"Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықты, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары құжаттарының үлгілерін және Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары белгілерінің сипаттамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы № 90 өкіміне мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
1) жоғарыда көрсетілген өкіммен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықта:
6-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың тексеру комиссияларының төрағаларына - Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы;";
12-тармақтың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі;";
2) жоғарыда көрсетілген өкімге 3-қосымша "Достық" (Дружба) орденінің сипаттамасынан кейін осы өкімге қосымшаға сәйкес "Ел бірлігі" (Единство народа) орденінің сипаттамасымен толықтырылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 12 тамыздағы № 51 өкіміне ҚОСЫМША |
"Ел бірлігі" (Единство народа) ордені
"Ел бірлігі" ордені диаметрі 50 мм қос қабатты сегіз бұрышты жұлдыз пішінінде болады.
Орденнің беткі жағының ортасында аясына көгілдір түсті эмаль құйылған шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбезді бөлігі) бейнесі орналасқан.
Шаңырақты айнала күн сәулесі түрінде уықтар тараған.
Шаңырақты айнала көгілдір түстің аясында "қошқар мүйіз" оюы орналасқан.
Шаңырақтың астында аясына көк түсті зергерлік эмаль құйылған лентада жарты шеңбер бойымен "ЕЛ БІРЛІГІ" деген жазу жазылған.
Аверстің аясы жылтыр, бедері шығыңқы жылтыр.
Орден ақ түсті металдан (алтын жалатылған күміс қорытпасы) жасалған.
Орденнің сыртқы жағы күңгірт және жарты шеңбер бойымен "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ" деген жазу бар.
Орденнің сыртқы жағының төменгі бөлігінде жылтыр, шығыңқы алаңша бар, оған реттік нөмір жазылған.
Қондырма:
ақ түсті металл (алтын жалатылған 999 сынамалы күміс қорытпасы).
Ендірме:
диаметрі 2,5 мм фианит - 8 дана.
Орден бір көк жолағы және екі қызғылт сары жолағы бар, ені 34 мм көгілдір түсті жібек қатқыл лентамен қапталған алтыбұрышты сары түсті металл (жез) тағанға құлақша мен шығыршық арқылы бекітілген.
Орден киімге визорлы бекіткіші бар түйреуішпен бекітіледі.