Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
1. Сыртқы iстер министрлiгі ұсынған Қазақстан Республикасының Үкiметi
мен Өзбекстан Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Азаматтардың өзара жол
жүру шарттары жөнiндегi келiсiмнiң жобасы мақұлдансын (қоса берiлiп отыр).
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасы
Үкiметiнiң арасында Азаматтардың өзара жол жүру шарттары жөнiнде келiсiм
жасалсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасы
Үкiметiнің арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының
шарттары туралы
КЕЛIСIМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен
Өзбекстан Республикасының Yкiметi,
Ташкент қаласында 1998 жылғы 31 қазанда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы Мәңгiлiк достық туралы шарттың ережелерiн басшылыққа ала отырып,
екi мемлекеттiң азаматтарының өзара сапарларының тәртiбiн реттеуге ұмтылыс бiлдiре отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Бiр Тарап мемлекеттiң азаматтары N 1 және N 2 қосымшаларда аты аталып шыққан жарамды құжаттар, осы Келiсiмде көзделген шарттар бойынша екiншi Тарап мемлекеттiң аумағына келуге, кетуге, транзитпен өтуге және уақытша болуға құқылы.
2-бап
Ұлттық паспорттардың иегерлерi болып табылатын Тараптар мемлекеттердiң азаматтары екiншi Тарап мемлекеттiң аумағына 5 (бес) тәулiкке дейiн тiркеусiз (уақытша тiркелiмсiз) келедi және онда уақытша болады.
5 тәулiктен ұзақ мерзiмде болу мәселесiн ұзартуды Тараптар мемлекеттерiнiң заңдарына сәйкес iшкi iстер органдары жүзеге асырады.
Тараптар мемлекеттерiнiң азаматтарына екiншi Тарап мемлекеттiң аумағына келу кезiнде Тараптардың шекаралық қызметтерi кету кезiнде қайтарылуға жататын көшi-қондық бақылау карточкаларын бередi.
Екiншi Тарап аумағына темiржол көлiгiмен келген азаматтар iшкi iстер органдары беретiн көшi-қондық бақылау карточкалары негiзiнде 5 (бес) тәулiкке дейiн тiркеусiз (уақытша тiркелiмсiз) бола алады.
3-бап
Көшi-қондық бақылау карточкаларын ресiмдеу және тiркеу (уақытша тiркелiм) рәсiмiнен:
а) бас декларацияда (ұшу тапсырмасы) жазылым бар болуымен және жарамды ұлттық паспорты бойынша азаматтық авиация әуе кемелерi экипаждарының мүшелерi;
б) кемелiк рөлде жазылым және одан көшiрме бар болуымен жарамды ұлттық паспорты бойынша теңiз және өзен кемелерi экипаждарының мүшелерi;
в) жарамды ұлттық паспорты және әрбiр рейске бекітiлетiн атаулы тiзiмдер мен бағыттық парақтар бойынша жолаушылық, поездардағы, рефрижераторлық және локомотивтiк бригадалардың қызметшiлерi және Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарынан темiр жол көлiгiмен өткiзiлетiн жүктермен бiрге жүретiн адамдар;
г) жарамды ұлттық паспорты және Тараптардың құзыреттi органдары беретiн тиесiлi құжаттар бойынша үкiметаралық фелдъегерлiк байланыс қызметкерлерi;
д) алдын ала уағдаластыққа сәйкес жарамды ұлттық паспорты және iссапарлық куәлiк (ұйғарым) бар болуымен қызметтiк куәлiктер бойынша құқық қорғау органдарының қызметкерлерi (Тараптар мемлекеттерiнiң құқық корғау органдарының тiзбесi дипломатиялық арналар бойынша анықталатын болады).
е) Тараптар мемлекеттерiнiң мемлекеттiк ресми және үкiметтiк делегацияларының мүшелерi және олармен бiрге жүретiн адамдар;
ж) Тараптар мемлекеттерiнiң дипломатиялық паспорттарының иегерлерi;
з) Тараптардың дипломатиялық және консулдық мекемелерiнiң, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерiнiң аумағындағы халықаралық ұйымдар өкiлдiктерiнiң қызметкерлерi болып табылатын Тарап мемлекеттерiнiң дипломатиялық паспорттарының иегерлерi және олардың отбасы мүшелерi;
и) Тараптар мемлекеттерiнiң дипломатиялық өкiлдiктерi мен консулдық мекемелерiнiң, халықаралық ұйымдар өкілдiктерiнiң әкiмшiлiк-техникалық қызметкерлерi және олардың отбасы мүшелерi босатылады.
Осы Келiсiмнiң "з" және "и" тармақтарында көрсетiлген адамдар Тараптардың Сыртқы iстер министрлiктерiнде тiркеледi.
4-бап
1. Бiр Тараптың екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан мемлекеттiк объектiлерiне қызмет ететiн Тараптар мемлекеттерiнiң қызметтiк мiндеттемелерiн орындау үшiн осы екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына келушi, кетушi және болушы азаматтары көшi-қондық бақылау карточкаларын ресiмдеуден босатылады.
2. Аталған адамдарды шекарадан өткізу ұлттық құжаттар және келiсiлген тiзiмдер бойынша қызметтiк куәлiктер негiзiнде жүзеге асырылатын болады.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген объектілердiң тiзбесi осы Келiсiмге қол қойылған күнiнен бастап 30 (отыз) күннiң iшiнде дипломатиялық арналар бойынша ноталармен алмасу арқылы анықталатын болады.
5-бап
Екiншi Тарап мемлекеттiң аумағына темiр жол көлiгiмен транзитпен жүрiп өтетiн Тараптар мемлекеттерiнiң азаматтары осы Тарап мемлекеттiң аумағынан ұлттық паспорт және темiр жол билеттерi бойынша көшi-қондық бақылау карточкаларын ресiмдеусіз келедi және кетедi.
6-бап
Көшi-қондық бақылау карточкаларын беру және ұзарту үшiн алымдардың тарифтерiн Тараптар дипломатиялық арналар бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын ноталармен алмасу арқылы келiсетiн болады.
7-бап
Тараптар өзара құрмет тұту негiзiнде көшi-қондық бақылау карточкаларын ресімдеу және ұзарту үшiн алымдардан:
а) Тараптардың арасындағы шарттарға сәйкес ғылым, техника, білім беру, мәдениет, өнер және спорт салаларындағы алмасу тәртiбiмен жүретiндердi;
б) екiншi мемлекеттiң аумағындағы оқу орындарында оқитындарды;
в) Ұлы Отан соғысының ардагерлерiн, оларға теңестiрiлген адамдарды, тиiстi куәлiктер көрсету арқылы - 1-шi және 2-шi топтағы мүгедектердi, сондай-ақ жасы 60-тан асқан азаматтарды;
г) 16 жасқа дейiнгi балаларды босататын болады.
8-бап
Адамдарды, көлiк құралдарын, тауарларды, жүктердi, өзге де мүлiктi және малдарды шекарадан өткiзу Тараптардың келiсiмi бойынша белгiленетiн өткiзу бекеттерiнде жүзеге асырылады.
Өткiзу бекеттерiнде шекаралық, кедендік, санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық және бақылаудың өзге де түрлерi жүргiзiледi.
Өткiзу бекеттерi:
а) Тараптардың және басқа да мемлекеттердiң адамдарын, көлiк құралдарын, тауарларын, жүктерiн, өзге де мүлiктi және малдарын өткiзуге арналған халықаралық өткiзу бекеттерiне;
б) Тараптардың адамдарын, көлiк құралдарын, өзге де мүлiктi және малдарын өткiзуге арналған екi жақты өткiзу бекеттерiне;
в) Тараптардың адамдарын, тауарларын және көлiк құралдарын өткiзуге арналған оңайлатылған өткiзу бекеттерiне бөлiнедi.
Тараптар халықаралық және екi жақты өткiзу бекеттерiнiң тiзбелерiмен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
9-бап
Өткiзу бекеттерiнде Тараптардың келісуі бойынша мыналарды қамтитын бекет жұмысының режимi орнатылады: олардың жұмысының уақыты, адамдарды, көлiк құралдарын, тауарларды, жүктердi, өзге де мүлiктi және малдарды өткiзудiң тәртiбi және өткiзу бекеттерi жұмысының ерекшелiктерiн ескеруге байланысты басқа да мәселелер.
Өткiзу бекеттерi жұмысының режимiн ұйымдастыру және оның сақталуын бақылау Тараптар мемлекеттердiң шекаралық және кедендiк қызметтерiне жүктеледi.
10-бап
Тараптардың шешiмi бойынша ерекше жағдайларда (эпидемиялар, эпизоотиялар, табиғи апаттар т.б.), адамдарды, көлiк құралдарын, тауарларды, жүктердi, өзге де мүлiктi және малдарды шекарадан өткiзудi Тараптар уақытша тоқтата алады.
Бұл орайда осындай шараларды қолданушы Тарап кемiнде алдын ала 24 сағаттан кешiктiрмей екiншi Тарапты осындай шараларды қабылдау және олардың күшiн жою туралы хабардар етедi.
11-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң азаматтары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында болған кезiнде болған мемлекеттiң заңдары мен ережелерiн, оның iшiнде шет елдiк азаматтар үшiн белгiленген тiркеу (уақытша тiркелiм), болу және жүрiп-тұруының ережелерiн сақтауы тиiс.
Осы Келiсiм Тарап мемлекеттердiң екiншi Тарап мемлекетi азаматының келуiнен бас тартуға немесе болу мерзiмiн шектеуге ықпал етпейдi.
12-бап
Тараптардың әрқайсысы егер бұл мемлекеттiң ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi сақтау немесе халықтың денсаулығын қорғау үшiн қажет болса, осы Келiсiмнiң қолданыста болуын толықтай немесе iшiнара уақытша тоқтатуға құқығы бар.
Мұндай шараларды қабылдау немесе өзгерту туралы Тараптар алдын ала, бiрақ шешiм қабылданған сәттен 72 сағаттан кеш емес бiр-бiрiн дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.
13-бап
Тарап мемлекеттер жаңа құжаттарды қолданысқа енгiзген жағдайда, Тараптар олардың қолданысқа енгізілуiне дейiн кем дегенде 1 (бiр) ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы осы құжаттардың үлгiлерiмен алмасады.
Тарап мемлекеттердiң Сыртқы iстер министрлiктерi шет ел азаматтарының келуiнiң, кетуiнiң, болуының тәртiбiне қатысты қолданыстағы заңдар туралы ақпаратпен және осы саладағы басқа да ақпаратпен алмасатын болады.
14-бап
Тараптар, қажетiне қарай, осы Келiсiмнiң орындалуымен байланысты мәселелердi талқылау үшiн консультациялар өткiзетiн болады.
Осы Келiсімнің ережелерiн орындау немесе қолдану барысында туындаған кез келген келiспеушiлiктер немесе даулы мәселелер Тараптар арасындағы келiссөздер арқылы шешiлетін болады.
15-бап
Осы Келiсiмге Тараптардың келiсiмi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын және осы Келiсiмнiң 17-бабында көзделген тәртiппен күшiне енетiн жекелеген хаттамалармен ресiмделедi.
16-бап
Осы Келiсiм Тараптардың олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттарынан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiне ықпал етпейдi.
17-бап
Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
Осы Келiсiм Тараптардың бiрi екiншi Тараптан оның қолданысын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарлама алған күнiнен алты ай өткенге дейiн күшiнде болады.
Астана қаласында, 2000 жылғы 7 шілдеде әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі дана болып жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Өзбекстан Республикасы Үкіметінің
арасындағы Азаматтардың өзара
сапарларының шарттары туралы
келісімге N 1 қосымша
Қазақстан Республикасы азаматтарының
Өзбекстан Республикасының аумағы бойынша
келуі, кетуі және жүріп-тұруы үшін құжаттардың
тізбесі
1. Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты.
2. Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты.
3. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты.
4. Әуе кемесінің экипажы мүшелерінің куәлігі (экипаждың құрамында
жүруі кезінде).
5. Қазақстан Республикасына қайту үшін куәлік.
6. Үкіметаралық фельдъегерлік қызметтің қызметкерлерінің жеке басының
куәлігі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Өзбекстан Республикасы Үкіметінің
арасындағы Азаматтардың өзара
сапарларының шарттары туралы
келісімге N 2 қосымша
Өзбекстан Республикасы азаматтарының
Қазақстан Республикасының аумағы бойынша
келуі, кетуі және жүріп-тұруы үшін құжаттардың
тізбесі
1. Өзбекстан Республикасының дипломатиялық паспорты.
2. Өзбекстан Республикасы азаматының паспорты.
3. Әуе кемесінің экипажы мүшелерінің куәлігі (экипаждың құрамында
жүруі кезінде).
4. Өзбекстан Республикасына қайту үшін куәлік.
5. Үкіметаралық фельдъегерлік қызметтің қызметкерлерінің жеке басының
куәлігі.
Оқығандар:
Қобдалиева Н.М.
Орынбекова Д.К.