Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Испания Корольдiгi Yкiметiнiң арасындағы 2000-2003 жылдарға арналған бiлiм және мәдениет саласындағы ынтымақтастық Бағдарламасы

Жаңа

Бағдарлама 2000 жылғы 30 қазан Мадрид қаласы. Қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.

      Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Испания Корольдiгiнiң Yкiметi,
      Тараптар мемлекеттерi арасындағы мәдениет және бiлiм саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге тiлек пен өзара мүдделiлiк бiлдiре отырып, бiрлескен жобаларды, мәдени алмасуларды жүзеге асыру Тараптар мемлекеттерi арасындағы достықты нығайтуға ықпалын тигiзетiнiне сенiм бiлдiре отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдiгiнiң арасындағы Мәдениет,
      бiлiм және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы 1997 жылғы 27 қазандағы келiсiм шеңберiнде бұрын белгiленген байланыстарды нығайту мақсатында,
      төмендегiлер туралы келiстi:

I. Бiлiм саласындағы ынтымақтастық 1-бап

      Тараптар бiлiм саласында төмендегi бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытады және көтермелейтiн болады:
      а) Тараптар мемлекеттерiндегi бiлiм беру жүйесiне, оқытудың жаңа әдiстемелерiне, педагогикалық әдебиеттер мен бiлiм туралы жарияланымдар туралы алмасуларға қатысты ақпараттар алмасу;
      б) жоғары оқу орындары арасындағы тiкелей алмасулар;
      в) жоғары оқу орындарының және ғылыми-зерттеу институттарының мамандарымен алмасу (жылына 3 адам);
      г) филология саласында сарапшылар алмасу (жылына 2 адам).

II. Стипендиялар 2-бап

      Қазақстан тарабы Бағдарлама барысында жоғары бiлiмi бар Испания Корольдiгiнiң азаматтарына төмендегiдей стипендиялар ұсынады:
      а) Жыл сайынғы негiзде испандық тарапқа бiр академиялық жылға Қазақстан Республикасының бiлiм беру және ғылыми ұйымдарында қазан айынан бастап маусым айының аяғына дейiнгi кезеңде зерттеу жұмыстарын жүргiзуге немесе тағылымдамаларға арналған екi (2) стипендия.
      б) Жыл сайынғы негiзде Қазақстан Республикасының бiлiм беру және ғылыми ұйымдарында бiр академиялық жылдан артық кезеңге тағылымдамаға арналған стипендиялар.

3-бап

      Испандық тарап Бағдарлама барысында жоғары бiлiмi бар Қазақстан Республикасының азаматтарына төмендегiдей стипендиялар ұсынады:
      а) Бiр академиялық жылға зерттеу жұмыстарына немесе Испания Корольдiгiнiң бiлiм беру және ғылыми ұйымдарында тағылымдамаға арналған екi (2) стипендия. Әрбiр стипендия бiр немесе бiрнеше грант иелерiне, ең кемi үш (3) айға немесе ең ұзағы тоғыз (9) айға, қазан айынан бастап маусым айының аяғына дейiн кезеңге арналған.
      б) Мадридтегi Испан жазғы мектебiнде маусым айында шетелдiктер үшiн испан тiлi мен мәдениетiн зерттеу курстарына қатысу үшiн екi (2) бiр айлық стипендия. Курстарды Испания Сыртқы iстер министрлiгi және Мадридтiң Комплутенсе Университетi ұйымдастырады.
      в) Испания Корольдiгiнiң Қазақстан Республикасындағы Елшiлiгi арқылы мәдени және ғылыми байланыстар жөнiндегi Бас Директорат ұсынатын шетелдiк мамандар үшiн Испания Корольдiгiнiң тарихы, әдебиетi және мәдениетi салаларындағы зерттеу жұмыстарына арналған стипендиялар.
      г) Қазақстан Республикасының кандидаттары үшiн, егер олар оқуға түсуге қойылатын талаптарға жауап берсе, Мадридтегi Дипломатиялық мектепте халықаралық қатынастар жөнiндегi курстарға арналған стипендиялар.

III. Мәдениет саласындағы ынтымақтастық 4-бап

      Тараптар:
      а) Тараптар мемлекеттерi аумақтарында мәдени iс-шаралар мен көрмелер өткiзуге жәрдемдесуге;
      б) Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары арасында кәсiби өнер саласындағы ынтымақтастықты дамытуға;
      в) Тараптардың бiрi өткiзетiн бейнелеу өнерi мен өнердiң орындаушылық түрлерi, әдебиет, мұрағат iсi, кiтапхана iсi, кинематография саласындағы мәжiлiстерге испандық және қазақстандық мамандардың өзара қатысуларын көтермелеуге келiстi.

5-бап

      Тараптар мәдениет апталықтарын Тараптар мемлекеттерi аумақтарында өзара ұйымдастыруға жәрдемдесетiн болады.

6-бап

      Тараптар барлық салаларда авторлық құқықты және аралас құқықты қорғау жөнiндегi ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.

7-бап

      Испандық тарап баспаларға олардың ана тiлдерiне испан авторларының ғылыми және әдеби жұмыстарын аудару және жариялау жөнiнде көмек көрсету бағдарламасы туралы ақпаратты ұсынады. Бұл көмек мәдениет жөнiндегi Испан Мемлекеттiк Хатшылығы арқылы жүзеге асырылады.

8-бап

      Тараптар мұрағаттық құжаттар саласындағы ынтымақтастықты төмендегi бағыттар бойынша жүзеге асырады:
      а) мұрағаттық құжаттарды жүргiзу саласында тәжiрибе алмасу;
      б) жарияланымдар алмасу (жол көрсеткiштер, каталогтар, мүкәмәлдық парақтар және т.б.);
      в) мәдени мұраның бiр бөлiгi болып табылатын құжаттарды сақтау, қалпына келтiру және микрофильмдеу;
      г) Тараптардың тиiстi мұрағат қызметтерiмен келiсiлген тақырыптар бойынша мұрағат құжаттарының көрмелерiн ұйымдастыру.

9-бап

      Кiтап басып шығару және кiтап тарату мәселелерiмен айналысатын мекемелер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында Тараптардың Ұлттық кiтапханалары:
      а) библиографиялық ақпарат және құжаттамаға жол ашу саласында ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      б) кiтапханаларда жаңа ғылыми технологияларды қолдану жөнiнде тәжiрибе алмасуды жүзеге асырады;
      в) Испания Ұлттық кiтапханасына қазақстандық авторлардың Испания туралы шығармаларын, сондай-ақ Қазақстанда жарияланған испандық және латынамерикандық авторлар шығармаларының аудармалары мен жарияланымдарын сатып алуға жәрдемдеседi;
      г) библиографиялық ақпарат және құжаттамаға жол ашу саласында, сондай-ақ кiтапханаларда жаңа технологияларды қолдану жөнiнде тәжiрибе алмасудағы ынтымақтастыққа ұйтқы болады, ол үшiн осы Бағдарламаның жұмыс істейтiн кезеңiнде қазақстандық тарап қазақ немесе орыс тiлiн бiлетiн бiр кiтапханашыны Қазақстан Республикасының Ұлттық кiтапханасына, ал испандық тарап испан тiлiн бiлетiн бiр кiтапханашыны Испанияның Ұлттық кiтапханасына шақырады.

10-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңдарына сәйкес Тараптар мемлекеттiк және көпшiлiк кiтапханалары арасында ортақ тарихи-мәдени маңызы бар репродукциялармен және микрофильмдермен, жұмыстармен алмасуды жүзеге асырады.

11-бап

      Тараптар:
      а) мемлекеттiк мұражайлар арасында ақпарат және құжаттар алмасуды жүзеге асыруға жәрдемдесуге;
      б) жаңа технологияларды қолдану жөнiндегi ынтымақтасуға және тәжiрибе алмасуға;
      в) Тараптар мемлекеттерiнiң бiрi ұйымдастырған тағылымдамалар туралы құлақтандырып және оларға қатысуға мүмкiндiк жасай отырып, мұражай iсi саласында мамандарды оқыту бағдарламасын жүзеге асыруға келiстi.

12-бап

      Тараптар тарихи мұраларды зерттеу саласында, осы саладағы ақпарат, мамандардың жарияланымдарын алмасу, сондай-ақ тарихи мұраларды сақтау және қалпына келтiруге қатысты жүзеге асырылатын кез келген қызмет түрлерi туралы ақпарат алмасу арқылы өзара iс-қимыл жасайды.
      Испан тарихи мұралар институты қазақстандық тарапқа мәдени құндылықтарды сақтау және қалпына келтiру жөнiндегi курстарға қатысу мүмкiндiктерiн ұсынады.

IV. Жалпы және қаржылық ережелер 13-бап

      Тараптар:
      а) қызметтiң әрқилы түрлерi мен мәдени алмасу Тараптар мемлекеттерi бюджеттерiнiң шектеулерiне сәйкес шектелетiндiгiне;
      б) осы Бағдарламада көрсетiлген мәдени алмасулар Тараптар дипломатиялық арналар арқылы келiсуi мүмкiн басқа да қызмет түрлерiн, сапарлар мен ұсыныстарды жоққа шығармайтындығына;
      в) жоғарыда аталған сомалар Тараптардың мемлекеттiк бюджеттерiнде көзделген қаражаттарға сәйкес жыл сайын өзгеруi мүмкiн екендiгiне келiстi.

14-бап

      Қазақстандық тарап ұзақ мерзiмдi гранттарға арналған зерттеу жұмыстарын жүргiзу үшiн 10000 (он мың) теңге және аспирантурада оқу үшiн, сондай-ақ дәрі-дәрмек шығыстарына, стоматологиялық қызмет көрсетуге және бұрыннан бар ауруларды емдеуге ақы төлеместен медициналық сақтандыруға 14000 (он төрт мың) теңге көлемiнде ай сайынғы стипендия ұсынады.
      - Балама нұсқа ретiнде қабылдайтын оқу орны отбасында тұруға жағдай жасауы мүмкiн.
      - Испан үмiткерлерiнiң сауалнамалары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлiгiне 25 сәуiрге дейiн жiберiледi. Стипендия алуға ұсынылған үмiткерлердi ірiктеу жөнiндегi соңғы шешiмдi қазақстандық тарап қабылдайды.

15-бап

      Испандық тарап ұзақ мерзiмдi гранттарға ай сайын тоқсан жетi мың бес жүз песет (97,500) ұсынады, ал гранттарға жетi (7), сегiз (8) және тоғыз (9) ай бойы стипендияның ең ірi мөлшерi жүз мың песет (100,000) бөлiнедi. Жетi (7) айдан кем мерзiмге бөлiнетiн гранттарға стипендиялар бөлiнбейдi. Барлық гранттар дәрi-дәрмек шығыстарына, стоматологиялық қызмет көрсетуге және бұрыннан бар ауруларды емдеуге ақы төленбестен медициналық сақтандырумен қамтамасыз етiледi.

16-бап

      Жазғы курстар бойынша испандық тарап құрамына Мадридтегі дипломатиялық мектептiң Испан жазғы мектебiнiң курстарында шiлде айында тегiн оқу, университет пансионатындағы бөлме немесе жиhаздалған бөлме, демалыс күндерi кешкi асқа, жексенбi күнi тамақтануға, мерекелерге жиырма екi мың бес жүз (22,500) песет енетiн жыл сайынғы грантты және дәрi-дәрмек шығыстарына, стоматологиялық қызмет көрсетуге және бұрыннан бар ауруларды емдеуге ақы төлеместен медициналық сақтандыруды ұсынады.
      Қазақстандық үмiткерлердiң сауалнамалары Испания Корольдiгiнiң Сыртқы істер министрлiгiне 31 наурызға дейiн ұсынылуы керек. Гранттар алуға ұсынылған үмiткерлердi ірiктеу жөнiндегi соңғы шешiмдi испандық тарап қабылдайды.

17-бап

      Алмасу бағдарламасының барлық жағдайларында, егер басқа келiсiмге қол жеткiзiлмесе, жiберушi тарап барып-қайтудың көлiк шығыстарын көтеретiн болады. Қабылдаушы тарап жобаны табысты түрде жүзеге асыру мақсатында мемлекет iшiндегi барлық көлiк шығыстарын жабуға тиiстi.

18-бап

      Алмасу бағдарламасының барлық жағдайларында қазақстандық тарап испан сарапшыларының тұруына арналған шығыстарды, Қазақстан Республикасы бойынша испан сарапшыларының көлiктiк шығыстарын жабады және дәрі-дәрмек шығыстарына, стоматологиялық қызмет көрсетуге және бұрыннан бар ауруларды емдеуге ақы төлеместен медициналық сақтандырумен қамтамасыз етедi.

19-бап

      Алмасу бағдарламасының барлық жағдайларында испандық тарап екi (2) аптадан артық емес сапар кезеңiне көлемi (13,000) он үш мың песет болатын тәулiктiк қаржылай жәрдемақыны, сондай-ақ дәрi-дәрмек шығыстарына, стоматологиялық қызмет көрсетуге және бұрыннан бар ауруларды емдеуге ақы төлеместен медициналық сақтандыруды ұсынады.

20-бап

      Жiберушi тарап дипломатиялық арналар арқылы ұйғарылған сапардан төрт ай бұрын жiберiлетiн сарапшылардың, әртiстердiң тобына қатысты төмендегiдей ақпарат жiбередi:
      а) келу мақсаты (қызмет немесе оқу бағдарламасы) және алмасу жүзеге асырылатын Бағдарлама бабы;
      б) жiберiлетiн тұлғалардың аттары, бiлiмдерi туралы мәлiметтер, паспорттарының нөмiрлерi, шетел тiлдерiн меңгеру деңгейi және қабылдаушы Тарап талап ететiн барлық ақпарат;
      в) келуiнен екi апта бұрын келудiң нақты күнi көрсетiлген сапар мерзiмi.

V. Қорытынды ережелер 21-бап

      Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Бағдарламаға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Бағдарламаның ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi.

22-бап

      Осы Бағдарлама Тараптар жасасқан басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiне ықпал етпейдi.

23-бап

      Осы Бағдарламаның ережелерiн түсiндiру мен қолдануға байланысты даулар туындаған жағдайда, Тараптар оларды келiссөздер мен консультациялар арқылы шешетiн болады.
      Осы Бағдарлама қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және 3 жыл мерзiмге жасалады.
      Мадрид қаласында 2000 жылғы 30 қазанда, екi түпнұсқа дана болып, қазақ, испан, орыс және ағылшын тiлдерiнде жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Бағдарламаның ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiк туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiндi ұстанатын болады.

      (Қолдары)

      Мамандар:
      Қасымбеков Б.А.
      Багарова Ж.А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады