Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Малайзияның Үкіметі арасындағы минералдық ресурстарды игеру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою туралы" 2012 жылғы 17 сәуірдегі № 474 қаулысын қараңыз.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Малайзияның Үкіметі
арасындағы минералдық ресурстарды игеру саласындағы
ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы
меморандум
(2012 жылғы 18 сәуірде күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 6, 78-құжат)
Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Малайзияның Үкіметі атынан Табиғи ресурстар мен қоршаған орта министрлігі (бұдан әрі жеке-жеке «Тарап» деп және бірлесіп «Тараптар» деп аталатын),
екі ел арасында қалыптасқан достық қатынастарды растай отырып,
екі елдің экономикаларын дамытудағы табиғи ресурстардың маңыздылығын тани отырып,
минералдық ресурстарды игеру саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және одан әрі дамытуға ниеттене отырып,
екі ел мүдделерінде ұзақ және тиімді ынтымақтастықтың қажеттілігіне сенімді бола отырып және
осындай ынтымақтастық олардың ортақ мүдделеріне қызмет ететіндігіне және табиғи ресурстарды игеруді кеңейту мен екі ел халықтарының әлеуметтік деңгейін арттыруға ықпал ететініне сене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Мақсаты
Тараптар осы Минералдық ресурстарды игеру саласындағы өзара түсініктік туралы меморандумның (бұдан әрі - Меморандум) шарттарын, сондай-ақ әрбір елде ұдайы қабылданып тұратын заңдарды, қағидаларды және ұлттық саясатты қабылдай отырып, мұнай мен газды қоспағанда, екі ел арасындағы минералдық ресурстарды нығайтуға және игеруге тең құқық және өзара пайда негізінде жәрдемдесуге келісті.
2-бап
Ынтымақтастық салалары
1. Әрбір Тарап қолданыстағы заңдарды, қағидаларды және ұлттық саясатты есепке ала отырып, өз елдерінде ынтымақтастық нысанасын басқара отырып, мынадай салаларда ынтымақтастықты көтермелеу және жылжыту бойынша қажетті шараларды қабылдау үшін күш-жігер жұмсайды:
a) минералдық ресурстарды игеру саласындағы бірлескен зерттеу;
b) геологиялық ақпараттарды бірлесіп зерделеу;
c) пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу саласындағы тәжірибе және озық практика алмасу;
d) мамандармен және сарапшылармен алмасу;
e) біліктілікті арттыру курстарын, конференцияларды, семинарлар мен көрмелерді бірлесіп ұйымдастыру;
(f) минералдық ресурстарды игеру жөніндегі ынтымақтастықтың Тараптармен қосымша келісілетін өзге де салалары.
2. Бұған қоса, Тараптар өз елдерінде ынтымақтастық нысанасын реттейтін ұдайы қабылданып тұратын қолданыстағы заңдарды, қағидалар мен ұлттық саясатты ескере отырып, мынадай салаларда екі Тараптың жеке меншік секторлары арасындағы ынтымақтастықты көтермелейтін, жәрдемдесетін және реттейтін болады:
(а) инвестицияларды тартуды бірлесіп көтермелеу;
(b) пайдалы қазбаларды өндіру және қайта өңдеу саласындағы бірлескен кәсіпорындар;
(c) пайдалы қазбалардың кен орындарында барлау жұмыстарын бірлесіп өткізу;
(d) жарнамалық және маркетингтік қызметті бірлесіп ұйымдастыру;
(e) нарықтарды зерделеу және оларды игеру жөніндегі бірлескен зерттеу;
(f) минералдық ресурстарды игеру жөніндегі ынтымақтастықтың Тараптармен өзара келісілетін өзге де салалары.
3-бап
Уәкілетті органдар
Осы Меморандумды жүзеге асыруға жауапты болып тағайындалған органдар: Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан - Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Малайзия Үкіметінің атынан - Табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны қорғау министрлігі.
4-бап
Іске асыру
1. Тараптар осы Меморандум бойынша ынтымақтастық бағыттары Тараптардың өзара келісімі арқылы айқындалады деп келісті.
2. Ынтымақтастықтың айқындалған бағыттарын іске асыру үшін Тараптар мыналарға:
(і) осы Меморандумды іске асыруды жеңілдету үшін өз елдерінің тиісті органдарымен келісуге; және
(іі) осы Меморандумға сәйкес іс-қимылдардың және/немесе бағдарламалардың мониторингіне жауапты болады.
5-бап
Қаржылық іс-шаралар
1. Осы Меморандум шеңберінде қабылданған ынтымақтастық жөніндегі қызметтің шығыстарын жабу жөніндегі қаржылық шаралар қаражат пен ресурстардың болуына байланысты қажет болған жағдайда Тараптармен ұдайы келісілетін болады.
2. Жоғарыда келтірілген 1-тармаққа қарамастан, жұмыс топтарының отырыстарын ұйымдастыру жөніндегі шығыстарды қабылдаушы Тарап көтеретін болады. Егер өзге уағдаластыққа қол жеткізілмесе, жұмыс топтарының отырыстарына қатысу үшін өкілдерін жіберетін Тарап көлік шығыстарын және тұруға байланысты шығыстарды өзі көтереді.
6-бап
Үшінші тараптың қатысуы
Тараптардың кез келгені екінші Тараптың жазбаша келісімі бойынша үшінші тарапты Меморандум шеңберіндегі бірлескен қызметке және/немесе бағдарламаларға қатысуға шақыра алады. Осындай бірлескен іс-қимылдарды және/немесе бағдарламаларды іске асыруда Тараптар үшінші тараптың осы Меморандумның шарттарын сақтайтынына кепілдік береді.
7-бап
Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау
1. Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына, қағидалары мен ережелеріне және Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тараптардың кез келгенінің ресми атауын, эмблемасын және/немесе мемлекеттік рәміздерін тиісті Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз кез келген жарияланымдарда, және/немесе құжаттарда пайдалануға тыйым салынады.
3. Жоғарыда келтірілген 1-тармаққа қарамастан:
(і) Тараптар бірлесіп жүзеге асырған кез келген технологиялық даму өнімдері мен қызметтерге қатысты зияткерлік меншік құқықтары немесе Тараптардың бірлескен қызметінің нәтижесінде алынған зерттеулердің нәтижелері өзара келісілетін шарттарға сәйкес Тараптардың бірлескен меншігі болып табылады;
(іі) Тараптардың бірі немесе Тараптардың кез келгені жеке жүзеге асырған кез келген технологиялық даму өнімдері мен қызметтерге қатысты зияткерлік меншік құқықтары немесе Тараптардың біреуінің күш-жігерінің арқасында немесе бөлек алынған зерттеулердің нәтижелері тек сол Тарапқа ғана тиесілі болады.
8-бап
Құпиялылық
1. Әрбір Тарап осы Меморандумды немесе осы Меморандум шеңберінде қол жеткізілген кез келген басқа да уағдаластықтарды іске асыру барысында екінші Тараптан алынған немесе оған берілген құжаттардың, ақпараттың және басқа да деректердің құпиялылығы мен жасырын болуын сақтау үшін шаралар қабылдайды.
2. Екі Тарап та осы Меморандумның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін Тараптардың осы баптың ережелерін орындайтынына келіседі.
9-бап
Уақытша тоқтату
Әрбір Тарап ұлттық қауіпсіздікті, ұлттық мүддені, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында осы Меморандумды орындауды толық немесе ішінара уақытша тоқтату құқығын сақтайды, мұндай уақытша тоқтату Тарап дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама алғаннан кейін дереу күшіне енеді.
10-бап
Бақылау, түрлендіру және түзету
1. Кез келген Тарап Меморандумды тұтастай немесе бір бөлігін езгерту, түрлендіру немесе түзету туралы жазбаша нысанда сұрау сала алады.
2. Тараптармен келісілген қандай да бір өзгерістер, түрлендіру немесе түзетулер жазбаша түрде ұсынылатын болады және Меморандумның бір бөлігі болып табылады.
3. Осындай өзгерістер, түрлендірулер мен түзетулер Тараптар айқындаған сәттен бастап күшіне енеді.
4. Кез келген өзгерістер, түрлендірулер немесе түзетулер мұндай өзгерістер, түрлендірулер немесе түзетулер болған сәтке дейін немесе одан кейін осы Меморандум негізінде туындаған құқықтар мен міндеттемелерді бұзбайды.
11-бап
Дауларды реттеу
Осы Меморандумның кез келген ережесін түсіндіру және/немесе орындау және/немесе қолдану мәселесі бойынша Тараптар арасындағы кез келген келіспеушіліктер немесе даулар қандай да бір үшінші Тарапқа немесе халықаралық сотқа жүгінбей, дипломатиялық арналар арқылы Тараптар арасындағы өзара консультациялар және/немесе келіссөздер жолымен шешілетін болады.
12-бап
Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және тоқтатылу
1. Осы Меморандум қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және он (10) жылдық кезеңде күшінде қалады.
2. Кейіннен оның қолданылуы бес (5) жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылатын болады.
3. Осы бапқа қарамастан, Тараптардың әрқайсысы оның қолданысын тоқтатуға ниеттенгенге дейін кемінде үш (3) ай бұрын екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабардар ету жолымен осы Меморандумның қолданысын тоқтата алады.
4. Егер Тараптармен өзгеше келісілмесе, осы Меморандумның қолданысын тоқтату осы Меморандум тоқтатылғанға дейін, тіпті осы іс-шаралар және/немесе бағдарламалар аяқталғанға дейін Тараптармен келісілген қандай да бір іс-шаралардың және/немесе бағдарламалардың қолданысына және ұзақтығына ықпал етпейді.
Осыны куәландыра отырып, тиісті үкіметтер тиісінше уәкілеттік берген төменде қол қойған тұлғалар осы Меморандумға қол қойды.
2012 жылғы 18 сәуірде Путраджайя қаласында төрт (4) түпнұсқа данада, әрқайсысы екі-екіден (2) қазақ және ағылшын тілдерінде жасалды, барлық мәтіндер толығымен тең дәлме дәл болып табылады. Мәтіндер арасындағы түсіндіруде алшақтық болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МАЛАЙЗИЯНЫҢ
ҮКІМЕТІ ҮШІН ҮКІМЕТІ ҮШІН
(Қолдары)