Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысының өзгертiлуiне байланысты кейбiр шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiмi 1997 жылғы 23 мамырдағы N 3523

      Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысына енгiзiлген өзгерiстерге сәйкес:
      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) 1997 жылға арналған республикалық бюджеттi нақтылаған кезде қолданылып келген қаржыландыру көлемiнiң кемуiне жол бермей, Арқалық, Жезқазған, Көкшетау, Семей және Талдықорған қалаларының жәрдем қаржысыз режимде жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн болсын;
      2) мемлекеттiк органдардың аппараттары қысқарған кезде босайтын қаражатты зейнетақы мен бюджеттiк ұйымдарға жалақыларды төлеу жөнiндегi берешектi жабуға жұмсасын;
      3) таратылған Жезқазған, Көкшетау, Семей, Талдықорған және Торғай облыстары мемлекеттiк органдарының босаған ғимараттарының неғұрлым қолайлыларын белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк жоғары оқу орындары мен соғыс және еңбек ардагерлерiне, зейнеткерлер мен мүгедектерге қызмет көрсетуге тиiс әлеуметтiк саланың мекемелерiне, сондай-ақ соттар мен құқық қорғау органдарына беретiн болсын;
      4) таратылған облыстардың мемлекеттiк денсаулық сақтау, бiлiм, спорт, мәдениет пен өнер мекемелерінiң мәртебесiн, оларды қаржыландыру тәртiбiн барынша сақтайтын болсын;
      5) Қазақстан Республикасының әкімшiлiк-аумақтық құрылысындағы өзгерiстердi ескере отырып, 1997 жылғы 1 маусымға дейiн жергiлiктi атқарушы органдардың құрылымын, штат санын және оларды ұстауға арналған лимиттердi айқындайтын болсын;
      6) таратылған облыстарға 1997 жылға көзделген инвестициялар көлемiн сақтап, оларды Арқалық, Жезқазған, Көкшетау, Семей және Талдықорған қалаларының әлеуметтiк-экономикалық дамуының перспективалық бағдарламаларын iске асыру үшiн қосымша тарту жөнiнде шаралар қолдансын;
      7) таратылған облыстардағы жергiлiктi өкiлеттi органдар депутаттары өкiлеттiктерiнiң сақталуын көздейтiн заң жобасын 1997 жылғы 1 маусымға дейiн Парламентке енгiзетiн болсын.
      2. Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстiк Қазақстан облыстарының әкiмдерi:
      - Арқалық, Жезқазған, Көкшетау, Семей және Талдықорған қалалары әлеуметтiк-экономикалық дамуының бағдарламаларын 1997 жылғы 1 тамызға дейiн әзiрлеп, белгiленген тәртiппен бекiтетiн болсын;
      - берiлетiн әрбiр ғимараттың қай мақсатқа пайдаланылатынын, тиiстi қайта құру жүргiзуге, керектi құралдармен жабдықтауға арналған қаражатқа деген қажеттiлiктi және тиiстi бюджеттер есебiнен жұмсалатын шығындарды қаржыландыру көздерiн екi ай мерзiмде айқындайтын болсын;
      - таратылған облыстардың мемлекеттiк органдарының осы аталған мақсатқа, сондай-ақ мемлекеттiк мұқтаждық үшiн пайдалануға келмейтiн ғимараттары мен басқа да объектiлерiн заңда белгiленген тәртiппен сататын болсын;
      - таратылған облыстарда қалалық атқарушы органдардың, ұлттық қауiпсiздiк, прокуратура, Мемлекеттiк тергеу комитетi мен iшкi iстер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жөнiндегi қажеттi шаралар қарастырсын;
      - 1997 жылдың 1 шiлдесiне дейiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк органдардағы бос қызметтерге барынша пайдалана және көзделген жеңiлдiктер мен өтемақыларды бере отырып, таратылған облыстардағы босайтын мемлекеттiк қызметшiлердi жұмысқа орналастыру мәселелерiн шешетiн болсын.
      3. Облыстардың әкiмдерi мен Алматы қаласының әкiмi аймақтар мен елдi мекендердiң әкiмшiлiк-аумақтық құрылысын оңтайландыру кезiнде мемлекеттiк қызметшiлердi жұмысқа орналастыру, таратылатын жергiлiктi атқарушы органдардың ғимараттарын беру және осыған орай қажеттi шығындарды қаржыландыру, сондай-ақ осы аталған мақсатқа және басқа мемлекеттiк мұқтаждық үшiн пайдалануға келмейтiн ғимараттар мен өзге объектiлердi сату есебiнен алынған қаражатты жергiлiктi бюджеттерге қосымша тарту арқылы мемлекеттiк оқу орындарының, әлеуметтiк сала,

соттар мен құқық қорғау органдары мекемелерiнiң материалдық базасын
нығайту жөнiнде шаралар қолдансын.
     4. Осы өкiмнiң орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.
     Қазақстан Республикасының
         Президентi 
     
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады