Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің және Грузия Мемлекеттік аудит басқармасының арасындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
(2012 жылғы 16 қыркүйекте күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2013 ж., N 1, 3-құжат)
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті және Грузияның Мемлекеттік аудит басқармасы
Халықаралық жоғары қаржы бақылау органдары ұйымының (ИНТОСАИ) мақсаттары мен принциптерін басшылыққа ала отырып,
Тараптар мемлекеттеріндегі сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды (аудитті) жетілдіруге өзара ынта білдіре отырып,
өзара сыйластық, сенім, тең құқықтық және өзара ынтымақтастық принциптерін негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес мынадай негізгі бағыттар:
сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды (аудитті) жүзеге асырудың әдіснамасы мен тәртібі саласында тәжірибе алмасу;
кадрларды кәсіби оқыту және олардың біліктілігін арттыру саласында өзара іс-қимыл жасау;
Тараптардың қызметі туралы ақпараттық-анықтамалық материалдармен алмасу;
консультациялар, бірлескен зерттеулер мен бірлескен (қосарлас) бақылау (аудит) іс-шаралары, семинарлар, конференциялар және жұмыс бабындағы кездесулер ұйымдастыру және өткізу бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Тараптар өзара ынта танытатын басқа да бағыттар бойынша өз құзыреттері шегінде ынтымақтастықты дамытады.
2-бап
Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің шеңберінде ақпарат пен материалдар алмасу кезінде халықаралық ақпарат алмасуға қатысуды, мемлекеттік құпияларды және өзге де заңмен қорғалатын құпияларды қорғауды реттейтін өз мемлекетінің ұлттық заңнамасын басшылыққа алады.
Бірлескен зерттеулер және бірлескен (қосарлас) бақылау (аудит) іс-шараларын жүргізу кезінде Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің ұлттық заңнамасын басшылыққа алады.
3-бап
Тараптардың мемлекеттерінің аумағында ұйымдастырылатын конференцияларға, семинарларға және сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау (аудит) мәселелері бойынша халықаралық оқуға қатысу үшін басқа Тараптың өкілдерін шақырады.
Жіберуші Тарап осы Келісімде көзделетін қызметке қатысу кезінде өзінің өкілдерінің жол жүру, тұру және тамақтану жөніндегі шығыстарын өзіне алады, қабылдаушы Тарап бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі, сондай-ақ өз мемлекетінің аумағында жіберуші Тарап өкілдерінің қозғалуы жөніндегі шығыстарды өзіне алады.
4-бап
Тараптар өздерінің қызметі жөніндегі ақпаратты, материалдарды және нормативтік құқықтық актілерді алмасуды ағылшын тілінде жүзеге асырады.
5-бап
Тараптар осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды олардың мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражаттың шегінде дербес көтереді.
6-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделіп, оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және Тараптар оларға қол қойған күнінен бастап күшіне енеді.
7-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер және консультациялар жолымен шешіледі.
8-бап
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
9-бап
Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді, белгісіз мерзімге жасалады және Тараптардың біреуі екінші Тараптан дипломаттық арналар арқылы оның қолданылуын тоқтату туралы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап үш ай өткенге дейін күшінде қалады.
2012 жылғы 16 қыркүйекте Тбилиси қаласында бірдей күші бар, әрқайсысы қазақ, грузин және ағылшын тілдерінде, екі түпнұсқалық данада жасалды. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Грузияның Мемлекеттік аудит
Республикалық бюджеттің басқармасы үшін
атқарылуын бақылау жөніндегі
есеп комитеті үшін
Омархан Өксікбаев Лаша Тордия
Төраға Бас аудитор