Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстон Республикасы Үкіметінің арасындағы темір жол көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім

Жаңа

Келісім, Алматы қ., 2001 жылғы 26 сәуір

       *Келісім 2003 жылғы 29 наурыздан бастап күшіне енді

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстон Республикасының Үкіметі,
      тең құқылы әріптестік пен өзара сыйластық қағидаттарын негізге ала отырып,
      екі мемлекеттің темір жол көлігі жұмысын үйлестіруге маңызды мән бере отырып,
      жүктер мен жолаушылардың екі мемлекеттің арасындағы тікелей халықаралық темір жол қатынасында және олардың аумақтары арқылы транзиттік тасымалдауды дамыту ерекше маңыздылығын тани отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мынадай мағынаны білдіреді:

      "Тараптардың құзыретті органдары":

Қазақстандық тараптан:      - Қазақстан Республикасының Көлік және
                              коммуникациялар министрлігі;

Эстондық тараптан           - Эстон Республикасының Көлік және
                              байланыс министрлігі.

      "темір жол әкімшіліктері":

Қазақстандық тараптан:      - "Қазақстан темір жолы" республикалық
                              мемлекеттік кәсіпорны;

Эстондық тараптан:          - Құзыретті орган уәкілеттік берген
                              темір жол кәсіпкерінің әкімшілігі.

      Құзыретті органдар мен темір жол әкімшіліктерінің атаулары өзгерген жағдайда, Тараптар бұл туралы кідіріссіз құлақтандырады.

"қызмет персоналы"          - екі мемлекеттің темір жол көлігінің
                              осы Келісімнен туындайтын міндеттерді
                              тікелей орындаушы қызметкерлері
                              (лауазымды тұлғалар).

2-бап

      1. Тараптар темір жол көлігі саласында өндірістік, экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы мен Эстон Республикасының арасындағы тікелей халықаралық темір жол қатынасында және олардың аумақтары арқылы транзиттік тасымалдарды одан әрі дамыту және жетілдіру жөнінде қажетті көмек көрсетеді.
      2. Тараптар тиісті мемлекеттердің аумақтарында қызмет персоналының біліктілік куәліктерін өзара таниды.

3-бап

      Тараптар белгіленген тәртіппен Тараптардың құзыретті органдарына және темір жол әкімшіліктеріне осы Келісімнің ережелерін іске асырудың нақты жағдайларына қолданылатын тәптіштелген тәртібін көздейтін шарттар жасасуға өкілеттік береді.

4-бап

      Қазақстан Республикасы мен Эстон Республикасының арасындағы тікелей халықаралық темір жол қатынасында және олардың аумақтары арқылы транзитпен жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған тарифтерді белгілеу қағидаттары, олар қатысушылары болып табылатын теміржол көлігі саласындағы халықаралық шарттар негізінде анықталады.

5-бап

      Екі мемлекеттің арасындағы тікелей халықаралық теміржол қатынасында және олардың аумақтары арқылы транзитпен жолаушылар мен жүктерді тасымалдау үшін, сондай-ақ жүк вагондары мен контейнерлерді бірлесіп пайдаланғаны үшін темір жол әкімшіліктерінің арасындағы есеп айырысулар мен төлемдер тәртібі жекелеген шарттармен айқындалады.

6-бап

      Тараптардың құзыретті органдары тиісті мемлекеттердің аумақтарында тікелей халықаралық теміржол қатынасы, транзиті үшін кедергілердің туындауы туралы және осы кедергілердің жойылғандығы туралы кідіріссіз хабарлауды қамтамасыз етеді.

7-бап

      1. Тараптардың құзыретті органдары және теміржол әкімшіліктері өзара келісім бойынша белгіленген тәртіппен екінші Тарап мемлекетінің аумағына өзінің қызмет персоналын жібере алады.
      2. Қызмет персоналы екінші Тарап мемлекетінің аумағында өз міндеттерін халықаралық нормаларға, ережелерге және болатын мемлекеттің ұлттық заңдарына сәйкес орындайды.

8-бап

      1. Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындаған кез келген дау Тараптардың арасындағы тікелей келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.
      2. Осы Келісімге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің 11-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын хаттамалармен ресімделеді.

9-бап

      Осы Келісім Тараптардың олар жасасқан басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Келісім мерзімі белгіленбей жасалады және Тараптардың бірі екінші Тарапқа оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын жолдаған күннен бастап 6 ай өткенге дейін күшінде қалатын болады.

11-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап 30-шы күні күшіне енеді.

      Алматы қаласында 2001 жылғы 26 сәуірде әрқайсысы қазақ, эстон және орыс тілдерінде екі дана болып жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің мәтінін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінді ұстанатын болады.

(Қолдары)  

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады