Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Италия Республикасының Қорғаныс министрлігі арасындағы “БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері” (БҰҰЛУК) операциясы шеңберіндегі ынтымақтастық туралы техникалық КЕЛІСІМ

Жаңа

Келісім, 2019 жылғы 27 ақпан

      (2019 жылғы 27 ақпанда күшіне енген - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2019 ж., № 3, 28-құжат)

      Бұдан әрі бірлесіп “Тараптар” деп аталатын, бұдан әрі “Қазақстан Тарапы” деп аталатын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі және бұдан әрі “Италия Тарапы" деп аталатын Италия Республикасының Қорғаныс министрлігі,

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 425 (1978), 426 (1978), 427 (1978), 1559 (2004), 1680 (2006), 1701 (2006), 1773 (2007), 1832 (2008), 1884 (2009), 1937 (2010), 2004 (2011), 2064 (2012) және 2115 (2013) қарарларын назарға ала отырып,

      Ливандағы “Батыс” секторының жауапкершілігі аймағында өрістетілген Қазақстан персоналына материалдық-техникалық қолдау көрсетуге қатысты талаптар мен рәсімдерді айқындау қажеттілігін ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Мақсаты

      Осы Техникалық келісімнің (ТК) мақсаты негізгі міндеттерді, ортақ қағидаттар мен рәсімдерді айқындау болып табылады, олардың негізінде Қазақстан персоналы Италия күштерімен бірлесіп өрістетіледі.

2-бап
Анықтамалар

      1. Италия күштері:

      “Италия күштері” деген термин жеке құрамды, мүлікті, инфрақұрылым мен жабдықты қоса алғанда, Ливанда белгіленген жауапкершілік аймағында (AoR) өрістетілген Италия күштерінің барлық компоненттеріне қатысты.

      2. Қазақстан персоналы:

      "Қазақстан персоналы" термин Ливандағы "Батыс" секторының жауапкершілігі аймағында өрістетілетін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мүлкі мен жабдығы бар 2 (екі) әскери қызметшісіне қатысты.

3-бап
Қазақстан персоналының міндеттері және ротациялау

      1. Қазақстан персоналы Батыс секторының бас штабында байқаушы ретінде міндеттерді орындайды.

      2. Қазақстан персоналын ротациялау Италия контингентінің 6 айлық ротациясына сәйкес келеді. Қалыпты жағдайларда ротациялау сәуірде және қазанда жүргізіледі.

4-бап
Жауапкершілік және іске асыру жөніндегі уәкілетті адамдар

      1. Италия ұлттық контингентінің командирі (ИҰКК) Италияның ұлттық өкіл офицерін (ҰӨО) айқындайды, ол осы ТК-да көзделген рәсімдерді орындауға уәкілетті болады және осы ТК-да мазмұндалған ережелерді сақтайды.

      2. Қазақстан Тарапы:

      - осы ТК-да мазмұндалған рәсімдерді орындауға рұқсат етілген ұлттық өкіл офицерді (ҰӨО) тағайындайды;

      - осы ТК-да көзделген ережелерді сақтайды;

      - Италия Тарапына осы ТК-ның ережелеріне сәйкес тегін ұсынылатын тауарларды, жабдықтау заттарын және көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, сұрау салынған және алынған барлық тауарларды, жабдықтау заттарын және көрсетілетін қызметтерді өтейді;

      - Қазақстан персоналына ақша қаражатын төлейді.

5-бап
Логистикалық қамтамасыз ету

      1. Италия күштері Қазақстан персоналына Италия күштеріне арналған қаражат және мүмкіндіктер шегінде және сол стандартта материалдық-техникалық қамтамасыз етуді ұсынады. Қолдау осы ТК-ның ажырамас бөлігі болып табылатын Қосымшаға сәйкес өтеусіз ұсынылады.

      2. Италия күштері Қосымшада көрсетілмеген материалдық-техникалық қамтамасыз етудің кез келген басқа да түрін сұрау салу бойынша Италия күштеріне арналған қаражат және мүмкіндіктер шегінде сол нормалар бойынша өтеулі негізде ұсынатын болады.

      3. Қазақстан персоналына жабдықты, қару мен оқ-дәрілерді сақтау үшін объектілерге қолжетімділік беріледі.

      4. Егер Италия және Қазақстан ҰӨО-мен өзгеше келісілмесе, қандай да бір Тарапқа тиесілі мүліктің орны ауыстырылмайды немесе алмастырылмайды.

      5. Қазақстандық жабдыққа (қаруды қоса алғанда) қызмет көрсету ұлттық жауапкершілік болып табылады. Италия күштері Қазақстан персоналына қажетті инфрақұрылым мен жабдықты өтеусіз береді және қаражат және мүмкіндіктер шеңберінде қолдау көрсетеді.

6-бап
Медициналық қамтамасыз ету

      1. Италия күштері қаражат және мүмкіндіктер шеңберінде Қазақстан персоналына 1-деңгейдегі (БҰҰ-2-3 бекеті базасында орналасқан) медициналық қызмет көрсетуді және Жауапкершілік аймағында көзделгендей, жоғары деңгейдегі әскери сонымен қатар азаматтық та медициналық мекемелерге медициналық эвакуациялауды ұсынады.

      2. Операция жүргізу ауданынан тыс жерге шұғыл медициналық эвакуациялау (стратегиялық эвакуациялау немесе STRATEVAC) - бұл Италия Тарапының жауапкершілігі. Италия ӘӘК-ның ұлттық әуе кемелерімен STRATEVAC болған жағдайда тасымалдау ұшу сынаулары туралы халықаралық құқыққа, Қазақстан Тарапы мемлекетінің ұлттық заңнамасына (эвакуациялауға жататын жараланғандарды емдеуге қатысты) және Италия Тарапы мемлекетінің STRATEVAC-қа арналған ұлттық ұшу қағидаларына байланысты заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Медициналық эвакуациялауды Римдегі "Поликлиника Милитаре-Селио” деп аталатын 4-деңгейдегі медициналық мекеме жүзеге асырады.

7-бап
Байланыс және ақпарат жүйесі

      1. Италия күштері Қазақстан персоналына мынадай көрсетілетін қызметтерді және жабдықты өтеусіз ұсынады:

      - Италия әскери үй-жайларында орнатылған жіктелмеген телефон байланысы желісіне (SOTRIN) және жіктелмеген деректер желісіне қолжетімділік (тек жедел мақсаттар үшін және ұлттық заңнаманы сақтаумен);

      - миссияның жіктелген желісіне (LEONTE) қолжетімділік, есепке алу жазбалары тек жедел мақсаттар үшін шығарылады (құпия ақпаратқа рұқсатнама талап етіледі);

      - ҚТ және ТЕТRА радиостанциялары тек миссия мақсаттары үшін;

      - Италия күштері айқындаған жедел қажеттіліктер негізінде миссияның жіктелген УҚТ радиожиілік желісіне қолжетімділік;

      - Италия күштері айқындаған пайдалану қажеттіліктеріне негізделген көлік құралдарын қорғауға арналған ЕСМ құрылғылары.

      2. УҚТ радиостанциялар және ЕСМ құрылғылары тек Италия персоналының басқаруында болады. Тактикалық рәсімдер қажет болған жағдайда Қазақстан персоналы жоғарыда аталған радиостанциялар мен құрылғыларды пайдалана алатындай етіп алдын ала айқындалады.

      3. Қазақстан персоналы БҰҰ құқығына және қағидаларына сәйкес және Италия күштері мақұлдаған жағдайда жиіліктерде өзінің радиобайланыс құралдарын басқара алады. Кез келген құралдарды өрістету алдында қолданыстағы рәсімдерге сәйкес Италия күштеріне жиіліктік қолдауға сұрау салу жолданады.

      4. Кез келген халықаралық телефон, факсимильдік немесе интернет-коммерциялық желі (қажет болған кезде) Қазақстан персоналы мен азаматтық компаниялар (әскери үй-жайларда әрекет етуге уәкілетті) арасындағы қосымша келісімшарт шеңберінде ұсынылады.

      5. Қазақстан персоналы ұлттық әскери басқару органдарымен байланысты ұйымдастыру үшін байланыс және ақпарат құралдарын орната және пайдалана алады. Орнатуды Италия күштері мақұлдайды.

8-бап Стратегиялық әуемен жеткізу/теңізбен жеткізу

      1. Италия Тарапы бір жылда екі рет ротациялау үшін Қазақстан персоналын Италиядан операция жүргізу ауданына жеткізу үшін қажетті көлікті ұсынады.

      2. Италиядан операция жүргізу ауданына дейін және операция жүргізу ауданынан Италияға дейін әуемен жеткізуді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Тарапы тиісті Италия ведомствосына (IT JOHQ JMCC/Италия Бірлескен операциялар штабы - Бірлескен әскери тасымалдауды бақылау орталығы) тасымалдауға өтінім енгізуі қажет.

      3. Бұл жағдайда Қазақстан Тарапы Италия Тарапы айқындаған тиеу/түсіру әуеайлағында алдын ала кедендік тазалау (ONU D1 FORM кедендік декларация нысаны қолданылады) жүргізумен және қажет болған кезде БҰҰЛУК құзыретті органдарының Ливан аумағына кіруі үшін дипломатиялық рұқсаттарды берумен өз әскери персоналын және оның мүлкін өрістетуге жауапты болады. Қазақстаннан Қазақстан персоналын және мүлікті Италияға және Италиядан Қазақстанға тасымалдауды Қазақстан Тарапы ұйымдастырады және төлейді.

      4. Қазақстан Тарапы қазақстандық әскери қауіпті жүктерді тасымалдаған жағдайда Италия Тарапына Әуе көлігі халықаралық ассоциясы (IАТА)/Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) "Қауіпті жүктерді жөнелтушінің декларациясы” деп аталатын толтырылған нысандарын (IT JOHQ JMCC) және Қауіпті жүктерді теңізде тасымалдау халықаралық кодексіне сәйкес аралас қауіпті жүктердің нысандарын ұсынуға жауапты болады.

      5. Италия Тарапы ұсынатын ұлттық әуе кемелерінде стратегиялық әуемен жеткізген жағдайда қазақстандық әскери қауіпті жүктер халықаралық құқыққа, Қазақстан Тарапы мемлекетінің ұлттық заңнамасына (тауарларға қатысты) және Италия Тарапы мемлекетінің ұлттық ұшу қағидаларына байланысты ұлттық заңнамасына сәйкес тасымалданады.

      6. Қазақстан Тарапы мынадай рәсімдерді орындауға жауапты болады:

      a. Қауіпті жүктерді қоса алғанда, Италия Тарапы (IT JOHQ JMCC) кемінде төрт апта бұрын әуемен тасымалдауға қоятын талаптарды қолданады және үйлестіреді;

      b. IT JOHQ JMCC-ге стратегиялық жеткізуді ұйымдастыруға және үйлестіруге жауапты Қазақстанның байланыстағы адамының деректерін ұсынады;

      c. тиеуге дайындау үшін өз персоналын және мүлікті айқындалған тиеу/түсіру әуеайлағында өрістетеді;

      d. жеткізілуге тиіс жолаушылардың атағын, тегін, атын және куәлік/ төлқұжат нөмірін ұсынады;

      е. материалды Италия Тарапы айқындаған тиеу/түсіру әуеайлағына жеткізгенге дейін оның барлық кедендік формальдылықтан тазартылғанын растайды;

      f. тасымалданатын персоналды және мүлікті айқындалған тиеу әуеайлағында рейс ұшып шыққанға дейін үш сағат бұрын шоғырландыруды ұйымдастырады;

      g. әуемен жеткізуге жататын 1-сыныпты қауіпті жүктің (жарылғыш заттардың) айқындалған әскери тиеу әуеайлағында қабылдау жөніндегі органдармен алдын ала үйлестіру бойынша тиеу әуеайлағында рейс ұшып шыққанға дейін үш сағат бұрын болатыны туралы кепілдік береді;

      һ. жеткізілетін әскери жүк бір жұмыс күні ішінде айқындалған әскери тиеу әуеайлағында рейс ұшып шыққанға дейін тиеуге әзір болатынына кепілдік береді;

      і. әрбір жолаушыға қару мен оқ-дәрілерді қоса алғанда, 50 кг дейін жеке багажды тасымалдауға рұқсат етіледі (бұл жағдайда қосымша 5 кг багажды тасымалдауға рұқсат етіледі).

      7. Өзара келісім бойынша Қазақстан Тарапы өз қаражаты есебінен өз персоналын операция жүргізу ауданына дербес жеткізуді жүзеге асыруы мүмкін.

9-бап
Уақытша пайдалану

      1. Қазақстан персоналына берілген кез келген зат операция жүргізу ауданынан шыққанға дейін Италия күштеріне қайтарылады. Қазақстан персоналы өзіне сеніп тапсырылған мүлікті ұқыпты пайдаланады және олардың кәдімгі тозуын қоспағанда, сол берілген күйінде Италия күштеріне қайтарады.

      2. Егер зат уақытша пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін бүлінген немесе пайдалануға жарамсыз күйде қайтарылса, онда Қазақстан Тарапы жөндеудің жалпы құнын өтеуге немесе мүлікті сатып алуға міндеттенеді.

10-бап
Ақпаратты және жабдықты қорғау

      1. Осы ТК-ға байланысты алмастырылатын немесе жасалған кез келген ақпарат және/немесе жабдық әрбір Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес пайдаланылады, беріледі, сақталады, өңделеді және қорғалады.

      2. Қазақстан персоналы мемлекеттік құпияларға рұқсат берілгені туралы тиісті сертификаттармен операция жүргізу ауданында өрістетіледі және қауіпсіздік сертификаттарымен рұқсат берілген деңгейге дейін БҰҰ жіктелген ақпаратын және/немесе жабдығын өңдеуге уәкілеттілік беріледі.

11-бап
Біріккен Ұлттар Ұйымының шығыстарды өтеуі

      Италия Тарапы Біріккен Ұлттар Ұйымымен Қазақстан персоналына шығыстарды (жеке құрамның БҰҰЛУК-ға қатысқаны үшін шығыстарды және тәуліктік шығыстарды) өтеу бойынша дұрыс рәсімді белгілеуге жауапты болады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Италия Тарапына Қазақстан персоналына ұсынылатын материалдық-техникалық қамтамасыз еткені (өзін-өзі қамтамасыз ету мүлкі) және негізгі мүлік үшін шығыстарды өтейді.

12-бап
Тәртіп мәселелері

      Италия немесе Қазақстан персоналы жасаған бұрыс мінез-құлық жағдайлары, әдетте, тиісті ұлттық әскери нормативтік құқықтық актілерде және басшылыққа алатын қағидаларда көзделгендей, сондай-ақ миссия директиваларына, стандартты жедел және әкімшілік рәсімдерге сәйкес тиісті ҰӨО қарайды.

13-бап
Дауларды реттеу

      Осы ТК-ны түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау тек Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

14-бап
Шағымдар және міндеттемелер

      Тараптар осы ТК-ны іске асыру барысында туындайтын шағымдар мен міндеттемелерді, егер бұл қолданылатын болса, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және халықаралық құқыққа сәйкес шешеді.

15-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы ТК белгіленбеген мерзімге жасалады және қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Осы ТК-ға Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің 15-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін осы ТК-ның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      3. Осы ТК Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және шарттық міндеттемелерге сәйкес келеді және қолданыстағы екіжақты немесе көпжақты халықаралық шарттарға қайшы келу ниетінде болмайды.

      4. Осы ТК бір Тараптың екінші Тараптан осы ТК-ның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 30 күн өткен соң өз қолданысын тоқтатады.

      5. Осы ТК қолданысын тоқтатқанға дейін барлық орындалмаған есептер мен шағымдар реттелуге тиіс.

      2019 жылғы 27 ақпанда Астана қаласында қазақ, орыс, итальян және ағылшын тілдерінде жасалды, бұл ретте барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында айырмашылық болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Осыны куәландыру үшін Тараптар тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы ТК-ға қол қойды.

      Қазақстан Республикасының Италия Республикасының
      Қорғаныс министрлігі үшін Қорғаныс министрлігі үшін

  Қосымша

Италия күштері Қазақстан персоналына өтеусіз ұсынатын жеткізулер мен көрсетілетін қызметтер

      Италия күштері Қазақстан персоналына өтеусіз және өз мүмкіндіктері шегінде мынадай көрсетілетін қызметтер мен жеткізулер тізбесін ұсынады:

      - Ортақ пайдаланылатын үй-жайды тазартуды қоса алғанда, тұрғын үй, жылу, жуынуға арналған орын, ыстық су, кәріз жүйелері;

      - Тамақтандыру;

      - Кір жуу қызметтері;

      - Базалық жиһазды жеткізумен және пайдаланумен белгіленген үй-жайларда кеңселер бөлу;

      - Стратегиялық әуемен/теңізбен жеткізу (8-баптың ережелеріне сәйкес);

      - БҰҰ-2-3 бекетіне дейін және кері қарай түсіру әуеайлағынан тасымалдау;

      - Егер қолжетімді және Италия күштерінің қызметіне сәйкес келсе, басқа да тасымалдау;

      - Оқ-дәрілер және қару сақтауға арналған бөлме (олардың қауіпсіздігі үшін Италия Тарапы жауапты болады);

      - Метрологиялық ішкі әскери байланыс жүйесі (егер қызметтік мақсаттар үшін пайдаланылса);

      - Әлеуметтік-мәдени тұрмыс объектілерін пайдалану;

      - 1-деңгейдегі медициналық қамтамасыз ету;

      - 1 және 2-деңгейдегі медициналық мекемелерге, қажет болған кезде жоғары деңгейдегі азаматтық медициналық мекемелерге медициналық эвакуациялау;

      - Операция жүргізу ауданынан Римдегі 4-деңгейдегі “Поликлиника Милитаре - Селио” медициналық мекемесіне шұғыл медициналық эвакуациялау (Стратегиялық эвакуациялау - STRATEVAC).

      Италия күштері қаражаты және мүмкіндіктері шегінде жоғарыда аталмаған басқа да көрсетілетін қызметтерді өтінім бойынша ұсынады ал пропорционалдық құны/бағасы Италия күштері көмек көрсеткен сәтте есептелетін болады.

      Италия күштері Қазақстан Тарапына БҰҰ күштерінің мүшелері киетін киім-кешек заттарын ұсынуға жауап береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады