Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
1. 2000 жылғы 25 қаңтарда Мәскеу қаласында жасалған Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастығының негiзгi бағыттары туралы келiсiм бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы
мемлекеттердiң тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы
ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы
КЕЛIСIМ
Осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң үкiметтерi, бұдан әрi - Тараптар,
Тәуелсiз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы сауда байланыстарын жандандыру қажеттiгiн ескере отырып,
Достастыққа қатысушы мемлекеттердiң экономикалық интеграциясын дамыту мақсатында,
Еркiн сауда аймағын құру туралы 1994 жылғы 15 сәуiрдегi келiсiм мен оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы 1999 жылғы 2 сәуiрдегi Хаттаманы iске асыру бағытында iс-қимыл жасай отырып,
өз мемлекеттерi халқының тiршiлiк деңгейiн ұдайы арттыруға ұмтыла отырып,
Достастыққа қатысушы мемлекеттердiң тұтынушылардың құқықтарын сапасыз тауарлардан, жұмыстардан, қызмет көрсетулерден қорғауды қамтамасыз етудегі өзара ықпалдастығының маңыздылығын түсiне отырып,
тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық бiрлестiктер қызметiнiң маңыздылығын назарға ала отырып,
халықаралық құқықтың қолданылып жүрген нормаларын, атап айтқанда, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1985 жылғы 9 сәуiрдегi "Тұтынушылар мүдделерiн қорғауға арналған басшылық қағидаттары" туралы Қарарын мойындай және ескере отырып,
тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы келiсiлген саясатты жүргiзу мақсатында
мыналар туралы келiстi:
1-бап
Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн мынадай айқындамалар қолданылады:
тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы ұлттық заң - тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекетте қолданылып жүрген және қатынастарды реттейтiн құқықтық нормалар жиынтығы;
тұтынушы - кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға байланысты емес, тек жеке (тұрмыстық) мұқтаждықтарына арналған тауарларға (жұмыстарға, қызмет көрсетулерге) тапсырыс беруге немесе сатып алуға ниетi бар тапсырыс берушi, сатып алушы немесе пайдаланушы азамат;
жасаушы - тұтынушыларға, меншiк нысанына қарамастан, өткiзу үшiн тауарлар өндiретiн ұйым, сондай-ақ жеке кәсiпкер;
атқарушы - тұтынушыларға, меншік нысанына қарамастан, қызмет көрсететiн немесе жұмыстар орындайтын ұйым, сондай-ақ жеке кәсiпкер;
сатушы - тұтынушыларға, меншік нысанына қарамастан тауарларды сату-сатып алу шарты бойынша өткiзетiн ұйым, сондай-ақ жеке кәсiпкер;
терiс пиғылды шаруашылық жүргізуші субъектілер - өз қызметiнде тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы зиянды, iскерлiк айналым салттарын бұзушылықтарға жол берген, егер бұл тәртiп бұзушылықтар тұтынушы азаматтарға және/немесе қоршаған ортаға мүлiктiк немесе мүлiктiк емес нұқсан келтiрсе немесе келтiруi мүмкiн болса сатушылар, жасаушылар, атқарушылар;
тұтынушылардың қоғамдық бiрлестiктерi - тұтынушылардың заңды құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында құрылған осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң ұлттық заңдарына сәйкес тiркелген азаматтар мен/немесе заңды тұлғалардың коммерциялық емес бiрлестiктерi (ұйымдары), сондай-ақ осы Келiсiмге қатысушы барлық немесе бiрнеше мемлекеттердiң аумақтарында қолданылып жүрген халықаралық үкiметтiк емес ұйымдар.
2-бап
Осы Келiсiмнiң мақсаты осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң аумақтарында қолданылатын шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң терiс пиғылды қызметiнен Достастыққа қатысушы мемлекеттер азаматтарының мүдделерiн қорғау жөнiнде олар үшiн бiрдей жағдайларды қалыптастыруға бағытталған, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы келiсiлген саясатты жүргiзу жөнiндегi Тараптардың ынтымақтастығының құқықтық және ұйымдастырушылық негiздерiн құру болып табылады.
3-бап
Тұтынушылардың құқықтары мен оларды қорғау тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы ұлттық заңмен, сондай-ақ осы Келiсiммен кепiлдендiрiледi.
ТМД әрбiр қатысушы мемлекетiнiң азаматтары, сондай-ақ оның аумағында тұратын өзге тұлғалар Достастыққа қатысушы басқа мемлекеттердiң аумақтарында өздерiнiң тұтынушылық құқықтарына қатысты сол мемлекеттердiң азаматтары сияқты құқықтық қорғауды пайдаланады, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөнiндегi мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдарға, басқа ұйымдарға жүгiнуге, соттарға талап-арыз беруге және сол мемлекеттердiң азаматтары сияқты, өзге де iс жүргiзу iс-қимылдарын жүзеге асыруға құқылы.
4-бап
Тараптар тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөнiндегi ынтымақтастықты тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы ұлттық заңды, осы саладағы халықаралық құқықтың жалпыға бiрдей қабылданған нормаларын ескере отырып, мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырады:
тұтынушыларды, мемлекеттiк органдарды және тұтынушылардың қоғамдық бiрлестiктерiн тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер), жасаушылар (сатушылар, атқарушылар) туралы жедел және анық ақпаратпен қамтамасыз ету;
терiс пиғылды шаруашылық жүргiзушi субъектiлер қызметiнiң және сапасыз тауарлардың (қызмет көрсетулердiң) осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң аумақтарына түсуін болдырмау жөнiнде шаралар қолдану;
тұтынушы үшiн оң пиғылды бәсекелестiктi дамыту арқылы тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) еркiн таңдалуына мүмкіндік беретін жағдайлар жасау;
мемлекеттердiң жалпы бiлiм беретiн жүйелерiнде азаматтарды оқытудың ажырамас бөлiгi ретiнде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында ағарту бағдарламасын жүзеге асыру;
тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерiн насихаттау мен жүйелi түрде жария етуге бұқаралық ақпарат құралдарын, оның iшiнде радио мен теледидарды тарту;
тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң ұлттық заңдарын осы Келiсiмдi жүзеге асыру қалай қажет болса, солай жақындату арқылы жүзеге асырады.
5-бап
Тараптар тұтынушылардың тәуелсiз қоғамдық бiрлестiктерiнiң қызметi үшiн жағдайлар жасауға, оның iшiнде олардың тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы саясатты қалыптастыруға тұтынушылардың заңды құқықтары мен мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлерiн және тұтынушылардың шағымдарын қарау рәсiмдерiн әзiрлеуге, сондай-ақ Тараптар арасында тұтынушылық ақпарат алмасу жүйелерiн құруға қатысуына жәрдемдеседi.
6-бап
Осы Келісімді іске асыруды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында белгіленген құзырет шегінде осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің тиісті ұлттық органдары жүзеге асырады.
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі бірлескен қызметті үйлестіру мақсатында Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау жөнінде консультативтік кеңес (бұдан әрі – Кеңес) құрады.
Кеңестің мәртебесі және оның міндеттері осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау жөніндегі консультативтік кеңес туралы ережеде белгіленеді (қоса беріледі).
Кеңес осы Келісімді іске асыру үдерісінде тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерімен өзара іс-қимыл жасасады.
Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері өздерінің жарғыларына және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісімді іске асыруға қатыса алады.
Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.06.21 № 818 Қаулысымен.
7-бап
Осы Келiсiмнiң ережелерi Тараптардың басқа халықаралық шарттарға сәйкес қабылданған құқықтар мен мiндеттемелерiне ықпал етпейдi.
8-бап
Осы Келiсiм қол қойылған сәттен бастап күшiне енедi, ал оның күшiне енуiне қажеттi мемлекет iшiндегi рәсiмдердi орындауды талап ететiн заңдары бар мемлекеттер үшiн тиiстi құжаттарды депозитарийге сақтауға өткiзген күннен бастап күшiне енедi.
9-бап
Осы Келiсiмге Тараптардың ортақ келiсiмiмен Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын, жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
10-бап
Осы Келiсiмдi қолдануға немесе түсiндiруге байланысты даулы мәселелер мүдделi Тараптардың кеңестерi мен келiссөздерi арқылы шешiледi.
11-бап
Осы Келiсiм күшiне енген күнiнен бастап, бес жыл бойы қолданылады. Бұл мерзiм аяқталғанда, Тараптар өзге шешiм қабылдамаса, осы Келiсiм үнемi бесжылдық кезеңге өздiгiнен ұзартылады.
12-бап
Әр Тарап осы Келiсiмнен шығу күнiнен алты ай бұрын депозитарийге жазбаша хабарлама жiбере отырып, шыға алады.
13-бап
Осы Келiсiм оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлiсетiн басқа мемлекеттердiң қосылуы үшiн, депозитарийге мұндай қосылу туралы құжаттарды беру арқылы қосылуы үшiн ашық.
2000 жылдың 25 қаңтарында Мәскеу қаласында орыс тiлiнде бiр түпнұсқа дана болып жасалды. Түпнұсқа дана осы Шартқа қол қойған әрбiр мемлекетке расталған көшiрмесiн жiберетiн Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқару комитетiнде сақтаулы.
Әзiрбайжан Республикасының Молдова Республикасының
Үкiметi үшiн Үкіметі үшін
Армения Республикасының Ресей Федерациясының
Үкiметi үшiн Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкiметi үшiн Үкіметі үшін
Грузия Түрікменстан
Үкiметi үшiн Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкiметi үшiн Үкіметі үшін
Қырғызстан Республикасының Украина
Үкiметi үшiн Үкіметі үшін
Осы арқылы қоса берiлiп отырған мәтiн 2000 жылғы 25 қаңтарда Мәскеу қаласында болған Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы үкiметтерiнiң басшылары Кеңесiнiң отырысында қабылданған Келiсiлген монополияға қарсы саясат жүргiзу туралы шарттың ұқсас көшiрмесi болып табылатынына сендiремiн.
Жоғарыда аталған Шарттың түпнұсқа данасы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетiнде сақтаулы.
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы
Атқарушы комитетi төрағасының-
Атқарушы хатшысының орынбасары