Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Yндiстан Республикасының Үкiметi арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы КЕЛIСIМ

Жаңа

Келісім 2002 жылғы 3 маусым. Алматы қаласы. 2002 жылғы 3 маусыман бастап күшіне енді

(Келісiм қол қойылған күнiнен бастап күшiне ендi - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Yндiстан Республикасының Үкiметi,
      Тараптардың екi мемлекетi арасындағы достық қатынастарды және өзара түсiнiстiктi нығайтуға ұмтыла отырып,
      теңдiк және өзара тиiмдiлiк негiзiнде туризмдi дамыту мақсатында,
      мыналар туралы келiстi:

1-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң өзара тиiмдiлiгi үшiн Тараптар туризм саласындағы ұзақ мерзiмдi ынтымақтастықты дамытуға қолайлы жағдай жасайды.

2-бап

     Тараптар туризм мақсатында екi ел арасында саяхат жасаушы азаматтарға өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес оңайлатылған рәсiмдердiң қолданылуына жәрдемдесетiн болады. 

3-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн орындауға жауапты уәкiлеттi органдар:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөнiндегi агенттiгi;
      Yндiстан Тарапынан - Yндiстан Республикасының Туризм министрлiгi болып табылады.

4-бап

      Тараптар Өкiлдiк орналасатын Тарап мемлекетiнiң аумағында қолданылатын заңнамаға сәйкес екiншi Тараптың мемлекетiнде әрбiр Тараптың уәкiлеттi органдарына Туризм жөнiндегi өкiлдiк ашуға жәрдемдеседi.

5-бап

      Тараптар өзiнiң уәкiлеттi органдарын ақпаратпен, туристiк ресурстарды басқарудағы бiлiммен және тәжiрибемен, туристiк қызмет жөнiндегi қолданыстағы нормативтiк құқықтық кесiмдер және ережелер, табиғи және мәдени ресурстарды сақтау мен оларды тұрақты дамыту жөнiндегi шаралармен алмасу арқылы әрбiр Тарап мемлекетiнiң қолданыстағы ережелерi мен нормаларына сәйкес туристiк қызметтi үйлестiрудi жүзеге асыруын көтермелейтiн болады.

6-бап

      Тараптар туристiк бизнестi ұйымдастырудағы, менеджменттегi тәжiрибе алмасуға, сондай-ақ туризм саласындағы қызметкерлердi оқытуға бiр-бiрiне жәрдемдесетiн болады, ол уәкiлеттi органдар арасындағы жекелеген келiсiмдермен айқындалады. Тараптар, сондай-ақ туризм саласындағы оқу бағдарламаларымен, оқыту және зерттеулер әдiстемелерiмен алмасатын болады.

7-бап

      Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру мақсатында Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлеттi органдарының өкiлдерiнен сан жағынан тең болатын Жұмыс тобын құрады, оған жеке туристiк сектордың өкiлдерi енгiзiлуi мүмкiн. Жұмыс тобының кездесулерi әрбiр Тарап мемлекетiнiң аумағында, кездесудiң уақыты мен орнын өзара келiсу арқылы баламалық негiзде өтетiн болады.

8-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсуi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi.

9-бап

      Осы Келісiм қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi. Осы Келiсiм 5 жыл мерзiмге жасалады және егер Тараптардың бiрi осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату ниетi туралы екiншi Тарапқа тиiстi бесжылдық кезең аяқталғанға дейiн кемiнде 6 ай кешiктiрмей дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабарламаса, осы Келiсiм келесi бесжылдық кезеңге өздiгiнен ұзартылады.
      Егер Тараптар өзгеше белгiлемесе, осы Келiсiм күшiнiң тоқтатылуы ол күшiнде болған кезде қабылдануы мүмкiн бағдарламалардың орындалуына әсер етпейдi.
      Осыны куәләндiру үшiн өз үкiметтерiмен тиiстi түрде уәкiлеттiк берiлген төменде қол қоюшылар осы Келiсiмге қол қойды.
      Алматы қаласында 2002 жылғы 3 маусымда, әрқайсысы қазақ, хинди, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды және барлық мәтiннiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде немесе қолдануда келiспеушiлiк туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

                                                         (Қолдары)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады