"Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бүкілхалықтық талқылау туралы 

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 25 қаңтардағы № 141 өкімі

      1. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының жобасы (бұдан әрі – Заң жобасы) бүкілхалықтық талқылауға шығарылсын, ол 2017 жылғы 26 қаңтар 2017 жылғы 26 ақпан аралығында өткізілсін.
      2. Заң жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялансын.
      3. Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобы бүкілхалықтық талқылау барысында айтылған ұсыныстарды талдауды және жинақтап қорытуды, осы ұсыныстарды ескере отырып, Заң жобасын пысықтауды және оны Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізуді қамтамасыз етсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Жоба

Қазақстан Республикасының Конституциясына
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 4, 217-құжат; 1998 ж., № 20, 245-құжат; 2007 ж., № 10, 68-құжат; 2011 ж., № 3, 29-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. 26-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Әркiм заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады.
      2. Жеке меншік құқығына қол сұғылмайды. Меншiкке, оның iшiнде мұрагерлiк құқығына заңмен кепiлдiк берiледi. Егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, заңды жолмен алынған мүлікке меншік құқығын шектейтін немесе одан айыратын заңдарды және өзге де құқықтық актілерді қабылдауға жол берілмейді.».
      2. 44-бапта:
      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Республика Премьер-Министрін қызметіне тағайындайды; Республика Премьер-Министрін қызметінен босатады; Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсынумен Үкіметтің құрылымын айқындайды, Президент дербес тағайындайтын және босататын сыртқы істер және қорғаныс министрлерін қоспағанда, Үкімет мүшелерін қызметіне тағайындайды және қызметінен босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша қажеттігіне қарай Үкімет отырыстарына төрағалық етеді; облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады;»;
      2) 8) және 9) тармақшалар алып тасталсын;
      3) мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «10-1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде, күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Республика Конституциясына сәйкестігіне қарау, Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабы 3-тармағында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы Конституциялық Кеңеске үндеулерді жолдайды;»;
      4) 18) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «18) өзіне бағынысты Мемлекеттік күзет қызметін жасақтайды;».
      3. 45-баптың 2-тармағы алып тасталсын.
      4. 53-баптың 3) тармақшасы алып тасталсын.
      5. 57-баптың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «6) Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға хақылы. Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен оны қызметтен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады;».
      6. 61-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Республика Президентінің заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге құқығы бар, бұл тиісті заң жобалары Парламенттің ағымдағы сессиясы ішінде бірінші кезектегі тәртіппен қабылдануы тиіс екенін бiлдiредi.».
      7. 64-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Үкімет алқалы орган болып табылады және өзінің қызметінде Республика Президентінің, Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты.».
      8. 65-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Премьер-Министр тағайындалғаннан кейiнгi он күн мерзiмде Республиканың Премьер-Министрі Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Үкiметтiң құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентiне ұсыныстар енгiзедi.».
      9. 66-бапта:
      1) және 8) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады; Республика Президентiнің келісімімен мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді және олардың орындалуын қамтамасыз етеді;»;
      «8) Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдарды құрады, таратады және қайта ұйымдастырады, олардың басшыларын қызметіне тағайындайды және қызметінен босатады;»;
      мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «9-1) мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдардың қызметкерлері үшін еңбекақы төлеуді қаржыландырудың бірыңғай жүйесін Республика Президентiнің келісімімен бекітеді;».
      10. 67-баптың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4) Үкiмет қызметiнiң негiзгi бағыттары және оның аса маңызды барлық шешiмдерi туралы Президентке және Парламент Мәжілісіне баяндайды;».
      11. 70-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Үкімет жаңадан сайланған Республика Парламенті Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады.».
      12. 72-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Конституциялық Кеңес Конституцияның 44-бабының 10-1) тармақшасында көзделген жағдайларда Республика Президентінің, сондай-ақ Конституцияның 78-бабында белгiленген жағдайларда соттардың өтiнiштерiн қарайды.».
      13. 79-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Республика соттарының судьяларына қойылатын талаптар конституциялық заңда айқындалады.».
      14. 81-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «81-бап
      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық істер, жергілікті және жергілікті және басқа да соттардың соттылығына жататын өзге де істер бойынша жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген жағдайларда оның соттылығына жататын сот істерін қарайды және сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiктемелер береді.».
      15. 83-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңда белгіленген шектерде және нысандарда заңдылықтың сақталуын жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүдделерiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.».
      16. 86-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Республика Президенті Премьер-Министрмен және Парламент Палаталарының Төрағаларымен консультациялардан кейін мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатады, сондай-ақ мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады.».
      17. 87-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келісімімен Республика Президенті қызметке тағайындайды. Өзге әкімшілік-аумақтық бөліністердің әкімдері қызметке заңда айқындалған тәртіппен тағайындалады немесе сайланады. Республика Президенті өзінің ұйғаруы бойынша әкімдерді қызметінен босатуға хақылы.».
      18. 91-бапта:
      1) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, басқару нысанын өзгертуге болмайды.»;
      2) мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
      «3. Республика Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, олардың осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетіні туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болғанда, республикалық референдумға немесе Республика Парламентінің қарауына шығарылады.».

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады