(2017 жылғы 23 наурызда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 3, 35-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрлігі,
2013 жылғы 14 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шарттың ережелерін басшылыққа ала отырып,
ұлттық заңнамалардың, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларын негізге ала отырып және Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелерін назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес тең құқықтық пен өзаралық қағидаттары негізінде әскери саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады.
2-бап
1. Тараптар мынадай салаларда әскери ынтымақтастықты жүзеге асырады:
1) қорғаныс саясаты;
2) әскери білім және әскери кадрлар даярлау;
3) әскерлерді даярлау және оқыту;
4) әскери оқу-жаттығуларды өткізу;
5) әуе шабуылына қарсы қорғаныс;
6) әскерлерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
7) қарулы күштердегі тәрбие жұмысы;
8) қарулы күштердегі мәдени және спорттық жұмыс;
9) Тараптар өзара келіскен ынтымақтастықтың басқа да салалары.
2. Ынтымақтастықтың нақты салаларын іске асыру мақсатында Тараптар жекелеген халықаралық шарттар жасасуы мүмкін.
3-бап
Тараптар арасындағы әскери ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) Тараптар делегацияларының ресми сапарлары мен жұмыс кездесулері;
2) конференциялар мен семинарларға қатысу;
3) әскери оқу орындарында оқыту;
4) әскери оқу-жаттығуларға қатысу;
5) оқу жобаларына, тағылымдамалар мен курстарға қатысу;
6) әскери саладағы ғылыми-педагогикалық кадрларды бірлесіп даярлау;
7) әскерлерді даярлау жөніндегі бірлескен іс-шараларды өткізу;
8) Тараптардың әскери ақпараттық қызметтері арасында тәжірибе және ақпарат алмасу;
9) спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу;
10) Тараптар өзара келіскен ынтымақтастықтың басқа да нысандары.
4-бап
1. Тараптар осы Келісім негізінде екіжақты әскери ынтымақтастықтың жылдық жоспарын әзірлейді.
2. Тараптар ағымдағы жылғы 15 қарашаға қарай келесі жылға арналған жылдық жоспардың жобасына енгізу үшін ұсыныстармен алмасады.
3. Жылдық жоспар іс-шаралардың атауларын, оларды жүзеге асыру нысандарын, өткізу мерзімдері мен орнын, делегация мүшелерінің санын және іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге байланысты басқа да мәселелерді қамтиды.
4. Жылдық жоспарға Тараптардың уәкілетті өкілдері жоспарды іске асыру жылының алдындағы жылдың 15 желтоқсанына дейін қол қояды.
5-бап
Тараптар, егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды дербес көтереді.
6-бап
1. Тараптар құпия ақпаратты беру мен қорғауды 2006 жылғы 4 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге сәйкес жүзеге асырады.
2. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық барысында алынған ақпаратты қорғауды қамтамасыз етуге міндеттенеді.
3. Тараптар осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық барысында алынған ақпаратты осы ақпаратты ұсынған Тарапқа нұқсан келтіру үшін пайдаланбауға міндеттенеді.
4. Тараптар ынтымақтастық барысында алынған ақпаратты осы ақпаратты ұсынған Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа бермеуге міндеттенеді.
7-бап
Осы Келісімнің ережелері мемлекеттері қатысушылар болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
8-бап
Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану бойынша даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды өзара келіссөздер және/немесе консультациялар арқылы шешеді.
9-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
10-бап
1. Осы Келісім қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады, егер Тараптардың бірде-біреуі ағымдағы бес жылдық кезең аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы өзінің оның қолданылуын ұзартпау ниеті туралы жазбаша хабардар етпесе, келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылатын болады.
3. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату Тараптар арасында оларға қатысты өзге уағдаластық болған жағдайлардан басқа, осы Келісім шеңберінде бұдан бұрын басталған бағдарламалар мен жобаларды орындауға ықпал етпейді.
2017 жылғы 23 наурызда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады.
Мәтіндер арасында алшақтық болған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі үшін |
Өзбекстан РеспубликасыныңҚорғаныс министрлігі үшін |
(Қолдары)