Қамаудағы адамдармен қарым-қатынастың ең төменгі стандарттық ережелері

Жаңа

1955 жылдың 30 тамызында Қылмыстың алдын алу және құқық бұзушылармен жұмыс істеу жөніндегі БҰҰ-ның Бірінші Конгрессінде қабылданған, 1957 жылдың 31 шілдесінде Экономикалық және Әлеуметтік Кеңестің 994-толық мәжілісінде мақұлданған

Алдын ала ескертпелер

      1. Төменде келтірілген ережелер пенитенциарлық мекемелердің үлгілі жүйесін жан-жақты баяндауды мақсат етпейді, тек қазіргі заманғы көпшілік мойындаған ой жетістігі негізінде және қазіргі кездегі ең қанағаттанарлық жүйелердің негізгі элементтерін ескеріп, қамаудағы адамдармен қарым-қатынас және мекемелерді басқару саласында әдетте принциптік және практикалық тұрғыдан дұрыс деп есептелетін нәрселерді баяндауға ғана арналған.
      2. Заң, әлеуметтік, экономикалық және географиялық жағдайлардың алуан түрлілігін назарға ала отырып, бұл ережелердің барлығы бірдей барлық жерде және бір мезгілде қолданылмауы мүмкін екендігі анық. Дегенмен, осы ережелер оларды өмірде жүзеге асыруда іс-жүзіндегі қиындықтарды үнемі жеңуге деген ынта тудыруы тиіс, себебі бұлар Біріккен Ұлттар Ұйымы, жалпы алғанда, қолайлы деп санайтын ең төменгі жағдайларды қамтып көрсетеді.
      3. Екінші жағынан, бұлар ой үнемі алға жылжып отыратын қызмет аясын қамтиды. Олар бірлесіп мазмұндалған принциптер мен ондағы белгіленген мақсаттарға жетуге бағытталған тәжірибелерді жүргізу және практикаға енгізуге кедергі жасау мақсатын қойып отырған жоқ.
      4. 1) Ережелердің I бөлімі мекемелерді жалпы басқаруға қатысты және қамауда қылмыстық немесе азаматтық істер бойынша отырғандар, әлде тек тергеудегілер немесе үкім шығарылғандар, судьялар «қауіпсіздік шаралары» деп таныған немесе түзеу шараларын тағайындаған адамдар екеніне қарамастан, қамаудағылардың барлық санатына қолданылады.
      2) II бөлімде әрбір тарауда айтылатын ерекше санаттағыларға қолданылатын ережелер мазмұндалады. Бірақ А тарауындағы үкім шығарылған қамаудағыларға қатысты ережелерді, егер бұл ережелер осы санаттағылар үшін жасақталған ережелерге қайшы келмесе және олардың жағдайын жақсартатын болса, В, С және Д тарауында айтылатын тұлғалар санатына да тең түрде қолданылуы керек.
      5. 1) Ережелер Борстала мекемесі немесе түзеу үйлері сияқты жас балаларға арналған мекемелерді басқару ісін регламенттеуді мақсат етпейді. Дегенмен, 1-бөлім бұл мекемелерде де қолданыс табуы мүмкін.
      2) Жас балалар санатына кем дегенде жас қылмыскерлерге арналған сот құзыретіне жататын жас адамдарды жатқызу керек. Әдетте бұндай жас адамдарға түрмеге қамау туралы үкім шығарылмауы тиіс.

I бөлім
Жалпы қолданылатын ережелер

Негізгі принцип

      6. 1) Төменде келтірілген ережелерді бейтараптық таныта отырып қолдану қажет. Нәсілдік белгісі, тері түсі, жынысы, тілі, діни, саяси және басқа да сенімі, ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегі, мүліктік жағдайы, жанұя шығу тегі немесе әлеуметтік жағдайы бойынша кемсітушілікке жол берілмейді.
      2) Екінші жағынан, халықтың белгілі бір топтарына жататын қамаудағылардың діни сенімі мен моральдық ұстанымдарын сыйлай білу керек.

Тізілім

      7. 1)Барлық қамау орындарында беттері нөмерленген, қапталған журнал түріндегі тізілім болуы қажет, онда әрбір қамаудағы адамға қатысты мына деректер жазылуы тиіс:
      а) оның жеке басына қатысты мәліметтер;
      в) оның қамауға алыну себебі және қамауға алу туралы шешім шығарған билік;
      с) оның келген және осы қамау орнынан шыққан күні мен уақыты.
      2) Ешкім де қамауға алу туралы нақты бұйрықсыз (оның толық мазмұны тізілімге алдын ала жазылады) түрмеге қабылдануы мүмкін емес.

Санат бойынша бөлу

      8. Әр түрлі санаттағы қамаудағылар бөлек мекемелерде немесе бір мекеменің әр түрлі бөлігінде жынысы, жасы, алдында сотталғаны, қамауға алынуының заңдылық себептері және оларға арналған ұйғарым бойынша ұсталады.
      Сонымен:
      а) Еркектер мен әйелдер мүмкіндігінше әр түрлі мекемелерде ұсталуы қажет;
      в) егер еркектер мен әйелдер бір мекемеде ұсталса, онда әйелдерді тіптен бөлек жайларға орналастыру қажет;
      с) үкім шығарылмағандар сотталғандардан бөлек орналастырылуы тиіс;
      d) қарызы жөніндегі міндетін орындамаған және басқа азаматтық істер бойынша қамауға алынғандарды қылмыс жасағандардан бөлек орналастыру керек;
      е) құқық бұзушы жас балаларды үлкендерден бөлек ұстаған дұрыс.

Бөлме-жайлар

      9. 1) Қамауға алынғандар камерада немесе бөлмеде түнейтін жерлерде, олардың әрбіреуі бөлек камерада немесе бөлмеде орналасуы тиіс. Егер уақытша түрмеде қамаудағылардың шамадан артық болуы сияқты ерекше себептерге байланысты, орталық түрме басқармасына бұл ережеден бас тартуға тура келсе, онда бір камера немесе бөлмеге екі қамаудағы адамды орналастыру жағымсыз болатынын ескереді.
      2) Ортақ камера бар жерлерде, онда жайғасатын қамаудағыларға осындай жағдайда бірге тұруға қабілеті бар екендеріне көз жеткізу үшін, мұқият іріктеу жасау керек. Түнде мекеменің сипатына сай үздіксіз қадағалау жасап отырған дұрыс.
      10. Қамаудағылар пайдаланатын барлық бөлме-жайлар, әсіресе барлық жатын бөлмелер барлық санитарлық талаптарға сай болуы керек және де климат жағдайына, әсіресе бұл бөлме-жайлардың ішкі көлеміне, олардың ең төмен аумағы, жарықтануы, жылу берілуі және ауа жаңарту жүйесіне тиісті назар аударылуы қажет.
      11. Қамаудағылар тұратын және жұмыс жасайтын жайларда:
      а) терезелері қамаудағылар күндізгі жарықпен оқып және жұмыс жасай алатындай жеткілікті көлемде болуы және жасанды ауа алмастыру жүйесінің бар не жоқ екеніне қарамастан таза ауаның еркін келіп тұруын қамтамасыз ететіндей құрастырылуы тиіс.
      в) жасанды жарық қамаудағылардың жұмыс жасауы мен оқуы үшін көру қабілетіне қауіпсіз болатындай түрде қолжетімді болуы тиіс.
      12. Санитарлық қондырғылар әрбір қамаудағы адам өзінің табиғи қажеттілігін, оған керек болған кезде, тазалық пен әдептілік жағдайында қанағаттандыра алатындай жеткілікті болуы керек.
      13. Монша қондырғылары және душ саны әрбір қамаудағы адам кез келген климатқа сай температурада және жалпы гигиена шарты қалай талап етсе, сондай жиі, жыл мезгілі мен географиялық ауданын ескеріп, былайша айтқанда қоңыржай климатта аптасына бір рет шомылуы немесе душ қабылдауы мүмкін әрі міндетті болатындай жеткілікті болуы тиіс.
      14. Қамаудағылар үнемі пайдаланатын мекеменің барлық бөліктері қажетті тәртіпте және ең қатаң тазалықта ұсталуы тиіс.

Жеке бас гигиенасы

      15. Қамаудағылардан өздерін таза ұстауларын талап ету керек. Бұл үшін оларды сумен және денсаулық пен тазалық үшін қажетті туалет бұйымдарымен қамтамасыз ету қажет.
      16. Қамаудағылар өздерінің адамдық қадір-қасиетіне лайықты сырт бейнесін сақтау үшін ер адамдарға әрдайым қырынуға және оларға өздерінің шашы мен сақалын сәндеуіне мүмкіндік беру керек.

Киім және төсек-орын жарақтары

      17. 1) Азаматтық киім киіп жүруге құқығы жоқ қамаудағыларға сол климатқа сәйкес және олардың денсаулығын қанағаттанарлық күйде ұстауына мүмкіндік беретін нысанды киім-кешек жиынтығы берілуі тиіс. Бұл киім қорлайтын не кемсітетін сипатта болмауы тиіс.
      2) Киім таза әрі ұқыпты болуы керек. Таза киім-кешекті беру және жуу гигиена талаптарына сәйкес қамтамасыз етілуі қажет.
      3) Айырықша жағдайларда, егер қамаудағы адам биліктің рұқсаты бойынша мекемені тастап шығатын болса, оған өз киімін киюіне немесе көзге көп түспейтін басқа киім киюіне рұқсат ету керек.
      18. Егер қамаудағыларға азаматтық киім киюге рұқсат етілсе, онда оларды қамауға алу сәтінде бұл киімдер таза әрі киіп жүруге лайықты болуына шаралар алу керек.
      19. Қамаудағы әрбір адамды ұлттық немесе жергілікті нормаларға сәйкес бөлек кереуетпен қамтамасыз ету керек, берілген кезінде таза бөлек төсек-орын жарақтарымен жабдықтап және олардың тазалығын қамтамасыз ету мақсатында жиі ауыстырылуы және жөндеп ұсталуы қажет.

Тамақтану

      20. 1) Түрме басқармасы дағдылы сағаттарда қамаудағы әрбір адамды, оның денсаулығы мен күшін сақтау үшін жеткілікті, сапалы, жақсы дайындалып ұсынылған тамақпен қамтамасыз етуі тиіс.
      2) Ауыз су қамаудағы әрбір адам үшін қажет болған кезде қолжетімді болуы тиіс.

Дене жаттығулары және спорт

      21. 1)Таза ауада жұмыс жасамайтын барлық қамаудағы адамдардың күн сайын аулада кем дегенде бір сағат, егер ауа-райы жақсы болса, қолайлы дене жаттығуларын жасауға құқығы бар.
      2) Жас өспірімдер мен тиісті дене бітімі бар басқа жарасымды жастағы қамаудағыларға дене жаттығуларын және жаттығу кезінде ойын ойнау мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет, ол үшін қажетті алаң, қондырғылар және жабдықтарға ие болу керек.

Медициналық қызмет көрсету

      22. 1) Барлық мекемелер қарамағында кем дегенде бір білікті психиатрия саласында танымы бар медициналық қызметкер болуы тиіс. Медициналық қызмет көрсетуді жергілікті немесе мемлекеттік денсаулық сақтау органдарымен тығыз байланыста ұйымдастыру керек. Бұл қызмет психиатрлық диагностикалық қызметті және қажеттілік болған жерде психикасы нормадан ауытқыған қамаудағыларды емдеуді де қамтуы керек.
      2) Мамандардың қызметіне мұқтаж қамаудағы ауру адамдарды ерекше мекемелерге немесе азаматтық ауруханаларға ауыстыру керек. Түрме ауруханасының ауруларға тиісті медициналық күтім жасау мен оларды емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмегі, қондырғылары және жабдықтары, сонымен бірге жеткілікті түрде білікті мамандары болуы тиіс.
      3) Әрбір қамаудағы адамның білікті тіс дәрігерінің қызметіне жүгіну мүмкіндігі болуы керек.
      23. 1) Әйелдерге арналған мекемелерде жүкті және босанған әйелдерді күту үшін ерекше жайлар болуы тиіс. Мүмкін болған жерлерде әйелдердің бала босануы түрменің емес, азаматтық госпиталде болуының қамын ойлау керек. Егер сәби түрмеде туылған болса, бұл туралы оның туу туралы куәлігіне жазудың қажеті жоқ.
      2) Қамаудағы аналарға сәбилерін өздерінің қасында қалдыруға рұқсат етілген болса, онда білікті мамандармен қамтылған балалар яслидерін құруды қарастыру керек, балаларды оған анасының қамқорлығында болмайтын кездерінде орналастыру қажет.
      24. Әрбір қамаудағы адамды қабылдау кезінде және одан кейін де оның дене немесе ақыл-ой жағынан ауру еместігін анықтау, жұқпалы немесе инфекциялық аурумен ауыруы мүмкін деген қамаудағыларды оқшаулау үшін қажетті шаралар алу; оларды қайта тәрбиелеуге кедергі болатын дене немесе ақыл-ой кемістігін айқындау және олардың еңбекке жарамдылық қабілетін анықтау үшін медициналық қараудан өткізу керек.
      25. 1) Қамаудағылардың дене және психикалық денсалығы туралы қамын дәрігер ойлауға міндетті, ол күн сайын науқастарды қабылдауы және сырқаты туралы шағым жасаушылар мен өзінің ерекше назарын аудартқандардың бәріне барып шығуы тиіс.
      2) Қамаудағы адамның дене және ақыл-ой тепе-теңдігінің бұзылғаны туралы немесе оның қамауда болуының нәтижесінде немесе қамаудың кейбір жағдайына байланысты бұзылуына қауіп төнді деп санаған кез келген уақытта, дәрігер бұл туралы директорға хабарлауы тиіс.
      26. 1) Дәрігер әрдайым тексеру жүргізіп отыруға міндетті және директорға мына мәселелер бойынша баяндап отыруы тиіс:
      а) тамақтың сапасы, дайындалуы және таратылу жағдайы;
      в) мекеменің тазалығы мен онда ұсталатындардың гигиенасы;
      с) мекемедегі санитария, жылу, жарық және ауа алмастыру;
      d) қамаудағылардың киім және төсек-орын жарақтарының тазалығы мен жарамдылығы;
      е) егер дене тәрбиесі мен спорт мамандандырылған қызметкерлер құрамына тапсырылмаған болса, онда оларға қатысты ережелердің сақталуын;
      2) Директор 25(2) және 26 ережелеріне сәйкес дәрігердің өзіне жіберген баяндамалары мен кеңестерін назарға алуы тиіс және егер ол дәрігердің ұсыныстарымен келісетін болса, онда тез арада оларды жүзеге асыруға шаралар алуы керек; егер бұл ұсыныстар оның құзыретінің шегінен шығатын болса немесе директор дәрігердің ұсыныстарымен келіспейтін болса, онда ол тез арада жоғардағы органдарға өзінің баяндамасымен қатар дәрігердің ұсыныстарын да беруі керек.

Тәртіп және жаза

      27. Тәртіп пен реттілік қатаң түрде сақталуы тиіс, бірақ шектеулер тек қадағалаудың сенімділігін және мекемедегі жатақхананың тиісті ережелерін сақтауға қажеттілік кезінде енгізілуі тиіс.
      28. 1) Мекемені тазалап, күту жөніндегі жұмысқа қамаудағыларды тәртіптік жаза ретінде қатыстыруға болмайды.
      2) Алайда бұл ереже қамаудағыларды қайта тәрбиелеу мақсатында құрылған топтардың құрамында қадағалаумен жұмыс істейтін, ондағы белгілі бір әлеуметтік, тәрбиелік, спорттық қызмет түрлеріне жауапкершілік қамаудағылардың өздеріне жүктелген өзін-өзі басқару жүйесінің тиісті қызмет етуіне кедергі келтірмеуі тиіс.
      29. Мына факторлар әруақытта заңмен немесе құзырлы әкімшілік биліктің өкімімен анықталуы тиіс:
      а) теріс тәртіптік мінез-құлық;
      в) қамаудағы адамның ұшырауы мүмкін жазаның түрі мен ұзақтығы;
      с) жазаны беруге құқығы бар орган.
      30. 1) Жаза тек тиісті сондай заңмен немесе сондай өкіммен берілуі керек және де бірде бір қамаудағы адам бір теріс қылығы үшін екінші рет қайталанып жазалануға ұшырамауы тиіс.
      2) Қамаудағы бірде бір адам оған кінә ретінде қойылатын теріс қылығы туралы алдын ала хабардар болмай және өзін ақтау үшін өз пікірін айтуға тиісті мүмкіндік алмай, жазалануға ұшырамауы тиіс. Құзырлы билік бұндай түрдегі істі мұқият тексеруі керек.
      3) Қажетті және жүзеге асуы мүмкін жерлерде қамаудағы адамға өзін қорғау үшін аудармашы арқылы тілдесуге мүмкіндік берілуі керек.
      31. Тәртіптік теріс қылығы үшін жаза ретінде адамдық қадыр-қасиетін қорлайтын немесе адамгершілікке жатпайтын қатаң жазалар, қараңғы камераға қамау және дене жазалары сияқты түрлеріне тиым салу керек.
      32. 1) Қатаң қамауды немесе тамақ беруді шектеуді қарастыратын жазаларды тек дәрігер қарап, қамаудағы адамның бұндай жазалауды көтере алатыны туралы жазбалай қорытынды жасағанынан кейін ғана іске асыруға болады.
      2) Бұл жазаланған адамға дене және психологиялық зиян келтіретін басқа да жазалар түріне қатысты. Осындай жазалар 31-ереже қағидаларымен қайшылықта болмауы немесе одан ауытқымауы тиіс.
      3) Дәрігер күн сайын бұндай жаза алған қамаудағылардың көңілін сұрап, келіп тұруға және қамаудағының дене және психикалық жағдайына байланысты жазаны тоқтату немесе өзгертуді қажет деп тапса, бұл туралы өз пікірін директорға жеткізуге міндетті.

Жуасыту шаралары

      33. Жазалау ретінде ешуақытта мынандай жуасыту құралдарын: қолкісен, қандала, көндіктіру көйлегі немесе шынжырды пайдалануға болмайды. Бұдан басқа қандала мен шынжырды жуасыту құралы ретінде тіптен пайдалануға болмайды.
      Басқа жуасыту құралдарын тек мына жағдайларда пайдалануға болады:
      а) тасымалдау кезінде қашып кетуді болдырмау үшін, сот және әкімшілік органдары алдында барған бойда қамаудағылар бұғауларынан босатылады деген шартпен;
      в) медициналық сипаттағы себептер мен дәрігердің нұсқауы бойынша;
      с) директордың бұйрығы бойынша, егер басқа шаралар жарамсыз болса, қамаудағыға өзіне немесе басқаларға немесе материалдық залал келтіруге кедергі жасау қажет болған кезде; бұндай жағдайда директор тез арада дәрігермен кеңесуі және жоғарғы әкімшілік органдарға баяндауы міндетті.
      34. Жуасыту әдістері мен тәсілдерін пайдалануды орталық түрме басқармасы анықтайды. Бұл құралдарды қатаң қажеттіліктен ұзағырақ қолданудың қажеті жоқ.

Қамаудағылардың ақпарат алуы және олардың шағым беруі

      35. 1) Қамауға алынған әрбір адамға түрмеге қабылданар алдында оның санатындағы қамаудағылармен қарым-қатынас ережесіне қатысты бұл мекеменің тәртіптік талаптары, сонымен бірге рұқсат етілген ақпарат алу мен шағым жасау әдістерін, сондай-ақ басқа да оған өзінің құқықтары мен міндеттеріне есеп беруге және осы мекемедегі өмірге бейімделуге мүмкіндік беретін ақпаратты жазбалай түрде беру керек.
      2) Сауатсыз қамаудағыларға ақпарат ауызша түрде берілуі тиіс.
      36. 1) Әрбір қамаудағы адамның жұмыс күні мекеме директорына немесе оның уәкілетті қызметкеріне өтініш не шағыммен жолығуына мүмкіндігі болуы керек.
      2) Инспекция кезінде қамаудағылар мүмкін болған кезде өтініш немесе шағыммен түрме инспекторына жолыға алатындай болуы тиіс. Олар инспектормен немесе инспекцияның қандай да бір басқа қызметкерімен директор немесе басқа мекеме қызметкерлері болмаған кезде сөйлесуге құқығы болуы тиіс.
      3) Әрбір қамаудағы адамның орталық түрме басқармасына, сот билігіне немесе басқа құзыретті органдарға мазмұны жағынан цензураға түспейтін өтініш немесе шағыммен шығу мүмкіндігі болуы керек.
      4) Арыздар мен шағымдар, үстірт немесе жөнсіз жазылғандарын есепке алмағанда, шұғыл қарауға жатады және оларға еш кешіктірместен жауап берілуі тиіс.

Сыртқы дүниемен байланыс

      37. Қамаудағыларға олардың жанұяларымен немесе беделі төмен емес достарымен белгілі уақыт аралығында және тиісті қадағалаумен хат-хабар алысу, сол сияқты келіп-кету арқылы қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беру керек.
      38. 1) Қамауда отырған шетел азаматтарына олардың елдерінің дипломатикалық және консулдық өкілдерімен байланыс жасап тұруға орынды мүмкіндікті қамтамасыз ету керек.
      2) Осы мемлекетте дипломатикалық және консулдық өкілдігі жоқ елдердің азаматтары болып танылатын қамаудағылардың, сонымен қатар босқындар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың олардың мүдделерін қорғауға алған мемлекеттің дипломатикалық өкілдерімен немесе оларды қорғаумен айналысатын кез келген ұлттық немесе халықаралық органмен байланыс жасап тұруға мүмкіндігі болуы тиіс.
      39. Қамаудағылардың қаперіне ең маңызды деген жаңалықтарды оларға газет, журнал немесе ерекше түрмелік басылымдарды оқуға, радио тыңдауға және лекцияға қатысуға немесе әкімшілік органдары рұқсат ететін және қадағалайтын басқа да кез келген құралдар көмегімен үнемі беріп отыру керек.

Кітаптар

      40. Әрбір мекемеде барлық қамаудағылар санатына қолжетімді қөңіл көтеретін, сонымен бірге білім алуға арналған кітаптары бар кітапхана болуы тиіс. Барлық қамаудағыларды кітапхананы пайдалануға ынталандыру керек.

Дін

      41. 1) Белгілі бір діни сенімдегілердің жеткілікті саны бар мекемелерде осы діни танымның білікті дін басын тағайындау керек немесе оған онда тиісті діни жораларды жасауға рұқсат ету керек. Егер бұндай қамаудағылардың саны жеткілікті түрде көп болса, онда осындай дін басын толық уақытқа тағайындау керек.
      2) 1-тармақтың негізінде мекемеде тағайындалған немесе рұқсат алған білікті дін басы діни жораларды жасауға және оларға берілген уақытта діни сенім тақырыбында әңгіме айту мақсатында қамаудағылармен оңаша жолығу үшін дүркін-дүркін келіп тұруға мүмкіндігі болуы тиіс.
      3) Қамаудағыларды кез келген діни сенімнің білікті діни өкіліне қолжетімді болу мүмкіндігінен айыруға болмайды. Бір жағынан, егер қамаудағы адам оған дін басының келіп жолығып тұруына қарсы болса, оның бұл тілегіне үлкен құрметпен қарау керек.
      42. Әрбір қамаудағы адамның өзінің діни қажеттіліктерін мекеменің қабырғасында діни жораларға қатысу және өзінің діни сеніміне сәйкес діни жазбаларына иелік етуін жүзеге асыруға болатын шекте қанағаттандыруға мүмкіндігі болуы тиіс.

Қамаудағылардың мүлкінің сақталуы

      43. 1) Ақша, бағалы заттар, киім және осы мекемеде қолданылатын ережелерге сәйкес өзінің жанында ұстауға құқығы жоқ басқа да мүліктерді қамауға алынған адам, өзін қабылдап алар кезде сақтауға тапсырады. Бұл мүліктердің тізіміне қамаудағы адамның қолы қойылады. Олардың сенімді жағдайда сақталуы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс.
      2) Қамаудағы адамға осы мекемеден босатылғаннан кейін оған барлық тиісті мүлкі мен ақшасы, оған жұмсауына рұқсат етілген сомасынан басқасы, заттардың, оған мекемеден тыс жерлерге жіберуіне рұқсат етілгенінен басқасы немесе киім, санитарлық ұйғарым бойынша жойылуға қажет деп тапқандарынан басқасы, қайтарылуға жатады. Қамаудағы адам өзіне тиісті ақша мен заттарды алғаны туралы қол қояды.
      3) Бұл қамаудағы адамның осы мекемеде болған уақытында алған барлық заттары мен ақшалай құралдарына да қатысты.
      4) Егер қамаудағы адамның өзінде дәрі-дәрмектері болса, онда оларды не істеу керек екенін дәрігер шешеді.

Ауыстырылғаны, сырқат болуы, өлімі және т.б.хабарлау

      44. 1) Өлім жағдайында, қатты аурулы болуы немесе қатты жарақаттанғанда немесе оны психикалық ауруларға арналған мекемеге ауыстырған жағдайда, директор тез арада ол туралы, егер ондайлар бар болса, оның жұбайына немесе зайыбына, оның ең жақын туысқандары және алдында қамаудағы адамның өзі көрсеткен адамға хабар береді.
      2) Қамаудағы адамға өзінің жақын туысқандарының кез келгенінің өлімі немесе қатты аурулы екендігі туралы тез арада хабарлау керек. Жақын туысқанының өте қиын ауру жағдайында, егер мүмкіндік болса, қамаудағы адамға өз бетімен немесе күзетпен онымен барып жолығуына рұқсат етілуі керек.
      3) Әрбір қамаудағы адамның өз жанұя мүшелерін өзінің қамауға алынғаны немесе басқа жерге ауыстыруы туралы тез арада хабар беруіне құқығы болуы тиіс.

Қамаудағылардың орынын ауыстыру

      45. 1) Қамаудағыларды қамау орына бағыттағанда немесе бір жерден басқа жерге ауыстырғанда, оларды бөтен көздердің көрмеуінен ең жоғарғы дәрежеде жасыру және оларды кемсітуден, әуесқойлық таныту, жария болудың кез келген түрінен қорғауға барлық шараларды алу керек.
      2) Қамаудағыларды жарықтың немесе ауа алмасуының жеткіліксіз жағдайында немесе кез келген аса ауыр жағдайда тасымалдауға тиым салынады.
      3) Қамаудағы адамдар басқарма есебінен ауыстырылады, сонымен қатар оларды тасымалдау жағдайы барлығына бірдей болуы тиіс.

Мекеме қызметкерлері

      46. 1) Түрме басқарма органдары барлық санаттағы қызметкерлердің мұқият іріктелуі туралы ойлауы тиіс, себебі түрме мекемесінің жақсы жұмыс істеуі осы қызметкерлердің адалдығы, адамгершілігі, біліктілігі және жеке бас қасиеттеріне байланысты.
      2) Түрме әкімшілігі өз қызметкерлерінде және жұртшылықты түгел алғанда өздерінің қоғамдық маңызы үлкен істі атқарып отырғандары туралы сенімді талмастан қалыптастыруы тиіс. Бұндай сенімді қалыптастыру үшін олар қоғамдық ақпарат мүмкіндігін пайдаланғаны жөн.
      3) Жоғарда көрсетілген мақсаттарға жету үшін түрме әкімшілігі қызметкерлерін мемлекеттік қызметкер мәртебесін пайдаланушы және оларға жүктелген міндеттерді орындауға білек қабілеті бар және олардың жұмыстарының тиімділігі, олардың жақсы тәртібі жағдайында, олар өз қызметтерін сақтай алатындарына сенімдері мол түрме басқармасының мамандандырылған қызметкерлері ретінде толық жұмыс уақытына тағайындау керек. Олардың еңбек ақысы бұл жұмысқа қабілеті бар ер адамдар мен әйелдерді осы жұмысқа тарту және ұстап қалу есебімен тағайындалуы тиіс. Осы жұмыстың ерекше қиын жағдайын ескере отырып, бұл адамдарға тиісті жеңілдіктер мен еңбек жағдайын қамтамасыз ету керек.
      47. 1) Бұл қызметкерлер құрамы жеткілікті түрде білімді және жетілген болуы керек.
      2) Жұмысқа алар алдында оларды жалпы және нақты міндеттерін орындауға дайындау керек, содан кейін олардың теориялық және практикалық бағытта емтихан тапсыруларын талап ету керек.
      3) Жұмысқа қабылданғаннан кейін және қызмет барысында бұл қызметкерлер жұмыстан қол үзбей, ыңғайлы уақыт аралығында ұйымдастырылған әзірлік курстарынан өтіп, одан арғы өз біліктіктерін көтеріп отырулары керек.
      48. Қамау орнының барлық қызметкерлері өз міндеттерін атқаруда және өздерін ұстауда қамаудағыларға үлгі болатындай және олардың құрметіне ие болуға тиісті түрде орындаулары керек.
      49. 1)Мүмкіндігінше бұл штаттағылар психиатрлар, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, мұғалімдер және кәсіптік пән оқытушылары сияқты жеткілікті мамандардан тұруы керек.
      2) Әлеуметтік қызметкерлер, мұғалімдер және кәсіптік пән оқытушыларын тұрақты қызметкерлер есебінде тағайындау керек, алайда толық емес жұмыс күні бойынша жұмыс істейтіндер мен ерікті қызметкерлерді де ескеру керек.
      50. 1) Директорлық қызметке әкімшілік қабілеттілігі, тәжірибесі және дайындығы жөнінен жұмыс сипатына байланысты жеткілікті түрде білікті тұлғаны тағайындау керек.
      2) Директор толық жұмыс мөлшерлемесінде жұмыс жасай отырып, өзінің барлық уақытын өзіне жүктелген міндеттерді орындауға арнауы тиіс.
      3) Оның тұрғылықты жері өзіне сеніп тапсырылған мекеме аумағында немесе одан тікелей жақын жерде болуы керек.
      4) Егер бір директорға екі немесе бірнеше мекемені басқару жүктелсе, ол олардың әрқайсысына жеткілікті түрде аз уақыт аралығында барып шығуы керек. Бұл мекемелердің әрқайысына басшылық жасауды сол жерде тұрып жатқан жауапты қызметкерге тапсыруы тиіс.
      51. 1) Директор, оның орынбасары және осы мекеме қызеткерлерінің басым бөлігі ондағы қамаудағылардың басым көпшілігі сөйлейтін тілді немесе олардың басым көпшілігі түсінетін тілді білулері керек.
      2) Қажеттілік болған жерде аудармашының қызметін пайдалану қажет.
      52. 1) Көлемі бір немесе бірнеше дәрігердің толық мөлшердегі жалақымен жұмыс істеуін ақтай алатын мекемелерде, кем дегенде дәрігерлердің біреуі сол мекеменің өзінде немесе одан тікелей жақын жерде тұруы керек.
      2) Басқа мекемелерге дәрігер күн сайын баруы керек, сонымен бірге дәрігер қиын жағдайларда тез шақырып алатындай жақын жерде тұруы қажет.
      53. 1) Ер адамдар да, әйел адамдар да бар мекемелерде әйелдер бөлімі жауапты әйел қызметкердің қол астында болуы тиіс, осы мекемеге кіруге рұқсат ететін кілт оның қолында болуы керек.
      2) Қызметкер-ер адамдарға әйелдер бөліміне тек қызметкер-әйелдердің ере алып жүрулері арқылы ғана кіруге рұқсат етіледі.
      3) Қамаудағы әйел адамдар туралы қамқорлық және оларды қадағалауды тек қана әйел-қызметкерлерге жүктеу керек. Алайда бұл қызметкер-ер адамдарға, әсіресе дәрігерлер мен мұғалімдерге, әйелдер мекемесінде немесе басқа мекеменің әйелдерге арналған бөлімінде өз кәсіби міндеттерін орындауға кедергі келтірмеуі тиіс.
      54. 1) Қамаудағылармен қарым-қатынаста қызметкерлер құрамы тек өзін қорғау мақсатында немесе олар қашуға әрекет еткен жағдайда ғана, сонымен бірге ереже мен қолданыстағы заңға негізделген бұйрықтарға белсенді немесе сылбыр түрде қарсылық көрсетсе, күш көрсетуге құқығы бар. Күш көрсетуге барған қызметкерлер қажеттілік жағдайында қалуы және бұл туралы мекеме директорына тез арада хабарлауы тиіс.
      2) Түрме қызметкерлерін қамаудағылардың басқыншылық ниеттерін басуға мүмкіндік беретін ерекше дене дайындығымен қамтамасыз ету қажет.
      3) Қамаудағылармен өз міндеттерін орындау кезінде тығыз байланыста болатын қызметкерлер қаруды тек айрықша жағдайларда ғана алып жүрулері тиіс. Сонымен бірге қаруды тек тиісті дайындықтан өткен қызметкердің ғана алып жүруге құқығы болуы тиіс.

Инспекция

      55. Пенитенциарлық мекемелер мен қызметтер құзыретті билік тағайындайтын білікті әрі тәжірибелі инспекторлардың тарапынан үнемі тексеруден өтіп тұруы керек. Инспекторлар, әсіресе, қамау орындары қолданыстағы заңнамаға және ұйғарымдарға сәйкес басқарылатынына және олардың жұмысы пенитенциарлық және түзету қызметтерінің алдында тұрған міндеттерге сәйкес екеніне көз жеткізулері тиіс.

II бөлім
Ерекше санаттағыларға қолданылатын ережелер

А. Үкім шығарылған қамаудағылар

Басшылық принциптері

      56. Төменде баяндалған басшылық принциптері пенитенциарлық мекемелерді басқару рухын және осы мәтіннің 1-алдан ала ескертуіне сүйене отырып, бұл мекемелердің жүзеге асыруға тиісті мақсаттарын айқындайды.
      57. Қамау және құқық бұзушыны қоршаған ортадан оқшаулайтын басқа да шаралар оған жапа шектіреді, себебі оны бостандығынан айыратын болғандықтан, одан өзін-өзі билеу құқығы да тартып алынады. Сол себепті, бөлектеу орынды деп табылған немесе бұны тәртіпті сақтау талап еткен ерекше жағдайлардан басқа кезде, түрме жүйесі осындай жағдайда туындайтын азап шегуді тереңдетпегені жөн.
      58. Түрмеге қамау немесе жалпы бостандықтан айыру үкімінің мақсаты мен ақтауы ақырында қоғамды қорғау және қоғамға қауіп төндіретін қылмыстарды болдырмау болып табылады. Бұл мақсатқа тек, егер құқық бұзушы қамау мерзімін бітіріп кеткен және қалыпты өмір жағдайына дайын ғана емес, сонымен бірге заңнамаға бағыну мен өзінің тіршілік етуін қамтамасыз етуге қабілетті болса ғана, жетуге болады.
      59. Бұл үшін мекеме, олардың иелігіндегі және олар жарамды деп санайтын, әрбір қамаудағыны қайта тәрбиелеу қажеттігін ескере отырып қолданатын, барлық түзету, тәрбиелеу, моральдық және рухани күштер мен көмек түрлерін пайдалануы тиіс.
      60. 1) Қамаудағылардың бойында жауапкершілік сезімі мен адамгершілік қадыр-қасиетті ойлауды жоятын түрмедегі өмір мен бостандықтағы өмір арасындағы айырмашылықты мекемеде қабылданған режим минимумға дейін жеткізуге тырысуы керек.
      2) Жаза мерзімі бітер алдында қамаудағы үшін қоғамдағы өмірге біртіндеп қайту шаралары алынғаны жақсы болар еді. Бұл мақсатқа әрбір құқық бұзушының ерекшелігін ескере отырып, бостандыққа шығатындар үшін мекеменің өзінде немесе басқа бір мекемеде айрықша режим енгізуге немесе қамаудағыларды сынау мерзіміне босатуға, бұл мерзім ішінде олар қадағалауда болатын, тек осындай қадағалау полиция билігіне жүктелмеуі және тиімді әлеуметтік көмекпен ұштастырылатын болса, жетуге болады.
      61. Қамаудағылармен қарым-қатынаста олардың қоғамнан шығарылғандықтарын емес, қайта қоғам мүшесі болып қала беретіндіктеріне баса назар аударған жөн. Сол себепті мүмкін болған жердің бәрінде қамаудағыларды қоғамдағы өмірге қайтару мақсатында қоғамдық ұйымдарды мекеме қызметкерлері құрамымен ынтымақтасуға тарту қажет. Әрбір мекемеде қамаудағыларға оның жанұясымен жақсы болатын қарым – қатынасты нығайтуға және қолдауға қамқолық көрсететін әлеуметтік қызметкерлер мен оларға пайда келтіретін әлеуметтік ұйымдар болғаны жөн. Қамаудағылардың азаматтық мүдделері, әлеуметтік қамту және басқа әлеуметтік жеңілдіктер саласында заңға және олардың үкімімен сәйкес құқықтардың ең көбін сақтап қалуға арналған шаралар алған дұрыс.
      62. Мекеменің медициналық қызметтері барлық дене және психикалық ауруларды немесе қамаудағыны қайта тәрбиелеуге кедергі келтіретін кемшіліктерді анықтауға және оларды табуды ойлауы керек. Осы мақсатта мекемелерде барлық қажетті медициналық, хирургиялық және психиатрлық қызметті қамтамасыз ететін мүмкіндік болуы тиіс.
      63. 1) Осы принциптерді өмірде жүзеге асыру қамаудағылармен жеке тіл табысуды талап етеді, сондықтан оларды топ бойынша жіктеудің икемді жүйесі болғаны жөн, сол себепті бұндай топтар олардың әрбіреуімен жұмыс жасауға қолайлы бөлек мекемеде орналасқаны дұрыс.
      2) Бұндай мекемелерде әрбір топ үшін бірдей қауіпсіздік шараларын алу міндетті емес. Топтарға байланысты бұл шаралардың қатаңдығын бөліктеу дұрыс. Мұқият іріктелген қамаудағыларды қайта тәрбиелеудің ең қолайлы жағдайы қашуды болдырмаудың физикалық құралдарына емес, өзін тәртіпте ұстай білушілікке баса назар аударатын ашық мекемелерде болады.
      3) Мекемедегі қамаудағылармен жеке тіл табысуды қолдану мүмкін болу үшін, ондағы олардың саны шамадан тыс болмағаны дұрыс. Кейбір елдерде бұндай мекемелердегі халық саны 500адамнан көп болмауы тиіс деп саналады. Ашық мекемелерде мүмкін болғанынша қамаудағылардың аз болғаны жақсы.
      4) Бір жағынан түрмеде тиісті мүмкіндіктер мен қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мүмкін болу үшін олардың көлемі жеткілікті түрде болуы тиіс.
      64. Қамаудағы адам босатылғаннан кейін де қоғамның міндеті тоқтатылмайды. Сол себепті бостандыққа шыққан қамаудағы адамға пәрменді қамқорлық жасайтын, олар құрбандығы болуы мүмкін жалған сеніммен күресетін және оларға қоғам өміріне қайтадан араласуға көмектесетін мемлекеттік немесе жеке органдардың болуы қажет.

Қамаудағылармен қарым-қатынас

      65. Түрмеге қамау немесе соған ұқсас жазалау шарасына үкім шығарылған тұлғалармен қарым-қатынас, олардың мерзімін өтеу ұзақтығын ескере отырып, қамаудағыларға заңға бағыну мен бостандыққа шыққаннан кейін өзінің тіршілігін қамтамасыз ету ниетін қалыптастыруы тиіс. Оларға дұрыс қарай білу қамаудағылар бойында өзінің адамгершілік қадыр-қасиеті мен өз жауапкершілігін сезінуді нығайтуы тиіс.
      66. 1) Осы мақсатта қамаудағының жеке қажеттілігін, оның әлеуметтік өткенін, оның қылмысының тарихын, оның дене және ақыл-ой қабілеті мен мүмкіндіктерін, оның темпераментін, оның қамаудағы мерзім ұзақтығын және оның бостандыққа шыққаннан кейінгі мүмкіндіктерін ескере отырып, елдегі діни қызмет көрсетуді қосқанда, мүмкін болған жерде оқыту, кәсіби дайындау және бағдарлау, нақты әлеуметтік жағдайларды зерттеу, еңбекке орналастыру жөнінде кеңес беру, дене тәрбиесі мен мінезін нығайту сияқты барлық лайықты шараларды қолдану керек.
      2) Директор едәуір түрде ұзақ мерзімге үкім шығарылған әрбір қамаудағы адамға қатысты алдыңғы тармақта аталған мәселелер бойынша мүмкіндігінше тез арада толық қамтылған жауап алуға тиіс. Бұл мәліметтерде әруақытта қамаудағының дене және психикалық жағдайы туралы мүмкіндігінше психиатрия жағынан білгір дәрігердің баяндауы болғаны дұрыс.
      3) Бұл баяндама және басқа да қамаудағыға қатысты құжаттар оның жеке ісіне тігілуі тиіс. Жеке іс құжаты жаңа мәліметтермен толықтырып отырылуы керек және олар жауапты қызметкерлерге керек болған жағдайда оны қарауға мүмкін болатындай жерде сақталуы тиіс.

Жіктеу және даралау

      67. Жіктеу мақсаты болып табылады:
      а) өзінің қылмыстық өткені немесе мінезінің жағымсыз жақтарымен қамаудағыларға жаман әсер ететіндерден бөлектеуді;
      б) қамаудағыларды қоғамдағы өмірге қайтару мақсатында олармен жұмыс жасауды жеңілдететін санаттарға бөлуді.
      68. Әр түрлі санаттағы қамаудағылармен жұмысты мүмкіндігінше әр түрлі мекемелерде немесе бір мекеменің әр түрлі бөлімдерінде жүргізген дұрыс.
      69. Әрбір қамаудағыны қабылдағаннан кейін қысқа мерзімде оның мінез-құлқын зерттеу негізінде оның жеке қажеттіліктері, қабілеті мен бейімділігін ескеріп, онымен жұмыс жасау бағдарламасын жасақтау керек.

Жеңілдіктер

      70. Әрбір мекемеде жеңілдіктер жүйесі болуы және қамаудағыларды жақсы тәртіпке ынталандыру, олардың бойында жауапкершілік сезімін дамыту, олардың қайта тәрбиеленуге деген ынтасын баулу және әр түрлі санаттағы қамаудағыларға қараудың түрлі әдістерін жасақтау керек.

Еңбек

      71. 1) Қамаудағыларға еңбек азап әкелмеуі тиіс.
      2) Барлық қамаудағылар дәрігер куәландырған өздерінің дене және психикалық қабілеттеріне сәйкес еңбек етуге міндетті.
      3) Қамаудағыларға олардың қалыпты жұмыс күнін толтыруға жеткілікті болатын пайдалы жұмыс жүктелуі тиіс.
      4) Қамаудағыларға берілетін жұмыс, мүмкіндігінше, олардың бостандыққа шыққаннан кейін адал еңбекпен айналысу үшін мамандық алуға жағдай туғызатын не болмаса біліктілігін көтеретін болуы керек.
      5) Бұдан пайда таба білетін қамаудағыларды, әсіресе жасөспірімдерді, пайдалы кәсіпке үйрету қажет.
      6) Егер дұрыс кәсіп таңдалған және ол мекемедегі тәртіп пен басқару талаптарына үйлесетін болса, онда қамаудағылардың өздерінің таңдауы бойынша жұмыс істеу мүмкіндігі болуы керек.
      72. 1) Қамаудағылар бостандықтағы еңбек жағдайына үйренулері үшін, мекемедегі жұмыс әдістері мен оны ұйымдастыру олардың қабырға сыртында қабылданғандарына барынша жақындастырылған болуы керек.
      2) Алайда қамаудағылардың мүддесін және олардың кәсіби дайындығын түрме өндірісінен пайда табу ниетіне бағындырмау керек.
      73. 1) Мекемедегі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісін жеке мердігерлерге емес, түрменің өз басқаруына жүктеген дұрыс болады.
      2) Мекеменің бақылауында емес жұмысты жасаушы қамаудағылар, мекеменің үнемі бақылауында болуы керек. Қамаудағылардың үкімет мекемелеріне жұмыс жасауын алып тастағанда, жұмыс берушілер мекемеге осы жұмысқа тиісті толық еңбек ақыны, қамаудағылардың еңбек өндірісін есепке ала отырып, төлеуі тиіс.
      74. 1) Ерікті жұмысшыларға қатысты қауіпсіздік пен денсаулық сақтау ережелері мекемеде де қолданылуы тиіс.
      2) Өндірістегі жарақат немесе кәсіптік ауру болған жағдайда қамаудағыларға өтемақы төленгені дұрыс. Бұл өтемақының шарттары ерікті жұмысшылар үшін заңмен қарастырылған өтемақы шарттарынан кем емес түрде қолайлы болуы тиіс.
      75. 1) Жұмыс күнінің немесе аптасының ұзақтығы заңмен немесе ерікті жұмысшылардың еңбек жағдайы саласында жергілікті ережелер мен дәстүрлерді ескеріп, әкімшілік қаулылар негізінде белгіленеді.
      2) Жұмыс уақытын қамаудағылар аптасына кем дегенде бір күн демалысы және олардың қайта тәрбиеленуі үшін қажетті оқу мен басқа да қызметтерге жеткілікті уақыты болатындай етіп бөлу керек.
      76. 1) Қамаудағылар өз еңбектеріне белгіленген жүйе шегінде әділ сыйақы алулары тиіс.
      2) Осы жүйеге сәйкес қамаудағылардың өздерінің еңбек ақы ақшасының бір бөлігін рұқсат етілген күнделікті тұрмыста қолданылатын жеке заттарға шығындауға және өз еңбек ақысының бір бөлігін жанұясына жіберуге мүмкіндігі болуы керек.
      3) Бұл жүйе сонымен бірге қамаудағының еңбек ақысының бөлігін бостандыққа шыққан сәтте оған жинағын қайтарып беретін әкімшіліктің сақтауына қалдыруына болатынын да қарастыруы тиіс.

Білім алу және дем алу

      77. 1) Оқудан пайда таба білетін қамаудағыларға ары қарай білім алу мүмкіндігін, рұқсат етілген елдерде діни тәрбие алуды қосқанда, қамтамасыз ету керек. Сауатсыздарды және жастарды оқытуды міндетті деп есептеген жөн және түрме басқармасы бұған ерекше назар аударуы тиіс.
      2) Бостандыққа шыққасын қамаудағылар мүмкіндігінше ары қарай қиындықсыз оқуы үшін қамаудағыларды оқытуды елде қолданылатын білім беру жүйесімен байланыстыру қажет.
      78. Барлық мекемелерде қамаудағылардың дене және психикалық денсаулығы үшін дем алу мен мәдени қызмет мүмкіндігін қамтамасыз ету керек.

Сыртқы дүниемен қарым-қатынас және босатылғаннан кейінгі бақылау

      79. Қамаудағылар мен олардың жанұясы арасындағы қалаулы және екі жақтың да мүдделеріне қызмет ететін байланысты нығайту мен қолдауға ерекше назар аудару қажет.
      80. Қамау мерзімін өтеудің ең басынан бастап қамаудағы адамның бостандыққа шыққаннан кейінгі алда күтіп тұрған болашағы туралы ойлау қажет. Сол себепті оған мекеме сыртындағы оның жанұясының мүдделері мен оның бостандыққа шыққаннан кейінгі қоғам өміріне араласуына жағдай жасайтын мекемелер және тұлғалармен байланысын нығайту мен қолдауға көмектесу қажет.
      81. Бостандыққа шыққан қамауда болған адамға қоғамнан өз орынын табуға көмектесетін үкіметтік немесе басқа органдар мен мекемелер қажетті және мүмкін болатын жерлерде бұндай қамауда болған адамдар қажетті құжаттары мен жеке куәліктерін алулары, лайықты баспана мен жұмыс табуы үшін, осы климат пен жыл мезгіліне ыңғайлы әрі жеткілікті киімі болуын және олардың белгіленген жерлеріне жетулеріне және олардың тікелей бостандығынан кейінгі өміріне жеткілікті қаражаты бар болуын ойластырулары керек.
      2) Осындай мекемелердің аккредиттелген өкілдерінің түрме мекемесіне және ондағы қамаудағыларға барып тұратын мүмкіндігі болуы керек. Олармен қамау мерзімінің ең басынан бастап қамаудағылардың алдағы өмірінің болашағы туралы кеңесу керек.
      3) Осы сынды мекемелердің жұмысын ең жоғарғы деңгейде тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін мүмкіндігінше орталықтандыру немесе үйлестіру дұрыс болады.

В. Есі ауысқандар және ақыл-ойында ауытқуы бар қамаудағылар

      82. 1) Есі ауысқан деп танылған тұлғаларды түрмеге қамаудың қажеті жоқ. Сол себепті оларды тезірек есі ауысқандарға арналған мекемеге ауыстыру үшін шаралар алу қажет.
      2) Басқа психикалық аурулар немесе кемстіктен азап шегуші қамаудағыларды бақылауда ұстау және дәрігердің басшылығымен арнайы мекемелерде емдеу керек.
      3) Бұндай қамаудағылар түрмеде отырған кезінде дәрігердің ерекше қадағалауында болулары тиіс.
      4) Пенитенциарлық мекемелер жанында жұмыс жасайтын медициналық және психиатрлық қызметтер осыған мұқтаж қамаудағыларға психикалық емдеуді қамтамасыз етулері тиіс.
      83. Босатылған қамаудағыларға психиатрлық күтімді, сол сияқты оған әлеуметтік-психиатрлық қамқорлықты қамтамасыз ету үшін, егер бұл қажет болып табылса, құзырлы мекемелермен ынтымақтастықта шаралар алған дұрыс.

С. Тұтқында отырғандар немесе соттың болуын күтуші тұлғалар

      84. 1) Тұтқындалған немесе қылмыстық күнәсі бар деп айыпталған қамауға алынған тұлғалар және полиция бөлімшесінде немесе түрмеде отырған, бірақ сотқа әлі шақырылмаған және жаза кесілмегендер төмендегі аталған ережелерде «тергеудегілер» деп аталады.
      2) Қамауда отырған тергеудегі адам кінәсі жоқ деп саналады және оған тиісті түрде қарау қажет.
      3) Жеке тұлғаның бостандығына қатысты заң қағидаларын немесе қамаудағы тергеудегі адамға тағайындалған қараудың рәсімін сақтап, бұндай қамаудағыларға негізгі ережелері төменде баяндалатын ерекше режимді қолданған жөн болады.
      85. 1) Тергеудегі қамауға алынғандарды сотталғандардан бөлек ұстау қажет.
      2) Қамауда отырған тергеудегі жастарды үлкендерден бөлек және принципті түрде бөлек мекемелерде ұстаған дұрыс.
      86. 1) Түнде қамауда отырған тергеудегілерді климаттық жағдаймен түсіндірілетін жергілікті ерекшеліктерді ескеріп, бір бірден бөлек бөлмелерге отырғызу керек.
      87. Мекемедегі тәртіпті бұзбайтын болса, тергеудегілерге, егер олар қажет деп тапса, өз есебінен тағамды түрме әкімшілігі органдары арқылы не болмаса жанұя мүшелері немесе достары арқылы сырттан алуға рұқсат етуге болады. Басқа жағдайда қамаудағының тамақтануын әкімшілік қамтамасыз етеді.
      88. 1) Тергеудегі қамауда отырған адамның азаматтық киім киіп жүруге, егер киімі таза әрі әдепті болса, құқығы бар.
      2) Егер тергеудегі қамауда отырған адам түрменің нысанды киімін киіп жүретін болса, онда ол киімнің сотталғандардың нысанды киімінен айырмашылығы болуы керек.
      89. Тергеудегілерге әруақытта еңбек етуге мүмкіндік беру керек. Бірақ еңбек оларға міндетті болып жүктелмейді. Егер бұндай қамаудағы адам жұмыс істеуге шешім қабылдаса, оның еңбегі төленуі тиіс.
      90. Егер мекемедегі қалыпты өмір барысына және қауіпсіздік талаптары, сот төрелігін іске асыру мүдделеріне үйлесімді болған жағдайда, барлық тергеудегілердің уақыт өткізуге мүмкіндік беретін кітап, газет, жазу құралдары мен басқа да заттарды өз қаражатына немесе үшінші тұлғалар есебінен алуға мүмкіндігі болуы тиіс.
      91. Тергеудегі қамауда отырған адамға оның түрмеде болған кезінде өз дәрігері мен тіс дәрігерінің қызметтерін, егер олардың бұл өтініштері орынды болса әрі олар осымен байланысты шығындарды өтей алатын жағдайда болса, пайдалануға рұқсат ету керек.
      92. Тергеудегілердің мекемедегі қалыпты өмір барысына және қауіпсіздік талаптары, сот төрелігін тиісті іске асыруға қажетті шектеулер мен қадағалауда бола отырып, жанұясына өздерінің қамауға алынғаны туралы тез арада хабарлауға, туысқандары және достарымен қатынасуға, оларды түрмеде қабылдауға мүмкіндігі болуы тиіс.
      93. Өздерін қорғау мақсатында тергеудегілер, мүмкіндік болған жерде, ақысыз заң кеңесін алу құқығына ие болулары, оларды қорғауға алған заң кеңесшісін қамауда қабылдауға және құпия нұсқауларды дайындауға және оған беруге құқығы болуы тиіс. Осы мақсатта тергеудегілердің талаптары бойынша оларға жазу құралдарын берген дұрыс. Қамаудағының заң кеңесшісімен кездесуі полицей немесе түрме органдарының қызметкерлері көзінше, бірақ олардың естуінен тыс жерде өтуі тиіс.

Д. Азаматтық істер бойынша қамауда отырғандар

      94. Борыштылық міндеттерін орындамағаны үшін заң қамауға алуға рұқсат ететін елдерде немесе сот билігі бойынша кез келген азаматтық істерге байланысты осындай тәртіппен қамауға алынғандарды тиісті тәртіпті сақтау және берік бақылау үшін қажеттіліктен басқа өте қатаң қарауға алудың қажеті жоқ. Бұндай тұлғаларға қарау тергеудегілерге қараудан жұмсақ болуы тиіс, тек бір айырмашылығы олардың еңбек етуі міндетті болуы мүмкін.

Е. Айып тағылмай, тұтқынға алынған немесе түрмеге отырғызылғандар

      95. І бөлім және ІІ тарау С бойынша көрсетілген тұлғаларға берілетіндей қорғау Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 9–бабының ережесіне нұқсан келтірмей, айыптау жасалмай, тұтқынға алынған немесе түрмеге отырғызылған адамдарға да, беріледі.
      ІІ бөлім, А тарауының тиісті қағидалары, оларды қолданғанда бұл ерекше топтағы тұтқынға алынған тұлғаларға пайда келтіретін болса және қандай да бір қылмыстық іс үшін сотталмаған тұлғаларға қатысты қайта тәрбиелеу немесе түзету әдістерін қолдануды ұйғаратын шаралар алынбайды деген жағдайда, қолдануға жарамды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады