалығын азайту

      8.3.1. Ой-ниет. Қазiргi салық жүйесiнiң экономикалық жағдайды сауықтыруға ықпалы мардымсыз екенiн ескере келiп, республика Үкiметi бұл бағытта реформа жүргiзудi көздейдi. Оның мақсаты - салықтардың ынталандыру рөлiн көтеру арқылы өндiрушiлер мен кәсiпкерлердiң экономиканы өрге бастыруды және қаржы жүйесiн сауықтыруды қамтамасыз етудегi iскерлiк белсендiлiгi мен жауапкершiлiгiн арттыру және қатаң бақылау қою мен салық төлеушiлердiң жауапкершiлiгiн арттыру. 
      Салық салудың бүкiл жүйесiн қамтитын және оны қамтамасыз етудiң әкiмшiлiк жүйесi мен жауапкершiлiк шараларын көздейтiн Салық кодексi әзiрленбек. 
      Салық кодексi өзгерiстердi ескере отырып, барлық салық заңдарын бiрiктiредi, сөйтiп Қазақстанның бүкiл аумағында салық ережелерiнiң бiрдей қолданылуын қамтамасыз етедi және әртүрлi заңдар арасындағы барлық қайшылықтарды жояды. Салықтық емес барлық заңдарда келтiрiлген салық ережелерiнен арылу қажет. 
      Салық базасының негiзi заңды ұйымдар мен жеке адамдардың табысына салынатын салықтардан (пайдаға салынатын салық, табыс салығы, қосымша құн салығы және акциз, т.б.) құралады. 
      Аталған салықтардың өмiршеңдiгiн және олардың бюджетке аударылымының негiзгi көзi ретiндегi маңызын ескере отырып, есептеу тәртiбiн жетiлдiру мен олардың қолданылу тетiгiн оңайлату көзделедi. Заңды түрде роялти және бонус үлгiсiндегi ренталық төлемдердiң рөлiн едәуiр арттыру ұйғарылуда. 
      Салық жүйесiн оңайлату, оған ынталандырушы сипат беру меншiк нысанына, сала мен шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге ешбiр байланыссыз кезең-кезеңмен пайдаға салынатын салық пен қосымша құнға салық бойынша бiр ставка белгiлеудi талап етедi. 
      Осы мақсатпен салалық, сондай-ақ уақытша сипаттағы да салықтар бойынша берiлетiн жеңiлдiктер саны мейлiнше азайтылмақ. 
      Сайып келгенде, заңды ұйымдардың табысынан алынатын салықтардың жиынтық сомасы кәсiпорын пайдасының 40-45 процентiнен аспауын және өндiрiс көлемiнiң өсуiне бөгет болмауын қамтамасыз ету қажет. 
      Жеке адамдардан табыс салығын алу жүйесi оңайлатылатын болады. Табыс салықтарының ставкалары iлгерiлiгiмен қала бередi, бiрақ iскерлiк белсендiлiкке деген ынтаны бәсеңдетпеу үшiн ең жоғарғы ставкасы 40 проценттен аспайтын болады. Табысы төмен деңгейдегi жеке адамдарды әлеуметтiк жағынан қорғау мақсатымен салық ставкаларының iлгерiлiгi неғұрлым ырғақты болуға тиiс. 
      Пайдаға салынатын салық төлеушiлер үшiн меншiк нысанына қарамастан жұмсалған шығындарды өнiмнiң өзiндiк құнына жатқызатын қазiргi жүйенi қайта қарай отырып, салық салынатын пайданы есептеудiң бiрыңғай әдiстемесiн белгiлеу ұйғарылып отыр. 
      Акциздерге келетiн болсақ, мұнда акциздерге жататын тауарлардың тiзбесiн кеңейту көзделедi. 
      Қазақстанда өндiрiлген тауарлар бойынша акциздер төлеуден жалтаруды болғызбау мақсатында акциздер тауар өндiрушiлерден акциздерге жататын тауарларды өткiзген кезде алынады, ал мемлекеттен тысқары жерден импортталған тауарлар бойынша - кедендiк ресiмдеу кезiнде алынады. 
      Шаруашылық жүргiзуде тең емес жағдайларға жол бермеу мақсатында импортталатын тауарлар бойынша акциздердiң ставкалары Қазақстан тауар өндiрушiлерiнiң осы тектес тауарларына акциздердiң ставкалары мөлшерiнен төмен белгiленбейдi. 
      Жер салығын, жеке адамдардың мүлкiне салықты, тiркелген (ренталық) төлемдердi есептеудiң тәртiбiн айқындай түсу көзделуде. 
      Меншiк нысаны мен шаруашылық жүргiзу нысанына қарамастан, кәсiпорындардың барлық түрлерi үшiн бұл кезеңде тоқсан сайынғы есеп беру орнына бiрыңғай жылдық қаржылық есеп беру енгiзiлетiн болады. 
      Бiлiктi салық мамандарын даярлау жөнiндегi жұмыс, салық жүйесiн компьютерлендiру iсi жүргiзiлмек. 
      Әрбiр салық төлеушiлерге салық төлеп отыратын теңестiру нөмiрi берiлмек. 

      8.3.2. Үкiметтiң iс-қимылы. Заңды ұйымдар мен жеке адамдардан алынатын барлық алымдар мен салықтарды қайта құру үшiн 1994 жылғы қарашада Үкiмет жаңа Салық кодексiнiң жобасын Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне ұсынатын болады. 
      Салық ауыртпалығын азайту үшiн бiрқатар нысаналы қорларды жою керек. 
      1994 жылғы маусым айында "1994 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы енгiзiлмек. Онда жеке адамдардың табысына салық салудың жоғарғы шегiн анықтай түсу көзделедi. 
      Қосылған құнға салық, акциз, жер салығын, жеке адамдардың мүлкiне салық, тiркелген (ренталық) төлемдердi алу (есептеу) тәртiбiн анықтай түсу үшiн "Қосылған құнға салық туралы", "Акциздер туралы", "Жеке тұлғалардың мүлкiне салық туралы", "Жер салығы туралы", "Тiркелген (ренталық) төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заңдардың жобалары енгiзiлетiн болады. 
      1994 жылғы қыркүйекте "Кәсiпорындардың пайдасы мен табысына салық салу туралы", "Жеке адамдардан алынатын табыс салығы туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының жобалары енгiзiлмек. 
      1994 жылғы қарашада салықтық емес барлық заң актiлерiнен салық ережелерiн алып тастау үшiн кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер енгiзу туралы заңдардың жобалары енгiзiлетiн болады. 
      Салық қызметiнiң материалдық базасын нығайту үшiн 1994 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң тиiстi қаулысы қабылданбақ. 
      Салық төлемегенi үшiн жауапкершiлiктi қатайту мақсатымен 1994 жылғы желтоқсанда "Қазақ ССР Қылмыстық кодексiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы ұсынылатын болады. 

  8.4. Еңбекке ақы төлеудi реформалау және
оның ынталандырушы рөлiн арттыру

      8.4.1. Ой-ниет. Еңбекке ақы төлеудiң қазiргi жүйесiн жетiлдiру жөнiнде жұмыс жүргiзiлмек. Бiрыңғай тарифтiк кестенi жетiлдiру және мамандықтардың бiрыңғай жалпы республикалық жiктемесiн енгiзу ұйғарылып отыр. 
      Мемлекет өзiнiң азаматтарына заңдарда ең төменгi әлеуметтiк нормативтер ретiнде белгiленетiн тұтынудың төменгi мөлшерiне кепiлдiк бередi. 
      Еңбекке ақы төлеу жүйесiн реформалаудың негiзiне: 
      мемлекеттiк қызметшiлерге еңбек ақы төлеудiң тұжырымдамасын жетiлдiру; 
      еңбекке материалдық ынталандыру тұжырымдамасын әзiрлеудi; 
      меншiктiң барлық нысандарындағы кәсiпорындар басшыларына ақы төлеу мөлшерiнiң орташа жалақы мөлшерiне байланыстылығын бiрте-бiрте алып тастауы; 
      инфляцияның деңгейi 4-6 процентке жеткен кезде еңбек тұтыну қоры бойынша шектеулердiң алынуын жатқызу назарда ұсталынады. 

      8.4.2. Үкiметтiң iс-қимылы. Экономикалық жағдайға қарай ең төменгi жалақының мөлшерi қайта қаралады. 
      Осы қағиданы iске асыру "Ең төменгi жалақының мөлшерi туралы" Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi қаулысының жобасын әзiрлеудi талап етедi. 
      1994 жылдың желтоқсанында бiрыңғай тарифтiк кестенi жетiлдiру және 1995 жылы мамандықтардың бiрыңғай жалпы республикалық жiктемесiн енгiзу ұйғарылып отыр. 
      Мемлекеттiк қызметкерлердiң жауапкершiлiгiн арттыру үшiн мемлекеттiк қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеу тұжырымдамасы әзiрленбек. 
      Инфляцияның деңгейi айына 4-5 процентке қысқарған жағдайда Үкiмет "Тұтынуға жұмсалатын қаражатты мемлекеттiк реттеу туралы" 1994 жылғы 8 ақпандағы N 148 қаулысын доғаратын болады. 

  IХ. Кәсiпкерлiктi дамыту

      9.1. Ой-ниет. Өркениеттi кәсiпкерлiктiң қалыптасуы мен оны дамытудағы ынталандыратын құқықтық, қаржылық-экономикалық, ұйымдастырушылық жағдайлардың шешушi рөл атқаруына орай Үкiмет бұл салада Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың 1994-1995 жылдарға арналған Мемлекеттiк бағдарламасы шеңберiнде шаралар жиынтығын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. 
      Осы Бағдарламаның басты мақсаты ретiнде Үкiмет республика экономикасында нақтылы бәсекелестiк ортаның пайда болуын қамтамасыз ететiн экономиканың күштi жеке секторын, жеке кәсiпкерлiктiң (әсiресе шығынының) дамыған инфрақұрылымы қалыптастыру үшiн қажеттi жағдай туғызуды көздейдi. Мұның өзi Қазақстанда кемiнде 150 мың жаңа кәсiпкерлiк субъектiлерiн құруды талап етедi. 
      Үкiмет дүние жүзiндегi дамыған елдердiң тәжiрибесiн қорытудан және республикада қалыптасып отырған экономикалық ахуалдан туындайтын төмендегi негiзгi мiндеттердi шешетiн болады. 
      Жеке меншiкке қол сұғылмауын, қорғалуын және кәсiпкерлiк қызметтiң еркiндiгiн қамтамасыз етуге бағытталған кәсiпкерлiктiң заңдылық-нормативтiк базасын жетiлдiру жөнiнде шаралар қолданылмақ. 
      Сондай-ақ нарықтық инфрақұрылымның тиiмдi буындарын қалыптастыру мен дамытуды жандандыру ұйғарылуда. Бұл жерде Үкiмет, бiрiншi кезекте, шағын бизнестiң аймақтық орталықтарының қаракет жасау тетiктерiн құру мен жетiлдiруге жәрдемдесудi көздейдi. 
      Үкiмет кәсiпкерлiк кадрларын даярлау мен қайта даярлау мәселелерiнде мемлекеттiк және мемлекеттiк емес құрылымдардың жұмысын неғұрлым дәйектiлiкпен ұйымдастырып, үйлестiредi. 
      Мемлекет тарапынан жеке кәсiпкерлiктi қаржылық, өндiрiстiк-технологиялық қолдау жөнiндегi тетiктердi жасау көзделедi. Бұл ретте бiрiншi кезекте, кредит ресурстарына, пайдаланылмайтын өндiрiстiк орын-жайларға, жабдықтарға және басқаларына еркiн бару ұйғарылып отыр. 
      Кәсiпкерлердiң сыртқы экономикалық қызметiн қолдау жөнiнде, кәсiпкерлiктiң қалыптасуы мен дамуына шетелдiк инвестицияларды тарту үшiн қажеттi жағдай туғызу жөнiнде, кәсiпкерлердiң шетелдiк әрiптестермен iскерлiк байланыстарын ұйымдастыру жөнiнде, сыртқы экономикалық қызметтiң субъектiлерiне тең мүмкiндiктер беру жөнiнде шаралар белгiленiп, жүзеге асырылмақ. 
      Ең ақырында жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау органдарын жетiлдiру және олардың кәсiпкерлiк одақтармен, бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасауы көзделiнедi. 
      Жеке кәсiпкерлiктi қалыптастыру мен дамытуды мемлекеттiк қолдаудың аталған бағыттары Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың 1994-1996 жылдарға арналған Мемлекеттiк бағдарламасында тұжырымдалған. 

      9.2. Үкiметтiң iс-қимылы. Осы мақсатты iске асыру жөнiндегi Үкiметтiң iс-қимылы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1994 жылғы 10 маусымдағы N 1727 қаулысымен бекiтiлген Кәсiпкерлiктi қолдау 
    мен дамытудың 1994-1996 жылдарға арналған Мемлекеттiк бағдарламасына байланысты шаралар мен тапсырмалар жоспарында нақтыландырылатын болады. 

  Х. Сыртқы экономикалық қызмет

      10.1. Ой-ниет. Сыртқы экономикалық қызметтi одан әрi ырықтандыру Үкiметтiң 1994-1995 жылдардағы экономикалық саясатының негiзгi бағыттарының бiрi болып табылады. Осыған орай кедендiк бақылау мен кедендiк тарифтер жүйесiн жетiлдiру, оны халықаралық заңдармен (ГАТТ) үндестiру; мемлекеттiк маңызы бар экспорттық және импорттық өнiмдерге мемлекеттiк монополияны дәйектi түрде қысқарту; экспорт-импорт тарифтерiн төлеу жөнiндегi және валюталық түсiмдi мiндеттi түрде сату жөнiндегi жеңiлдiктер беру практикасын толық тоқтату жоспарланып отыр. 
      Үкiмет есеп беру құжаттарын, экспорт-импорт квоталары мен лицензияларының мөлшерiн, кедендiк және банктердiң валюталық операциялары туралы ақпаратты пайдаланып, валюталық бақылаудың автоматтандырылған жүйесiн құру негiзiнде валюталық түсiмдер мен төлемдерге қатаң есеп жүргiзудi маңызды iс деп санайды. 
      Қазақстан экономикасында құрылымдық өзгерiстердi жүзеге асыруда шетел инвестицияларына үлкен рөл жүктеледi. Тартылған шетел капиталын экономикалық құрылымдық қайта құру процесiне және өндiрiстi техникалық жағынан қайта жарақтауды жеделдету процесiне қосылуға тиiс, республиканың экспорттық мүмкiндiгiнiң артуына жәрдемдесу және Қазақстан тауарларының сыртқы рынокта өтуiне шығуын жеңiлдетуге тиiс. Осыған байланысты Үкiмет шетел инвесторларының қатысуымен инвестициялық жобаларына сараптама мен iрiктеу жүргiзу тәртiбiн қатаң сақтауды, Үкiмет кепiлдiктерiн рәсiмдеу процедураларын анық регламенттеудi; кредит алуға Үкiмет кепiлдiктерiн тек ақша қаражаттарының кепiлдiгiмен немесе соңғы займшының өзге мүлкiмен қамтамасыз етiлгендерге ғана берудi; шетел инвесторларына кепiлдiктi қамтамасыз етудiң нақты және тиiмдi тетiгiн жасауды, экономикалық және саяси тәуекелдi сақтандыруды қарастырып отыр. 
      Үкiмет ұлтаралық (мемлекетаралық) қаржы-өнеркәсiп топтарының, бiрлескен кәсiпорындардың, қаржы-кредит жүйесi мен коммерциялық ұйымдардың қалыптасу процесiн қолдау және инвестициялық салада ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу ниетiнде. Үшiншi дүние елдерiне қатысты стратегияда ТМД елдерiмен ұстанатын бiрыңғай бағыт жалғаса бермек. 
      Үкiмет төлем балансын нығайту жөнiнде шаралар қабылдайды. Сауда балансының тапшылығы бәрiнен бұрын сыртқы сауданы одан әрi ырықтандыру, отандық өнiмдердiң экспортқа шығарылуын ынталандыру жүйесiн жасау және экспорт пен импорттың тиiмдi құрылымына жету есебiнен қысқартылатын болады. 

      10.2. Үкiметтiң iс-қимылы. Займдарды тарту мен пайдалануды тәртiпке келтiру мақсатында Үкiмет 1994 жылғы шiлдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне "Қазақстан Республикасындағы шетел инвестициялары туралы" Заң жобасын ұсынады. 
      Үкiмет 1994 жылғы шiлдеде таяу және алыс шет елдермен өзара қарым-қатынасты регламенттейтiн "Сыртқы экономикалық қызметтiң негiздерi туралы" Заң жобасын әзiрлейдi. 
      Үкiмет бұрынғысынша ТМД елдерiмен, бәрiнен бұрын Россиямен және Орта Азия мемлекеттерiмен шаруашылық байланыстарын бiрiктiру мен нығайту саясатын жүргiзе бередi. Өзбекстанмен және Қырғызстанмен бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы және Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының экономикалық ынтымақтастығын және бiрiгуiн одан әрi тереңдету туралы және басқа да жасалған шарттарды дәйектi түрде жүзеге асыру үшiн шаралар қабылданатын болады, сондай-ақ экономикалық одақ туралы шартты жүзеге асыру шеңберiнде ТМД елдерiнiң халықаралық экономикалық комитетiн құруға да күш-жiгер жұмсалатын болады. 
      Үкiмет бәсекелестiк принциптерi мен өнiмге еркiн келiсiмдi баға қою негiзiнде бұл елдермен тиiмдi сауда-экономикалық ынтымақтастық үшiн қажеттi құқылық, экономикалық және ұйымдық жағдайлар жасауға күш-жiгерiн шоғырландыруды көздейдi. 

  ХI. Аймақтық саясат

      11.1. Ой-ниет. Мемлекеттiң аймақтық саясаты олардың әлеуетiн неғұрлым толық ашу мақсатында аймақтардың әр тектерiне әртүрлi көзқарасты парасатты үйлестiрумен құрылатын болады. 
      Негiзiнен индустриялық бағыттағы (Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары, Алматы қаласы) елеулi ғылыми-техникалық әлеуетi бар аймақтарда басты күш шапшаң жекешелендiруге, нарықтық құрылымдарды, бiрлескен кәсiпорындарды жедел құруға, шетел инвестициялары үшiн жағдай туғызуға, инновациялық қызметтi дамытуға жұмсалуы тиiс. 
      Жоғары Экспорттық әлеуетi бар шикiзат аймақтары (Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жезқазған, Жамбыл, Қостанай облыстары) шикiзат ресурстарын тиiмдi және кешендi игеру, әлемдiк рынокқа шығу мақсатында негiзгi назарды шетел капиталы мен технологияларының тартылуына аударуға тиiс. Шикiзат салаларының қызметiне алынған қаражат аймақтағы өндiрiстi құрылымдық жағынан қайта құру, инфрақұрылым мен әлеуметтiк кешендi дамыту мақсатында пайдаланылатын болады. 
      Еңбекпен қамтылмаған адамдары көп Оңтүстiк Қазақстан аймақтарында қалалық жерде де, селолық жерде де ұсақ тауарлы өндiрiстi дамытуға ден қою ұсынылады. Мұның өзi еңбекпен қамту проблемасына септiгiн тигiзбек. Еңбектi көп қажет ететiн өндiрiстердi дамытумен және жаңа жұмыс орындарын құрумен байланысты жобаларды iске асырушы кәсiпорындар үшiн белгiлi бiр жеңiлдiктер көзделуге тиiс. 
      Конверсиялауға жататын қорғаныстық өндiрiстердiң үлкен үлесi бар аймақтар үшiн (Солтүстiк Қазақстан, Маңғыстау, Алматы облыстары) жеделдетiлген құрылымдық қайта құру, мемлекеттiң қолдауы жағдайында оларды азаматтық қажеттерге қайта бейiмдеу өзектi мiндет болып табылады. 
      Аймақтық саясатты жүзеге асыру аумақтық дамудың басымдылығын бейнелейтiн аймақтық индикативтi жоспарлар арқылы, олардың әлеуметтiк-экономикалық мiндеттерiн шешу, экономиканы мемлекет тарапынан реттеу шараларын жергiлiктi органдардың шаруашылық бастамашылығымен оңтайлы ұштастыру арқылы қамтамасыз етiлетiн болады. 

      11.2. Үкiметтiң iс-қимылы. Үкiмет 1994 жылдың аяғына дейiн аймақтарды дамытудың тұтастырылған бағдарламасын әзiрлейдi. 

  ХII. Әлеуметтiк саясат

      12.1. Ой-ниет. Қазiргi уақытта Үкiметтiң әлеуметтiк саясатының негiзгi мақсаты халықтың тұрмыс деңгейiн өмiр сүрудiң ең аз деген мөлшерiнен төмендетуге жол бермеу болып табылады. 
      Мемлекеттiк әлеуметтiк саясат әлеуметтiк қорғау жүйесi мен әлеуметтiк жәрдем жүйесiнен құралады. Мемлекет заң шығару мен атқарудың толық билiгiне, қаржылық құқықтар мен мүмкiндiктерге ие бола отырып, азаматтардың өмiр сүрудiң ең төменгi мөлшерiнен кем болмайтын табыс келтiруi үшiн жағдайдың бәрiн туғызуға және халықтың неғұрлым кiрiптар топтарына қолдау жасауға кепiлдiк беруге тиiс. 
      Бюджеттiң мүмкiндiгi негiзiнде ең төменгi жалақы мен ең төменгi зейнетақы белгiлеудiң қазiргi принципi физиологиялық нормалардың өзiне сәйкес келмейдi. Осыған орай келешекте ғылыми негiзделген әлеуметтiк-экономикалық нормалар мен нормативтерге қарай ең төменгi тұтыну бюджетiн әзiрлеп бекiту көзделуде. 
      Осылай алынған ең төменгi тұтыну бюджетi бюджеттiң өсiп келе жатқан мүмкiндiгiн ескере отырып, ең төменгi жалақы, ең төменгi зейнетақы, оқу ақысының, жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн белгiлеу үшiн негiз болуға тиiс. Ол сонымен бiр мезгiлде мемлекет тарапынан халыққа әлеуметтiк жағынан қолдау көрсету үшiн өлшем де бола алады. Бұл принцип үшiншi кезеңнен бастап Үкiмет жүргiзетiн саясаттың өзегiне айналуға тиiс. 
      Зейнетақы төлеу жөнiндегi кешеуiлдету фактiлерiне жол бермеу, зейнетақымен қамтамасыз етудiң үш сатылы жүйесiн жүзеге асырудың негiзi ретiнде Зейнетақы қорының тұрақты қаржылық жайын қамтамасыз ету және оның басшылығының жауапкершiлiгiн күшейту мақсатында оның бюджеттен тыс мәртебесiн қалпына келтiру жөнiндегi шаралар қолданылатын болады. 
      Әлеуметтiк саясат саласында мемлекеттiң негiзгi назары халықтың әлеуметтiк жағынан қорғаусыз қалған топтарына, азаматтардың еңбекке жарамсыз бөлiгiне аударылуға тиiс. 
      Халықты әлеуметтiк жағынан қолдау мәселелерiнде жоғары дәрежелi аталымды әлеуметтiк қорғау, әлеуметтiк жеңiлдiктердiң атаулы болуы шараларына көшу жүзеге асырылатын болады. Қажеттi әлеуметтiк жәрдем жөнiнде объективтi себептермен өзiн және өзiнiң отбасын тиiстi ең төменгi өмiр сүру деңгейiнде қамтамасыз ете алмайтындарға ғана кепiлдiк берiлуге тиiс. 
      Мұқтаж азаматтарға (тұтас отбасына немесе отбасының еңбекке жарамсыз әрбiр мүшесiне жеке), табыстарын және материалдық-тұрмыстық жағдайларын алдын-ала тексергеннен кейiн, егер олардың әлеуметтiк-экономикалық ахуалы азаматтарды әлеуметтiк мұқтаждар санатына жатқызудың негiзгi өлшемдерiне сәйкес келген жағдайда, әлеуметтiк жәрдем алуға құқық берiлетiн болады. 
      Әлеуметтiк жәрдем отбасының жиынтық табысын орташа жан басына шаққандағы есептеулi негiзiнде оны өмiр сүрудiң ең төменгi деңгейiне жеткiзу мақсатында берiледi. 
      Мемлекеттiң қаржылық жағдайының нығаюына қарай халыққа әлеуметтiк жәрдем мынадай ретте: 
      белгiленген ең төменгi деңгейден табысы аз отбасыларына ақшалай көмек; 
      отбасының нақтылы мұқтажына (киiм, үй заттарын, отын, дәрi, тiс емдеу бұйымдарын және т.б. сатып алуға) жұмсалатын нысаналы жәрдемақы; 
      коммуналдық қызмет көрсету үшiн төлемдi қосқанда, тұрғын үйге төлеуге арналған жәрдемақы; 
      көлiк қызметiне (қоғамдық көлiкте жүргенi үшiн, жанармай үшiн, емделуге барып-қайтқаны үшiн және т.б.) және рәсiмдiк қызмет көрсетуге төлеу үшiн жәрдемақы ретiнде көрiнiс таба алады. 
      Әлеуметтiк жәрдемнiң аталған түрлерiн енгiзу мен төлеудi аймақтық деңгейге ауыстыру қажет. Бұл бiр жағынан республикалық бюджеттiң мүмкiндiгiне және жергiліктi жағдайларға қарай табыстардың ең төменгi деңгейiн есептеудiң тиiмдiлiгiне байланысты. 
      Халықтың еңбекке қабiлеттi бөлiгiне арналған әлеуметтiк саясат еңбекке ақы төлеу жүйесiн реформалау жолымен табыстарды қолдау жүйесiн жасауға, жеке еңбек үлесi, меншiк нысанына қарамастан экономикалық тапқырлығы мен бастамашылығы есебiнен неғұрлым жоғары жалақы алу үшiн жағдайлар туғызуға, халықты барынша жұмыспен қамтамасыз етуге, жұмыссыздықтың жоғары деңгейiндегi аймақтарда қоғамдық жұмыстардың пайдаланылуын кеңейтуге бағытталатын болады. 
      Еңбекке ақы төлеу саласындағы негiзгi мiндет оның жүйесiн реформалауды аяқтау болып табылады, ол мыналарды: 
      еңбекке ақы төлеудiң ең төменгi деңгейiне мемлекет кепiлдiгiн; 
      еңбекке ақы төлеудiң жоғары деңгейi бойынша шектеулердiң болмауын; 
      ұжымдық шарттар мен тарифтiк келiсiмдер арқылы жұмысшылар мен қызметшiлер, жұмыс берушiлер мен кәсiподақтар арасындағы еңбекке ақы төлеу деңгейiн реттеудiң шарттық принципiн қамтамасыз етуге тиiс. 
      Бұған қоса еңбекке ақы төлеу жүйесiн реформалауда: 
      мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу тұжырымдамасы; 
      тауар нарығында өндiрушiнiң монополиялық жағдайы есебiнен үстеме пайда алуына тыйым салуға қатысты монополияға қарсы заңдардың рөлi мен қолданылуын күшейту негiзге алынуға тиiс. 
      Еңбекке қамтылмаған адамдар жөнiндегi Үкiметтiң әлеуметтiк саясаты халықтың еңбекке қабiлеттi топтарын шаруашылық қызметiне тарту үшiн құқықтық және экономикалық жағдайларды жасау мен жетiлдiруге бағытталатын болады. Ең алдымен, зиян шегушi кәсiпорындар мен өндiрiстердiң жойылуы, банкротқа ұшырауы салдарынан кадрлардың жаппай жұмыстан босатылу процесiн, оларды жұмысқа орналастыру мәселелерiн ерекше бақылауға алу, жастарға кәсiптiк бiлiм беру жүйесiн халық шаруашылығының қажетiне сәйкес келтiру көзделедi. 
      Әлеуметтiк қамсыздандырудың қазiргi жүйесiн жетiлдiру, мiндеттi және ерiктi зейнеттiк қамсыздандыру жөнiндегi жұмыс жүргiзiлетiн болады. 
      Әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесiнiң негiзгi принциптерi ауырған кезде, медициналық қызмет көрсету қажет болғанда, бақытсыздыққа ұшырағанда, жұмыссыз қалғанда және т.б. жағдайда қоғамның әрбiр мүшесiн экономикалық жағынан қорғауды қамтамасыз етуге саяды. Әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесiн жетiлдiру қамсыздандырудың атаулы болуын көздейдi. 
      Зейнетақымен қамтамасыз етудiң үшсатылы жүйесiн құруға бағыт ұсталынып отыр. Бiрiншi сатыда - мемлекет кепiлдiк беретiн ең төменгi зейнетақылар, екiншiсiнде - мiндеттi зейнетақылық қамсыздандыру бойынша берiлетiн зейнетақылар, үшiншiсiнде - ерiктi зейнетақы қорлары есебiнен берiлетiн зейнетақылар болып келедi. 
      Әлеуметтiк салада әлеуметтiк-мәдени және тұрмыс мақсатындағы мекемелердiң қалыптасқан жүйесiн қолдау мен сақтау жөнiнде кезек күттiрмейтiн шараларды қолдану көзделедi. Ең алдымен, медицинаға, оның ана мен баланы қорғау, туберкулезбен күрес сияқты басымды салаларына көмек көрсету, денсаулық сақтау жүйесiн қаржыландыру мен реформалау; базалық бiлiм беру мен мәдениет объектiлерiне көмек, атап айтқанда, медицина және педагогика кадрларының әлеуметтiк мәртебесi мен олардың жалақысының деңгейi мәселелерiн шешуге көмек көрсетiлетiн болады. Сақтандыру медицинасын енгiзудiң уақыты жеттi. Бұл үшiн тиiстi нормативтiк база жасау және оны қалыптастыру мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын әзiрлеу қажет. 
      Денсаулық сақтау реформасы, бiр жағынан, мемлекеттiк мекемелерде медициналық көмектiң тегiн көрсетiлуi кепiлдiгiн сақтап қалуды, екiншi жағынан, қазiргi әлеуметтiк жүйенi қайта құруды, медициналық бiлiм берудi реформалауды, денсаулық сақтау қызметкерлерiн әлеуметтiк жағынан қорғауды, сақтандыру мен ақылы медицинаны, студенттердi мемлекет тарапынан қолдауды енгiзудi көздеп отыр. 

      12.2. Үкiметтiң iс-қимылы. Үкiмет 1994 жылғы жылдың желтоқсан айында жаңа ең төменгi тұтыну бюджетiн әзiрлеп, бекiтуге кiрiседi. Бұл жұмыс Ең төменгi тұтыну бюджетi туралы Заңның жаңа редакциясы түрiнде немесе қазiргi кезде күшi 1997 жылдың 1 сәуiрiне дейiн тоқтатылған ескi Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу жолымен де тиянақталмақ. 
      Ең төменгi тұтыну бюджетi туралы Заң қабылданысымен Жоғарғы Кеңестiң тиiстi заңдарға (ең төменгi жалақы туралы, азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы, халықты жұмыспен қамту туралы заңдарға) толықтырулар мен өзгертулер әзiрлеп, бекiту қажет. 
      Ең төменгi тұтыну бюджетiн мемлекеттiк әлеуметтiк қолдауға мұқтаж адамдарды анықтау өлшемi ретiнде пайдалана отырып, Үкiмет 1996 жылы әлеуметтiк көмек көрсетудiң тетiгiн әзiрлейдi, онда азаматтардың әлеуметтiк көмек көрсету туралы арыздарын қабылдап, қарауға жауапты органдар, жан басына шаққандағы орташа кiрiс есебi мен әлеуметтiк көмек мөлшерiн белгiлеу әдiстемесi айқындалып, оның басқа да қырлары қарастырылады. Бұл тетiк Министрлер Кабинетiнiң қаулысымен бекiтiлетiн халықтың аз қамтамасыз етiлген бөлiгiн әлеуметтiк қолдау туралы Ереже түрiнде ұсынылуы тиiс. 
      Үкiмет еңбекақы төлеу жүйесiн реформалау кезiнде ең төменгi еңбекақы деңгейiне, жалақы бойынша, салықтан басқа, кез келген шектеулердi алуға, жұмыс берушi мен қызметкер арасындағы еңбекақы төлеудiң шарттық принциптерiне кепiлдiк бере, бұрын қабылданған Заң уақыт талабына сай келмейтiнiн ескере отырып, 1995 жылы Ең төменгi жалақы туралы Заңның жаңа жобасын әзiрлейдi. Бұған қоса,үстiмiздегi жылы оны салалық тарифтiк келiсiмдер туралы ережелермен толықтыруға қатысты Ұжымдық шарттар туралы Заңды пысықтау көзделуде. 
      Жұмыспен қамтамасыз етудi басқару мемлекет көлемiнде Мемлекеттiк ұлттық бағдарлама негiзiнде жүзеге асырылатын болады, оның негiзгi мазмұны жұмыспен қамту саясатын белгiлеуге, оны жүзеге асырудың принциптерi мен ыңғайын табуға, жұмыс орнының санын көбейтуге мемлекеттiң белсендi қатысуына және халықты жұмыспен қамтуды экономикалық тиiмдi деңгейде ұстауға саяды. Үкiмет 1994 жылғы қазан айында "Жұмыспен қамту туралы" Заңға жұмыссыздарды әлеуметтiк қолдау жүйесiн күшейтетiн кейбiр өзгерiстер енгiзудi көздеп отыр. 
      Зейнетақымен қамтамасыз етудiң межеленген жүйесiн енгiзу үшiн Үкiмет 1995 жылы Мiндеттi және ерiктi зейнетақылық сақтандыру туралы Заңды енгiзедi. Әлеуметтiк сақтандыру мәселесiн басқару жөнiнде 1994 жылғы тамыз айында бұрынғы сайланған Жоғарғы Кеңесте алғашқы оқылымында қабылданған Әлеуметтiк сақтық туралы Заң пысықталып, Парламентке енгiзiледi. 
      Медициналық сақтандыру жүйесiн енгiзу үшiн тиiстi заңдық негiз әзiрлеп, жасау, оны қалыптасуы мен дамуына байланысты мемлекеттiк бағдарлама әзiрлеу көзделiнедi. 
      Елде бiрыңғай мемлекеттiк санитарлық қадағалауды күшейту жөнiнде шаралар қолданылмақ. 

  ХIII. Экологиялық саясат

      13.1. Ой-ниет. Өтпелi кезең жағдайында экологиялық саясатты әзiрлеп, жүзеге асырған кезде Үкiмет: мұндай саясаттың мақсаты биологиялық әрекеттiлiктi мiндеттi түрде сақтай отырып, қоғамның экологиялық және экономикалық мүдделерiн ұштастыру негiзiнде адам үшiн қолайлы тiршiлiк ету ортасын қалыптастыру мен ұстау болып табылатынын негiзге алады. 
      Бұл мақсатқа жету үшiн Үкiмет мынадай мiндеттердi: 
      табиғатты қорғау мен табиғатты пайдалануды басқару мәселелерiн реттейтiн табиғатты қорғау заңдарының жүйесiн жасау; 
      аумақтық нормалау принциптерiне негiзделген табиғатты пайдалануды басқарудың жүйесiн жасау мен енгiзу; 
      бақылаушы органдардың құрылымына тиiстi өзгерiстер енгiзе отырып, экологиялық бақылаудың бiрыңғай жүйесiн iске қосу мiндеттерiн шешудi көздейдi. 

      13.2. Үкiметтiң iс-қимылы. Мемлекеттiк экологиялық саясат мiндеттерiн орындау мақсатында Үкiмет: 
      1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң қарауына "Қазақстан Республикасындағы экологиялық сараптама туралы", "Арнаулы табиғат пайдаланысы үшiн төлемдер туралы", "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк табиғи-қорықтық қорының қорғалатын аумақтары мен объектiлерi туралы", "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Қазақ ССР Кодексiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы" заңдар жобаларын, "Қазақстан Республикасындағы қоршаған табиғи ортаны қорғау туралы" Заңның жаңа редакциясын ұсыну; 
      1995 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң қарауына "Қазақстан Республикасының таза ауасы туралы", "Ауыз сумен қамтамасыз ететiн бастауларды қорғау туралы", "Жеке орман шаруашылығы туралы" заң жобаларын ұсыну; 
      1994-1995 жылдары аумақтық экологиялық нормалау принциптерiне негiзделген табиғатты пайдаланудың басқару жүйесiн негiздеудiң нормативтiк-құқылық құжаттарының пакетiн әзiрлеу; 
      1995 жылы Қазақстан Республикасының аумағын экологиялық аудандастыруды жүргiзу, Республика аумақтарының шын мәнiндегi экологиялық жәй-күйiн талдауды және оған баға берудi жүзеге асыру; 
      1994 жылы табиғатты тиiмдi пайдаланудың 2010 жылға дейiнгi Ұлттық бағдарламасын, 1994-2010 жылдар кезеңiне арналған "Қазақстан орманы" Ұлттық бағдарламасын, Қазақстанның жүйелi, кең ауқымды экологиялық және табиғи-ресурстық мониторингiн құрудың республикалық нысаналы Ғылыми-техникалық бағдарламасын орындаудың басталуын бекiтiп, ұйымдастыру; 
      1994 жылы атмосфера ауасына, жер және су ресурстарына мемлекеттiк басқару мен экологиялық бақылау қызметтерiн Экобиоресурсминiне беру есебiнен мемлекеттiк басқару мен экологиялық басқарудың бiрыңғай қызметiн құру ниетiнде. 

  ХIV. Тұрғын үй нарығының қалыптасуы мен дамуы

      14.1. Ой-ниет. Қабылданған жаңа тұрғын үй саясаты халықтың басым көпшiлiгiнiң тұрғын үй сатып алуға қаржы табу практикасына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты демеуақысыз қызмет iстеуге бiртiндеп көшiруге, тұрғын үй құрылысын қажеттi көлемге ұлғайтуды және тұрғын үйдi салу мен пайдаланудың тиiмдiлiгiн арттыруды қамтамасыз ететiн қолда бар құрылыс базасын модерлендiруге негiзделген. 
      Мұның өзi еңбек нарығын ырықтандыруға, құрылыс кешенiне қосымша серпiн беруге, халық үшiн стратегиялық тауар болып табылатын тұрғын үйдi айналымға қосу арқылы халықтың ақшасын матап, теңге бағамен нығайтуға мүмкiндiк бередi. 
      Тұрғын үй нарығын тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшiн капитал нарығын, әрi, бәсекелестiкке қабiлеттi мердiгерлiк нарық құрып, тұрғын үй аясының барлық қырларына пәрмендi мемлекеттiк реттеу үшiн жағдай туғызғанда қалыптасуы мүмкiн. 
      Капитал нарығын қалыптастыруда басты мiндет жаңадан құрылған Мамандандырылған тұрғын үй құрылысы банкiне (Тұрғынқұрылысбанкiне) жүктеледi. Бiрiншi кезеңде бұл банк үш қаржылық институттың: құрылыс банкiнiң; ипотекалық банктiң; қарыз-жинақ кассасының функциясын атқарады. Тұрғын үй құрылысы банкiнiң екi негiзгi функциясы қаржыландырудың орталықтандырылған және басқа көздерiнен келетiн түсiмдерге, бағалы қағаздар нарығы мен ипотекалық кепiлдердiң қайталану нарығын дамытуға негiзделедi. 
      Қарыз-жинақ жүйесi тұрғын үй шараларына капитал қорын жинақтауды мемлекеттiк қолдау мен ынталандыру жолымен заңды ұйымдар мен жеке адамдардың сенiмiне ие болуға негiзделедi. 
      Бәсекелестiк негiзiнде мердiгерлiк нарықтың қалыптасуы тұрғын үй құрылысы құнының төмендеуiне және өнiмнiң тұтыну сапасының артуына септiгiн тигiзедi. Жаңадан құрылған коммерциялық құрылыс салушылар институттары жобалар мен тұрғын үй құрылысына сауда-саттықты ұйымдастыру арқылы орындалатын мердiгерлiк нарықты қалыптастырудың негiзгi құралдары болып табылады. 
      Тұрғын үй қорын пайдалану мен оны ұстау аясын шығынсыз режимге көшiру бәсекелестiк ортаны қалыптастыруды талап етедi. Атамалы тұрғын үй жәрдемақылары жүйесiн енгiзумен бiр мезгiлде тұрғын үй пайдалану қызметiн акционерлендiру жөнiнде шешiмдер қабылдау, пәтер ақы мен коммуналдық қызмет төлемдерiнiң деңгейiн кезең-кезеңiмен өсiру тұрғын үй нарығын қалыптастыру жолдарының бiрi болып табылады. 

      14.2. Үкiметтiң iс-қимылы. 1994 және 1995 жылдары тұрғын үй құрылысы процесiне қатысушылардың белсендiлiгiн арттыру мен ауқымын кеңейту мақсатында салық жүйесiн жетiлдiру жөнiнен қолданылып жүрген заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу жөнiнде Жоғарғы Кеңеске ұсыныстар енгiзiлетiн болады. 
      1994 жылғы қыркүйек айында iрi инвестициялық тарту үшiн қолайлы жағдай туғызу мақсатында Жоғарғы Кеңестiң бекiтуiне жер қатынастарын жетiлдiруге қатысты Жер кодексi және басқа да қолданылып жүрген Жер туралы Заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу жөнiнде ұсыныстар берiледi. 
      Тұрғын үй саясатын жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының аумақтарында құрылыс салуда жаңа ыңғайды табу мақсатында 1994 және 1995 жылдары Парламенттiң бекiтуiне жаңа заңдар әзiрленедi, сондай-ақ қолданылып жүрген заң актiлерiне толықтырулар және өзгертулер енгiзiледi. Жаңа заңдардың негiзiнде 1994-1996 жылдары қала құрылысы мен тұрғын үй - азаматтық құрылыста жаңа нормативтiк құжаттар әзiрленетiн болады. 1995 жылдың аяғына дейiн жерге және елдi мекендердегi басқа да жылжымайтын мүлiкке иелiк құқығын тiркеу жүйесi (қала құрылысының кадастры) әзiрленедi. 
      1995 жылғы наурызға дейiн жеке адамдар мен заңды ұйымдардың мүлкiне объективтi түрде салық салу мақсатында жылжымайтын мүлiк құнын есепке алу жүйесiн енгiзу үшiн қажеттi салық кадастрын жасау жөнiнде Мемлекеттiк бағдарлама әзiрленедi. 
      Осы мерзiм iшiнде 1997 жылға дейiн заңды құқықтарды беру немесе басқа мәмiлелер жасау кезiнде жаппай бағалау жүргiзу мен тiркеу жүйесiн енгiзу мақсатында жердi және басқа да жылжымайтын мүлiктi мiндеттi түрде бағалаудың құқықтық базасы жасалатын болады. 
      1994 жылдың аяғына дейiн пәтер ақы мен коммуналдық қызмет төлемдерi деңгейiнiң өсуiмен бiр мезгiлде тұрғын үй жәрдемақысының жүйесi әзiрленедi. 
      1995 жылдың басында тұрғын үй қорын қажеттi деңгейде ұстауды қамтамасыз ету мақсатында ортақ иелiк жасау жөнiнде эксперименттер басталады. 
      Құрылыс материалдары мен тұрғын үй бөлшектерiн өндiруге арналған қолдағы технологияларды модерлендiру және жаңа технологиялық желiлер сатып алу жөнiндегi өзiн-өзi ақтайтын барлық жобалар 1994-1995 жылдары мүмкiндiгiнше валюталық кредит желiлерiне енгiзiледi немесе өзге де тәсiлмен қаржыландырылатын болады. 

  ХV. Құқық тәртiбiн нығайту

      15.1. Ой-ниет. Құқық тәртiбiн нығайту жөнiндегi Үкiмет қызметiнiң негiзгi бағыттары құқық бұзушылықтан сақтандыру, ең алдымен қылмыс жасауға итермелейтiн себептер мен жағдайларды жою немесе оларды аластау, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлыққа қарсы күрестi одан әрi күшейту болып табылады. 
      Республика аумағында қылмыс туғызатын жағдайды ауыздықтау жолындағы күрес процесi азаматтық, әкiмшiлiк, қылмыстық, қылмыстық iс жүргiзу заңдарын, сот жүргiзу мен сот құрылысы нормаларын жаңа әлеуметтiк экономикалық жағдайлармен сәйкестендiрудi көздейтiн Заң жобаларын әзiрлеумен ұштастырылатын болады. 
      Әдiлет, iшкi iстер, мемлекеттiк қаржы бақылау, кеден және салық қызметi органдарын одан әрi реформалау, олардың сот жүйесiмен, прокуратура органдарымен және ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен өзара iс-қимылын нығайта беру көзделедi. 
      Үкiмет Қазақстан Республикасында 1993-1995 жылдары қылмысқа қарсы күрес пен құқық тәртiбiн нығайту жөнiндегi шұғыл шаралардың Мемлекеттiк бағдарламасында көзделген шараларды барлық министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардың орындау барысына қатаң бақылау орнатып, жүргiзiлiп жатқан жұмысты жандандыру жөнiнде шаралар қолданады. 
      Қылмыс жасауға итермелейтiн негiзгi себептер маскүнемдiк пен алкоголизм, нашақорлық, құқықтық енжарлық пен әсiресе жастар арасында бейбастылықтың етек алуы; тауарлық-материалдық құндылықтар мен ақша сақтау объектiлерiнiң техникалық әлсiз жарақталуы болып отыр. Сондықтан да бұл бағыттарды құқық бұзушылықтан сақтандыруға бағытталған нысаналы кешендi жұмыс ұйымдастырылады. 
      Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлыққа қарсы күрестiң өзегi мемлекеттiк қызметшiлердiң өз мiндетiн орындауға деген жауапкершiлiгiн күшейту мен тәртiптi нығайту жөнiндегi жұмыс болуға тиiс. Құқық қорғау және қаржы-кредит жүйесi мен банк құрылымдарындағы бақылау органдары тарапынан оперативтiк-iздестiру мен жалпы қадағалау қызметi кеңейтiле бередi. Экономика саласындағы қылмысқа қарсы күрестi күшейту қажет, мұның өзi жемқорлық негiзiн күйретедi. 

      15.2. Үкiметтiң iс-қимылы. Үкiмет барлық заң жобалары жөнiндегi жұмысты үйлестiрудi Әдiлет министрлiгiне жүктейдi. Қылмыстық кодекстiң, Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң, Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстiң жобаларын пысықтап, тиянақтау жөнiндегi жұмыс басымдықпен жүргiзiлетiн болады. 
      1994 жылдың соңына дейiн Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлыққа қарсы күрес туралы, жеке тыңшылар мен күзет қызметi туралы, салық милициясы туралы заңдардың жобалары, Мемлекеттiк қаржы бақылауды күшейту мақсатында қолданылып жүрген заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы Заңдардың жобалары әзiрленедi. 
      Маскүнемдiк пен алкоголизмге, нашақорлық пен есiрткiқұмарлыққа қарсы күрес арнаулы үкiметтiк бағдарламаларының негiзiнде жүргiзiледi, оларды биылғы жылы әзiрлеп бекiту жоспарланып отыр. Алдағы уақытта маскүнемдiк пен нашақорлыққа шалдыққан адамдар үшiн емдеу-сауықтыру мекемелерiнiң желiсi құралатын болады. Есiрткiлердi заңсыз айналысқа салуға қарсы күрес жүргiзудiң халықаралық бағдарламалары шеңберiнде 1995 жылдан бастап құрамында есiрткi бар жабайы өсiмдiктер өсетiн жерлерге режимдiк аумақ мәртебесi белгiленетiн болады. 
      Кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстың елеулi үлес салмағын ескере отырып, жастар мен кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жөнiнде құқық қорғау органдары Бiлiм министрлiгiмен және Жастар iсi, туризм және спорт министрлiгiмен бiрлесе отырып, үкiмет iс-қимылының бағдарламасын әзiрлеудi қолға алды. 
      Азаматтардың көшедегi және қоғамдық орындарындағы жеке басы мен мүлiктiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн 1-2 жыл iшiнде басқару құрылымдарын қысқарту есебiнен iшкi iстер органдары мен iшкi әскерлердiң бекеттiк-шолғыншылары және атты милиция санын кезең-кезеңiмен көбейту көзделiп отыр. 
      1995 жылы салық милициясын құру жөнiндегi жұмыс толық аяқталып, оның практикалық қызметi үстiмiздегi жылдың екiншi жартысынан басталатын болады. 
      Темiр жол және әуе көлiктерiндегi жолаушылар мен жүктердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн арнайы милиция бөлiмшелерiн құру мүмкiндiктерi қарастырылады. 

  ХVI. Кадрлар даярлау

      16.1. Ой-ниет. Реформаға кедергi жасайтын басты факторлардың қатарында туындап отырған проблемаларды шешуге бейiмдi тиiстi бiлiм мен кадрлардың жоқтығы айқын көрiне бастады. Бұл проблема мемлекеттiк органдарды да, бизнестi де және бiлiм беру жүйесiнiң өзiн де қамтып отыр. 
      Сондықтан Үкiмет республикада кадрлар даярлауды негiзгi бағыттарының бiрi ретiнде жоғары оқу орнынан кейiн студенттердi шетелдiң таңдаулы орталықтарында оқытуды, кәсiпорындардың, фирмалар мен компаниялар басшыларын, сондай-ақ шағын және орта бизнес саласындағы кәсiпкерлердi қайта даярлауды белгiлеп отыр. 
      Студенттердi, кәсiпкерлер мен кәсiпорындар басшыларын iрiктеу тетiгiне, сондай-ақ оқуға баратындармен шарттар-мiндеттемелер жасасуға баса назар аударылатын болады. 
      Бұл тетiктер кадрлар даярлау мен оқыту жүйесiнiң кәсiптiк буынында дарынды жастарды iрiктеу, даярлау мен өсiрудiң технологиялық желiсiнiң элементтерiн қалыптастыру үшiн негiз қалайтын болады. 
      Талантты жастарды даярлаудың технологиялық желiсiн қалыптастырудың тағы бiр маңызды элементi талантты балаларды мектепке дейiн iрiктеп даярлау болуы керек. Осыған орай талантты балаларды iрiктеу мен даярлаудың толымды жүйесiн құруға кiрiсу көзделедi, мұның өзi оқытудың осы заманғы ең жетiк әдiстемелерiн әзiрлеудi, олардың эксперименттiк-тәжiрибелiк тексерiлуiн және мемлекеттiк бiлiм беру жүйесiне енгiзiлуiн қамтуға тиiс. 

      16.2. Үкiметтiң iс-қимылы. Кадр даярлаудың таңдап алынған бағытына сәйкес Үкiмет мына iс-қимылды жүзеге асырады. 1994 жылғы қазан айында Министрлер Кабинетiнiң "Студенттер мен аспиранттарды шет елдердiң оқыту орталықтарына оқуға жiберу туралы" қаулысы қабылданады, мұнда қаржы ресурстары, шет елдерде студенттер даярлауды ұйымдастырудың тиiстi тетiктерi, iрiктеу мен студенттiң оқыту курсын тәмамдағаннан кейiнгi мемлекет алдындағы мiндеттемелерi жөнiндегi ереже анықталатын болады. 
      1994 жылы қыркүйек айында Министрлер Кабинетi "Оқу турларын ұйымдастыру жөнiндегi ведомствоаралық комиссия құру туралы" қаулы қабылдайды. 
      1994 жылдың соңына қарай дарынды кадрлар даярлаудың арнайы мемлекеттiк бағдарламасын ("Дарын" бағдарламасын) қабылдау межеленiп отыр. 
      1995 жылдың наурызында Үкiмет "Талантты балаларды iрiктеу мен даярлау жөнiндегi эксперименттiк ғылыми-зерттеу орталығын құру туралы" қаулы әзiрлеп, бекiтедi, онда құрамына тиiстi мемлекеттiк және мемлекеттiк емес оқу мекемелерi бар тәжiрибелiк-эксперименталдық аймақ енгiзiлетiн тиiстi ғылыми-зерттеу базасын ұйымдастыру көзделедi. 
      1994 жылдың тамыз айында Министрлер Кабинетi бiлiктiлiктi арттырудың мемлекеттiк ведомстволық институттары мен факультеттерiнiң әдiстемелiк қызметiн үйлестiру жөнiнде ведомствоаралық комиссия құру туралы Ереже әзiрлейтiн болады. 
      1995 жылдың сәуiр айында оның мақсатын, мiндетiн, атқаратын қызметiн, құрылымы мен оны құруға қажет қаржы ресурсын анықтайтын нормативтiк акт әзiрлеу назарда ұсталынады. 

  ХVII. Ақпараттық қамтамасыз ету

      17.1. Ой-ниет. Үкiмет Бағдарламаның орындалу барысы жөнiнде жұртшылықты кеңiнен хабардар етiп отыру, халықпен үнемi ақылдасу және өзiнiң iс-қимыл жоспарына жедел түзетулер енгiзiп отыру қажеттiгiн түсiнедi. Осыған орай Үкiмет, министрлiктер мен ведомстволар, жергiлiктi әкiмдер Баспасөз туралы қолданылып жүрген заңның негiзiнде бұқаралық ақпарат құралдарын жүргiзiлiп отырған экономикалық саясаттың мазмұны жөнiндегi ақпаратпен үнемi және дер кезiнде қамтамасыз етiп, баспасөз конференцияларын, брифингтердi, баспасөзде жарияланған, теледидар мен радиодан берiлген материалдарды және т.б. пайдаланатын болады. Өз кезегiнде Үкiмет бұқаралық ақпарат құралдарынан олардың бағыт-бағдарына қарамастан реформалар барысын жазуда мейлiнше әдiлдiк күтедi. 

      17.2. Үкiметтiң iс-қимылы. Бұқаралық ақпарат құралдарының- "Казахстанская правда", "Егемен Қазақстан" газеттерiнiң, ҚазТАГ-тың, "Қазақстан теледидары мен радиосы" республикалық корпорациясының, сондай-ақ Баспасөзминi басылымдарының алдында Бағдарламаның орындалу барысын үзбей жазып отыру мiндетi тұр. Қазiргi штаттық кесте шегiнде редакцияларда Үкiметтiң iс-қимылын неғұрлым тереңiрек көрсететiн жедел бөлiмдер құралады. Үкiмет мүшелерiнiң бәрi, министрлiктер мен ведомстволардың басшылары және жергiлiктi әкiмдер ай сайын бұқаралық ақпарат құралдарына шығып тұрады. 
      Қазақстанның бiртұтас ақпараттық кеңiстiгiн жасау, әлемдiк ақпараттық процестерге кiрудi жандандыру және елдiң мемлекеттiк басқару органдары құрған газеттер мен журналдарды басқару құрылымын жетiлдiру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары жүйесiнiң реформасы жалғастырылатын болады. Үкiмет мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жөнiнде шаралар қолданады, газеттердi, журналдарды, теледидар мен радиохабарларын инвестициялау үшiн неғұрлым қолайлы жағдайлар жасайтын болады. Кәсiпорындар мен ұйымдардың баспасөз, теледидар мен радио өнiмдерiн шығаруға қажеттi мемлекеттiк мүлкi жекешелендiруге жатпайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады