Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті арасындағы тауарлардың белгілі бір түрлеріне қатысты кедендік бақылау нәтижелерін өзара тану туралы КЕЛІСІМ

Жаңа

Келісім, 2018 жылғы 4 қазан

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті арасындағы тауарлардың белгілі бір түрлеріне қатысты кедендік бақылау нәтижелерін өзара тану туралы
КЕЛІСІМ

      (2018 жылғы 4 қазанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 6, 72-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталып, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті,

      1998 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық туралы келісімді, сондай-ақ ұлттық заңнамаларды және қатысушылары екі Тараптың мемлекеттері болып табылатын, халықаралық шарттарды басшылыққа ала отырып,

      кедендік бақылаудың қазіргі заманғы нысандары мен әдістерін дамытуда халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын мойындай отырып,

      сауда-саттықты ынталандыру жөніндегі шараларды енгізу, кедендік декларацияны алдын ала беру ретінде, сондай-ақ кедендік рәсімге/кедендік режимге тауарларды орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасауды жеделдету арқылы сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау қажеттігін ескере отырып,

      Тараптар мемлекеттері арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында электрондық ақпарат алмасу арқылы кедендік ынтымақтастықты белсендіру қажеттігін мойындай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін пайдаланылатын терминдер мыналарды білдіреді:

      “кедендік бақылау нәтижелерін өзара тану” - Тараптардың осы Келісімге қосымшада көрсетілген тауарлар санатына келіскен шекара арқылы кесіп өтуге арналған өткізу пункттерінде орналасқан, оларға қатысты кедендік жете тексеруді (тексеруді) жүргізбестен кедендік бақылауды жүзеге асыратын межелі мемлекеттің кеден органдары лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттері;

      “сәйкестендіру құралдары” - тауарларға рұқсатсыз қол жеткізуді, сондай-ақ тауарға ілеспе құжаттарын ауыстыру және бұрмалауды болдырмау Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары салатын, түсіретін не шығарған пломбалар, мөрлер, цифрлы, әріптік таңбалар, сәйкестендіру белгілері, мөртабандар;

      Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары, сондай-ақ тауарларды жөнелтушілер немесе тасымалдаушылар пайдаланатын пломбалар, мөрлер немесе сәйкестендірудің өзге де құралдары кедендік мақсаттар үшін сәйкестендіру құралдары ретінде танылуы мүмкін;

      "межелі мемлекет” - аумағына тауарлар, оның ішінде транзиттік мақсатта әкелінетін Тарап мемлекеті;

      “жөнелтуші мемлекет” - аумағынан тауарлар, оның ішінде транзитті аяқтау мақсатында әкетілетін Тарап мемлекеті.

2-бап

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру бойынша:

      Қазақстан Республикасы тарапынан - Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті;

      Өзбекстан Республикасы тарапынан - Мемлекеттік кеден комитеті өкілетті органдар болып табылады.

      Жоғарыда аталған уәкілетті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда, Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін уақытылы хабардар етеді.

3-бап

      Тараптар мынадай мақсаттарға жету үшін:

      Тараптар мемлекеттерінің аумағына тауарларды кедендік бақылаудан жасырып не Тараптардың мүдделерін білдіретін басқа да тәуекелдермен әкелуге тыйым салынған және қауіпті тауарларды өткізуге байланысты тәуекелдерді азайтуда;

      жөнелтуші мемлекеттің кеден органының кедендік бақылауының жекелеген нәтижелерін межелі мемлекеттің кеден органының мойындауда;

      Тараптар мемлекеттерінің аумағына тауарлардың келуіне, тауарларды кедендік транзит кедендік режимімен/кедендік рәсімімен орналастырса, кедендік транзит кедендік рәсімін/кедендік режимін аяқтауға және тауарлардың кетуіне байланысты кедендік операцияларды жасауды жеделдетуде;

      кедендік бақылау объектілері мен нысандарын таңдау үшін тәуекелдерді басқару жүйесі шеңберінде осы Келісімге сәйкес берілген ақпаратты пайдалана отырып, кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруда ынтымақтастықты жүзеге асырады.

      Осы Келісімді іске асыру ешқандай жағдайда адал емес бәсекелестік үшін жағдай жасамайды.

4-бап

      Осы Келісімді іске асыру шеңберінде Тараптар мынадай өткізу пункттерін пайдаланады:

      Қазақстан Республикасында - “Тәжен" көпжақты автомобиль өткізу пункті, Өзбекстан Республикасында - “Дау-Ата” халықаралық автомобиль өткізу пункті (“Даут-ата” кеден бекеті);

      Қазақстан Республикасында - “Атамекен” көпжақты автомобиль өткізу пункті, Өзбекстан Республикасында - “Гулистан” халықаралық автомобиль өткізу пункті (“Сырдария” кеден бекеті).

      Қазақстан Республикасында - “Б. Қонысбаева” көпжақты автомобиль өткізу пункті, Өзбекстан Республикасында - “Яллама” халықаралық автомобиль өткізу пункті (“Яллама” кеден бекеті);

      Қазақстан Республикасында - “Қапланбек” көпжақты автомобиль өткізу пункті, Өзбекстан Республикасында - “Зангиот” халықаралық автомобиль өткізу пункті (“Навои” кеден бекеті);

      Қазақстан Республикасында - “Жібекжолы” көпжақты автомобиль өткізу пункті, Өзбекстан Республикасында - “Гишкуприк” халықаралық автомобиль өткізу пункті (“Гишкуприк” кеден кешені);

      Қазақстан Республикасында - “Қазығұрт” халықаралық мемлекетаралық автомобиль өткізу пункті, Өзбекстан Республикасында - “Ташкент” халықаралық автомобиль өткізу пункті (“С. Нажимов” кеден бекеті);

      Қазақстан Республикасында - “Бейнеу” көпжақты теміржол өткізу пункті, Өзбекстан Республикасында - “Қарақалпақстан” халықаралық теміржол өткізу пункті (“Қарақалпақстан” теміржол бекеті);

      Қазақстан Республикасында - “Мақтаарал” көпжақты теміржол өткізу пункті, Өзбекстан Республикасында - “Сырдария” халықаралық теміржол өткізу пункті (“Хавает” кеден бекеті);

      Қазақстан Республикасында - “Сарыағаш” көпжақты теміржол өткізу пункті, Өзбекстан Республикасында - “Келес” халықаралық теміржол өткізу пункті (“Чукурсай техникалық кеңсесі” және “Өзбекстан” теміржол кеден бекеті).

5-бап

      1. Тауар партиясы қозғалысының басталатын аумағынан шығатын мемлекеттің кеден органы барлық қажетті формальдылықтарды, әкетілетін тауарларды кедендік бақылауды және халықаралық тасымалдау көлік құралында сәйкестендіру құралдарын енгізуді жүзеге асырады.

      Тараптар халықаралық тасымалдау және жүк жөнелту құжаттарында сәйкестендіру құралдарын енгізу тәртібін және қолданылатын сәйкестендіру құралдарының үлгілерін алмастыру туралы келіседі.

      Көлік құралдарының (контейнерлердің) жүк бөлімдерінің құлыптау құрылғыларына ілінген Тараптарды сәйкестендіру құралдары (пломбалар) олардың техникалық сипаттамалары бойынша оларды қолданудың барлық кезеңінде оларды пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс.

      2. Жөнелту елінде кедендік бақылаудан өткен тауарлар, тағайындалған мемлекеттің кеден органына келген кезде қаралмайды, мыналар:

      a) жөнелтуші мемлекеттің кеден органы халықаралық тасымалдаудың көлік құралында жүзеге асыратын сәйкестендіру құралдарының тұтастығын бұзу немесе оларды беру тәртібі;

      b) тасымалдау құжаттарында сәйкестендіру құралдарының болмауы немесе оларды енгізу рәсімінің бұзылуы;

      c) жіберуші мемлекеттің кеден органы айқындайтын сәйкестендіру құралдарының арасындағы осы Келісімге сәйкес тағайындалған мемлекеттің кеден органы алған үлгілердің сәйкессіздігі;

      d) ұсынылған тасымалдау құжаттарында қамтылған ақпарат пен өкілдігін жіберген мемлекеттің кеден органынан алынған алдын ала ақпарат арасындағы сәйкессіздік;

      е) Тараптардың әрқайсысының заңнамасын бұзу тәуекелдері анықталған кезде қаралады,

      3. Осы Келісімнің шарттары сақталынып тасымалданатын тауарлар келген кезге қатысты кедендік операцияларды жүргізуді жеделдету мақсатында, баратын мемлекеттің кеден органы мүмкіндігінше:

      осы Келісімге қосымшада көрсетілген тауарларды алдыңғы кезектегі тәртіпте шығарылуын қамтамасыз етеді;

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті арасындағы 2013 жылғы 14 маусымдағы кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпарат алмасуды ұйымдастыру туралы Хаттамаға сәйкес беру қамтылған мәліметтердің тәуекелдерін бағалау кезін пайдалану жолдарымен кедендік бақылаудың деңгейін төмендетеді;

      Орыс және/немесе ағылшын тілдерінде ұсынылған көліктік және ілеспе құжаттарды ұлттық тілге аудару талап етілмесін.

6-бап

      Осы Келісімнің қолданысы осы Келісімге қосымшада көрсетілген тауарларға қолданылады.

      Егер осы Келісімге қосымшада көрсетілген тауарларға қоса көлік құралында, осы Келісімге қосымшада көрсетілмеген тауарлар тасымалданған жағдайда, осы Келісімнің әрекеті, осы көлік құралымен тасымалданатын барлық тауарларға қатысты қолданылмайды.

      Осы Келісімнің қолданысы осы Келісімге қосымшада көрсетілген бақыланатын тауарларға қатысты карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыруды жоққа шығармайды.

7-бап

      Тараптардың әрқайсысы өзара негізде мынадай шарттар сақталған кезде:

      - алдын ала ақпарат басқа Тараптың мемлекетінің кеден органына жіберілгенде;

      - тауарлар туралы мәліметтер тауар жүкқұжаттарында көрсетілген тауарлар туралы алдын ала берілген ақпараттармен сәйкес келген кезде кедендік бақылаудың нәтижелері деп танылады.

      Кедендік бақылаудың нәтижелерін өзара тану мақсаты үшін жіберуші мемлекеттің кеден органы:

      - кедендік тауарларға кедендік сараптама, көліктік және тауарларға кедендік декларацияда мәлімделген ақпараттардың сақталуына тексеру жүргізу, оның ішінде мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен бақылануын;

      - көлік құралдарының жүк бөлімдерінде сәйкестендіру құралдары енгізілуін;

      - тауарлардың ілеспе құжаттары сәйкестендірілуін;

      - тасымалданатын тауарлар туралы алдын ала ақпараттарды жіберген мемлекеттің кеден органына берілуін жүзеге асырады.

8-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары көлік құралының жүк бөлігін:

      - тасымалданатын тауарлар Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын бұзуына, соның ішінде шекара арқылы заңсыз өткізілуі мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіздер болғанда;

      - тәуекелдерді бағалау және тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижелері бойынша ашуға құқылы.

9-бап

      Осы Келісім шеңберінде Тараптар алған алдын ала ақпарат тек осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланылады. Көрсетілген ақпарат, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарға алдын ала ақпаратты беру жағдайларын қоспағанда, алдын ала ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімінсіз өзге тұлғаларға берілуі мүмкін емес.

      Осы Келісімнің шеңберінде басқа Тарапқа құпия сақталатын ақпаратты беретін Тарап, бұл ақпаратты осындай және/немесе ол қамтылған материалдық тасымалдағыштар ретінде белгілейді. Осындай ақпаратты алатын Тарап, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес оның тиісті қорғалуын қамтамасыз етуі тиіс.

      Алдын ала мәлімет орыс тілінде беріледі.

      Тараптар тәуекелдерді басқарудың ұлттық жүйелерін пайдалана отырып, Тараптар мемлекеттерінің арасында өткізілетін осы Келісімнің шарттарын қолдану үшін пайдалану мақсатында межелі мемлекеттің кеден органына тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпараттың берілуін қамтамасыз етеді.

10-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар консультацияларды өткізеді және алдын ала ақпаратпен алмасу үшін қажетті ақпаратты-анықтамалық материалдарды бір-біріне ұсынады.

11-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 12-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және іске асыру кезінде туындайтын кез келген даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.

12-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім 5 (бес) жыл мерзімге жасалады, ол аяқталғаннан кейін, егер Тараптардың бір де біреуі ағымдағы бесжылдық кезең аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жазбаша хабарламаса, оның қолданысы автоматты түрде кейінгі бесжылдық кезеңдерге ұзартылады.

      2018 жылғы 4 қазанда Душанбе қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Мәтіндер арасында алшақтық болған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
      Қаржы министрлігі үшін Мемлекеттік кеден комитеті үшін

  Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі мен
Өзбекстан Республикасының
Мемлекеттік кеден комитеті
арасындағы тауарлардың белгілі
бір түрлеріне қатысты кедендік
бақылау нәтижелерін өзара
тану туралы келісімге
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті арасындағы тауарлардың белгілі бір түрлеріне қатысты кедендік бақылау нәтижелерін өзара тану туралы келісімнің объектілері болып табылатын тауарлар

      1-кесте

Тауардың атауы

СЭҚ ТН коды

Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына әкелінетін

1

Көкеністер мен жеуге жарамды тамыржемістілер мен түйнек жемістілер

07 группасы

2

Жеуге жарамды жемістер мен жаңғақтар

08 группасы

3

Көкөністерді, жемістерді, жаңғақтарды немесе өсімдіктердің басқа да бөліктерін қайта өңдеу өнімдері

20 группасы

4

Қуырылмаған немесе басқа тәсілмен дайындалмаған, қабығы аршылып немесе аршылмаған, ұсақталған немесе ұсақталмаған жержаңғақ

1202 позициясы

Осы Келісімнің объектілерін айқындау кезінде ТМД-ның СЭҚ ТН-ға сәйкес тауардың кодын ғана пайдалану қажет

      2-кесте

Тауардың атауы

СЭҚ ТН коды

Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына әкелінетін

1

Дәнді дақылдар

10 группасы

2

Ағаш, ағаш материалдары және целлюлоза - қағаз бұйымдары

44-49 группасы

Осы Келісімнің объектілерін айқындау кезінде ЕАЭО-ның СЭҚ ТН-ға сәйкес тауардың кодын ғана пайдалану қажет

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады