Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Египет Араб Республикасының Үкіметі арасындағы Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім

Жаңа

Келісім 2001 жылғы 15 қараша. Каир қаласы. 2001 жылғы 15 қарашадан бастап күшіне енді.

      Бұдан әрі - "Тараптар" деп аталатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Египет Араб Республикасының Үкіметі,
      Ветеринария саласындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мақсатында,
      жұқпалы ауруларды, олардың таралуын болдырмау және осы салада бақылау орнату мақсатында,
      төмендегілерге келісті:

1-бап

      Мемлекеттерінің аумақтарына денсаулыққа зиянды жұқпалы мал ауруларының және мал өнімдерінің енуін болдырмау мақсатында, Тараптар патогенді инфекциялардың тасымалдаушылары болуы ықтимал мал және мал өнімдерін, басқа да заттарды экспорттау, импорттау және транзиттік тасымалдау мәселелері бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады.

2-бап

      1. Тараптардың құзыретті органдары:
      а) Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасының аумақтарында бұрын тіркелген, Халықаралық эпизоотиялық бюроның (ХЭБ) мал аурулары кодтарының "А" тізіміне енгізілген мал ауруларының анықталғандығы немесе бірнеше жыл бойы болмаған осындай індеттің қаулауы туралы бір-біріне сұрау салу бойынша дереу хабардар ететін болады;
      б) ауру малдың түрлері мен саны, аурудың анықталған жері, аурудың диагностикасы мен бақылаудың әдістері туралы хабарлауы тиіс. Аусыл қаулауы жағдайында қоздырғыштың үлгісі көрсетілуі тиіс;
      в) Тараптар Халықаралық эпизоотиялық бюроның (ХЭБ) мал аурулары кодтарының "Б" тізіміне енгізілген жұқпалы аурулардың қаулауы туралы бір-бірін сұрау салу бойынша хабардар ететін болады.
      2. Егер осы баптың 1-тармағының а) тармақшасында аталған аурулардың бірі Тараптар мемлекеттері бірінің аумағында пайда болса, онда Тараптар бұл ауруды диагностикалауда бір-біріне көмек көрсететін және оқшауланған патогендік агенттің үлгілерімен қамтамасыз ететін болады.
      3. Тараптардың құзыретті органдары Қазақстан Республикасында да, Египет Араб Республикасында да ресми түрде хабарлануы міндетті болып табылатын жұқпалы аурулар туралы ай сайынғы бюллетеньдермен алмасып тұратын болады.

3-бап

      Малдың денсаулығын қорғау мақсатында Тараптар жұқпалы, паразитарлық және басқа да мал ауруларының пайда болуын болдырмау жөніндегі ең соңғы қазіргі заманғы білімінің практикада қолданылуына қатысты ақпараттармен алмасатын болады.

4-бап

      Ветеринария саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру үшін Тараптар:
      - ветеринария ғылыми-зерттеу институттарының ынтымақтастығына көмектесетін болады;
      - ветеринария саласындағы техникалық журналдармен және басылымдармен алмасуға көмектесетін болады;
      - ветеринария саласындағы ұйымдық құрылымдарға қатысты тиісті нормативтік ережелер және ақпараттармен алмасатын болады;
      - техникалық кездесулер мен білім беру бағдарламалары туралы бір-бірін хабардар ететін болады және оларға екі Тараптың да сарапшыларының қатысуына мүмкіндік жасайтын болады.

5-бап

      Тараптар осы Келісімді орындау мақсатында мынадай құзыретті органдарды тағайындайды:
      Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық қадағалау департаменті,
     Египет Араб Республикасынан - Египет Араб Республикасының Ветеринария қызметінің бас ұйымы.
     Құзыретті органдардың ресми атаулары өзгертілген жағдайда, Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.

6-бап

     Мал өнімдері мен шикізатының, малдың, жемшөптің, ветеринариялық препараттардың экспорты, импорты әрі транзиті, көлік құралдарын шекарада залалсыздандыру, ветеринариялық сертификаттар мен куәліктер беру жөніндегі шығыстарды жүк иесі екі елдің ұлттық заңдарына сәйкес көтереді.

7-бап

     Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде немесе қолдануда келіспеушілік туындаған жағдайда, Тараптар оларды келіссөздер жолымен шешетін болады.

8-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл бойы қолданылады және егер Тараптардың бірі осы Келісімнің аяқталуынан кемінде алты ай бұрын екінші Тарапқа жазбаша түрде оны тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, келесі бесжылдық кезеңдерге өздігінен ұзартылатын болады.

9-бап

      Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалар арқылы ресімделеді әрі осы Келісімнің 8-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енеді.

     Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      Каир қаласында 2001 жылғы 15 қарашада әрқайсысы қазақ, араб, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды және барлық мәтінінің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде немесе қолдануда келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді ұстанатын болады.

                                                        (Қолдары)

      Мамандар:
      Қасымбеков Б.А.
      Багарова Ж.А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады