Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Ресей Федерациясы Yкiметi арасындағы ядролық отын циклi кәсiпорындарын интеграциялау туралы Келісім

Жаңа

Келісім Москва қаласы 1998 жылғы 6 шілде. 1998 жылғы 6 шілдеде күшіне енді.

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Ресей Федерациясы Yкiметi,
      1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы Шартты негiзге ала отырып, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Yкiметтерi арасындағы 1992 жылғы 26 маусымдағы атом энергиясын бейбiт мақсаттарға пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың негiзгi принциптерi туралы Келiсiмдi және 1993 жылғы 23 қыркүйектегi Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Ресей Федерациясы Yкiметi арасындағы ядролық энергияны бейбiт мақсаттарға пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмдi басшылыққа ала отырып, 1968 жылғы 1 шiлдедегi ядролық қаруды таратпау туралы Шарттың ережелерiн нығайтуды екi жақтың да ұстанатынын растай отырып, Қазақстан Республикасы ядролық қаруды иеленбейтiн мемлекет ретiнде ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа қосылуы жағдайын ескере отырып, атом энергиясын пайдалану саласындағы ынтымақтастықты одан әрi кеңейту мүдделерiне сүйене отырып және Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен ядролық отын кәсiпорындары кооперациялық байланыстарының тиiмдiлiгiн дамыту және арттыру мақсатында төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Тараптар екi Жақтың атом станциялары үшiн ядролық отын өндiрудi дамытуға бағытталған техникалық және инвестициялық жобаларды бiрлесе әзiрлеудi және бiрлесiп өндiрiлген ядролық отынның әлемдiк рынокта бәсекелестiк қабiлетiне қол жеткiзудi қамтамасыз етедi.

2-бап

      Тараптардың осы Келiсiмнiң орындалуына жауапты құзырлы органдары:
      Қазақстан Жағынан - Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлiгi.
      Ресей Жағынан - Ресей Федерациясының атом энергиясы жөнiндегi министрлiгі:
      Мүлiк және мүлiктiк құқықтарға қатысты мәселелердi реттеу Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегі өкiлеттi органдарына жүктеледi.

3-бап

      Тараптар ядролық отын циклi саласындағы интеграциялық процестер дамытуды қажет деп санайды.
      Осы мақсатта Тараптар отындық таблеткаларды өндiру мен iске асыруды "ТВЗЗП" ашық акционерлiк қоғамы (Ресей Федерациясы) мен "Казатомөндiрiс" ұлттық атом компаниясының (Қазақстан Республикасы) "Ұлба металлургиялық зауыты" ашық түрдегi қайта ұйымдастырылған акционерлiк қоғамы жарғылық капиталына бiрлесе қатысу жолымен ұзақ мерзiмдi стратегиялық ынтымақтастық орнатады.
      Тараптар "ҰМЗ" АТАҚ салық салу, кедендiк реттеу, лицензиялау мен баға қалыптастыру мәселелерi бойынша қызметiнiң қолайлы режимiн қолдау үшiн Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы заңдарына сәйкес iс-әрекет жасайды.

4-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы ядролық-энергетикалық кешенi кәсiпорындары базасында теңдей қатысу үлесiмен уран шығаратын бiрлескен кәсiпорындар құру және iске қосуға жәрдемдеседi. Бiрлескен кәсiпорындар құру мен оны iске қосу шарттары және тәртiптерi Тараптардың заңдарына сәйкес кәсiпорындар арасындағы келiсiмдермен анықталады.

5-бап

      Осы Келiсiмдi түсiндiру және қолдануға байланысты туындайтын келiспеушiлiктер өзара консультациялар мен келiссөздер арқылы немесе Тараптар уағдаласуына қарай басқа процедуралар көмегiмен шешiледi.

6-бап

      Осы Келiсiм аясындағы ынтымақтастық Тараптардың заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. Осы Келiсiм Тараптардың бұрынырақта үшiншi елдермен жасасқан шарттарынан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

7-бап

      Осы Келiсiм қол қойылған уақытынан бастап күшiне енедi де осы Келiсiмнiң 1, 3 және 4-баптарында көзделген жұмыстар кешенi толық аяқталғанға дейiн қолданыста болады.
     Осы Келiсiм Тараптардың бiреуi оның күшiн тоқтатқысы келетiнi туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша ескерту жiбергенiне алты ай толғаннан кейiн барып күшiн жояды.
     Мәскеуде 1998 жылғы 6 шiлдеде екi данада, әрқайсысы қазақ және орыс тілдерiнде жасалды, сондай-ақ барлық мәтiндердiң де күшi бiрдей.

                                                         (Қолдары)

      Мамандар:
      Қасымбеков Б.А.
      Багарова Ж.А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады