Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің және Люксембург Ұлы Герцогтігі Аудиторлар Сотының арасындағы ынтымақтастық туралы

Жаңа

Келісім, Люксембург, 3 мамыр 2012 жыл

Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің және Люксембург Ұлы Герцогтігі Аудиторлар Сотының арасындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

(2012 жылғы 3 мамырда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2013 ж., N 1, 1-құжат)

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті және Люксембург Ұлы Герцогтігінің Аудиторлар Соты халықаралық жоғары қаржы бақылау органдары ұйымының (ИНТОСАИ) мақсаттары мен принциптерін басшылыққа ала отырып,
      Тараптар мемлекеттеріндегі сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жетілдіруге өзара ынта білдіре отырып,
      өзара сыйластық, сенім, тең құқықтық және өзара ынтымақтастық принциптерін негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің құзыреттеріне сәйкес мынадай негізгі бағыттар:
      сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асырудың әдіснамасы мен тәртібі саласында тәжірибе алмасу;
      кадрларды кәсіби оқыту және олардың біліктілігін арттыру саласында өзара іс-қимыл жасау;
      Тараптардың қызметі туралы ақпараттық-анықтамалық материалдармен алмасу;
      консультациялар, бірлескен зерттеулер мен бірлескен (қосарлас) бақылау іс-шаралары, семинарлар, конференциялар және жұмыс бабындағы кездесулер ұйымдастыру және өткізу бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      Тараптар өзара ынта танытатын басқа да бағыттар бойынша өз құзыреттері шегінде ынтымақтастықты дамытады.

2-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің шеңберінде ақпарат пен материалдар алмасу кезінде халықаралық ақпарат алмасуға қатысуды, мемлекеттік құпияларды және өзге де заңмен қорғалатын құпияларды қорғауды реттейтін өз мемлекетінің ұлттық заңнамасын басшылыққа алады.
      Бірлескен зерттеулер және бірлескен (қосарлас) бақылау іс-шараларын жүргізу кезінде Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің ұлттық заңнамасын басшылыққа алады.

3-бап

      Тараптардың мемлекеттерінің аумағында ұйымдастырылатын конференцияларға, семинарларға және сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау мәселелері бойынша халықаралық оқуға қатысу үшін басқа тараптың өкілдерін шақырады.

4-бап

      Тараптар өздерінің қызметі жөніндегі ақпаратты, материалдарды және нормативтік құқықтық актілерді алмасуды ағылшын тілінде жүзеге асырады.

5-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражаттың шегінде дербес көтереді.

6-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделіп, оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және Тараптар оларға қол қойған күнінен бастап күшіне енеді.

7-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешетін болады.

8-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

9-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді, белгісіз мерзімге жасалады және Тараптардың біреуі екінші Тараптан дипломаттық арналар арқылы оның қолданылуын тоқтату туралы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап үш ай өткенге дейін күшінде қалады.
      2012 жылғы 3 мамырда Люксембург қаласында бірдей күші бар, әрқайсысы қазақ, ағылшын тілдерінде, екі түпнұсқалық данада жасалды. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

 Қазақстан Республикасының               Люксембург Ұлы Герцогтігінің
  Республикалық бюджеттің                    Аудиторлар Соты үшін
атқарылуын бақылау жөніндегі
     есеп комитеті үшін
     Омархан Өксікбаев                            Марк Генглер

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады