Қазақстан Республикасында әйелдердiң жағдайын жақсарту жөнiндегi мемлекеттiк саясаттың тұжырымдамасы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Өкiмi 1997 жылғы 5 наурыздағы N 3395. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.02.01. N 56 жарлығымен.

      1. Қазақстан Республикасында әйелдердiң жағдайын жақсарту жөнiндегi мемлекеттiк саясаттың тұжырымдамасы (қоса берiлiп отыр) мақұлдансын.

      2. Тұжырымдаманың мәтiнi "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерiнде жариялау үшiн ҚазТАГ-қа берiлсiн.

      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi тиiстi шешiмдер әзiрлеп, заң жобаларын дайындаған кезде осы Тұжырымдаманың қағидаларын бұлжытпай басшылыққа алатын болсын.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң    
1997 жылғы 5 наурыздағы
N 3395 өкiмiмен   
мақұлданған    

  Қазақстан Республикасында әйелдердiң жағдайын
жақсарту жөнiндегi мемлекеттiк саясаттың
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

      Қазақстан Республикасында әйелдердiң жағдайын жақсарту тұжырымдамасы (бұдан былай - тұжырымдама) әйелдерге қатысты мемлекеттiк саясаттың жалпы стратегиясы мен басым бағыттарын айқындайды және Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстанның халықаралық мiндеттемелерi мен "Теңдiк, даму және бейбiтшiлiк мүдделерi жолындағы iс-қимыл" тақырыбындағы әйелдердiң жағдайына арналған Бүкiлдүниежүзiлiк IV конференцияның (Пекин, қыркүйек, 1995 ж.) Қазақстандағы бүгiнгi нақты әлеуметтiк-экономикалық ахуал ескерiлген ұсыныстарына сәйкес тең құқықтар мен бостандықтар принципiн iске асыру және әйелдер мен ерлер үшiн тең мүмкiндiктер туғызу мақсатын көздейдi. 
      Тұжырымдама әйел құқықтарының жалпы адам құқықтарының ажыратылмас бөлiгi болып табылатындығына негiзделедi. Әйелдердiң республикалық, аймақтық және халықаралық деңгейдегi саяси, экономикалық, әлеуметтiк және мәдени өмiрге толық және тең қатысуы Қазақстанда әйелдер жағдайын жақсарту саласындағы мемлекеттiк саясаттың басты мақсаты болуға тиiс. 
      Саясаттан тыс қалу, еңбек саласында орын алған теңсiздiк, әйелдер денсаулығының нашарлауы мен жеке өмiр аясында жәбiр көрсету оқиғалары қазiргi уақытта Қазақстанда жүргiзiлiп жатқан түбегейлi реформалар жағдайында жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. 
      Осыған байланысты бiрiншi кезекте:
      адам мен азаматтың құқықтары мен негiзгi бостандықтарына сәйкес әйел құқықтарының сақталуын;
      әйелдердiң мемлекеттiк және қоғамдық өмiрге толық құқықты қатысуы үшiн жағдай жасалуын;
      еңбек нарығындағы тең құқықтарды;
      әйел денсаулығының қорғалуын;
      әйелдерге жәбiр көрсету фактiлерiне жол бермеудi қамтамасыз ету керек.
      Аталған проблемаларды шешу үшiн:
      конституциялық тең құқықтар мен мүмкiндiктер принципiн
практикада жүзеге асыру үшiн қажеттi жағдай жасалуына және құқықтық нормалардың қабылдануына қол жеткiзу;
      Қазақстанның түрлi аймақтары мен шетелде осы қызметте жинақталған тәжiрибенi пайдалану;
      республикалық, аймақтық және халықаралық деңгейде келiсiлген
iс-қимыл жасалуын қамтамасыз ету қажет.

  I. Қазақстан Республикасында әйелдер мәртебесiнің
аса маңызды ерекшелiктерi

  Адамның құқықтарымен және негiзгi бостандықтарымен
бiрлiкте әйелдер құқықтарының сақталуы

      Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес ерлер мен әйелдердiң құқықтары тең, оларды iске асыруға деген бiрдей бостандықтары мен мүмкiндiктерi бар. Алайда конституциялық осы қағидалар олардың iске асырылуын қамтамасыз ететiн тиiмдi шаралар жүйесiмен жете нығайтылмаған. 
      Әйелдерге қатысты мемлекеттiк әлеуметтiк саясатты қалыптастыру көбiнесе тар өрiстi ведомстволық сипат алып жүр, әйел жағдайы саласында орын алып отырған проблемалардың өзектiлiгi мен тереңдiгiн ескере бермейдi. 

  Әйелдердiң Мемлекет пен қоғам өмiрiне қатысуы

      "Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат проблемалары жөнiндегi Кеңес туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығында әйелдердiң мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiне нақты қатысуы үшiн жағдай жасауды қамтамасыз ету қажеттiгi атап көрсетiлген. 
      Облыстарда әкiмдер жанында Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат проблемалары жөнiнде кеңестер құрылған. 
      Қазақстан заңдарына сәйкес әйелдердiң мемлекеттiк қызметке тұруына және сыртқы саяси қызметке қатысуына ерлермен тең мүмкiндiк қамтамасыз етiлген. Алайда iс жүзiнде мемлекеттiк билiктiң жоғары лектерiнде, өндiрiс пен қаржы саласындағы жауапты қызметтерде әйелдер аз. 
      1997 жылдың басында Парламент депутаттарының арасындағы әйелдер саны 10,7 процентке жуық, оның iшiнде Сенатта 6,5 процент, Мәжiлiсте 13,4 процент болды. Республикалық атқарушы органдардың бiрiншi басшыларының арасында бiр әйел болса, ал облыстар әкiмдерiнiң арасында бiрде-бiр әйел жоқ. 
      Жоғары және арнаулы орта бiлiмi бар әйелдер мамандар көрiнеу басым бола тұрса да, ұйымдар басшыларының арасындағы олардың үлесi мардымсыз және шамамен жетi процент қана. 
      Соған қарамастан Қазақстанда әйелдердiң азаматтық белсендiлiгiнiң өсiп келе жатқаны байқалады. Бұқаралық әйелдер ұйымдарының қалыптасу процесi серпiндi дамып келедi. Қазiргi уақытта республиканың Әдiлет министрлiгi әйелдер мен балалар проблемаларымен шұғылданатын 30-дан астам әртүрлi республикалық ұйымдарды тiркедi. 
      Тарихи қалыптасқан, негiзiнен ерлерге бағдарланған басқару пирамидасының ұйымдастырылуы қоғамдық күштердiң нақты қалыптасқан тепе-теңдiгiн, ерлер мен әйелдердiң қазiргi кезеңдегi жаңа рөлiн, әйелдердiң қоғам, мемлекет, отбасы iстерiне ықпал ету мүмкiндiгiн бейнелей алмайды, қоғамның дамуы мен оның демократияландырылуының дұрыс әлеуметтiк бағдарын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бермейдi. 

  Еңбек нарығында тең құқықтарды қамтамасыз ету

      Республикада әйелдердiң саны 8,5 миллион адам немесе бүкiл халықтың 51,3 процентiн құрайды. Экономика салаларында 3 миллионнан астам әйел жұмыс iстейдi немесе бұл халық шаруашылығында жұмыс iстейтiн барлық адамдардың 48 процентi. 
      Еңбек нарығында жұмыспен қамту қызметiне жұмыс iздеп арызданушылар санының тұрақты өсу және жұмыссыздар, оның iшiнде әйелдер арасындағы жұмыссыздар санының ұдайы көбею тенденциясы қалыптасты. Жұмыспен қамту қызметiне арызданушы әйелдер үлесi жыл санап өсiп келедi және өткен жылы 51,5 процент болды, олардың 27,3 процентi - республиканың кәсiпорындары мен ұйымдарынан босатылғандар, 45,3 процентi - 16-дан 22 жасқа дейiнгi жастар, 8,5 процентi - төрт және одан да көп балалары бар аналар. 
      Әйелдер жұмыссыздығы өсе түстi, 1996 жылы жұмыссыз әйелдердiң саны 1995 жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда 1,7 еседен астам өстi. 
      Жұмыссыз деп танылған әйелдердiң жартысына жуығының өз асырауында кiшкентай балалары бар, олардың арасында бала жасынан мүгедектер бар. Әйелдердiң 5 проценттен астамы - жалғызбасты аналар, 8,5-процентi - көп балалы ата-аналар. 
      Әйелдер жұмыссыздығының орташа ұзақтығы 5 ай құрайды. Ұзақ мерзiмге жұмыссыз қалған әйелдер тобы қалыптасуда: олардың 31 процентiнiң жұмыссыздық кезеңi алты айдан 8 процентiнiң жұмыссыздық кезеңi бiр жылдан асады. Әйелдердiң 64,7 процентi жұмыссыздығы бойынша жәрдемақы алады және 7 процентке жуығы әлеуметтiк қолдаудың қандай да бiр басқа нысанымен (кәсiптiк даярлық, қоғамдық жұмыстарға қатысу, материалдық көмек) қамтылған. 
      Нарықтық экономиканың өтпелi кезеңiнде әйелдер үшiн жұмыспен қамту тұрғысынан жаңа мүмкiндiктер пайда болғанмен, әйелдерге қатысты ерлер мен әйелдер арасындағы теңсiздiктiң ұлғая түсуiне ықпал ететiн үрдiстер бiлiне бастады. 
      Босатылғандар санына жиi қосылатындардың, яғни штаттың қысқаруына, ұйымдардың таратылуына, экономикадағы құрылымдық өзгерiстерге байланысты әкiмшiлiктiң бастамашылығымен жұмыстан шығарылғандардың арасында әйелдер едәуiр басым (66,7 процент), бұл көрсеткiш тұрақты сипат алып, республиканың барлық облыстарында сақталып қалып отыр. Ал олардың едәуiр бөлiгiнiң жоғары бiлiгi мен бiлiм деңгейi бар. 
      Әйелдердiң жұмысқа орналасуда қиыншылықтарға ұшырасатынын атап көрсету керек. Жұмысқа орналастырылған әйелдердiң үлес салмағы 20,7 процент құрайды, ал еркектердiң үлес салмағы болса одан бiршама жоғары және 31,9 процент құрайды. Әйелдердiң селолық жерде жұмысқа орналасу проблемасы бұдан да күрделi. Бұл тұста осы санаттағы жұмыссыздар арасында жұмысқа орналасу процентi 15 процент құрайды. 
      Әйелдердiң нарықтық экономика жағдайына бейiмделуiне де қиындықтар бар: әйелдердiң кәсiптiк мәртебесiнiң төмендеу процесi жалғасып келедi. Бiлiктiлiгi төмен жұмыс атқаратын әйелдердiң саны осындай қызмет атқаратын еркектер көрсеткiшiнен екi еседен астам жоғары. Ал бұл орайда олардың бүгiнгi күннiң талаптарына сай келмейтiн кәсiптiк даярлығы, қайта даярлығы мен бiлiктiлiктi арттыруды ерекше рөл атқаратыны даусыз. 
      Дәстүрлi әлеуметтiк инфрақұрылымның жойылуы, жұмыста отбасының хал-жайын ескеретiн жағдайлардың болмауы, сондай-ақ мектепке дейiнгi және мектептен тыс балалар мекемелерi санының қысқаруы, жұмыстың икемсiз кестесi, тұрмыстық қызмет бағасының өсуi негiзiнен әйелдерге жүктелген дәстүрлi үй жұмысын көбейтiп, өз әлеуметiн толығымен ашуға мүмкiндiк бермейдi. Сонымен бiрге қатарынан екi шаруаны атқару (жұмыстағы және үйдегi) әйел денсаулығына салқынын тигiзедi. 

  Әйелдердiң денсаулығын қорғау

      Қазақстанда 90-шы жылдарда қолайсыз демографиялық ахуал қалыптасып отыр: ғұмыр ұзақтығы қысқарып, туу кеми түстi, аналар мен жас балалар өлiмiнiң деңгейi жоғары. 
      Халықтың денсаулық көрсеткiшi нашарлап, мүгедектiк, әлеуметтiк қолайсыздықтан туындайтын ауруларға - туберкулез, мерез сырқаттарына, СПИД-ке және басқа дерттерге шалдығу өсiп келедi. 
      Босануға жәрдемдесу мекемелерi жеткiлiксiз қаржыландырудың салдарынан кей кезде жүктi әйелдер мен гинекологиялық сырқатқа ұшыраған әйелдерге ақылы қызмет көрсетуге көшуде, жабдықтарды жаңалап отырмайды, қажеттi дәрi-дәрмек заттары жетiспейдi, соның салдарынан олар бiлiктi медициналық көмек ала алмайды. 
      Тағам өнiмдерiнiң тұтыну құрылымының нашарлауы алаңдаушылық туғызады, мұның өзi жас қыздардың, жүктi әйелдер мен бала емiзетiн әйелдердiң денсаулығына қолайсыз салдарын тигiзедi. 
      Жасалған аборттар санының едәуiр өсуi елеулi проблема болып қалып отыр. 1996 жылы 190187 аборт жасалғаны ресми тiркелдi, туу мен аборттың арақатынасы 1:0,8. Бала көтеретiн жастағы әрбiр 1000 әйелге 1966 жылы орта есеппен 43,2 аборттан айналды. 
      Еңбек саласындағы жеткiлiксiз әлеуметтiк және құқықтық қорғаушылық, еңбек қорғау мен қауiпсiздiк техникасы ережелерi мен нормаларының (әсiресе мемлекеттiк емес секторда) сақталуына бақылаудың әлсiздiгi жұмыс iстейтiн әйелдердiң денсаулығына терiс әсерiн тигiзуде. 
      1996 жылы өнеркәсiп кәсiпорындарда, құрылыста, көлiк пен байланыста санитарлық-гигиеналық талаптар мен нормаларға сәйкес келмейтiн жұмыс орындарында еңбек ететiн әйелдер саны 100 мыңнан астам адам болады. 
      Сондай-ақ әйелдер денсаулығы жай-күйiнiң нашарлай түсу себептерiнiң бiрi өз денсаулығы мен салихалы өмiр салтына немқұрайды қарау болып табылады.
      Қазақстан Республикасында ана мен баланың денсаулығын қорғау мәселелерi шын мәнiнде басым тұруға тиiс.

  Жеке өмiр аясында әйелдерге қатысты
жәбiрлеушiлiк проблемасы

      Бұл проблема әлi күнге дейiнгi тиiстi бағасын алып, қажеттi шешiмiн тапқан жоқ.
      Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық бiрге тұруға және зинақорлыққа мәжбүр ету, зорлау, маскүнемдiк, нашақорлық салдарынан тұрмыстағы жәбiрленушiлiк пен кiсi өлтiру, кәззәптық, ұдайы ұрып-соғу мен психологиялық жәбiрлеу сияқты нысандар арқылы анағұрлым айқын көрiнуде. Барлық аса қатыгез тұрмыста кiсi өлтiрудiң жартысына дерлiгi отбасындағы ұзаққа созылған қақтығыстардан туып жатады. Статистика iшкi отбасылық қатынастардың ушығуын, отбасылардағы шиеленiстi ахуалдардың көбейгенiн айғақтайды. 
      Ресми статистика әйелдерге қатысты қылмыстардың нақты көрiнiсiн бейнелей алмай отыр. Түрлi себептерге байланысты зардап шеккендер көбiнесе құқық қорғау органдарына арызданудан жалтарады. 
      Әйелдiң материалдық немесе қызмет жөнiнде тәуелдiлiгiн пайдаланып, жыныс қатынастарына баруға мәжбүр етушiлiк үшiн, сондай-ақ әйелдi некеге отыруға мәжбүр етушiлiк үшiн сотталғандардың тiркелген саны жыл сайын бiрнеше ондаған адамнан аспайды, ал мұның өзi iстiң шын мәнiндегi жағдайын бейнелей алмайды. Iс жүзiнде мұндай оқиғалар әлдеқайда көп. 
      Әйел халқындағы жәбiрленушiлiктiң өсуi сонымен қатар қылмыстық жағдаяттың нашарлауымен де байланысты. 
      Отбасындағы, мектептегi, ұжымдағы және тұтас қоғамдағы адамгершiлiк тәрбиесiнiң мәселелерiне назар аудару бәсеңсiдi. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әйел сезiмiн саудаға салу дәрiптеледi. 
      Тиiстi заңдардың болмауы, құқық қорғау органдары жұмысының босаңдығы, мемлекеттiк статистика жүйесiнiң әлсiздiгi зинақорлық сияқты құбылыстың ауқымын нақты бағалауға мүмкiндiк бермейдi. Әсiресе бұқаралық ақпарат құралдарында бұл құбылысқа моральдық-адамгершiлiк тұрғысынан жете баға берiлмеуi адамгершiлiкке жатпайтынына қарамастан, зинақорлықпен айналысатын әйелдер санының өсуiне әкелiп соғады. 

  II. Оларды iске асырудың стратегиялық мақсаты мен
негiзгi тәсiлдерi

      Осы тұжырымдамада көзделген мiндеттердi шешу үшiн: 
      1. Адам құқықтарымен және негiзгi бостандықтарымен сабақтастыра отырып, әйел құқықтарын сақтау саласында: 
      Қазақстан заңдарына сараптама жүргiзiп, Қазақстан Республикасының әйел құқықтары туралы заңдарының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестендiрiлуiн қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу; 
      әйелдерге қатысты кемсiтушiлiкке баға беру өлшемдерi мен көзқарастарын әзiрлеу; 
      БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы Конвенциясының және басқа да халықаралық актiлер мен Қазақстан Республикасының әйел құқықтары туралы заңдарының сақталуына бақылаудың қолданылып жүрген тетiгiне талдау жасау; 
      БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы Конвенциясында, БҰҰ-ның әйелдерге қатысты жәбiрленушiлiктi аластау жөнiндегi Декларациясында, Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстан қосылып отырған тиiстi конвенцияларында баяндалған ұсыныстардың толық көлемiнде орындалуын қамтамасыз ету керек. 
      2. Мемлекет пен қоғам өмiрiне әйелдердiң қатысуына жәрдемдесу саласында: 
      бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әйелдердi әлеуметтiк-экономикалық өзгерiстерге белсендi қатыстыруға, олардың өкiмет органдарындағы өкiлдiгiн ұлғайтуға, сондай-ақ республикада әйелдердiң жағдайын жақсарту саласындағы iстiң нақты жай күйiн көрсетуге бағдарланған кең көлемдi ақпараттық, насихаттық жұмысты ұйымдастыру; 
      мемлекет пен қоғам өмiрiне әйелдердiң қатысуына, әйелдердi қоғамдық бiрлестiктерге кеңiнен тартуға, әйелдердi барлық деңгейдегi өкiлдi және атқарушы өкiмет органдарының құрамына қатыстыруға бағытталған жаңа адамгершiлiк нормаларын қалыптастыруға қол жеткiзу; 
      әйелдердi саяси және мемлекеттiк қызметке қатыстыруды ұйымдастыру; әйелдердiң кәсiптiк даярлығы мен қайта даярлығының тиiстi бағдарламаларын әзiрлеу, сондай-ақ мемлекеттiк органдарда жұмыс iстеу үшiн әйел кадрлардың резервiн қалыптастыру; 
      тұрақты негiзде республикалық және жергiлiктi деңгейде ерлер мен әйелдердiң мемлекеттiк және қоғамдық өмiрге қатысуы туралы статистикалық деректер жинау, талдау жүргiзу және тарату; 
      әйелдердi дипломатиялық жұмысқа, Қазақстанның шетелдiк өкiлдiктердегi жұмысқа кеңiнен қатыстыру; 
      әйелдердiң жағдайын жақсарту жөнiнде бастамалар көтеретiн, кәсiптiк тұрғыдан қабiлеттi және бiлiктi әйелдердi мемлекеттiк өкiмет органдарына ұсынып отыратын әйелдер, жастар, кәсiподақ пен басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiне қолдау көрсетiлуiне қамтамасыз ету; 
      әйелдерге өздерiне Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында берiлген құқықтары мен негiзгi бостандықтарын түсiндiретiн құқықтық бiлiм беру бағдарламасын әзiрлеу және iске асыру керек. 
      3. Еңбек нарығында тең құқықтар мен тең көзқарасты қамтамасыз етуге жәрдемдесу саласында; 
      әйелдер мен еркектердiң еңбек нарығындағы құқықтары мен мүмкiндiктерiнiң iс жүзiндегi теңдiгiн орнықтыруға, әйелдердiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру, олардың жаңа экономикалық қатынастарға бейiмдеуi үшiн жағдай жасалуын қамтамасыз етуге қол жеткiзу; 
      Халықаралық еңбек ұйымының еңбекшi әйелдер проблемаларына қатысты Қазақстан бекiткен Конвенцияларының қолданылу нәтижелерiне талдау жасау; Қазақстан Республикасының заңдарын жұмыспен қамту саласындағы мүмкiндiктер мен бiрдей қатынастар теңдiгi туралы Республика бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес келтiру, ерлер мен әйелдердiң еңбек нарығындағы тең құқықтары мен мүмкiндiктерi саясатына және қолдағы нормативтiк құқықтық актiлерге (жалдау, жұмыстан шығару, кәсiптiк өсу) баға берудi, оларды тиiмдi қолдану тетiгiн әзiрлеу; 
      отбасындағы мiндеттерi бар азаматтарды жұмысқа, соның iшiнде толық емес жұмыс уақыты, икемдi, кесте бойынша немесе үйде iстеуге жұмысқа қабылдауға жұмыс берушiнiң мүдделiлiгiн арттыруға бағытталған экономикалық көтермелеу мен жеңiлдiктердi көздейтiн заң актiлерiн әзiрлеу; 
      жұмыс iстейтiн әйелдердiң құқықтары мен кепiлдiктерi туралы заңдардың сақталуына мемлекеттiк қадағалау мен бақылауды күшейту; 
      мемлекеттiк және жеке инвестиция жобаларын кеңiнен қатыстыра отырып, әйелдерге арналған қазiргi жұмыс орындары мен жаңа жұмыс орындарын құруды қолдау тетiктерiн жетiлдiру. Мемлекеттiк әлеуметтiк-экономикалық саясатты әзiрлеу кезiнде әйелдер басым жұмыс iстейтiн салаларды (жеңiл, тоқыма өнеркәсiбi, халық кәсiпшiлiктерi және басқалары) дамыту мен қолдауды ескеру. Әлеуметтiк қызмет пен халыққа қызмет көрсету саласында қосымша жұмыс орындарын ұйымдастыруға жәрдемдесу; 
      проблемаларды өздiгiнен шешуге бағдарлайтын белсендi нысандарды қоса отырып, жұмыспен қамтуда әйелдердiң әртүрлi санаттарын әлеуметтiк қолдаудың нысандары мен тәсiлдерiн жетiлдiру. Салықтар, несие бойынша және осы салаларды сақтандыру жөнiнен жеңiлдiктер берудi қоса алғанда, әйелдердiң шағын және отбасылық кәсiпкерлiкке кеңiнен қатысуына жәрдемдесу мен оған бақылау жасау жүйесiн дамытуға қол жеткiзу; 
      шағын және отбасылық бизнестi, өзiн-өзi жұмыспен қамтудың түрлi нысандарын дамытудың республикалық және аймақтық бағдарламаларын әзiрлеу, Кәсiпкерлiк негiздерiн оқытуды психологиялық дайындықпен, өз iсiн ұйымдастыру жобаларына сараптама жүргiзумен және салықтардан уақытша босату, жеңiлдiктi несие беру, жабдықпен, шикiзатпен қамтамасыз ету, үй-жай беру және тағы басқалары түрiнде бұдан былайғы көмек көрсетумен ұштастырылатын "бизнес-инкубаторлар" жасау. Өз iсiн құруды қалайтын әйелдерге кеңес беру мен кәсiптiк бағдарлау жүйесiн кеңейту және мамандардан оң пiкiр алған бағдарламаларды iске асыруға жәрдем көрсету; 
      кәсiптiк бiлiм беру жүйесiн нығайту, еңбек қызметiнде үзiлiстерi бар, соның iшiнде аяғы ауырлығына және босануы мен бала күтуге байланысты демалыста болып оралған әйелдерге кәсiптiк қайта бейiмдеу, бiлiктiлiгiн арттыру немесе қайта даярлықтан өту үшiн жағдай жасау; 
      еңбек қатынастарын реттейтiн және жынысы мен жасына қарай кемсiтушiлiкке жол бермейтiн құқықтық нормаларға тұрақты тектiк талдау жасауды жолға қою. Бiрдей еңбегi мен бағалылығы бiрдей жұмысы үшiн тең ақы төлеу принципiн iске асыру, ерлер мен әйелдер басым шұғылданатын салалар арасындағы еңбекке ақы төлеудегi алшақтықты жою жөнiнде шаралар әзiрлеу. Тектiк зерттеулер саласындағы ғылыми әзiрлемелерге мемлекеттiк қолдауды жүзеге асыру, сондай-ақ әйелдiң қоғамдағы мәртебесi мен рөлi, әйелдер мен ерлер арасындағы қарым-қатынас проблемалары жөнiндегi ғылыми бiлiмдi насихаттау; 
      барлық үлгiдегi отбасыларының қолы жететiн меншiктiң алуан нысанындағы мектепке дейiнгi және мектептен тыс мекемелердiң, әлеуметтiк қызмет көрсету мекемелерiнiң жүйесiн дамытуға жан-жақты қолдау көрсету; 
      еңбек нарығындағы әйелдер жағдайының тұрақты мониторингiн жүзеге асыру; 
      меншiктiң барлық нысандарындағы ұйымдарда жұмыс iстейтiн әйелдердiң денсаулығына (бала көтеру қабiлетiн қоса) экологиялық факторлар мен еңбек жағдайының ықпалын бағалау өлшемдерiн әзiрлеу. Әйелдердiң еңбегiн, әсiресе ауыл шаруашылығында iстейтiн әйелдердiң еңбегiн қорғауды күшейту жөнiндегi шараларды жүзеге асыру; 
      бәсекелестiкке қабiлетi төмен әйелдердiң (мүгедектердiң, көп балалы аналардың, толық емес отбасы иелерiнiң, әскери қызметшiлер зайыптарының және басқалардың) жұмыспен қамтамасыз етiлуi үшiн жағдай жасау, халықтың аз қамтамасыз етiлген санаттарының еңбегiн пайдалану мен оларды жұмысқа қабылдауға жұмыс берушiнi көтермелейтiн шаралар жүйесiн әзiрлеу. Бұл санаттар үшiн олардың еңбек құқықтары бұзылған жағдайда құқықтық қорғауға кепiлдiк беру керек. 
      4. Әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету саласында: 
      әйелдердiң денсаулығын, ана қауiпсiздiгiн, оның iшiнде "Ана қауiпсiздiгi" бағдарламасы, ана мен баланы қорғау жөнiндегi республикалық аймақтық және басқа бағдарламалар шеңберiнде нығайтуға қол жеткiзу, бала көтеруге байланысты әйелдердiң денсаулығын қорғау, әртүрлi жастағы әйелдер денсаулығының жай-күйiнiң ерекшелiктерi ескерiлген алғашқы дәрiгерлiк-санитарлық қызмет көрсету жүйесiн дамыту. Әйелдер мен жас қыздарға мамандандырылған медициналық жәрдем көрсетудi кеңейту; 
      қол жетерлiк баға бойынша тағам өнiмдерiн тұтынудың әсiресе жүктi, бала емiзетiн аналар үшiн қажеттi ең төменгi деңгейiн қамтамасыз ету; 
      әйелдер мен балаларға тегiн медициналық жәрдем көрсетуге мемлекеттiк кепiлдiк берiлуiн қамтамасыз ету; 
      денi сау балалардың дүниеге келуiн, мүгедектiктiң алдын алуды, шала туған балаларды сақтауды, сондай-ақ қауiпсiз аборттар жасалуын қамтамасыз ететiн осы заманғы медициналық технологияны әзiрлеу мен енгiзуге жәрдемдесу. Бала көтеру жүйесiне қатысты онкологиялық сырқаттардың алдын алу, ерте анықтау және емдеу проблемалары жөнiнде бағдарламалар әзiрлеу; 
      "Отбасын жоспарлау" мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру жолымен аборттар санын қысқартуға қол жеткiзу. Жоғары сапалы санитарлық бiлiм берудi, әсiресе жас жеткiншектер арасында жыныс тәрбиесi, ана қауiпсiздiгi, жыныс арқылы жұғатын аурулардың алдын алу мәселелерi жөнiнде санитарлық бiлiм берудi жолға қою, арзан әрi сапасы жоғары зарарсыздандырғыштармен қамтамасыз ету; 
      конверсия бағдарламалары негiзiнде отандық медицина өнеркәсiбiн дамытуды, медицина техникасын, ана мен балаға қызмет көрсетуге арналған медициналық мақсаттағы бұйымдар өндiрудi қамтамасыз ету; 
      медициналық жәрдем сапасы мен тиiмдiлiгiнiң өлшемдерiн әзiрлеудi, тұқым жай-күйiнiң мониторингiн әзiрлеу мен анықталған оғаштықтарды оңдау тәсiлдерiн әзiрлеудi, iшкi жатыр iндеттерiн анықтау мен емдеудi, туа бiткен және тұқым қуалайтын сырқатты анықтауды, әйелдердiң денсаулығын қорғауда алдын алу, эпидемиологиялық және медициналық зерттеулердi қоса алғанда, әйелдердiң денсаулығын қамтамасыз ету саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзуге қолдау көрсету; 
      дүниеге келген сәбилерге медициналық жәрдем көрсетудiң барлық түрлерiн жетiлдiру; 
      кепiлдiк берiлген базалық медициналық қызметтер негiзiнде әйелдер мен балаларға көрсетiлетiн медициналық жәрдем көрсетудiң қымбат мамандандырылған түрлерiн аймақтарға жеткiзудi қамтамасыз ету; 
      Iшiмдiк пен есiрткiнi пайдаланудың зияны туралы әйелдер мен жас қыздарды хабардар етуге бағытталған ақпараттық-бiлiм беру бағдарламаларының, сондай-ақ iшiмдiк пен есiрткi дертiне шалдыққандарды сауықтыру мен оңалту жөнiндегi көмектi дамыту бағдарламаларының әзiрленуiн жүзеге асыру; 
      әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау мәселелерiмен айналысатын үкiметтiк емес ұйымдарға қолдау көрсету. 
      5. Әйелдерге қатысты жәбiрдi тыю саласында: 
      Әйелдерге қатысты жәбiрдi тыю жөнiнде 1993 жылғы 10 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған декларацияға сәйкес әйелдерге қатысты жәбiр көрсетiлуiне жол бермеуге қол жеткiзу; 
      жәбiр көрген әйелдердi оңалту проблемаларымен шұғылданатын үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимыл тетiгiн әзiрлеу. Жәбiр көргендерге көмек көрсетiлуiн қамтамасыз ететiн кең қызмет жүйесiн дамыту; 
      жәбiр көрген азаматтармен жұмыс iстейтiн әлеуметтiк қызметкерлердi, денсаулық сақтау, бiлiм беру және құқық қорғау органдарының тиiстi қызметкерлерiн кешендi даярлықтан өткiзу мен оқытуды ұйымдастыру, халыққа әйелдерге қатысты жәбiр көрсетудiң алдын-алу мәселелерi жөнiнен консультациялар берiлуiн дамыту; 
      әйелдерге қатысты жәбiр көрсетудiң барлық нысандары туралы толық және объективтi ақпарат алу мақсатында статистикалық есеп берудi, соның iшiнде әйелдерге қатысты қылмыстар жөнiнде статистикалық есеп берудi жетiлдiру, сондай-ақ жәбiр көрсету себептерi, сипаты, дәрежесi мен зардабы және әйелдерге қатысты жәбiрдiң алдын-алу мен оларды тыю жөнiндегi шаралардың тиiмдiлiгi туралы зерттеулердi көтермелеу; 
      бiр жыныстың екiншi жыныстан артықшылығына негiзделген дәстүрлi таптауырын көзқарасты өзгерту жөнiндегi ақпараттық, бiлiм мен тәрбие беру жұмысын қамтамасыз ету, оны әйелдерге қатысты ықтимал жәбiр көрсетудiң алдын-алу жөнiндегi арнайы психологиялық және дене даярлығының оқу бағдарламаларына мiндеттi түрде енгiзу; 
      әйел тәнiн саудаға салуды жоюға, соның iшiнде зинақорлық ауқымын қысқартуға бағытталған заң шараларын қамтитын шаралар әзiрлеу керек. 

  III. Тұжырымдамадағы негiзгi қағидаларды iске асыру
жөнiндегi iс-қимылды үйлестiру

      Тұжырымдаманы iске асыру мақсатында "Қазақстан әйелдерi" және "Қазақстан балалары" арнайы мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлеп, Қазақстан Республикасында әйелдердiң жағдайын жақсарту жөнiндегi мәселелер тобын заң және өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң жобасына, республикалық, салалық және аймақтық бағдарламаларға енгiзудi қамтамасыз ету қажет. 
      Тұжырымдаманы iске асыру кезiнде әйелдердiң жағдайын жақсарту, олардың қоғамдағы тең құқықтарын қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық және аймақтық тетiктердiң барлық буындарының iс-қимылының үйлестiрiлуiн, тиiстi қаржылық қамтамасыз етудi, iске асыру мерзiмдерi, белгiленген шаралардың нақтылы атқарушыларына және атқарылуына бақылау жасалуын көздеу қажет. 
      Тұжырымдаманың қағидаларын iске асыру үкiметтiк емес ұйымдармен және қоғамдық бiрлестiктермен өзара тығыз iс-қимыл арқылы әйелдердiң жағдайын жақсартуға байланысты оларды мемлекеттiк шараларды iске асыруға кеңiнен тарту мақсатында жүзеге асырылады. 

Қазақстан Республикасы Президентiнiң
жанындағы Отбасы, әйелдер және демографиялық
саясат проблемалары жөнiндегi кеңес бекiткен 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады