Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасы Үкіметінің арасындағы Мәдениет, ғылым және туризм саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық бағдарламасына қол қою туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 2000 жылғы 6 сәуір N 516. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2004.02.28. N 246 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасы Үкіметінің арасындағы Мәдениет, ғылым және туризм саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық бағдарламасының жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы Сәрсенбаевқа Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасы Үкіметінің арасындағы Мәдениет, ғылым және туризм саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық бағдарламасына қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.    

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                                                    Жоба        

               Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
      Әзербайжан Республикасы Үкіметінің арасындағы Мәдениет,
     ғылым және туризм саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық
                       Бағдарламасы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Тараптар),
      екі халықтың арасындағы өзара достық қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға деген мүдделілікті назарға ала отырып,
      өзара тиімді негізде екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты ынталандыруға және дамытуға қолайлы жағдай жасауға ұмтыла отырып,
      1996 жылғы 21 қазандағы Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Ташкент декларациясын, Қазақстан Республикасында Ұлы Жібек жолындағы туризмнің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ЮНЕСКО мен Дүниежүзілік Туристік Ұйымның жобасын іске асыру мақсатында,
      Астана қаласында 1999 жылғы 22 қазанда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының арасындағы Экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын негізге ала отырып,
      мынадай салаларда ынтымақтасуға келісті: 

                     1. Мәдениет

      1. Тараптар театр, бейнелеу, эстрада және цирк өнері, кинематография, кітапхана және мұражай ісі, тарихи-мәдени мұралар объектілерін қорғау, халықтың өнер шығармашылығы, ұлттық қол өнері және мәдени қызметтің басқа да түрлері саласындағы мәдени байланыстарды, мәдени алмасуларды және ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайтын болады.
      2. Тараптар мәдени ұйымдар мен мекемелер арасындағы, шығармашылық одақтар, қоғамдық ұйымдар, қауымдастықтар, қорлар арасындағы төте шарттар негізінде тікелей ынтымақтастықты орнатуға жәрдем көрсететін болады.
      3. Тараптар бірлесе отырып халықаралық мәдени акциялар, бағдарламалар, іскерлік жобалар ұйымдастыратын және өткізетін, сондай-ақ мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың ынтымақтастығын қолдайтын және үйлестіретін болады.
      4. Тараптар мәдениет пен өнер саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының басым бағыттарын айқындау жөніндегі консультацияларды жүзеге асыратын болады, жүргізілетін ғылыми зерттеулер мен іс-шараларға өзара қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, ғылыми зерттеулердің нәтижелері туралы өзара хабардар етуді қамтамасыз ететін болады.
      5. Тараптар мемлекеттердің азаматтары үшін өзара теңдестік негізінде Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының мұражай және кітапхана қорларын құрайтын құралған жинақтар, коллекциялар мен басқа да мәдени құндылықтарды еркін пайдалануына жәрдем жасайтын болады.
      6. Тараптар мәдениет пен өнер саласындағы, фестивальдарды, байқауларды, көрмелерді, симпозиумдарды, конференцияларды қоса алғанда, екі ел аумағында өткізілетін халықаралық іс-шараларға өзара қатысуды көтермелейтін болады.
      7. Тараптар Әзербайжан Республикасында Қазақстан Республикасының Мәдениеті күндерін және Қазақстан Республикасында Әзербайжан Республикасының Мәдениеті күндерін өткізетін болады. Мәдениет күндерін өткізудің нақты шарттары мен оларға қатысу бағдарламалары дипломатиялық арналар бойынша келісілетін болады.
      8. Тараптар өз мемлекеттерінің Ұлттық кітапханалары арасында тікелей байланыстардың дамуына жәрдем көрсететін болады.
      9. Тараптар тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау мәселелерімен айналысатын ұйымдар арасында, Ұлттық мұражайлар мен көркем галереялар арасында байланыстар орнатуға жәрдем жасайтын болады.
      10. Тараптар осы Бағдарламаны нақты іске асыру және жыл сайынғы бағдарламалар дайындау үшін бірлескен жұмыс топтарын құратын болады.
      11. Тараптар осы Бағдарламаның мақсаттарына сәйкес келетін басқа да іс-шаралардың жүзеге асырылуына жәрдемдесетін болады.

                    ІІ. Ғылым

      12. Тараптар Қазақстанда алда тұрған Каспий жағалауы шельфінде мұнай барлау және теңіз түбіндегі мұнай жұмыстарына байланысты Каспий теңізі жағалауының Әзербайжан Республикасы жүзеге асыратын экологиялық проблемалары бойынша тау-кен металлургиялық кешенінің тұрақты жұмыс істеуін ғылыми-техникалық қамтамасыз ету проблемалары бойынша ынтымақтастық жасайтын болады.
      13. Тараптар "Дәнді дақылдардың гендері мен генетикалық жүйелерін зерттеуде молекулярлық саркерлерді пайдалану" проблемасы бойынша бірлескен зерттеулер жүргізетін болады.
      14. Тараптар мынадай проблемалар бойынша:
      - Шығыс мәдениеті және ислам әлемі;
      - Классикалық және қазіргі шығыстану саласында, көне және орта ғасырлардағы түркология, тіл, әдебиет, тарих, этнография және музыкалық түркология саласында зерттеулер;
      - Каспий аймағындағы сыртқы саясат проблемалары, халықаралық қатынастар тарихи және ғаламдық саяси, әлеуметтік-демографиялық, экономикалық проблемалардың қатынастары бойынша іргелі талдамалар әзірлеу;
      - Түрік және жалпы тіл білімінің өзекті проблемалары бойынша бірлесіп жұмыс істеу туралы шартқа кейін қол қойып, бірлескен ғылыми жобалар әзірлеп, бірлескен ғылыми-зерттеулер жүргізетін болады.
      15. Тараптар өз мемлекеттеріндегі түркі тіл білімі саласындағы лингвистикалық, түркологиялық орталықтарымен ғылыми байланыстардың орнатылуына жәрдем жасайтын болады.
      16. Тараптар ғылыми, ғылыми-көпшілік және статистикалық әдебиетті, түпнұсқалардың көшірмелерін алмасады, түпнұсқалар мен материалдарды ғылыми іздестіруге өзара жәрдем көрсететін болады.
      17. Тараптар ғылыми-зерттеу, лекциялық қызмет және ғылыми кадрлар даярлау үшін мамандар алмасуын ұйымдастыратын болады.
      18. Тараптар жалпы және түркі тіл білімі, қазіргі лингвистика ғылымының келешектегі бағыттары, шығыстану, археология, тарих және этнология проблемалары бойынша бірлескен конференциялар, кеңестер, семинарлар өткізетін болады.
      19. Тараптар бірлескен археографиялық, археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастыратын болады.
      20. Тараптар жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында және кітапханаларда жұмыс істеу үшін басқа Тараптың өкілдеріне жәрдемдесетін болады.
      21. Тараптар ғылыми өнімді Тараптардың заңдарында белгіленген тәртіп бойынша рецензиялауды, сараптауды, диссертациялық жұмыстарға оппонент болуды, ғылыми консультацияларды жүргізетін болады.

                      ІІІ. Туризм

      22. Тараптар өз елдерінде туризмнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлармен, туризмдегі тұтынушылардың құқығын қорғау мен саяхат кезінде туристерге көмек көрсетумен байланысты ақпарат алмасуға ұмтылатын болады.
      23. Тараптар екі елдің туристік компанияларының, қауымдастықтары мен қоғамдық ұйымдарының ынтымақтастығы үшін қолайлы жағдай жасайтын болады.
      24. Тараптар екі ел туристік рыногының тұсаукесері, сондай-ақ Жібек жолында туризмнің даму келешегі жөнінде бірлескен іс-шаралар жүргізуге жәрдемдесетін болады.
      25. Тараптар рекреациялық, ғылыми, экологиялық туризмді дамыту үшін:
      - Каспий теңізінде Ақтау - Баку бағыты бойынша бірлескен теңіз саяхаттарын ұйымдастыру;
      - түркі тілдес елдердің тарихи даму жерлері бойынша туристік бағыттар ұйымдастыру;
      - Каспий жағалауы аймағында курорттық аймақтарды дамытуға жәрдем көрсету арқылы қолайлы жағдайлар жасауға ұмтылатын болады.
      26. Тараптар туризм саласында біліктілігі жоғары кадрлар даярлауда бір-біріне көмек көрсету мақсатында ғылыми қызметкерлер, сарапшылар, аспиранттар, тағлымдамадан өтушілер және студенттер алмасуға жәрдемдеседі, жан-жақты байланыстарға, сондай-ақ туризм саласында қандай болмасын өзара іс-қимылға жәрдемдесетін болады.
      27. Тараптар туризм саласындағы экономикалық, статистикалық және заңгерлік ақпараттарды алмасатын болады.
      28. Тараптар туристік фирмаларды, қауымдастықтарды, қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, Ұлы Жібек жолы бағытында туристік өнімдерді жылжыту жөнінде жарнамалық науқан ұйымдастыруға жәрдемдесетін болады.

              IV. Жалпы және қаржылық ережелер

      29. Осы Бағдарламаға енетін қызметтің барлық түрлері, оның аумағында жүзеге асырылатын Тараптардың ұлттық заңдарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
      30. Осы Бағдарламаның ережелерін іске асыру мақсатында жүзеге асырылатын барлық байланыстар дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырылатын болады.
      31. Осы Бағдарлама Тараптардың бірінің дипломатиялық арналары бойынша ұсынылатын және екінші Тарап қолдайтын басқа да сапарларды, алмасулар мен қызмет түрлерін іске асыруға кедергі келтірмейтін болады.
      32. Осы Бағдарламаны орындау шеңберінде жүзеге асырылатын іс-шаралар мен делегациялардың сапарлары туралы Тараптар бір-бірін оларды өткізуге дейін екі ай бұрын хабардар ететін болады. Делегациялардың келетін және кететін күні екінші Тарапқа кемінде екі апта бұрын хабарланатын болады.
      33. Ғылыми зерттеулер мен талдамаларға қатысты өтінімдер екінші Тарапқа сапардың ұсынылған күнінен төрт ай бұрын берілетін болады. Нақты адамға өтінімде оның білімі, елде болуының жоспарланған мерзімі және болатын жерлері туралы деректер көрсетілуі тиіс.
      34. Осы Бағдарламаны іске асыру жөніндегі алмасуға қатысатын тұлғалар туралы ақпарат қабылдайтын Тарапқа жіберуші Тараптың дипломатиялық арналары арқылы тапсырылады.
      35. Сапарларды жүзеге асыру барысында жіберілетін жекелеген адамдар мен делегациялардың қабылдаушы Тараптың мемлекетіне баруына және қайтуына байланысты шығыстар Бағдарламаға сәйкес жіберуші Тарапқа жүктеледі.
      36. Тиісті іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ олардың іс-шараларға қатысуы барысындағы делегациялардың мүшелерін сақтандыру жөніндегі шығыстар қабылдаушы Тарапқа жүктеледі.
      Тиісті іс-шараларды өткізу жөніндегі барлық қажетті құжаттар қабылдаушы Тарапқа оларды өткізудің болжалды күнінен екі ай бұрын жіберілуі тиіс.
      37. Осы Бағдарламаны іске асыру бойынша мынадай уәкілетті органдар болып табылады:
      - Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі - мәдениет мәселелері бойынша, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі - ғылым мәселелері бойынша, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөніндегі агенттігі - туризм мәселелері бойынша;
      - Әзербайжан тарапынан - Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі - мәдениет мәселелері бойынша, тиісті мемлекеттік органдары.
      Уәкілетті органдардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда, осы Бағдарлама Тарабы бұл туралы екінші Тарапқа дереу хабарлайды.
      38. Тараптар өзара келісім бойынша осы Бағдарламаға толықтырулар мен өзгерістер енгізе алады. Өзгерістер мен толықтырулар осы Бағдарламаның ажырамас бөлігі болып табылатын, жеке Хаттамада ресімделеді.
      Осы Бағдарлама қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және бес жыл ішінде қолданылады. Тараптардың бірі оның қолданылуын тоқтататыны туралы өзінің ниетін екінші Тарапқа тиісті мерзімнің аяқталуына дейін кемінде алты ай бұрын жазбаша нысанда хабарламаса, келесі бесжылдық кезеңге осы Бағдарламаның қолданылуы өздігінен ұзартылатын болады.
     2000 жылғы "__"__________ Баку қаласында әрқайсысы қазақ, әзербайжан және орыс тілінде екі түпнұсқа данада жасалды және барлық мәтіндердің күші бірдей.
     Осы Бағдарламаның ережелерін түсіндіруге қатысты келіспеушілік туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа
алатын болады.

     Қазақстан Республикасының         Әзербайжан Республикасының
     Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады