РҚАО-ның ескертпесі!
Келісім 2009 жылғы 27 шілдеде күшіне енді.
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Армения Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі,
нарықтық қатынастар жағдайында Тараптардың агроөнеркәсіп кешен саласындағы өзара пайдалы ынтымақтастықты дамытуға және тереңдетуге ұмтылысын назарға ала отырып,
Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасында тарихи қалыптасқан экономикалық және ғылыми-техникалық байланыстарды ескере отырып,
экономиканы дамытудағы және азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ауыл шаруашылығының жетекшілік рөлін түсіне отырып,
елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін тәжірибе алмасудың және барлық деңгейдегі ынтымақтастықтың қажеттілігін тани отырып,
мыналар жөнінде келісті:
1-бап
Тараптар осы Келісімге және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады.
2-бап
Осы Келісімде көзделген ынтымақтастық мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1. өсімдік шаруашылығы, оның ішінде ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқым шаруашылығы;
2. мал шаруашылығы, оның ішінде асылдандыру ісі;
3. ветеринария;
4. тамақ және қайта өңдеу салалары, оның ішінде тамақ өнімдерін өндіру және қайта өңдеу кәсіпорындарын қайта жаңғырту;
5. шаруашылық жүргізудің жаңа нысандарын дамыту, фермер қожалықтарын, қауымдастықтар мен акционерлік қоғамдарды ұйымдастыру және қалыптастыру;
6. агроөнеркәсіптік кешен саласындағы реформаларды жүзеге асыруы және жекешелендіруде кеңес беру және көмек көрсету.
Ынтымақтастықтың басқа бағыттары Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
3-бап
Тараптар агроөнеркәсіптік кешенге арналған ауыл шаруашылығы өнімдері және материалды-техникалық ресурстарды жеткізу бойынша Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасының шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында тікелей байланыстарды орнату үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді.
4-бап
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай нысандарда іске асырылады:
1. ғылыми-техникалық және экономикалық ақпаратпен, ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасу, семинарлар, симпозиумдер және көрмелер өткізу;
2. тұқым үлгілерімен, ауыл шаруашылығы жануарларымен, отырғызу материалдарымен, сынақ жүргізуге арналған машиналар және жабдықтармен алмасу;
3. өңірдегі және республикадағы эпизоотиялық жағдайы туралы ақпаратпен алмасу, жануарлар мен құстардың аса қауіпті ауруларының диагностикасы;
4. ғылыми-техникалық және өндірістік кооперациясы, бірлескен ұйымдарды, кәсіпорындарды, акционерлік қоғамдарды құру.
Осы Келісімге қатысты ынтымақтастықтың басқа нысандары Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
5-бап
Тұқым үлгілерімен, техникамен, ауыл шаруашылығы жануарларымен және басқа өнімдермен, сондай-ақ жарияланған ақпаратпен алмасу зияткерлік интеллектуалды меншік саласындағы Тараптардың ұлттық заңнамаларына және олар қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
6-бап
Осы Келісімнің ережелерін тиімді іске асыру мақсатында Тараптар өзара мүддені білдіретін мәселелер бойынша бірлескен жобалар мен және бағдарламаларды, консультацияларды жүзеге асыруды үйлестіру үшін уәкілетті өкілдер, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешеннің шаруашылық жүргізуші субъектілердің басшылары мен мамандар деңгейінде жүйелі кездесулер өткізіп тұрады.
7-бап
Егер әр бір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, өз елдерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде Тараптар осы Келісімді олармен орындау барысында туындаған шығыстарды өз бетінше көтереді.
8-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану жөнінде даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар жолымен шешеді.
9-бап
Осы Келісім қазақстандық тарап дипломатиялық арналар арқылы Армения тарапынан осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекет ішінде рәсімдер орындалғаны туралы жазбаша хабарлама алғаннан кейін күшіне енеді.
Осы Келісім Тараптың біреуі дипломатиялық жолдар арқылы екінші Тараптан осы Келісімнің күшін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күші тоқталады.
Осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісім шеңберінде ол аяқталғанға дейін іске асырылған іс-шаралардың орындалуына әсер етпейді.
10-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 9-бабына сәйкес күшіне енетін осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
2009 жылғы 12 мамырда Ереван қаласында, әрқайсысы қазақ, армян және орыс тілдерінде екі түпнұсқалы данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
(Қолдары)