Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кітапханааралық абонемент жүйесін құру туралы келісімді бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 30 мамыр N 820 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. 1999 жылғы 13 қаңтарда Саратов қаласында жасалған, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кітапханааралық абонемент жүйесін құру туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                                  Ресми емес аударма

 ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің кітапханааралық
абонемент жүйесін құру туралы
Келісім

      Осы Келісім қатысушы мемлекеттер үкіметтер арқылы (бұдан әрі - Тараптар),
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ортақ ғылыми-технологиялық кеңістігін құру туралы 1995 жылғы 3 қарашадағы келісімді басшылыққа ала отырып,
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің кітапханааралық абонементін ортақ ақпараттық және ғылыми-технологиялық кеңістіктің жұмыс істеуін қамтамасыз етудің аса маңызды құралы ретінде қарастыра отырып,
      адамның ақпаратты еркін пайдалану құқығына қатысты міндеттемелеріне адалдығын растай отырып,
      кітапханааралық абонемент бойынша ынтымақтастықты дамытудағы және кітапханалар қорларын өзара пайдалану тетігін, құжаттама қорлары мен ақпарат органдарын жетілдірудегі өзара мүдделілікті негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

 1-бап

      1. Тараптар КАА-ның ұлттық жүйелерінің (бұдан әрі - КААҰЖ) және құжаттамалық қорлардың өзара іс-қимылы негізінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің кітапханааралық абонемент жүйесін (бұдан әрі - КААЖ) құрады.
      2. Тараптар КААЖ-да кітапханааралық қызмет көрсетуді үйлестіру қызметін Ресей мемлекеттік кітапханасына жүктейді.

 2-бап

      1. Тараптар өздерінің ұлттық заңдарына сәйкес Тараптардың пайдаланушылары үшін кітапханалар мен ақпарат органдарының қорларына, олардың ведомстволық тиесілілігіне қарамастан барынша қол жеткізуді қамтамасыз ететін тиімді КААҰЖ құру және дамыту жөнінде шаралар қолданады.
      2. Тараптар кітапханалар мен ақпарат органдарының қызметін үйлестіруді жүзеге асыру үшін КААҰЖ ұлттық жүйелерінің басшы ұйымдарын белгілейді. Бірнеше басшы ұйымдар болған жағдайда олардың біріне КААЖ-ды ғылыми, әдістемелік және ұйымдық қамтамасыз ету мен оның талаптарын сақтау үшін жауап беретін кітапханааралық абонементтің ұлттық орталығының функциясы беріледі.
      3. Тараптар КААҰЖ-ды және КААЖ-дың кітапханааралық абонемент және оны дамыту орталықтарын шарттық негізде құқықтық және қаржылық-экономикалық қолдау жөнінде өздеріне міндеттемелер алады.
      КААЖ-да кітапханааралық қызмет көрсетуді үйлестіру жөніндегі жұмысты қаржыландыру кітапханааралық абонементтің ұлттық орталықтарының үлестік жарналары есебінен жүзеге асырылады.

 3-бап

      Тараптар КААҰЖ-дың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету және Тараптардың абоненттері үшін құжаттар мен ақпаратты кедергісіз беру жөнінде келісілген шаралар қолданады.

 4-бап

      1. Осы Келісімді іске асыру үшін Ғылыми-техникалық және инновациялық салалардағы ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық кеңес (бұдан әрі – ҒТИД МК) құрылымында секция құрылады.
      Секцияның функциялары, жұмыс органдары, орналасатын жері және оның қызметін қаржыландыру ҒТИД МК-ның ұсынуы бойынша ТМД-ның Экономикалық кеңесі бекітетін ол туралы Ережемен айқындалады.
      2. Осы Келісімді іске асыру жөніндегі бірінші кезектегі шаралар ретінде секция:
      1) КААЖ бойынша:
      бірыңғай КААЖ стандарттары туралы (соның ішінде КААЖ бойынша жіберілетін құжаттардың тізбесін);
      жіберілетін құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету туралы;
      жіберілетін құжаттарға салынатын кедендік баждар мөлшері туралы;
      құжаттарды жіберу үшін жеңілдетілген пошта тарифтерін енгізу туралы құжаттардың нормативтік-құқықтық жобаларын;
      2) Тараптардың кітапханалары мен ақпарат органдары арасындағы қаржы-экономикалық тетіктер және өзара есеп айырысу мен төлемдер жүйесі туралы ұсыныстарды әзірлейді және белгіленген тәртіппен Экономикалық кеңеске ұсынады.
      3. Осы бапта аталған жұмыстардың орындалуын үйлестіруді және олардың іске асырылуын бақылауды ҒТИД МК жүзеге асырады.
      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.06.28 № 690 Қаулысымен.

5-бап

      КААЖ-дың жұмысын реттейтін негізгі құжаттар әзірленгенге дейін
Тараптар:
      абоненттердің сұраулары бойынша өздерінің ұлттық заңдарына сәйкес олардың ведомстволық тиесілілігіне қарамастан кітапханалар мен ақпарат органдарының қорларынан балама негізде құжаттардың түпнұсқасын және көшірмесін беру;
      КААЖ бойынша алынған құжаттардың сақталуы, ал нұқсан келтірілген жағдайда - қор ұстаушылардың талаптарына сәйкес орнын толтыру;
      құжаттарға тапсырыстың және оларды берудің бірізді рәсімдерін сақтау;
      КААЖ мәселелері бойынша орыс тілінде іскерлік хат-хабар жүргізу жөнінде шаралар қолданады.

 6-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың басқа халықаралық шарттарға сәйкес қабылдаған міндеттемелеріне ықпал етпейді.

7-бап

      Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.

8-бап

      Әрбір Тарап Келісім күшінде болған уақыт ішінде туындаған міндеттемелерді реттегеннен кейін, шығуға дейінгі 6 айдан кешіктірмей депозитарийді жазбаша хабардар етіп осы Келісімнен шыға алады.

 9-бап

      Осы Келісімге Тараптардың ортақ келісімімен жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.06.28 № 690 Қаулысымен.

 10-бап

      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады.

 11-бап

      Келісім оған қол қойылған күннен бастап, ал заңдары оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуын талап ететін мемлекеттер үшін - тиісті құжаттарды депозитарийге тапсырған күннен бастап күшіне енеді.

12-бап

      Осы Келісім оның мақсаттары мен принциптерін бөлісетін басқа мемлекеттердің депозитарийге қосылу туралы құжаттар беруі арқылы қосылуы үшін ашық.
      Саратов қаласында 1999 жылғы 13 қаңтарда орыс тілінде бір дана болып жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы Хатшылығында сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әр мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

     Әзербайжан Республикасының        Молдова Республикасының
     Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

     Армения Республикасының           Ресей Федерациясының
     Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

     Беларусь Республикасының          Тәжікстан Республикасының
     Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

     Грузия                            Түркменстан
     Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

     Қазақстан Республикасының         Өзбекстан Республикасының
     Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

     Қырғыз Республикасының            Украина
     Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

                    Экономикалық Одақтың
        Мемлекетаралық экономикалық Комитеті Төралқасының
     отырысына күн тәртібінің ІІ бөлімі 3-тармағы бойынша
                    Украинаның ескертпесі

      "Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кітапханааралық абонементі жүйесін құру туралы Келісім туралы."

                                          1999 жылғы 13 қаңтар

      "2-баптың 3-тармағынан басқа."

     Украинаның Вице Премьер-Министрі,
     ХЭК Төралқасының мүшесі

           ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің кітапханааралық
           абонементін құру туралы келісім жобасы бойынша
                     Армения Республикасының
                         ерекше пікірі

      4-баптың 1-тармағы алып тасталсын.

      Секцияға жүктелетін барлық қызметтерді Ресей Федерациясының Мемлекеттік кітапханасы атқара алады деп есептейміз.

      Қоса беріліп отырған мәтін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтерінің басшылары Кеңес атынан жекелеген құжаттардың жобалары туралы түпкілікті шешімдер қабылдау өкілеттігін 1998 жылғы Мәскеу қаласындағы Экономикалық одақтың Мемлекетаралық экономикалық Комитеті Төралқасына беру туралы Шешімді орындау үшін Саратов қаласында 1999 жылғы 13 қаңтарда қабылданған, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің кітапханааралық абонементі жүйесін құру туралы Келісімнің бірдей көшірмесі болып табылатынын растаймын.

     Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы
     атқарушы хатшысының
     Бірінші орынбасары

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады