1. Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени бiлiм тұжырымдамасы (қоса берiлiп отыр) мақұлдансын.
2. Тұжырымдаманың мәтiнi "Егемен Қазақстан", "Казахстанская правда" газеттерiнде жариялау үшiн ҚазТАГ-қа және "Қазақстан мұғалiмi", "Учитель Казахстана" газеттерiнде жариялау үшiн Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгiне жiберiлсiн.
3. Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат iстерi жөнiндегi Ұлттық агенттiгi Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени бiлiм тұжырымдамасын жеке басылыммен мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде шығарсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы Одобрена
Президентiнiң 1996 жылғы распоряжением Президента
15 шiлдедегi N 3058 өкiмiмен Республики Казахстан от
мақұлданған 15 июля 1996 г. N 3058
Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы
Мемлекеттiк саясат жөнiндегi Ұлттық кеңес
Национальный совет по Государственной политике
при Президента Республики Казахстан
Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени
бiлiм тұжырымдамасы туралы
Концепция этнокультурного образования
в Республике Казахстан
Алматы, 1996
Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени
бiлiм тұжырымдамасы
Стратегия
Қазақстан Республикасы демократиялық реформаларға, адамның қандай ұлтқа жататынына қарамастан, оның құқықтары мен бостандығын тануға, этникалық немесе нәсiлдiк белгiсiне қарап кемсiтушiлiкке жол бермеуге бағыт ұстап отыр. Конституциямен бекiтiлген ұлттардың тең құқықтылығы жеке адам құқықтарының басымдығы принципiнен бастау алып, этносаралық тұрақтылықтың сақталуына, қазақстандық патриотизмнiң тамыр жаюына, халықтың этникалық қайта түлеуiне бағытталады. Сондықтан этникалық терiс түсiнiктер мен тайталас, этникалық артықшылық идеялары мемлекеттiк мүдделерге қайшылық ретiнде бағаланады.
Қазақстанның ерекшелiгi халқының көп этникалық және көп дiндi құрамымен айқындалады. Респуликада көптеген ұлттар мен ұлыстардың өкiлдерi тұрады. Олардың кейбiрi тығыз шоғырланған, мұның өзi Қазақстан Республикасының этникалық-мәдени көп қырлылығы мен ерекшелiгiн күшейте түседi. Елдiң халқы мәдени-тiлдiк өзгешелiгi бойынша тұтас алғанда қатынастық мәнi мен таралуы жағынан өзара тең емес екi тiлдiң - мемлекеттiк және орыс тiлдерiнiң бiреуiне басым бағыт алуына қарай бөлiнедi. Мұның сыртында, бiрнеше ұлттық топ өкiлдерiнiң өзiндiк этникалық мемлекеттiлiгi жоқ, ал бұл елдiң оларға тән төл мәдениеттi сақтауға деген жауапкершiлiгiн арттыра түседi. Осындай жағдайда этникалық мәдениеттердi қалпына келтiру мен дамытуға және олардың арасында жалпыұлттық бiрлiк мүддесiндегi өзара iс-харакеттерге мүмкiндiк туғызудың маңызы зор.
Сондықтан мемлекеттiң этникалық-әлеуметтiк ахуалды тұтас және оның жекелеген қырларынан пайымдайтын этносаралық қатынастар саласындағы ресми саясатын жасау өзектi мәселеге айналады. Бiлiм беру саласында халықтың этникалық-мәдени мүдделерiн iске асыру тұжырымдамасы оның бiр бөлiгi болуға тиiс. Бұл тұжырымдаманың негiзгi идеясы этникалық топтардың өзiндiк ерекшелiгiн сақтауға, сонымен бiрге өзге мәдениеттердiң құндылықтары мен қалыптарын игеруге бағытталған бiлiм беру үлгiсiн жасау болып табылады. Мұнымен қатар этникалық сәйкестiлiктiң жоғалып кетпеуi және жалпымемлекеттiк құндылықтардың қабылдануының қамтамасыз етiлуi ерекше маңызды.
Этникалық-мәдени бiлiм тұжырымдамасының өте-мөте қажеттiлiгi, сондай-ақ өтпелi кезеңдегi бiлiм беру жүйесiндегi дағдарыстан да туындайды. Оқыту мен тәрбие беру мазмұнын бiр iзге түсiру елдiң ұлт пен ұлттық топтарының этникалық-мәдени қажеттерiнiң қанағаттандырылмауына әкеп соқты.
Этникалық-мәдени бiлiм стратегиясы өзара байланысты екi мақсатты: этникалық сәйкестендiру мен мемлекеттiк интеграцияны жүзеге асыруға бағытталады.
Халықтың этникалық-мәдени сәйкестiлiгi өз тарихында, мәдениетiнде болған оқиғаларды бiлу, қалыптасқан рухани құндылықтарға адалдық, ұлт қаhармандарын қастерлеу нәтижесiнде құрылады. Ол ұлттың азат және ерiктi жасампаздық шығармашылығы процесiнде қалыптасады.
Этникалық-мәдени сәйкестiлiк жағдайына халықтың өзi тудырған әлеуметтiк-жүйе арқылы қол жетедi. Оған отбасы, мектепке дейiнгi балалар мекемелерi, оқу орындары, ұлттық-мәдени орталықтар, журналдар мен газеттер, көркем және ғылыми әдебиет, ғылыми-зерттеу және әкiмшiлiк мекемелерi, тағы басқалары жатады.
Мемлекеттiк интеграция - Этникалық-мәдени бiлiм берудiң iргелi және стратегиялық мақсаты. Егер жекелеген халық этникалық сәйкестiлiкке бiршама қысқа мерзiмде жете алатын болса, мемлекеттiк интеграцияға қол жеткiзу - мемлекеттегi барлық этностардың күш-жiгерiн қажет ететiн ұзақ процес. Сайып келгенде, мемлекеттiлiктiң нақ өзi Қазақстанды мекендеген халықтардың этникалық сәйкестiлiк мүмкiндiгiнiң негiзгi шарты болып табылады.
Этникалық-мәдени және мемлекеттiк сәйкестiлiкке бiлiм беру жүйесi арқылы барынша тиiмдi қол жеткiзуге болады.
Бiлiм беру - ұлттық сапаны қалыптастырудың, мәдени-тiлдiк мүдделердi жүзеге асырудың құралы ретiнде мынадай басты төрт функцияны атқаруға тиiс:
- таратушылық (этникалық-ұлттық қоғамдастықтың тұтастығы мен жаңғыруын қамтамасыз ету);
- дамытушылық (ұлттық сананы қалыптастыру және дамыту);
- саралаушылық (адамның, этникалық топтардың ұлттық-мәдени қажеттiлiктерiн айқындау);
- ынтымақтастырушылық (мәдениеттердiң өзара бiрлiгiн, өзара кiрiгуiн, өзара байытуын, жеке тұлғаның әлемдiк және ұлттық мәдениет жүйесiне байлауын қамтамасыз ету).
Бiлiмдi адам ғана тарихи және мәдени дәстүрлердi ұстана алады. Ол өзiнiң белгiлi бiр қауымдастық пен халыққа қатыстылығын сезiнедi, оның бойында мәдени қажеттiлiктер: адамгершiлiкке, ойлы iс-әрекетке, сұлулыққа, жоғары-рухани бастауларға құлшыныс қалыптасады.
Бiлiм берудiң тағы бiр талабы - өзге мәдениеттi түсiну және қабылдай бiлу. Мәдениеттердiң өзара байланысы, бiр-бiрiне ықпалдастығы жағдайында ғана әрбiр жекелеген мәдениеттiң принциптерi мен ерекшелiктерi айқын танылады.
Этникалық-мәдени бiлiм - бұл ана тiлi мен төл мәдениеттi әлемдiк мәдениеттiң құндылықтарын қоса игеру арқылы тұлғаның этникалық-мәдени сәйкестiлiгiн сақтауға бағытталған бiлiм.
Этникалық-мәдени бiлiм идеясын қабылдау - мәдени және лингвистикалық плюралимз идеясына негiзделген, бiлiмдi техникалық және ақпараттық жағынан байытудың әлемдiк деңгейiн дәстүрлi мәдени құндылықтармен үйлестiретiн оқыту мен тәрбиелеудiң ұлттық жүйесiн құруды бiлдiредi.
Аталған идеяны жүзеге асырудың негiзгi шарттары мыналар болып табылады: бiлiм берумен мектептiң ұлттық бастауларын дамыту және нығайту; жеке тұлға үшiн ана тiлi мен төл мәдениеттiң сөзсiз басымдылығын тану және оны қамтамасыз ету; бiлiм берудi демократияландыру; бiлiм берудiң меншiктiк түрi жөнiнен де, этникалық-мәдени мүдделердi жүзеге асыру арналарының сан алуандығы жағынан да көп түрлiлiгi мен оңтайлылығы; бiлiм беру қызметтерiнiң жалпыға бiрдей пұрсаттылығы мен жiктелгендiгi, ұлттық бiлiм беру жүйесiнiң осы салаға қатысты дүниежүзiлiк тәжiрибедегi бүкiл озық атаулыға ашықтығы мен икемдiлiгi; жеке адам мен қоғамның этникалық-мәдени қажеттерiн iске асыруға бағытталған бiлiм беру қызметiнiң үздiксiздiгi; бiлiм беру жүйесiн этникалық-мәдени мүдделер саласындағы қызметтерге сұраныстарды анықтауға және қанағаттандыруға мақсатты түрде бағыттау; мемлекеттiк бiртұтас бағдарлама негiзiнде аталған проблема бойынша халықтың этникалық құрамының ерекшелiктерi ескерiлген аймақтық бағдарламалардың болуы.
Мұнымен қатар мынадай негiзгi принциптердi басшылыққа алу маңызды:
- этникалық және тiлдiк топтарға бiлiм беру қызметтерiн көрсету саласына саяси партиялардың, өзге де қоғамдық, оның iшiнде дiни бiрлестiктердiң, жеке адамдардың қатысуы заң шеңберлерiмен шектеулi болуға тиiс;
- ұлттар мен ұлттық топтардың бiлiм беру саласындағы этникалық-мәдени сұраныстарын қанағаттандыруда iс жүзiндегi тек құқықтылығының қамтамасыз етiлуi;
- жеке адамның этникалық-мәдени сұраныстарының қоғам мүдделерiнен, "қажеттiлiк" пайымдауларынан басымдығы туралы ереженiң түсiнiлуi және қабылдануы;
- мемлекеттiк саясаттың қоғамда Қазақстанның прогресi мен гүлденуiнiң маңызды шарты ретiнде этникалық-мәдени келiсiмдi қамтамасыз ету негiзiнде iске асуы;
- интернационалдық мәдениеттiң аса маңызды құндылықтары: бiрiгу мен ұлтаралық татулықтың, жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының және тағы басқалардың практикаға енгiзiлуi;
- бiлiм беру iсiн - бiлiм дарыту мен кадрларды кәсiби даярлаудың тетiгi ретiнде емес, түптеп келгенде, мәдениет түзушi институт, жеке тұлғаның адамға, ұлтқа тән ерекшелiктердi сақтап, дамытудың құралы ретiнде қараудың жүзеге асуы;
- бiлiм беру мен мектептi саясаттандырудан, идеологияландырудан қорғау тетiгiнiң әзiрленуi мен енгiзiлуi;
- проблеманы шешудiң бағдарламалы және кешендi жолдарының, көп ұлтты мәдени болмыстың күрделi процестерiнiң әртүрлi жақтарының ескерiлуi.
Этникалық-мәдени бiлiм берудiң негiзгi мiндеттерi ретiнде мыналар ұсынылады:
- жан-жақты мәдениеттi тұлғаны тәрбиелеу: тұлғаның өзiнiң төл мәдениетiне сай болуына және өзге мәдениеттердi игеруiне жағдайлар жасау. Мәдениеттер алмасуына, олардың бiрiн-бiрi байытуына бағдар ұстау;
- көп тiлдi жеке адамды қалыптастыру: ана тiлiнде, мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде еркiн ұғынысуға қабылеттi азаматтарды даярлау. Сол арқылы өзi этникалық тобына қатысты да, мемлекетiне қатысты да "бiрдей адалдық" үлгiсiн iске асыру. Нақты практикада үш, төрт, одан да көп тiлдердi тиiмдi меңгеру туралы сөз қозғалуы мүмкiн.
Қазақстанда этникалық-мәдени бiлiм жүйесiн қалыптастыруға қажеттi алғышарт этникалық-мәдени бiлiм кеңiстiгiн құру болып табылады.
Өз мәдениетi арқылы өзге мәдениеттерге бағыт ұстаған адам жан-жақты мәдениеттi тұлға деп ұғынылады. Төл мәдениеттi терең бiлу ол үшiн - басқа мәдениеттерге қызығушылықтың iргетасын қаласа, көп мәдениетпен танысу - рухани баю мен дамудың негiзi болады.
Сонымен бiрге, жеке тұлға өз ұлтының мәдениетi мен тiлiн қажетсiне ме, оларды меңгеруге ұмтылысы, өзiн өз халқына сәйкестендiруге ықыласы бар ма деген мәселе де өте маңызды. Мемлекет осы үш фактордың әрқайсысын қалыптастырудың нақты жолдарын қарастыруға, тұлғаны ана тiлi мен төл мәдениеттi меңгеруге ынталандырып, жан-жақты жәрдем көрсетуге тиiс. Алайда жеке адамның өз айқындамасы шешушi маңызға ие.
Жан-жақты мәдениеттi тұлға, ең алдымен, тұтас дүниетанымға ие болуы қажет. Бұл мұндай тұлғаның дүниедегi, әлеуметтiк орта мен мәдениеттегi байланыстары мен қатынастарының күрделi, өзара байланысты және өзара астарлас сипатын көрсетуге мүмкiндiк беретiн бiлiмi мен бiлiгiнiң жүйеге қалыптасқанын бiлдiредi. Тұтастық - жоғары дамыған және тиiмдi оңтайланған дүниетанымның өлшемi.
Жан-жақты мәдениеттi тұлға - кемел лингвистикалық сана иесi. Ана тiлi мен мемлекеттiк тiлдi бiлу, шетел тiлдерiн үйрену тұлғаның дүниетанымын кеңейтедi, оның сан қырлы дамуына жол ашады, сабырлылық пен дүниенi байыпты және кең ауқымда тану дағдысын қалыптастыруға жәрдемдеседi.
Жан-жақты мәдениеттi тұлға - бедерлi тарихи сана иесi. Нақ осы тарихи сана этникалық та, жалпымемлекеттiк те сананың негiзi болып табылады. Ұлттық менталитеттi, этностың мыңдаған жылдық тарихында қалыптасқан аңыздарды, нышандарды, бейнелердi, ұғымдарды тек халық тарихын бiлу арқылы ғана тануға болады. Елдi қоныстанған халықтардың тарихын, мемлекет тарихын бiлу тарихи сабақтастықты, тарихи тамырды, атамекен шежiресiне қатыстылықты, талай жылдар мен ғасырлардан берi қоян-қолтық өмiр сүрiп келе жатқан халықтар тағдырының ортақтығын тану сезiмiн туғызады.
Мұндай ауқымды сана әлемдiк және отандық тарих үздiксiз соғыстардың, шапқыншылықтар мен жаугершiлiктердiң тарихи сипатында емес, сауда мен қол өнерiнiң, қалалар мен жолдар құрылыстарының тарихы, этносаралық байланыстардың, мәдениеттер алмасуының, әулетарлық некелер, т.б. тарихы сипатында оқытылса пайда болады. Мәселен, бұл тұрғыда "Ұлы Жiбек жолының тарихы" барынша үлгi болар едi.
Қазақстан тарихы тарихи сананы этникалық тұрғыда да және жалпы мемлекеттiк тұрғыда да қалыптастыруға мүмкiндiк беретiндiгiмен маңызды. Ол осынау көне жерде өмiр сүрген, қазiр де сүрiп жатқан барлық халықтардың тарихы ретiнде қабылданып, ешқандай кiнәратсыз, бұрмалаусыз, толыққанды көрсетiлуi керек.
Тарихты зерттеуде мәдениет тарихы айрықша орын алуға тиiс. Бұл пән жан-жақты мәдениеттi тұлғаны қалыптастыру мiндеттерiне өте-мөте жоғары дәрежеде сай келедi. Егер ол өнер тарихы ретiнде, дүниежүзiлiк және ұлттық философия тарихы, дәстүрлер мен ғұрыптар тарихы, ұлттық киiмi мен сән-салтанат, т.б. тарихы ретiнде оқытылса, онда ұлттық және дүниежүзiлiк мәдениеттi қастерлейтiн және бiлетiн сан қырлы рухани жетiлген тұлғаны тәрбиелеуге өрiс ашады.
Мемлекеттiк бiлiм беру саласы дiни сананы қалыптастыруды мақсат тұтпайды, бiрақ әлемдiк дiн тарихынан бiлiм беруге хақылы. Дiн - халық рухының ажырамас бөлiгi, адамгершiлiк және эстетикалық маңызы зор дiни құндылықтардан хабарсыз халықтың бiлiмi шала, кем болады. Мұның үстiне әлемдiк дiн тарихына ден қоюы бiздiң мемлекетiмiзде тұратын көптеген халықтардың адамгершiлiк құлшыныстарының, рухани iзденiстерiнiң, эстетикалық нормаларының алуан түрлiлiгiн ғана емес, сонымен бiрге ортақтастығын да көрсетсе керек.
Жан-жақты мәдениеттi тұлға тарихи санамен қатар айқын географиялық санамен, ғаламдық, экологиялық санамен, сонымен бiрге туған өлке, кiшi отан, туған жер, туған шаңырақ санасымен қарулануға тиiс. Бұл сананы география ғана емес, сонымен қатар елтану, этнография, экологиялық пәндер де қалыптастырады, өйткенi бұлар мағыналық бағыттылығы жағынан этнос пен мәдениет проблемаларымен, этникалық-мәдени бiлiмге тән сақтау-қорғау дәстүрлерiмен өзектес болғандықтан да ерекше маңызға ие. Әңгiме ғылым мен бiлiмнiң мәдениет экологиясы, этнос экологиясы, адам экологиясы, жан дүние экологиясы, адамгершiлiк экологиясы, тағы сол сияқты жаңа бағыттары туралы болып отыр. Олар жан-жақты мәдениеттi тұлғаның Жердi ортақ мекен, Қазақстанды ортақ отан есебiнде жақсы көру сезiмi, ортақ үй мен елдiң табиғатына деген жауапкершiлiк сезiмi секiлдi қасиеттерiн айқындайды.
Жан-жақты мәдениеттi тұлғаны қалыптастыруға бұл арада аталмаған пәндер де үлес қосуға тиiс. Мысалы, жаратылыс тану ғылымдарын оқытқанда Қазақстанға қатысты дәйектер мен құбылыстарға көңiл аудару қажет, әсiресе, бұл ғылымдарды дамытуға Қазақстан ғалымдарының қосқан үлесiне ерекше ден қойған ләзiм. Бұл қазақстандық патриотизм сезiмiн де, халыққа, этносқа деген мақтаныш сезiмiн де қалыптастыруға мүмкiндiк бередi.
Жан-жақты мәдениеттi тұлға барынша айқын көркемдiк - эстетикалық сананың: ұшқыр қиял мен нәзiк сезiмнiң, әсемдiкке құштарлық пен әдемiлiктi бағалай бiлетiн қасиеттiң, театр, кино, теледидар, әдебиет, музыка, кескiндеме сабақтары дарытатын көркем талғамның, өнер туындыларын түсiне алатын қабiлеттiң иесi болуға тиiс.
Көркемдiк-эстетикалық сананың ерекшелiгi оның өз болмысын әдетте көркем шығармашылық дағдыда: саз аспаптарында ойнағанда, ән салғанда, сурет салғанда, т.б. сәттерде айқын көрсетуiнде. Сондықтан ол этникалық-мәдени бiлiм мақсаттарына барынша сай келедi. Оның қалыптасуы тұлғаға өз халқының мәдениетiне тiкелей қатыстылығын сезiнуге мүмкiндiк бередi, ұлттық сәйкестiлiкке ерекше рең қосады.
Жан-жақты мәдениеттi тұлғаны кемелдендiрушi сананың бiрi мемлекетте Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын, басқа нормативтiк құқықтық актiлерiн сақтау мен қолданудың бүкiл тәжiрибесiнен, сол секiлдi азаматтардың осы негiзде бекiтiлген құқықтары мен бостандықтары сақталуының нақты жағдайынан туындайтын жеке адамның құқықтық санасы болуға тиiс.
Қазақстан азаматының этникалық-мәдени бiлiм жүйесiндегi жеке құқықтық санасының басты мақсаттағы сипатының бiрi - әрбiр тұлғаның белгiлi бiр ұлтқа қатыстылығы оған ешқандай айрықша құқық пен бостандық қосып-алмайтыны жөнiндегi Қазақстан мемлекеттiгiнiң объективтi факторын жеке ұғынуы болып табылады. Шын мәнiндегi Қазақстан патриоты қай ұлттың болсын азаматынан өзiне тең тұлғаны көредi.
Этникалық-мәдени бiлiм кеңiстiгi
Этникалық-мәдени кеңiстiк дегенiмiз этникалық мәдениеттердiң дамуына қажеттi мәдени құнар мен ұлттық мәдени қауымдастықтарды дамытатын материалдық жағдай болып табылады.
Этникалық-мәдени кеңiстiк, бiр жағынан, этникалық-мәдени бiлiм үшiн қажеттi жағдай болса, екiншi жағынан оның жекелеген белгiлерi этникалық-мәдени бiлiмнiң өзiн еселей түседi.
Этникалық-мәдени бiлiм кеңiстiгi - бұл отбасы, ана тәрбиесi, мектепке дейiнгi балалар мекемелерi, мектептер, жоғары оқу орындары, ұлттық-мәдени орталықтар, үйiрмелер мен курстар. Құрылымдық жағынан ол өзара табиғи байланысты мынадай үш саладан тұруға тиiс: оқу орындарында бiлiм беру (мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары және т.б.), оқу орындарынан тыс бiлiм беру (курстар, кiтапханалар, радио және т.б.), биресми бiлiм беру (отбасында оқыту және тәрбиелеу, достармен, көршiлермен қарым-қатынас, т.б.).
Бұл топтастыруға қосымша этникалық-мәдени бiлiмнiң өзара байланыстағы жүйелi, қисынды үш түрiн атауға болады. Олар: бiлiмнiң кiрiспесi, оқыту, практикаға бойлау. Осы екi жағдайды ұштастыра келiп, тұжырымдамалық шешiм ретiнде этникалық-мәдени бiлiмнiң мазмұндық мағынадағы келесi құрылымын ұсынуға болады.
I. Бiлiмнiң кiрiспесiнде этникалық сәйкестендiру проблемасын шешуге алғашқы талпыныс жасалады. Бұл жағдайдағы этникалық-мәдени бiлiм кеңiстiгi - ол отбасындағы хал-ахуал. Халықтың тарихымен, оның мәдениетiмен, ұлттық ғұрыптарымен, салттарымен алғашқы таныстық басталады. Ұлттықты түйсiну халықтың ауыз әдебиетi: ертегiлер, әндер, аңыздар және басқалары арқылы жүзеге асады.
Баланы ата-анасымен, тума-туыстарымен, әулет тегiмен, этникасымен етене жақындатып, бабаларына деген мақтаныш, құрмет тұту, қайран қалу әсерлерiн туғызатын этникалық өзiн-өзi сәйкестендiрудiң алғышарттарын жасаумен қатар, басқаны да естен шығармау керек. Таңдану мен мақтаныш көп жағдайда өзге мәдениеттердi, этностарды бiлмеушiлiкпен, не оларды кемсiтумен немесе оларға деген терiс көзқараспен байланысты астамсу сезiмiне айналмауға тиiс. Этникалық таптаурын түсiнiктерден арылуға ерекше көңiл аудару керек.
Өз халқына деген сүйiспеншiлiк осы халық өмiр сүретiн мекенге деген сүйiспеншiлiкпен үйлесiмдi түрде астасып жатуға тиiс. Этникалық-мәдени бiлiм берудiң бұл орайдағы негiзгi мiндетi - балалар өздерiн "қазақстандықпын" деп атағанда, олардың заңды мақтаныш сезiмiне бөленуiне қол жеткiзу.
II. Этникалық-мәдени бiлiмнiң негiзгi бөлiгi - оқу орындарында бiлiм беру. Мұндағы басты мiндет - оқыту. Этникалық-мәдени бiлiм беру балабақшаларда, мектептерде, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында жүзеге асырылады. Оның мiндеттi шарты - көп тiлдiлiк, ана тiлi мен мемлекеттiк тiлдi үйренудiң қажеттiлiгi.
Бұл жағдайда этникалық-мәдени бiлiм кеңiстiгi қандай пәндер жүретiнiне, олардың қай тiлде оқытылатынына және бiлiм мазмұнына байланысты құрылады.
Ана тiлдерi мен мемлекеттiк тiл балабақшадан бастап-ақ оқу мен қатынас құралдарына айналуға тиiс. Бұл арада мемлекеттiк тiлдi қатынас тiлiне айналдырудың маңызы зор.
Этникалық-мәдени бiлiм кеңiстiгi мектептерде барынша тиiмдi құрыла алады. Оқытудың негiзгi тiлдерi - мемлекеттiк және орыс тiлдерi. Бұдан басқа қалағандардың бәрiне ана тiлiн, әдебиетiн, тарихын қосымша оқытуға мүмкiндiк берiледi.
Жергiлiктi жерде этникалық топтардың жинақы қоныстанған орындарында мектептердiң негiзгi түрлерiмен қоса, пәндердi ана тiлiнде оқытатын және бастауыш кластан бастап соңғы кластарға дейiн мемлекеттiк тiлдi тереңдете оқытатын мектептер ашылуы мүмкiн.
Сондай-ақ арнаулы орта және жоғары оқу орындарындағы этникалық-мәдени бiлiм кеңiстiгi де оқытылатын курстардың тiлi мен мазмұны арқылы құрылады. Мұндағы бiлiмнiң аса маңыздылығы, оларда кейiн балабақшалар мен мектептерде этникалық-мәдени бiлiм кеңiстiгiн құруға тiкелей атсалысатын мамандар даярланатындығында. Сондықтан тұжырымдаманы жүзеге асыру барысында пединституттарға, мәдениет оқу орындарына, университеттерге ерекше назар аудару керек.
III. Этникалық-мәдени бiлiм беру жүйесiнде оқу орындарынан тыс бiлiм берудiң және практикаға бойлаудың орны ерекше. Олар, сөз жоқ, оқу орындарында бiлiм берудiң де алдында тұрған этникалық-мәдени бiлiмдi тұлғаның нақтылы қажеттiлiгiне жақындату мiндетiн тиiмдi жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi. Бұл орайда этникалық-мәдени бiлiм кеңiстiгiн ұлттық-мәдени орталықтар, мектептердегi, мәдениет сарайларындағы, оқу орындарындағы, басқа ұйымдардағы үйiрмелер мен курстар құрайды. Мұнымен қатар, этникалық-мәдени бiлiм кеңiстiгi теле радио хабарлары, газет пен журналдар жарияланымдары арқылы да құрыла алады.
Оқыту мекемелерi және отбасымен қатар кiтаптар, оқулықтар, арнаулы журналдар, оқу фильмдерi мен хабарлары этникалық-мәдени бiлiм кеңiстiгiн кеңейте түседi.
Этникалық-мәдени бiлiм беру мақсатын iске асыру үшiн этникалық-мәдени бiлiм кеңiстiгiн құру керек, мұның өзi мемлекеттiк құрылымдардан айтарлықтай күш-жiгер жұмсауды, оның iшiнде ұйымдастыру, қаржыландыру және басқа мәселелердi қажет етедi.
Этникалық-мәдени бiлiм берудi қолға алуға байланысты бiлiм беру жүйесiнiң кең көлемдi реформасы ғылымның қолдауынсыз тиiмдi бола алмайды. Сондықтан этнопсихология, этнопедагогика, этнология және диаспорология секiлдi ғылыми пәндердiң қалыптасуы үшiн мемлекет тарапынан игi ықпал жасалуға тиiс.
Мына проблемалар бойынша байыпты зерттеулер мен нақтылы ұсыныстар қажет:
- бiлiм беру саласындағы ұлттық қатынастарды реттеу де өкiмет органдарының, бiлiм беру мен ғылыми мекемелердiң, оқу орындарының, ұлттық-мәдени орталықтардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың, саяси партиялардың күш-жiгерiн бiрiктiру;
- ғылыми-техникалық прогресс, өмiр салтын өзгерту жағдайында халықтардың этникалық-мәдени ерекшелiгiн сақтау, ұлттық мәдениеттiң мәдени ассимиляцияға қарсы тұратын этникалық қорғаныс функциясын дамыту;
- этносаралық бейiмделудi қалыптастыру тетiгiнiң педагогикалық және психологиялық аспектiлерiн жасау;
- этностардың лингвистикалық-этникалық қажеттiлiктерiн ескеру мен қанағаттандыру және т.б.
Мәдениетнамалық зерттеулерде негiзгi күш-жiгер ұлттық мәдениет құндылықтарын оқып-үйрену мен насихаттауға және оның мұраларының жалпы әлемдiк мәдениеттiң дамуындағы демократиялық үрдiстермен кiрiгуi үшiн жұмсалуға тиiс.
Этникалық-мәдени бiлiм берудiң қалыптасуын нақты ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үшiн университеттер жанынан осы проблемалар бойынша ғылыми зерттеу лабораторияларын құруды қарастыру қажет. Бiлiм беру жүйесiндегi ғылыми-педагогикалық және басшы кадрлардың мамандығын жетiлдiретiн арнаулы кафедралар ашқан жөн. Стратегиялық зерттеулер институтының жанынан этникалық проблемаларды зерттеп, Президентке, Парламентке және Үкiметке болжамдар мен ұсыныстар жасап отыратын этносаясаттану орталығын құруға болады.
Жұмысты үйлестiру мақсатында Үкiмет жанынан Гуманитарлық және этникалық-мәдени бiлiм берудiң қоғамдық орталығын ашқан дұрыс болар едi.
Этникалық-мәдени бiлiм берудiң қалыптасуы, Қазақстан диаспораларының этникалық-мәдени бiлiм алу қажеттiлiгiн қанағаттандыру бiрқатар шет елдермен күш-жiгер бiрiктiрудi талап етедi. Ресеймен, Өзбекстанмен, Украинамен, Германиямен, Кореямен, Польшамен және тағы басқа елдермен студенттер, оқытушылар алмасу жөнiнде екi жақты шарттар жасасқан дұрыс. Бұл елдер ұлт тiлдерiнiң оқытушыларын, пән мұғалiмдерiн, тәрбиешiлердi даярлай алар едi.
Осы мемлекеттердiң қатысуымен Қазақстанда этникалық-мәдени бiлiм беру мақсаттарымен жүзеге асырумен қатар, қазақ халқының мәдениетi мен тiлiн әлемнiң түрлi елдерiне таратуға көмектесетiн Шығыс, Славян, Немiс, т.б. университеттердi ашуға болар едi.
ЮНЕСКО-мен, аз санды халықтардың тiлдерi жөнiндегi Еуропалық бюромен, Квебектегi /Канада/ қостiлдiлiк проблемаларын зерттеудiң Халықаралық орталығымен байланыс орнатудың және оны дамытудың, "Халықаралық мектептер ассоциациясының" /Женева/, Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық ұйымының жұмысына қатысудың маңызы зор.
Әлемде жинақталған қостiлдi бiлiм берудi енгiзу жөнiндегi оң тәжiрибелердi пайдалану керек. АҚШ-та, мысалы, "Қос тiлде бiлiм беру туралы" федералдық заң қабылданған. Еуропалық экономикалық қауымдастық Еуропада қос тiлде оқытатын мектептер құрды.
Этникалық-мәдени бiлiм беру жүйесiне көшу - бiр сәттiк шара емес, өзiндiк кезеңi бер ұзаққа созылатын үрдiс. Бiлiм беру жүйесiнiң қайта бейiмделуiн әлеуметтiк-экономикалық және демографиялық жағдайды ескере отырып, алыс болашақты көздейтiн шартты түрде үш негiзгi кезеңге бөлуге болады.
Бiрiншi, дайындық кезеңiнде этникалық-мәдени бiлiм беру кеңiстiгiн қалыптастыру үшiн барлық алдын ала ұйымдастырылатын жағдайларды жасау қажет болады. Бұл - Қазақстан этностарының мәдени бостандықтары мен құқықтарын қамтамасыз ету және мәдени тарихи мұраларын қорғау жөнiнде заң актiлерiн әзiрлеу. Елiмiзде тұратын этностардың тiлi мен мәдениетiн сақтаудың, жаңғыртудың және дамытудың арнаулы мемлекеттiк бағдарламасын қабылдау. Екi және көпжақты мемлекеттiк келiсiмдердi және этникалық-мәдени бiлiм беру проблемалары бойынша халықаралық актiлер дайындау және оларға қол қою. Зерттеу арқылы тұрғындардың этникалық-мәдени бiлiм алу қажеттiлiктерiне үнемi талдау жасап отыру. Жаңа тұрпаттағы оқулықтармен оқу-әдiстемелiк әдебиеттерiн әзiрлеу жұмысына кiрiсу.
Екiншi, негiзгi кезеңнiң мазмұны мектептерде, оқу орындарынан тысқары тәлiм-тәрбие орындарында қос тiлде бiлiм берудi енгiзу болуға тиiс.
Педагогика колледждерiнде, институттар мен университеттерде көп тiлде оқыту жөнiнде мамандар даярлай бастау қажет. Мемлекеттiк тiлде оқытатын мамандар даярлап шығаруға ерекше көңiл бөлу керек. Мұғалiмдер мен оқытушылар кадрларын, әсiресе, қазақ және орыс тiлдерiн оқытатын мұғалiмдердi қайта даярлау жүйесiн ретке келтiрген жөн. Этникалық топтардың ана тiлiн жандандыру мақсатында олардың жинақы орналасқан жерлерiнде мектепке дейiнгi балалар мекемелерiн, мектептердi, лицейлердi, гимназияларды дамытуды жалғастыра беру керек.
Мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерi үшiн тәрбиелеу мен оқытудың, оқу-әдiстемелiк құралдардың бағдарламаларын дайындау қажет. Мектептерге "Қазақ тiлi және шет тiлдерi", "Қазақстан халықтары мәдениетiнiң тарихы мен әлем мәдениетi" және т.б. бiрiккен курстарды енгiзген жөн.
Ұлттық-мәдени орталықтарға жексенбiлiк мектептер мен үйiрмелер жүйесi бар "Ана тiлi" мәдени-ағарту бiрлестiктерiн құру мәселесiн қарастыруға болады.
Мұражайлардың, фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердiң жұмысы үшiн жағдай жасап, кiтапханаларды ұлттық тiлдегi оқулықтармен, ғылыми-көпшiлiк және көркем әдебиеттермен, қажет болған жағдайда оларды Қазақстаннан тысқары жерлерден алдыру жолымен жабдықтау керек.
Үшiншi, қорытынды кезеңде тәжiрибелiк және үлгiлiк оқулықтарды, оқу құралдары мен анықтамаларды, ұлттық тiлдегi терминдер сөздiгiн әзiрлеу жөнiндегi жұмысты аяқтау көзделедi. Халық педагогикасының қазақстандық эпциклопедиясы, ел этностарының фольклорлық мәтiндерi мен тiлдiк ескерткiштерi шығарылады. Жыл сайын көлемi жағынан ұлғайтылған оқулық басылымдары, көрнекi және анықтамалық құралдар, балалар үшiн мәтiнi бiрнеше тiлде қатар берiлген суреттi кiтаптар, ертегiлер мен аңыздар, қос тiлдiк және көп тiлдiк сөздiктер, тiлашарлар мен тiлдi өздiгiнен үйренетiн кiтапшалар шығарылады. Этникалық топтар тiлiндегi мерзiмдiк басылымдарды шығару жолға қойылады. Қазақстан этностары тiлдерiнде хабарлар беру үшiн радио мен теледидарда уақыт бөлiнiп, оларда арнаулы оқулық хабарлар, тiл курсы және тағы басқалардың болуы қарастырылады.
Ұсынылған шаралардың жалпы бағыты Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени және мемлекеттiк сәйкестiлiкке қол жеткiзуге қызмет етуi тиiс.
Қазақстан Республикасының
Президентi жанындағы
Мемлекеттiк саясат жөнiндегi
ұлттық кеңес бекiткен