Бас Ассамблея,
әйелдердің теңдігіне, қауіпсіздігіне, бостандығына қатысты, барлық адамдардың абыройы мен жеке басының дербес құқықтылығына қатысты құқықтары мен қағидаларын жан-жақты қолданудың көкейкесті қажеттілігін мойындай отырып, аталмыш құқықтар мен қағидалардың халықаралық құжаттарда, оның ішінде адам құқықтарының Жалпыға ортақ декларациясында, азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактісінде, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық пактісінде, әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрлерін жою туралы Конвенцияда және азаптаулар мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысын таптайтын іс-әрекеттер мен жазаларға қарсы Конвенцияда бекітілгенін атап өте отырып,
әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрлерін жою туралы Конвенцияның тиімді түрде жүзеге асырылуы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың түбегейлі жойылуына септігін тигізетінін және осы қарарда берілген әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жою туралы Декларация осы үдерісті бекітіп, толықтыратынын мойындай отырып,
әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша қолданылатын кешенді шаралар ұсынылған әйелдер жағдайын жақсарту саласындағы Найроби болашақты стратегияларында белгіленгендей әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың теңдікке, даму жетістіктері мен бейбітшілікке жету жолындағы және сонымен қатар әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрлерін жою туралы Конвенцияны толықтай жүзеге асыру жолындағы кедергілердің бірі болып табылады деген мәселемен мазасыздануда,
әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық қолданылған жағдайда осындай құқықтар мен бостандықтардың қорғалуы мен көтермеленуін қамтамасыздандыруға деген біршама ұзақ уақыттан бергі қабілетсіздігі үрей туғызып, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық адам құқықтарының және әйелдердің негізгі бостандықтарының бұзылуы болып табылатынын, сондай-ақ оларға осы құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға кедергі келтіретінін немесе мүмкіндік бермейтінін растай отырып,
әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың тарихи оқиғалар салдарынан ер адамдар мен әйелдер арасындағы күштің теңсіз арақатынасының көрінісі болып табылатынын, соның салдары әйелдерге басымдылық танытып, еркектер тарапынан оларға қатысты дискриминацияның жол берілуіне әкеліп соққанын, мұндай зорлық-зомбылықтың әйелдер жағдайының жан-жақты дамуына кедергі келтіретінін, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық негізгі әлеуметтік механизмдердің бірі болып табылып, оның көмегімен ер адамдармен салыстырғанда әйелдердің бағынышты болуына мәжбүрленетінін мойындай отырып,
кейбір әйелдер топтары, атап айтқанда, ұлттық азшылықты құрайтын әйелдер, байырғы тұрғындарға жататын әйелдер, босқын әйелдер, мигрант әйелдер, ауылдық және алыс аймақтарда тұратын әйелдер, табыс көзінен айырылған әйелдер, әр түрлі мекемелердегі немесе қамауға алынған әйелдер, мүгедек әйелдер мен қыздар, егде әйелдер мен қарулы қақтығыс аумақтарындағы әйелдер үшін зорлық-зомбылыққа ұшырау мүмкіндігі көп болатындығы алаңдатады,
Экономикалық және әлеуметтік кеңестің 1990 жылы 23 мамырда қабылданған 1990/15 қақарының қосымшасының 23 тармағында мазмұндалғандай, отбасы мен қоғамдағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық өсіп келуде және де мүліктік және әлеуметтік жағдайынан, сондай-ақ мәдени деңгейінен тәуелсіз барлық әйелдердің басынан өтіп келеді деген деректі мойындау зорлық-зомбылықты жою бойынша шұғыл әрі тиімді шаралармен жалғасын табуы тиіс деген түйінді тұжырымға жүгіне отырып,
сондай-ақ, Экономикалық және әлеуметтік кеңестің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі айқын қозғалатын халықаралық құжат үшін қажетті негізді жасау ұсынысы берілген сол кеңестің 1991 жылы 30 мамырында қабылданған 1991/18 қақарына жүгіне отырып,
әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселенің сипатына, қауіптілігіне және ауқымдылығына көпшіліктің назарын көбірек аудару мақсатында өткізілетін әйелдер қозғалыстарының ойнайтын рөлін қолдай отырып,
әйелдерге негізінен зорлық-зомбылықтың тұрақты әрі эндемикалық сипатымен қоғамдағы заңды, әлеуметтік, саяси және экономикалық теңдікке жету мүмкіндіктерінің шектелуіне алаңдап,
жоғарыда айтылғандарды есепке ала отырып, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты айқын да, әрі толыққанды анықтау, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінің түбегейлі жойылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құқықтарды анық белгілеу, өз міндеттемелерін орындау бойынша мемлекеттердің тарапынан табанды күш салу және жалпылама әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жою бойынша халықаралық қоғамдастықтардың тарапынан табанды күш жұмсау қажеттілігі туындайтынына сенімді болып,
осы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жою туралы Декларацияны салтанатты түрде жариялайды және Декларациямен түгелдей дерлік танысу және оны сақтау үшін күш салуға шақырады:
1-бап
Осы Декларацияның мақсаттары үшін «әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық» терминінің мағынасы жыныстық белгі негізінде жасалған және әйелдерге физикалық, жыныстық немесе психологиялық залал келтіретін немесе жапа шектіретін кез-келген зорлық-зомдылық іс-әрекеті, сондай-ақ осындай іс-әрекеттерді жасауға қоқан-лоқы көрсету, қоғамдық немесе жеке өмірінде болсын мәжбүрлеу немесе ерікті түрде бостандығынан айыру дегенді білдіреді.
2-бап
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық келесідей жағдайларды қамтиды, бірақ олармен шектеліп қоймайды:
а) отбасында орын алатын физикалық, жыныстық және психикалық зорлық-зомбылық, оның ішіне ұрып-соғу, отбасындағы қыздарға қатысты жыныстық мәжбүрлеу, қыз жасауымен байланысты зорлық-зомбылық, күйеуінің әйелін зорлауы, әйелдің жыныстық мүшелерін зақымдау және тағы басқа да әйелдерге залал келтіретін тәжірибенің дәстүрлі түрлері, некеден тыс зорлық-зомбылық, пайдаланумен байланысты зорлық-зомбылық кіреді;
b) жалпы қоғамда орын алатын физикалық, жыныстық және психикалық зорлық-зомбылық, оның ішіне зорлау, жыныстық мәжбүрлеу, жыныстық алымсақтық және жұмыста, оқу орындарында және басқа да жерлерде қорқыту, әйелдерді саудаға салу және жезөкшелікке мәжбүрлеп итермелеу кіреді;
с) мемлекет тарапынан немесе мемлекет енжарлығынан қайда болса да физикалық, жыныстық және психикалық зорлық-зомбылық.
3-бап
Әйелдер саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, азаматтық және тағы басқа да салаларда адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау үшін және оларды жүзеге асыру үшін қажетті барлық құқықтарға ие. Аталмыш құқықтардың құрамына атап айтқанда келесілер кіреді:
а) өмір сүру құқығы;
b) теңдік құқығы;
с) бостандық құқығы және жеке басының дербес құқықтылығы;
d) заңға сәйкес теңдей қорғау құқығы;
е) қандай да болмасын түрдегі дискриминацияға ұшырамау құқығы;
f) физикалық және психикалық денсаулығының ең жоғары деңгейіне жету құқығы;
g)әділ және қолайлы жұмыс жағдайларына деген құқық;
h) азаптауларға, және тағы басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысын таптайтын іс-әрекет немесе жаза түрлеріне ұшырамау құқығы.
4-бап
Мемлекеттер әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты айыптап, оны түбегейлі жоюға қатысты өз міндеттемлерін орындауда ешқандай дәстүрлерге де, әдет-ғұрыптарға немесе діни себептерге жүгінбеуі тиіс. Мемлекеттер барлық тиісті құралдар арқылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жоюға бағытталған саясатты шұғыл түрде жүзеге асыруға міндетті және осы мақсатта тиісті:
а) әлі орындамаған болса, әйлдерге қатысты дискриминацияның барлық түрлерін жою туралы Конвенцияға қосылу немесе ратификациясы туралы мәселені немесе осы Конвенцияға берген ескертулерін алып тастау туралы мәселені қарастыруға;
b) әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық қолданудан ұстануға;
с) әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын алу және оларды тергеу және ұлттық заңнамаға сәйкес, мұндай әрекеттердің мемлекет тарапынан немесе жеке тұлғалар тарапынан жасалды ма жоқ па одан тәуелсіз жазалануына тиісті назар аударуға;
d) ішкі заңнамалар аясында зорлық-зомбылық іс-әрекеттерінің құрбаны болған әйелдердің құқығын бұзғаны үшін жазалау және келтірілген залалды өтеу үшін қылмыстық, азаматтық, еңбек және әкімшілік санкцияларды шығарып; әділ сот шешімдерін қабылдау механизмедеріне және де ұлттық заңнамаға сәйкес келтірілген залалға байланысты әділ әрі тиімді құқықтық қорғау құралдарына қол жетімділік қамтамасыздандырылу қажет; сондай-ақ мемлекеттер осындай механизмдер арқылы келтірілген залалды өтеуге қатысты құқықтар туралы әйелдерді ақпараттандыруы тиіс;
е)әйелдердің зорлық-зомбылықтың кез-келген түрінен қорғалуын қамтамасыздандыру үшін ұлттық іс-шаралар жоспарын жасап шығару мүмкіндігін қарастыру немесе қажет болған жағдайда үкіметтік емес ұйымдардың, әсіресе әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесімен айналасатын ұйымдардың көрсете алатын көмегін есепке ала отырып, осы мақсатта қолда бар жоспарларға тиісті ережелер енгізу;
f) мәселені толықтай қамтитын негізде әйелдерді зорлық-зомдылықтың кез-келген түрінен қорғауға септігін тигізетін алдын алу әдіс-тәсілдерін және кез-келген мүмкін болатын құқықтық, саяси, әкімшілік және мәдени сипаттағы шараларды дайындап шығарып, әйелдер мен ер адамдар арасындағы айырмашылықтар ескерілмейтін заңдарды, құқық қорғау әдістерінің және тағы басқа да іс-шараларды қолдану нәтижесінде әйелдердің қайталанба виктимизациясына жол бермейтін ережемен қамтамасыздандыру;
g) қолда бар ресурстарды есепке ала отырып барынша мүмкін болатын деңгейде мүмкін болған жағдайда халықаралық ынтымақтастық аясында зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге, ал қажет болған жағдайда, олардың балаларына арнайы көмек көрсетілуін, айталық реабилитация бойынша, бала күтімі және оны асырау, емделу, кеңес алу және медициналық және әлеуметтік қызмет көрсету, қажетті қызметтер мен бағдарламалар, сонымен қатар қолдау көрсету құрылымдарын құру бойынша көмектердің көрсетілуін қамтамасыздандыру мақсатында қажетті жұмыстар жүргізу және олардың қауіпсіздігі үшін іс-шаралар қолдану, сондай-ақ физикалық және психологиялық реабилитация үшін қажетті басқа да кез-келген шараларды қолдану;
h) мемлекеттік бюджеттерде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жоюмен байланысты қызмет үшін қажетті қаражатты қарастыру;
i) құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын алу және тергеу, сол үшін жазалану саласындағы саясаттың жүзеге асырылуына жауапты мемлекеттік лауазымды тұлғалардың әйелдердің негізгі мұқтаждықтарын түсіну қажеттілігінің есепке алынуымен дайындықтан өтуін қамтамасыздандыру шараларын қолдану;
j) ер адамдар мен әйелдер тәртібінің әлеуметтік және мәдени үлгілерін өзгерту және толымсыздық немесе жыныстардың бірінің басымдылығы туралы идеяларына немесе әйелдер мен ер адамдардың рөлдері туралы стереотипті көзқарастарға негізделген нанымдарды, сал-дәстүрлер мен тәжірибелерді түбегейлі жою мақсатында білім саласында барлық қажетті шараларды қолдану қажет;
k) әйелдерге қатысты сан алуан зорлық-зомбылық түрлерінің кең таралуы туралы статистикалық мәліметтердің жинақталуына, ақпараттың жиналуына, зерттеулердің жүргізілуіне, әсіресе отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты мәліметтердің жиналуына көмек көрсету, сонымен қатар әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың салдары мен деңгейі, сипаты мен себептері туралы, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны түбегейлі жою мақсатында қолданылған шаралардың тиімділігі туралы зерттеулердің көтермелеу; мұндай статистикалық мәліметтер мен зерттеулердің нәтижелері құпия түрде қалмай, жариялануы тиіс;
l) әсіресе қиын да осал жағдайдағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жоюға бағытталған шараларды қолға алу;
m) Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары туралы тиісті құжаттарының ережелерін орындау үшін ұсынылмалы баяндамаларға әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қатысты және осы Декларацияны жүзеге асыру мақсатында қолданылған шаралар туралы ақпаратты қосу;
n) осы Декларацияда берілген қағидалардың жүзеге асырылуына көмек көрсету үшін тиісті нұсқаулықтардың жасап шығарылуын көтермелеу;
о) дүниежүзіндегі әйелдер қозғалысының және үкіметтік емес ұйымдардың әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі туралы ақпараттандырылу деңгейін көтеруде және ол мәселенің ушығуын басуда маңызды орын алатынын мойындау;
р) әйелдер қозғалысының және үкіметтік емес ұйымдардың қызметін қолдап, нығайту және жергілікті, ұлттық және аймақтық деңгейлерде олармен ынтымақтастықты жүзеге асыру;
q) мүшесі болып табылатын аймақтық үкіметаралық ұйымдарды олардың әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жою бойынша қажетті шараларды бағдарламаларына енгізуге ынталандыру.
5-бап
Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің органдары мен мамандандырылған мекемелері өз құзыреттіліктері аясында осы Декларацияда белгіленген құқықтар мен қағаидаларды жүзеге асыру мен мойындауға септігін тигізу, және осы мақсатта негізінен міндетті:
а) аймақтық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес стратегияларын жасау үшін және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жоюмен байланысты бағдарламаларды қаржыландыру және тәжірибе алмасу үшін халықаралық және аймақтық ынтымақтастыққа көмек көрсету;
b) әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесімен барлық адамдарды таныстыру және осы мәселенің қиындығын терең түсіну мақсатында жиналыстар мен семинарлар өткізуге қолғабыс ету;
с) Біріккен Ұлттар Ұйымының жүйесі аясында адам құқықтары саласындағы келісімшарттар мәселесімен айналасатын органдар арасында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесін тиімді шешу үшін іс-шараларды үйлестіруде және тәжірибе алмасуда көмек көрсету;
d) дүниежүзілік әлеуметтік жағдай туралы мерзімді баяндамалар секілді баяндамаларға Біріккен Ұлттар Ұйымының жүйесінің ұйымдары мен органдарының баяндамаларына әлеуметтік беталыс және оның мәселелерін талдауға арналған баяндамаларға әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық саласындағы беталысты қарастыру;
е) аса осал жағдайға тап болған әйелдер топтарына ерекше назар аудара отырып, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесін қосу мақсатында ағымдағы бағдарламаларға Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің ұйымдары мен органдары арасында үйлестіруін ынталандыру;
f) осы Декларацияда айтылған шараларды назарға ала отырып, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қатысты нұсқаушы қағидалар немесе нұсқаулықтарды жасап шығаруға көмек көрсету;
g) өз мандаттарын орындау барысында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жою туралы, сонымен қатар адам құқықтары жөніндегі құжаттарды жүзеге асыруға қатысты мәселені тиісті түрде есепке алу;
h) әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселелерін шешуде үкіметтік емес ұйымдармен бірігіп жұмыс жасау.
6-бап
Осы Декларацияда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жоюға жоғары деңгейде септігін тигізетін және мазмұнында белгілі бір мемлекеттің заңнамасының немесе қандай да бір халықаралық конвенцияның, келісімшарттың немесе мемлекетте күші бар өзге де құжаттың ережелерінің ешқайсысы қозғалмайды.