Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі мен Сербия Республикасы Жастар істері және спорт министрлігі арасындағы жастар саясаты саласындағы өзара түсіністік туралы МЕМОРАНДУМ

Жаңа

Меморандум, 2018 жылғы 9 қазан

Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі мен Сербия Республикасы Жастар істері және спорт министрлігі арасындағы жастар саясаты саласындағы өзара түсіністік туралы
МЕМОРАНДУМ

      (2018 жылғы 9 қазанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 6, 73-құжат)

      Бұдан әрі жеке “Тарап” деп және бірлесіп “Тараптар” деп аталатын Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі мен Сербия Республикасы Жастар істері және спорт министрлігі,

      қатынастарын өзара нығайтуды және екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуды басшылыққа ала отырып, жастар саясаты саласындағы тығыз қатынастар мен ынтымақтастықты орнату Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасының жас буындары өкілдерінің арасындағы өзара түсіністігін тереңдетуге септігін тигізетініне сенімділікті білдіре отырып, төмендегілер туралы өзара келісімге келді:

1-бап. Жалпы мақсаттар

      1.1. Тараптар өзара кепілдік негізінде екі елдің жастар саясаты саласындағы халықаралық ұйымдар мен мекемелер арасындағы достық және серіктестік қатынастарын дамытуға, атап айтқанда кездесулерді ұйымдастыру, алмасулар және ынтымақтастықтың басқа нысандары, сондай-ақ мемлекеттік билік органдарының және жастар саясаты саласындағы ұйымдар өкілдерінің байланыстары арқылы жағдай жасауға келісті.

      1.2. Тараптар халықаралық ынтымақтастығы осы Меморандумның жалпы мақсаттарына сәйкес келетін серіктес ұйымдардың арасындағы барлық деңгейдегі жастар саясаты саласындағы тікелей байланыстарды дамытуға, соның ішінде делегациялар және өзара мүдделерді білдіретін мәселелер бойынша ақпарат алмасуға жағдай жасауға уағдаласты.

2-бап. Ынтымақтастық нысандары

      Тараптар ынтымақтастықты және жастар іс-шараларын үйлестіруді келесі нысандарда дамытады:

      1) жастар саясаты саласындағы мемлекеттік орғандар мен ұйымдардың мамандарымен және өкілдерімен алмасу;

      2) бір Тарапты басқа Тарап ұйымдастыратын халықаралық жастар конференцияларға, семинарларға және басқа іс-шараларға (форумдарға, фестивальдарға және кездесулерге) қатысуға шақыру;

      3) мемлекеттік құпия болып табылатын материалдардан басқа жастар саясаты саласындағы материалдармен және ақпараттармен алмасу;

      4) жастар арасындағы белсенділікті көтермелеу мақсатында бірлескен іс-шараларды іске асыру;

      5) жастар саясаты саласындағы екіжақты және халықаралық деңгейдегі бірлескен жобаларды іске асыруда Тараптардың барлық ұйымдары мен мекемелерін ынталандыру және қолдау;

      6) Тараптардың мемлекеттік заңнамаларына сәйкес Тараптармен келісілетін жастар саясаты мәселелері бойынша басқа қызмет және ынтымақтастық.

3-бап. Уәкілетті органдар

      Осы Меморандум ережелерін іске асыруға жауапты уәкілетті органдар мыналар:

      қазақстандық тарап үшін - Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі;

      сербия тарапы үшін - Сербия Республикасы Жастар істері және спорт министрлігі.

4-бап. Қаржыландыру

      4.1. Осы Меморандумда көзделген барлық іс-шаралар Тараптың мүмкіндіктеріне сәйкес және өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес қаржыландырылады.

      4.2. Қаржылық міндеттемелер, сондай-ақ іс-шараларды өткізу жоспарлары туралы Тараптар консультациялар арқылы уағдаласады.

      4.3. Арнайы уағдаластық болмаған жағдайда қаржылық міндеттемелер кезектілік негізінде реттеледі.

5-бап. Іске асыру

      5.1. Тараптар осы Меморандум шеңберінде жүзеге асырылатын арнайы бағдарламалар, кездесулер, хат алмасулар немесе ынтымақтастықтың басқа нысандарын әзірлеуге қолдау көрсетеді. Тараптардың әрқайсысы осы Меморандумды орындаумен байланысты өз жоспарлары мен бағдарламаларын жүзеге асыруды үйлестіруге жауап береді.

      5.2. Тараптардың өкілдері осы Меморандумның орындалу барысын қадағалау және бірлескен қызмет жоспарларын бекіту мақсатында кездесулер өткізеді.

6-бап. Өзгертулер мен толықтыруларды енгізу

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Меморандумға кез келген уақытта жазбаша өзгертулер енгізіле алады. Аталған өзгертулер осы меморандумның ажырамас бөліктері болып табылады.

7-бап. Дауларды шешу

      Осы Меморандумның ережелерін түсіндіру және қолдану барысында туындауы мүмкін кез келген дау Тараптар арасындағы келіссөздер және консультациялар арқылы шешіледі.

8-бап. Күшіне енуі, мерзімдер және қолдануды тоқтату тәртібі

      8.1. Осы Меморандум Тараптар қол қойған күнінен бастап күшіне енеді және бес (5) жыл бойы жарамды. Егер Тараптардың бірі осы Меморандумның күшін тоқтату ниеті туралы басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы оны қолданудың кезекті кезеңі аяқталғанға дейін алты (6) айдан кешіктірмей хабарландырмаса, осы Меморандумның қолданысы автоматты түрде келесі бес жылдық кезеңге созылады.

      8.2. Осы Меморандум қолданысының тоқтатылуы осы меморандумның қолданысы тоқтаған күнге дейін Тараптармен келісілген, оның қолданысы барысында басталған іс-шаралардың орындалуына әсер етпейді.

      Астана қаласы, 2018 жылғы 9 қазандағы әрқайсысы қазақ, серб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Осы Меморандумның мәтіндері арасында ауытқушылық туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасы Сербия Республикасы
      Қоғамдық даму Жастар істері және спорт
      министрлігі үшін министрлігі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады