Балалардың қорғанысы мен амандығына қатысты, әсіресе олардың ұлттық және халықаралық деңгейде асырап алуы кезіндегі әлеуметтік және құқықтық принциптер туралы декларация

Жаңа

БҰҰ Бас Ассамблеясының 1986 ж. 3 желтоқсандағы № 41/85

      Бас Ассамблея,
      1981 жылғы 16 желтоқсандағы өзінің 36/167, 1982 жылғы 16 желтоқсандағы 37/115, 1983 жылғы 19 желтоқсандағы 38/142 мен 1984 жылғы 13 желтоқсандағы 39/89 қарарларына және 1985 жылғы 11 желтоқсандағы 40/422 шешіміне сілтеме жасай отырып,
      Экономикалық және Әлеуметтік Кеңеспен оның 1979 жылғы 9 мамырдағы 1979/28 қарарымен таныстырылған, әсіресе оларды ұлттық және халықаралық деңгейде тәрбиеленуге және асырап алуға берген кездегі балалардың қорғанысы мен амандығы принциптері туралы декларацияның жобасын ескере отырып,
      осы мәселе бойынша Үшінші және Алтыншы комитеттерде жасалған жұмыстарды, сондай-ақ декларация жобасын аяқтау жұмыстарына жалпы ынтаға қосылу мақсатымен Орталық мекемелерде 1985 жылғы 16-27 қыркүйек пен бірінші сесия мерзімінің басында, әр түрлі құқықтық жүйе өкілдері болып табылатын, мүше мемлекеттердің жасаған жұмысын ризашылықпен атап өтіп,
      мәтіні осы қарарға қосымшада берілген Балалардың қорғанысы мен амандығына қатысты, әсіресе олардың ұлттық және халықаралық деңгейде асырап алуы кезіндегі әлеуметтік және құқықтық принциптер туралы декларацияны қабылдайды.

      95-ші жалпы отырыс,
      1986 ж. 3 желтоқсан

Қосымша

Балалардың қорғанысы мен амандығына қатысты, әсіресе олардың
ұлттық және халықаралық деңгейде асырап алуы кезіндегі
әлеуметтік және құқықтық принциптер туралы декларация

      Бас Ассамблея,
      Адам құқықтары туралы жалпыға ортақ декларацияға*(52), Экономикалық, әлеуметтік және саяси құқықтар туралы халықаралық пактке*(53), Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактке*(53), Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияға*(54) және Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенцияға*(55) сілтеме жасай отырып,
      сондай-ақ өзінің 1959 жылғы 20 қарашадағы 1386 (XIV) қарарында жариялаған Бала құқықтары туралы декларациға сілтеме жасай отырып,
      бала мүмкіндігіне қарай, өз ата-анасының қарауы мен жауапкершілігінде және кез келген жағдайда махаббат пен рухани және материалды қамтамасыз етілу жағдайында өсірілу керектігін қарастыратын осы декларацияның 6 принципін қайта қуаттай отырып,
      ата-анасымен қалтырылған немесе зорлық, ішкі тәртіпсіздіктер, қарулы қақтығыстар, табиғи апаттар, экономикалық немесе әлеуметтік мәселелері нәтижесінде жетім болып қалған балалар санының көптігін уайымдай отырып,
      балаларды тәрбиеге немесе асырап алуға беру кезіндегі барлық үдерістерінде бірінші кезекте бала мүддесін ең жақсы қамтамасыз ету екендігін ескере отырып,
      әлемнің негізгі құқықтық жүйелерінде олардың өздерінің ата-аналары қамқорлық көрсете алмайтын балаларға отбасы қамқорлығын алмастыруды қарастыратын, мұсылман құқығындағы кафала сынды, түрлі қоғамдық пайдалы балама институттар барын мойындай отырып,
      іс жүзінде тек қана мемлекеттің ішкі құқығында қандайда бір нақты институт мойындалып және реттелетіндігін, осы институтқа қатысты осы Декларацияның ережелері қолданылатынын және осы ережелер басқа құқықтық жүйелердегі бар балама институттарды ешқалай қозғамайтынын мойындай отырып,
      баланы ұлттық немесе халықаралық деңгейлерде тәрбиеге немесе асырап алуға қатысты орнатылған үдерістер жағдайында ескеру керек әмбебеп принциптерді жариялау қажеттілігін мойындай отырып,
      бірақ, төменде көрсетілген принциптер мемлекетке тәрбиеге беру немесе асырап алу сияқты құқықтық институттарды құру бойынша міндеттемелерді арттырмайтындығын есекере отырып,
      келесі принциптерді жариялайды:
      А. Отбасы мен баланың жалпы амандығы (1 – 9 б.б.)
      В. Балаларды тәрбиелеуге беру (10 – 12 б.б.)
      С. Асырап алу (13 – 24 б.б.)

А. Отбасы мен баланың жалпы амандығы

1 бап

      Әр мемлекет ең әуелі отбасы мен баланың амандығына назар аудару керек.

2 бап

      Баланың амандығы отбасы амандығына байланысты.

3 бап

      Балаға қамқорлық көрсету ең бірінші оның өзінің ата-анасының мойнында жатыр.

4 бап

      Егер ата-аналар өз баласына қамқорлық көрсетпесе немесе ол тиісті болмаса, оған ата-ананың туыстары тарапынан қамқорлық мәселесін, баланы тәрбиелеуге басқа отбасына беру немесе асырап алу немесе, қажет болса, баланы арнайы мекемеге орналастыру мәселесін қарастыру керек.

5 бап

      Баланы қамқорлық үшін оның өзінің ата-анасы болып табылмайтындарға беруге қатысты барлық мәселелерді қарастыру кезінде ең бастысы бала мүддесіне, әсіресе, оның махаббатқа қажеттігі және қамтамасыз етілуі мен тұрақты қамқорлыққа құқығын ең жақсы қамтамасыз ету болу керек.

6 бап

      Балаларды тәрбиеге немесе асырап алуға жауап беретін тұлғалардың кәсіби немесе басқа сәйкес дайындығы болу керек.

7 бап

      Үкімет балаларға қамқорлық көрсетумен айналысатын ұлттық қызметтердің тиімділігін анықтап, сәйкес шараларды қарастыру керек.

8 бап

      Баланың әрқашан есімі, азаматтығы және заңды өкілу болу керек. Оны тәрбиелеуге, асырап алуға немесе кез келген басқа балама режимді орнату кезінде, егер бұндай жағдайда ол жаңа есім, азаматтық немесе заңды өкілді алмаса, баланы есімінен, азаматтығынан немесе заңды өкілінен айырмау керек.

9 бап

      Балаға қамқорлық көрсетуге жауапты тұлғалар оларға тәрбиелеуге немесе асырап алуға берілген баланың, егер бұл баланың мүддесін ең жақсы қамтамасыз етуге қайшы келмесе, шығу тегі туралы білгісі келу ынтасын мойындау керек.

В. Балаларды тәрбиелеуге беру

10 бап

      Баланы тәрбиелеуге беру заңнамамен реттелу керек.

11 бап

      Баланы басқа отбасында тәрбиелеу өз сипатына қарай уақытша болып табылса да, қажет жағдайда баланың кәмелет жасқа толуына дейін жалғасу мүмкін, бірақ бұл кезде баланың өз ата-анасына қайтарылуы немесе кәмелет жасқа толғанға дейін оны асырап алу мүмкіндігі алып тасталмау керек.

12 бап

      Баланы тәрбиелеуге басқа отбасына беруге қатысты барлық мәселелерді шешуге баланың болашақ асырап алушы ата-анасы, мүмкін болса, баланың өзі мен оның өзінің ата-анасы қатысу керек. Құзіретті билік немесе мекемелер баланың амандығын қамтамасыз етуге жауапты.

С. Асырап алу

13 бап

      Асырап алудың негізгі мақсаты оның ата-анасы қамқорлық көрсете алмаған баланы тұрақты отбасымен қамтамасыз ету болап табылады.

14 бап

      Асырап алушы тұлғаны мүмкін таңдауды қарастыру кезінде баланы асырап алуға жауапты тұлғалар балаға ең жағымды жағдайларды таңдау керек.

15 бап

      Баланың әрі қарайғы тағдыры туралы мәселенің жылдамырақ шешілуі үшін баланың ата-анасына, болашақ асырап алушы ата-анаға және жағдайға байланысты, баланың өзіне жеткілікті уақыт беріп, тиісті кеңеспен қамтамасыз ету керек.

16 бап

      Қамқоршылық және қорғаншылық мекемелері немесе қызметтері асырап алуға дейін асырап алынушы бала мен оның болашақ асырап алушы ата-анасы арасындағы өзара қарым-қатынасқа көз жеткізу керек. Заңнама бала асырап алушы отбасының заңды мүшесі ретінде танылып, осыдан шығатын барлық құқықтарды пайдалануын қамтамасыз ету керек.

17 бап

      Егер шыққан мемлекетте баланы тәрбиелеуге немесе асырап алуға басқа отбасына беруге, немесе оған тиісті қамқорлықты қамтамасыз ету мүмкіндік болмаса, баланы отбасымен қамтамасыз ету мәселенің балама шешімі ретінде оны шетелдік асырап алу қарастырылады.

18 бап

      Үкіметтерге шетелдік асырап алу кезінде баланың мүдделерін қорғайтын саясатты, заңнаманы, тиімді бақылауды орнату керек. Мүмкіндігінше шетелдік асырап алу сәйкес мемлекеттерде бұндай шаралар әзірленген жағдайда ғана жүзеге асырылу керек.

19 бап

      Балаларды ұрлау және олардың заңсыз беру мақсатындағы басқа әрекеттерге тыйым салатын саясатты орнатып, қажет жерлерде заңдар қабылдау керек.

20 бап

      Шетелге асырап алу, әдетте, асырап алу кезінде шыққан мемлекетте әрекет етуші кепілдемелер және нормалардың қолданылуымен, құзіретті органдар немесе мекемелер арқылы жүзеге асырылады. Еш бір жағдайда асырап алу асырап алуға қатысушы тараптардың ақталмаған қаржылық пайдаларына әкелмеу керек.

21 бап

      Шетелге асырап алу болашақ асырап алушы ата-аналардың өкілі арқылы жүргізілген кезде баланың құқықтық және әлеуметтік мүдделерін қорғау мәселелеріне басты назар аударылу қажет.

22 бап

      Асырап алу туралы мәселе тек қана асырап алуға заңдылық бөгеттердің жоқтығы анықталып, асырап алу үдерісін аяқтауға қажетті, құзіретті органдардың келісімі сынды сәйкес құжаттар ұсынылған кезде ғана қаралады. Сондай-ақ бала болашақ асырап алушы ата-ананың мемлекетіне көшіп, олардың азаматтығын ала алатындығын орнықтыру керек.

23 бап

      Шетелдік асырап алу кезінде оған қатысушы әр мемлекетте, әдетте, осы асырап алудың заңдылық күші қамтамасыз етілу керек.

24 бап

      Баланың азаматтығы болашақ асырап алушы ата-аналардың азаматтығынан өзге болса, бала азаматы болып табылатын мемлекеттің заңнамасымен қатар болашақ асырап алушы ата-аналар азаматы болып табылаты мемлекеттің заңнамасын толық көлемде ескеру қажет. Осы орайда тиісті түрде баланың мәдени және діни тәрбиесін, қызығушылықтарын ескеру керек.

      ______________________________
      *(52) 217А (III) қарар.
      *(53)2200А (XXI) қарарды, қосымшаны қараңыз.
      *(54) 2106А (XX) қарар, қосымша.
      *(55) 34/180 қарар, қосымша.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады