Қазақстан Республикасы Президентiнiң Аймақтағы өкiлi туралы ереже бекiтiлсiн (қоса берiледi). Қазақстан Республикасының Президентi Алматы, 1994 жылғы 15 тамыз N 1834 Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1994 жылғы 15 тамыздағы N 1834 өкiмiмен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Президентiнiң Аймақтағы өкiлi туралы Ереже 1. Жалпы ережелер
1.1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Аймақтағы өкiлi (бұдан былай - Президенттiң Өкiлi) Президентке аймақтағы ахуал жайында ұдайы хабарлап отыруды қамтамасыз ететiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң жергiлiктi атқарушы және өкiлдi органдармен байланысын және өзара iс-қимылын нығайта түсуге бағытталған шараларды жүзеге асыратын, арнаулы өкiлеттiк берiлген лауазымды тұлға болып табылады.
1.2. Президенттiң Өкiлiн Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындап, қызметiнен босатады, ол өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Президентiне есеп берiп отырады.
1.3. Президенттiң Өкiлi өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарын, қаулылары мен өкiмдерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
1.4. Президент Өкiлiнiң шешiмдерi мен iс-қимылы жөнiнде Қазақстан Республикасының Президентiне белгiленген тәртiппен шағым жасауға болады.
2. Президент Өкiлiнiң құзыры
2.1. Президенттiң Өкiлi:
- Қазақстан Республикасы Президентiнiң жергiлiктi атқарушы және өкiлдi органдармен ұйымдық және ақпараттық байланысын, олардың Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарын, қаулылары мен өкiмдерiн (бұдан былай-актiлер) орындау жөнiндегi қызметiне бақылау жасауды жүзеге асырады;
- әкiмшiлiктер жүргiзген ұйымдастыру жұмысының нәтижелерiн қорытындылап, оны жетiлдiре түсу жөнiндегi ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзедi;
- аймақты дамытудың өзектi әлеуметтiк-экономикалық, саяси және мәдени проблемаларына талдау жасап, мемлекеттiң аймақтағы жалпы саясатының стратегиясы жөнiндегi ұсыныстарды, ұсынымдар мен болжамдық-талдау материалдарын әзiрлейдi;
- экономиканы көтеру үшiн жағдайлар мен ынталандыруды жасаудың, нарықтық қатынастарды және кәсiпкерлiктi дамытудың, жекешелендiрудi жүргiзу мен халықтың табысы аз жiктерiне қолдау жасаудың, өндiрiстi ұлғайту және адамдардың өмiрiн жақсарту үшiн аймақтық мүмкiндiктердi пайдаланудың жергiлiктi тәжiрибесiн зерделеп, Президентке баяндап отырады;
- Қазақстан Республикасының Президентi жүргiзiп отырған iшкi және сыртқы саясат жөнiндегi шараларды әзiрлеуге және қабылданған шараларды жүзеге асыруға қатысады;
- жергiлiктi атқарушы және өкiлдi органдарға аймақты басқарудың пәрмендi жүйесiн қалыптастыру жөнiнде негiздi ұсыныстар енгiзедi;
- әкiмдер мен республика министрлiктерi, ведомстволары қызметiнiң жекелеген мәселелерi жөнiнде үйлестiруге жәрдем жасайды;
- әкiмдермен бiрлесе отырып Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң мәжiлiсiне шұғыл шешiмдi талап ететiн мәселелердi енгiзедi;
- қажеттi жағдайларда Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетiнiң актiлерiн әзiрлеу және қабылдау, қолданылып жүрген актiлерiнiң күшiн жою немесе өзгерту жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
- республика iшiндегi облысаралық, сондай-ақ Қазақстанның шекаралық және басқа облыстарының Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан облыстарымен ынтымақтастығын ұйымдастырады, және нығайтып отырады;
- жалпыреспубликалық әлеуметтiк-экономикалық даму бағдарламаларының жүзеге асырылу барысына бақылау жасайды;
- қоғамдық-саяси және экономикалық ахуалдың динамикасына бақылау жасап отырады;
- аймақтық және аймақаралық саяси партиялармен, қозғалыстармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты жүзеге асырады;
- Қазақстан Республикасы Президентiнiң Аппаратына аймақтардан келiп түскен азаматтардың жекелеген хаттары мен өтiнiштерiн қарап, жергiлiктi жерлерде азаматтарды қабылдауды жүзеге асырады.
2.2. Президенттiң Өкiлi аталған функцияларды жүзеге асыру мақсатында:
- өкiлдi органдардың сессияларына, мемлекеттiк басқару органдары өткiзетiн мәжiлiстер мен кеңестерге қатысуға;
- министрлiктерден, мемлекеттiк комитеттерден, ведомстволардан, концерндерден, салалық және аймақтық басқару органдарынан құжаттар мен анықтамаларды сұратып алуға, қажет болған жағдайда олардың басшылары мен лауазымды тұлғаларынан жазбаша түсiнiктемелердi талап етуге;
- қажет болған жағдайда республика министрлiктерiнiң, мемлекеттiк комитеттерi мен ведомстволарының, аймақтық басқару органдарының қызметкерлерiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына арналған мәселелердi әзiрлеуге қатысу үшiн тартуға;
- жергiлiктi жерлердегi атқарушы өкiмет пен басқару органдарының басшы қызметкерлерiн тағайындау жөнiнде, Қазақстан Республикасы Президентi актiлерiнiң тиiстi түрде орындалмауына кiнәлi аймақтық басқару органдарының лауазымды тұлғаларын жауапкершiлiкке тарту туралы ұсыныстар енгiзуге;
- Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Бас бақылау инспекциясына, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi iс басқармасының Аумақтық даму және парламентпен өзара iс-қимыл бөлiмiне жергiлiктi жерлердегi жағдайды зерделеу жөнiндегi бiрлескен жұмыстың мәселелерi жөнiнде жүгiнуге, бақылауындағы аймақтық басқару органдары мен лауазымды тұлғалардың қызметiне байланысты құжаттарды алуға;
- аймақта республиканың мемлекеттiк тұтастығына қатер төндiретiн төтенше жағдайлар туындаған кезде Қазақстан Республикасы Қауiпсiздiк кеңесiнiң талқылауына мәселелер енгiзуге;
- аймақтық iшкi iстер, ұлттық қауiпсiздiк, прокуратура және сот органдарымен байланысты жүзеге асыруға құқылы.
3. Есеп беру нысандары
3.1. Президенттiң Өкiлi Президентке тоқсан сайын аймақтардағы ахуал жайында, нақты тұжырымдары мен ұсыныстарын қоса жүргiзген жұмысы туралы есептi, сондай-ақ аймақтардағы ағымдағы жағдай туралы ауызша және жазбаша ақпаратты табыс етiп отырады.
4. Президент Өкiлiнiң қызметiн ұйымдастыру және
қамтамасыз ету
4.1. Президент Өкiлiнiң қызметiн қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Президентiнiң Аппаратына және тиiстi облыстық әкiмнiң аппаратына жүктеледi.
4.2. Президенттiң Өкiлдерi Президент тағайындаған, Президент Аппараты Басшысының орынбасары басқаратын Президент Өкiлдерi Тобына ұйымдасады.
4.3. Президент Аппараты Басшысының орынбасары:
- жалпымемлекеттiк мiндеттердi жүзеге асыру мәселелерiнде және Президент актiлерiнiң орындалуына бақылау жасауды ұйымдастыруда, оларды жүзеге асырудың нысандары мен әдiстерiн таңдауда жеке бастамашылығын шектемей, Президент Өкiлдерiнiң қызметiн үйлестiредi;
- Топтың қызметiн жоспарлайды;
- Президент Аппараты басшысымен бiрлесе отырып Президент Өкiлдерiн қызметке тағайындау және қызметтен босату, сондай-ақ оларға аймақтарды бекiтiп беру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
- Қазақстан Республикасы Президентiнiң Аппараты мен Министрлер Кабинетi Iс Басқармасы құрылымдық бөлiмшелерiнiң, министрлiктерiнiң және ведомстволарының басшыларымен өзара iс-қимыл жүргiзедi;
- азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асырады.