Қазақстан Республикасының Ғылыми және ғылыми-техникалық саясатының тұжырымдамасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 12 шілде N 1059

      Республиканың ғылыми-техникалық даму міндеттерін іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Ғылыми және ғылыми-техникалық саясатының тұжырымдамасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары салалық және аймақтық әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды әзірлеу кезінде осы Тұжырымдаманы басшылыққа алсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
 

     Қазақстан Республикасының

         Премьер-Министрі



                                                    Қазақстан Республикасы



                                                    Yкiметiнiң 2000 жылғы

                                                        12  шiлдедегi

                                                      N 1059 қаулысымен

                                                         мақұлданған



 
 
                      Қазақстан Республикасының Ғылыми және
                         ғылыми-техникалық саясатының
                                тұжырымдамасы
 
      1. Кiрiспе
      Жаңа ғасырға адамзат өмiр салтын түбегейлi өзгерткен аса көрнектi ғылыми және технологиялық жетiстiктермен бара жатыр. Iргелi және қолданбалы ғылымның нәтижелерiн практикада тиiмдi пайдалану адамзатты тұрақты дамытудың аса маңызды факторына айналуда. Осыған байланысты, Қазақстан үшiн отандық ғылымды елдiң әлеуметтiк-экономикалық және рухани дамуының аса маңызды факторына айналдыруға арналған бағытты жасау және оны өмiрге енгiзу республиканың ұзақ мерзiмдi стратегиялық басымдықтарына сәйкес мемлекет экономикасының бәсекеге қабiлеттiлiгiн және ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн экономикалық әлеуетiн арттыру өзекті мiндет болып табылады.
      Қазiргi кезеңдегі саяси және әлеуметтiк-экономикалық мiндеттердi шешу мемлекеттiң нысаналы ғылыми-техникалық саясатын талап етедi, ол әлеуметтiк-экономикалық саясаттың құрамдас бөлiгi болып табылады. Қазақстан Республикасының Үкiметi перспективалық ғылыми бағыттарды және ғылыми кадрларды даярлаудың жүйесін сақтау үшiн қажетті жағдайлар жасау, ғылым мен техника дамуының басым бағыттарын айқындау, қолда бар ресурстарды осы бағыттарда шоғырландыру, бүкiл ғылыми-техникалық кешенді реформалау және өнеркәсiптi дамытудың ел үшiн жаңа технологиялық базасын жасау, ғылыми салада жұмыс iстеудiң нарықтық экономикаға тән жаңа тетiктерiн қалыптастыру жөнiнде бiрқатар шаралар қабылдаған болатын. Сонымен бiрге, объективтiк себептерге орай, ғылыми-техникалық сала осы күнге дейiн қоғамның әлеуметтiк-экономикалық прогресiнiң базалық элементi болмай отыр.
      Қазақстан Республикасының Ғылыми және ғылыми-техникалық саясатының осы тұжырымдамасы алдағы 5-10 жыл өтпелi кезеңдегi мiндеттердi шешуге лайықталып әзiрлендi және ғылыми-техникалық саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, экономиканы инновациялық дамытудың және бәсекеге қабiлетті ұлттық экономиканың құрылуы мен оның тұрақты дамуын қамтамасыз ететiн, оның ресурстық мүмкiндiктерiнiң осы заманғы талаптарына жауап беретiн ғылыми-техникалық әлеуеттi қалыптастыруға бағытталған.
 
      2. Қазақстандағы әлеуметтiк-экономикалық жағдай және оның ғылыми-
         техникалық салаға әсерi
 
      Қазақстандағы әлеуметтiк-экономикалық жағдай 90-жылдары өндiрiстiң терең құлдырауымен, халықтың тұрмыс деңгейiнiң төмендеуiмен сипатталды. Реформа барысында экономиканы ауырлататын және сиықсыз күйге түсiретiн қажетсiз өндiрістердi ығыстыру жүрген жоқ, негiзгi өндiрiстiк қорларда осы заманғы талаптарға жауап беретiн жабдықтар мен машиналардың үлес салмағы төмендедi. Экономиканың техникалық-технологиялық iргетасын құрайтын көптеген жетекшi кәсiпорындар төлемге қабiлетсiз болып қалды және толық қуатымен жұмыс iстей алмады. Олардың өндiрiстiк-техникалық әлеуетi уақытылы және тиiмдi амортизациясыз бұзылады, моральдық жағынан ескiредi. Осындай әлеуеттi жоғалту оны қалпына келтiру үшiн бiрнеше ондаған жылдарды талап етедi.
      Әсiресе, инвестициялық белсендiлiктiң төмендеуi қолайсыз фактор болды, мұның өзi негiзгi қорларды жаңарту, озық технологияларды, инновациялық қызметтi енгiзу мүмкiндiктерiне терiс әсер еттi. Көптеген салаларда инвестиция ұдайы өндiрiстiң қажеттерiн жаппайды.
      Салалық құрылым мен инвестицияның негiзгi капиталдағы серпiнінен экономика құрылымын қалыптастыруда отын-шикiзат салаларының, дамымаған машина жасаудың және тұтыну секторының басымдығы жалғасып отырған процесс көрiнiс бередi, мұның өзi құрылымдық қайта құрудың мiндеттерiне қайшы келедi. Шетелдiк инвесторлар қаржыны iшкi және әлемдiк нарықта төлем қабiлетi сұраныспен пайдаланылатын, сондай-ақ экологиялық жағынан залалды өндiрiске салуға бейiм тұрады (тiкелей шетелдiк инвестициялардың 83,3% 1997 жылы мұнай-газ өнеркәсiбiне, түстi, қара металлургияға бағытталды).
      Соңғы екi жылда әлемдiк экономиканың дамуы көптеген елдердi, соның iшiнде Ресейдi, Оңтүстiк-Шығыс Азия мен Латын Америкасы елдерiн қамтыған дағдарыспен атап өтiлдi. Осы елдердегi экономикалық жағдайдың нашарлауы 1998 жылдың бiрiншi жартысында бүкiл әлем бойынша тауарларға баға деңгейi төмендеуiнiң өзектi факторына айналды. Әсiресе, әлемдегi экономикалық дамуға шикiзатқа бағаның төмендеуi (газ, мұнай, металлдар) маңызды ықпал еттi. Бұдан шикiзат экспорты табыстың едәуiр бөлiгін құрайтын елдер, соның ішінде Қазақстан, бәрiнен де көп зардап шектi.
      Қазақстанда, басқа да бұрынғы одақтас республикалар сияқты, 90-жылдары технологиялық керi кету тенденциясы басым болды. Өндiрiстiң техникалық деңгейi төмендедi, жаңа технология нашар игерiлдi, прогрессивтi өнiм шығару құлдырады, ғылыми-техникалық әлеует қысқарды.
      Өндiрiс құлдырауының нәтижесiнде инновацияға бағытталған ресурстар мейлiнше қысқарды. Инновациялық даму экономиканың ауырлаған құрылымын тежейдi. Негiзгi инновациялық әлеует инновацияға бейiмдiгi төмен және бүкiл әлемде технологиялылығы аз деп есептелетiн отын-шикiзат салаларында шоғырланған. Ғылымға және әсiресе, инновацияға шығын едәуiр қысқарды.
      Ғылымның рөлiн дұрыс бағаламау, ғылымның және инженерлiк еңбектiң беделi құлдырау жағдайында технология әзiрлеушiлердiң кәсiби деңгейiнiң төмендеуi, алынған білiм мен дағдының ескеруi жүрiп жатыр.
      Осылайша, нарықтық реформаның басталуы жалпы әлеуметтiк-экономикалық жағдайдың едәуiр өзгеруiне алып келдi. Өндiрiстiң құлдырауы, экономиканың индустриясыздануы (шикiзат бағдарының күшеюi), инвестициялық сұранымның күрт қысқаруы ғылыми-техникалық әлеуеттiң өсе түскен сұранымсыздығына жағдай жасады. Жалпы әлеуметтiк-экономикалық жағдай ғылыми-техникалық даму процесi үшiн әзiрше қолайсыз күйiнде қалып отыр.
      Осыған байланысты Республика Үкiметi Қазақстанның мемлекеттiк өнеркәсiптiк саясатын түзету, қазақстандық қоғамның тұрақты дамуы үшiн экономикалық негiз жасау жөнiнде шаралар қолдануда. 90-жылдардың екiншi жартысынан және 2000 жылдың бас кезiнен бастап экономикадағы жағдай басқарылуға неғұрлым икемделе бастады, негiзгi нарықтық институттар құрылып, экономикалық дағдарыстан шығудың жолдары белгiлендi, экономиканың нақты секторына айрықша назар аударылады. Экономиканы тұрақтандыру және оның одан әрi өсуiн қамтамасыз ету инновациялық қызметтi жандандыруды және өндiрiстiң осы заманғы ғылыми-технологиялық базасын құруды көздейдi, ол ғылыми және ғылыми-техникалық саланы тиісiнше дамытпайынша мүмкiн емес.
      Қазақстанда ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласын реформалау нарықтық экономикаға өтудiң ерекше күрделi кезеңiне тап келдi. Ғылым, нарыққа өтудiң салдары, объективтiк жағдайларға орай, неғұрлым жосықсыз сипатта жүрген салалардың бiрi болды.
      Қаржыландыру көлемiнiң едәуiр азаюы ғылымды реформалау мен ғылыми-техникалық әлеуеттiң белсендi бөлiгiнiң тiршiлiк етуi мен сақталуы проблемаларын шешудi үйлестiре жүргiзудi қажет ететiн жағдайды туындатты. Осындай күрделi жағдайда мемлекеттiк органдар қабылдаған шаралар дағдарыстың салдарын белгiлi бiр дәрежеде жұмсартуға, жинақталған ғылыми-техникалық әлеуеттiң елеулi бөлiгiн, сондай-ақ осы заманғы ғылым мен техниканы дамытудың бiрқатар маңызды бағыттары бойынша қол жеткiзген позицияны сақтап қалуға мүмкiндiк туғызды. Ғылыми ұйымдарды шаруашылық жүргiзудiң жаңа жағдайларына бейiмдеудiң табысқа жеткiзген алғашқы мысалдары да көрiне бастады. Қазақстандық ғылым неғұрлым ашық және демократиялы бола түстi, ғалымдардың, сондай-ақ ғылыми ұйымдардың әртүрлi халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысуы кеңейдi, идеологиялық шектеу мен қатаң әкiмшiлiк бақылау жоғалды.
      Елде нарықтық экономикаға тән ғылыми салалардың жұмыс iстеу тетiктерiн дамыту табиғи қадам болды. Оларға, ең алдымен, зерттеулер мен әзiрлемелердi конкурстық негiзде қаржыландыру жатады. Отандық ғылымның тарихи ерекшелiктерiн ескере отырып, жетекшi ғылыми мектептердi сақтау және ғылымның, бiлiм мен өндiрiстiң ыдыраңқылығын еңсеру жөнiнде шаралар қолданылды.
      Сонымен бiр мезгілде, түбегейлi жүйелiк қайта құру өткiр бюджеттiк дағдарыс жағдайында жүргiзiлдi, мұның өзi елде ғылыми сектордың қысқару тенденциясын туындатты. Ұлттық ғылыми зерттеу саласындағы жағдайды дағдарысты күй деп сипаттауға болады. Ғылымның қажеттi ресурстармен қазiргi кездегi қамтамасыз етiлуi оның өзiнен уақыт талап етiп отырған үндеулерге жауап беруiне шамасын келтiрмейдi.
      Зерттеу жұмыстарын қаржыландыруда әртүрлi елдердің салыстырмалы күш-жiгерiн шамамен бағалау ғылымға арналған әлемдiк шығын сомаларының 95%-ке жуығы дамыған елдердiң үлесiне тиетiнiн көрсетедi. Олар, сондай-ақ ҒЗЖ-ға арналған ұлттық шығын көрсеткiштерi (бiр тұрғынға есептегенде) бойынша да алда - 50-ден 150 АҚШ долларына дейiн, ал дамушы елдерде ол 5 доллардан аспайды. Қазақстанда 1998 жылы бұл көрсеткiш күткендегi 3,2 долларға қарама-қарсы, нақты алғанда, небәрi 1,2 долларды құрады. Сөз жоқ, қаржыландырудың мұндай ауқымы Қазақстанда ғылымның қарыштап дамуын қамтамасыз ету туралы айтуға мүмкiндiк бермейдi.
      Басқа көздердiң iс жүзiнде болмауы жағдайында бюджеттiк қаржыландыру көлемiнiң қысқаруы зерттеу ұйымдары санының 1995 жылмен салыстырғанда 54 бiрлiкке қысқарып кетуiне әкеп соқты. Басқа елдерге және экономиканың дамушы секторына ғылыми кадрлардың кетуi нәтижесiнде, осы кезеңдегi ғылыми қызметкерлердiң саны 1190 адамға қысқарды. Жалпы алғанда ғылыми саладан 7237 қызметкер, соның iшiнде жоғары оқу орындарынан 1160 қызметкер кетiп қалды. Сонымен бiрге, ғылым саласында кәсiпкерлiк секторының пайда болғаны байқалып отыр - 1998 жылы мұнда 1500-ге жуық адам жұмыс iстедi, мұның өзi үмiт күттiрерлiк фактi болып табылады.
      Дамыған елдердегi және Қазақстандағы ғылыми-техникалық саясатты iске асырудың тенденцияларын салыстыра келiп, кейбiр қағидаттық айырмашылықтарды атап көрсеткен жөн. Егер дамыған елдерге iргелi және қолданбалы зерттеудi қаржыландыруды арттыру ғылымның жеке сектормен өзара байланысын ынталандыру тән болса, Қазақстанда әзiрге керi тенденция әлi де сақталып отыр. Бұл елдерде ғылымға жеке сектордағы шығынды тiкелей және жанама ынталандыру, экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi шешу үшiн ғылыми-техникалық әлеуеттi пайдалану жөнiндегі күш-жігердi тұрақты түрде жандандыру жүзеге асырылады, ал Қазақстанда осы уақытқа дейiн шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң ғылымға және инновациялық қызметке арналған шығыстарын мемлекеттiк ынталандыру жүйесi жоқ, отандық технологияны құрудың және игерудiң маңыздылығын жете бағаламау сақталуда.
      Iстiң мұндай жағдайында, Қазақстанның жетекшi елдермен салыстырғандағы даму деңгейiнiң алшақтығы болашақта, мұнан да артатын болады. Мемлекеттiң қоғамның өндiрiстiк күштерiн дамыту саласындағы ұзақ мерзiмдi саясатын түбегейлi қайта қарау талап етiледi, әлеуетi жөнiнен шикiзат экспортымен шамалас, экономиканың шикiзаттық емес секторын құруға бағытталған инновациялық саясат оның өзегi болуға тиiс. Iс жүзiнде, инновациялық саясаттың басты мақсаты - рентабельдiлiгi жоғары, ғылымды қажетсiнетiн экспорттық өнiм шығару жөнiндегi өндiрiс құру жолымен елдiң экспортын құрайтын шикiзаттың үлесiн қауiпсiз деңгейге дейiн азайту болып табылатын Қазақстанның өндiрiстiк инфрақұрылымын қатар жасаудың негiзi болуға тиiс.
 
        3. Ғылыми және ғылыми-техникалық саясаттың негiзгi қағидаттары,
           мақсаттары мен мiндеттерi
 
      1) Ғылыми және ғылыми-техникалық саясаттың негiзгi қағидаттары
      Республиканың ғылыми және ғылыми-техникалық саясатының аса маңызды қағидаттары:
      ғылыми және ғылыми-техникалық дамудың басым бағыттарын ұлттық мүддеге, елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының қажеттерiне сәйкес ынталандыру және мемлекеттiк қолдау;
      ресурстарды басым ғылыми бағыттарға шоғырландыру;
      ғылым мен техника жөнiндегi мемлекеттiк тапсырыстарды конкурстық негiзде қалыптастыру және орналастыру;
      ғылыми-техникалық саясатты қалыптастыру мен iске асыру кезiнде ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттiк органдардың ғылыми жұртшылықпен өзара iс-қимылын демократияландыру және қамтамасыз ету, ғылыми, ғылыми-техникалық шығармашылықтың еркiндiгiн қамтамасыз ету және ғылыми қызметкерлердiң еңбек жағдайын жақсарту;
      ғылымды, өндiрiс пен бiлiмдi ықпалдастыру болуға тиiс;
      2) Ғылыми және ғылыми-техникалық саясат саласындағы негiзгi мiндеттер мен мақсаттар
      Ғылыми-техникалық саясаттың негiзгi мақсаты - өмiрдiң сапасын арттыруға бағытталған зерттеулердi дамыту, жоғары технологиялы өнiмдердi экспорттауға бағдарланған, ғылымды қажетсiнетiн, ресурстарды үнемдейтiн және экологиялық жағынан таза өндiрiстер әзiрлеу, шикiзатқа бағытталған экономиканы бiртiндеп технологиялық, ал технологиялықты - интеллектуалдық-ақпараттық экономикаға ауыстыру және осы мақсат үшiн жоғары бiлiктi мамандар даярлау болып табылады.
      Оларды iске асыру үшiн:
      ғылым мен ғылыми-техникалық қызметтi ұйымдастырудың жүйесiн, нормативтiк құқықтық және әдiстемелiк базаны, соның iшiнде, ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру саласындағы базаны, оларды конкурстық iрiктеудi және нәтижелердi практикалық игерудi, интеллектуалдық меншiк құқығын қорғауды және басқаларын жетiлдiрудi;
      iргелi зерттеулердi оңтайландыруды;
      экономиканың базалық салаларының қажеттілiгiн ғылыми-техникалық қамтамасыз етуге арналған қолданбалы зерттеулердiң бiрiншi кезектегi бағыттылығын;
      ғылымды қажетсiнетiн жаңа өндiрiстердi ұйымдастыру "зерттеу - әзiрлеу - өнеркәсiптiк игеру" бiрыңғай ғылыми-өндiрiстiк циклға көшуге ықпал ететiн инновациялық қызметтi дамыту үшiн қолайлы жағдай жасауды;
      ғылымды қажетсiнетiн өнiмдер шығару жөнiндегі импортты алмастыратын (экспортқа бағдарланған) жаңа технология әзiрлеуді, меншiктi тәжiрибелi-эксперименттiк және өндiрiстiк-техникалық базаны одан әрi нығайтуды (қайта жаңарту, техникалық жағынан қайта жарақтандыру) және дамытуды;
      қызмет бейiнiн сақтай отырып, ғылыми-техникалық саланың жекелеген объектiлерiн қайта құрылымдандыруды және жекешелендiрудi;
      ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстi ұйымдастыру мен дамыту үшiн инвестиция тартуды, ресурстар үнемдейтiн және экологиялық жағынан таза технологиялар енгiзудi;
      ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласында шағын және орташа кәсiпкерлiктiң тұрақты дамуын қамтамасыз етудi, нарықтық инфрақұрылым элементтерiн қалыптастыруды және дамытуды;
      зерттеу институттарын, салалық ғылыми-техникалық орталықтарды және жоғары оқу орындарын, оқу процесi мен ғылыми қызметтi ықпалдастырудың тиiмді тетiгiн әзiрлеудi;
      басым бағыттар бойынша кадрлар, соның iшiнде жоғары бiлiктi кадрлар даярлауды, осы негiзде елдiң интеллектуалдық әлеуетiн сақтауды және дамытуды қамтамасыз етудi;
      озық шетелдiк технологияларды отандық жағдайға таңдау мен бейiмдеуге және өнеркәсiпте игеруге елдiң ғылыми күштерiн тартуды;
      қазақстандық ғылымды әлемдiк ғылыми-техникалық кеңiстiкке ықпалдастыру процесiн жеделдету мiндеттерiн шешу қажет.
 
      4. Республиканың ғылыми және ғылыми-техникалық дамуының басым
         бағыттарын таңдау
 
      Жоғары экономикалық тиiмдiлiкке ие бола отырып, осы заманғы ғылыми зерттеулер барған сайын қымбат бола түсуде, сондықтан ғылыми және ғылыми-техникалық саясаттың негiзгi түйiнi республиканың ғылыми және ғылыми-техникалық дамуының басым бағыттарын таңдау болып табылады. Басымдықтарды таңдау ең басты ұлттық идеядан - күштi, экономикалық жағынан дамыған, демократиялық, бiлiмдi Қазақстан құрудан бастау алуға тиiс;
      1) Iргелi зерттеулер
      Ғылыми-техникалық дамудың негізiнде адамзат мәдениетiнiң аса маңызды элементтерi болып табылатын iргелi зерттеулер мен білім жатыр. Олар адамның дүниетанымын, оның адамгершiлігі мен руханиятын едәуiр дәрежеде қалыптастырады.
      Iргелi ғылымдардың негiзгі бағыттарын айқындау әлемдiк ғылымның даму тенденцияларына сәйкес республиканың стратегиялық басымдықтарына ғылыми әлеуетті шоғырландыру және жаңа бiлiмдер алу мүмкiндiгi мен елде қойылған мiндеттердi шешуге қабiлеттi ғалымдардың бар-жоғын ескере отырып, елдiң тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамуын айқындайтын фактор ретiнде жаңа технологиялардың ғылыми негiздерiн әзiрлеу қажеттiгi мақсатында жүргізiлуi тиiс.
      Iргелi зерттеулердiң негiзгi бағыттарын болжау тұрақты мониторингтi, неғұрлым келешегi бар қарқынды бағыттарды айқындауды, оларлы қаржыландырудың қосымша көздерiн iздестiрудi, таңдап алынған басымдықтарға түзету енгiзудi талап етедi;
      2) Қолданбалы зерттеулер
      Қазақстанның экономикалық дамуының табысты болуы едәуiр дәрежеде елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының басымдықтармен тығыз байланыстағы қолданбалы зерттеулердiң басым бағыттарына қолда бар резервтер мен күш-жiгердi шоғырландыруға тәуелдi. Басым бағыттар:
      - экономикалық реформалардың негiздерiн әзiрлеу жөнiндегi ғылыми зерттеулерге;
      - ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстiң дамуына ықпал ететiн, өзiн-өзi тез ақтайтын әзiрлемелердi жасауға және енгiзуге, экспорттық өнiмдi арттыруға;
      ауыл шаруашылығы малдарының, өсiмдiктер сорттарының жоғары өнiмдi тұқымдарын жеделдетiп жасаудың, халықты жоғары сапалы тағам өнiмдерiмен қамтамасыз етудiң әдiстерiн әзiрлеуге;
      - энергетиканы дамыту, көмiрсутегi шикiзатын барлау, өндiру, қайта өңдеу және тасымалдау проблемаларын шешуге;
      - халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталуға тиiс.
      Жаңа материалдар, химиялық өнiмдер, дәрiлiк препараттарын жасау, табиғатты ұтымды пайдалану, ізгiлiк бағдарындағы жұмыстар бойынша жаңа технологиялар әзiрлеу және игеру тәрiздi мiндеттердi шешу жөнiндегi бағыттар басым күйiнде қала бередi.
      Республикада салалық және салааралық ғылыми-техникалық саясаттың негiзгi бағыттарын айқындау болашақ дамудың алдын ала жасалған сценарийi негiзiнде жүргiзiлуге тиiс, онда саланың жай-күйi талданады және нақты ұзақ мерзiмдi және қысқа мерзiмдi немесе стратегиялық және тактикалық мақсаттар белгiленедi. Мақсаттарды маңызына қарай саралау жұмыстың алғашқы кезеңiнiң аяқталуы болып табылады, өйткенi, осы кезеңде салаларды басқарудың жоғары органы ретiнде салалық министрлiктер мен ведомстволар иелiк ететiн (немесе иелене алатын) нақты ресурстар есепке алына бастайды. Негiзінен, салалық саясат белгiлi бiр жетiстiктерге ие салаларды дамытуға бағытталуға тиiс. Алайда, ғылым мен техника дамуының электроника, ақпараттық және коммуникациялық технология, жаңа материалдар, биотехнология, энергетика, ғарыштық технология тәрiздi түйiндi бағыттарында зерттеулер мен әзiрлемелер мiндеттi түрде жүргiзiлуге тиiс.
      Басым салаларды дамыту бағдарламаларын ғылыми қамтамасыз ету үшiн iшiнара мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатын, саланың дамуына қарай, осы зерттеулердi қаржыландыру бiртiндеп шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қаражаты есебiнен қаржыландыруға көшiрiлетiн республикалық мақсатты ғылыми-техникалық, салалық және салааралық ғылыми-техникалық бағдарламалар қалыптастырылады.
 
      5. Ғылыми және ғылыми-техникалық саясатты iске асырудың мақсатты-
         бағдарламалық әдiсi
 
      Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық саясатын iске асыру шеңберiнде ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтi ұйымдастырудың мақсатты-бағдарламалық әдiсiне көшу жүзеге асырылды. Жоспарлау, қаржыландыру, сараптама, басқару және бақылау сатыларын қамтитын, бүкiл ғылыми-техникалық процесс жинақталып, қорытылған бұл әдiс, бұдан былайғы перспективаға арналған ғылыми-техникалық саясатты iске асырудың негiзiне алынуы мүмкiн.
      Мақсатты-бағдарламалық әдiстiң тиiмдiлігі оның жүйелi, ықпалдастыру сипатынан туындайды. Ол оңтайлы шешiмдердi iздестiру әдiстерiнiң функционалдық басымдықтарын, мақсаттарды икемдi қою және жобалардың экономикалық ортаның қажеттерi мен мүмкiндiктерiне бейiмдеудi бiрiктiредi. Бұл жағдайда зерттеулердi, әзiрлемелер мен олардың орындаушыларын ғана емес, сонымен бiрге ғылыми-техникалық жобаның бүкiл техникалық және ақпараттық инфрақұрылымын қаржыландыру да жүзеге асырылады.
      Жобалар мен бағдарламаларды тәуелсiз мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптау мақсатты-бағдарламалық әдiстiң аса маңызды тетiгi болып табылады. Сараптау кезiнде бағдарламаның ғылыми негiздiлiгi, оңтайлы мөлшерi және ғылыми ұжымның құрамы, жобалаушы бас ұйымның зерттеулерiнiң негiзiнде мақсаттарға қол жеткiзудiң нақтылығы, қосымша орындаушы ұйымдарды тартудың қажеттiгi және басқалары тексерiлуге және бағалануға тиiс. Iргелi зерттеулер бағдарламалары бойынша бас ұйымды таңдаған кезде күштi ғылыми мектептiң, танымал жетекшi ғалымның болуы, зерттеудiң осы заманғы әдiстерiн игеруi өлшем ретiнде алынады. Осының бәрi, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жалпы деңгейін арттыруға жәрдемдесуге арналған.
      Қазiргi кезеңде мақсатты-бағдарламалық әдiс шеңберiнде мынадай ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламаларды қалыптастыру мен іске асыру жүзеге асырылуда:
      табиғи және әлеуметтiк жүйелер туралы қағидатты жаңа бiлiм алуды және экономиканы жүйелi қайта құрудың, қоғамды, мәдениеттi және ғылымның өзiн тұрақты дамытудың ғылыми негiздерiн әзiрлеудi өзiнiң алдына мақсат етiп қойған, ғылым мен ғылыми-техникалық прогрестiң басым бағыттарының шектеулi саны бойынша iргелi зерттеулер;
      ғылыми-техникалық әлеуеттi өнеркәсіптiк-технологиялық және әлеуметтiк-экономикалық дамудың ең басты басымдықтарына шоғырландыруға қабiлеттi мемлекеттiк ғылыми-технологиялық саясатты iске асырудың аса маңызды құралы ретiндегi республикалық мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламалар;
      қолданбалы (салалық, салааралық және аймақтық ғылыми-техникалық) бағдарламалар - ғылыми-техникалық қызметтiң нақты және кешендi салааралық бағыттары, қолданбалы және енгiзiлетiн зерттеулер мен әзiрлемелер аймақтар үшiн басымдығы бар ғылыми зерттеулердiң бағдарламалары;
      белгiлi бiр басым бағыттар шеңберiндегi "тәуекелдi" және перспективалы iргелi және қолданбалы зерттеулердi ынталандыру және аймақтардағы ғылыми зерттеулердi дамытуға жәрдемдесу мақсатындағы Ғылым қорының жобалары.
 
      6. Ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы инновациялық
         қызмет
 
      Жоғарыда айтылғандай, шикiзаттық экономиканың болашағы жоқтығының анықтығы қоғамның өндiрiстiк күштерiн дамыту саласындағы мемлекеттiң ұзақ мерзiмдi саясатын түбегейлi қайта қарауды талап етедi, оның негiзi әлеуетi бойынша шикiзат экспортымен шамалас, экономиканың шикiзаттық емес секторын құруға бағытталған инновациялық саясат болуға тиiс.
      Әлемдiк тәжiрибе бұл мақсат үшiн өндiрiстiк инфрақұрылым дамуының арнаулы тәсiлдерi мен тетiктерi жасалуы және iске асырылуы тиiс екенiн көрсетiп отыр. Бұл орайда, жаңа экономика шикiзат экспортымен неғұрлым аз байланыста болса, оның елдiң экономикасында дербес тармақ болу шетелдiк өндiрушiлермен iшкi нарықта ғана емес, сондай-ақ сыртқы нарықта да бәсекелесу қабiлетi соғұрлым мүмкiндiгi арта түседi.
      Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Yкiметi Қазақстан Республикасындағы Инновациялық қызметтiң тұжырымдамасын қарап, мақұлдады.
      Қазақстанның қаржы-экономикалық әлеуетi Тұжырымдамада алға қойылған міндеттерді қысқа мерзiмде iске асыруға мүмкiндiк бермейдi, оның үстiне, олар ғылыми, өндiрiстiк, бiлiм беру құрылымдарының кең аясын қамтуға тиiс, ал оларды даярлау екi-үш жылдың iшiнде қамтамасыз етiлуi мүмкiн емес.
      Инновациялық қызмет - аяқталған ғылыми зерттеулер мен әзiрлемелердiң, не өзге ғылыми-техникалық жетiстiктердiң нәтижелерiн рынокта сатылатын жаңа немесе жетiлдiрiлген өнiмде, практикалық қызметте пайдаланылатын жаңа технологиялық процесте, сондай-ақ осыған байланысты қосымша ғылыми зерттеулер мен әзiрлемелердi iске асыруға бағытталған процесс болғандықтан, инновациялық процесс өнеркәсiп, білім және ғылым саласындағы міндеттердiң кең ауқымын қамтуға тиiс.
      Осыған байланысты, ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы инновациялық қызметтiң бiрiншi кезектегi шаралары:
      аяқталған әзiрлемелердi барынша көп таратуға және оларды рынокта сатуға;
      қолда бар ғылыми-технологиялық және өндiрiстiк базаларда, негiзiнен технологияларды жақсарту деңгейiндегi базаларда инновацияны сататын шағын өндiрiстердi үздiксiз құруға және оларды қолдауға;
      республикада ғылымды қажетсiнетiн озық технологияны дамыту үшiн қажеттi шетелдiк патенттер мен лицензияларды сатып алуға оларды жергiлiктi жағдайға бейiмдеуге, болашаққа сатып алынған технологияларды жетілдiру жөнiңдегi зерттеулер жүргiзуге, не солардың негiзiнде жаңа, неғұрлым жетiлдiрiлгендерiн жасауға;
      кадрлар базасын қалыптастыруға бағдарлануға тиiс.
      Сонымен бiр мезгiлде, ғылымды қажетсiнетiн жаңа технологиялар мен өндiрiстер құру жөнiнде болашағы бар зерттеулер жүргiзу мiндетті болып табылады.
      Жұмыстың негiзгi бөлiгi технологияларды енгiзу немесе экспортқа әзiрлеудiң базалық ғылыми-технологиялық орталықтары арқылы жүргiзiлуге тиiс.
      Нарықтық қатынастардың өндiрiстiк-экономикалық салада орнығуына және ұсынылған шаралардың iске асырылуына қарай, инновациялық қызметтi инвестициялық және басқа жобаларды (жобалық менеджмент) басқарудың осы заманғы технологиялары шеңберiнде iске асыруға көшуге болады. Осының бәрi, ғылыми iзденiстердiң, ғылыми және технологиялық зерттеулердi ұйымдастырудың неғұрлым икемдi нысандарын пайдаланудың аясын кеңейтiп қана қоймайды, сонымен бiрге мемлекеттiк ғылыми-техникалық саясатты iске асыру үшiн қосымша қаражат тартуға мүмкiндiк бередi.
 
      7. Қайта құрылымдандыру және жекешелендiру
 
      Қазақстан экономикасының нарықтық қатынастарға көшуi жағдайында қайта құрылымдандыру мен жекешелендiру өзгерiстердiң ажырағысыз элементi болып табылады. Ғылыми-техникалық саладағы қайта құрылымдандыру дегенiмiз, басым iргелi және қолданбалы зерттеулер үшiн жауап беретiн құрылымдық бөлiмшелердi бөлу, ғылыми-техникалық қызметтiң тиiмділiгiн арттыру мақсатында оларды одан әрi қайта ұйымдастыру.
      Ғылыми ұйымдарды қайта құрылымдандыруды қолда бар қаржы, кадр мүмкiндiктерiмен және ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласының алдында тұрған мiндеттермен тығыз байланыста жүргiзу қажет. Осының алдындағы кезеңде Ұлттық ғылыми орталықтарды қалыптастыру ғылыми ұйымдарды әлеуметтiк және коммуналдық инфрақұрылымдарды ұстау жөнiндегi оған тән емес функциялардан босату жөнiнде жұмыстар жүргiзiлдi. Ғылымды коммерцияландыру мақсатында ғылыми-зерттеу ұйымдары республикалық мемлекеттiк кәсiпорын болып қайта құрылды.
      Келесi кезең ғылымның мемлекеттiк секторын қалыптастыру және бiрқатар ғылыми ұйымдарды жекешелендiру, жаңа (республика үшiн дәстүрден тыс) ғылыми ұйымдардың шағын және орташа нысандарын құру болуға тиiс. Осыған байланысты, iргелi және ел үшiн стратегиялық мәнi бар зерттеулер жүргiзетiн ғылыми ұйымдарды қоспағанда, ғылыми-техникалық салалардың объектілерiн коммерцияландыру мен жекешелендiру жөнiндегi шаралар кешенiн әзiрлеп, жүзеге асыру қажет.
      Интеллектуалдық меншiктi және басқа материалдық емес активтердi мемлекеттiк ұйымдар объектiлерiнiң құнына енгiзу үшiн, меншiк нысандарын өзгерте отырып, оларды қайта құрған және (немесе) мемлекеттiк меншiктi жекешелендiрген кезде, оларды бағалау мен есепке алудың ережесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтуi қажет.
      Әсiресе, агроөнеркәсiп кешенiнiң объектiлерiн жекешелендiруде байыпты көзқарас танытылуы тиiс. Ауыл шаруашылығы өндiрiсi және оны ғылыми қамтамасыз ету географиялық белгiсi бойынша сараланған. Сондықтан, тәжiрибелiк-эксперименттiк шаруашылықтарды қоса алғанда, елдiң барлық негiзгi топырақтық-климаттық аймақтарында ғылыми ұйымдар бар. Олардағы егiстiк алқаптары мен фермаларда институттар эксперименттiк зерттеулер жүргiзедi, ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал тұқымдарының жаңа сорттары мен будандарын тексередi, жаңа технологиялар мен машиналарды байқаудан өткiзедi, сондай-ақ элиталық тұқымдар, асыл тұқымды төл өсiредi және аймақтарды солармен қамтамасыз етедi. Аграрлық бағдардағы ғылыми ұйымдар және олардың тәжiрибелiк-эксперименттiк кәсiпорындары, осылайша, өзара байланыстағы ғылыми-технологиялық тiзбек болып шығады және бiртұтас ғылыми-зерттеу кешенiн құрайды. Тәжiрибе көрсеткендей, коммуналдық меншiкке берiлген тәжiрибе шаруашылықтары ғылыми-зерттеу жұмыстарына, республикалық ғылыми-техникалық бағдарламаларға қатысудан қалады. Осы себептен елде тұқымды жаппай көбейту мен асыл тұқымды сұрыптау жұмыстары толық және бiржола күйреуi мүмкiн.
 
      8. Ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы шағын және орта
         кәсiпкерлiктi дамыту және қолдау
 
      Шаруашылық жүргiзудiң нарықтық жүйесiнiң аса маңызды және қажеттi құрылымдық элементi шағын және орта кәсiпкерлiктiң, соның iшiнде ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы шағын және орта кәсiпкерлiктiң тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылады. Бiздiң еліміздің жағдайында бұл, бiр жағынан, жұмыс орындары санының өсуiне жағдай жасайды, екiншi жағынан, ғылыми-техникалық кадрлардың басқа жаққа кетiп қалуын және қолда бар ғылыми-техникалық базаның күйреуiн болдырмайды. Ғылыми-техникалық саладағы инновациялық шағын және орта бизнестiң қалыптасу кезеңiнде, оған, әлемдiк тәжiрибе көрсетiп отырғандай, мемлекеттiк қолдау қажет.
      Шағын және орта кәсiпкерлiктiң осы заманғы нысандары ғылыми-техникалық өнімдер мен қызмет көрсетулердiң соларға сай инфрақұрылымдары мен дiлі бар кең рыногын құруға ықпал ететiн болады. Солардың базасында идея, өнертабыс, патенттер болып барып, тауарлар болып қайта шығатын өзiндiк бiр торап құру көзделiп отыр. Шағын және орта инновациялық кәсiпкерлiктiң таратылатын ғылыми ұйымдардың базасында да, сондай-ақ iргелi, стратегиялық маңызды зерттеулер үшiн жауап беретiн ғылыми ұйымдардың және енгiзiлмелi-қолданбалы зерттеулер үшiн жауап беретiн бөлiмшелердiң "өзегiн" бөлiп көрсете отырып, ғылыми-техникалық салалар объектiлерiн қайта құрылымдандыру мен жекешелендiру жолымен де қалыптастырылып, дамытылатынын атап көрсеткен жөн.
      Шағын және орта бизнестi дамытумен байланыстырылатын Қазақстандағы кәсiпкерлiктi қайта өркендету неғұрлым жетiлдiрiлген техникалық базада жүзеге асырылуға тиiс. Әңгiме шағын кәсiпкерлiктiң өзiне тән икемдiлiгi, сұраныстың өзгеруiне тез бейiмделетiн қабiлетi толық көлемде көрiнiс беретiн өндiрiстiк базаны және өз инфрақұрылымын жасау қажеттiгi туралы болып отыр. Бизнестiң шағын нысанының ерекшелiгi оған тиiстi қолдау көрсету керек екендiгiн де білдіредi (тiкелей қаржыландыруын, соның iшiнде коммерциялық банктердiң тәуекелдiк, жеңiлдiктi, несиемен қаржыландыруын, шағын бизнеске бағдарланған инвестициялық компаниялар құруды қоса алғанда). ТМД елдерiндегi нарықтық қайта құруға қолдау көрсетудiң көптеген халықаралық бағдарламаларында шағын және орта кәсiпорындарға көмектiң арнаулы қорларын құру көзделген. Қаражаттың бiр бөлiгi техникалық көмек (сарапшылардың, консультанттардың қызмет көрсетулерi) деп аталатын нысанда келiп түсетiн болады.
      Шағын және орта бизнестi қолдауда алға қойған мақсаттарға қол жеткiзу үшiн салық-қаржы саясатының ынталандыру қызметi ерекше мәнге ие болады.
 
      9. Аймақтарда ғылыми зерттеулердi дамыту
 
      Аймақтардың ғылыми-техникалық әлеуетiн нығайтуға жәрдемдесу мемлекеттiк ғылыми-техникалық саясаттың ажырамас бөлiгi болуға тиiс, жергiлiктi жердегi өндiрiспен тығыз байланысуына орай, ол неғұрлым тиiмдi және өмiршең болуы мүмкiн. Ғылыми-техникалық ұйымдарды жаңадан құрған, жұмыс iстеп тұрғандарын қайта ұйымдастырған және аймақтық, аймақаралық бас ғылыми ұйымдарды айқындаған кезде аймақтық мәнiстердi ескеру керек.
      Аймақтардағы ғылым жергiлiктi өнеркәсiп пен агроөнеркәсiп кешендерiн дамытуды талап ету, сондай-ақ ерекшелiгi бар әлеуметтiк-экономикалық және экологиялық проблемалар негiзiнде құрылуға тиiс. Аймақтық ғылыми ұйымдар, сондай-ақ инновациялық қызметтi дамыту орталықтары болуы керек. Облыстық бюджеттерде ғылымға қаражат бөлудi көздейтiн баптарды қайта қарау қажет.
      Аймақтардағы ғылыми зерттеулердi дамытуда және жандандыруда жергiлiктi жоғары оқу орындары маңызды рөл атқара алады және атқаруға тиiс. Аймақтардың экономикалық және әлеуметтiк салаларын қайта құру процесінде олардың ғылыми-техникалық әлеуетiн толық көлемде пайдалану қажет, олар ғылыми-инновациялық дамудың орталықтары болуға тиiс.
      Ғылыми-техникалық саланы басқарудың мемлекеттiк органы және аймақтардың басшылығы өзiнiң күш-жiгерiн ғылыми және ғылыми-техникалық саясаттың мынадай бағыттарына:
      аймақтарда экономикалық өсудiң белсендi нүктелерiн және оларға ғылыми-техникалық қолдау көрсетудiң нысандарын iздестiруге;
      аймақты дамытудың басым ғылыми-технологиялық мәнiстерiн белгiлеуге қатысуға;
      аймақтарда ғылыми-техникалық қызметтi ұйымдастырудың және қолдаудың жаңа нысандарын дамытуға жәрдем көрсетуге жұмылдыруға тиiс.
      Мемлекет тарапынан:
      аймақтық саясаттың жүйелiк қағидаттары мен әдiстерiн әзiрлеудi, аймақтардың стратегиялық дамуын ғылыми болжауды;
      аймақтарды кешенді дамытудың жобаларын ғылыми-техникалық жағынан сүйемелдеудi;
      аймақаралық, трансаймақтық және шекара маңындағы өзара тиiмді iс-қимылды қалыптастыру кезiнде ғылыми негiздеудi (сараптауды);
      аймақтық ғылыми-техникалық бағдарламаларды елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының құрамдас бөлiгi ретiндегi ғылыми-техникалық дамудың мiндеттерiмен байланыста қарастыруды қамтамасыз ету қажет.
 
      10. Қорғаныс саласындағы ғылыми-техникалық саясат
 
      Қорғаныс саласындағы ғылыми-техникалық саясат мемлекеттiк ғылыми-техникалық саясаттың ажырамас бөлiгi болып табылады, оның негiзгi мақсаттары:
      қорғаныс кәсiпорындарын дамыту, қолдау және қару-жарақ пен әскери техниканың жекелеген түрлерiнiң Қазақстан үшiн неғұрлым басымдарын жөндеудi, жаңғыртуды және өндiрудi қамтамасыз ету;
      байланыс, барлау, радиоэлектрондық күрес, әуе шабуылынан қорғаныс, көлiктiк авиация әскерлерiнiң басым дамуы мен техникалық жағынан жарақтануын қамтамасыз ету болып табылады.
      Жоғары технологиялық және ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстi басым дамыту елдiң ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң және әскери қатердi болдырмаудың аса маңызды ресурсы ретiнде қарастырылады.
      Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүддесi өндiрiстiң қорғаныс салалары технологиялық базасының тұрақтылығы мен сенiмдiлiгiнiң қажеттi дамуына қол жеткiзудi талап етедi. Ол үшiн, елдiң, импорттық жеткiзiлiмдердi өзiмiздегi соларға ұқсастармен орнын толтыру қабiлетiн аса қысқа мерзiмде қамтамасыз ету қажет.
      Қорғаныс саласындағы ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыру кезiнде Әскери доктринаның негiзгi ережелерiн iске асыруға, әскери-өнеркәсiптiк өндiрiстi дамытуға және конверсиялауға айрықша назар аударылуға тиiс.
      Оны ойдағыдай орындау үшiн:
      қорғаныс кешенiн дамытудың және конверсия жүргiзудiң, қару-жарақ пен әскери техниканы жаратудың стратегиясы мен методологиясын әзiрлеу;
      конверсиялау және жарату нәтижесiнде сатылатын тауарлардың халықаралық рынокқа шығуына жағдай жасау;
      конверсиялау және екiұдай қолдану технологиясын әзiрлеу проблемалары

 

бойынша ғылыми-техникалық өзара iс-қимыл саласында халықаралық

ынтымақтастықты дамыту;

     өнеркәсiп орындарының және ғылыми-зерттеу институттарының даму және

конверсия мәселелерi бойынша жұмыстарын үйлестiрудi жүзеге асыру қажет.

     Елдiң қорғаныс кәсiпорындарын конверсиялауды:

     конверсиялау нәтижелерiнің әлеуметтiк мәнiн;

     конверсиялық шаралардың экономикалық және әскери-техникалық

тиiмдiлiгiн қамтамасыз етудi;

     технологияны дамытудың басым бағыттары бойынша ғылыми-техникалық

әлеуеттi сақтауды;

     мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi;

     бiлiктi ғылыми және инженерлiк кадрларды қолдауды ескере отырып

жүргізген орынды.


     11. Ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы ресурстық,

         нормативтік құқықтық, ақпараттық және кадрлық қамтамасыз ету

     1) Қаржыландыру


 
       Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтi қаржымен қамтамасыз ету қаржыландыру көздерiнiң көптiгiне негiзделуге тиiс. Iргелi зерттеулердi және басым қолданбалы бағдарламаларды қаржыландырудың басым көзi мемлекеттiк бюджет болып табылады. Республикалық ғылыми-техникалық бағдарламалар да және жекелеген аймақтарға арналған бағдарламалар да тиiсiнше республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылуы тиiс, бұл ретте бюджет қаржысы мүдделi кәсiпорындар мен ұйымдардың өз қаражаттарымен ұштастырылады. Егер олар қайтарым негiзiнде берiлсе, бiрiншi кезекте технологиялық бағыттардағы жұмыстар үшiн берiлсе, бюджеттiк қаражатты аталған мақсатқа пайдаланудың тиiмдiлiгi арта түседi. Кредит осы зерттеулердi қаржыландырудың елеулi көзi болуға тиiс.
      Бұдан басқа, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет, сондай-ақ заемдық қаржы қаражаты, өзiнiң қаржылық ресурстарының есебiнен тартылған қаржы қаражатынан және гранттардан жүзеге асырылуы мүмкiн.
      2) Заңдық базаны жетiлдiру
      Ғылымның елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуындағы рөлiн одан әрi арттыру үшiн экономика салаларының және әлеуметтiк салалардың ғылыми-технологиялық дамуын ынталандырудың пәрмендi тетiгiн жасау, ғылымды басқару жүйесiн, оның заңдық базасын жетiлдiру, ғылым мен жоғары білiмдi ықпалдастыру, ғылыми зерттеулердi бюджеттен тыс қаржыландырудың тұрақты көздерiн iздестiру мейiлiнше өзектi болып табылады.
      Осыған байланысты, 2000 жылы "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жаңа редакциясын әзiрлеу қажет.
      Заң жобасында өндiрiстiк қатынастардың кез келген субъектiлерiнiң ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласына тиесiлiгi мәнiнде өндiрiстiк қатынастардың кез келген субъектiсiн теңестiру жөнiндегi ережелер көрсетiлуi, мемлекеттiң және осы қызмет субъектiлерiнiң арасындағы қатынастар реттелуге тиiс. Мемлекеттiк ғылыми-техникалық саясаттың негiзгi мақсаттары мен қағидаттары, оны қалыптастыру мен iске асыру жөнiндегi мемлекеттiк өкiмет органдарының өкiлеттiктерi белгiленген, қаржыландыруды регламенттеуге және ресурстарды ғылыми-техникалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыруға байланысты мәселелер көрiнiс табуы, сондай-ақ, ғылыми-техникалық салалар объектiлерiн жекешелендiрудiң ерекшелiктерi ескерiлетiн нормалар енгізу қажет.
      Инновациялық, ақпараттық қызметке және қызметтiң басқа салаларына қатысты заңдық және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдер де жетiлдiрiлуге тиiс;
      3) Ғылыми-техникалық қызметтi ақпараттық қамтамасыз ету
      Аса ауыр қаржылық жағдайға қарамастан, елде ғылыми-техникалық ақпараттың республикалық жүйесiн сақтап қалуға қол жеттi. Ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар және басқа ғылыми-техникалық өнiмдер бойынша мемлекеттiк дерекқор, ғылым мен техника жетiстiктерi туралы автоматтандырылған ақпараттық ресурстар қалыптастырылуда.
      Ғылыми-ақпараттық салалар үшiн нормативтiк және әдістемелік құжаттардың жинағы әзiрлендi, шетелдердiң ақпараттық орталықтарымен байланыс орнатылуда. Ғылыми-техникалық әлеуеттiң, шет мемлекеттердегi ғылыми-техникалық дамуды басқару проблемаларының мониторингi жүзеге асырылуда. Мемлекеттiк органдар ғылыми-техникалық ақпаратпен тұрақты негiзде қамтамасыз етiледi, рефераттық, талдамалық және басқа ақпараттық материалдар шығарылады.
      Қазақстанда ғылым мен техника дамуының әлемдiк деңгейiне және жоғары қарқынына жету үшiн ғылыми-техникалық қызметтi ақпараттық қамтамасыз ету жүйесiн одан әрi жетiлдiру және дамыту талап етiледi.
      Таяу кезеңде ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу, сақтау, iздестiру және беру процестерiн толық автоматтандыру мiндетi алда тұр. Бұл ретте, ақпараттық технологиялар, пайдаланылып жүрген аппараттық және бағдарламалық құралдар Қазақстан Республикасында құрылып жатқан бiрыңғай ақпараттық кеңiстiк талаптарына сәйкес болуға тиiс.
      Ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы ақпараттық қамтамасыз етудiң мiндеттерiн iске асыру үшiн ғылыми-техникалық ақпараттың мемлекеттiк жүйесiнiң қазiргi кезде жұмыс iстеп тұрған базасында ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық жүйесiн құру керек, ол орталықтағы, сондай-ақ аймақтардағы өзiнiң барлық тұтынушыларының және өндiрушілерiнiң отандық және шетелдiк ашық ақпарат көздерімен, ал басқа елдердiң ақпаратын пайдаланушыларға - Қазақстанның ғылыми-техникалық ақпаратының ақпараттық ресурстарымен қамтамасыз етiлуiне жол ашады. Ақпараттық қорларды, әсiресе автоматтандырылған ақпараттық ресурстарды, халықаралық стандарттарды ескере отырып құру керек, мұның өзi ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат жүйесiнiң әлемдiк ақпараттық қоғамдастыққа кіруiн жеделдетедi.
      Ғылыми-техникалық қызметтi ақпараттық қамтамасыз етумен, сондай-ақ ғалымдар мен мамандардың, ғылыми-техникалық ақпаратты басқа да пайдаланушылардың ақпараттық мәдениетiнiң жеткiлiктi деңгейiн қалыптастырумен шұғылданатын мамандар даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiнде үлкен жұмыс жүргізу мiндетi алда тұр. Осы мақсатпен ғылыми-ақпараттық қызмет саласында, әсiресе жаңа ақпараттық технология саласында, соның iшiнде интеллектуалдық ақпарат жүйелерi саласында iргелi және қолданбалы зерттеулер жүргiзiледi.
      Ғылыми-техникалық ақпарат органдарының жанынан ақпарат қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру орталықтарын құру, орта және жоғары оқу орындарының бағдарламаларына ғылыми-техникалық ақпарат жөнiнде курстар енгiзу қажет;
      4) Ғылыми кадрлар даярлау және әлеуметтiк саясат
      Ғылыми-техникалық салаларды кадрлармен қамтамасыз етудiң негiзделген саясатын жүргiзу - ғылыми зерттеулердiң тиiмдiлiгiн арттырудың, оларды таяу және алыс болашақта елеулi жаңа деңгейге шығарудың түйiндi проблемаларының бiрi.
      Қазақстан Республикасында ғылым үшiн кадрлар проблемалары айрықша өткiр қойылып отыр. Ғылыми еңбекке ақы төлеу деңгейiнiң бағаның өсуiнен қалыс қалуы нәтижесiнде кадрлардың, соның iшiнде кеп жылдық маманданған даярлықтағы жоғары бiлiктi кадрлардың қартаюы және қызметтiң басқа салалары мен елден тыс жерлерге кетуi жүрiп жатыр. Ғалымның, инженердiң беделi түсiп кеттi, олардың еңбегi бұрынғыдай тартымдылығын жоғалтты.
      Қызметтiң технологиялық және экономикалық салалары үшiн жоғары бiлiктi кадрлар даярлау тұрғысынан ғылым мен бiлiмдi ықпалдастыру мүмкiндiктерi толық көлемде пайдаланылмайды.
      Мұндай терiс тенденциялар ғылым мен техника саласындағы еңбектiң нәтижелерiне әсерiн тигiзетiн көптеген басқа проблемаларды да шиеленiстiрiп жiбердi. Ғылыми және инженерлiк кадрлардың өнертапқыштық белсенділiгi төмендедi, талантты жастар кетiп жатыр.
      Ғылыми кадрларды даярлаудың жүйесi қажеттiлiкпен және ғылыми-техникалық саланы басым дамытумен тығыз байланыстырылуға тиiс және аспирантура мен докторантура жүйелерi арқылы жоғары бiлiктi ғылыми кадрлар даярлауды осы бағытқа бағдарлау керек. Ғылым мен инновациялық қызмет салалары үшiн менеджерлер даярлауды жүзеге асыру қажет.
      Республикада ғылыми кадрларды мақсатты және құрылымдық-теңдестiре даярлау, қайта даярлау, аттестаттау және тиiмдi пайдалану ғылыми-техникалық прогрестiң баса көрсетiлген бағыттары бойынша тұрақты түрде алға жылжудың бiрiншi дәрежелi шарты болып табылады. Бұл мiндеттердi шешуге басым сипат беру керек.
      Бұл жұмыс:
      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен ғылыми және инженерлiк-техникалық кадрларды, магистрларды, аспиранттарды, ғылыми дәреже iзденушiлерi мен докторанттарды даярлауға жұмсалатын қажеттi қаржы қаражатын бөлудi;
      кадр проблемаларын шешуге және талантты жастарды iздеу мен iрiктеуден бастап, даярланған мамандарға аттестаттау жүргiзуге және еңбекке орналастыруға дейiнгi даярлаудың барлық буындарын басқару үшiн қажет тиiстi тетiгiн жасауды, оларды рейтингтiк бағалаудың рәсiмдерiн пайдалана отырып және өзге шараларды кешендi көзқарасты жүзеге асыруды;
      ғылыми-техникалық дамудың бiрiншi кезектегi басым бағыттарына, жүйелi кәсiбилiк пен бiлiктi iскерлiк талаптарына сәйкес ғылыми және инженерлiк кадрларды құрылымдық-теңдестiрiлген даярлауға және қайта даярлауға көшiрудi қамтамасыз етудi;
      Қазақстанның ғылыми-инженерлiк кадрлар деректерiнiң жүйелендiрiлген банкiн қалыптастыруды;
      ғылыми қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеудi арттыруды;
      акционерлендiрiлген және шетелдiк фирмалардың басқаруына берiлген мемлекеттiк кәсiпорындардың кадрларды даярлауға және қайта даярлауға, студенттердiң, магистрлердің және тағлымдамашылардың практикасын ұйымдастыруға қатысуын;
      ғалымдарды және жоғары бiлiктi педагогтарды аттестаттаудың деңгейiн көтерудi, мамандықтардың, ұғымдық терминологиялық аппараттың номенклатурасын жетiлдiрудi;
      бiлiмдi халықаралық бiлiм беру жүйесiне ықпалдастыруды, студенттердi және ғылыми қызметкерлердi шетелдiк ғылыми орталықтарда оқыту мен тағылымдамадан өткiзу үшiн заңнамада белгiленген тәртiппен қажеттi қаржы қаражатын бөлудi талап етедi.
      Ғалымдарға, ғылыми-техникалық қызметкерлерге әлеуметтiк қолдау көрсету және олардың еңбегiн, мәртебесiн және жағдайын қорғау, интеллектуалдық меншiктi, авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау, ғылым мен жоғары мектеп қызметкерлерiн зейнетақымен қамтамасыз ету нысандарын дамыту, сондай-ақ ғылыми және инновациялық қызметтi сақтандыру кадр саясатының аса маңызды мәнiсi болып табылады.
 
      12. Халықаралық ынтымақтастық
 
      Халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастық саласындағы мемлекеттiк саясат елдiң ұлттық мүддесiне, қазiргi геосаяси және экономикалық жағдайға сәйкес жүзеге асырылуға және қазақстандық өнiмдердi халықаралық рынокқа жылжыту, Қазақстанды әлемдiк ғылыми қоғамдастыққа ықпалдастыру және оның осы заманғы өркениет проблемаларын шешудегi рөлiн белгiлеу мақсатында бәсекеге қабiлеттi бiрлескен зерттеулер мен әзiрлемелердi iске асыруға бағытталуға тиіс.
      ТМД шеңберiнде ғылымды қажетсiнетiн технология, кадрлар даярлау, ғылыми және ғылыми-техникалық саясатты жақындастыру мәселелерi бойынша бiрлескен семинарлар, кеңестер ұйымдастыру және бiрыңғай ғылыми және экономикалық кеңiстiктi қалыптастыру саласындағы ынтымақтастық жөнiнде екiжақты және көпжақты халықаралық шарттар жасасу практикасын дамыту керек.
      Халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты реттеу жөнiндегi мемлекеттiк саясатты жүргізуге ғылыми қоғамдастықтың мүддесiн ескере отырып, әрiптестердi, бағыттарды, шетелдiк әрiптестермен ынтымақтастық және араласу нысандарын еркiн таңдау енуге тиiс. Қазақстан Республикасының ғылыми ұйымдарына, қазiргi кезде, едәуір дәрежеде қазақстандық ғылымға көмек көрсетуде iзгiлiктi сипатқа ие және көбiне қаржыландырушы тараптың мүддесін көздейтiн Халықаралық ғылыми-техникалық орталық (ХҒТО), Еуропалық одақ, Американдық қорлар, НАТО-ның ғылыми комитетi және басқа бағдарламаларға қатысумен қатар, қатысушы тараптардың үлес қосуымен қаржыландырылатын өзара тиiмді жобаларға, қазақстандық институттар базасында халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтарын құруға, қазақстандық ғалымдардың жұмыс iстеп тұрған әлемдiк ғылыми орталықтардың жұмысына қатысуына ықпал етуге, институт сайттарын құру арқылы қазақстандық ғылымның жетiстiктерi мен мүмкiндiктерiн насихаттау үшiн Интернет мүмкiндiктерiн кеңiнен пайдалануға, республикада халықаралық конференциялар мен форумдар өткiзуге, лекция оқу үшiн басқа елдердiң iрi ғалымдарын шақыруға көшу қажет.
      Қазiргi уақытта ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар ғаламдық сипатқа ие және әртүрлі елдер ғалымдарының күш-жiгерiн талап етедi. Осыған байланысты, интеллектуалдық меншiк құқығын бөлудi ескере отырып, ғылыми-техникалық ақпарат алмасу және пайдалану айрықша мәнге ие болады.
 
      13. Қорытынды
 
      Тұжырымдамада алға тартылған ережелердi жүзеге асыру үшiн, Қазақстан

 

Республикасының "Ғылым туралы" жаңа Заңын және "Ғылым" мемлекеттiк

бағдарламасын қабылдау қажет. Заңды қолдану және "Ғылым" мемлекеттiк

бағдарламасын iске асыру нәтижесiнде Тұжырымдамада бекiтiлген мемлекеттiк

ғылыми-техникалық саясаттың мақсаттары мен қағидаттары өмiрге енгізiлетiн;

отандық ғылымды елдiң экономикалық әлеуетiн арттыруға ықпал ететiн, оның

әлеуметтiк-экономикалық және рухани дамуының аса маңызды факторына

айналдыру үшiн жағдай жасалатын болады.




     Оқығандар:

    Қобдалиева Н.М.

    Орынбекова Д.К.   





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады