Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Монғолияның Бас прокуратурасы арасындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
(2013 жылғы 14 қаңтарда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2013 ж., N 4, 46-құжат)
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Монғолияның Бас прокуратурасы
халықаралық құқықтың жалпы мойындаған принциптері мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған күш-жігерге ерекше мән бере отырып,
прокуратура органдары арасындағы қылмысқа, әсіресе оның ұйымдасқан түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастығын нығайтудың және одан әрі дамытудың маңыздылығын мойындай отырып,
Тараптардың өзара қызығушылық білдіретін мәселелер бойынша әрекеттесудің ең тиімді тәсілімен жетілдіруге екі жақтық ұмтылуына сүйене отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Тараптар ынтымақтастықты өз құзыреті шеңберінде әрекет ете отырып, өз мемлекеттерінің заңнамасын және Тараптар қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарды сақтай отырып осы Келісімге сәйкес жүзеге асырады.
2-бап
1. Тараптар мынадай негізгі бағыттар бойынша ынтымақтасады:
- адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету;
- қылмысқа қарсы күрес, соның ішінде ұйымдасқан қылмыс түрлерімен, терроризммен, жемқорлықпен, адам және адам мүшелерінің саудасымен, қару-жарақтың, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымымен, экономика және жоғары технологиялар саласындағы қылмыстармен (киберқылмыстылық), сондай-ақ қоғамға ерекше қауіп төндіретін басқа да қылмыс түрлерімен күрес;
- прокурорлық қызмет тәжірибесі туралы материалдармен алмасу;
- прокуратура органдары мен мекемелерінің қызметкерлерін дайындау мен кадрлық біліктілігін арттыру;
- өзара қызығушылық білдіретін мәселелер бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары.
2. Қылмыскерлерді ұстап беру және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелеріндегі әрекеттесу Тараптар қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттармен көзделген тәртіпте жүзеге асырылады.
3-бап
Осы Келісімнің 1 және 2-баптарының ережелерін орындау мақсатында Тараптардың ынтымақтастығы мынадай нысандарда іске асырылады:
- Тараптардың қызмет мәселелері бойынша, соның ішінде қылмыстылықтың беталысы туралы, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында ақпаратпен алмасу;
- өзара қызығушылық білдіретін, соның ішінде халықаралық ұйымдар мен форумдарға талқылауға енгізілетін мәселелер бойынша консультациялар өткізу;
- кәсіби тәжірибе алмасу, соның ішінде танысу сапарларын, тағылымдамалар мен семинарлар өткізу жолымен;
- тергеу алды/ сотқа дейінгі тексерулерді жүргізуге, жеке және заңды тұлғалардың арыздары мен өтініштерін қарау мен шешуге көмек көрсету;
- бірлескен ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу.
4-бап
1. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мүдделі Тараптың көмек көрсету туралы сұрау салулары (бұдан әрі - сұрау салу) негізінде немесе ұсынылудағы көмек не бірлескен іс-шара басқа Тарап үшін қызығушылық білдіреді деп санайтын Тараптың бастамасы бойынша жүзеге асырылады.
2. Сұрау салуға сұрау салушы Тарап басшысының немесе ол уәкілеттілік берген тұлғаның қолы қойылады.
3. Сұрау салу жазбаша түрде жолданылады, кідіріссіз жағдайларда ол мәтінді жіберу техникалық жабдықтарын пайдалану жолымен жолданылуы мүмкін, кейіннен сұрау салу почтамен жіберіледі.
5-бап
1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың жедел және мүмкіндігінше толық орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
2. Сұрау салуды орындауда сұрау салынатын Тараптың заңнамасы қолданылады.
3. Сұрау салушы Тарап сұрау салуды орындауға кедергі жасаудағы немесе оны орындауды елеулі кешіктірудегі жағдайлар туралы дереу хабарлайды.
4. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды тиісінше орындау үшін оның пікірі бойынша қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.
5. Сұрау салынатын Тарап мүмкіндігінше қысқа мерзімде сұрау салушы Тарапты сұрау салуды орындау нәтижелері жөнінде хабарландырады.
6-бап
Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау оның мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне не басқа елеулі мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін немесе оның мемлекетінің ұлттық заңнамасына не халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп есептесе, оны орындаудан толығымен не ішінара бас тартуы мүмкін. Осындай бас тартудың себептері туралы сұрау салушы Тарап жазбаша хабарландырылады.
7-бап
1. Әрбір Тарап осы Келісім шеңберінде және құпиялылықты сақтау шартымен берілген басқа Тараптан алынған ақпараттар мен құжаттардың құпиялылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды.
2. Әрбір Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес басқа Тарап сұраған дәрежеде құпиялықты қамтамасыз етеді.
3. Сұрау салынатын Тараптан алынған ақпарат пен құжаттарды сұрау салуда көрсетілгеннен басқа мақсаттар үшін қолдануға тыйым салынады.
8-бап
1. Осы Келісім шеңберіндегі Тараптардың ынтымақтастығы бойынша іс-шараларды үйлестіру, бір-бірімен тікелей қарым-қатынаса алатын Тараптардың мынадай құрылымдық бөлімшелеріне жүктеледі:
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тарапынан - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Халықаралық ынтымақтастық департаменті:
Қазақстан Республикасы,
010000, Астана қ., Орынбор көшесі, 14,
тел.:+7(7172) 71-26-76
факс:+ 7(7172) 71-29-63
е-mail: 7172891 @prokuror.kz
Монғолияның Бас прокуратурасы тарапынан - Монғолия Бас прокуратурасының Оқыту, зерттеу және ынтымақтастық орталығы:
Моңғолия, Уланбатор қ.,
Чингэлтэй ауданы, Бага тойруу, 15/1
тел.:+(976-11) 26-99-11
факс: +(976-11) 26-99-11 е-mail:
gganzorig(а),gpo.mn
2. Жоғарыда көрсетілген құрылымдық бөлімшелердің не олардың байланыс мәліметтерінің өзгерген жағдайында, Тараптар ол туралы бір-бірін дереу хабарландырады.
9-бап
Тараптардың өкілдері осы Келісім негізіндегі ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру мен нығайту мәселелері бойынша жұмыс кездесулер мен консультациялар өткізеді.
10-бап
Тараптар осы Келісімді іске асыруда пайда болған шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес өздігінше көтереді.
11-бап
Тараптар осы Келісім негізінде ынтымақтастық пен әрекеттесуді жүзеге асыруда, егер басқа туралы шарттасуға қол жеткізілмесе, орыс тілін пайдаланады.
12-бап
Осы Келісімнің ережелері Тараптардың мемлекеттері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерін қозғамайды.
13-бап
Осы Келісімді түсіндірумен және қолданумен байланысты пайда болуы мүмкін келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
14-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге, оның ажырамас бөліктері болып табылатын, жеке хаттамалар ретінде рәсімделетін осы Келісімнің 15-бабының 1-тармағымен көзделген тәртіпте күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
15-бап
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оған қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы басқа Тараптың оның күшін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап 60 күн өткеннен кейін өз әрекетін тоқтатады.
3. Осы Келісімнің күшін тоқтату, егер Тараптар басқа туралы шарттаспаса, Тараптар үшін оның әрекет ету кезеңінде пайда болған міндеттемелердің тоқтауына әкеп соқпайды.
2013 жылғы 14 қаңтарда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, моңғол және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушілік жағдайында, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Монғолияның
Бас прокуратурасы үшін Бас прокуратурасы үшін