Әкімшілік шығыстарды қысқарту және 1999 жылғы мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту жөніндегі шаралар туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімі 1999 жылғы 1 ақпан N 5. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

      Бюджет қаражатын үнемдеу режимін күшейту және әлемдік қаржы дағдарысының Қазақстан Республикасының экономикасына әсерін жұмсарту мақсатында: 
      1. Барлық мемлекеттік органдарға 1999 жылы: 
      1) көлік құралдарын сатып алуға; 
      2) қызметтік ғимараттар мен үй-жайларға күрделі жөндеу жүргізуге; 
      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерімен дербес айқындалатын лауазымды тұлғаларды қоспағанда, мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының ақысы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен төленетін ұялы телефондар мен өзге де ұтқыр байланыс құралдарын пайдалануына; 
      4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерімен айқындалатын іс-шараларды қоспағанда, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен іс-шаралар (мерейтойлар мен салтанатты жиындар) өткізуге; 
      5) қымбат тұратын кеңсе жиһазын сатып алуға; 
      6) Қазақстан Республикасы Үкіметінің бастамашылығымен өткізілетіндерінен басқа, Алматы қаласында кеңестер мен семинарлар өткізуге; 
      7) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерімен айқындалатын іссапарларды қоспағанда, лауазымды тұлғаларды мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен шетелге іссапарға жіберуге тыйым салынсын. 
      2. Әкімшілік шығыстарды қысқарту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен мынадай іс-шараларды жүзеге асырсын: 
      1) мемлекеттік органдарды ақпараттандыруға арналған шығыстарды ықшамдау; 
      2) белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік органдар орналасқан орын-жайларға түгендеу жүргізу және қызметтік орын-жайлардың артығын қысқарту жөнінде шаралар қолдану; 
      3) қызметтік жеңіл автомобильдер лимитін, босаған автокөлікті кейіннен сатып, алынған қаражатты мемлекеттік бюджет кірісіне аудара отырып, қайта қарау; 
      4) мемлекеттік органдардың кеңсе жиһазын, жанар-жағар материалдар сатып алуға арналған және автокөлікті ұстауға арналған шығыстар нормаларын әзірлеу. 
      3. 1999 жылғы мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі 1999 жылғы 1 шілдеге дейін заңдарда белгіленген тәртіппен: 
      1) Алматы қаласында орналасқан республикалық және коммуналдық меншіктегі, Астана қаласына көшірілген мемлекеттік органдардың қызметтік ғимараттары мен үй-жайларын, алынған қаражатты мемлекеттік бюджет кірісіне аудара отырып, жекешелендіруді; 
      2) басшы қызметтер атқаратын мемлекеттік қызметшілердің бұрын қызмет бабымен пайдалануында болған Алматы қаласындағы мемлекеттік саяжайлар мен қызметтік коттедждерді, алынған қаражатты мемлекеттік бюджет кірісіне аудара отырып, жекешелендіруді жүзеге асырсын. 
      4. Аймақтардың салық базасының өсуіне мүдделілігін арттыру, жергілікті бюджеттер кірісін ұлғайту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі екі ай мерзімде белгіленген тәртіппен қолданылып жүрген заң актілеріне жалпымемлекеттік салықтардан облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының бюджеттеріне жасалатын аударымдардың тұрақты нормативтерін белгілеуді көздейтін өзгерістер жөнінде ұсыныстар енгізсін, сондай-ақ республикалық және коммуналдық меншік тізілімдерін бекітсін.
      5. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) бұрын шығарылған актілерін осы өкімге сәйкес келтірсін;
      2) осы өкімнен туындайтын өзге де шаралар қолдансын.     

      Қазақстан Республикасының 
      Президенті 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады